ТАРИХИ ОҚИҒАЛАР АЛДЫНДАҒЫ АДАМ

Өскемен

Бағыты: Тарихи оқиғалар алдындағы адам.

Тақырыбы: Қайсар Нұрмұқан

Мен, Қабитқан Сардар Дәулетұлы, Өскемен қаласының № 46 мектебінің 10-сынып оқушысымын. Біздің отбасымыз үлкен отбасынан шыққан, өмірдің әртүрлі қиын-қыстау кездерін, ұлттық әдетті бағалай білетін ата-бабаларымыз құдай құдалықтарға бай отбасы.

Ата-анам жоғарғы білімді сыйлы адамдар. Анам үлгілі ұстаз, әкем өз біліміне сүйеніп өзінің сүйікті жұмысымен айналысады. Отбасымыздың ата-әжелері зейнеткерлер, еліне еңбек етіп өз қатарластарынан қалыспаған адамдар. 50-жылдардың кезінен бастап осы уақытқа дейін еліміздің өміріне араласып осы уақыттан бұрынғы ел тарихының сан қилы баға жетпес құндылықтарын естіп, көріп тарихты жалғастырушы адамдар деп санаймыз. Әжеміздің айтуы бойынша бүгінгі адам өмірі - ертеңгі ел тарихының бір бөлігі.

Бірде тарих сабағында бізге ұлы отан соғысы кезіндегі адамдардың өмірін және тарихын оқып-зерттеп келу туралы тапсырма берілді. Мен көп ойланып, есіме әжем түсті. Сөйтіп әжеме осы тапсырманы түсіндіріп, көмек сұрадым.

- «Әже, сіздің маған көмегіңіз керек. Өміріңіздегі есіңізде қалған бір тарихи оқиға туралы айтып беріңізші!» дедім. Осылай менің тарихты білуге арналған жұмысым басталып кетті .

- «Балам тарихты адам жасайды, міне, біз де ертеңгі күннің тарихымыз» - деп әжем, Сарсенбаева Торғын Жәнәбілқызы, өз әңгімесін бастап кетті.

Мен өзім Катон-қарағай ауданының Ақсу орта мектебіне 1971-72 жылдары аудандық бұйрықпен география пәнінің мұғалімі болып Ақсу ауылына келдім. Мектеп орыс-қазақ мектебі болды. Орыс ұлты басымырақ, сыныптың көпшілігі орыс сыныптары болды. Орысша білім алу үшін қазақтар балаларын орыс сыныбына беруге тырысатын. Оқу-тәрбие жұмысының барлығы дерлік орысша өткізілетін. Балалар орысша сөйлеуге үйрену үшін, отбасында ата-ана баласымен орысша сөйлесетін еді, солай балабақша жұмыстары да орыс тілінде жүрді. Қазак қазақпен орысша сөйлестік. Бізге жұмыс істеу өте қиынға соқты, дегенмен мойымадық, өйткені өмір сүру керек болды.

Ауылдың тарихын зерттеп, материал жинап, мұражай жасауды армандайтынмын. Көп еңбектің арқасында ауыл мектебінде ауылға, облысқа белгілі мұражай ашылды. Бұл 1989 жыл еді. Осы музейде тақырыптық экспозициялар бар. Соның бірі - Ұлы отан соғысы кезіндегі тылдағы әйелдер мен балалар өміріне арналады.

Менің әңгімелейін деп отырған Сардар сенің үлкен әжең, Енсебаева Нұрмұқанға арналады.

