БЕС МЫҢ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ШЕКАРА

Соғыс, сауда мен дипломатия қазақ-қытай шекарасын қалай қалыптастырды?

~ 10 мин оқу

Коллаж / Qalam

Бес мың жыл бойы мемлекеттер жер бөлісе алмай дауласты, бейбітшілік шарттарын жасасып, шекара аймақтарын сауда мен ынтымақтастық мекеніне айналдырды. Қазіргі қазақ-қытай шекарасының тарихы тек 20-ғасырдағы дипломатияның нәтижесі емес, сонау ғұн, Түркі қағанаты, Моңғол империясы мен Қазақ хандығы дәуірлерін қамтитын, терең тамырлы қарым-қатынастың нәтижесі. 21-ғасырда қос мемлекеттің шекарасы толық демаркацияланды. 

Мазмұны

Алғашқы шекаралар қашан пайда болды?

Адамзат тарихындағы ең ұзақ дау — жер дауы болса керек: дәлірек айтқанда, мемлекеттер арасындағы «шекараларды қай жерден сызамыз, заң бойынша қайсыбір аймақ қай елге тиесілі?» деген даудың шетіне жету қиын. Бұл даулардың соңы көбіне соғыспен аяқталды, өкініштісі, 21-ғасырда да мұндай әскери қақтығыстар өршіп тұр.

Шекара дауына ең көрнекі дәлел — Умма-Лагаш соғысы. Бұл — ежелгі Месопотамиядағы екі мемлекет арасындағы ұзаққа созылған, әрі тарихта құжат жүзінде қатталған ең алғашқы соғыс. Осыдан 4500 жыл бұрын, ал атақты Троя соғысына дейін шамамен 1250 жыл бұрын болған бұл қақтығыс бізге халықаралық шарттарда тіркелген ең көне соғыс ретінде ғана емес, оқиғасымен де қызық. Лагаш қабырғаларына ойып жазылған жазбаларға сенсек, шумерлердің екі қала-мемлекеті арасындағы жанжал шекара жайлы ежелгі келісімді қарсы тарап — Умма тұрғындары бұзғаннан кейін басталған. Басқаша айтқанда, адамзат тарихындағы ең көне соғыс шежіресінде одан да ертерек бекітілген шекараларға қатысты келісім жайлы айтылады. Өкініштісі, ол келісімшарттың толық мәтіні сақталмаған.

«Құзғындар стеласы»: Лагаш әскерін бастаған Эанатум патша жеңіліске ұшыраған дұшпандарын таптап келеді. Гирсу, б.з.б. шамамен 2450–2425 жылдар / Лувр

Ал жер бетіндегі екі мемлекет арасында сақталған ең алғашқы бейбітшілік келісімшарты — тарихта «Кадеш келісімі» ретінде әйгілі Мысыр-Хетт келісімі. Ол шамамен 3300 жыл бұрын жасалып, Египет пен Хетт шекарасын шегендеп берді. Умма-Лагаш арасындағы келісімнен Мысыр-Хетт келісімшартының айырмашылығы — екіншісінде шарттар егжей-тегжей көрсетілген. Ұзаққа созылған соғыстан кейін II Рамсес мен III Хаттусили арасында жасалған осы келісім бүгінде үйреншікті дипломатиялық сөздіктегі «мәңгілік бейбітшілік, достық және бауырластық туралы кепілдіктерді, сондай-ақ үшінші күштердің шабуылы жағдайында бір-бірін қорғап, жауға қарсы аттану» ұғымдарын енгізді. Дәл бүгінгі мемлекеттер секілді, олар да екі тілде шарт жасап, міндеттемелерді орындаудың арнайы кепілдігін алып, шартты екі тараптың ресми мөрімен бекітті және оны бұзғандарға арнайы жаза тағайындады:

«Осы уәдені бұзған адамның үйі, жері және құлдары жойылсын. Ал оған адал болғанға денсаулық пен өмір дарып, оның жері мен құлдары аман болсын»iДипломатия тарихы. 1-том, ред.: В.П.Потемкин. Мәскеу, 1941. 22-бет..

Дала дипломатиясы — соғыс емес, бейбітшілік

Ұлы Далаға жоғары деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынастар мен соған сай халықаралық бейбітшілік шарттары тән болды. Мұндай қарым-қатынастардың ең жарқын мысалы — көшпелі Хунну империясы (ғұндарды бұрын хунну деп атаған) мен қытайдың Хань империясы арасындағы бейбітшілік келісімшарттары. Осылайша, Қытайдың ғұндарға қатысты саясаты тек Ұлы қорған салумен шектелмеді, ал түркі және моңғол тайпаларының арғы тегі болып саналатын ғұндардың саясаты шапқыншылық, соғыстармен шектелмеді. Дегенмен кейінгі халықаралық келісімдердің прототипіне айналған тарихтағы ең алғашқы халықаралық бейбітшілік шарты сияқты, ғұн мен қытай арасындағы бұл бейбітшілік шарты да жойқын соғыс пен әскери қақтығыстан кейін барып жасалды.

Қазіргі дипломатиялық хаттама талаптары сияқты, олардың арасындағы келіссөздерді де жоғары лауазымды шенеуніктер бас болып дипломатиялық миссиялар мен хат алмасу арқылы жүргізді. Кей талаптар келіссөздер барысында бекісе, кей маңызды мәселелер билеушілерге жеке хаттар арқылы жолданды.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫ

Қажетсіз құрылыс па, әлде ғаламат қорғаныс қамалы ма?

Осылайша, халықаралық бейбітшілік шарттарының бастан-аяқ құрылымын б.з.б. 162 жылы Хунну (Ғұн) мен Хань империялары арасындағы әйгілі келісімнен көруге болады. Күллі процесс «Ши цзи» жазбасындаiХань империясының ресми шежірешісі, қытай тарихнамасының атасы деп саналатын Сыма Цяньның тарихи жазбалары егжей-тегжей сипатталған. Сондай-ақ ол Ғұн империясының ең жоғарғы билеушісі шаньюй Лаошанның Қытай императоры Вэнь-Диге жеке жолдаған хатын келтіреді:

«Біздің мемлекеттеріміз арасында туыстық қарым-қатынасқа негізделген бейбітшілік орнады. Біз, екі билеуші ​​де, осы бейбітшіліктің қызығын көреміз, соғысты тоқтатып, сарбаздарымызға демалыс бердік, соғыс аттарының ауыздығын алып, отқа жібердік. Бұдан былайғы ұрпақтарымыз өркендеп, қуанып, бейбіт заманда жаңа өмірін бастайды»iСыма Цянь. Тарихи жазбалар (Ши цзи). VIII том. Мәскеу, 2002. 338-бет.

Императордың Ғұн билеушісіне берген жауабы мейірім мен бауырластық жайлы риторикаға толы болды, ал Қытай императорының сарайынан мұндай сарындағы хаттар сирек жөнелтілетін:

«Өткен оқиғаларға назар салсам, сол кездегі ұсақ-түйек істер мен болмашы себептер, кеңесшілердің сәтсіз жоспарлары біздің бауырластық қарым-қатынасымыздың қуанышын бұза алмады. Ұлы Аспан бір ғана адамды емес, күллі жаратылысты панасына алады, қара Жер ешкімді бөліп-жармай, бәрін көтереді деп естіп едім. Сондықтан, шаньюй, өткеннің ұсақ-түйек кикілжіңін тастап, Ұлы жолға түсейік, мәңгілік болашақ үшін өткеннің зұлымдықтарын жояйық, сонда қос елдің халқы бір шаңырақтың баласындай болады»iСыма Цянь. Тарихи жазбалар (Ши цзи). VIII том. 339-бет.

Екі мың жылдық тарихы бар бұл келісімнің тонның ішкі бауындай доспейіл және әсіре дипломатиялық сарынына қарамастан, екі империя арасындағы шекаралар нақты шегенделіп, оларды бұзғандар қатаң жазаланатыны туралы ережелер болды:

«Ғұндар шекара аймағына басып кірмейді, ал ханьдар өз шекарасынан тыс жерлерге шықпайды. Келісімнің осы шартын бұзған кез келген адам өлім жазасына кесіледі. Бұл біздің берік достығымызды нығайтады, болашақ зардаптардың алдын алады әрі біздің ортақ мүддемізге сай келеді. Мен мұны мақұлдадым және келісімшартты бүкіл Аспан асты еліне хабарлауға әмір еттім»iСыма Цянь. Тарихи жазбалар (Ши цзи). VIII том. 339–340-беттер.

Жібек жолы қайдан басталады?

