1939 жылы швед Аксель В. Перссон бастаған археологтар тобы Грекияның Дендра қаласына жақын жерден Микен мәдениетіне жататын зиратты тауып, қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл қорым Микена өркениетінің әйгілі қоныстарының бірі — Мидея шаһарының қирандыларынан бір шақырым қашықта орналасқан, сондықтан Мидея тұрғындары осында б.д.д. 1500–1180 жылдар аралығында жерленген деген болжам жасау қисынға келеді.
Археологтар арасында қалыптасқан әдет бойынша табылған қабірлер жоспарға енгізіліп, нөмірленді. Олардың №8 деп таңбаланған қабірден қоладан жасалған өте ерекше жауынгерлік қорғаныс құралы табылды. Перссон бұл бұйымды Микен дулығасының жаңа түрі деп санады және осы болжамға сүйене отырып, археолог жылқы қылымен безендірілген мұндай дулыға жауынгердің басында қалай тұратынын көрсетіп, реконструкция жасап шықты. Археолог өзінің реконструкциясын «Микен дулығасының жаңа түрі» деп атады. «Оның Гомер сипаттаған және осы уақытқа дейін оның комментаторларын ойландырған дулыға түріне толық сәйкес келуі таңырқатпай қоймайды», – деп жазды Перссон.
Агата Кристи айтпақшы, «Археологтар — өткен дәуір детективі». Өкінішке қарай, детектив Аксель Перссонның қолында дұрыс қорытынды жасау үшін «дәлелдер» жеткіліксіз болды. 1960 жылғы мамырда Н.М. Верделис пен К.-Г. Стирениус Пол Астрем бастаған грек археологтарынан біріккен экспедициясы Паул Астрём жетекшілік еткен швед әріптестерімен бірге сол Дендра қорымындағы қазба жұмыстары кезінде қорымдардың бірінен (№12 күмбезді қабір) б.з.б. 15 ғасырдың аяғына тиесілі тұтастай қола сауыт («паноплия» грекше — «тұтас сауыт») табылды.
Паноплияны құрайтын қола бөлшектердің ішінде «жаңа үлгідегі микен дулығасы» да болды, бірақ ол мүлде дулыға емес, екі иықбаудың біреуі ғана болып шықты. Бір қызығы, профессор Аксель В. Перссон бірден байқамай, дәл осы қабірдің төбесінен сынақ траншеясын қазып алған. Егер ол өзінің барлау шұңқырын (шурф) сәл батысқа қарай қазса, ол ашық кіреберіс шахтасын тауып, №12 қабірді қазып, «жаңа үлгідегі дулығаны» дегенді шығарып, оны реконструкциялаудың қажеті болмас еді.
Алайда, «дулығаның» құпиясын анықтау кезінде, табылған олжаға қатысты шешімі қиын түрлі сұрақтар туындады. Сауыт әуелі құйылып, кейін қажетті пішінін шығару үшін соғылған қола тақтайшалардан жасалған. Панполия арқа мен кеудені қорғайтын үлкен бөліктерден тұрады, сол жағында топсамен жалғанған — ол жауынгер ішіне ашып кіре алатындай етіп жасалғанға ұқсайды. Иықбау сауыттың үстіне қойылған және оларға қолын көтерген кезде жауынгердің қолтығын қорғайтын үшбұрышты тақтайшалар бекітілді. Мойынды жауып тұратын бөлек шомбал жағасы бар. Үш жұп қисық тақтайшаларды астыңғы жағынан, алдынан және арт жағынан бұқа терісінен жасалған баулармен, шап пен жамбасты қорғайтын етіп бекітетін. Балтыр қабы мен білек қабы да бар. Барлық бөліктердің жиектерінде былғары төсемді бекітуге арналған диаметрі шамамен 2 мм болатын тесіктері бар екен (оның шіріген қалдықтары ешкі жүнінен иірілген жіптерімен бірге табылды). Барлық элементтер былғары белдіктермен бекітілген, белдік өтетіндей етіп шамамен 4 мм болатын саңылаулар ойылған. Құрышпен қатар сол заманның стандарттарына сәйкес асқан бай және өте ықпалды біреудің қабан азуынан жасалған қорғаныс тақталары бар қарапайым дулыға табылды.iҚабан азуынан жасалған дулыға туралы материалымызға сілтеме
Паноплия бойы 175 см және салмағы 60–65 кг жауынгерге арнап соғылған. Яғни, оны киген сарбаз біршама сұңғақ адам болған. Құрыш сауыттың салмағы 15–18 кг тартады (қолданылатын астар материалдарына байланысты).
Тарихшылар бірден не тапқаны туралы жорамал жасай бастады ма? Сауыт мүлде ыңғайсыз көрінеді. Бәлкім, бұл патшаға арналған салтанатты сауыт болды ма екен, онда ол соғысқа арналмаған, ұлылығын әйгілеп тұру үшін жасалған ба? Бірақ неге дулыға мұнша қарапайым? Сонда, мұндай асыл текті жауынгердің аз ғана қола сатып алуға ақшасы жетпей қалғаны ма?
Дулығаның мәнісі тез анықталды: Микен сарайларында жеке қару-жарақ қоймасы болған, одан жауынгерлер әскери жорықтар кезінде барлық қажетті заттарды алып отырған, былайша айтқанда, «қол қойып» алған, яғни алар кезде тақтаға мөр басып кететін болыпты. Сондықтан олардың ешқайсысы өздеріне құрал-жабдықтар сатып алмауы заңды, онда ақшаның маңызы жоқ еді. Біз сөз етіп отырған жауынгер патша болмағаны анық, бірақ сонымен бірге оны қазынадан шығарылған сауытпен бірге жерлегені марқұмның жергілікті иерархиядағы ерекше дәрежесін әйгілеп тұр. Айтпақшы, Перссонның басқа бір қабірден тапқан иықбауы да ежелдегі зират тонаудың нәтижесі болмауы мүмкін. Бәлкім, ол марқұмның мәртебесін айқындап тұруы үшін қойылған әрі тұтас сауыттың о дүниелік болған жауынгерге толықтай бұйырмағанын білдіретін символдық мән шығар.
Ал егер олар шынымен паноплия құрсанып шайқасқан десек, ыңғайсыз болмады ма екен? Тура бір роботтан айнымай қалушы еді ғой. Ондай бұрылуға келмейтін сауыт киіп соғысу деген азап. Ғалымдар мұндай сауытты арба үстінде соғысқан жауынгерлер киюі мүмкін деп болжайды. Расында да, микендік қабір тастарының бірінде осындай сауыт киген жауынгер бейнеленген, ол суреттен сарбаздың күймеде тұрып, жаяу әскерді ұзын найзамен түйреп жатқанын көруге болады.
Жаяу әскердің мұндай сауыт құрсанып қаншалықты соғыса алатындығын тексеретін эксперименталды сынақ жүргізілді. 2018 жылы грек археологы Спирос Бакас архаикалық стандарттарға сәйкес қоладан құйылған паноплияның дәл көшірмесін жасап, сауыт-сайманды мұқият қайта қалпына келтірді. Бұл сауыт киіп, найза және қылышпен шайқасқандағы жауынгердің ептілігін бағамдауға мүмкіндік береді. Оның салмағы мен күрделі дизайнына қарамастан, сауытпен күресуге әбден болатыны анықталды.
Ал 2024 жылы профессор Андреас Флурис басқарған Грекияның Фессалия университетінің зерттеушілері Дендра сауыттарының көшірмелері мен Микен дәуірінің әртүрлі қаруларын қолданып жаңа тәжірибе жүргізді. Ол Гомердің «Илиадасындағы» Троя соғысындағы он күндік шайқастың толық сипаттамасына негізделген. Сынаққа 13 грек теңіз жаяу әскері өз еркімен қатысты, олардың антропологиялық параметрлері б.д.д. 12 ғасырдағы адамдарға сәйкес және жасы бойынша, шамамен, Ахей циклінің кейіпкерлеріне келеді. Ол кезде адамдардың бойы тапал, бірақ сымбаттырақ болған және ұзақ жасағандары көп емес. Теңіз жаяу әскері ежелгі грек диетасын ұстануға мәжбүр болды: кешкісін тек ет пен қызыл шарап, ал күндіз тек нан, ешкі сүтінен жасалған ірімшік, зәйтүн және су. Оларға сол кездегі қару-жарақтарды қолдану және көне дәуірдің қоршау техникасы бүгінгі күнге дейін жеткен суреттер мен сипаттамаларға сәйкес үйретілді. Күнделікті «жауынгерлік эпизодтар» Илиададағы сипаттамаларға сәйкес ойналды, соның ішінде шайқастардың басталу және аяқталу уақыты, ауа райы және т.б. шарттарды сақтап отырған. Гомердің айтуынша, олар Троя қабырғаларының астында таңғы сағат жетілер шамасында шайқаса бастаған, ал кешкі алтылар шамасында тынығуға кеткен.
Осылайша, грек теңіз жаяу әскерлері ыстық күнде 11 сағат бойы Микен қоласын құрсанып, шын соғыстағыдай «соғысуы» керек болды, бірақ дәл Гомердің айхейліктеріне ұқсап, жүрек жалғап алып шайқасқан.
Дені сау жас жігіттер қылышпен, найзамен жаттығу жасап, ежелгі шайқастарды егжей-тегжейлі меңгеріп, жаттыққан, ал ғалымдар оларға сынақ жүргізіп, жалпы жағдайына баға берді. Нәтижесінде Дендрадан табылған сауыт жаяу шайқас үшін өте ыңғайлы екені белгілі болды. Ол сауытты киген жауынгерлердің тәні аздап қажалып, қызуы сәл көтерілгенін байқаған (бұл таңғаларлық жағдай емес, әрине).
Бұл сауыт садақшыларға тым ыңғайсыз, ол сондай шомбал әрі қорамсақтан жебе суырып, садақ тартуға қиындық келтіреді. Бірақ арбадағы әскер мұндай сауыт кисе, өзін керемет ыңғайлы сезінеді. Сонымен қатар, сауытты микендік үлгілерге сүйене отырып қалпына келтірілген қола қылышпен шапса да, найзамен түйресе де, жебе тисе де тесілмеген. Мұндай ғажап сауытты қола дәуірінің «дербес танкі» деп атасақ болады. Бұл жерде зейінді оқырман: «Илиадада» мұндай сауыт қайдан жүр?» деп таңырқауы мүмкін. Шынында да, барлық мүсіндерде, ежелгі ваза суреттерінде және тіпті қазіргі заманғы балалар кітаптарында ахейлер сымбатты бұлшық ет сипатты сауыт пен қола дулыға кигені бейнеленген! Ал мұнда бір ақылға сыймайтын архаика бар!
Ежелгі дәуірде де ұлы поэмаларға арналған барлық иллюстрациялар Троя соғысы батырларының даңқы жалпыхалықтық сипатқа ие болғаннан кейін ғана поэмаларда сипатталған оқиғалардан әлдеқайда кейінірек жасала бастады. Бізге жеткен алғашқы суреттер біздің дәуірімізге дейінгі 11–18 ғасырлардан беріректе, яғни Троя соғысынан кейін шамамен үш жүз-төрт жүз жылдан соң жасалған.
Ал сурет авторлары, әрине, өз заманындағы батырлар киген сауытты салды, ол кезде археология дегенің әлі белгісіз және тарихи сана әлі қалыптаспаған-ды. Ал сол ғасырларда темір ұстасы мен металлургия әлдеқайда жеңілдеп, жетілген және анатомиялық тұрғыдан ойластырылған сауыт жасауға мүмкіндік мол болды.