ШЫҒЫСТЫҢ ҰЛЫ РЕЖИССЕРЛЕРІ

2-шығарылым: Мохсен Махмальбаф

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Qalam әртүрлі жылдары еңбек еткен шығыстың алпауыт кинорежиссерлер жөніндегі очерктер сериясын шығаруды қолға алды. Аталған очерктерді редакциямыздың тұрақты авторы — кинотанушы Алексей Васильев жазатын болады. Осы бір сериямыздың кезекті шығарылымы Иран режиссері Мохсен Махмальбафқа арналады.

 

Бұл Шығыстың ұлы режиссерлері туралы екінші шығарылым, бірінші шығарылымды мына жерден оқыңыз

Мазмұны

ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

Екі жыл Иран шахына қарсы ұйымдасқан топтың қатарында болған, 17 жастағы Тегерандық жасөспірім Мохсен Махмальбаф, 1974 жылы бақылау бекетінде тұрған полиция қызметкерінің қаруын тартып алмақ болған кезде, абайсызда оған қанжар сұғып алады. Жасөспірім жігітті сот бірден өлім жазасына кеседі, бірақ кейінірек оның кәмелет жасына толмағанын ескеріп, сот шешімін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына алмастырады.

Төрт жарым жыл өткен соң, 1979 жылы Ислам революциясынан кейін ол басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдармен бірге түрмеден босатылып, атақты кинорежиссерге айналды. Ол ішіне қанжар ұрған полиция қызметкері болса аман қалғанымен, жаңа қоғамда өзін жоғалтып алады. Сондықтан ол Махмальбафтың газетке жариялаған «Сәлем, синема!» (1994) деп аталатын жаңа фильмнің кастингіне актер іздестіріп жатқанын көріп қалып, бір кездері қолын бір сермеп тағдырын құртқан сол бір жігіттің, өз қолымен жаңа өмірге жол салуға септеседі деген үмітпен (актер қылу арқылы) бақ сынап көруге бел буады.

Аталған 1994 жылы орын алған кездесуден кейін, өз кезегінде Махмальбаф сол бір қақтығыс жөніндегі фильм түсіруді ойға алады. Ол өзіннің және сол бір полиция қызметкерінің жас кезіндегі рөлін сомдайтын екі жас жігітті тауып алып, олар жұп болып екіге бөлініп кетеді: полиция қызметкері өз рөлін сомдайтын актерге бақылау бекетінде дұрыс тұруды, қаруды қолдануды, тәртіпті қадағалауды және сол бір қайғылы күні қай жолмен жүргенін бүге-шүгесіне дейін үйретсе, Махмальбаф та өзін сомдайтын актерге дәл солай өз әрекеттерін көрсетіп бағады. Межелі уақыт жеткенде аталған екі актердің жолы түсіру тобы тосып отырған жерде түйісіп, олар 20 жыл бұрын өткен оқиғаны қайталайды.

Иранның Годары атанған атақты Мохсен Махмальбафтың «Нан мен гүл» (1995) деп аталатын туындысының тарихы осылай болған. Алайда өзінің режиссерлік үстелімен фильм кадрына кіріп келіп: «Жындысыздар ма: бұл кино ғой, мен — Годармын!» деп айқайға басқан, фильмдерінде түрлі цитаталарды және саяси ұрандарды көп келтіріп, көрерменнің кинодан ләззат алуы газеттің негізгі бетіндегі тақырыптар мен фильмнің атауымен таныс болып-болмағанына тікелей байланысты болған жарқын туындыларды түсірген французбен салыстырғанда, «Нан мен гүл» жағдайында иран фильмінің әсері де одан бір мысқал кем түспейді.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Жалпы алғанда, кино өзі жайында баян еткенде, әдетте үлкен жетістікке жетіп жатады. Кино қалай түсірілетіні жөнінде сөз еткен көп фильм, тек кино мамандарының ғана емес, сондай-ақ қалың көрерменнің де көңілінен шыққан кезі аз емес («Каскадер», «Құбыжықтар», «Бір кездері... Голливудта»). Бірақ осы бір автордың қиялын түбегейлі жоққа шығаратын және, керісінше, іс жүзінде кино семинар ретінде ұсынылған (режиссер екі адамның автобиографиялық өмірін қалайша баян еткенін көрсетеді) әрі кәсіби емес актерлер түскен, өз қалыбымен жылжыған қысқы Тегеранның күнделікті күйбең тірлігі көрініс тапқан қысқа ғана Иран фильмі (1 сағат 15 минут), режиссердің дүниетанымын паш еткен сол бір туған жердің таңғы шығына айналды. Ақ қар мен қара түсті хиджап киген әйелдердің бейнесі көздің жауын алса, ал екі адамның бастан кешкен баяны қатар өрілген күрделі оқиға сегіздіктікпен (шексіздіктің таңбасы) таспаланған.

Махмальбафтың әзіл-оспағы өткір (ол жөнінде төменде сөз етеміз). «Нан мен гүл» фильмін түсіруді қолға алғанда ол киноға қатысты алуан түрлі әрі мол тәжірибе жинап үлгерген. Бірақ шатқаяқтап зорға тұрған кеңістік аясындағы бір демге әлемнің сезім ләззаттары мен философиялық шындықты бірге қабыстыру — мүмкін емес дүниедей көрінген. Оны қабыстыру үшін тек Жаратқанның сүйген пендесі болуың қажет және осы бір бақты Махмальбафтың жеке жетістігі ретінде қарастырған жөн. Өйткені Жаратқан кім көрінгеннің маңдайын жарқыратып қоймайды.

Әлбетте, бағы жанса, бұл жақсылықтың нышаны: мұнда Сүлейменнің сақинасындағы «Бәрі де өтіп кетеді» деген жазба және қоғам тұйықталған шеңбермен емес, шиыршық бойымен дамиды деген марксистік тұжырым тоқайласып тұр. Бір-бірінің келешегін жалмаған екі бүлінген тағдырдың қожасы 20 жыл өтіп кеткен соң, сол бір Отанда орнаған жаңа қоғам аясында бір-бірін тауып, ескі жарадан жанды емдейтін дәрі жасап шығарды. Айталық біреуі ұлы фильмді тудырса, екіншісі — актерлік мансабын бастап, өз жұлдызын жақты. Қырықтың қырқасына шыққан еркектер борап жауған қардың сүйемелдеуімен 17 жастағы жасөспірімдерге жастық шақтағы өз әдеттерін үйретіп бақты. Ол «өтпейсің де өтпейсің» деп, жолдан көліктер мен адамдарды қуып әлекке түсті. Түн ортасы ымыртта сол бір екеу (жасөспірім жігіт пен ер түлегі жасқа келген еркек) ойынның қызығына кірді: бірі екіншісін қалай дұрыс сап түзеп, тік тұру керегін үйретсе, екінші жұп бір-бірінің ұқсас махаббат баяндарын айтып, таңданып жатты. Тас жолдың бойында суық күнде тоңып қалған көліктің кабинасы — Махмальбаф пен оны сомдайтын жас өрен буын алмасып, әлем, ту, заң, идеологияның өзгергеніне қарамастан ішіндегі аяулы сезімдерін сөз еткен жылы мекенге айналды. Өйткені туды қанша алмастырсаң да, еркектер мен жасөспірім жігіттер махаббат пен армандар жөнінде асқақ әңгімені айтуын еш доғармайды.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Бұрынғы полиция қызметкері қонақ үйдің төсегіне келіп жайғасты. Арзан бөлменің іші оған балаң кезде махаббат хақындағы асқақ ойларға беріліп, ол жөнінде жанындағы жолдастарына тіс жармай жатқан ескі казарманы есіне салды. Бөлмедегі өзге жас өрендер мен қырықтың қырқасына шыққан жасы, оған жасөспірімдік комплекстерінен арылуға септесіп, сол бір өткізіп алған мүмкіндікті қайтарды. Сөйтсек, оның сол бір түні сарсаңға түсіп, не үшін пышақты сұғып алуға жол бергенін түсіндіретін, атап өту қажет бір маңызды жәйт бар екен: мәселе бір қызға байланысты болған.

ЕР МЕН ӘЙЕЛ

Шах билеген Иранда 1970-жылдары тек Гугуш қана11Гугуш i(1950 туған) — ирандық актриса әрі әнші экран бетінде бірде некеге дейін жүкті болса («Жолсерік»), бірде аборт жасауға барады («Таң шапағы») және біресе ажырасып, мектеп оқушысымен қатынасқа түсіп жатады («Ұзақ түн») және тек Бехруз Восуги ғана бір уақытта екі қызбен қатар жүре алады («Қастықтың құрбандары»), ал Сеид Кенгерани болса, бір стақан вискиді қылғытып тастап, таң қылаң бере танысқан бейтаныс қызға сезімін білдіреді («Ұзақ түн»). Халық мәдениеті сәнді ағымдарға қарағанда, тым енжар. Сол бір 1974 жылы әлгі полиция қызметкерінің жүрегі сұлу қыз күзет бекетінің жанына келіп біресе, бір мекенге қалай баруға болатынын, біресе сағат қанша болғанын айналсоқтап әр сұраған сайын лүпілдеп соғатын. Қыздың осы бір әрекеттерінің өзі, оған казармада жатып-ап: «Бұл махаббаттың нақ өзі» деп байлам жасап, құмырадағы гүлді сатып алып, оны күзет бекетіне алып келу үшін жеткілікті болған. Оған Махмальбаф шабуыл жасаған кезде, сол маңайдан аталған қыз сағат сұрап өтіп бара жатқан. Бұл болса, жауап беріп қолын гүл құмырасына соза берген мезетте, бүйірден келіп біреу қанжар ұрған. Ауруханада жатқанда да, ол сол қыз жайында ойлауын еш доғармаған. Әрі ара-тұра әлі күнге дейін есіне алып тұрады. Шынтуайтында, ол сол бір қызды тағы да кезіктіремін деп үміттенеді әрі ол қыз да соны қалайды деп сенеді.

Ал Махмальбаф болса өзінің махаббат дастанын айтып отырып жастық шағын, бөлесімен өткен естелігін ортаға шығарды. Ол бөлесіне оқуға кітаптар берсе, бөлесі өз кезегінде ұнаған абзацтардың астын сызып, кітап арасына кепкен гүлдерді салып қайтарып беретін болған. Олар бір идеяға берілген, ал Махмальбаф болса, ертеден бері күзет бекетіндегі сол бір полиция қызметкерін аңдып бағып, бөлесін бір сәтке оның көңілін аулау тұруға көндіреді. Сөйтсе, Махмальбафтың рөлін сомдамақ болған жігіт те, кітап ішіндегі кепкен гүл және бөлесімен болған махаббат хикаясын бастан өткерген екен. Тек олардың сезіміне қылмыс араласпаған, бұл — бейбітшілік пен жалпы теңдіктен бүр жарған сезім.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Әрмен қарай жақсы шытырман шығармадағыдай өте жұмбақ оқиға өрбиді. Махмальбафтың бөлесі де түрмеге тоғытылып, бірақ көп өтпей бостандыққа шыққан екен. Сосын бөгде біреуге тұрмысқа шығып, содан туған қызы 17 жасқа да келіп қалған көрінеді. Махмальбаф болса, сол қызды бөлесінің рөлін сомдауға шақыруды көздейді. Махмальбаф қызының сол бір ұятты оқиғаны қайта тірілткен фильмге түсуіне үзілді-кесілді қарсы шығып, сол үшін екеуін де Алла жазасын береді деп қалжыңдай сөйлеген бөлесімен сөзге келіп тұрғанда, әлгі қыз қарды басып актер жігіт отырған көлікке ауыз тигізер дәмін ұстап жүгіріп барып: «Түсірілім қашан және қайда болады? Бірақ анам мені жібермейді» деп ұнжырғасы түсіп кетеді де: «Кітапты алып келдің бе?» деп келесі сұраққа ойысып кетеді. Жігіт болса кітабын шығарады да: «Тек еш жердің астын сызып тастамашы» деп өтінеді. Қыз болса кітапты алып, хиджабының ішіне салып алады.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

