«Аң-құсты пайдаланатын дипломатия»

Пандалар мен жирафтар дипломатияда сый-сыяпат есебінде жүргені

~ 10 мин оқу

Чан Кайшидің жұбайы Сун Мейлиннің АҚШ-қа сыйға тартқан пандасы, Торонто. Панда кейін Бронкс хайуанаттар бағына (Нью-Йорк) көшірілді/Photo by Toronto Star Archives/Toronto Star via Getty Images

«Аң-құсты пайдаланатын дипломатия» (ағылш. Animal Diplomacy) — халықаралық қатынаста елдер арасында дипломатиялық байланыс орнатып, оны нығайту үшін аң-құсты пайдалану. Бұл тактика ежелден болған, біздің заманымызда да жалғасып келеді. Тарихтың арғы-бергі кезеңдерінде халықаралық аренада көздеген мақсатына жету жолында қай ел қай аңды пайдаланып келгенін талдап көрейік.

Мазмұны

Франция президенті Эмманюэль Макронның 2023 жылдың қараша айында Астанаға жасаған ресми сапары барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонағына сирек кездесетін қазақ тазысының екі күшігін сыйға тартты. Жюль және Жанна деген атқа ие болған бұл иттер Макрон отбасының сүйікті жануары атанды және қазақ-француз достығының белгісіне айналды. Қазақстан президентінің 2024 жылдың қараша айында Францияға жасаған сапары кезінде екі ит Елисей сарайының бағында Тоқаевпен бірге серуендеді.

Панда дипломатиясы

«Аң-құсты пайдаланатын дипломатиядағы» ең атақты мысал қылып айтар жайт — қытайдың «панда дипломатиясы» болса керек. Тіпті, бөлек ат қойылып, айдар тағылғаны да соған куә. Пандалар — оңтүстік-орта Қытайдың биік таулы аудандарының эндемигі, аса қорғалатын жануар. Панда дипломатиясы ежелден, 7-ғасырдан тамыр тартады: Қытайдың Таң әулетінен (618–907 жылдар) шыққан тұңғыш әйел патшайымы У Цзэтян Жапонияға екі панданы, оған қоса 70 панданың терісін беріп жібергенде-ақ дипломатия басталған көрінеді. Бұл жоралғы аса маңызды оқиға — У Цзэтянь патшайымның таққа қонғанына орай жасалып, анау айтқандай жомарттықтың емес, оның саяси қуатының белгісі есепті саналған. Содан кейін тарихи деректерде Қытай билеушілері біреуге ондай тарту жасапты деген жайттар аталмайды, тек 1941 жылы ғана Екінші дүниежүзілік соғысында Қытайдан босып кеткендерді құтқаруға көмектескеніне алғыс деп, Қытай Республикасының өкіметі Америка Құрама Штаттарының Бронкс зообағына (Нью-Йорк) екі панданы сыйға тартады. Сол жағдай қазіргі заманғы «панда дипломатиясының» дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

G20-ның ашылу салтанаты басталмас бұрын коаланы ұстап тұрған президент Барак Обама. Брисбен көрме және конференц-орталығы. Брисбен, Аустралия/Official White House Photo by Pete Souza/Wikimedia Commons

Алайда «панда дипломатиясының» шындап дамып, құлаш жайғаны — ҚХР құрылғаннан кейінгі кезең. Ол кезде Қытай өкіметі бірнеше жыл бойы тек өзімен дос пейілді коммунистік елдерге ғана панда сыйлап келген. Бұл құрметке лайық болған бірінші ел — КСРО екен: Қытай Халық Республикасын өзгелерден бұрын мойындағанының есесіне, Қазан төңкерісінің 40 жылдығына Советтер еліне панда тарту етілген. Тек 1970-жылдары ғана Қытай Батыс блогындағы елдермен арақатынасын реттеуді мақсат етіп, оларға да пандалар жолдай бастайды. Қазіргі уақытта Қытай пандасын тегін бермейді, тек дүниежүзіндегі хайуанат бақтарына ақысын қымбат қойып жалға беріп, содан түскен мол ақшаны осы бір ерекше аң түрін сақтап-қорғау жолына жұмсап отыр.