Нұрмұқан әжең 1914 жылы 16 наурызда Марқакөл ауданының Жылыкөл аймағында Есілбай деген кісінің отбасында дүниеге келіпті. Ол кезде қазақтар қыс пен жаздың арасында көшіп-қонып мал соңында өмір кешкен екен. Жазда Алтайдың құзғынды жоталарында жонда мал бағады. Нағашы атасы Құжық Топқайың ауылында тұрыпты. Жазда қызының үйіне қонаққа келген нағашы атасы біраз күнге немересін Топқайынға алып кетеді. Ол кезде енем шамамен1,5 жаста болыпты. Сөйтіп күз келеді, әртүрлі себептермен қайта апара алмай, жиені қолында қалып қалады. Қазіргі күндегідей телефон жоқ, ата-анасымен хабар болмайды.Үлкен әжелерің 30-жылдарға дейін осы ауылдың тұрғыны болыпты.1918 жылдары кезінде Совет өкіметі орнағаннан кейін ауыл өмірі қиындай түседі. 8-9 жасында әкесі оны ауыл медресесіне оқуға береді, ауыл молдасынан білім алған енеміз, өзінің зеректігін көрсетіп, қатарластарынан озық оқиды, солай оған Алматының медреселерінің біріне жолдама береді, бірақ ол оған бара алмай қалады. Медресе туралы енем мынандай естелік айтатын: «Сабақ оқитын бөлмеміз екі бөлмеден тұрады. Кіре беріске киімімізді шешеміз, артық заттарымызды қалдырамыз. Артқы бөлмеде сабақ оқимыз. Сабақты ауыл молдасы оқытатын – бойы ұзын, үстінде шапаны бар, қолында ұзын таяқ ұстап жүретін. Қабырғада күшкентайлау тақта сияқты ағаш ілініп тұратын, сол жерде бормен жазатынбыз. Оқу құралдарын қолдан тігілген сөмкеге салатынбыз. Сабақта қатарласып малдас құрып отырамыз. Жаңадан келгендер артына отыратын. Тапсырманы орындау «әптиін» деп аталатын, ол тапсырма мөлшері болса керек. Мен өжет болдым, бір сабақта 2-3 әптиін орындайтынмын. Осылайша көбірек тапсырма орындағандар бір қатар алға жылжып отыратын. Менімен бірге оқыған Жуасов Айтқұмаш деген ауылдасым, Алматыға жолдама алып, кейіннен ауылға мұғалім болып қайтып келді», деп әңгімелеуші еді әжелерің.

Интернет желісінен алынған сурет

Интернет желісінен алынған сурет

Кейіннен кедейшілік, ашаршылық басталды. Әкесі отбасының күн көрісі қиындап кеткен соң, оны қалың малға береді, солай 14 жастағы қызды 60 жастағы шалға Жаңаүлгі ауылына ұзатады. Ес кіріп қалған өжет қыз өзінің бұл өміріне көңілі тоймай, бақытсыз болғанымен, мойымайды. Сол арада бір баласы туады екен. 1928 жылдары елде шешек ауруы өршиді. Сол кезде енеміз де осы аурумен аурып 1ай дегенде әрең есін жинайды. Бұл уақыт аралығында туған баласы шешекпен аурып, қайтыс болады. Аурудың салдарынан шашы, тіпті көзінің кірпігіне дейін түсіп қалады. Түрі өте ұсқынсыз болып, беті де, барлық денесі шұбарланып кетіпті. Осы сәтті пайдаланып, ата-анасы берген дүние мүлкіне де қарамай ол аз төркініне қайтып келеді.

Елде жаңа өкімет орнап жатқан кез, есеп-қисаптан білімі бар Нұрмұқан апаң “Қызыл отауға’’ жұмысқа түседі. Оқу жазудан хабары бар болғандықтан, осы ұйымда қызмет ету барысында байларды тәргілеп байлығын тартып алып түрмеге жіберіп жатқан талай аянышты оқиғаларды көзімен көреді. Қазақтың байларынан жерін, мүлкін, малын тартып алу кезінде көрсеткен зорлық-зомбылықты үлкен аянышпен есіне алып отыратын. Сондағы қазақтар елінен қашып, тіпті шекара асып кеткендері де болыпты. «Тартып алған малға таңба салып, ал дүние мүлкін тізіммен тіркеп отырамыз. Сондағы қазақ халқының ұлттық қазынасының күл-талқанының шыққанына күәгер болғандай едік: алтын мен күмістен оюланып жасалған ер-тұрман, жүген, құйысқан сияқты ат әбзелдері, көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар, тіпті бешпет, көйлектер алтын жіппен оюланған еді. Киізден жасалған тұрмыстық заттар: текемет, кілем, сырмақ ерекше көздің жауын алатын. Өз еңбегімен тапқан дүние мүлкінен айырылған қайран елім», деп енеміз есіне алатын. Сол бір күндердің естелігі ретінде қалған Мысабала деген ауылдың жомарт, әрі ақылды, елді басқарып отырған бай адамын үнемі айтып отыратын. Бойы ұзын, көзі көк, сарылау келген жауырыны қақпақтай, қазақтың нағыз бетке ұстары еді. Бай болғанымен, ауылдың кедейлерінің, жесірлерінің, қарттарының қамын ойлап, әділетсіздіктен қорғап, қарындары ашса, тамақтандырып ауыл халқын бірлікте ұстап отырған жан еді. Дүниесінен айырылғанына мойымай, қаншама соққыға жығылса да, халқымды қанай көрмеңдер, елімді қорламаңдар деп жанұшырып кеткен еді. Бірнеше айға созылған тергеу біткен соң оны «ит жеккенге» Сібірге айдап әкетіпті, содан кейін еш хабар келмепті деп өкінішпен еске алатын. Айдауға кетер алдында қоштасуға келген Нұрзағила Мысабалақызы қазіргі келінім, сенің анашыңның нағашы апасы екен. Тағдырдың осылай ұштасарын кім білген, өмір деген қызық екен.