«Нан мен гүл» фильмін өзінше тұжырып алған мамандар жетерлік. Солардың арасынан халықаралық Пусан кинофестивалінің марқұм болған бұрынғы президенті Ким Чжи Соктың талдауы сөз етуге тұрарлық. Ол «Нан мен гүл» туындысының объективті шындығын анықтау үшін фильмді бөлшектерге бөліп, оларды таңбалап, шынайы өмір, ойдан құралған сюжет, фактілер мен фильм арасындағы ұқсас эпизодтарды зерттеген. Алайда ол алдыңғы абзацта баяндалған сахнаны елемей кеткенді жөн көрген. Ұсақ-түйекті аңғарғыш байқампаз зерттеушілердің талдауларынан, бұл екі бейтаныс заманауи жасөспірімдердің әңгімесі, үйі жақын бөлесіне өзі де кітап тасыған Махмальбафтың естелігін тірілткен сахнасы деген нұсқаны да кезіктіруге болады. Алайда әлгі жас жігіт отырған көліктің маркасы — заманауи, әрі Махмальбаф жас күнінде көлік мініп келмеген. Егер әлгі актер жігіт Махмальбафтың бөлесінің қызымен бұрыннан таныс деп жорамалдайтын болсақ, осы бір сахна шындыққа жанасады: 17 жастағы жасөспірімдердің жолдары үлкендер үшін тым түсініксіз, тіптен кейде көп дүние құпия күйінде қалады, жастар еш қиындықсыз таныстыққа барып, бір-бірімен оңай араласып кете береді, ал 17 жастағы жігіт үшін екі бірдей қызға көңіл білдіріп, ара-қатынас орнату қалыпты дүние ретінде көрінеді. Бірақ бұл менің өз тұжырымым және аталған сахнаны дәл осылай көру мен үшін қолайлы әрі жағымды. Қалай болмасын бұл талдау «Нан мен гүл» фильмінің ауа өтпейтін, бітеу құрылымын, жоғары космостық шындыққа жету үшін қажет болған төртінші өлшемге ажыратады.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Өйткені әрмен қарай фильмнің параллель желісі (Махмальбаф пен полиция қызметкерінің, кино мен шынайы өмір, осы жерде әрі дәл қазір болып жатқан оқиғалар мен естеліктер арасындағы параллельдер) бір арнаға тоғыса бастайды. Махмальбафтың рөлін сомдайтын жас жігіт сабағы аяқталған бөлесінің қызымен кездесу үшін мектепке аттанады. Оны үйіне дейін шығарып салып, қайтарында үлкен кітапты сыйға тартады (ол кітапты да қыз көйлегінің ішіне жасырып салып алады). Ол жас қызға түсірілетін сахнаның мағынасын айтып түсіндіреді. Сомен екеуі екі жаққа кеткен соң, әлгі қыз сол сахнаға дайындалмақ болады. Жабық базарға кірер есіктен ол іздеген дүниесін табады (күзет бекетінде тұрған өрімдей жас полиция қызметкерін). Сосын оның жанынан сағат қанша болғанын сұрап өтпек болады. Аталған жас полиция қызметкері өз рөлін сомдауға әзірлік жасап жүрген сол бір жас актер болып шығады. Сағатты сұраған қыз өз жолымен кете барғанда, базар ішінен сол бір полиция қызметкері атып шығып: «Міне! Бәрі тура осылай болды» деп айқайлайды. Мұндағы екі топ кино түсірілімі жүріп жатқанынан хабардар болғанымен, жас актерлер одан мүлдем бейхабар. Әрі жас актер жігіттер болса, мұнда бір гәптің жатқанын білмейді: өйткені қыз баласы оларға таңсық болған сценарий бойынша ойнап тұр.

«Нан мен гүл» 1995/IMDb.com

Осы тұста бір сәт артқа шегініс жасап, аталған қыздың айдай сұлу ару екенін атап өткенді жөн көріп отырмын. Құдды бір, Бессонның «Леонындағы» Натали Портман бойжеткенімен, сол бір балаң кезіндегі сұлулығын жоғалтпаған қалпында қалғандай. Айталық, Махмальбафтың қай фильмін қарамаңыз, онда көздің жауын алар, он екіден бір гүлі ашылмаған, өзінің нұрлы бейнесімен баурап алатын аруды кезіктіресіз. Әрі ол арулар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Егер режиссерлердің арасында айрықша сұлу сылқымдарды түсіру бойынша Эмир Кустрица чемпион деп ойлап келсеңіз, енді оны еш ойланбастан қосалқы құрамға аттандыра берсеңіз болады. Өйткені Махмальбаф жиі түсіреді және оның фильмдері де көп әрі ол әлемнің әр түпкіріндегі сұлуларды таспалаған: себебі ол 1990-жылдардан бастап жергілікті биліктің цензурасына ілігіп, туындыларының тең жартысын Ираннан тысқарыда түсірген. Айталық ол үлкен жетістікке Тәжікстанда жүріп жетті (өйткені кәсіби емес актерлердің арасынан айрықша сұлу аруларды тауып, оларға берілген рөлді жақсы сомдап шығуға үйрету үлкен режиссерлік талантты қажет етеді). Онда ол бірнеше жыл тұрып, нәтижесінде Душанбеде өтететін «Дидор» деп аталатын халықаралық кино фестивалін ұйымдастыруға ұйытқы болды. Аталған кино фестивальі 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және Махмальбаф сайысқа өзінің үш ойналмалы фильмін қосқан. Оның «Sex және философия» (2005) фильміне түскен сұғыла бойлы, бұйра шашы иығына түскен, тұлғасы келісті, бірде тобығына дейін түскен қалың тонмен, бірде жібек матадан тігілген дәрігердің ақ халатпен көрінген, көрерменді тәкаппар бейнесімен және бет-әлпетінің модильяндық22Амедео Модильяни i(1884–1920) — итальяндық экспрессионист-суретші әрі мүсінші пішінімен бағындырған, «Еркектер мен әйелдер» фильмінің кейіпкері Анук Эме я корейлік сылқым Чжун Чжи Хён сынды жұлдыздарға ұқсайтын, дегенмен томпақтау беті арқылы балаң бейнесін сақтап қалған, мұрнындағы меңі арбай түскенімен, бірақ іште бұйығып жатқан сезімдерді оятуға дәрменсіз Тахмина Ибрагимова айрықша сұлулығымен көздің жауын алады.

Махмальбафтың ең танымал бес актрисасы

ИРАННАН ТӘЖІКСТАНҒА

Махмальбаф Тәжікстанда түсірген «Тыныштық» (1997) деп аталатын алғашқы фильмінде музыкалық инструменттерді жөндейтін зағип бала жөнінде баян етеді. Оның еркектік тәкаппарлығы басым, жеке ұстанымдарына тайқымайтын, жергілікті поп музыкадан ләззат алған кейіпкері, 10 жастағы зағип балаға тән емес мінез-құлық көрсетеді. Айталық, мұны базар ішіне транзисторды қабырғаға іліп қойған, Олег Фезовтың33Олег Фезов i(1963 дүниеге келген) — тәжік музыканты әрі композиторы сол кездері хитке айналған әні ойнап тұрған дудуктың үніне елтіп, жолынан адасқан баланың теңдессіз сахнасынан көруге болады. Баланың қалың қоңыр түсті шашынан және бір нәрсеге мұқият ден қойған түріне қарап, бала кездегі марқұм болған досымды көргендей болдым. Сол кезде Махмальбафқа мүлдем бейтаныс болған, өзге елдегі адамның бейнесін жүз пайыз дәл қалыптағанына қарап таңдандым. Бірақ зағип баланы шын мәнінде, тәжік қызының сомдағанын білгенде, таңданысым тіптен арта түсті. Осы тұста Махмальбафтың қыздың бейнесін тек ұлттық шеңберден тысқары ғана емес, жыныстық шектеуді бұзып жарған феномені жөнінде сөз еткен орынды болмақ.

Батыс сыншылары торлары көп, тар кеңістік пен кең даладағы бас қатырар лабиринттің керағарлығы, еркектер мен әйелдердің уақыт өткізу салтын, саяси символдары мол Иран және Ауған фильмдерінен Махмальбафтың қолтаңбасын тапқанды жақсы көреді әрі олардың бұл әрекеті негізсіз емес. Айталық сопылар мен баһаилер, оның Иранда таспаланған «Габбех» (1995), Тәжікстанда түсірілген «Тыныштық» және Израильде жасалған «Бағбан» (2012) фильмдерін триологияға біріктіруге бейім. Әрі олар Махмальбафтың фильмдерінде өз діндері мінсіз көрініс тапқан деп санайды және олардың бұл байламы сөзсіз дұрыс. Олардың мақалаларын өзге сайттардан таба аласыз.

Махмальбаф шынтуайтында, түрлі интерпретацияға ашық режиссерлердің бірі. Ол таңдаған техника (өмірде болған оқиғаны алып, сол жәйтті бастан кешірген кейіпкерді енді қақтығысқа түсірмей, өз-өзін сомдағанын көрерменге паш ету) — жалғыз ғана және оның туындыларында үнемі жекелеген философиялық, саяси және діни кішкентай шындықтарға орын бар. Махмальбафтың фильмдерінде көрініс тапқан шындықтардың мысалын теріп отырар болсақ, ол бір кітапқа да сыймайды. Бірақ біз бір ғана мақаламен шектелмекпіз, әрі оны мен жазып отырмын. Ал мен үшін кино дегеніміз бала кезімнен — ең алдымен күлкі сыйлау, сосын өте келбетті адамдармен кездесу болғандықтан, Махмальбафты сұлулығы естен тандырар арулармен осындай кездесулерді ұйымдастыратын шебер ретінде қабылдаймын. Өйткені ол өзінің әйел кейіпкерлерін халық ішінен таңдап алады және екінші фильміне қайта түсірмейді. Бұл да оны даралап тұрар бірегей дарыны.

КҮЛКІ МЕН ҚУАНЫШ

Ал күлкіге келер болсақ, ол «Нан мен гүл» туындысында күлкіні көбіне-көп бөлесінің рөлін сомдаған қарындасы сыйлайды. Кадр ішіндегі арандату әрекеттерінен ләззат алып жүрген де сол ғана. Махмальбафтың рөлін сомдаған актер оны мектептен үйіне шығарып салғанда, ол жігітке адамзатты түгел тамақтандырып, бақытқа бөлеу жөніндегі арманын баян етеді. Бірде жігіттің сөзін бөліп: «Сен адамзатты құтқару жөніндегі осы бір сөзді, ауылдың ауыз-екі сөйлеу тілімен айта аласыз ба?» деп төтесінен сұрақ қояды. Сонда жігіт: «Кәне, тыңдашы, ал сен бүкіл адамзатты анасына айналғың келмей ме осы?» деп қалады және қыз баласы өтінішінің аяқ-асты болмай орындалғанына мәз болып, жүзі бал-бұл жайнап әрмен қарай кете барады. Екеуі базарға жетіп, нан сататын дүңгіршектің жанына келіп аялдағанда, жігіт қыздан бұл ойынның неге керек болғанын сұрайды. Ол болса: «Осылай қызық» деп қана жауап қатады.

