ӘЖЕМНІҢ АҚИҚАТЫ

Шалқар ауылы

Төменде баяндалғалы отырған әңгімелер менің әжем Әбілхалымқызы Назираның (1935-2023), өз немересі, маған жеткізген құнды естеліктерінен құралған. Әжемнің көзі тірісінде балалық шығымның ең қызық ертегілеріне айналған бұл әңгімелер енді менің сөздерім арқылы өрілмек. Жазылған жолдар өне бойында шытырман мен аңыздарға ие болса да, мұның бәрі - мен үшін шынайы әлем. Себебі, бұл - менің әжемнің ақиқаты.

Сайынның әкесі және Жанаман Ақын жайында

Ақтөбенің Шалқар атты шағын қаласында Жанаман Ахун атындағы мешіт бар. Мешіттің аты берілген Жанаман Сейтімұлы атты бұл кісі кезінде Қарғалы медресесінде білім алып, кейіннен Хорезмде, ал қызыл империя тұсында қазіргі Өзбекстан еліндегі Бесқала өңірінде ғұмыр кешкен дін қызметшісі екен. Ол қуғын-сүргін азайған тұста туған жеріне қайтып келіп Шалқар мешітінде өмірінің соңына дейін имамдық қызмет атқарады. Бұл менің әжемнің әңгімелерінде бой көрсетіп тұратын Жанаман Ақын еді. Қасиет қонған бұл жан Кеңес үкіметі кезінде көп тепкіге ұшыраған деседі. Шынында да, тепкіге. Өтірік-шыны аралас десеңіз де, Жанаман ақын құдай үйінде құлшылығын жасап, намаз оқып жатқанда ма, не оқып болған сәтінде ме, әйтеуір қазақ даласына көп қанмен келген кеңес солдаты әлгі адамды молдасың деп артынан тепкен деседі. Молдасың деп пе, әлде қазақсың, қара халықсың деп пе, оны біз енді білмейміз. Бірақ ол солдат өз есесін сол мезетте-ақ алған екен. Шынында да, халық қасиет қонған деп сенген бұл жан әлгі адамның бетіне қарғыспен түкіреді. Имамның қарғысы әлгі тұрған солдаттың, солдат емес қайырымсыз жаттың бетін солға қарай қисайтып жіберіпті деседі. Ашуға булыққан басқа кеңестік жендеттер Жанаман ақынды темір тордың арғы жағына қамайды. Қамағанмен, қарғыс қайтпайды. Қайдан қайтсын?! Бірақ бұл көпке созылмайды. Келесі күні-ақ әлгі байғұс, байғұс емес-ау, бейшаралықтан амалы құрыған солдат имамға келіп көз жасын бұлайды. “Ағакеу, кеш, бетімді орнына қайтар” деп жалбарынады. Қарапайым дала жаны Жанаман ақын “кештім” деумен-ақ жалынғанның бетін орнына қайтарып, құрсаудан босап шыға барады екен.

Кеңестік қысым бұл молдағаға ғана тимегені анық. Әжемнің арасы алыстау болғанымен, іргесі жақын болған ағасы Сайынның балалығынан бір әңгіме жеткен екен. Сайынның әкесін үкімет пен жергілікті жендеттер, оның ішінде сол жердегі қазақ та бар, халыққа жаусың деп атуға жаза кеседі. Әкесін мұндай жаман атқа душар еткенде, Сайын анасының құрсағында болыпты. Ал туған шақта әкесі темір тордың ар жағында болыпты. Туғаннан соң шешесі қолына алып, қамауда уақытша жатқан әкесіне шақалақ Сайынды апарып көрсетіпті. Терезеден жай ғана сөзсіз көрсетіп қоштасыпты. Бұл тек темір торға бұғатталғанның қош айтысуы емес, ажалға душардың қошы болады. Әкесі көп ұзамай өлім жазасына кесіліп, совет мылтығынан көз жұмады. Кішкентай Сайын осылай жетім болады. Үйіндегі үлкен кемпір бұл баланы жамандыққа телиді. Өз ұлының осылайша қыршыннан кеткеніне ашуы болар, немерені әкесінің өліміне себепкер көріпті. Әкесі өлгенде туған, өмірге кеп өзгенің өліміне себеп болған деген ауыр ойлар ауыздан ауық-ауық қана шықса да, қатал ананың жадында жүре беріпті.

Кеңес озбырлығы әркімге әртүрлі әсер бергендей. Бірінші кейіпкерге өз құдайына адал боп, сеніміне селкеу түсірмеуге бұғау жасаса, екінші әңгімеде тұтас бір отбасыға үлкен қайғы қасірет әкелгені анық: біреуді әкесіз жетім етті, біреуді жарсыз жесір етті, ал тағы біреуді қайғы мен ашудан айналасына кесір етті.

Арзамас - Аманжолдың тағдыры

Кеңес кезеңінде қазақ отбасына тиген қайғының бір мысалы біздің отбасынан да табылады екен. Бұл тек әжемнің ғана емес, әулеттегі XX ғасырдың 50 мен 60-жылдары естияр болған барлық адамға ортақ естелік. Бұл әкемнің немере ағасы Имантайұлы Аманжолдың қиын тағдыры. Әскерге алынғаннан соң Кеңес Одағындағы ең жабық және құпия қалалардың бірі болған Арзамасқа солдат боп барған Аманжолдың бас-аяғы тоғыз айдың ішінде мүшкіл мүгедек күйде ауылға оралып, қанша жыл азап көріп дүниеден озғаны отбасыдағы бір жараға айналған екен. “Әскерде бірдеңе болған. Радиоактивті нәрсеге денесі күйіп қалған.” Кеңес әскерилерінен жақындарының бар біле алғаны осы екен.

