Әмір Темірдің шорпасы

15-ғасыр жазбаларынан

~ 2 мин оқу
Әмір Темірдің шорпасы

Шорпа/Alamy

Әмір Темір сарайындағы тағамдардың басты құрамы, әрине, ет болған. Той-думанда нәрлі сорпадан бастап, қонақтарға ерекше жолмен ұсынылатын қуырылған етке дейін тартылған. Осындай жиынның бірін испан елшісі, саяхатшы Руи Гонсалес де Клавихо сипаттап беріпті. Ол 1403–1406 жылдары Кастилия королі Энрике III елшілігінің құрамында Самарқанға келген екен. Испан өкілдері сол дәуірде Еуразияның ең қуатты тұлғаларының бірі болып тұрған жаһангер Темірмен дипломатиялық байланыс орнатуды мақсат етіпті. Клавихо Әмір Темір мемлекетінің тұрмысы, мәдениеті және тамақтану дәстүрі туралы сан алуан мәліметтер келтірілген жазбалар қалдырған:

«Елшілер мен түрлі елден келген көптеген уәкіл дастарқан басындағы өз орнына жайғасқан соң, түрлі тағам кірді. Асылған, тұздалған және қуырылған қой еті, сондай-ақ қуырылған жылқы еті мол етіп әкелінді және олар үлкен-үлкен дөңгелек тері табақтарға салынды, олардың тасуға ыңғайлы болсын деп жасалған тұтқасы бар еді.

Елшілердің Әмір Темірге жазған қолжазбасы/Wikimedia commons

Елшілердің Әмір Темірге жазған қолжазбасы/Wikimedia commons

Билеуші ет қойыңдар деп бұйырғанда, қалың қызметші осы тері табақтарды оның үстеліне сүйрей жөнелді. Еттің көптігі сонша, тері ыдыстар сынып, тіпті жыртылып жатты. Қызметшілер билеушіге жиырма қадам жақындағанда, етті қонақтарға бөліп тарататын аспаздар пайда болды. Үстін былғап алмас үшін алжапқыш пен теріден жасалған жеңқап киген олар өткір пышағымен етті кесектеп турай бастады. Осыдан кейін сорпа құйылған табағы бар қызметшілер келіп, онысына тұз қосты. Тұз сіңді-ау дегенде, сорпаны ет салынған ыдыстарға тұздық ретінде құйып шықты. Бұдан соң жұқа нанды алып, төрт бүктеп, еттің үстіне қойды»i1404 жылы Әмір Темірдің сарайына қонақ болып келген испан елшісі Руй Гонсалес де Клавихоның жазбаларынан .

Әу баста қарапайым, тойымды, еттен дайындалған бұл сорпаға көп зат қосылмаған екен. Көкөніс рецептіге кейін енген. Шорпаның қазіргі заманғы нұсқасында ғасырлар бұрынғы әдіс сақталған, сондай-ақ тағамның дәмін аша түскен жаңа заттар қосылған.

Малфузат-и Тимури. Дон Клавихо бастаған Кастилия елшілігінің келуі. Or. 158, f.322v. Моғолстан, 19-ғасыр/British Library/Wikimedia commons

Малфузат-и Тимури. Дон Клавихо бастаған Кастилия елшілігінің келуі. Or. 158, f.322v. Моғолстан, 19-ғасыр/British Library/Wikimedia commons

Құрамы:

  • Қой не сиыр еті – 500 г

  • Пияз – 2 дана

  • Су – 3 литр

  • Тұз, дәмдеуіштер

Заманауи нұсқасында бұдан бөлек мыналар бар:

  • Сәбіз – 2 дана

  • Картоп – 3 дана

  • Көксөк (ақжелкен, аскөк)

Әзірлеу тәсілі:

  1. Етті ірі-ірі етіп кесектеп тураңыз. Қазанға салып, орташа отта қызарып піскенше қуырыңыз.

  2. Туралған пияз бен сәбіз қосып, 5 минут қуырыңыз.

  3. Су қосып, қайнатыңыз, көбігін алыңыз.

  4. Тұздаңыз, дәмдеуіштерді қосыңыз. Қақпағын жауып, баяу отта 1,5–2 сағат қайнатыңыз.

  5. Ірілеп туралған картоп қосыңыз, тағы 10 минут қайнатыңыз.

  6. Көксөк қосып, дастарқанға қойыңыз.

Бұл тағамды әзірлеуге керек азық-түлікті Arbuz онлайн-дүкенінде QALAM промокоды арқылы жеңілдікпен сатып алуға болады.