Жалпы алғанда, Махмальбаф бала кезінен жұрттың бәрін келемеждеуге бейімделген. Оның 1980-жылдары таспалаған фильмдерінде табанды, тоқтаусыз және имам Хомейнидің ұрандары іспеттес революциялық риторика жетерлік. Айталық оның «Құдайдың мерейі түскендердің некесі» (1988) фильмінде қабырғалар: «Мемлекет шалшықтарда тұратын халыққа тиесілі», «Біз капиталистерді сот залына апарамыз» деген ұрандармен әрленген. Ақырын-ақырын оның фильмдеріне әзіл-оспақ араласып, бұл «Бірде, кинода» (1991) деп аталатын синефильдік комедиясында үстем бола түсті. Аталған ирандық киноматографиясының тұғыры болған кино концерт арқылы режиссер Иранның жаңа тарихын паш етті (фильмде өзінің жауын душтың кабинкасында жалаңаш денесімен жабысып, пышақпен бауыздап өлтірген «Цезарьға» да және кинотеатрдағы экран бетінде кісіні қан-жоса етіп сабаған «Мотормен кесу» фильміндегі, 1970-жылдардағы иран фильмдерінің бағдарын тура көрсеткен шахтың: «Оператор, біз кино актерлері секілді танымал болу үшін естен танғанша ішкіміз келеді» деген сөзіне де орын бар). Сомен Махмальбафтың қыздары бой жеткен сайын, оның фильмдерінде әзіл-оспақ көбейе берді. Ал жары қаза болған соң, оның орнын Махмальбаф екеуінің арасы киноға қатысты жақын болған Мәрзия есімді туған қарындасы басты (солай жорамалдауға Мәрзия түсірген фильмдер негіз болып отыр). Соған қарағанда ол өте қалжыңбас әйел болған тәрізді. «Нан мен гүл» фильміндегі мектеп оқушысы әрі бөле қарындасы болған қыздың күлкі мен әзіл-оспақтың жеткізушісі болғаны да тегін емес, ал мұндағы кекесін әрмен қарай Махмальбафтың фильмдерінде және әйел кейіпкерлерінде басым бола түскен негізгі қалыбын таба бастаған. Бұл бүге-шүгесіне дейін ойластырылған өткір әзіл я сайқымазақтың да қалжыңы да емес. Бұл еріксіз күлкі тудыратын, мәселен, акценті бар адамның сән, өнер хақында я асқақ әңгімелерді айтқан кезде өздігінен туатын күлкі.

Режиссер Мохсен Махмалбаф (оң жақта) бірінші әйелі Хана Махмалбафпен "Бёрдмэн" фильмінің премьерасында 71-ші Венеция кинофестивалі кезінде, 2014 ж. тамыз, Венеция, Италия/ Dominique Charriau/WireImage/Getty Images

Әрмен қарай, сөз болып отырған тәжік актерлері орыс тілінде ойнаған «Sex және философия» туындысы дәл осы іспеттес тілдік және мазмұндық, асқақ ұғымдар мен тілді мінсіз меңгермеген қайшылықтан туындайды. Фильм: «Сәлем, мен Джонмын!» деп басталады және осылайша жалғасады. Джон деген есім фильмде кемінде 4–5 мәрте қайталанады (Джон деген сөз Чжен деп айтылады). Джонның көлігінің терезесінің сыртында — 2000-жылдардың ортан тұсындағы солғын тартқан советтік кезеңнен қалған Душанбе көрінсе, ол көлігінің алдыңғы бөлігіне 40 майшамды жағып қойған, өйткені бүгін ол қырық жасқа толып отыр. Міне осындай поэзия көрініс тапқан. Махмальбаф аталған туындысына түсірер алдында екі жылдай Тәжікстанда тұрғандықтан, жастық шағы мен қиял көкжиегі қайта құру жылдарымен, яғни 1980-жылдардың екінші жартысына тұспа-тұс келген сол кездегі қырықтың қырқасына шыққан постсоветтік сананың ерекшелігін бағамдап үлгерген. 1980-жылдары танымал болған, атақты әнші Далер Назаров сомдаған («Тыныштық» фильміндегі ғаламат «Чаро намепурси» әнін шығарған да сол) Джон — би мектебінің жетекшісі. Оның бишілері Антонио Гадестің фламенко-труппасы секілді сәнденген және бұл да бір шетін бақылау: қайта құрудың алғашқы қарлығаштары болған испан режиссері Карлос Саурдың «Кармен» фильмі Кеңес елдерінде үлкен жетістікке жетіп, оқырмандар аталған туындыны 1985 жылы көрерменге жол тартқан «Советтік экрандарда көрсетілген» ең үздік шетел фильмі деп мойындаған. Аталған фильм фламенко қойылымының дайындығы жөнінде түсірілген еді және, айтпақшы, бұл фильм — шынайы оқиғаларды негізге алған Махмальбафтың түсірілімі және оған дайындығы секілді, камера нысанына іліккенде бәрі ойынға айналып, ал ойын кезінде туындаған қарым-қатынастар шынайы бола түскен туынды.

Джон мұндай қарым-қатынасты төрт әйелмен құрған және өзінің мерейтойына орай, олардың басын бір жерге қоспақ. Олардың екеуі үстіне қызыл және қара түсті киімдерді, басына еркектің баскиімді кигені — өте талғамсыз үйлестірілген және мұндай сән 1980-жылдар үшін де, советтік «Алиса» рок-группасы мен оның тыңдармандары үшін де, сондай-ақ рок-андерграундттан шабыт алған, осы іспеттес ұсқынсыз киімді кейіпкер Друбич киген Сергей Соловьев үшін де қалыпты нәрсеге айналған. Мұндай талғамсыз сұрықсыз сәннен қашып құтыла алмайсыз, өйткені бұл фильмнің кейіпкерлерінің жастық шағының ажырамас бір бөлігі. Фильмде өрбіп жатқан оқиғалардың оғаш әрі күлкілі болғаны сонша, кардебалеттегі қыздар сценарийден тайқып кетіп, ішек-сілесі қатып күле бастайды. Сондай-ақ Джонмен таныстық күні аяғына арандату үшін әртүрлі түстегі туфли киіп келген және айналасында кішкентай аққулар билеп жатқанда, бір мәрте айналып, Джонмен бетпе-бет келіп, оның құшағына атылып ұмсынған кезде: «Сен маған осы бір туфли үшін ғашық болғаныңды есіңмен шығарма!» деп айқайлаған мезетте — Фарзона есімді кейіпкер де күлкісін тыя алмай қалады.

