АТАТҮРІК: ЖӘДИДТІКТЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Қоңыралп Ержіласун: Түркиядағы тәуелсіздік соғысы және түрік зияткерлерінің ықпалы туралы

~ 6 мин оқу
АТАТҮРІК: ЖӘДИДТІКТЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Коллаж / Qalam

19 мамыр — Түркияда Ататүрікті еске алу күні. 1919 жылы дәл осы күні келешекте Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Самсун айлағына барып түседі де, содан бері бұл күн Түрік елінің тәуелсіздік жолындағы соғысының басы саналады. Осы маңызды күннің құрметіне Qalam «Түрік төңкерісі және Ататүрік» (Türk Devrimi ve Atatürk) кітабының авторы, профессор Қоңыралп Ержіласунмен Ататүріктің ұлтшылдық, модернизация мен саяси реализмді ұластырып, күйреп қалған империяның орнына жаңа республика құрғаны жөнінде әңгіме өрбітті.

Қоңыралп Ержіласун

Қоңыралп Ержіласун

Мұстафа Кемал неге және қалай тәуелсіздік жолындағы соғыстың басты тұлғасына айналды?

Шын мәнінде, Түркияның тәуелсіздігі жолында күрескен жалғыз Мұстафа Кемал емес еді. 19-ғасырда-ақ ел келешегі мен мемлекет тағдыры талқыға түсіп, басқа көптеген зиялы мен қайраткер бұл мәселеге алаңдап, әрекет етіп жүрген. Мұстафа Кемал солардың ішіндегі ең бір парасаттысы, әрі ешкім тең келмейтін стратегі еді.

Мұстафа Кемал. Алеппо, 1917 жыл / Wikimedia Commons

Мұстафа Кемал. Алеппо, 1917 жыл / Wikimedia Commons

Оған қоса, 1918–1919 жылға қарай ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Дарданелл операциясындағы рөлінің арқасында ел арасында танымал тұлғаға айналып үлгерген. Бұл жағынан оны primus inter pares — терезесі теңдердің арасындағы озығы деуге болар. Әйтсе де солардың арасындағы ең данасы, ең мықты стратегі өзі болып шықты.

Ататүрік Түрік тәуелсіздік соғысы кезінде Антанта құрамындағы егемен елдермен де, гректермен де, Осман сұлтанының өкіметімен де алыса жүріп, ақырында бәрін жеңіп шығуының себебі неде?

Негізінде, 1919 жылдың 19 мамырында Мұстафа Кемал Анадолыға табан тіреген сәтте ел ішіндегі қарсылық ошақтары әлдеқашан тұтана бастаған. Ататүрік сол бытырап жатқан қозғалыстардың басын қосып, оларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, халықтың жігерін жанып, күрес жолында біртұтас бағыт берді. Сондықтан оның рөлі тек майдан даласындағы қолбасшылықпен шектелген жоқ. Мұстафа Кемал телеграф желісін аса шебер пайдаланып, жұртты француздарға, гректерге әрі Сұлтанның әскери күшіне қарсы азаттық күресіне көтере білді.

Осының бәріне оның жоспарын қадам сайын, бірізді іске асыра білетін көреген стратег болмысы көмектесті. Әр қадамын баяу басқандай, ілгері жылжу жоқтай көрінгенімен, оның көкейінде тұтас соғысқа қатысты айқын стратегиялық көзқарас әлдеқашан қалыптасып қойған. Ататүрік әскер мен әскери аппаратты ұйымдастырып қана қойған жоқ — ол бүкіл халықты ұлттық стратегиясының төңірегіне жұмылдырды.

1920 жылы Кеңес одағы Ататүрікке әскери көмек көрсетті. Алайда большевиктер мен түрік ұлтшылдары идеологиялық тұрғыдан мүлде бір-бірімен қабыспайтын. Сонда оларды ортақтастырған не бар еді?

Ол кезеңде Батысқа қарсы ұстаным екі тарапқа да ортақ болатын. Екі жақ та антиимпериализм ұранын қолданғанымен, Ататүрік антиимпериализмді шынайы мұрат тұтқан. Ал Ленин оны, негізінен, тек Батыс империализміне қарсы тұру құралы деп білген.

Шын мәнінде, Лениннің екі нақты мақсаты бар еді. Біріншісі — Батыс державаларының назарын басқа жаққа бұру болса, екіншісі — Түрік Республикасын өзіне ниеттес мемлекет қылу. Бәлкім, келешекте оның коммунистік елге айналғанын да көргісі келген болар.

Сол кезде Бұхара мұсылмандары көп алтын жинап, оны Түркиядағы ұлт-азаттық күресін қолдау деп Мәскеуге жібереді. Бұл жүйе Лениннің оң жамбасына келді: ол алтынның бір бөлігін большевиктер революциясының қажетіне қалдырып, бір бөлігін Ататүрікке көмек есебінде жөнелтіп отырды. Сөйтіп, өзіне жақын мемлекет қалыптастыруға үміт артты.

Черкес Этем, оның жауынгерлері мен Мұстафа Кемал Ататүрік Йозгат көтерілісін басуға бара жатқан жолдағы бекет штабының алдында тұр. 1920 жылдың маусымы / Wikimedia Commons, Public Domain

Черкес Этем, оның жауынгерлері мен Мұстафа Кемал Ататүрік Йозгат көтерілісін басуға бара жатқан жолдағы бекет штабының алдында тұр. 1920 жылдың маусымы / Wikimedia Commons, Public Domain

Алайда Ататүріктің көзқарасы Лениннің ұстанымымен сәйкеспейтін. Ол коммунист емес, шынайы тәуелсіздікке сенген ұлтшыл болатын. Ататүрік тәуелсіз Түрік Республикасының ісіне сырттан — мейлі Батыстан болсын, мейлі Солтүстіктен болсын — ешкімді араластырғысы келмеді.

Түркі-мұсылман қоғамдарын білім мен тілге реформа жасап жаңғыртуды көздеген жәдит қозғалысы Қырымнан бастап Орталық Азияға дейін кеңінен тарады. Кемализм осы дәстүрден қаншалықты нәр алды?

Қызығы сол — кемализм мен жәдидтікті егіз деуге келеді. 19-ғасырдан бастап Осман зиялылары мен жәдидшіл интеллигенция арасында тығыз байланыс орнаған. Ысмайыл Ғаспыралының «Тәржіман» газеті Түркістанда ғана емес, Ыстанбұлда, Каирде және Осман империясының өзге өңірлерінде тарайтын. Сол сияқты Ыстанбұл газеттері де Қырымнан асып, тұтас Түркі әлеміне де кеңінен жетіп жататын. Сондықтан бұл қоғамдар мен зиялы орталар кеңінен араласып, бір-біріне ықпал еткен деуге толық негіз бар.

Қайбір деңгейде Ататүрікті осман модернизациясы мен жәдидизмнің жемісі деуге болады. Өйткені бұл екі ағым бір-біріне ықпал етіп, бірін-бірі күшейтіп отырған. Алайда Ататүрік мемлекет қайраткері ретінде жәдидизм идеяларының көбін нақты реформаға айналдыра алды. Ол Осман дүниесінде де, кеңірек түркі кеңістігінде де тараған ортақ реформаторлық идеяларға сүйене отырып, тәуелсіз әрі өз керегін өзі таба алатын республика құруға ұмтылды. Мұның маңызы айрықша еді. Өйткені жәдидизмнің өзі Еуропа державаларынан тәуелсіз, өз күнін өзі көре алатын қоғам құрудың жолдары қандай деген мәселеден туған қозғалыс болатын. Осы тұрғыдан алғанда, жәдидизм Ататүрік реформаларына орасан зор ықпал етті.

Әскер алдында тұрған Мұстафа Кемал Ататүрік, Грекияға қарсы тәуелсіздік жолындағы соғыс кезі. 1922 жылдың 1 ақпаны / Hulton Archive via Getty Images

Әскер алдында тұрған Мұстафа Кемал Ататүрік, Грекияға қарсы тәуелсіздік жолындағы соғыс кезі. 1922 жылдың 1 ақпаны / Hulton Archive via Getty Images

Реформалар жайына ойыссақ. 1928 жылы Түрік Республикасы араб жазуын латын әліпбиіне ауыстырды. Ататүрік тіл мен әліпби реформасын неге сонша маңызды санады? Қарапайым халық бұған қалай қарады?

Әліпби мәселесі Осман империясында әлдеқашан талқыланып жүрген. Бір ғасырға жуық уақыт бойы Осман зиялылары жазуды қалай реформалау керек деген мәселе төңірегінде пікір таластырып келген. Тіпті Ататүріктен әлдеқайда бұрын да әліпбиді толық ауыстыру жөнінде ұсыныстар айтылып қалатын.

Араб жазуын түгел алмастырмай, оны реформалауды көздеген талпыныстар да болған. Ғылыми тұрғыдан қарағанда, түрік тілі араб тіліне жақын емес, екеуі мүлде бөлек тілдер. Оның үстіне, түрік тілінде дауысты дыбыс өте көп, араб тілінде әлдеқайда аз. Соның салдарынан жазу мен тілдің табиғи қажеті арасында үлкен сәйкессіздік көзге ұрып тұратын.

1928 жылға қарай халықтың сауаты әлі де өте төмен еді. 1927 жылғы санақ бойынша, ел халқының он-ақ пайыздайы сауатты болған.

Ататүріктің Измирдегі әйелдер лицейіне келуі, 1931 жылдың 1 ақпаны / Wikimedia Commons, Public Domain

Ататүріктің Измирдегі әйелдер лицейіне келуі, 1931 жылдың 1 ақпаны / Wikimedia Commons, Public Domain

Сондықтан Ататүрік әліпбиді өзгерту керек деп ұйғарады. Бірақ бүгінгі таңда сол реформаны айтқанда, біз көбіне жазу ауысқанына ғана мән береміз. Шын мәнінде, оның мәні әлдеқайда терең еді. Әліпби реформасынан кейін елде Millet Mektepleri — «Халық мектептері» деп аталған оқу орындары құрылды. Бұл кәдімгі мектеп емес еді: олардың есігі жас-кәріге бірдей ашық болатын.

Бұл бастаманы қоғам тез-ақ қабылдады. Өйткені «Халық мектептерінде» жаңа әліпби мен жазу үйретіп қана қоймай, бастапқы білім де берілетін.

Түптеп келгенде, бұл реформа қоғам ішінде бұрын-соңды болмаған зор серпіліс туғызды. Оның үстіне, бұл процесс білім туралы түсінікті өзгертіп жіберді. Бұған дейін білім беру, ең алдымен, мемлекет қажетіне қызмет ететін адамдарды даярлау, болашақ мемлекет қызметкерлерін тәрбиелеудің құралы ретінде қарастырылатын. Жаңа көзқарас бойынша білім — халықтың құқығы деп танылды. Ендігі кезекте сауат ашу — шенеунік даярлаудың тетігі ғана емес, бәріне ортақ құқыққа айналды.

Қазан төңкерісінен кейін Түркияға татар, әзербайжан, қырым татарлары мен Орталық Азия зиялылары көп көшіп барды. Олар жаңа түрік ұлттық идеясының қалыптасуына ықпал етті ме?

Иә, олардың арасында Бұхарадан барғандар да болды. Мысалы, Түркияға кейін Осман Ходжаоғлы атымен танылған Усман ҚожаевiБұхара Халық Кеңес Республикасының бұрынғы басшысы, кейін Түркияға эмиграцияға кеткен, сондай-ақ басқа да көп тұлға ауып барды. Бәрі қатардағы жай адамдар емес еді. Бұлар білімді, ойлы, көбі саяси тәжірибе жинаған зиялылар болатын. Көпшілігі өз елінде, әсіресе 1905 жылдан кейін, саяси күрестің бел ортасында жүрген адамдар.

Түркістан мен Башқұртстаннан келген саяси эмигранттар, Ыстанбұл, 1926 жыл. Отырғандар (солдан оңға): Мұстафа Шоқай, Усман Қожаев, Зәки Уәлиди. Тұрғандар (солдан оңға): Әбділқадыр Инан, Мұстафа Шахқұлы / Wikimedia Commons, Public Domain

Түркістан мен Башқұртстаннан келген саяси эмигранттар, Ыстанбұл, 1926 жыл. Отырғандар (солдан оңға): Мұстафа Шоқай, Усман Қожаев, Зәки Уәлиди. Тұрғандар (солдан оңға): Әбділқадыр Инан, Мұстафа Шахқұлы / Wikimedia Commons, Public Domain

Олардың бәрінің саяси көзқарасы әлдеқашан қалыптасып қойған. Ақыр аяғында өз отанындағы күресте жеңіліп қалса да, олар аса құнды саяси тәжірибе жинады. Бұл тәжірибе жаңа республикаға айрықша маңызды болды. Мысалы, Түрік тарихи қоғамын құрушылардың бірі Юсуф Ақчура түрік білім жүйесіне, әсіресе тарих оқыту ісіне зор ықпал етті. Тағы бір көрнекті тұлға Садри Мақсуди Арсал түрік тілін дамыту мәселесімен айналысты. Сондықтан Түрік әлемінің зияткерлік мұрасы Түрік Республикасының негізін қалауға елеулі үлес қосты деуге болады.

Пантүркизм, яғни күллі түрік халықтарының ынтымағы туралы идея Ататүрік серіктерінің арасында кең тараған. Алайда Ататүріктің өзі бұл идеядан іргесін аулақ салғандай көрінеді. Неліктен?

Біз жәдидизм туралы айтып өттік. Шын мәнінде, Ататүрік те бұл идеялардан алыс болған жоқ. Ол Түркі әлеміне терең әуестік танытқан, әдебиет пен тілдерді зерттеген. Сонымен қатар ол мемлекет қайраткері, реалист әрі стратег еді. Сондықтан оның басты мақсаты — заманауи әрі тәуелсіз Түрік мемлекетін нығайту болатын. Ол қуатты әрі толық тәуелсіз Түрік мемлекеті болашақ Түрік әлемінің берік тірегіне айналады дейтін.

Ататүрік және Өкілдік комитетінің мүшелері. Сивас, 1919 жылдың қыркүйегі / Library of Congress

Ататүрік және Өкілдік комитетінің мүшелері. Сивас, 1919 жылдың қыркүйегі / Library of Congress

Сол себепті ол біраз уақыт мүддесін мәдени саладан асырмай отырды. Бүкіл аймақта әрі тұтас дүниежүзінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға ұмтылып, дәл осы жол Түрік Республикасын күшейтеді деп білгендіктен, Ататүрік саяси қадамнан саналы түрде тартынатын.