Шанышқы — ас үйдегі өзге құралдардан кеш пайда болса да, қазіргі тұрмысты олсыз елестету мүмкін емес. Әр заманда шанышқының өлшемі де, формасы да өзгеріске ұшырады, бірде үстел үстінен табылса, бір кездері мүлдем қолданыстан шығып отырған. Уақыт өте келе алтын, күміс сынды металдардан жасалып, түрлі бағалы тастармен көмкеріліп, сән-салтанантты паш ететін құралға айналды. Бір кездері әдемі әрі қымбат тұрған құралды әртүрлі арзан материалдан жасап, бір рет қолданып, лақтыра салатын арзанқол дүниеге айналып кетеді деп кім ойлаған!?
Ең алғашқы екі тісті шанышқы
Шанышқыны біздің дәуірімізге дейін Ежелгі римдіктер қолданған. Бастапқыда ол тек асүйде ара-тұра қолданылатын ғана құрал болған (ілкіде жұрт мыс, қола немесе темірден соғылған екі тісті үлкен шанышқыны қайнаған сорпадан я ыстық майдың ішінен қуырылған етті іліп алып, қолмен жеген). Бірақ қолдың май-май болғаны — бір жағынан жағымсыз, екінші жағынан ыңғайсыз еді. Күндердің бір күнінде екі тісті құралға етті шаншып жеу әлдеқайда ыңғайлы екенін түсінген бір адам табылыпты. Италияның оңтүстік-батысындағы грек колониясы саналатын Пестум қаласында екі мың жылдан астам бұрын әлдебіреу өзінің кішігірім шанышқысын бағалағаны соншалық, оны осы бір құралымен қоса жерлеген (көреген марқұмның арқасында римдіктерде шанышқының болғаны белгілі болып отыр). Дегенмен шанышқы ол заманда қасық секілді қолданыста болмаған.
Марқұм болған жандарды сүйікті заттарымен қоса жерлеу жоралғысы, тарихшылардың жұмысын әлде қалай жеңілдетеді. Айталық, қытайлық көне шанышқы да қорымдардың бірінен табылған. Сүйектен жасалған бұл шанышқыларды, археологтар қола дәуіріне тиесілі (б.д.д. 2400–1900 жж.) Ци Цзю деп аталатын көне қытайлық мәдениеттің, сондай-ақ Шан династиясы (б.д.д. 1600–1050 жж.) мен кейінгі династиялардың қорымдарынан тапқан.i
Қандай жағдай болмасын адамзат (Азия халқы да және бүкіл Еуропа жұрты) мың жылға жуық уақыт шанышқыны мүлде қолданбаған. Тіптен жеті атасынан бері шекесі шылқып келе жатқан ақсүйектердің өзі тамақты қолмен жеп, ара-тұра сумен жуып, матамен құрғатып отырған немесе тамақ жеген соң лақтырып тастайтын арнаулы қолғапты пайдаланған.
Патша қыздарының еркелігі
Ал шанышқылар қайда кетті? Олар Көне Римнің көптеген мұрасына ие болып қалған Византияда, яғни Шығыс Римде ғана қолданыста болды. Брокгауз бен Эфронның Энциклопедиялық сөздігінде: «Шанышқы жөніндегі алғашқы деректер Пьер Дамианидің (1072 жылы қайтыс болған) еңбегінде кездеседі. Ол шанышқыны мүлдем таңсық дүние ретінде сипаттап, византиялық ханшайымдардың бірі жаңа құралды Венецияға таныстырғаны жөнінде жазған. Алайда автор аталған құралды нәзіктіктің белгісі ретінде көрген» деп жазылған.i
1075 жылы өзге бір византиялық ханшайым Феодора Анна Дукиня венециялық Доменико Сельвомен отбасын құрғанына орай ұйымдастырылған салтанатты кеште әрбір қонақтың алдына шанышқы қойдырған. Дінбасылар аталған әрекетті құдайдан безгендік ретінде бағалаған. Шанышқы тістері (екі тісті және үш тісті болсын) адам баласының ата жауының қаруы екені белгілі. Аталған дәстүр христиан шіркеуі ібілістің қатарына жатқызған Посейдон мен Айдтың қолында екі тісті және үш тісті шанышқы жиі бейнеленгендіктен қалыптасқан. Бірнеше жыл өткен соң жоғарыда сөз еткен ханшайым белгісіз аурудан көз жұмады, кейбір жандар бұл — «ібілістің қаруын» қолданғаны үшін жіберілген жаза деп топшылаған.
Шанышқы Француз корольі V Карлдың үстелінде пайда болғанға дейін тағы да бірнеше ғасыр өтті. Тарихшылардың айтуынша аталған оқиға 1379 жылы орын алған. Дейтұрғанмен 16 ғасырдың басына дейін аталған құрал дастарқан басында ұдайы қолданыста болмаған. Айталық, 14 ғасырда француз ханшайымы Жанна д’Эрвенің арнаулы қорапта сақталған бір ғана шанышқысы болған. Француз тарихшысы Фернан Броделдің деректерінде, Версальді салған, француздық «күн-королі» XIV Людовик (1638–1715) қолмен тамақ жеп, ас үстінде шанышқыны қолданған Бургундық герцог пен оның екі бауырына ендігәрі пайдалануға тиым салғаны жөнінде айтылады.