«Sex және философия» 2005./Alamy

Аталған туындының кейіпкерлері Саураға және Соловьевтен шабыт алып, шығармашыл адамның кейпіне енгенімен, бірақ олардан әдемі би я фильм тудыруға аса қажет болған жеке әсер мен кәсібилік арасындағы айырмашылық мүлдем байқалмайды. Бұл жөнінде Махмальбаф өзінің фильмдерінде жиі айтады, әсіресе, «Сәлем, синема!» туындысында ашық көтереді. Айталық, онда ашуға булыққан қыз өзінің киноға деген махаббаты жөнінде айтқанымен, бірақ режиссердің жыла я күлімде деген тапсырмасын орындай алмай, бар жоғы түрін тыржитқан көрінісін атап өтсек болады. «Sex және философии» туындысында кейіпкерлердің әсершілдігі жоғары болғаны сонша, олардың талғамсыз таңдалған киім үлгілері асқақ өнердің жарқын образдарының мидай араласып кетіп, жағдай күрделене түседі. Фильмде қызыл раушан гүлін Махмальбаф, ашылу сахнасында түрлі түсті жарқылдар фонында көркемдеп түсіреді. Бұл мысырлық «Теңіз ібілістері» (1972) секілді фильмдерде, кезінде «Совэкспортфильм» аталған мәдениет жақын болған әрі жоғары білімі жоқ халықтың өміріне сауық енгізу үшін Орта Азия және Кавказ тұрғындарына арнайы әкелген фильмдерден алынған әдіс.

«Sex және философия» 2005./Alamy

ҚҰМЫРСҚАЛАРДЫҢ ЖАН АЙҚАЙЫ МЕН ӘЛЕМГЕ ЖАН АШЫРЛЫҚ

Әлбетте, фильм кейіпкерлері өнерге қатысты армандарға еліткенімен, қолдарынан дым келмейтін, құдды бір, «Кандагар» (2001) фильміндегі минаға түсіп аяғынан айырылған, Қызыл Айқыш тікұшағы тастаған протез аяққа бірінші болып жету үшін балдақпен алға түсіп жосыған бейшаралар секілді дәрменсіз жандар. Бірақ «Кандагардағы» Қызыл Айқыш тастаған протезге таласып жүріп қол жеткізген мүгедектер, бір сағаттан кейін-ақ, шетелдіктерге марқұм болған анасының аяғы болғандықтан, естелік ретінде қымбат екенін алға тартып оларды сатып тұратын болады. Дәл осылай Махмальбафтың «Мінсіз адамды» (Complete Man) іздеп, Үндістанда түсірген «Құмырсқалардың айқайы» (2006) фильмінде, режиссер ауыр жолды жүріп өткен ирандық саяхатшы аруға көзге көрінбейтін сиямен жазылған, егер ол Бенарестегі қасиетті Гангаға әкеліп, майшам түсірер болса ғана көрінетін пергаменттегі асқақ бір даналықты сыйға тартады. Ол осы бір өсиетті орындайды. Жазбада: «Мен ақиқатты іздеп жарты әлемді шарладым, саяхатқа қомақты қаржы жұмсадым, алайда бүкіл әлемнің танымы үйімнің алдындағы таңғы шықта көрініс тапқанын аңғармаппын» делінген екен. Осы бір «ақиқат» — бұл 1940-жылдары Рабиндранат Тагор сол кездегі бенгалдық студент, келешекте ұлы режиссер атанатын Сатьяджит Реяға сыйлаған автографында жазылған мәтін. Дегенмен ақиқатты іздеп келген Ираннан келген саяхатшы үшін бұл жазба: «Қайдан келдің, сонда кет!» деген ишара болатын.

Махмальбаф комедияның сараңдар, мақтаншақтар мен ақымақтар көрініс тапқан жанрында тер төгеді. Бар болғаны олар тек мекендерді ғана ауыстырып тұрады. Сөз етіп отырған фильмнің ортасында саяхатшы әйел, үндістандық такси жүргізушісі көліктің ішіне кіріп кеткен шыбынды, осы бір оқиға басталған «аялдамаға» апарып тастау үшін көлікті жарты жолдан кері бұрған мезетте, ішек сілесі қатып күледі. Енді кеше ғана күліп, мазаққа айналдырған үндістер оның өзін алдап соғып отыр. Бірақ оны ұғып тұрған бұл жоқ. Мұнда күлкі ететін адам мен күлкіге қалатын объекті, Михаил Гомиашвили басты рөлді сомдаған Махмальбафтың грузияда таспалаған «Президент» (2014) фильміндегі тиран секілді орын ауыстырады: кеше ғана ол немересінің көңілін аулау үшін бір ғана тұтқаны басып бүкіл қаланың жарығын өшірсе, бүгін сол немересімен бірге Шығыс үшін қалыпты болған көше әртістерінің жұбының (кедей кепшіктердің арасында жасырынып, тоқпен ойына келгенін жасағаны үшін ашуға булығып, революция жасамақ болған тобырдың арасында бой тасалау үшін ересек әнші мен оның қолға үйретілген маймыл секілді секеңдеген биші баланың кейпіне енуге) рөлін сомдауға мұқтаж.

Дегенмен Махмальбаф әзіл арқылы ешкімді мұқатуға тырыспайды. Бұл бар болғаны аман қалу үшін қандай әдіспен болмасын күрескен адамдардың көңілді күлкісі ғана. Кейде ол өзін алдап соққан адамдарға үстінен күлуге тырысады. Өзінің «Бағбан» деп аталатын квазидеректік фильмінде Махмальбаф пен баласы Мейсам, Хайфадағы баһайліктердің44БаһайларИранда 19 ғасырда пайда болған, Құдайдың және адамзатты барлық діні бір екеніне иланатын монотеистік дін колониясын түсіре отырып, жақсы және жаман полиция қызметкерлерінің рөлін сомдайды. Мохсен — жақсы полиция қызметкерінің рөлін сомдап, баһайлық пайғамбарлардың арқалаған азабы жөнінде және бұл діннің барлық негізгі діндерден ең жақсыларын ғана таңдап алғанын баян етеді. Мейсам болса, бәрі де абсолютті жақсылықты уәде еткенімен, ақыр аяғы қасіретпен аяқталатынын айтып, оған Парижде жүргенде Аятолла еркіндік жөнінде көкіп, Иранға келе сала Моаилық тас мүсіндер секілді мағынасыз, күлкіні баһайлардың жүзіне жапсырып, бәрін жарты жылға түрмеге тоғытқан мысалын айтып, өз сөзін дәлелдемек болады. Әлбетте, бұл адамдар тұрмыстық жағдай төмен елдерден (Намибия, Руанда, Папуа-Жаңа Гвенея) келгендіктен, гүлдерді күту мүмкіндігі мен адамдарды тал жапырақтарымен теңеу, бұл олардың өмір үшін күресін, қым-қуыт тірлік пен жарақаттардан қашқанын ымдайтын ишарат екенін түсінікті. Ал шымылдықтың қызметін атқарған автоматты күлкі болса, бұл саясат бақылаушыларының жемтігіне айналған барлық сұрқай шындық пен өткен өмір арасына қойылған кедергі болғаны айтпаса да түсінікті. Ақыр соңында осы бір автоматты туындаған күлкі мен тәтті әңгімелер Мохсеннің шамына тиіп, баласының: «Әке, камера қайда?» деген соңғы сауалына ол зомби секілді күле қарап: «Мен оны егіп қойдым, енді күту қажет» деп жүрдім-бардым жауап қатып, жергілікті бағбан секілді су көзіне жетіп барып, одан су алмақ болады.

ОТБАСЫЛЫҚ ПОРТРЕТ

Махмальбафтың әзілі, ол өзінің қызы Самир мен жұбайы Марзияға арнап сценарий жазғанда, тіптен еркін бола түседі. Оларды, сондай-ақ ұлы мен кенже қызы Хананы Махмальбаф «Нан мен гүл» фильмінен кейін, теңдессіз туынды шығарғанын түсініп, ендігіде фильм емес, оларды тудыратын адамдарды жасау қажет екенін ұғып, өзінің жеке кино мектебінде оқытты. Самираның 17 жасында таспалаған «Алма» (1997) деп аталатын тырнақ алды туындысы бірден Канн фестивальіне жол тартты. Мұнда да Махмальбафтың фильмдеріндегідей, кикілжіңнің негізгі кейіпкерлері, сол бір жағдайды камера алдында ойнап шығады. 65 жасқа толған кедей шалдың соқыр кемпірі ғажайып орнап егіз қызды дүниеге әкеледі және қарт ата-ана дұрыс сөйлей де алмайтын қыздарын жұрттың көзінен тасалап, жуындырмай, әріп үйретпей, қамап ұстайды. Әлеуметтік қызметкер екі қыз тұрған торға шалдың өзін қамап, өзіңді-өзі босат деп қолына араны ұсынған мезетте, «Жаңа уақыттағы» чаплиндік шым-шытырық оқиға басталады. Көзілдірік таққан шал темір аралап, жылап: «Енді бұған шыдай алмаймын» деп бақырып жатқанда, әлгі қызметкер егіз қызды далаға босатып жібереді. Олар болса, бостандыққа шыға сала ең алдымен, көшедегі сатушы жігіттен, әлбетте, ақысын төлемей (олар ақша дегеннің не екенін білмейді) балмұздақ алып, біреуі қашып кетеді. Сатушы жігіт оның артынан қуып кеткенде, екінші қыз тоңазытқыш бірден үш балмұздақты алып, бірінші сол маңайда жүрген ешкіге жалатып, сосын өзі ауыз тиеді. Міне олар осындай еркіндік, теңдік және гигиенаға қол жеткізді.

Иран режиссері Самира Махмальбаф пен әкесі, сценарист әрі режиссер Мохсен Махмалбаф, “Әркімнің өз киносы өзіне” фильмінің көрсетілімі алдыңда 60-шы Канн кинофестивалі/Anne-Christine Poujoulat /AFP via Getty Images

«Екі аяқты ат» (2008) деп аталатын фильмдегі екі аяғы жоқ ақсүйек бала көрерменді күлкіге қарық қылады: оны көтеріп жүретін қызметші бала әткеншектің шынжырына іліп кетеді және басына тақия киген әлгі ақсүйек бала: «Мені түсір, ақымақ!» деп шыңғырып бүкіл ауланы басына көтереді. Сондай-ақ Мәрзияның «Мен әйел болған күн» (2000) деп аталатын фильміндегі өмірінің соңында, сауда-саттық еркін жүреді деп жарияланған Киш аралына барып, үйіне бүкіл керек болған су жаңа техникалар, жаңа музыкалық аппарат мен төсегіне әдемі жабын алмақ болып, жағалауда өздерімен жасты Иран қыздарының орамалын алып кеткен қағілез қара балалар қызмет еткен кемеге мініп саяхатқа шыққан бүкір кемпірдің оқиғасы да жүзіңе күлкі үйіреді. Осы бір сау ақылмен тайталасқа түскен және ешкімге иілмейтін қайсар әйел кейіпкердің бәрін Мохсен ойлап тапқан болатын.

Әлбетте, киноның өзі – бас имей, иілмеудің бір ишараты және қатаң цензура жағдайында еңбек еткен Иран режиссерінің одан хабардар екеніне еш күмән жоқ. Тіптен ертеректе түсірілген әрі күрделі тақырыпты көтерген «Құдайдың мерейі түскендердің некесі» фильмінің өзінде, Махмальбаф өте күлкілі бір сахнаны ойнатады. Онда «кемшіліктерге ден қойып, дегенмен оны ұғуға жеңіл ету қажет» деген тапсырманы алған репортер мен жұбайы кешкі Тегеранда жүрген ұрлықшылар мен қаңғыбастарды түсірмек болады: бір қарақшы тұрақта тұрған көліктің дөңгелегін шешіп әбігерленсе, екіншісі телефон дүңгіршегінде тұрған автоматтың ішіндегі тиындарды шешіп алмақ болып, әуре-сарсаңға түседі. Полиция көлігінің дабылы құлақты тұндырады, бірақ бар кінәрат репортердің мойнында: оның түсірілім жүргізуге рұқсаты бар ма және оның жанында мына бір әйел не істеп жүр!? Аяқ-астына қараңғы түнді прожектор жап-жарық етеді. Сөйтсек бұл біз көріп отырған фильмді түсіріп жатқан Махмальбафтың түсірілім тобы екен. Олардың түсірілім жасауға рұқсаты болғандықтан, полиция қызметкерлері «Не түсіріп жатсыздар? Мұнда жалпы түсіретін дым жоқ қой» деп бұрқылдап, жөніне кетеді. Ақырында олар репортерді жұбайымен бірге Уақытша тергеу изоляторына алып кетеді. Осы уақытта дыңғырлатып телефон дүңгіршегін бұрғылап отырған әлгі ұры болса, дым болмағандай өзі ісін жалғастыра береді.

