Бір қарағанда аптап ыстықтан жан сақтаудың дәстүрлі амалы көзге оғаш көрінуі мүмкін: салқын су орнына ыстық шай ішу, жеңіл-желпі киімнің орнына сырма шапан кию, күннен көлегейлейтін шатырдан гөрі киіз үйдің ішін қолай көру. Дегенмен уақыт сынына төтеп берген бұл күтпеген шешімдер Орталық Азия халықтарының заманауи технология пайда болмай тұрып-ақ ми қайнатар ыстықтан сақтануға септігін тигізді.
Дәстүрлі өмір салты қашан да табиғатпен етене болған, қоршаған ортадағы өзгерістермен үйлесімді тіршілік еткен. Олар суыққа да, ыстыққа да сақадай сай жүретін. Адамдардың аптап ыстықтан қалай қорғанғанын айтқанда екі нұсқаны қарастырған жөн: көшпелілер өмірі мен отырықшы қала тұрғындарының тіршілігі. Өйткені қазақ мәдениеті көшпелі салттан ғана тұрмайды. Дала өркениетінде жер емген отырықшы ел мен мал баққан көшпелі мәдениет селбесе өмір сүрген.
Киіз үй
Көшпенділер дегенде ең әуелі мынаны айтайық: жыл бойы көшіп-қонып жүрген ел ми қайнатар аптапқа ұрынбаған. Жазғы жайылымдар үшін әрқашан қоңыр салқын аймақтарды таңдап, солтүстікті немесе биік тау бөктерін қоныс қылған. Ал қыстаулар жылырақ, ық жерлерде салынған. Олар жайлауын ешқашан оңтүстіктен сайламаған. Осылайша, маусымдық көші-қон жүйесі көшпелілердің ыстыққа ұрынбауына мүмкіндік жасаған.

Морден мен Кларктің Азия экспедициясы. «Текес өзені аңғарындағы қазақ киіз үйі». Текес өзенінің аңғары, Тянь-Шань. 1926 жыл / Америкалық жаратылыстану тарихы музейінің кітапханасы
Дегенмен көшпелі өмірдің өзі шыжыған ыстық күн мен аңызақ желден табиғи қорғанысты қажет етті. Бұл ретте киіз үйдің рөлі зор болды. Көптеген зерттеуші оны «табиғи кондиционер» деп атауы бекер емес. Киіз үйдің құрылымы, әсіресе оның шаңырағы тұрақты ауа айналымын жасайды. Күндіз шаңырақтың түндігі түрулі тұратындықтан, ыстық ауа жоғары көтеріліп, сыртқа шығып кететін. Сондықтан үй іші қоңыр салқын болып тұрады.
Бұл әсерді күшейту үшін киіз үйді әрқашан жел бағытына қарай құрған. Киіз үйдің есігі әдетте оңтүстік-шығысқа қарайды, бірақ сықырлауықты жел бағытына байланысты қажетінше бұрып отырған. Туырлықтың етегін түріп қойғанда ауа киіз үйдің ішіне лап етіп, табиғи түрде желдетіп тұрған.
Егер күн қатты ыси бастаса, туырлықты толығымен алып тастап, тек кереге мен шиді қалдырған. Қамыс сабақтарының арасындағы кішкене қуыстар ауа айналымының жақсы болуына септесетін. Ал төбені жапқан киіз аптап ыстықтан қорған болады. Киіздің ерекшелігі сонда — ол жылуды жақсы сақтайды, сонымен қатар күннің қызуын өткізбей, үйдің салқын болып тұруына мүмкіндік жасайды.

Н.Нехорошев, А.Мордвинов. А.Л.Кун. Көшпелі қазақтардың киіз үйлері. «Түркістан альбомы». Сырдария облысы, 1871–1872 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы
Адамдар да, алдындағы малы да ыстыққа ұрынбауы үшін көшпенділер күнделікті жұмыс жоспарын күннің қозғалысына қарай ыңғайлаған. Үйдегі барлық тіршілік таң бозынан басталды. Шаңқай түсте олар міндетті түрде демалған, күн төбеден ауа бастағаннан кейін қызу тіршілікке қайта кіріскен. Сондықтан негізгі шаруасын кешке қарай орайластырып, малын өрістен қайырып, сауып, өзге де күнделікті күйбең тірлігін жасайтын.
Киім
Көшпенділердің киімге деген көзқарасы да қызық. Бір қарағанда миға сыймайтындай көрінуі мүмкін, бірақ дәстүрлі көшпелі мәдениетте күн райы ыси түссе де, қалың киініп жүре беретін. Бұл көшпелілерге ғана емес, дала төсіндегі отырықшы халыққа да тән еді. Жұқа киінгеннен гөрі, сырып тіккен шапандар күннен жақсы қорғайды деп санады. Қабат-қабат мата киіз сияқты күн өткізбейді деп есептеді.
Сонымен қатар өте кең киімдер киетін. Шапаны неғұрлым кең әрі жеңі ұзынырақ болса, ауа айналымы соғұрлым жақсы болады. Мұндай киім ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар адамның бет-беделін айқындап тұратын. Себебі ондай киімді тігуге көбірек мата кетеді, әрі ол қымбат, сондықтан кең пішілген киім байлықтың белгісі ретінде қабылданды.

К. Де-Лазари. Салт атты қазақтар. 19-ғасыр / Wikimedia Commons
Киім дегенде, оның ажырамас бөлігі — баскиім еді. Дала өмірінде баскиімсіз жүру мүмкін емес. Жалаңаяқ жүре берсеңіз болады, бірақ жалаңбас жүруге еш рұқсат жоқ. Далалы жердің күні өткір: оңтүстікте жоғарырақ болғанына қарамастан, жазық далада тіпті қатал. Сондықтан баскиім жай ғана киімнің бір бөлігі емес, күн өтуден қорғайтын маңызды қорған болды.
Ыстық күндегі ас-су
Көшпелілердің тамақтануы жайлы айтсақ, жазда олар ағарған көп тұтынды. «Қазақтар жыл он екі ай ет жейді» деген көпшілікке мәлім пікір бар, бірақ бұл — жаңсақ ұғым. Жазда көбіне олар ет жемейді. Қымыз, айран, шұбат және әртүрлі дәнді қайнатып, сүтке бұқтырған көже ішеді. Осылай, жазғы рацион, негізінен, сүт өнімдерінен тұрды.
Қымыз, айран және басқа да сусындарды теріден жасалған сабада сақтады. Табиғи материалдың қасиеттері мен тұрақты ауа алмасуының арқасында сұйықтық ұзақ уақыт бойы салқын болып тұрады.

Д.Багаев. Баянауыл ауданындағы байдың киіз үйі. Шамамен 1929 жыл / Public Domain / Gemini арқылы боялып, қалпына келтірілген
Жаз уақытында қазақ даласына келген саяхатшылар мен куәгерлердің жазбалары ерекше қызығушылық тудырады. Олардың айтуынша, киіз үйдің ішкі температурасы сыртқа қарағанда 5–10 градусқа төмен болады екен. Тіпті аптап ыстықта да қоңыр салқын күйін сақтап тұрады дейді.
Қазақтардың өмірі туралы жазған Григорий Потанин, Василий Радлов және Алексей Левшин болсын — бәрі бір ауыздан киіз үйдің құрылымына қатысты өте жоғары баға берген. Олар мұндай үйдің дала климатына ерекше бейімделгенін баса айтудан жалықпады.
Шоқан Уәлиханов та бұл туралы жақсы жазба қалдырған. «Құлжаға саяхат» күнделігіндеiШығармалар жинағы, 2-том, 183-бет. Алматы, 1985 ол ми қайнатар ыстық аймақтарды басып өткен кездегі қиын сапары жайлы айта келіп:
«Күні бойы әбден сілесі қатып шаршап келіп, кешке қоңыр салқын киіз үйде кең пішілген киім киіп, тіпті жалаңаштанып алып, туырлықты түріп тастап, самал желге бетіңді тосып, демалудан артық ләззат жоқ. Бұл қырда өскен адамға ғана тән ең көркем ләззат» деп дәріптейді.
Қалалықтардың қапырықтан қорғану жолдары
Отырықшы халыққа келсек, Орталық Азияның барлық қаласы ыстық климатты ескере отырып салынған. Кеңес дәуірінде де сәулетшілер жаңа аудандарды жобалау кезінде жел бағыты мен жергілікті климатты ескеретін. Бұл әсіресе Алматы үшін өте маңызды болды, мұнда кешқұрым есетін тау самалы қаланы табиғи түрде салқындатуда маңызды рөл атқарады.
Дәстүрлі қалалық сәулет өнері ғасырлар бойы осы климаттық ерекшеліктерді ескере отырып дамыды.

С.М.Прокудин-Горский. Көшедегі саудагерлер, ар жағындағы Калян мұнарасы. Бұхара, Өзбекстан. 1905–1915 жылдар аралығы / Сергей Прокудин-Горский коллекциясы, АҚШ Конгресі кітапханасы
Ең алдымен, үйлердің қабырғасы күйдірілмеген кірпіштен қалың етіп қаланды, олардың қалыңдығы 60 сантиметрден бір метрге дейін жететін. Мұндай қабырғалар баяу қызып, ғимарат ішіне күннің қызуын өткізбейтін. Осының арқасында үйдегі температура сыртқа қарағанда 8–12 градус төмен болады.
Барлық үй дерлік жабық аула ішіне салынды. Ол жерге көлеңке болсын деп ағаштар егілді. Шағын бассейндер ауланың басты көркі болатын, олардың кейбіреуінің қасына субұрқақ орнатты. Ал айналасына демалу үшін сәкілер қойылды. Ыстық күндері үй иесі көлеңкені саялап, көк шай ішіп, аяғын салқын суға малып отыратын. Осындай қарапайым нәрселердің өзі аптап ыстықта өмірді әлдеқайда жеңілдететін.
Ауладан басқа, әр үйде төбесі биік, ашық терраса болды.
Орталық Азия қалаларындағы мұндай құрылымды күн райының өзі талап етті десе де болады. Бүгінде көпшілік тар деп санайтын қуыс көшелер күн сәулесінен қорғану үшін арнайы жасалған. Үйлер бір-біріне көлеңке түсіріп, көшелерді айтарлықтай салқын ұстады.
Дәл осы себепті терезелер де шағын етіп жасалды. Олардан күн сәулесі мен жылу азырақ өтіп, үй-жайларда қолайлы температураны сақтауға көмектесті.

Хауыз және Нәдір Диуан бегі ханакасы, Ляби-Хауз ансамблі. Бұхара, Өзбекстан / Wikimedia Commons
Қала құрылысының түс гаммасы да үлкен маңызға ие. Үйлер ашық түсті тастан салынды немесе күн сәулесін шағылыстыру үшін ақ түспен боялды. Сондықтан дәстүрлі Орталық Азия қалалары әрқашан жарқын көрініске ие болды.
Әр аулада гүлдер мен жүзім де өсірілді. Жүзім бұтақтары төбеге қарай өріле өсіп, маңайын көлеңкелеп тұрды. Әнші құстардың торлары да осындай жерлерге жиі орналастырылды. Мөлдір су, жасыл желек, әсем гүлдер, саялы көлеңке мен сайраған құстар — осылардың бәрі қосылып, қоңыр салқын күй мен жанға жайлы тыныштық берді. Көптеген саяхатшы құрғақ және ыстық климатқа қарамастан, қала тұрғындарының үйлері ыстық болмайтынын атап өтті.
Азық-түлікті сақтау үшін жартылай жерасты қоймалары мен жертөлелер салынды. Бұлар табиғи тоңазытқыш қызметін атқарып, тіпті ең шыжыған айларда да тағам бұзылып кетпейтін.
Қалалықтардың киімі, сусындары мен күнделікті тәртібі
Қала тұрғындарының киімі көбіне көшпелілерге ұқсас келетін. Ыстық ауа райында олар көпқабатты сырма шапан киетін, бұл жеңіл киімге қарағанда аптап ыстықтан жақсы қорғайтын. Басына әрқашан орамал немесе сәлде тағатын. Бұл дәстүрлі киімдердің бір бөлігі ғана емес, күн өтуден сақтайтын мықты қорғаныс болды.
Сусындарға келсек, көшпенділер де, отырықшы халықтар да ыстық күнде ыстық сусындар ішті. Олар қатты ыстықта салқын су ішпейтін. Ол дененің табиғи жылу алмасуын бұзады деп есептеді. Сондықтан Орталық Азия халықтары аптап ыстықта дәстүрлі түрде көк шай ішетін. Бұл әдет күні бүгінге дейін сақталып келеді. Ыстық шай дененің жоғары температураға төтеп беруіне көмектеседі және табиғи түрде салқындауға септігін тигізеді.

С.М.Прокудин-Горский. Шайхана, Самарқан. «Орталық Азия көріністері, Ресей империясы» альбомынан. 1905–1915 жылдар аралығы / Heritage Art/Heritage Images / Getty Images
Көшпенділер сияқты, олар да түскі уақытта тынығатын. Олар тал түсті көлеңкеде өткізіп, ал жұмыс уақытын өте ерте, тіпті таң атпастан бастап кететін. Бұл әсіресе суармалы егіншілік аймақтарында маңызды болды. Егістіктерді үнемі баптап ұстау керек болды: тоғандарды уақытылы ашып-жауып, суды әртүрлі аймаққа бұру қажет еді. Сондықтан олар күннің тас төбеге көтеріліп, бар ыстығын төгетін уақытына дейін барлық негізгі жұмысын аяқтауға тырысты.
Орталық Азияның көптеген қаласында қалыптасқан «таңғы палау» дәстүрі қазіргі таңда да үзілген жоқ. Көпшілік неге ер адамдар таңғы алтыда немесе жетіде палау жеуге жиналады деп таңғалады. Тарихи тұрғыда мұның түсіндірмесі өте қарапайым: таң бозарып атпай жатып ер адамдар жиналып, палау пісіріп, таңғы ас ішіп, содан кейін жұмыстарына кірісетін. Бұрын олар егістік алқаптарына баратын, ал бүгінде жұмысқа, кеңселерге немесе зауыттарға барады. Бұл дәстүр ер адамдар арасындағы қарым-қатынастың ерекше түрі және күннің ортақ бастамасы ретінде күні бүгінге дейін сақталып қалды.
Таңғы палау жай ғана тамақтану емес. Ол мереке алдында, отбасылық шаралар мен еске алу рәсімдері алдында, тағы басқа жағдайларға байланысты жиналатын шара болды. Бұл — тек ерлерге тән дәстүр, ал әйелдер мұндай жиындарға қатыспады.
Ыстыққа қарсы инженерлік шешімдер
Орталық Азияның кейбір аймақтарында ыстық климатпен тиімді күресуге мүмкіндік беретін арнайы инженерлік құрылымдар болды.
Осындай шешімдердің бірі Иран мен кейбір көршілес аймақтарда кең таралған жел мұнаралары еді. Олар ауа қозғалысын ұстап, оны ғимаратқа бағыттап, ешқандай механикалық құрылғыларды қажет етпей, табиғи түрде желдетіп, салқындатып отырды.

Гянджалы хан кешеніндегі жел мұнарасы (бадгир), Керман, Иран. 2016 жылғы 22 қазан / Bernard Gagnon / Wikimedia Commons
Тағы бір керемет жүйе — кәріздер, тау бұлақтарынан ондаған шақырымға су тасымалдайтын жерасты су құбырлары. Су жер астымен ағатындықтан, ең қатты ыстықта да салқын температураны сақтап тұрды. Иранда Тегеран мен Исфаханды қоса алғанда, тұтас қалаларды суық тау суымен қамтамасыз ететін кәріздер болды.
Тағы бір қызық құрылым — күмбез тәрізді суқоймалары, яғни сардобалар. Олардың әбден ойластырылған құрылымы арқасында жазғы аптапта да суды салқын күйде ұстап, тұрғындарды салқын ауыз сумен қамтамасыз етті.
Осы сәулет және инженерлік шешімдердің барлығы Орталық Азия халықтарының табиғатпен қаншалық етене екенін көрсетеді. Ғасырлар бойы олар тек табиғи материалдарды, ландшафт ерекшеліктері мен табиғи желдету заңдылықтарын пайдалана отырып, ыстықтан қорғанудың тиімді жолдарын ойлап тапты.
Міне, сондықтан дәстүрлі мәдениет, көшпелі болсын, қалалық болсын – адам баласының қоршаған ортаға таңғаларлық түрде дәл бейімделуінің үлгісі. Жүздеген жыл бұрын жасалған мұндай құрылғылар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мысалдары ретінде әлі күнге дейін сәулетшілердің, экологтар мен тұрақты құрылыс мамандарының қызығушылығын тудырып келеді.