Фернан Бродел өз еңбегінде шанышқыны «ібілістің сандырағы» деп қарғаған орта ғасырлық неміс дін қызметкерінің «Егер Құдай осы іспеттес құралды пайдаланғанымызды қаласа, бізге саусақты бермес еді» деген сөздерін жазып қалдырған.
Шанышқының Еуразияға келуі
Орыс жеріндегі ең көне шанышқы Ұлы Новгородтағы 14 ғасырда соғылған ағаш үйден табылып отыр. Аталған шанышқыны сырттан, Византиядан келген зергерлердің бірі әкелген болуы ықтимал. Өйткені мәскеулік Кремльде шанышқыны жұрт алғаш рет, тек 1606 жылы алаяқ I Лжедмитрий мен оның поляк әйелі Марина Мнишектің тойында ғана көрген. Су жаңа орыс ханшасы «ібілістің сайманымен» тек дінбасылардың ғана емес, сондай-ақ боярлардың да үрейін ұшырған. Осындай тойдың арты көтеріліске ұласып кете жаздаған. Әлбетте, шанышқы үшін емес, жаңа патша әулетінің «бөтендігі» көрер көзге анық байқалғандықтан солай болған.
«Тәкаппар поляк әйелі» мен оның өзін ханзада Дмитриймін деп алдаған екі күйеуі, әлбетте, үлгі боларлық бейнелер емес, сондықтан олар мүлдем таңсық әрі қорқынышты асүй құралын қалың боярларға сіңдіре алмады. Бірақ Тишайшем патша Алексей Михайловичтің (1629–1676 жж.) тұсында екі тісті шанышқылар үстел үстінде тұрғаны, ал оның баласы I Петр болса, шанышқыны күнделікті тамақ ішкенде пайдаланғаны жөнінде деректер кездеседі. «Оның алдына піл сүйегімен тегістелген ағаш қасық, пышақ пен сүйектен жасалған жасыл шанышқы қойылды және кезекші күтуші патша қонақта жүріп ас ішіп қалған жағдайда ұсыну үшін оларды ұдайы өзімен бірге алып жүруге міндеттелді».i
Орталық Азияда да шанышқы — бертін келе қолданысқа енген құрал. Мұндағы халықтардың дәстүрлі асханасында, негізінен қасық пен қолмен жейтін тағамдар дайындалды, ал шамадан тыс көп құралды қажет ететін шетелдік ас жекелеген үйлерде ғана әзірленгені болмаса, ұлттық дәстүрге айналып кете алмады.
Дегенмен ислам дінбасылары өздерінің христиан әріптестерінен айырмасы, шанышқыға қарсы күрес жүргізбеген. Айдтың қаруын еске түсіретін шанышқы христиандық шіркеу өкілдеріне ешқашан ұнаған емес. Айталық, православтық бағыттың өкілдері шанышқыны жерлеу рәсімі кезінде әліге дейін қолданады, ал кейбір жерлерде аталған жоралғы рождестволық және пасха кезінде жайылған дастарқанға да еніп кеткен.
Христиандардың шанышқыны түбегейлі қабылдамағанына қарап, алаңдаған мұсылмандарға Сауд Арабиясының Ғылыми зерттеулер мен пәтуа беретін тұрақты комитеті: «Тамақты үстел басына жайғасып жегеннің, сонымен қатар ас үстінде қасық пен шанышқы және т.б. құралдарды қолданудың еш сөкеттігі жоқ. Бұл әрекет арқылы кәпірлерге ұқсап кетпейміз, өйткені бұл олардың айрықшалайтын ерекшелігі емес» деген пәтуа шығарған.i
Христиандарда шанышқыны ресми түрде ақтайтын әрекеттер жасалмады, бұл құрал діндарлардың қарсылығына қарамастан, жай ғана қолданысқа еніп кетті. Бірақ тіптен шанышқыны ібілістің кішкентай қаруы деп қабылдауға тоқтағанына қарамастан, олар ұзақ уақыт шамадан тыс қымбат құрал ретінде қабылданып келді. Мәселен, 1897 жылы ағылшын әскери-теңіз флоты матростарға ас үстінде пышақ пен шанышқыны қолдануға тыйым салатын жарғы шығарған. Теңіз флоты басшылығының пікірінше, аталған асүй құралдары тәртіпті бұзып, шені кіші әскерилердің әлжуаз болуына жол ашады-мыс.