Кейіннен білдім, Арзамас-16, Горький-130, Кремлев, Арзамас-75, ал қазір Саров. Аманжол барған бұл қаланың бір емес бірнеше атауы болған екен. Бір кездері, тіпті, ешбір картада белгіленбеген бұл қала Кеңес Одағының ең жасырын, жабық аймағы болған десек те артық емес секілді. Кеңес Одағындағы ең алғашы атом жобасы осында құрылып, 1949 жылы Қазақстанның Семей өлкесінде алғаш рет атылатын атом бомбасы осында жасалған екен. Біреуге көптеген қайғының себепшісі, біреуге, керісінше, керемет жаңалықтардың жаршысына айналған бұл қалада 1977 жылы, қандай көлемдегі екені белгісіз бір қайғылы жағдайда сонда әскери қызметке барған қазақ жігіті ауыр жарақат алады.

«Келген шағында өзімізді танығанымен, ауызынан сөздері әрең шығатын еді. Төсек тартып жатып, кейіннен барып қана аяққа тұра алатын болды. Екі үй арасында аяңдап жүріп, арасында «мама, қарным ашты» деп келіп тұратын еді» деп еске алады әжем. Иә, шынымен де, аяққа тұрады, ісігі басылып, күйік терісі қалпына келгендей болады. Бірақ жағдайы түзеліп кете алмайды. Ауру бәрібір демдеп кейін 1984 жылы қайтадан төсек тартып жатып қалады. Бірақ бұл жолы қайта басын көтермейді. «Халін сұрап қасына барғанымда көзінен жасы ағып үнсіз жатқан бейнесі әлі көз алдымда» дейді әжем. «Көрші жердегі молданы шақырып, кереуеттен жерге түсіріп жатқыздық. Әжесі, анасы, мен, тағы да бірнеше адам боп қасында отырып ақтық сапарға шығарып салдық. Кәрі әжесі «Қыршыннан кетті! Тым болмаса артында ұрпақ та қалмады!» деп зарлап қоя берді». Бұл менің әжемнің көзі тірісінде айтқан сөздері. Шынында да, осылайша, әскерге барып, ақыры аяғында бір сөз айтарға амалы құрып дүние салған Аманжолдың тағдыры Кеңестік өткен мен қазіргі Қазақстан туралы көп ойларға жетелейді.

Соғыс жылдарындағы қазақ даласы

“Мұның бәрін қайда даярлап жатырсыңдар десе, “соғысқа!” дейміз. Бірақ соғыстың не екенін білмейміз”. Әжем соғыс жылдарында бала болып, тылдағы қызметте ауыл аналарына көмек қылады. Ауыл халқының берері сүт өнімдерін жиып, күн сайын орталыққа жіберіп, майданға көмек қылған болады екен. Бірақ мұндай ауыр еңбек ол уақыттың тек бір бейнесі ғана. Әжем айтқан суреттеулер мені құлазыған сезімдерге жетелейтін. “Мылтық ұстай білмейтін ауылдың шалдарына дейін алып кетті… “Қара қағаз” келіп жатады, мынандай жерде қайтыс болды пәлен деген адам деп. Ауылдар ығы-жығы, у-шу жылап жатады… Көп адам оралмады. Біріндеген-біріндеген адам келді, аяғы, қолы жоқ, бармақтарын оқ алып кеткен.”

“Әкем күндіз ауыл арасында пошта тасып, түнде совхоздың сиырын бағатын. Бір күні үйге милиция келді. “Мынау Әбілхалым, Сермағанбет деген соғыстан қашқан қашқынның қайда екенін біледі. Түнде мал бағады, сол кезде оған тамақ апарып береді” деп. Біз баламыз, милиция келеді дегенде көрпенің астына тығылып қалдық. Әкем ештеңе білмеймін деді. Милиция мылтығын әкемнің кеудесіне тақап, “атамын” деді, әкем “ат, ат!” деп қасқайып тұрып алды. Содан милиция ештеңе біле алмай кері қайтты. Бірақ Сермағанбетке түнде тамақ таситыны рас...”.

Шынында, ауыл аймағындағы ер-азаматтардың барлығы дерлік майданға алынғанда, әкесі ауыл ішінде қалған әжемнің бағы бар секілді. Бірақ күңгірт күндер әңгімеден анық сезіледі. Әжем кей адамдардың ұшқан оққа қолын тосып, әдейі жарақат алып, елге қайтқанын да айтатын. Олар бәлкім бұл соғыстың мәнсіздігіне сенген шығар, бұл қазақ даласының емес, отаршыл империяның соғысы екендігін түсінгеннен шығар олардың соғыс өртінен аулақ болғысы келгені. Немесе, жай ғана қорықты. Сұрапыл соғыс пен ондағы ажалдың иісінен қорықты және туған дала мен киіз үйін сағынды.

Осындай әңгімелер мені өткен шақты тағы бір саралауға жетелейтін. Адамдар не үшін қудаланды, не үшін жетім-жесір атанды, не үшін мылтық алып адам өлтірді, не сондай мылтық ұстаған дәл өзіндей басқа бір жанның қолынан өлді?! Әжем Кеңестік биліктің кезінде өмір сүрген қарапайым қазақ қызының, әйелінің тағдырынан баяндайтын. Бұл маған жеткен оның сол әңгімелерінің сарқыты. Кішкенемнен құлағыма құйып өсірген әртүрлі хикаялар менің ол туралы естелігімді мәңгі өшпес етеді. Әркімнің өз ақиқаты бар, ал бұл менің әжемнің ақиқаты еді.

Рамазан Бақырадинов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді