Қос доңғалақты арбалар жарысы Византия империясына римдіктерден мұраға қалды да, халықтың түрлі топтарының ұнатқан ойын-сауығына айналды. Қос доңғалақты арбалар бәйгесі Византияда 1204 жылы Константинопольді кірескерлер талап-тонап, империя күйрегенге дейін жалғасты. Ортағасырлық Константинопольге тап болғандар үшін осы спорт түрі бойынша егжей-тегжейлі жолнұсқаны жариялап отырмыз.
Қос доңғалақты арбалар жарысын не үшін көру керек?
Біріншіден, бұл аса көрнекті ойын-сауық болды. Қазіргі футбол немесе баскетбол ойындарындағы сияқты жарысқа орасан үлкен ойын-сауық бағдарламасы қоса жүрді: акробаттарды немесе үйретілген аюларды көруге болатын. Күресті тамашалауға немесе басқа елдерден әкелінген тұтқындарға қарауға болатын. Сондай-ақ императордың қарсыластарын келемеж етуге де болатын еді. Оларды алаңға жалаңаш, есекке мінгізіп және сайқымазақтарды ілестіріп шығаратын, ал көрермендер оларға шіріген көгөністерді лақтыратын. Кейде осының бәрі көпшіліктің алдында өлтірумен аяқталатын. Мысалы, осы жерде ІІ Юстинанның мұрнын кесіп тастаған, ал бір дінбұзарды тірідей өртеп жіберген.
Константинопольдегі ойындарды император әрқашан қарап отыратын. Сондықтан ипподром Үлкен императорлық сарайдың бір бөлігі болды. Жарысқа дейін немесе одан кейін василевскеi
Сондай-ақ стадионда әңгіме-дүкен құрып, ойын алдындағы жағдайды, жылқының ішіндегі ең жақсыларының шыққан тегін талқылауға, бәс тігуге болатын. Ол үшін шіркеудегі мінажатқа да бармай-ақ қоюға болатын еді. Оның үстіне осы сауық-сайранның бәрінің ақысы императордың есебінен төленетін.
Жарыс қалай өтеді?
Ойын-сауықтың бәрінің өзегі қос доңғалақты күймелер бәйгесі болды. Әдетте арбакеші бар төрт квадрига жарысатын. Егер жарыс астанада өтсе, барлығы 24 шабыс өткізілетін. Провинциялық қалаларда шабыстар мен қатысушылардың азырақ болуы мүмкін еді. Әр шабыста ат жеккен күйме стадионды жеті рет айналып өтуге тиіс болатын.
Жарыс сигнал бойынша басталатын: мысалы, император орамал тастаған кезде. Делбешінің міндеті барынша көп шабыста бірінші келу болды. Шабыс кезінде делбешілер бір-бірінің алдын кесіп, қарсыласын жарыстан шығарып тастай алатын. Қарсыласын императорға жақын жерде қағып құлату әсіресе бағалы болатын. Ең шиеленісті сәт бұрылатын бағанның тұсындағы мезет еді. Бұрылыста ең қатерлі апаттар орын алып, жарысқа қатысушының өлімімен жиі аяқталатын. Осының бәрі жанкүйерлерді шаттыққа бөлейтін.
Қандай команданы таңдау керек?
Барлығы төрт команда болды: қызылдар, ақтар, көктер және жасылдар. Соңғы екеуінің жанкүйерлері бәрінен де көп болатын. О баста жанкүйердің таңдауы оның қоғамда алатын орнымен немесе діни көзқарасымен айқындалуы мүмкін еді. Кейіннен «клубтар» арасындағы әлеуметтік құрамы бойынша айырмашылықтар жойылып кетті. Атақты византиялық тарихшы Прокопий Кесарийдің айтуынша, әйелдердің жанкүйерлігі жұбайларынан кем болмаған, сондай-ақ жұбайы мен зайыбы қарсылас командалардың жанкүйері болған жайттар да кездескен.
Шамамен 7 ғасырға дейін цирк факциялары i
Кімге қарау керек?
Кез келген спорт сияқты мұнда да өз супер жұлдыздары болды. Делбешілерге ескерткіштер қойылып, эпиграммалар бағышталды. Ең табысты жарыскерлер жанкүйерлердің бірлестіктерін басқарды. Ең үздік делбеші Порфирий (б.з.д. 5–6 ғғ.) болған деп саналады. Ол жарыстарға 60 жасқа жеткенше қатысты. Көзі тірісінде оған 7 ескерткіш қойылды. Бұл әдеттен тыс жайт болатын, себебі спортшыларға ескерткіштер не зейнетке шыққаннан кейін немесе қайтыс болғаннан кейін орнатылатын. Мансап жолында Порфирий жасылдар үшін де, көктер үшін де өнер көрсетіп, екі команданың да жанкүйерлерінің еркесіне айналды. Басқа да танымал жарыскерлер болған. Мысалы, Порфирийдің жасы кіші замандасы алтын мүсінге жететіндей еңбек сіңірді. Сондай-ақ византиялық тарихшы Иоанн Малала Порфирийдің барлық рекордтарынан асып түскен Константин есімді делбеші туралы айтқан. Жылнамашының айтуынша, бір күні Константин таңертеңнен бастап 25 шабыста жеңіске жеткен, ал үзілістен кейін жеңілген қарсыластарының аттарына мініп, 21 жарыста жеңіп шыққан.
Билеушілердің өздері де аттың делбесін қолына алып, әуестенгендері соншалық, мемлекеттік істер туралы ұмытып кеткен кездері де болған. Әрине, мұндай мінез-құлықты ақсүйектер қош көре қоймаған, алайда қарапайым көрермендер үшін императордың өзі қатысатын жарысты тамашалау одан да қызық еді.
Қай жерде қарау керек?
Ат жарыс ипподромда өткізілетін. Ол 203 жылы бұл қала Константинополь емес, Византия атанған кезде салынған. Ипподромның ені 117,5 метрді (футбол алаңының ұзындығынан сәл артық), ал ұзындығы 400 метрді (4 футбол алаңы) құрады. Стадионға 100 000 көрермен сыйып кететін, бұл қазірдің өзінде спорттық ғимарат үшін орасан зор сан. Көрермендер барынша ыңғайлы жайғаса алатын. Отырғыштың ені шамамен 70 см, биіктігі 38 см болған. Стадионда тамақ салынған науалар мен дәретханалар болды. Мінбелер тіпті арнайы мата күнқағарлармен күннен қалқаланатын. Мінбелерде жанкүйерлердің өз секторлары болды. Императордың ложасы бөлек орналасты, оған қарапайым көрермендердің кіруіне тыйым салынатын.
Константинополь ипподромы император сарайымен жалғасты да, Әулие София Соборына қарама-қарсы орналасты. Стадион молынан безендірілді. Константинопольдің қалалық аңыз-әңгімелерінде жазылғандай, Ұлы Константин ипподромға «Афина, Кизик, Кесария, Траллес, Сард, Мокис, Севастия, Сатала, Халдия, Ұлы Антиохия қалаларынан, Кипр, Крит, Родос аралдарынан, Атталия, Смирна, Селевкия, Тиан, Икония, Вифина Никеясы қалаларынан, Сицилиядан және Шығыс пен Батыстың барлық қалаларынан» ипподромға толып жатқан мүсіндерді әкелумен болған. Орталық қақпадан жоғары төрт қола ат жегілген квадрига бар төрт ұстын асқақтап тұрған. Мүсінді Константинопольден 1204 жылы кірескерлер ұрлап кеткен. Қазір квадрига Венецияда тұр.
Квадрига ипподромның жалғыз әшекейі емес еді. Мысалы, Фивадан стадион үшін арнайы әкелінген мысырлық обелиск сақталып қалған. Бүгінде обелисктің биіктігі бастапқы биіктігінен екі есе кем. Ол кезде оның биіктігі 32 метрді құраған. Обелиск орналасқан тұғыр ипподром көрермендерінің ортасында отырған император Феодосийдің кескіні бар бедерлермен безендірілген.
Осы тұтас монумент бәйге жолдарын екіге бөлген ағаш ернеу — Спинаның бір бөлігі болған. Спинаға қойылған мүсіндер субұрқақтарға айналдырылды. Сондықтан тек ойындарды ғана емес, ғимараттың сыртқы түрін де тамашалауға болатын. Спинадан тағы екі монумент сақталған: Жыланды ұстын мен Константиннің обелискі. Екі ескерткіш те бұрын биігірек болған. Жыланды ұстынның биіктігі қазіргідей 5 метр емес, 6,5 метр, Константиннің обелискі 32 метр еді.
Константинопольді жаулап алғаннан кейін көптеген византиялық құрылыстарды бұзып тастаған түріктер ипподромды бұзған жоқ. Әйтсе де ипподромның қабырғаларының көптеген бөліктері османдардың құрылысына кетті. Мысалы, ипподромнан алынған тақташалар Топқапы сұлтан сарайында пайдаланылды. Шамалы уақыт бойы стадион тіпті Юстиниан дәуіріндегідей әлеуметтік функцияны атқарды да. Кейде мұнда сұлтанның қатысуымен салтанатты рәсімдер өткізілетін, кейде тіпті түрік бәйгелері де өткізілді, олар джиррид (түр. Сirit) деп аталды. Сұлтан Ахмет мешітінің құрылысы кезінде жарыс жолдарын топырақпен жауып тастады. Ипподромның үш обелискімен бірге, ішінде цирк аңдары ұсталған Сфендонаның (көрермендер мінбесінің) бір бөлігі қалды.
Жылқылар туралы білу керек пе?
Аттар шабандоздардан кем емес жұлдыздар болатын. Делбешілерге арналған бедерлі тақталар мен ескерткіштерге міндетті түрде сәйгүліктердің аттары жазылатын. Порфирийдің сәйгүліктерінің аттары белгілі: Аристид, Палестинарх, Пирр, Эвтиник, Никополем және Радиат. Басқа да жұлдызды жүйрік аттар болған. Рим заманында арбакеш Диоклға тиесілі Котин деген аттың даңқы шықты. Диоклмен бірге Котин 445 бәйгеге қатысты. Ойын қарсаңында жанкүйерлер әрқашан өздерінің сүйікті аттарын талқылайтын және олардың шыққан тектерін білетін.
Жылқыларды бәйгеге қатыстыру үшін арнайы тәсілмен жаттықтыратын және жемдейтін. Дайындық жылқы 5 жасқа толғанда басталатын. Жарысқа дайын сау аттардың құйрықтарын байлайтын, ал ауру немесе зейнетке шыққан аттардың құйрықтарының байлауын шешетін. Бәйге басталардан бұрын атты 4 адам қарап тексеріп, оның жарысқа дайын екені туралы шешім қабылдайтын. Ат жегілген арбалар стадион жаққа апаратын жолмен жүргізілетін, ал тобыр оларды айқайлап қарсы алатын: «О, Құдай, оларға көмектес!».
Айта кету керек, аттар ипподромда тек бәйгеге қатысу үшін ғана емес, акробатикалық іс-әрекеттер үшін де пайдаланылатын. Іс-әрекеттердің бірі мынадай болатын: «шабандоз шауып келе жатқан аттың үстінде тұрып, оның жалынан сауырына, одан кейін жерге секіретін де, аттың құйрығына жармасып, оған қайта секіріп мінетін. Ертоқымнан еңкейіп, аттың астынан сырғып өтіп, екінші сауырынан шығатын, және осы уақыт бойы жылқы жылдам шауып келе жататын».
Император IX Константин Багрянородный өзінің «Салтанатты рәсімдер кітабында» император құттықтау сөзін сөйлеген кезде, ипподромның партиялары алтын таспалармен және өмілдіріктермен безендірілген аттарын жетелеп шығаратыны туралы жазды. Ал император Роман Лакапиннің ұлы Феофилактің жылқы жануарын жақсы көргені соншалық, олардың екі мыңға жуығын ұстаған. Византиялық тарихшы Иоанн Скилица Фефилакт жылқыны «тек шөппен және сұлымен ғана емес, сондай-ақ самырсын жаңғағымен, шарап пен қымбат дәмдеуіштер қосылған құрмамен, інжірмен және мейізбен жемдеген. Бір күні тіпті құдайға құлшылық ету қызметінен де қашып кеткен, себебі оның жақсы көретін биесі құлындап жатты» дейді.
Сол кезде малды сөздің қазіргі мағынасында тұқымға бөлген бе, жоқ па, ол жағы әлі де толық түсінікті емес. Аттардың шыққан тегі мен мақсатына қарай бөлінгені әбден мүмкін. Каппадокия мен Фессалиядан шыққан аттар бәрінен де жоғары бағаланды. Каппадокияны «Керемет жылқылар елі» деп атаған.
Жарысқа қатысушыларға арналған жылқыны іздеу мен жеткізуге қатысты тұтас бір индустрия құрылды. Әр команданың өз атқорасы болды, оны үнемі күтіп ұстау және көп қаражат жұмсау қажет еді. Жылқы өсіруге, емдеуге, жемдеуге, тіпті жүнін қырқуға қатысты нәрсенің бәрі арнайы малдәрігерлік «Гиппиатрика» трактатында, сондай-ақ византиялық «Геопоника» ауыл шаруашылық энциклопедиясының жекелеген тарауларында жазылған. Византиялық малдәрігерлік ісінің араб малдәрігерлігіне айтарлықтай ықпал еткенін айта кету керек. Арабтар өз атқораларын византиялық үлгіде тұрғызатын және ұйымдастыратын.
Қалай ақша табуға болады?
Бәрінен де бұрын көрермендер бәс тігу арқылы ақша табатын. Ақшалай жүлделерді жарыстың жеңімпаздары да алатын. Әрине, қызметшілерге де жалақы төленетін. Клакерлер ерекше табысын мақтан ете алатын, клакерлер — ақшаға сатылатын жанкүйерлер, олардың міндеті белгілі бір талаптарды айқайлап айту болатын, оларды қалған көрермендер іліп әкетуге тиіс еді. Кедей адам да, ақсүйек отбасының мүшесі де клакер бола алатын.
Жарыстар неліктен тоқтатылды?
Ипподром кірескерлер Константинопольді басып алып, қиратқан 1204 жылғы кірес жорығына дейін императорлардың зайырлы өмірінің орталығы әрі демалатын орны болды. Дегенмен, оған дейін де арбалар жарысы бірте-бірте өзінің тартымдылығынан айырыла бастаған болатын, оған себеп негізінен жарыстың қымбаттығы еді, оның шығынын мемлекет өтейтін. Императорлар және Константинопольдің қалталы тұрғындары уақыт өте келе циканионды таңдайтын болды. Бұл ойын қазіргі заманғы шөген ойынының баламасы еді.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Иванов С.А., В поисках Константинополя. Путеводитель по византийскому Стамбулу. М., 2020.
2. Каждан А.П., Два дня из жизни Константинополя. СПб, 2002.
3. Легенды Царьграда / Пер., и ком. А. Виноградова, введение, науч. ст. А. Виноградова, А. Кравченко. М., 2021.
4. Чекалова А.А., Константинополь в VI в. Восстание Ника. М., 1986.
5. Поляковская М.А., Чекалова А.А. Византия: быт и нравы. Свердловск, 1989 г.
6. Прокопий Кесарийский, Война с готами. О Постройках. М., 1996.
7. Херрин Дж., Византия. Удивительная жизнь средневековой империи. М., 2018.
8. Cameron A., Circus factions: Blues and Greens at Rome and Byzantium. Oxf., Clarendon Press, 1976.