ӘЖЕМ АЙТҚАН ҮШ ӘҢГІМЕ

Батыс Қазақстан облысы

Мазмұны

(Әжемнің ныспысы Ұлдай. Бұл есімді әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанарында қойып кеткен. Есімнің тағдырға әсері сынды тылсым құбылысты былай қойғанда, сол кезгі тұрмыс күйі қыз болып еркелеуге қолайсыз да еді. Әжемнің әңгімесін тыңдай қалсам, бала күнінен есте қалған оқиғаларын баяндай келіп, бастауыш мектепте оқып жүрген кезін жиі сөз етеді. «Қазір ойлап отырсам, өзіме де ертегі секілді» дейді сосын.

Ауылүйдегі әжемнің бөлмесі – бір әлем, бірнеше кезеңнің «куәгерлеріне» толы кеңістік. Ішінде не бар, не жоғынан хабар бермейтін көне сандық, шаң басқан төрт-бес шабадан қыз күнінен бері бар. Ал оларды өзімен бірге отырып ақтарсам, оқушы кезінде қолданған бұйымдары, ұшталмаған қарандаштар, сиясауыт, дәптерлер, қаламұштар, есепшот пен газет-журналдың қиындыларын табамын. Осы заттардың қай-қайсысын да қолыма алып, сұраулы жүзбен қарай қалсам, «бар мүкәмалым осылар ғой, қалай көзім қиып лақтырып тастайын» деп бір күрсініп алатыны бар. Одан бөлек зат сақтайтын қойма-сарайда «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат» журналы) секілді басылымдардың он-он бес жылдық нөмірлерінің жинағы сол күйінде тұр. Бұларды да от пен судан сақтап келген әжем. «Сендер оқысын деп жинай беріппіз» дейді. Неткен мұқият жан деп таңғаламын.

1 / 2

Сексеннен асқан әжем әлі де жас баладай оқуға құштар. Жаңадан кітаптар шықса, мен арқылы алдыртып алып оқитын. Менің жазған-сызғанымды, тіпті мен құралпы ақын достарымның өлеңдерін, әңгімелерін қағазға шығартып алып, көзі талғанша оқып, кейде жаттап алатын әдеті бар. Тек, әттең, қазір көз-жанарының нашарлап кеткені қинайды.

Осы байқау шарты жарияланғанда әжеме қоңырау шалып, бұрын айтқан әңгімелерін қайталап айтуын өтіндім. Әуелі, «оны не қылмақсың?», «менде не қызық бар дейсің...», «кез келгенді жаза берме!» деп өзіне тән мінезімен сәл бұлданып алды. Ал мен «әр адамның өмірі жазуға лайық» деймін. Міне, балалық шағына байланысты шағын новеллаларды әжемнің атынан баяндамақпын.)

І. ТҮЙЕ МІНГЕН ҚЫЗ

Құмды даладағы жалғыз үй – нағашыларымның шаңырағы. Әкем соғысқа кеткен соң, шешеме ілесіп осы үйге келгем. Мұнда шешем екеуімізден бөлек нағашы атам мен әжем де тұрады. Біреуден ілгері, біреуден кейін қоңырқай тіршіліктің тынымсыз тырбаңымен күн кешеміз. Менің бастауыш мектепте сауаттанып жүрген шағым. Үйдегілер қолынан келген жұмысын істеп жан бағады. Сабақтан тыс уақытта үйдің ішкі-сыртқы шаруасын мен атқарамын. Сол кездің өзінде атамның қасында жүріп, қора-қопсы жұмысының қыр-сырын үйреніп алдым. Атты да ерттеймін, мал бағамын, шөп шабамын, отын тасимын.

Күн керуені жылжып жатыр. Күндегіден айырмасы жоқ таң атты. Мен ұйқымнан оянып мектепке әзірлене бастадым. Табақтай болған әліппе кітабын шешем тігіп берген киіз сөмкеме салып алдым. Сөмкемнің ауызы кілттенбегенімен, жақсылап жабылатындай етіп жасаған. Дүкеннен алғандай әп-әсем. Ұзыннан шұбатылдырып бау да тағып қойыпты...

Мені сыртта түйем тосып тұр. Мектепке қатынайтын көлігім – сол. (Кейде жолай өзім қатарлы қыздарды да мінгестіре ала кететінім бар. Өркештің ортасына сыймай қалсақ, мен ылғи түйенің мойнына мініп алушы едім...) Көзі жәудіреп, сағыз шайнаған балаша маңғаздана күйсейді жарықтық. Ақырын жанына барып, сипалап, еркелету сөздерін айтып, «шөк, түйем, шөк» деймін. Пәрменімді бұлжытпай орындайды. «Екі өркеші баладай» деген теңеуге келіңкіремейтін, арық еді. Өркеші бір жағына қарай жапырылып жатады. Сол жапырылаған өркешінің қарсы бүйіріне әлгі киіз сөмкемді бауынан іліп қойдым. Ұзын қылып тіккені осыған ыңғайлағаны екен. Сонсоң өзім мініп алдым. «Шүу, жануар, шүу, кеттік мектепке!»

Алдымда жеті шақырым жалғызаяқ жол. Маң даладан маң-маң басып мектепке уақытылы жете алмақ жоқ. Сол үшін әлсін-әлсін желдіртіп аламын. Қос өркештің ортасында қомпиып мен отырмын, селкілдеген сайын шаттығым оянып, сергіп кетемін, бүйіріне соғылған киіз сөмкемнің де шаңы қағылып қалады. Мектепке барғанша түйеммен сырласып, сөйлесетін әдетім бар. Жол серігім де, жан жолдасым да сол түйем болған. Оған армандарымды айтамын, күндегі болған жайттың бәрін соған баяндап беретінмін. Әйтпесе ол заманда баламен тілдесіп, жай-күйін тәптіштеп, тәрбиесін қадағалап жүретін үлкендердің уақыты тапшы ғой...

Ирек-ирек құмды даланы кезіп, көш-керуеннен бөлініп қалғандай жалғыз-жалқы боп келіп, оқушылар қоғамына кеп қосылдым. Мен сияқты балалар жан-жақтан ағып-тамып келіп жатты. Мен түйемнің бұйдасын түріп, сирағына тұсау салып, ойсылқарамды отқа жібердім де, қоп-қоңыр партама кеп қонжия кеттім. Терезден түйемнің жайылып жүргенін ауық-ауық қарап қоямын. Ұзап кетсе я көзден таса қалса, бірден мазам кетеді, бар зейінім сыртқа ауып, тыпырши бастаймын...

Заманның тарлығы, тұрмыстың тауқыметі мектептегі сабағыма кедергі болған жоқ... Озат оқушылардың қатарынан едім. Әсіресе математиканы жақсы көрдім. Есеп шығару жанымды рақатқа бөлейтін. Құдды бір тоқыманы тарқатып қана отырғандай әсер етеді. Темірдей тәртібім де осыдан, бәлкім. Кейін сол қабілетім өмір бойына көмектесті. Істеген қызметім де есеп-қисапқа тікелей қатысты. Тек жазуым нашарлау еді. Әлі күнге әріптерді түйенің табанындай етіп арбитып-арбитып жазам.

Түске дейін сабақтар тәмам болды. Ендігі жұмысым – аман-есен үйіме жетіп алу. Қанша дегенмен, жапан түз ғой. Аң-құс бар дегендей. Соның ішінде жыланнан қатты қорқамын. Түйенің үстінде отырсам да, үрейлі суық кейпі зәремді ұшырып, аяқ-қолымды қалтыратып жібереді. Кейде түйемнен түсіп, ыстық құмда қоңылтаяқ жүгіріп-жүгіріп алатыным бар. (Бұл дегенің денсаулыққа өте пайдалы. Қазір бұл әдісті медицинада қолданып жүр емес пе.) Міне, сол кезде жәндіктің, құрт-құмырсқаның сан түріне кезіккем...

Иә, содан... сөмкемді құшақтап мектептен шықтым. Сыныптас балалар түйесіне, жылқысына мініп қайтып барады. Кейбіреуін әкелері келіп алып кетіп жатыр. Енді бірінің үйі таяуда. Осы жақын маңда тұратындарына қатты қызығатынмын. Оқитын жеріңнің жақын болғаны жарты бақыт қой, асылы...

Мектептен шыға сала көңілімді алаң билеп қоя берді. Әрі қараймын, бері қараймын, түйем көрінбейді. Шап-шағын мектепті қанша айналсам да, таба алмадым. Көзім жетер жердің бәрін шолып шықтым – жоқ. Жанымды уайым қысып барады. Ол кезде кімнің жағдайы жетісіп жатыр дейсің, ұрлап кетуі де мүмкін... «Құдай-ау, басқасы басқа, осы түйемді жоғалтпайыншы, табылса екен, табылса екен» деп күбірлей бердім. Кез келгенге көңілім түсе беретін боркемік емес едім, бірақ бұл жолы көзімнен еріксіз жас ыршып кетті. Оқушылардың бәрі үйлеріне қайтып үлгерген. Бір-екі мұғалім ғана қалыпты. Олар да қайтып кетеді-ау...

«Енді жеті шақырым құм жолмен жаяу қалай қайтам, енді бұдан кейін қалай қатынаймын... енді қайттім?» деп өкіріп отыра кеттім. Қайтадан тұрып қаралай берем, қарайғанның бәрін түйем екен деп қалам. Біраз жерге дейін тапырақтай жүгіріп барып, басқа бір нәрсе екеніне көзімді жеткізіп, қайта шауып келем. «Тұсауы қалай шешіліп кетті екен...» Амалым таусылып, жер тебініп, мектепке келдім. Есікті тарс жауып партама отырып жылай бердім. Мұғалімім келіп, «неге қайтып келдің?» деп жатыр...

Күтіп отырмын... күтіп отырмын... «Үйге қайта берсем қайтеді екен» деп бір ойладым да, шығып алып жаяулап жүре бердім. Сөмкемің бауы салақтап сары құмды сызып із салып келеді. Екі шақырымдай жүрдім, шыдай алмай қайыра мектепке тарттым. Қайтадан сыныпқа келіп отырдым сосын. Үміт, шіркін, үзілмейді ғой. Біраз уақыт өтіп кетті. Үй ішім де кешіккенімді уайымдап та жатқан шығар... Терезеден елеңдеумен қанша сағат отырғаным жадымда жоқ. Не қыларға білмей, сыртқа шығам, қайтадан кірем. Тентек қойдай бір барған жеріме жүз барам. Мұндай уайымның улы дәмін алғаш рет татуым сол шығар, бәлкім. Әйтпесе күні бүгінге дейін есімнен кетпейтіні несі?..

Сансырап сыныпта отырмын. Бір кезде терезеден бір соқталдай ер адамның кетіп бара жатқан сұлбасы көрінді. Табалдырыққа сүріне жаздап, мектептен атып шықтым. Иә, құдай! Түйем келіпті! Әлгі ер адам рұқсатсыз мініп, шаруасына пайдаланып, қайтадан әкеліп қойып, кетіп бара жатқаны екен. Ақ терге малшынған өркештіме жақындап сипалай беріппін. Жасым тиылса да, өксік-ентігім кеудемнің іш жағынан әлсін-әлсін түйіп қалады. Әлгі кісіге деген ызам келіп үлгергенше, тұла бойымды табылған түйенің қуанышы кернеп кетті...

ІІ. МАХОРКА ДА ПАЙДАҒА АСТЫ

Бастауыш мектептің соңғы жылы еді. Мектептен үйге қайтарда атымды ерттеп тұрмын. Күннің ыси бастаған кезі. Атым қайта-қайта құйрығын сілки береді. Кенет бір көк шыбын әп сәтте көз алдымнан ұшып өткендей болды. Көзімді бір уқалап қойдым. Жалынан қармап, атыма қарғып міндім. Үйге қарай аяңдап келем. Жол үстінде әрнені бір ойлап, жаттаған тақпақ-өлеңдерімді қайталаймын...

Бір кезде көзімді тағы да уқалай бастадым. Сәл ауырғандай болған. Жолдың біраз шақырымын жүріп тастағам. Қарсы алдымнан шақырайып күн түсіп тұр. Көзімнің жасаурағаны күн қызуынан ба деп алаңдай қоймадым... Бір кезде көзім аштырмауға айналды. Түйіліп ауырып, қақсатып барады. Бір көзімді тас қып жұмып алдым да, үйге қарай шаба жөнелдім. Жылатардай ауырып барады. Бір көзімнен ғана жас ағып келеді. Тізгінді бір қолыммен қысып ұстап, алма кезек көзімді жаба берем. Әлі қаншама жолды жүру керек. Үйге жеткенше соқыр болып қалмайын деп қорқып барам. Жан тәтті ғой, атқа қамышыны салып-салып жібердім. Құйғыта-құйғыта келіп үйге де жеттім. Аттан секіріп түстім де, ойбайлай өкіріп шешеме келдім. Көзімді аша алмай қалдым. «Ал қолыңды көзіңнен, не болды?» деп безек қағып шешем жүр, жарықтық...

Атам мен әжем үшеулеп, қолымды басып мықтып басып отырып, көзімді ашып қараса, көк шыбын тышып кетіпті. Ол пәлең түу мектептен үйге келгенше жыпырлап құрттап үлгерген. «Енді қайттікке» басып, сарсаңға түстік. Әжем болса зарлап қоя берді. Ем-домын істей қоятын жақын маңда аурухана, дәрігер дегенің атымен жоқ. Ай, құдай-ай, сол кезде қазіргідей телефон болғанда деймін ғой... Көзімді қайта-қайта жуамыз келіп, жуамыз келіп... Айла-шара түгесіліп, көзімнен бір көзімнен айырылдым деп ойладым... Жанымды қоярға жер таппай кеттім...

Атам сол кезде есік алдына шы,ып кеткен. Құдай айдап бір аттылы адам келе қалыпты. «Әй, темекің бар ма?» деп жатқан атамның даусын естіп қалып, ішімнен: «қысылтаяңда темекі сұрағанына жол болсын» деп ойлап та қоямын. Бір кезде әлгі жолаушы гүрс-гүрс басып үйге кіріп келмесі бар ма. Жаныма келіп тізерлей отыра кетті де, қалтасынан махоркасын шығарып менің көзіме сеуіп жатыр... Жаным көзіме көрінгені-ай!

Сөйтіп, бір азғантай уақытта көзім шайдай ашылды! Тұла-бойым босаңсып, рақат тауып ұйықтап кеттіппін. Сөйтсе, әлгі сол кездегі газетке орап тартатын махоркасы шыбын-шіркейді өлтіріп тастайды екен ғой. Баланың періштесі жебеп жүреді деген рас екен-ау. Ол жолаушы келмегенде бір көзімнен айырылып қалмар ма едім, құдай біледі...

Кейін есейе келе сол махорканы тұрмыста пайдаланатын болдық. Бөріктерді, киіз байпақтарды және басқа да киім-кешекті шифоньерге жинап салып қоямыз ғой. Сол кезде киімнің арасына махорканы мол қып алып, әр жеріне бір сеуіп тастайтын едік. Ол киім-кешекті күйе түсіп, құрт жеп кетуден сақтайды.

ІІІ. КАПУСТИН ЯР

1952 жылы Батыс Қазақстанның Ресейге таяу қоныстанған халқын Оңтүстікке көшіріп жіберді. Мұның себебі – зымыран сынағы зардабының алдын алу. Сол жылы еңбекке жарамды жастармен бірге менің шешем де кетті. Жапандағы жалғыз үйде ата-әжемнің қолында қалдым. Бұл кезде бастауыш мектепті аяқтаған едім. Ендігі ата- әжеме түскен уайым – «бұл қызды қайда оқытамыз?»

Сөйтіп, мені атам «Бесінші колхоздағы» мектептің бесінші сыныбына беріп, бөтен бір кемпірдің үйіне аманаттап кетті. Енді мен оқуымды осы үйде жатып жалғастырмақпын. Ол үйдегі құсалықпен өткен күндерім әлі есімде... Әлгі кемпірдің менен біраз жас үлкен немересі бар екен. Екеуі ғана тұрады.

Мен бұл үйге қонақ болып келмегенімді біраз күн өткен соң анық түсіндім. Керісінше, қолбаласы атандым. Менің қолымнан үй шаруасының бәрі келетінін біліп, жұмсаумен болды. Кіріптарлық барда, қайсар мінезің құйрығын бұтына қысады. «Мен келгенге дейін қалай күн көрген» деп ойлаймын іштей. Бойжетіп келе жатқан қыздың емес, бесінші сыныпты енді аттаған менің жұмысым – су тасу. Зіл қаратас иін ағашты асынып барып, ауыл шетіндегі шығыр құдықтан су тартамын. Қос шелекті толтырып үйге әкелемін. Осы шаруа күн сайын қайталана беретін. Кешкісін жарғақ құлағым жастыққа тиісімен, шеткіз-шекіз ойға шомып, балалық сағынышым жанымды сыздатып сала береді. Терезеден ай көрінеді. Ай жүзінде «иін ағашпен су тасыған қыздың бейнесі бар» дейтін үлкендер. Ай толған шақта сол суретке қарап қана жатушы едім...