Қабылдау мен мойындау
Бірақ түрлі қуғындауға қармастан, шанышқы дастарқан басында қалды және оның келешекте жоғалып кете қоюы екіталай. Оның үстіне, шанышқы тіптен қасықтың өзін аздап ығыстырған тәрізді. 18 ғасырда белгісіз бір неміс шебері шанышқының жалпақтау ұшын сәл-пәл бүккеннен кейін, онымен тамақты тек қадап алудың ғана емес, шаншып жеудің мүмкіндігі туды. Ботқа, езбе, күріш — шанышқыға ілінбейтіндей сұйық ас болмай шықты. Осылайша қасықтың еншісінде тек сорпа ғана қалды.
Дегенмен шанышқының өзгерісі бұнымен тоқтаған жоқ. Бастапқыда екі тісті болған шанышқы, 18 ғасырда төрт тісті құралға айналды. Бұл күндері лимон, шаян, жеміс-жидекке арналған шанышқылар екі тіспен, ал тәттілер мен ірімшікке арналған шанышқылар үш тісті болып қалды.
Жоғарыда сөз болған Фернан Бродель, өзінің «Күнделікті күйбеңнің құрылымы: мүмкін және мүмкін емес дүниелер» (Структуры повседневности: возможное и невозможное) деп аталған еңбегінде үстел басында әдепті сақтамайтын «мәдениетсіз халықтар» жөніндегі француздар мен ағылшындардың қатаң пікірлерін келтіреді. Онда мажарлар, гректер мен араб халықтарының шанышқыдан бейхабар екендігі сөз болған. Мұндай мәлімдемелер шамамен, 17 ғасырда айтылып, 19 ғасырда қалыпты құбылысқа айналды. Ол уақытта үстел басындағы сән-салтанатқа қатысты түсінік өзгеріп, тұтастай қуырылған түйеқұс пен жақұт тастармен көмкерілген кубоктардың орнын әр асқа сай келетін құралдар мен оларды қолдану мәнері бекітілген күрделі жабдықталған дастарқан басты. Ендігіде барлық табиғи және қоспасыз дүниелерден мүмкіндігінше алшақтау жақсы тәрбие ретінде қабылданып, адамзат өзін жан-жануарларға қарсы қоюға тырысты және наннан өзге тағамдарды жалаң қолмен ұстау өркениеттен алшақтағанның белгісі саналды. Осы тұста шанышқы жабайылық, қарабайлық және дөрекілікпен күресте қолданылатын қаруға айналды. Ендігіде шанышқы өркениеттің, табиғилықтан мәдениеттің, түйсіктен сананың үстем түскенінің символы. Ал барлық елдер мен құрлыққа тараған, ұлттың аясынан шығып, әлеуметтік снобизмге айналған гигиена мен санитарияға қатысты жаңа көзқарас осы бір түсінікті қуаттай түсті.
Қазақ жеріне шанышқының қашан келгеніне қатысты жорамал айту қиындау. Әлбетте, ілкіде қазақтар, өзге көне халықтар (көне гректер, француздар, ағылшындар, орыстар) секілді тамақты қолмен жеген. Бірақ ол уақыттар келмеске кетті. Енді біз, ұлттық асымыз еттің өзін шанышқымен жеуді жөн көреміз. Өйткені қолдың таза болуы өте ыңғайлы әрі әдемі көрінеді. Сондықтан өткен ғасырдың фантаст жазушылары уәде еткен калорияға бай таблеткаларды ғана қорек еткен заман туғанша, шанышқының дастарқан басынан жоғалып кетуі екіталай.
Қазірдің өзінде шанышқының құрметіне ескерткіштер қойылып жатыр. Әлемдегі ең үлкен шанышқы америкалық Спрингфилдте (Миссури штаты) тұр. Биіктігі 10.7 метр болатын мүсінді, асүйдегі сайманды өзінің бойтұмары санайтын бір жарнама агенттігі тұрғызған. Киевте «Пивная дума» деп аталатын сырахананың жанында Владимир Белоконның қолынан шыққан шанышқының ескерткіші тұр. Ал Nestle корпорациясының ұмтылысының арқасында, үлкен шанышқы Alimentarium деп аталатын тағамдар музейі мен Nestle штаб-пәтеріне қарсы бетте ағып жатқан Женева өзенінің түбіне қадалып тұр. 1995 жылы тұрғызылған мүсін «Тамаққа қойылған ескерткіш» деп аталады.
ОҚУҒА ҰСЫНЫЛАТЫН КІТАПТАР
1. В. В. Лещинская, А. А. Малышев, Мейрамдар мен құттықтаулардың үлкен кітабы (Большая книга праздников и поздравлений). — М.: Аделант, 2010.
2. Буровик К. А., Вилка // Заттардың қызыл кітабы: Сөздік (Красная книга вещей: Словарь). — М.: Экономика, 1996.
3. Вилки // Тауарлық сөздік (Товарный словарь) / И. А. Пугачев (бас редактор). — М.: Государственное издательство торговой литературы, 1956. — Т. I.
4. Херрин Джудит, Византия. Ортағасырлық империяның таңғажайып өмірі. — Центрполиграф, 2023.
5. Бродель Фернан, Күнделікті күйбеңнің құрылымы: мүмкін және мүмкін емес дүниелер (Структуры повседневности: возможное и невозможное). — Прогресс 1986.