БАҒЫНБАЙТЫН БОЙЖЕТКЕНДЕР

19-ғасырда соттасып, құқын қорғаған қазақ қыздары

~ 8 мин оқу

Коллаж / Qalam

Әйелдер тағдыры 19-ғасыр жайлы тарихи жазбалардың ең бір елеусіз парақтарында қалып қойды. Олардың есімдері ресми құжаттар, шежірелер мен жылнамаларда сирек ұшырасады. Сондықтан қазақ әйелдерінің билік орындарына тікелей жүгініп, өздеріне сырттан таңылған шешімдерге қарсылық білдіргені, мал-мүлкін қорғап, өз тағдырын өзі шешу құқығы үшін күрескені туралы архив құжаттарының құндылығы ерекше.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві қорындағы материалдарға сүйене отырып, зерттеуші Әсия Бағдәулетқызы өз дәуірінің ауыртпалығы мен қоғам қысымына қарамастан, құқығы мен еркіндігін қайсарлықпен қорғаған қазақ әйелдерінің тағдырын баяндайды.

Мазмұны

Бұл топтамада неке дауы да, мүлік дауы да бар. Тағдыр-талайы әр басқа, бірақ қай-қайсысы да қоғам құрсауына қарсы шығып, хақын талап еткен бұл әйелдердің кім екені, қайда дүниеге келіп, қайда қайтыс болғаны, ұзын-қысқа ғұмырында қандай қиындықтар өткеріп, қандай жеңістерге жеткені беймәлім. Көбіміз олардың есімдерін алғаш рет естіп тұрмыз. Бірақ тарих қатпарынан бәсең ғана шыққан олардың үнінен өз атынан жасқанбай сөйлейтін қайсарлық пен күрескерліктің үлгісін көре аламыз.

Ұлғаным Жемтікова (1853 жыл): «Күйеуім кәмелетке толмағандықтан некемізді бұзыңыз»

1853 жылдың желтоқсаны мен 1854 жылдың қаңтарында Ақмола округі, Құрсары-Керей болысының қазағы Ұлғаным Жемтікова Батыс Сібір Бас басқармасы кеңесінің төрағасы мен Сібір қазақтарының шекара бастығыiорыс. Пограничное управление сибирскими киргизами қызметін атқарушы полковник Петр Спиридоновқа өтініш түсіреді.

Киіз үйінің алдындағы қазақтар. Н.А.Никитиннің фотосуреті бойынша А.Флюгель литографиясы. Санкт-Петербург, 1887 жыл / BonArt

Бұл өтініш өз дәуірі үшін сирек кездесетін жағдай еді. Ұлғаным өзінің үш жыл бұрын Тұралы Жемтіковке ұзатылғанын, ал қолына қалам алған уақытта өзі 24, күйеуі небәрі 14 жаста екенін баяндайды.

«Осыдан үш жыл бұрын мен Құрсары-Керей болысының қазағы Тұралы Жемтіковке тұрмысқа берілдім. Алайда осы уақытқа дейін онымен мұсылман заңы бойынша тиісті түрде некем қиылмастан бірге тұрып келдім. Ол бар-жоғы 14 жаста болғандықтан, бұдан әрі жоғарыда аталған заңсыз күйеуіммен бірге тұруға келісім бермеймін. 1835 жылғы жоғары мәртебелі жарлыққаi1835 жылы 22 наурыздағы Жоғары мәртебелі әмір бойынша шыққан «Қалыңдық немесе күйеу жігіт заңда белгіленген жасқа толмаған жағдайда некесін қиюға тыйым салатын қаулыны мұсылман дінін ұстанушыларға қолдану туралы» Сенат жарлығы сәйкес, күйеу жігіт 18 жасқа, ал қалыңдық 16 жасқа толмаған жағдайда мұсылмандардың некеге тұруына тыйым салынған. Осыған байланысты Сіздің жоғары мәртебеңізден Заңдар жинағының 10-томындағы 2795-бап негізінде өтінішімді қарап, шешім шығару үшін Омбы мұсылман мешітінің ахунына жолдауыңызды сұраймын. Тұралы Жемтіковпен заңды тәртіппен некелеспегендіктен, басқа адамға тұрмысқа шығу құқымды беруіңізді де өтінемін. Осы өтінішке Ұлғаным Жемтікова өз таңбамды қойдым»iҚР ОМА 345/1/475/10-14.

Осыдан кейін Спиридонов Ақмола округінің аға сұлтаны Ыбырай Жайықбаевқа, ал аға сұлтан өз қарамағындағыларға арызданушыға қысым көрсетпей, мән-жайды анықтауды тапсырады.

Альберт Рихтер. Қалыңдық алып қашу. Гравюра. 1880 жыл / BonArt

Ақмолаға Ұлғанымды да, Тұралыны да алдырып, оң-солын бағамдаған соң мәселе оңынан шешіледі. Көкшетауда билер мен старшындардың алдында кәмелетке толмаған күйеу Тұралы Жемтіков Ұлғанымның басына бостандық беретіні жайлы қолхат жазады:

«1854 жылғы 15 қазанда мен, төменде өз таңбамды қоя отырып, Ақмола округінің аға сұлтанына осы қолхатты бердім. Өткен жылдың 22 желтоқсанында Бас басқарма кеңесінің төрағасына және осы жылдың 25 қаңтарында Шекара бастығы міндетін атқарушыға жіберілген екі өтінішінде [жұбайым Ұлғаным] кәмелетке толмағанымды себеп етіп, менімен заңды некеде қалуды қаламайтынын білдірген еді. Осыған байланысты өз еркіммен оған толық еркіндік беремін: [ол] қалаған адамына тұрмысқа шыға алады, бұл жөнінде ешқандай талап қоймаймын»iҚР ОМА 345/1/475/16-17.

Бұл — 21 жасында, еркінен тыс 11 жастағы балаға тұрмысқа берілген бір бойжеткеннің «тағдыр салды, мен көндімге» салмай, сонау 1853 жылы заң баптарына сүйене отырып жеке бас бостандығын жеңіп алған ерлігінің мысалы.

Осы тақырып бойынша тағы

Ескі газет қиындылары

Қыз саудасы және қалың мал

Оқырмандар хатындағы «әйел теңдігі» үшін күрес

Үміт Кенжекеева (1825 жыл): «Әкем ұйғарған некеге үзілді-кесілді қарсымын»

Үміт Кенжекеева Қыпшақ болысының старшинасы Кенжекей Жақыповтың қызы еді. Әкесі оны Бәсентиін болысының қазағы Шегентай Құнтаевқа атастырады. Некеге қарсы болған бойжеткен 1825 жылы қашып кетуге бел буады. Өзінің ағайындас туысы Ыбырай Жайықбаевпен бірге түн жамылып ауылдан қашып шығады. Бұл — қыз үшін әке таңдауына қарсылық қана емес, оның отбасы үшін күйеу жігіттің әулетімен араздасу деген сөз еді.

Қатулы әкесі бірден Батыс Сібір генерал-губернаторы Петр Капцевичке шағымданып:

«біздің дәстүрімізде туысына үйленуге рұқсат жоқ, ұрланған қызым мен мүлкімнің қайтарылуын қадағалауыңызды сұраймын» деп хат жазады. 

Ол қазақ заңдарында «өз болысының адамына үйленген жағдайда екеуінің де өлтірілетінін», сондай-ақ қыздың атастырған күйеуі Шегентайдың өз шаңырағына келіп, «қалыңдықты қайтар» деп жер тепкілеп отырғанын да қоса кетеді.

Жергілікті орыс губернаторы мен оның жұбайымен бірге түскен қазақтар. Шамамен 1885–1886 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы

Шенеуніктер екі оттың ортасында қалады. Бір жағынан, қазақ жеріне мысықтабандап еніп келе жатқан патша әкімшілігі халық наразылығын туғызбас үшін мұндай дауларды қазақтың өз билері мен дәстүрлі заңдарына тапсырған. Екінші жағынан, «бұратаналардың» қорғаныш сұраған әйелдерін олардың ерлері мен дәстүрлерінен қорғау — отаршылдықты құтқару деп түсіндіретін «құтқарушы ақ адам» нарративіне таптырмас дәйек еді. Шенеунік түсініктемесінде былай дейді:

«Кенжекей Жақыповтың қызы Үміт әкесі ұйғарған некеге үзілді-кесілді қарсы болды. Ал Кенжекей, өз тарапынан, қызының Ыбырайға тұрмысқа шығуына жол бермей, өзіне қайтарылуын сұрайды. Осы іске байланысты екі жақтың әкелері мен туыстарын, билерді, сондай-ақ бір-екі молданы шақыруды тапсырамын. Сонымен бірге Шегентай Құнтаев пен оның туыстарын қалыңдыққа қатысты талаптарынан бас тартуға көндіруге тырысыңыздар. Олар қалыңмалын ғана қайтарып алсын да, Ыбырай мен Үміттің үйленуіне мүмкіндік берсін»iҚР ОМА 338/1/672/1-2.

Ғашық жастар орыс шенеуніктерінің жүрегін жұмсарта алғанымен, «дала заңына берікпіз» деген қатал әкелер илікпейді. 1826 жылдың қаңтарында тараптар дала сотында беттесіп, Үміт пен Ыбырай сұлтандар мен старшындар алдында некелерінің бұзылғаны жайлы қолхат беріп, Үміт үйіне қайтарылады. Молда, старшындар мен сұлтандардың шешімімен жазықты Ыбырай Үміттің атастырылған күйеуі Шегентайға бір ірі түйе, тоғыз жылқы, өзге де бағалы мүліктен тұратын айып төлейді. Жақыповтың Ыбырайды қаталдау жазалау керек деген өтініші аяқсыз қалады.

Жюль де Кювервиль (1865–1927). Қазақ даласындағы ақсақалдар кеңесі, 1895 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Бұл Ыбырай — тарихта Иманжүсіптің, одан кейін Алаш қайраткерлерінің де қамқоршысы аталатын аға сұлтан Ыбырай Жайықбаев еді деп топшылауға болады.

Арада отыз жылға жуық уақыт өткенде дәл осы Ыбырай Жайықбаев біздің алғашқы оқиғамыздың кейіпкері Ұлғаным Жемтікованың некесін бұзу туралы өтінішін қарауға тиіс болды. Ол қыздың өз тағдырын өзі шешу құқын қолдап, Ұлғанымның өтінішін қанағаттандырды.

Әрине, бұл екі істі өзара тікелей байланысты дей алмаймыз.

Алайда архив құжаттарына қарасақ, Ыбырай Жайықбаевтың өз жастық шағындағы осы бір шырғалаң оқиға араға отыз жылдай уақыт салып қабылдаған бір шешіміне әсер еткен болуы мүмкін.

Жәнікей Сүйіндікова (1831 жыл): «Мінезі жаманға шықпаймын»

Келесі кейіпкеріміз Жәнікей — Сүйіндік Қошкин деген қазақтың қызы еді. Дала дәстүрімен Оқбай Тұртығұловқа атастырылғанымен, Итжақ есімді қойшымен қашып кетеді. Қатуланған әке шағымында Сидцев, Назаров есімді орыс шенеуніктері екі жасқа болысқанын, тіпті біріншісі Жәнікейге өзінің мініс атын уақытша бергенін баяндайды. Айтуынша, Жәнікей қыз әке үйінен 300 сомға парапар мүлік ала кеткен, ал аты аталған шенеуніктер Итжақтан пара алған-мыс.

Кейінгі құжаттардан анығы — екі жастың ізін қуғандар оларды Петропавлдан, майор Сидцевтің үйінен табады. Алайда майор «Жәнікей әкесіне қайтудан бас тартып отыр» деп, оларды іздеушілер қолына бермейді.

Юрий Дворецкий, Оскар Качаров. Қыз қуу. 1973 жыл. Майлы кенеп / BonArt

Оған қоса, 1831 жылғы 24 қарашада өткен облыстық кеңес отырысының жазбаларынан белгілі болғандай, Орынбор мұсылман діни жиналысына бұл мәселе бойынша алдымен Жәнікейдің өзі арызданады. Осы өтініштен кейін молда Өтегеновке істі мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша қарау тапсырылған:

«Тергеу барысында Оқбайдың некеге дейін Жәнікеймен заңсыз қатынаста болғаны анықталып, оның талабы қабылданбады, өйткені Жәнікейдің өзі Оқбайға тұрмысқа шығуды қаламаған. Оған басқа күйеу таңдау еркі беріліп, әкесі оның таңдауына араласпауға, қалыңмал талап етпеуге тиіс болды. Сонымен қатар әкесі Оқбайға Жәнікейдің орнына кіші қызын бергенін айтты»iҚР ОМА 338/1/658/286.

Осыдан кейін молда Өтегенов Жәнікей мен Итжақты екеуінің өзара ерікті келісімі бойынша қосады. Облыстық кеңес іс материалдары мен жүргізілген тергеуді салыстыра келе, қыздың үйінен қашуына басты себеп — әкесі ұйғарған некеге қарсы болуы деген қорытындыға келді:

«Жәнікейдің әке үйінен қашуына басқа емес, әкесі ұйғарған күйеу жігіт — қазақ Оқбайдың әйелі болғысы келмеуі себеп болғаны анықталды; күйеудің қиын, қыңыр мінезіне байланысты Жәнікей оны сүйе алмаған»iҚР ОМА 338/1/658/286.

Сүйіндік түбі қызының бұл әрекетін кешіріп, Итжаққа да, пара алды деп айыптаған өзге адамдарға да қатысты талап-арыздарын тоқтатады, өйткені олардың кінәсін дәлелдейтін айғағы болмайды. Дегенмен ол тағы бір шағым түсіріп, Итжақ қалыңмал төлей алмаса, тым болмаса Жәнікейдің үйден алып кеткен мүлкін қайтарсын деп талап етті. Шаруа осымен түйінделді.

Халифа Ғазина (1855 жыл): «Казактар тартып алған мүлкімді қайтарыңыз»

Халифа Ғазинаның ісі басқалардан өзгерек. Ол Абылай ханның немересі, сұлтан Құдайменді Ғазиннің әйелі еді. Құдайменді 1841 жылдан Кенесары көтерілісіне жетекшілік еткендердің бірі болып, 1847 жылы Кенесары қайтыс болғаннан кейін де патша әскеріне қарсы күресін тоқтатпайды.