Бірде Махмальбаф жүйеге иілмей, содан басы дауға қалған болатын: ол иран соты үшін нағыз қылмыс саналған, фильм үшін шын мәнінде ойын ұйымдастырған еді. Фильм желісі бойынша, баласына дәрі алуға ақшасы жоқ кедей еркек, Махмальбафтың «Велосипедші» (1987) деп аталатын фильмінің қағаз-буклетін ұстап автобусқа мінеді (фильмнің монтажы шебер жасалған (Махмальбаф өз фильмдерінің монтажын тек өзі ғана жасайды және осылайша ол мінсіз нәтижеге жетеді) және Вильмош Жигмонд55Вильмош Жигмонд (1930-2016) – «Бұғыларға жасалған аңшылық», «Иствик мыстандары», «Үшінші дәрежелі жақын контактілер» секілді фильмдерді түсірген тегі венгерлік америкалық оператор секілді түсіруге тырысқан сезімтал әрі өз ісінің білгірі Али Реза Зариндаст оператордың еңбегін атап өткен жөн). Енді міне, «Велосипедші» фильмінің буклетін ұстаған кедей еркектің жанына бір әйел отырып, баласының киноға қызғатынын, бұл қағазды қайдан алғанын одан сұрайды. Ол болса, «Махмальбаф деген мен боламын» деп жауап қатады. Мұны естіген әлгі әйел оны салтанатты үйіне ертіп әкеледі. Онда әлгі еркек үш күн жүріп, отбасын «Велосипедші» фильміне ертіп апарады. Ақырында, ол келесі фильмін осы үйде түсіретінін айтып, тіптен сценарий жазуға кірісіп, балалармен дайындыққа кірісіп кетеді. Бірақ шындық белгілі болып, кедей еркек сот алдына келеді. Режиссер Аббас Киаростами осы бір оқиға жөнінде газеттен оқып, өзінің әріптесі Махмальбафтың танымалдығына разы болып, осы бір сот процесін түсіруге рұқсат алады. Сондай-ақ ол сотпен қатар, іске қатысы бар барлық адамнан (кедей еркек, бақуатты отбасын, алаяқты танып қойған композитор, еркекті тұтқындаған полиция қызметкерін, сол бір мақаланы жазған журналист және Махмальбафтың өзі) жауап алып, соның бәрін түсіріп алмаққа бекінеді. Алдандық деп наразы болған айыптаушылардың әрекеті ойынға айналып кеткенін білгенде, өкпесі тарқап кетеді. Сомен олар кедей еркекті айыптап жазған арызын қайтып алып, ақырында өздерінің кумирі Махмальбафпен достасатын мүмкіндікке ие болады. Осы оқиғаны бәрі Аббас Киростамидің 1990 жылы жарыққа шығарған «Ірі план» фильмінде көрініс табады.

Махмальбаф «Нан мен гүл» фильмінде жастық шағындағы полиция қызметкері мен өзі бір-біріне пышақ пен тапанша кезеген, жас актерлер де бір-біріне екі затты кезенген сол бір оқиғаны қайта жандандырды. Нақтысын айтқанда жас актерлер екі затты бір-біріне беру үшін қол созады: бұл бір таба нан мен құмырада өскен гүл болатын. Өйткені фильмде таба нанның астына ол полиция қызметкеріне кезенетін қанжарды жасырып қойған, бірақ революция жылдарында осы рөлді сомдаған жігіт емшектегі нәресте, ал иран-ирак соғысы кезінде бала болып, жастық кезі 1990-жылдардың алғашқы жартысында, айтарлықтай бейбіт уақытта өткендіктен, өзі секілді иран баласына ойнап болса да қанжарды қалау кезену керегін көз-алдына елестете алмаған. Сондықтан түсірілімге келе жатқан жолда қанжарды тастап кеткен. Ал полиция қызметкерінің рөлін сомдаған жігіт сағат сұрап өтетін қызға сыйлаймын деп құмырада өскен гүлді алған. Бірақ ол гүлді қолына ұстаған мезетте ол қыз досы қанжарды сұғып алуы үшін шетке ығысып кетеді. Махмальбафтың рөлін сомдаған жігіт құмыраға салынған гүлді ұсынған полиция қызметкерінің әрекетінен қысылып, автоматты түрде қарымтасына қолында ұстаған таба нанды береді.

Фильмнің осы бір стоп-кадрын мамандар кино тарихындағы ең ұлы оқиға деп санайды. Кез келген ойын секілді, киноның айрықшалығы осындай: тағдырыңды бүлдірген адаммен сол бір оқиғаны ойнасаңыз болғаны, өкпеңіз ұмтылады. Тіптен 20 жыл бойына 1974 жылы кезіктірген сол бір қызбен жүздесуді армандаған полиция қызметкерінің өзі, Махмальбаф қанжарымен бүлдірген тағдырын, өкпесін кешкен. Өйткені кино оның өмірі жайында жұртқа баян етіп, езуге күлкі үйірер болса, онда кешкен тағдыр текке өтпеді деген сөз.

Шығыстың ұлы режиссерлері туралы бірінші шығарылым мында

Мохсен Махмалбах Парижде “Президент” фильминің шығуына дейін бір апта бұрын, 2015г./LOIC VENANCE/AFP via Getty Images

Алексей Васильев

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді