Аркадий Северный — Тетя Хая

БАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА ҚАРАЙ: ДЫБЫС ГЕОГРАФИЯСЫ

Северный Сергей Петрович Соколов фотосуреті. 1979/Flickr

Qalam сантүрлі мәдениеттердің өзара тоғысуын зерттеуге тырысады. Осыған орай музыка әртүрлі географиялық және идеологиялық кеңістіктер арасында бітімгер қызметін атқаратын плейлисттер сериясын бастауға шешім қабылдадық. Біздің алғашқы плейлистіміз «Батыстан Шығысқа — жүз үздік туынды» деп аталады. Ол аптасына бірнеше рет жаңартылып отырады, әрі Батыс поп-мәдениетінде музыкалық, географиялық, тұрмыс-салт яки саяси өзге де Шығысқа тән шындықтың қалай бейнеленгені туралы сөз ететін болады («Батыс» және «Шығыс» ұғымдарын бұл жағдайда мейлінше кең әрі шартты түрде түсінген жөн).

Андрей Вознесенскийдің ең жақсы өлеңдерінің бірі «Сигулда күзі» деп аталады. Сол өлеңде мынадай жол бар: «Пластинкалардан мереке сайын қарлыққан дауыс қылмыстық әндер шырқаған» («А в праздники сипло басила пластинка блатного пошиба») Бұл өлең — 1962 жылы жарияланған. Аркадий Северныйдың алғашқы жазбасы бір жылдан кейін пайда болды, бірақ бүкіл КСРО аумағында мерекелерде қылмыстық әлемнің әндерін қарлыққан асқақ та терең даусымен орындаған адам дәл осы Аркадий еді. Ол кезде, әрине, пластинкалар туралы сөз болмады — Северныйдың винил жазбалары тек 1991 жылы, ол қайтыс болғаннан 11 жыл өткен соң ғана жарық көрді. Бірақ 70-жылдары кассеталар мен бобиналардан «қайырлы таң, тетя Хая, сізге Шанхайдан сәлемдеме келді, ал сәлемдемеде үш қытайлық, үш қытайлық жұмыртқа бояп жатыр» деген таңғаларлық мантра орындалатын. Бұның не сөз екенін ешкім нақты білмейтін, дегенмен, адамдар Северныйдан мағына іздеген де жоқ — Высоцкий мен поэтикалық тереңдікке бойлаған бардтармен салыстырғанда, ол таза әрі жеңіл қуанышқа бөлейтін музыка ретінде қабылданатын. Алайда бұл қайырманың астарында бір мағына бары анық (мұны орындаушының өзі білген-білмегені белгісіз). Жұмыртқа қабығын бояу Қытайда шынымен де 3000 жылдан астам уақыттан бері кездесетін дәстүр. Бұл — Қытайда көктемгі теңелу маусымы басталатын Чуньфэнь мерекесінің бір әдет-ғұрпы. Сол күндері қытайлар шынымен жұмыртқа бояп, оларды тік қоюға тырысады, бұл болашақтағы сәттіліктің белгісі деп саналады. Қызығы, бұл ритуалдың еуропалық музыкалық дәстүрдегі жалғыз көрінісі осы қылмыстық бағыттағы әндер стиліндегі пластинка болды.

Көшірілді