1933-34 жылдары ата-анасы қайтыс болып аға-жеңгесі Түленбай Жамилямен Ақсу ауылына көшіп келеді. Чапаев колхозына жұмысқа түсіп, сиыр фермасында қызмет істейді. Атамыз Енсебаев Биғазанға тұрмысқа шығып, 1936 жылы ұлы Тоқтарбай, 1938 жылы қызы Сабира дүниеге келеді. Әжеміздің осы жылдардағы тағы бір есте қалған тарихи оқиғалардың бірі – ауылдарды коллективизациялау еді. Ауылдарды байланыстыратын ортақ жолдар болмады, осы мәселені шешу үшін барлық адамдарды жол салуға жұмсаған екен. Халықтың жағдайы өте ауыр болыпты, тамақ жоқ, киім тапшы. Шаруашылықты көтеру үшін ерлерді де, әйелдерді де колхоз, совхоз жұмысына салады. Омыраудағы балаға қарамастан енем де жұмыста жүріпті. Ақсу ауылын орталық Катонмен байланыстыру үшін жолдағы Черемошка, Печи, Согра ауылдары арқылы Бұқтырма өзенінің бойымен жол салу керек болды. Осы жолдың ең қиын бөлігі – Собачий деп аталатын үлескіні салуға біздің енеміз қатысыпты. Фермада сауыншы болып жүрген 10 сауыншы және аулдағы 5 ер адамға осы тапсырманы тапсырыпты. Ауылдан жаяу шығып, аталған жерге жеткен соң ағаштан қос жасайды екен. Оның үстін ағаштың бүрімен, шөппен жауып қояды. Қостың астына салатын ештеңе жоқ, оған шөпті шауып, кептіріп, соны салады екен. «Бізге берген үлескіде жалғыз аяқ жол ғана болды. Ол өзен бойымен айдаған малдың таптаған тұяқтарынан түзілген еді. Біздің алдымыздағы тапсырма - осы жолды кеңейту керек болды. Ешқандай техника жоқ, қолымызда күрек, лом, шапқы, тартқы сияқты құралдар ғана....» - деп алақанын сипап жарықтық енем есіне алушы еді. Осы құралдардың кейбірі әді де үйде сақталған.

1 / 2

Бригадир құралдарды күнде қайрап береді екен. Таңғы төрттен жұмыс басталады, кешкі сегізде күн бата ғана демаламыз. Әйел болса да, тастарды қопару, тамырларды тазалау жолды тегістеу сияқты ауыр жұмыстың барлығын атқарыпты. Бір әйелге берілетін күнделікті норма - 2 метр жол жасау. Жалғыздан жұмыс жасау мүмкін емес, сондықтан звеноларға біріктіреді екен. Тапсырманың мерзімі – күзге дейін аяқтау керек. «Демалу, моншаға түсу деген ұғым жоқ, адам төзгісіз жағдайда 16 сағаттан жұмыс істедік қой...» деп күрсінетін әжелерің. Бригадир 3 күнде бір рет барып ауылдан тамақ әкеледі. Бала-шаға, үйдің жағдайын содан біліп отырады екен. Бірде бригадир Төлегетаев Ақпай деген кісі ауылдан келеді. «Қуанып, барлық хабарды тыңдап, хат жазса, хаттарды оқып мәз болып отырдық. Ол кісі мен жаққа жалтақтап, қарағысы келмегендей болып отырғанын сездім. Сол кезде құрбым Нағима Құлжабаева маған ағамның қайтыс болғанын естіртіп, мен айтқанымды білсе, жазалайды деп сыбырлады». Бұны білген енемнің жан дүниесі алай-дүлей болып, не істерін білмей біраз ойланып алып, аяғындағы ескі етікті тасқа ұрып, табанын жыртып тастап, бригадирге келіп: «Етігім жыртылып қалды. Ағама барып шегелетіп аламын. Сенімен барамын!», - деп қалмай қояды. Алдында арбамен кетіп бара жатқан бригадир, соңынан етігін иығына салып алып, енеміз еріп келеді. Бригадир оның қалмайтынын сезіп, арбаға отырғызып алады. Ауылға келсе, сүйекті шығарғалы жатыр екен. Сүйекті апаратын өгізді арбаға жегіп, дайындап қойыпты. Үйдің алдында бірен-саран адамдар жүр екен. Өлікті шығарудың өзі өте қиын болыпты, орайтын ақырет те жоқ, үстіндегі киіммен жерлеген екен. Баймурза мен Қошқарбай деген азаматтар ағасын Чаловка деген ауылдың маңайындағы зиратқа көміп, бір құранын оқып, қайтарда өгізге жегілген арбамен бір арба отын алып келеді. Ағасына арнап құран оқытуға шелпек пысырып, етігін шегелетіп, енеміз жұмысына оралыпты. Қайғыратын уақыт та болмапты.

1942-43 жылдар арасында соғысуға жасы келген ер адамдардың барлығы соғысқа аттанады, соның ішінде атамыз да соғысқа кетеді. Енеміздің аяғы ауыр болып балаларымен ауылда қалады. Жүктілігіне қарамастан, осы фермада меңгеруші болып тағайындалады. Сүрме жинау, шөп жинау, сауын сиырлардың сүтін өңдеу жалпы барлық ферма жұмысына жауапты болады. Сиыр фермасы жаз айларында ауылдан 7-8 шақырым биік тауда орналасқан шөбі шүйгін жайылымда орналасады. Сиыр сауатын, бұзау бағатын әйелдер ауылдан жаяу барып, жаяу қайтады. Кезекші сауыншылар сауылған сүтті екі шелекпен иінағашпен көтеріп ауыл ортасындағы сүт өңдейтін зауытқа әкеліп тапсыру керек. Сүт бұзылып кетпес үшін оны тездетіп тапсыру сауыншының міндеті болған.

Бір күні кезекші сауыншы сырқаттанып қалады. Аяғы ауыр болғанына қарамастан, апамыз өзі сүтті апаруға бел буады. Сүт құятын шелектер ағаштан жасалған болыпты, бір шелекке 10-12 литр сүт сияды екен. Ағаштан жасалған иінағашқа екі шелекті іліп алып, сіркіреген жауынға қарамастан, әжелерің сүтті көтеріп алып, жолға шығады.

Иінағаш пен ағаш шелектер  - интернет желісінен алынған сурет

Иінағаш пен ағаш шелектер - интернет желісінен алынған сурет

Жауған жауыннан қара жол батпақтанып, шөп су болып, төмен түсуді қиындатады. Оған қоса, аяғында теріден иленіп жасалған етік су тиген соң, көнектей болып терісі созылып, табаны сырғанақ болып қалады. Осыдан болар, бұл етіктерді халық арасында «көнек етік» деп атайды екен.

«Көнек етік» - интернет желісінен алынған сурет

«Көнек етік» - интернет желісінен алынған сурет

Жотадан төмен түсіп бара жатқанда көнек етік әбден жібіп, Нұрмұқан апамыз құлап, бұта қарағанның ортасымен домалап, таудың етегіне бірақ түседі. Есін жиып, маңайына қараса, киімі жыртылып, екі тізесі, қолдары мен беті тырналып қалыпты. Ақырын ішін сипап көрсе, баласы аттай тулап жатыр екен. Алла қолдап, бала аман екен. Артынан атпен шауып жеткен сиыршы орнына тұрғызып, ауылға жеткізіпті.

Бірде ауыл басшысы әжелеріңді шақыртып алып, ферманың 30 шақты тайыншасын аудан орталығы Катонға айдап апарып тапсырып келуге жұмсайды. Қазіргідей көлік жоқ, жалғыз әйел адам, жаяу осыншама малды жүздеген шақырымға созылған жерге апару керек деген тапсырма қазір миға қорғысыз болғанымен, соғыс жағдайында қалыпты болыпты. Үйдегі бір жасқа толмаған омыраудағы қызын 14 жасар сіңілісі Қазынаға тапсырып, жолға шығады. Қазан айының бұлыңғыр, қысқара бастаған, жондағы барлық мал ауылға түскен кез еді. Жалғыз өзі жаяу, отыз тайыншаны алдына салып, қазанның 5 күні таң қараңғысымен жолға шығады. Тек үшінші күні ғана Печи деп (қазіргі атауы Барлық) аталатын ауылға жетіп, Бұқтырма өзенінің жағасындағы жазыққа малын иіріп, демалып алуға тоқтайды.

Интернет желісінің Яндекс карталарынан алынған маршрут

Интернет желісінің Яндекс карталарынан алынған маршрут

Күздің түнгі аспаны түнеріп, қараңғылық қоюлана түседі. Енемізде ұйқы жоқ, қорқыныш басым болды, мал басын аман сақтап жеткізу деген бұйрық бар содан көз ілмейді. Түн ортасы болды-ау дегенде маңайда әр жерден жылтыраған от көріне бастайды. Қасқырлар екенін бірден сезген ол, жанын шүберекке түйгендей күй кешеді. Енді не істесем, қайтсем екен деген ой мазалайды. Сол сәтте есін тез жинап, шешім қабылдау керек болды, қолында сиыр айдаған ұзын қураған таяқтан басқа қорғаны да жоқ еді. Маңайын байқап тұрса, тоқтаған жерде ескі комбайнның қаңқасы тұр екен, малдың бәрін сол жердегі сабанның жанына иіріп, шыр айнала сабан тасып, от жағып, өзі комбайнның үстіне шығып, темірді қатты тарсылдатып, айғайлай бастайды. Қасқырлар 10-15 қадамға шегініп тосып тұрады, от жанып болғанда қайта жақындай бастайды. Қайсар әжеміз тағы да сабан жағып, осы әрекетін қайта-қайта қайталапты. Сөйтіп, бір кезде бозарып таң ата бастайды. Ауыл оянып, тіршілік басталады. Қасқырлар ұлып-ұлып артқа шегініп, көзден ғайып болыпты.

Қасқырлардан аман қалған әжеміз суы бұлқынған, Бұқтырма өзеніне жетеді. Ол да оңай жау емес, қанды өзендердің бірі ғой, әйтеуір арпалысып жүріп Нұрмұқан әжелерің малдың барлығын аман-есен өзеннен өткізіп, соның бойымен Катон ауылына жол тартады. Жолда бірнеше рет қонып, қазанның 14-де ауылға жетеді. Үйде қалған балаларын ойлап, толғанатын уақыты да болмайды, байланыс жоқ. Кеудесін сыздатқан омырауын күтетін шама жоқ, Катон ауылына жеткеніне қуанады, қызықтың көкесі Катонда тосқандай болды. Келсе, «бойнада» (қасапхана - малды соятын жер) кезекші адам жоқ екен, сол жерде бір апта тосуға тура келеді. Осы аптада тағы да қаншама азап шегеді: ашыққан мал, ұрыларды да көреді. Әйтеуір барлық малды тапсырып, енді үйге қайтамын дегенде, бордақылауға (семіртуге) 15 бұзау айдап әкетесің деген тапсырма береді. Қанша қиналғанымен, ол бұйрыққа да көндігеді. 15 бұзауды екі-екіден ноқталарын байлап алып, Катоннан қайта Ақсуға жол тартады.

Интернет желісінің Яндекс карталарынан алынған маршрут

Интернет желісінің Яндекс карталарынан алынған маршрут

Жас бұзаулар тайыншалардан да қиын болады екен. Бұзаулар қайта-қайта қашып, қатты шаршатады. Арасындағы тыныштық кезде балаларыма аман-есен жеткізе көр деп Аллаға жалбарына кетеді екен. Бұқтырмадан бұзауларды небір қиындықтар көріп өткізген соң, мал да жуасып, он күн дегенде Ақсу ауылының шеті көрінеді-ау. Сонда ғана қатуланған көңілі босап, екі көзден аққан жасына ерік беріп, сағынған балаларын есіне алып, өксіп-өксіп жылап алады. Бұзауларын фермаға өткізіп, үйіне бет алады.

Балаларын сағынып, аңсап жүгіріп келеді. Кішкентайымды бір иіскесем, бәрін ұмытамын деген тәтті ой күш беріп, қанат қақтырады, аяғы-аяғына тимей жүгіріп келеді. Арада өткен бір ай уақыт болмаған сияқты, омырауы иіп сала берді. Үйге жақындағанда, от жанып тұрған сияқты, терезеден сығырайған майшамның жарығы әрең көрінеді. Есікті сіңілісі ашады. Сіңілісі де, үш жасар қызы да үндемейді, екеуі үнсіз жылап тұр. Жүрегі шығып кетердей тулап, күшкентай қызының бесігіне қарай жүгіреді. Бесікті ашса, бесік бос... Бесігін құшақтап, байғұс ана құлай кетті. Баласының киімдерін иіскелеп, жерді ұрып айғайлап жылады. Есін жинағанда ауылдың үлкендері жиналып, басу айтып, тоқтау жасағанын көріп тынышталады. Ауылдан кеткен соң, бір аптадан кейін бала ауырып, шетінеп кетіпті. Заманның қиындығы сол болды ғой, баланы күтіп қарауға да уақыт болмады. Енеміз бертінге дейін «Мәликамды ешқашан ұмытпаймын, шапағатты болсын!» деп тілеп отыратын. Міне, осылайша Ұлы Жеңіс үшін ауылда қалған әрбір адам өзінше жаумен күресіп, соған үлес қосып жатты. Болашақ ұрпақ үшін білім беру жүйесі, шаруашылық, денсаулық сақтау орындарын сақтап қалуға тырысқан тылдағы ардагерлер үшін үнемі тағзым ету біздің міндетіміз. Үлкен әжелерің соғыстан мүгедек болып қайтқан аталарыңды тосып алып, 3 ұл, 2 қызымен бақытты өмір сүрді.

«Енем шебер адам болатын, соғыстан кейінгі жоқшылық заманда адамдардың жаға-жеңін түзеп, киім тікті, алаша, сырмақ, құрақ көрпе тігіп, өнерін қыздарына, немерелеріне мұра етіп кетті», - деп әжем өз әңгімесін аяқтады. Ұлы әжеміз Нұрмұқан Құжыққызы 2003 жылы 3 қазанда қайтыс болды.

1 / 3
Немерелерінің арасында отырған Нұрмұқан әжеміз

Немерелерінің арасында отырған Нұрмұқан әжеміз

Әжемді көрмесем де, осыншама тарихи кезеңдерді басынан кешіп қана қоймай, солардың ішіндегі оқиғалардың күәгері мен басты кейіпкері болған адам ретінде оның шыдамдылығына, қайсарлығына бас иемін. 90-ға таяған шағында әжеміздің бес баласы, олардын тараған 20-ға жуық немерелері болған екен.

Жоғарыдағы суретте осы керемет әңгімені айтып берген, әжем - Сарсенбаева Торғын (сол жақта), атам – Енсебаев Қабитқан (оң жақта), ал оның алдында отырған - менің әкем Енсебаев Даулет. Менің қарындасымның есімін осы ұлы әжем мен атамның естелігі болсын деп Қабитқан атам Бинұр деп қойыпты (Биғазан атамның Би деген бірінші буынын, Нұрмұқан әжемнің Нұр деген буынын алыпты).

Сардар Қабитқан

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