Қытай мен Ұлы Дала империясы арасындағы келісімшарттар стратегиялық мәселелер мен шекараларды белгілеуге ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды сауда қатынастарына да қатысты болғанын есте ұстаған жөн. Онда ғұндар мен олардан кейінгі түркі мемлекеттері маңызды логистикалық рөл атқарды, көп жағдайда жібек саудасындағы жалғыз ресми делдал болды. Жібек сол дәуірде уақытша халықаралық валютаға айналды, оны Қытайдағы ең бір сұранысқа ие және құнды тауар саналған жылқыға айырбастады. Шынында да, қытай жылнамаларына сәйкес, Жібек жолын құру идеясы Чжан Цяньның Қытай императоры У үшін ғұндардан «аспан жылқыларын» алдыруымен тікелей байланысты болды.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙ МЕН ДАЛАЛЫҚ ИМПЕРИЯЛАР

1-дәріс.

Сонымен қатар Хань империясы тек ғұндарға бейбіт қарым-қатынас шарттарын бұзбай сақтап отыру үшін жыл сайын 27 тонна жібек жіберетін. Ғұндар жібек саудасының үлкен ағынын бақылап, әрі қарай оны соғды көпестері арқылы сатты. Дегенмен сол кезде саудаланатын негізгі тауар жібек пен жылқы ғана емес еді, Чжан Цяньның өзі саяхаттары барысында Хань мен Хунн (Ғұн) империяларының түйіскен жерінде өркендеген шекара базарларын кеңінен сипаттағанiNicola Di Cosmo, “The Relations between China and the Steppe: From the Xiongnu to the Türk Empire.” In Empires and Exchanges in Eurasian Late Antiquity. Rome, China, Iran, and the Steppe, ca. 250–750, eds. Nicola Di Cosmo & Michael Maas (Cambridge: 2018): 40.

Кейінірек, Түркі қағанатының пайда болып, алып трансқұрлықтық империяға айналуымен шекараларды белгілеу, тату көршілік қарым-қатынас орнату және шекара саудасын дамыту стратегиясы түркілерге ауысады. Солтүстік Чжоу, Суй және Таң әулеттері дәуіріндегі дипломатиялық қатынастар туралы қытай дереккөздерін зерттей келе, Қытайдың сыртқы саясаты негізінен шығыс түркілерге бағытталғанын, ал түркілер негізінен әскери-саяси емес, экономикалық мүдделерді көздегенін байқаймызiҒаниев Р.Т. VI–VIII ғғ. Қытайдың Орталық Азиядағы шығыс түркілеріне қатысты сыртқы саясаты // Орал мемлекеттік университетінің хабаршысы. 2-серия: Гуманитарлық ғылымдар, 2011. №3 (93). 66-бет.

Белгісіз түркінің бюсі. Б.з. 5–7-ғасыр аралығы. Афрасиаб, Самарқан / Wikimedia Commons

Қытай деректеріне сәйкес, бір-бірінің шекаралары мен аумақтарын мойындау және алдын ала келісімдерге негізделген мұндай өзара тиімді қарым-қатынас бізге аймақтың өн бойындағы тепе-теңдіктің өзегі ретінде көрінді, ал Түркі қағанаты өзінің зор ықпалымен Қытайдың солтүстік шекаралары үшін мызғымас қалпын сақтап қалды. Сонымен қатар сауда байланыстары дамып, екі державаның тауар айналымы үшін тұрақты және қауіпсіз нарықтарын ашты.

Тиімді дипломатиялық қарым-қатынас әдістерінің арасында неке одақтарымен қатар, жағдайға қарай билеушілер мен элитаға арнайы ұсынылған сый-сыяпат болды: қытайлықтар негізінен жібек, ал түркілер жылқы тарту ететін. Дегенмен қытай дереккөздеріндегі сыйлықтарды алым-салық пен өзара тауар алмасудан ажырату оңай емес. Мысалы, «Чжоу династиясының тарихы» (Чжоу-шу) түркілерге жыл сайын 100 000 орама жібекті «сыйлық» қылғаны жайлы баяндаса, «Таң кітабы» (Тан-шу) императордың өзі түркілерге Таң империясының батыс аймақтарында сауда жүргізуге арнайы рұқсат бергенін айғақтайдыiСонда, 68-бет.

Желмен жарысқан жылқы. Қола мүсін. Ганьсу провинциясы, Қытай. Хань империясының дәуірі (б.з. 2-3-ғасыры). Қытайда жылқының мұндай бейнесі Орталық Азиядан «Тәңір тұлпары» деп аталған жылқылар әкелінген соң кеңінен тараған / Getty Images

Қытай мен Ұлы Дала арасындағы дипломатиялық және сауда қатынастарының дәстүрлі парадигмасы Моңғол империясының гүлдену кезеңінде уақытша үзілгені бар. Себебі 13-ғасырда Шыңғысхан түрлі түркі және моңғол тайпасының басын біріктірсе, кейін оның ұрпақтары Қытаймен қоса барлық көршілес державаларды жаулап алды. Осылайша, Жібек жолының негізгі құрлық жолдарын қамтитын, адамзат тарихындағы ең ірі құрлықтық империя бой көтеріп, соның нәтижесінде жекелеген мемлекеттер арасындағы бұрыннан бар халықаралық шекаралар уақытша біртұтас империяның иелігіне өтті. Уақыт өте соғыс салдарынан қиюы қашқан сауда жолдары мен экономикалық байланыстар қалпына келтірілді. Ал «ям» пошта жүйесі мен арнайы жол жүру «паспорттарының» (пайза) енгізілуі, сондай-ақ ақша бірліктерінің, ұзындық пен салмақ өлшемдерінің бірізденуі Еуразия даласында сауданың қарқынды дамуына ықпал етті.

Алайда Моңғол империясының, кейіннен Алтын Орданың (Жошы ұлысының) ыдырауы Қазақ хандығымен қатар бірқатар жаңа мемлекеттердің іргесінің қалануына, ал кейінірек Жоңғар хандығы құлаған соң Цин империясы ықпалының тез кеңеюіне жол ашты. Бұл өз кезегінде Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін қайтадан тікелей дипломатиялық байланыс орнатуға, шекара саудасын дамытуға және ортақ шекараларды реттеуге итермеледі.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ЖОҢҒАРЛАР: БІР ХАНДЫҚТЫҢ БЕЙМӘЛІМ ТАҒДЫРЫ

Тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы жоңғарлардың жойылуы жайында

​​Абылай хан және қазақ дипломатиясы

Жойқын соғыс, өзара ішкі тартыс және Еуразиядағы екі алып империя арасындағы қақтығыс кезеңінде қазақ халқының мемлекеттілігін сақтап қалған, қазақ-цин дипломатиялық қатынастарының дамуына зор үлес қосқан көрнекті әскери қолбасшы және мемлекет қайраткері Абылай ханның рөлі ерекше болды. Цин империясының өкілдерімен бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізгеннен кейін, ол 1757 жылы Цяньлун императормен кездесуге арнайы елшілер жібереді. Ал императордың Абылай ханға жолдаған хатында былай делінген:

«Сен, қазақтар, жоңғарлар жолдарыңды бөгеп жатқандықтан бізге елші жіберіп, тарту-таралғы әкеле алмадыңдар. Патша сендердің жайлы қоныстанып, көңілді тіршілік етулеріңе тілектес. Сендер әлі де бұрынғы салттарыңда қала беріңдер. Алым-салық беру-бермеу еркі өздеріңде. Егер елші жіберіп патшаға сәлем беретін болсаңдар, патша сендерді ерекше жарылқайды»iНәбижан Мұхаметханұлы. «Қазақ хандығы және Цин империясы», 4-дәріс. Qalam.

Сөйтіп, Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар ресми мәртебеге ие болғанымен, екі мемлекет арасында Жоңғар хандығының территориясы үшін астыртын күрес басталған еді. Әрі бұл уақытта Цин билігі Ертістен Ілеге дейінгі аралықта шекаралық бөгеттер мен әскери бекеттер салуға кіріскен болатын.

Абылай ханның Қытай императорына жолдаған хаты. 1760 жыл / Wikimedia Commons

Осылайша, Абылай хан Жоңғар хандығы құлағаннан кейін, Цин билігіне өткен қазақтардың «атақонысы» — Алтай, Іле мен Тарбағатай аймақтарын қайтарып алу үшін біраз дипломатиялық күш салды. 1860 жылы қазақтардың Іле аймағында мал жаюына рұқсат сұрап император сарайына жазған хатына жауап ретінде Цин билігі оның талаптарын «шектен тыс» деп санады. Соған қарамастан, 1767 жылы Цин империясы Абылай ханның табандылығы мен саяси уәждеріне көніп, қазақтардың жер салығын төлеу арқылы шекарадан тыс жайылымдарды жайлауына рұқсат етті.

Қазақ хандығының дағдарыс кезеңіне қарамастан, Цин империясы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынас терезесі тең тәуелсіз мемлекеттер деңгейінде құрылғанын және Цин билігінің қазақтардың ішкі істеріне араласуға ниеті болмағанын есте ұстаған жөн. Қазақ хандығы мен Цин империясы арасында ресми дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауы шекара саудасының дамуына ықпал етті. Соның арқасында 1760 жылдан бастап Қорғас аймағында қазақтармен сауда жасау үшін арнайы базарлар ашыла бастады. Тарбағатай өңірінде де осындай базарлар есігін айқара ашты.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ЦИН ИМПЕРИЯСЫ

4-дәріс. Абылай хан және Цяньлун патша: қазақ жылқысы, салықсыз сауда және шекара мәселесі

Қос тарап арасындағы бұл сауда-саттық мемлекеттік деңгейде жүргізілді, әрі өзге Орталық Азия мемлекеттерінен айырмашылығы — Қазақ хандығымен сауда кезінде алым алынбады.

Бұл үрдіс 19-ғасырдың басына дейін, яғни Ресей империясы Қазақ хандығының жерлерін жаулап алып, Цин империясының шекараларына көз алартқан кезге дейін жалғасты. Содан бастап барлық шекара дауы мен келісімі қазақ халқын айналып өтіп, тек осы екі империя арасында жүрді. КСРО дәуірінде де дәл осы жағдай өзгермеді.

Еуразияның соңғы шекарасы

Бір қызығы, Кеңес одағы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы кейінгі жер дауының түп-тамыры кезінде Ресей империясы мен Цин империясы жасаған келісімдерде жатқан еді, нақтырақ айтқанда, ол келісімшарттар екіұшты болатын. Бұл араздық шарықтау шегіне жеткенде, 1969 жылы КСРО мен ҚХР арасындағы қарулы қақтығыс бұрқ етті. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, Қытаймен шекаралас Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздік алған соң барып, әлі де түйткілі көп шекара дауларын шешудің және ақырында халықаралық шекараларды демаркациялаудың қиын да ұзақ кезеңіне тап келді.

Совет-Қытай шекара қақтығысы кезінде. Совет кемесі қытайлық балық аулау кемесіне су атқылап жатыр. Уссури өзені, 1969 жылғы 6 мамыр / China Photo Service, Нидерланд ұлттық архиві

Қазақстан-Қытай шекарасында даулы он бес сектор болды, олар 19-ғасырдағы Ресей-Цин келісімшарттарының салдарынан қалған еді. Ал олардың кей тұстары ешқашан демаркацияланбағанiM. Taylor Fravel, Strong Borders, SecureNation. Cooperation and Conflict in China's Territorial Disputes (New Jersey & Oxford: 2008). 1993 жылдың сәуір және шілде айларындағы бірқатар келіссөздерден кейін Қазақстан мен Қытай осы секторлардың көпшілігі бойынша алдын ала келісімге келді, қосымша тағы екі келіссөзден кейін, 1994 жылдың 26 ​​сәуірінде екі тарап Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды. Ол келісім 1995 жылдың 11 қыркүйегінде күшіне енді. Соған сәйкес, даулы секторлардың бір бөлігі Қытайдың, бір бөлігі Қазақстанның меншігіне өтті.

Келесі кезекте 1996 жылдан 2001 жылға дейін созылған, алты жұмыс тобын қамтыған мемлекеттік шекараларды физикалық демаркациялаудың ұзақ та күрделі процесі басталды. Ақырында, ұзындығы 1,783 шақырым шекара шегенделді, оның бір бөлігін су арқылы өтеді. Бұл процесс 2002 жылдың 10 мамырында Бейжіңде қос елдің сыртқы істер министрлері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тан Цзясюаньның Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы хаттамаға қол қоюымен аяқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы үйіндегі ресми қарсы алу рәсімі кезінде. Бейжің, Қытай, 2019 жылғы 11 қыркүйек / Getty Images

Мыңжылдықтардан бері мемлекеттер арасындағы шекара екі ел арасын бөлетін сызыққа да, ынтымақтастық кеңістігіне де айналды. Мұнда соғыстың орнын келіссөздер басатын, ал дипломатия саудаға жол ашатын. Бүгінде, дәл бұрынғы Жібек жолы дәуіріндегідей, Қазақстан-Қытай шекарасы тағы да Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналып, Еуразияның ең ірі нарықтарын байланыстырып, ең берік шекаралар — елдестіретін шекаралар деген қарапайым тарихи шындықты айғақтап отыр.

Көшірілді