Мектепке барып жүрмін. Бағдарламасы да қиындай бастады. Сол кезде үйдегі қыздан көмек сұраймын. Тәңір жарылқағыр, мені шаруаға салғанымен қабақ шытып, бөтенсіген емес. Сонысына да разымын. Үйреніп қалған тірлігім ғой, бұлданбай істей беретінмін. Бірде отын шауып әкелуге жіберді. Ол кезде адамдарда мал да жоқ-тын. Сондықтан теріп-жинап келе қоятын жапа-тезек бола бермейді далада. Орағымды алып далаға кетем. Жыңғылды екі бума қылып буамын да, арқама сөмкеге ұқсатып артып алам. Көрген адамдар «мына қыз кіп-кішкентай болғанымен, ыңғайды біледі, ә!» деп таңданысып жататын. Сондай кезде далада жүріп шаршағанымды шын сезінген кезде, Ресейдің сол бір ісін тілдеп алатын едім. «Біздің колхоз да дәл сол полигон кеселі көп тараған жерде болғанын қарашы...»

Халықты көшіргенімен қаншама адамның ұрпағына уы тарап үлгерді. Кейіннен есейе келе білдік қой, керең болып, мылқау болып туған балалардың саны күрт көбейді. Ол әлгі күнге дейін бар...

Бір күні мені бұзау іздеуге жіберді. Маған бұл жұмыс ұнайтын-ды. Рақаттанып далада асыр салып жүгіріп-шауып аласың. Сол күні үйден тым ұзап кетіп, адам бойынан биік өскен жыңғылдардың арасына кіріп кетіппін. Жүгіріп келе жаттым да, кілт тоқтадым. Зәремнің ұшқаны-ай сондағы! Қақ алдымда екі де екі метр қылып тоқыған өрмек тұр. Анау торға абайсызда ілініп қалсаң, шырамаласың да, қаласың. Дәл ортасында тышқанның үлкендігіндей болып қап-қара бүйі жабысқан. Сол қара бүйі көз алдымнан кетпейді. Үрейден жаным шошып қарап тұрып қалдым. Көз алдыма бұрын көрген бір көрініс келе қалды.

Бұрын ауылда бір адамды бүйі шағып алған. Дәл осылай жыңғыл арасында жүріп торына түсіп қалған ғой. Егер уы тарап кетсе бірден ажал құштырады. Содан әлгі адам ауылға жанұшырып жүгіріп келгенде ауыл адамдарының оны қалай емдегеніне куә болғам. Былай істейді екен: әлгі бүйі шаққан адамды бір отар қойдың ортасына отырғызып қояды. Сонсоң жан-жақтан қаумалап, қойларды кісіге қарай айдай бастайды. Бір кезде бір қой барып, әлгі адамның бүйі шаққан жерінен қайта-қайта жалайды екен. Сөйтіп, жәндіктің уы қойдың тіліне көшеді де, ал қой болса бірден құрбан болады. Міне, осы қорқынышты оқиға әлгі торға түсіп қала жаздаған сәтімде көз алдымнан өте шыққаны бар...

Далада сан қилы оқиғаға кезігіп жүріп, апақ-сапақ мезгілде алқам-салқам болып үйге қайтамын. Шаруаға келгенде тындырымды едім. Олардың маған айтар арыз-шағымы болмаған шығар, сірә... Осылай бір жыл өмірім бөтен үйде өтті. Оңтүстікке кеткен адамдарды, белгілі бір себептермен, бір жылдан соң, қайтадан елге оралтты. Оқуды жалғастыра бердім. Одан кейінгі өмірдің шым-шытырығы да жетерлік. Бәрін айта берудің маңызы бар ма?..

Әжетай, не істеп отырсың дәл қазір?

тіршілік пе, ойға бұғау, жанға зіл?

Шалағайлау «балаң» сенің бұл күнде, шалғай...

жо-жоқ, шалғай емес, осы жақын маңда жүр.

Әжетай, не істеп отырсың, данам-ай?

Теледидардан не айтып жатыр қоғам жайында алағай?

Әлде бір кітап алдырып алып әкемнен,

оқып жүрсің бе, талаптанған жас баладай?

Әжетай, өр мінезіңді сағынып кетем,

тас төбемнен кеп ұрғанда ой.

Бұралаң жолға күштеп әкеліп бұрғанда ой.

Сен енді нені аңсайды екенсің осы күн,

Менің мұңдарым көзілдірігіңнің қалыңдығындай мұңдар ғой.

Есер болуға азғантай қалған еркең —мен,

Барлық күдерін күрмеп-ақ қойған ертеңге.

Қырық түрлі айла құрығын сайлап әзір жүр,

Осындай шақта отырғызып ап алдыңа,

«Қырсық боп өс!» деп иіскесең ғой бір желкемнен.

Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ

1 / 6
1 / 4

Нұртілеу Қадырқұл

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