Осы тақырып бойынша тағы

Ескі газет қиындылары

Қазақ әйелінің қасыреті

Отыншы Әлжановтың мақаласынан үзінді

Ізін кескен казак әскери полкі оны 1854 жылы қолға түсіреді, мал-мүлкін талан-таражға салады. Құдаймендінің әйелі Халифа 1855 жылғы 2 наурызда осы оқиғаға қатысты Омбыдағы Сібір қазақтарының облысыiорыс. Область Сибирских Киргизов әскери губернаторының әскери басқармасына хат жазып шағымданады. Генерал-майор Спиридонов әскери старшина Ребровқа жазған хатында осы мәселені былай баяндаған:

«Сұлтан Құдайменді Ғазиннің әйелі Халифа маған өтінішпен келіп, өзінен тартып алынған мүліктің бір бөлігін қайтарып беруді сұрады. Атап айтқанда: күміс қаптамалы әбзелдері бар, құны 50 күміс сом тұратын ер-тоқым; қара шапан; француз шытынан тігілген […] көйлек; бес аршын қара шұға; он алты аршындық шәлі/жамылғы; шыт астарлы камзол; бір жұп жібек бау; сондай-ақ күміс қаптамалы әбзелдері бар […] мен мамық жастық»iҚР ОМА 345/1/536/2.

Өтініш аяқсыз қалмайды. Спиридонов 1854 жылдың 26 тамызында Ғазинадан тәркіленген заттар рапортында аталған бұйымдар неге көрсетілмегенін, онда бұл бұйымдар шынымен болды ма я әскери отряд оларды тығып қалды ма — соны анықтауды тапсырады.

Нәтижесінде Халифа Ғазинаны қолға түсірген Бесінші казак әскери полкіндегі жиырма бес адам түгелдей тексеріліп, сол күні қызметте болмаған елу екі адам да сұраққа алынады. Ешқайсысы Халифада аталған заттардың болғанын мойындамайды.

Николай Каразин. Хорунжий Рытовтың Кенесары сарбаздарымен шайқасы. 1891 жыл / Wikimedia Commons

Дегенмен отряд бастығы Фролов мүлікті заңсыз меншіктеді деген күдікпен қызметтен шеттетіледі. Архивте сақталған құжаттар Халифаның одан кейінгі тағдыры жайлы мәлімет бермегенімен, осы оқиғаның өзі көп жайттан хабар береді.

Халифа Ғазина Ресей империясына қарсы көтеріліске қатысқан адамның жары ретінде жағдайы мәз болмаса да, мүлкінен айырған билік шешіміне мойынсұнған жоқ. Отбасын қуғындаған билік орындарының өзіне тікелей жүгініп, әскери қызметкерлердің әрекеттеріне тергеу жүргізуді талап етті.

Өкінішке қарай, архив құжаттары оның әділдікке қол жеткізе алған-алмағанын анықтауға мүмкіндік бермейді. Бірақ Халифаның өз құқығын қорғауға талпынғанын айғақтайтын аз деректердің өзі — оның қайсарлығы мен табандылығының айғағы.

Қазақ әйелдерінің өз құқы үшін күресі

Бұл — архивтерімізде сақталған қазақ әйелдерінің өз құқықтары мен таңдау еркіндігі үшін жүргізген күресінің аз ғана бөлігі.

Осындай қанша іс пен тергеу болғанын, олардың күресін айғақтайтын құжаттардың тағы қай мұрағаттарда сақталғанын және олардың қаншасы уақыт өте із-түссіз жоғалғанын бүгінде болжауға ғана болады.

Жюль де Кювервиль (1865–1927). Қазақ даласындағы қалыңдық, 1895 жыл / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Бір анығы, осындай қайсар қазақ әйелдері туралы біздің білетініміз — білуге тиісімізден әлдеқайда аз.

Олардың өмірбаяны, отбасы тарихы немесе кейінгі тағдыры туралы толыққанды мәліметтер жоқ. Қолымызда қалғаны — патша әкімшілігіне жолданған хаттар, өтініштер мен шағымдарда кездесетін жұтаң деректер ғана. Мұнда айтылған жайттар жекелеген тағдыр баяны ретінде ғана емес, осыдан екі ғасыр бұрынғы қазақ әйелдерінің өмірі «қараңғы, хақы жоқ» деген қалыптасқан түсініктен әлдеқайда күрделі болғанын көрсететін құжаттар ретінде маңызды. Бұл — әлі де зерттелуі тиіс мол архивтік мұраның аз ғана бөлігі екені анық.

Әсия Бағдәулетқызы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді