АУКЦЫОН - «БАНЗАЙ»

БАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА ҚАРАЙ: ДЫБЫС ГЕОГРАФИЯСЫ

АУКЦЫОН - «БАНЗАЙ»

"АукцЫон" тобының орындауы. Қазан циркі. 1986 жыл

Qalam сантүрлі мәдениеттердің өзара тоғысуын зерттеуге тырысады. Осыған орай музыка әртүрлі географиялық және идеологиялық кеңістіктер арасында бітімгер қызметін атқаратын плейлистер сериясын бастауға шешім қабылдадық. Біздің алғашқы плейлистіміз «Батыстан Шығысқа — жүз үздік туынды» деп аталады. Ол аптасына бірнеше рет жаңартылып отырады, әрі Батыс поп-мәдениетінде музыкалық, географиялық, тұрмыс-салт яки саяси өзге де Шығысқа тән шындықтың қалай бейнеленгенін сөз ететін болады. («Батыс» және «Шығыс» ұғымдарын бұл жағдайда мейлінше кең әрі шартты түрде түсінген жөн).

Орыс рок-музыкасы қорына енген бұрынғы туындыларда шығыс мақамы бар әндер аз емес, мысалы: «Аквариум» тобының «Тибетское танго» («Тибет тангосы»), «Гражданская оборона» тобының «Паломники в Корею» («Кореяға бет алған діндарлар»), «Телевизор» тобының «Дальний Восток» («Қиыр Шығыс») әні және не де болса атап өтейік, «Чайф» тобының «Вольный ветер» («Самал есті») әні. Алайда толықтай осы тақырыпқа арналған концептуалды альбомдар жоқтың қасы, осы орайда «Аукцион» тобының «В Багдаде все спокойно» («Бағдатта бәрі тыныш») атты тамаша үшінші пластинкасын (1989) айтпай кетуге болмас.

Мұндағы Шығыс ұғымы біраз дүниені қамтып тұр: ақын әрі топтың клавишнигі Дмитрий Озерский Харун ар-Рашид тұлғасына сілтейтін артистік-абсурдтық мотивтерге ден қойған, ал оның әріптесі, топ жетекшісі Леонид Федоров болса, өзі айтқандай, соған қарап, кең тараған музыкалық клишелерді таңдап көрген. Альбомның бас туындысы «Банзай» атты квази-жапон әні. Квази деуіміздің себебі бұл ән нағыз Күншығыс елін емес, кеңес заманында біраз көрерменнің көңілінен шыққан Клод Зидидің осы аттас комедиясын көбірек еске түсіреді. Qalam жобасы өкілдерімен сұхбаттасқан Федоров осы альбомның «көрегендікке балауға болатын» тұстары да жоқ емес екенін айтқан: мәселен, естеріңізде болса, альбом жазылған шақта Қытай мен Кеңес Одағының қарым-қатынасы анау айтқандай жақсы емес-тін, ал қазір сол альбомдағы «Тоска» («Мұң») әнінің: «Город из песка, длинная стена, стройка на века у нас одна, милые края, жизнь здесь так легка, жёлтые друзья на века» («Құм қала, ұзын дуал айнала, ғасырдан да ұзақ қой, біз бастаған ортақ іс, құтты мекен біз тұрған, екі ел мәңгі достық құрған») деген жолдарын оқып, алда не күтіп тұрғанын аңғартқан нанымды саяси болжам деп түсінсек те болады. Айтпақшы, «Мелодия» фирмасы «В Багдаде все спокойно» күйтабағын шығарған соң көп ұзамай Парсы шығанағында соғыс оты тұтанған еді.