Піл мен ит: Ұлы Карлдан Владимир Путинге жеткен дәстүр

Адамзат тарихының өн-бойында ел билеген патшалардың бір-біріне тартатын ең алып сыйы піл болып келген. Достық қатынас орнату жолында піл алмасу салты кемі 9 ғасырдан бері жалғасып келе жатыр. 802 жылы Ұлы КарлғаiЕуропаның атасы (лат. Pater Europae) атанған, Рим империясы күйрегеннен кейін Батыс және Орталық Еуропаның көп бөлігінің басын қосып, Каролингтер империясының негізін қалаған император Аббасилер халифатыныңiАббасилер халифаты (750–1258) — Омеийлер тақтан құлағаннан кейін Аббасилер әулеті құрған теократиялық мемлекет. Астанасы — ғылым мен мәдениеттің орталығына айналған Бағдат халифі Харун әр-Рәшид Әбу әл-Аббас деген пілді тарту етіп жолдайды.

Сан-Бауделио-де-Берланга (Кальтохар қ., Испания) шіркеуіндегі фрескада бейнеленген әскери ақ піл. 12-ғасырдың бірінші жартысы. Прадо мұражайы (Мадрид, Испания)/Wikimedia Commons

Піл Үндістаннан шығып, Халифаттың ана басынан мына басына жетіп, Жерорта теңізін кешіп, Алпі тауларын басып өтіп, Ұлы Карлдың қыстық сарайы — Ахенге жетіп, франктар сарайының жауһарына айналған. Енді Карл да алмақтың салмағын қылып, сыйға сый тартуға тиіс болды. Сөйтіп, кезінде императордың жылнамасын жазып жүрген монахтардың бірі жазып кеткендей, Бағдатқа «қуса алмай қоймайтын, қашса жеткізбейтін» аңшы иттер жолдаймыз деп ұйғарады. Дәл сол монахтың сөзіне сенсек, Харун әр-Рәшид тартуға дән разы болыпты: ол иттер иесі — Ұлы Карлдың атын асқақтатып, арыстанға түссе де алмай қоймайды екен. Ел билеген әміршінің қуат-қарымына оның аңға қосатын иттерінің сыны мен сипатына қарап баға беру салты Ортағасыр бойы үзілмеді. Билеушінің аңға шыққандағы ерлігі мен алғырлығы ғана емес, оның қол астындағылардың адалдығы мен тәртіпке беріктігі де иттерге қарап сыналатын.

Тағы бір атақты «дипломатияға жүрген» піл 13-ғасырда ағылшын королі ІІІ Генрихтің ( 1216–1272) сарайында — ағылшын монархиясының басты рәміздерінің біріне айналған Тауэр бекінісінің хайуанаттар бағында тұрған екен.

О баста піл Генрихтің өзіне емес, француз королі ІХ Людовикке (1226–1270) арналса керек: Жетінші крес жорығы тұсында (1248–1254) Людовик Сирияға қарсы Мысырмен одақ құрып, Мысыр билеушілері соның құрметіне пілді тарту етіпті. Алайда сол крес жорығы тойтарыс көріп, кресшілер Ніл өзенінің аңғарындағы шайқаста ту-талақай жеңіліп, корольдің өзі тұтқынға түседі.

III Генрихтің пілі. Парижден шыққан Матвейдің «Толықтырулар кітабынан» (Liber Additamentorum) алынған сурет. 1255 ж.. Ms.Cotton Nero D.I (f. 169 v). British Library /Wikimedia Commons

1254 жылы Генрих Францияны аралап саяхатта жүргенде, француздар пілді соған сыйлайды. Бұл — Британ аралдарына жеткен екінші піл еді: біріншісін 43 жылы Британияны Рим жаулап алғанда император Клавдий апарған. Тауэрдегі хайуанаттар бағында Генрихтің ақ аюы да — Норвегия королі IV Хаконның (1217–1263) тартуы еді. Норвегия тарихында ақ аюдың орны ерекше болатын, мәртебесі ағылшын тәжінің нышанына баланған қабылан мен арыстанға теңелетін. Сондықтан да норвег королі жіберген ақ аю дипломатия тұрғысынан аса құнды тарту саналып, билеушінің қуаты мен мәртебесін ғана емес, екі ел арасындағы аса маңызды одақтың да рәмізі іспетті болған.

