АЗИЯНЫҢ КҮШЕЮІ

Профессор Кишор Махбубани: 200 жылдық тарихи аномалия

~ 4 мин оқу
АЗИЯНЫҢ КҮШЕЮІ

Кишор Махбубани / Qalam

Азиядағы ең ықпалды интеллектуалдардың бірі, 30 жылдық тәжірибесі бар дипломат, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы төрағасы, жаһандық саясат туралы әлемдік бестселлерлер авторы Кишор Махбубани 2025 жылдың мамырында Qalam Club кеңістігіне келіп, Азияның тарихи жетекшілік рөлін қайтаруы мен тоқтаусыз тарылып бара жатқан әлемде қалай әрекет ету керегі жайында сөз қозғады.

Аномалияның ақыры

Жарты ғасырдан астам уақыт геосаяси ахуалды зерттеп жүрген адам ретінде айтарым, біз дамудың жаңа кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Батыстың дәурені өтіп барады. Бұл Батыс әлсірейді деген сөз емес — ол әлі де бірнеше ондаған жыл бойы алпауыт өркениет орталығы болып қала бермек. Бірақ соңғы 200 жыл бойы әлемді уысында ұстаған оның күші қазір айтарлықтай әлсірей бастаған.

Себастьян Мюнстер. Патшайым бейнесіндегі Еуропаның картасы. 1570 жыл / Wikimedia Commons

Себастьян Мюнстер. Патшайым бейнесіндегі Еуропаның картасы. 1570 жыл / Wikimedia Commons

Жуырда жарық көрген ғұмырнамалық кітабымда 1948 жылы өмірге келгеннен бастап, британ боданы болған елде өткен балалық шағымды еске алдым. Азияда туған бала ретінде өзімді Батыс адамдарынан интеллектуал және мәдени тұрғыдан «төмен» санап өстім. Бодандық Азия халқының санасына терең сіңіп кеткені сонша — 100 мың британдық Үндістандағы 300 миллион адамды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Ол кезде әлем сондай еді. Бірақ бұл кезең көшіп барады. Ғаламдық тәртіпті түбегейлі өзгертетін құбылыс — Азияның күшею процесіне куә болып отырмыз.

Әлем тарылып барады

Мұнымен бірге әлемнің «тарылуы» деп аталатын тағы бір феномен пайда болды. Қарапайым мысал келтірейін: бұрын 8 миллиард адам 193 елде өмір сүрді және оның әрқайсы өзінше бөлек қайыққа ұқсайтын. Бір-бірімен түйісіп қалса да, дербестігін сақтайтын. Ал қазір 193 каютасы бар үлкен бір кеменің жолаушысы іспеттіміз. Біреуіне вирус жұқса, бәрі зардап шегеді.

Герман Хейенброк. Темірді қалыптарға құю. Шамамен 1890 жылдар. Индустриялық революция салдарынан дәстүрлі қолөнер кәсібі механикаландырылды, ал бұл жаһанданудың бір себебі болды / Wikimedia Commons

Герман Хейенброк. Темірді қалыптарға құю. Шамамен 1890 жылдар. Индустриялық революция салдарынан дәстүрлі қолөнер кәсібі механикаландырылды, ал бұл жаһанданудың бір себебі болды / Wikimedia Commons

Әлем тарылғанмен, кемеміз капитансыз. Өз бөлімшесіне жауап беретін штурмандар ғана бар. Қазір біз жаһандық деңгейде бірлікке мұқтажбыз, алайда алауыздық өршіп тұр. Ең басты қауіп те осы.

21-ғасыр — Азия ғасыры

Қазірдің өзінде Азияның дәурені басталды. Бұл пайымды растай түсетін үш бұлжымас фактіні тізіп өтейін:

1. 1980 жылы Еуропалық одақтың экономикасы Қытаймен салыстырғанда он есе көп болатын. Қазір бұл көрсеткіш теңесті. 2050 жылға қарай Қытай ІЖӨ деңгейі жағынан ЕО-ны басып озады.

2. ОШАМАiОңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы елдерінің экономикасы бәрін қосқанда 3,5$ трлн (ЕО-да бар болғаны 1,7$ трлн), бірақ 2010–2020 жылдары олардың әлемдік экономиканың өсіміне қосқан үлесі Еуропа үлесінен жоғары.

3. 2000 жылы Үндістан экономикасы ірі елдер қатарынан көрінбейтін. Бүгін ол үздік бестікте жайғасқан. 2030 жылға қарай үздік үштікке енеді.

Неге бұлай болып жатыр?

Біріншіден, тарихи норма қайта оралып жатыр: соңғы 2000 жылдың 1800 жылында Қытай мен Үндістан әлемдегі жетекші экономика болды. Соңғы екі ғасырда ғана бұл норма ауытқыған.

Уильям Симпсон. Акал Бунга (Акал Тахт) алтын ғибадатханасы. Амритсар, Үндістан, 1864 жыл / Alamy

Уильям Симпсон. Акал Бунга (Акал Тахт) алтын ғибадатханасы. Амритсар, Үндістан, 1864 жыл / Alamy

Екіншіден, Азия Еуропадан ғылыми-технологиялық базаны дамытудың жолын үйренді. Қазір Қытай үздік ғылыми журналдардағы жарияланымдар саны жағынан АҚШ-ты басып озды.

Үшіншіден, Азия жаһандық нарық жүйесіне сәтті кірікті. Бүгін Азия елдері тарихтағы ең ірі сауда блоктарын жасап жатыр.

Азия дәуіріне төнетін қатер

Дегенмен бұл ашық жатқан жол емес. «Азия ғасырына» төнетін бірқатар қатер де бар:

1. АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси бәсеке

Бұл екі державаның қуатында шек жоқ. Геосаяси логикаға салсақ, үстем держава әрқашан ізін қуып келе жатқанды басып-жаншуға тырысады.

2. Эмоционал фактор

Ол ақылға көнбейді әрі күшті рөл ойнайды. 1890 жылдардағы «Қытайларды жою туралы» заңды еске түсірейік. Сол кезден қалған үрей мен сыңаржақ пікір әлі бар және текетіресті ушықтыра түседі.

3. Идеология

АҚШ демократияны қорғайды. Бірақ ертеңгі күні Қытай әлемдегі ең ірі либерал демократиялық елге айналса да, екі ел арасындағы стратегиялық бәсеке тоқтамайтыны анық. Өйткені бұл — жүйелер арасындағы қақтығыс емес, біріншілікке талас.

Тұрақсыздықты қамтамасыз етіп тұрған қосымша фактор — Қытай мен Үндістан арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас. Олардың қазіргі ахуалы өте нашар десек, артық айтқанымыз емес. Бұл бүкіл Азияның дамуын тұсаулап отыр.

Шаңхай қаласының көрінісі. 1937 жыл / Getty Images

Шаңхай қаласының көрінісі. 1937 жыл / Getty Images

Оның үстіне, Азияны дамытушы бірден-бір фактор — халықаралық сауданың бағыт-бағдарын болжайтын жаһандық институттар күйреп жатыр. Бұл — тағы бір басты қауіп.

Еуразия үшін мүмкіндік

Қанша жерден қатер бар десек те, жаңа ғасыр Азияның, соның ішінде Еуразия елдерінің алдынан теңдессіз мүмкіндіктер ашып жатыр. Мәселен:

1. Сауда мен туризмнің дамуы

Қытай, Үндістан және ОШАМА елдері дами түскен сайын Еуразия транзитті күрежол мен жаңа деңгейдегі туристік бағытқа айналады.

2. Орта тап серпілісі

2000 жылы Қытай, Үндістан және ОШАМА елдерінде өмір сүру деңгейі орташа халықтың саны 150 млн еді. 2020 жылы көрсеткіш 1,5 млрд-қа жетті. Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған ең ірі әлеуметтік-экономикалық өсім.

3. ОШАМА үлгісі

Қазір Еуроодақ тұрақтылықтың үлгісі емес. Керісінше ОШАМА икемді әрі сындарлы саясатының арқасында 50 жылдан астам тұрақтылықты қамтамасыз етіп келеді.

4. Еуразияның тарихи рөлін қайтаруы

Экономикалық орталық Азияға қайта көшіп жатқан кезеңде, Шығыс пен Батыс арасындағы дәстүрлі сауда жолы Еуразия қайтадан сауда-саттықтың жаһандық өсіне айналуы мүмкін.

Абрахам Крекес. Марко Полоның Ұлы Жібек жолы бойымен Шығысқа жасаған саяхаты. Каталон атласы, шамамен 1375 жыл / Alamy

Абрахам Крекес. Марко Полоның Ұлы Жібек жолы бойымен Шығысқа жасаған саяхаты. Каталон атласы, шамамен 1375 жыл / Alamy

Әлем жаңа дәуірге аяқ басты. Азия өзінің тарихи жетекшілік рөлін қайтарып алуға жақын қалды. Бұл аймақтың күшеюі ғана емес, әлемдік жүйедегі тектоникалық өзгеріс. Еуразияның, егер сындарлы әрі көреген бола білсе, бұл жағдайды пайдаланып қалуға зор мүмкіндігі бар. Мұның бәрі біз үшін қатер емес, тарих сирек ұсынатын оңтайлы сәт.