Кезінде Рим Папасы да піл ұстаған. 1514 жылы Медичи әулетінен шыққан Х Лео киелі таққа қонғанының құрметіне11Джованни Медичи 1513–1521 жылдары 217-Рим Папасы болған Португалия королі І Мануэль (1495–1521) оған ақбоз пілді сый қылып тартады (Ортағасырда ақбоз піл билік пен байлықтың нышаны саналатын). Пілге Ханно деп ат қойылып, ол Папаның еркесіне айналады. Тек жануардың ғұмыры келте болып, алтын қосылған іш жүргізетін дәрінің кесірінен ауырып өледі. Пілдің басына қоятын құлпытасты атақты Рафаэльге салдырып, Х Лео ерке жануарына арнап эпитафияны өзі шығарып жаздырады. Сол құлпытас бүгінге жетпеген.

Ханно атты піл. Рафаел Сантидің суреті. 1516 жыл. Kupferstichkabinett Berlin / Wikimedia Commons

Бір қызығы, сол кезеңде Х Леоның қолына тағы бір таңсық жануар түсуі ықтимал болған екен — І Мануэль оған мүйізтұмсық тарту етпек болыпты. «Ганда» деп ат қойылған сол мүйізтұмсық неміс қайта өрлеу дәуірінің атақты суретшісі Альбрехт Дюрердің гравюрасына салынып тарихта қалған. О баста ол Лиссабонға 1515 жылы Батыс Үндістандағы шағын патшалық билеушісінің І Мануэльге тартуы есепті жеткен. 3 ғасырдан бері Еуропада көзге түскен тұңғыш мүйізтұмсық болса керек, оған дейін мифтік жануар саналып, жұрт оны сыңармүйізбен жиі шатастырған. Жануарды жұрт алдына шығарып, қара халықтың көзін тойдырғаннан кейін, Мануэль Рим Папасының шарапатына бөленбек ниетпен оны Римге аттандырады. Алайда Ганда мінген кеме Римге жетпей су астына кетеді. Дюррер мүйізтұмсықты өмірінде көрмеген, сөйте тұра, замандастарының әңгімесіне және Лиссабоннан жеткен суреттерге қарап отырып, оның суретін салады. Жануардың тұрқын дәл жеткізе алмағанымен, сол гравюра 18-ғасырдың аяғына дейін мүйізтұмсық барынша дәл бейнеленген сурет саналып келді.

Альбрехт Дюрер. Мүйізтұмсық. Гравюра. 1515 жыл. British Library/Wikimedia Commons

Дипломатиялық тарту ретінде піл сыйлау дәстүрі 20-ғасырда да жалғасқан. Ең атақтыларының бірі — Шри-Ланка президентінің АҚШ президенті Роналд Рейганға 1983 жылы барған сапарында тарту еткен Джаяту (санскрит тілінде «жеңіс» деген сөз) атты піл баласы. Ең қызығы, сол піл екі президент арасындағы достықтың нышаны ғана емес, олардың саяси партияларына — сол кезде Шри-Ланкада билік құрып тұрған Біріккен ұлттық партия мен Рейганның Республикашылдар партиясына ортақ рәміз болатын.

Шри-Ланка президенті Джаявардене президент Рональд Рейганға піл сыйлап жатыр/Ron Galella / Ron Galella Collection via Getty Images

Дипломатиядағы коммуникацияның тағы бір маңызды құралы — иттер. Осы бір жануардың 20-ғасырда ел басшылары арасында тартуға жүргеніне ерекше мысалдардың бірі — 1961 жылы Никита Хрущев АҚШ президенті Джон Ф. Кеннедиге сыйға тартқан Пушинка деген иті болса керек. Ит болғанда да анау-мынау емес, Спутник-5 кемесіне мініп ғарышқа барып-келген Стрелкадан туған күшік — ғарышты игеру жолындағы бәйгеде Совет Одағы технологиялық жетістік жағынан Америка Құрама Штаттарынан озық келе жатқанын еске салтындай астарлы тарту болғаны анық.

Пушинка Ақ үйде. 1961 жылдың 22 маусымы/JFK library

Қазір жан-жағымен достық пейіл қатынас құру жолында ит сыйлаудан алдына жан салмай келе жатқан — Түрікменстан өкіметі болар. Бұл мақсатқа олар Орталық Азиядан шыққан ежелгі ит тұқымдардың бірі — алабай тұқымын пайдаланып отыр. Олар алабай күшіктерін Ресей президентіне де, Оңтүстік Корея президентіне де сыйлаған. Ал Түрікменстанның қазіргі президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2023 жылы кездескенде, ел басшылары өзара ит алмасқан: Түрікменстан басшысы алабай күшігін берсе, оған кангал, — Анадолы шопан төбетінің күшігі тарту етілген.

Жирафтар: Темірланнан басталып, ғаламат Лоренцоға жеткен салт

Дипломатия жолында тарту етілген ең атақты жираф — 1487 жылғы қарашада Мысырдың мәмлүк сұлтаны Қайыт бейден (1468–1496) Флоренция республикасының басшысы, Медичи әулетінен шыққан ғаламат Лоренцоға сыйға берген жираф болса керек. Сол жирафтың арқасында Флоренция Венецияны айналып өтіп Мысырмен тікелей сауда жолдарын ашады, ал Мысыр болса, Осман империясына қарсы күресте Флоренциядан қолдау табады. Бұған дейін Италияның жираф көргені — Ежелгі Римде Юлий Цезарь өзінің хайуанаттар бағында жираф (сүйіктісі Клеопатраның тартуы болса керек) ұстаған кезі екен. Римдіктер түйе мен қабыланның сипатын бойына жиған деп, оны «камелопард» (лат. camelopardalis) деп атайды екен. Аңызға сенсек, Цезарь өзінің жаһанды уысында ұстаған құдіретін паш етпек пиғылмен жирафын арыстандардың талауына тастапты.

Керік, Солтүстік бұғысы және Бақташы шоқжұлдыздары. Сидней Холлдың «Urania’s Mirror» атласынан суреттер. 1825 жыл / Wikimedia Commons

Жирафқа қол жеткізген Лоренцо өзін Цезарьға теңеп, оны билігі мен әлеуметтік мәртебесін нығайту амалы деп біледі. Оған қоса, Лоренцо қолындағы экзотик аңды құдіретінің нышаны іспетті көріп, дипломатиялық келіссөзге де, байлығы мен билігі келіскен кісілермен құдандалы болмақ мақсатына да пайдаланып отырған деген деректер сақталып, бізге жеткен. Лоренцо жирафын Флоренцияға көмектескенінің ақысына сұраған Францияның АннасынаiАнна де Божё, Францияда 1483–1491 жылдары жасы жетпеген бауыры VIII Карлдың тұсында регент болған тарту етпек болыпты. Алайда 1488 жылы жираф мойны үзіліп, оқыс мерт болып, ол жоспары іске аспай қалады. Содан кейінгі 300 жылда Еуропа жеріне жираф тұяғы тимеген.

Джорджо Вазари. Ғаламат Лоренцо елшілер әкелген салықты қабылдап тұр. 1556-1558. Palazzo Vecchio Museum/Google Art Project

Медичидің жирафы ұлы суретшілердің туындыларында бейнеленгеннің арқасында ең атақты жираф болып қалғанымен, дипломатиялық мақсатта жираф тарту ету салты бұрыннан болған. Әсіресе Азия билеушілері бұл тәсілге көп жүгінген. Айталық, Флоренцияға жираф жеткенге дейін-ақ, 1414 жылы Мин әулетінен шыққан Қытай императоры Чжу Диге (1402–1424) тарту болып Бенгальдан Пекинге бір жираф жетеді. Бір нұсқаға сенсек, жирафты бенгальдар Кения жағалауындағы Малинди қаласынан әкеліпті, енді бір деректе суахили халқының тікелей тартуын Қытайға атақты саяхатшы Чжу Лэ жеткізген делінеді. Қытайлар жирафты көргенде оны берекелі әміршілердің тұсында көрінетін мифтік мақұлық — цилинь деп таныпты. Император Чжу Дидің өзі бұл нышанды билігінің орнықты болуының белгісі көрсететін құдайдың аяны депті.

Жең Хенің саяхаты кезінде Бенгалдан әкелінген керік. Суретші Шен Ду, 15-ғасыр. Император сарайының мұражайы, Бейжің/ Wikimedia Commons

Орталық Азияға да жирафтар тарту болып көп барған. 1260 жылдары Алтын Орда ханы БеркегеiВнук Чингисхана, хан Золотой Орды в 1257–1266 годах. Мысыр мен Сирияның мәмлүк сұлтаны Бейбарыстан тарту жеткенде, арасында маймыл, тотықұс, түйе сынды жан-жануар, асыл тастармен қатар жираф та бар екен. Дәл сол тұста Алтын Орда мен Мысыр арасында дипломатиялық қатынас орнайды, оған Берке ханның ислам дініне кіргені де ықпал етеді. Халықаралық саясатқа білек сыбана араласып жүрген Бейбарыс сұлтан Берке ханды Ираншахқа қарсылығына сеп болар құнды одақтас көріп, тарту-таралғыдан аянбаған сияқты.

Мысыр сұлтанының елшілері Әмір Темірге сыйлықтарын табыстауда. Арасында керік те бар. Шараф әд-Дин Йездинің «Зафар-наме» кітабынан миниатюра, 1436 жыл. Johns Hopkins University Library / Wikimedia Commons

Ал 1404 жылы Мысырдан тағы бір жираф Мысыр сұлтаны Ән-Нәсір Фараждан (1399–1412) тарту болып мұсылман дүниесінің түрлі аймақтарына билік жүргізіп отырған Әмір Темірдің сарайына жетеді. Сол тарту туралы дерек сол кезеңде Әмір Темірмен дипломатиялық қатынас орнатып, нығайтуға ниетті болып жүрген Кастилья елшілерінің естеліктерінде сақталыпты. Олар Парсы мен Әзірбайжанды аралай сапар шегіп жүріп Мысыр елшілеріне кездейсоқ ұшырасып қалып, керуен сапынан жирафты көреді. Елшілердің бәрі Самарқанға жетіп, Әмір Темірдің сарайына кіргенде, жирафты көрген жұрт таң-тамаша болады. Кастилья елшілерінің айтуынша, қарауыл жирафқа жүген салып, жұрт көзайым болсын деп көшеге алып шыққанда, Самарқан тұрғындары аузын ашып, көзін жұмып таңырқапты. Алайда қазір жирафтар дипломатиялық тарту есебінде пайдаланылып жүрген жоқ.

Жылқы: Әмір Темір ұрпақтарынан басталып, Жаклин Кеннедиге жеткен үрдіс

Ал жылқы — әлі күнге дейін дипломатиялық тартуға жүретін жануар болып отыр. Әсіресе Моңғолия өкіметі тең тарту деп ат мінгізуге бейім. Айталық, 2000 жылдардың басынан бері түрлі деңгейлі америкалық саясаткерлерге бірнеше тұлпар сыйлап, соның ішінде 1944 жылдан кейін Моңғолияға аяқ басқан бірінші АҚШ президенті саналатын Джо Байденге 2011 жылы ат мінгізіп жіберген. Сөйте тұра қазір мұндай тарту жоралғылар баспасөз бетінде көп айтылып, жазылмайды.

20-ғасырда Америкаға аттанған ең атақты дипломатиялық тартудың бірі де жылқы болатын. Жаклин Кеннеди 1962 жылы Пәкістанға барған сапарында ел президенті Американың бірінші ханымына ат мінгізіп жібереді. Жаклин Кеннеди сол бір асыл тұқымды тұлпарына Сардар деп ат қойып, бауыр басып кеткені сондай, өлеріне дейін айырылмаған деседі.

Жылқы жетектеген Жаклин Кеннеди мен Мұхаммед Айюб хан. Фото: Беттман архиві / Getty Images

Дос пейіл қатынас жолында билеушілердің бір-біріне ат мінгізуі дәстүрінің тарихы мыңдаған жылға тамыр тартады. Наполеонның сенімді серігі болған Уәзірiфр. «Le Vizir»: le артиклі тұлпардың асқақ мәртебесін танытады деген араб жылқысы да сондай сый еді. Ол тұлпарды француз императорына Осман империясының сұлтаны III Селим (1789–1807) мінгізіп, 1805 жылдан кейін Наполеон тек сол атын мініп жүрген, тіпті Әулие Елена аралына айдауға аттанғанда да ала кеткен екен.

Наполеонның Визирь атты жылқысы. Тұлып Мүгедектер үйіндегі әскери музейде сақталып тұр, Париж, Франция / Alamy

Қазіргі заманғы асыл тұқымды жылқылардың түп атасы саналатын араб тұлпары — 18-ғасырда аты шыққан Годольфин Арабиан да Еуропаға дипломатиялық тарту есепті барған. 1729 жылы тұлпар Монако князінің қолына түсіп, ол асыл тұқымды жануарды Франция королі XIV Людовикке сыйға тартады. Әйткенмен Людовик қас тұлпардың қадірін білмей, оны күймеге жегіп қояды. Содан кейін Годольфин Арабианды Британ парламентінің мүшесі Эдуард Кокс сатып алады. 1733 жылы иесі өлген соң басқа адамның қолына өтіп, одан оны ақсүйек Фрэнсис Годольфин сатып алады да, тұлпарға өз атын таңады. Ол тұлпардың шығу тегіне қатысты бірнеше нұсқа бар. Біреуіне сүйенсек, ол Тунистен шыққан бербер жылқысы, енді бірінде — түрікмен жылқысы, тек құнын арттыру үшін делдалдар араб тұқымы деп өткізіп жіберген делінеді.

Дениел Куигли. Годольфин Арабиан. 1803-1804. Yale Center for British Art / Wikimedia Commons

Темір әулеті империясында да көрші елдермен, әсіресе Қытайдың Мин империясымен қарым-қатынасты нығайту жолында тарту есебіне жылқы жүрген. Тарихи деректерде екі тараптан да дипломатиялық миссиялар кезек жүргені айтылады: қытай елшілері Самарқанға, Ғират пен Ширазға жетсе, Темір әулеті Орталық Азиядағы шұрат қалалардан өтіп Нанкин мен Пекиндегі сарайларға аттанған. Сол айырбастың ең елеулі нышаны — билеушілердің атынан дипломатиялық тарту есебінде асыл тұқымды ат мінгізу болатын. Екі империяның да сарай маңы император бақтарына деп экзотик жануарлар жинауға әуес болатын. Мысалы, асыл тұқымды парсы жылқысы Қытай сарайына апаратын құнды тарту саналса, қытай императоры Чжу Ди (1402—1424) Әмір Темірдің кенже ұлы, Темір әулетінің билеушісі Шаһруһ сұлтанға (1409—1447) дос пейілінің нышаны деп қаршыға жолдайды.

Гераттан шыққан суретші Камал уд-Дин Бехзад Херави. Әмір Темір мен Мысыр патшасының арасындағы шайқас алаңы. Шамамен 1494–1495 ж.ж., Тимуридтер дәуірі. Голестан сарайы, Тегеран, Иран/Wikimedia commons

Көшірілді