Диас Үстеміров. Аңырақай шайқасы / bonart.kz
Қазақ даласы бағзыдан бері халқына адал берілген, ештеңеден қаймықпайтын және бес аспап жауынгерлерімен біте-қайнасып жататын. Қазақ үшін қару қорғаныс құралы ғана болған жоқ, ол халықтың айбыны мен әлеуметтік мәртебесін айқындайтын. Ежелден «бес қару» атымен белгілі садақ, қылыш, найза, айбалта мен шоқпар атойлаған батырдың ажырамас серігі саналаған және тұтас халықтың жауынгерлік рухын паш ететін.
Қазақта «ер қаруы — бес қару» деген бар. Бұл қарулар әскери соғыс өнерінде ерекше рөл атқарып, халықтың көнеден келе жатқан тұрмыс-салтымен біте-қайнасып жатыр. Өйткені көшпелілер өмірінде қару асыну құқығын иеленген адамның өзіне тән артықшылықтары болатын. Тіпті көне заманда халқымыз қару-жараққа сыйынып, ант берген екен.
Ғасырлар бойы жаугершілік заманда өмір сүрген халқымыз қару-жарақты қастер тұтып, жеті қазынаның біріне балаған. Қазақ батырлары соғыстағы жекпе-жек шайқастарда садақ атып, найзамен түйреп, қылыштасып, балталап, шоқпармен соққан. Ал қарудың түрі неге беске бөлінетіні туралы зерттеуші Қ.Ахметжанов:
«Қару-жарақ түрлерінің бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік, бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметімен (функциясының) байланысты. Соғыс қаруларын пайдалану тәсілі бес түрлі қалыптасқан. Олар — ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің вариациялануы, түрленуі ғана. Сондықтан айқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды», – деп түсіндіреді [1, 46-б.].
Қалиолла Ахметжанов. Бес қару түрі. Садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Садақ
Қазақ садағы — қарудың ең көне түрлерінің бірі. Ол әдетте қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Доға түріндегі қарапайым садақтың ұштары тері баудан жасалып, адырнамен тартылып тұрады. Күрделі садақ түрлі ағаштың тіліктерінен жасалып, өзара желімделеді немесе сырт жағына — тарамыстар, іш жағына — мүйіз тілімдер жапсырылып, сабының ортасы мен ұштарына сүйек жапсырмалар қолданылады. Күрделі садақ берік келеді және атқан жебесі ұзақ қашықтыққа ұшады. Жебенің екі, үш, төрт, алты қырлы ұшы болған. Қорамсақтың садаққа арналған, жебелер салатын екі түрі барi
Амин Бре. Қазақстандық садақшы. Жауынгер шабандоздардың халықаралық жарысы. Иран, Фарс провинциясы, Шираз / Alamy
Б.з.д. 1 мыңжылдықта «М» әрпі іспеттес сақтардың садағы пайда болды. Оның ұзындығы 60–70 см-ге дейін жететінi
Сақ аңшысы. Шамамен б.з.д. 500 жыл / Gansu Museum / Wikimedia Commons
Б.з. 1–2-ғасырларында Орталық Азия мен оның аумағында садақтың (Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан, Қазақстан) көптеген түрі (ежелгі түркі, ұйғыр, қимақ, моңғол) пайда бола бастады. Сондай-ақ, оның кейінгі түрлері де барынша жетілдіріліп отырды. Қазір қару-жарақ түрлерін зерттеушілер ғұндар садағының — 4, ежелгі түркілерден — 7, енисейлік қырғыздардан — 4, қимақтардан — 4 және моңғолдардан — 4 түрін анықтағанi
Көшпелілердің садақ ату шеберлігі отырықшы халықтарды ерекше таңдандырған. Қытай тарихшылары: «Ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен құс атып жаттығады», – деп жазады. Араб тарихшылары: «Түркілер садақты ат пен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқ атып үлгереді. Түркінің төрт көзі бар, екеуі — алдында, екеуі — артында», – деген мағлұмат бередіi
Қалиолла Ахметжанов. Көне сақ жауынгерлері. Б.з.б. 5-3-ғасырлар / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Санкт-Петербург этнография музейінде сақталған қазақ жебесінің орташа ұзындығы 60–77 сантиметрге тең. Рузбиханның айтуынша, «қазақтар қайың ағашынан мықты да қатты жебелер жасаған». Сап жасау үшін терек, тал шыбықтарымен қоса, қамысты да пайдаланған. Вадим Курылев: «Барлық темір жебенің ұшы саптың төменгі жағында әдемілік, әсемдік үшін бұралымды қызыл жолақтармен, одан соң жалпақ қара жолақтар жүргізіп, соңында сап түгелдей аяғына дейін қызыл бояумен боялған», – деп жазадыi
Атқан жебенің қарқынын арттыру мақсатында құстардың қауырсыны тағылатын. Шоқан Уәлиханов ол туралы: «Бұл үшін қойдың, тұлпар аттың жүніне ұқсас қарақұс қауырсынын пайдаланған», – дейді. Сондай-ақ, Орталық Азия көшпенділері, әсіресе моңғолдар мұндай жебені әзірлегенде бүркіт, қырғи, қаз қауырсындарын қолданатын. «Мұндай жебелерге, әсіресе қалмақтар бүркіттің құйрық жағынан алынған қауырсындарды пайдаланған. Құс қауырсындарынан жебе қисық ұшатындықтан оларды қолданбаған», – деп П.С. Паллас ерекше атап көрсетедіi
Қалиолла Ахметжанов. Наркескен, қылыш, сапы, Хиуа қылышы / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Қазақ тарихы мен этнографиясының білімпазы Алексей Левшин қазақтардың садақ пен жебені қалай пайдаланғаны жөнінде: «Тез, дәлдеп ататын жебенің алысқа ұшуы ұзақ үйренуді, арнайы дайындықты қажет етеді. Түркі-моңғол көшпенділері бала кезден (негізінен 7–9 жас) садақ атуға жаттығып, керемет шеберлікке қол жеткізген», – дейді.
17–18-ғасырларда садақ қашықтықтан ататын қару ретінде кеңінен ене бастады. Парсы-түркі тілділердің жазба әдебиетінде Орталық Азия мен Қазақстанға қатысты «атқыш-садақшы» деген атау жиі кездеседі. Ал 17-ғасырда жарық көрген орыс әдебиеттерінде қазақтың қаруы жөнінде: «Олардың соғыс тәсілдері тікелей садақ атудан тұратын. Зеңбіректің, тіпті кішісінің өзі де жоқ, ал ұзын отты қарулар мен дәрі-дәрмектерді, қорғасын мен садақтарды Үлкен Бұхар жерінен алып келетін», – деп сипатталадыi
Қылыш
Қазақтың бұл қаруы кескілескен қоян-қолтық шайқаста қолданылады. Қылышпен ат үстінде ұрыс жүргізу икемді. Көшпелі халықтарда 8-ғасырдан бастап семсерлер бір жүзді, қайқы етіп жасалып, қолданысқа енген. Сөйтіп 10-ғасырда түркілер арқылы Батыс Еуропаға тарады. Кейіннен бұл қару жетілдіріліп, 20-ғасырға дейін атты әскердің басты қаруы саналды.
Бес қарудың біріне жататын қазақ қылышы алдаспан, наркескен, зұлпықар, жатаған қылыш, қайқы қылыш деп бірнеше түрге бөлінеді. Олардың ұзындығы 90–95 см аралығында, ені 3–3,5 см болғанi
Бұл қарудың ертеде қолданған екі жүзді, түзу түрі «семсер» деп аталады. Семсер сияқты түзу, бірақ қылыш сияқты бір ғана жүзі бар түрін «сапы» дейді. Қылыш (семсердің, сапының) бөліктерінің атаулары мынадай: кесетін темірі — «болаты», қолға ұстайтын бөлігі — «сабы». Ол ағаштан, мүйізден жасалды және ұшы алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленеді. Қылыштың сабын қолға іліп қою үшін «бүлдіргі» тағады. Оның ұшы кішкентай шашақпен бітеді. Қылыштың (семсердің, сапының) сапқа кіргізілетін бөлігін «балдақ» дейді. Бұл қарудың маңызды бөлігі саналғандықтан мұны да алтынмен аптап, күміспен көмкереді, асыл тастармен безендіреді. Әр заманда қылыштардың балдақтары түрлі пішінде болған.
Қалиолла Ахметжанов. Көне түркілердің (5-8-ғасырлар), қимақтардың (7-10-ғасырлар) және қыпшақтардың (10-13-ғасырлар) қылыштары, семсерлері, сапылары және қынаптары / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Қазақ ауыз әдебиетінде «балдақ» сөзі кейде кесу қаруының (қылыш) да атауын білдіреді. Болаттың (құйылған темірі) түзу бөлігі — «алқымы» («мойны»), кесуге қолданылатын бөлігі — «басы», кесетін жері — «жүзі», қарсы жағы — «сырты», түйрейтін жері — «ұшы» деп атайдыi
Ежелгі скиф, сақ пен сарматтардың қысқа семсерлерін (70 см) «ақинақ» деп атаған екен. Уақыт өте ұзын семсерлер пайда болады. Кейін ат үстінде айқас жүргізуге қолайлы болу үшін оның салмағы азайып, жіңішкерді. Тіпті қызметін арттыру мақсатында сабы жүзіне қисайта орналастырылды. Соған сәйкес кесу қаруын бір жүзді етіп жасап, бұл қарудың екінші түріне «сапы» атауы берілді.
Қалиолла Ахметжанов. Көшпелілер семсерінің қылышқа ауысу схемасы (1). Көне көшпелілер обаларынан табылған бүктелген семсерлер (2, 3). 3-8-ғасырлар. (Ю. С. Худяков). Өр замандағы көшпелілердің семсер, сапы, қылыштарының балдақтары, саптары мен қынаптарының әшекейлері (4, 5) / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Сапы түркі заманында кең қолданылғаны соншалық, бірте-бірте семсерді ығыстыра бастайды. Археологиялық деректер мен бейнелеу өнерінің материалдарына сүйенсек, сапы 5–8-ғасырдан бастап 12–14-ғасырға дейін кең қолданылған. Бірте-бірте жетіле түскен сапының басы қайқыланып, сабы имек етіп жасалды. Бұл сапының қылышқа айнала бастағанының көрінісі еді. Алғашқы қылыштар 7–8 ғасырларда пайда болып, басы қайқылана береді. Кейін 10–12-ғасырларда көшпелілер өміріндегі қылыштың қазіргі түрі қалыптасты. Семсер сапыға, одан қылышқа айналдыi
Қылыш семсердің белгілі бір түрінің даму нәтижесінде пайда болғаны рас. Қылыш — жаңа қару, ал оның семсерден айырмашылығы бір жүзді және айналмалы жолақты болуында жатыр. Қылыш пен семсердің арасындағы негізгі айырмашылық соққы сипатына қарай да анықталады. Семсердің соққысы өте ауыр, әрі жоғарыдан төменге қарай тура бағытталады. Әсілінде ұзын қылышты жаяу әскерге қарсы қолданғанi
Қазақта қылыштың «алдаспан» деген түрі бар. Жалмандарын үлкейтіп, жалпақ қылып жасайды. Алдаспанды тек күші мықты батырлар ғана ұстаған. Оны иыққа қойып, не белге байлап алып жүретін.
Қазақ батырлары парсы (ифсахан) қылыштарын да асынып жүрген. Уәлихановтың айтуынша, қазақтар исфахан қылыштарын «наркескен» (түйені бөлу) деп атаған. Наркескеннің болаты (темірі) алқымынан бастап қайқы болып келеді де, кесу күші жоғары болады. Мұндай қылыштарды қазақтардың өздері де соққанi
Қазақ батырлары қылыштарының жүзін уға суарған. Ондай қылыштан жарақат алған адам тірі қалмайды. Суаруы қанық, жақсы соғылған алмас қылыштардың жүзіне қан жұқпайды. Ал қазір қылышты салтанатты рәсімдердің бөлшегі ретінде ғана көріп жүрміз.
Қазақ қылыштары мен қанжарлары. 19-ғасыр / Алматы мұражайының экспозициясынан
Найза
Ұрыс кезінде найзаны жақын қашықтықта, бетпе-бет айқаста түйреу мақсатында қолданады. Найза әлем халықтарында ерте заманнан бар. Алғашқыда ұшы ұшталған таяқтан жасалатын, бертін келе ұзындығы 1,5–2 метрге дейін жететін ағаш сапқа тастан, сүйектен, металдан үшкір ұш орнатылды. Сабының қолға ұстайтын тұсына (ортасына) және төменгі жағына қайыстан «ілгек» байлайтын. Жорықта сол ілгектерінен қолдың қарына, етік пен үзеңгінің басына іліп алатын. Саптың қолға ұстайтын тұсы жұмсақ болу үшін барқыт немесе мақпалмен орағанi
Қалиолла Ахметжанов. Найза түрлері / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Найзаның ұзын сапты, екі басы үшкір, сауытты бұзуға арналған түрі «сүңгі» деп аталады. Сүңгілердің ұзындығы 3–3,5 метрге дейін жеткен. Көшпелі түркі халықтарында лақтыруға ыңғайлы қысқа найзалар да болған. Ғұндардағы мұндай найзалар туралы Қытай жазбаларында айтылады. Ал «Оғызнамада» «жыда» деген найза атауы кезігеді. «Жыда» деп көшпелі түркілер қысқа найзаны айтқан екен. Жыда көбіне жаяу әскерлердің қару-жарақ қатарын толықтырған. Кейін атты әскердің үлес-салмағы артқан соң көшпелілер өмірінде қысқа найза жыда қолданыстан шығып кеткенi
Қысқа найза, яғни жыда ұстап отырған скиф (1). Көне түркі петроглифтарындағы найза суреттері (2, 4, 5). Қазақ жауынгерлерінің найзалары және оның жебелері (3). 19-ғасыр. Ш. Уәлиханов, П. Қошаров суреттерінен, музейлік үлгілерден / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Найзаның жебесі болаттан, алмас темірден жасалып, көбіне екі қырлы жалпақтау, жапырақ тәріздес келеді. Ұшының қырына қарай сегіз қырлы, төрт қырлы деген түрге бөлінген. Сабын сынбас үшін тарамыспен орап, темір шығыршықтармен бекітеді.
Қазақстанда ерте кездегі табылған найзалардың екі түрі кездеседі. Оның бірі — Шығыс Қазақстан облысының Малая Красноярка қонысынан табылған «лавр жапырағы тәріздес найза», екіншісі — Ақмола облысының Чаглинка қонысынан табылған «кесінді найза». Екеуі де б.з.д. 5–8-ғасырларға тиесілі. Сондай-ақ, Қазақстанның оңтүстігінен б.з.д. 3–2-ғасырларға тән моладан екі темір найза ұшы табылған, оның пішіні тығынға ұқсайды.
Қалиолла Ахметжанов. Қимақ-қыпшақ жауынгерлері. 8-10-ғасырлар / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Найза 17–19-ғасырларда қазақ халқының өмірінде маңызды қарудың бірі болды. Сондықтан, Ф.Скибин және М.Трошкин секілді орыс елшілері: «Олар ұрыста найза мен садақ қолданатын», – деп жазған. 1772 жылы шілдеде Яийцкий қаласына келген қазақ әскерлерінің найза және садақпен қаруланғаны олардың мәліметтерінде анық көрсетілген. Қазақ жауынгерлері ұстаған найза туралы 1803 жылы поручик Яков Гавердовский хабарласа, Алексей Левшин 19-ғасырдың 30-жылдары қазақтардың найза және қылышпен қаруланғанын айтадыi
Қазақ жауынгерінің сауыты, дулығасы және найзалары. 19-ғасыр / Алматы мұражайының экспозициясынан
Найза — қазақтың ежелден дәстүрлі қаруы. Батырлар оған белгі ретінде ту, байрақ, қыл (жібек) шашақ, жалау (желек) тағатын. Ty — қолбасылық, байрақ — әскербасылық, жалау — әскер бөліктерінің айыру белгісі, шашақ — батырлар белгісі саналады.
М. Ореликтің реконструкциясы. Әр дәуірдегі әскери байрақтар: көне Бабыл, Рим, Моңғолия, Иран, Түркілер және Кушан. 1-3-ғасырлар / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Айбалта
Шабу қаруы көнеден келе жатқан көшпелілер қаруының бір түрі. Қазақтар оны 20-ғасырға дейін пайдаланып келді. Сондықтан еліміздің мұражай қорларында қазақ айбалталарының үлгілері көп. Айбалтаның басы металдан соғылып, пішіні әртүрлі болып келетін. Балта басының, яғни жалманының жарты ай секілді дөңгелене соғылуы айбалтаның атауына негіз болған.
Қазақ айбалтаның басына күмістен ою-өрнек салған. Ерте замандарда бұлай ою-өрнек салу магиялық рөл атқарған. Айбалтаның сабы ағаштан жасалып, кейде терімен қапталды, металл жапсырмалармен әшекейленеді. Төменгі жағына қайыстан бүлдіргі тағылды. Қазақ айбалтасының ұзындығы 70–90 см-ге жететін. Мұражай қорларындағы кейбір айбалтаның сабы бұдан да қысқа, ал ұзын сапты айбалтаның үлгілері сақталмаған. Жауынгерлер айбалтаны белге байлап, жорыққа шыққанда тебінгінің астына қыстырып алып жүргенi
Қалиолла Ахметжанов. Қазақ айбалталарының суреті / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Қазақтың батырлық эпостарында кейбір әскери балталардың «ақ балта», «ай балта», «ала балта», «қара балта», «тарақ-балта» деген түрлері жазылған. Кішкене балта «келте шот» деп аталады және оның «айыр шот», «балта шот» түрлері бар. Жерлеу-мәдениет орындарында (құлыпта, қойтас) айбалтаның анық суреттері бейнеленген. Оның жүзі өте жалпақ, ал желке бөлігі шығыңқы болып жасалғанi
Көшпелілердегі айбалталардың негізгі түрлері сақ, скиф, сарматтар заманында (б.з.д. 4–3 ғ.ғ.) қалыптаса бастады. Қазақ батырлары қолданған айбалта түрлерінің сол кезде пайда болған барлық пішіні 18–19-ғасырларға дейін сақталған. Негізінде қазақ айбалтасын сабының ұзындығы мен басына қарай бірнеше түрге бөлеміз. Мысалы, сабының ұзындығына қарай — қысқа, орташа, ұзын сапты үш үлгісі бар. Ұзын айбалтаны жаяу әскерлер тек сарай, орда, қақпа күзеттерінде ұстаған. Ал қазақ айбалталарының бізге жеткен үлгілерінің басым көпшілігі орташа саптылар. Айбалта сабының орташа ұзындығы 75–100 см аралығында. Бұл ат үстінде айқасуға ең ыңғайлы. Санкт-Петербург этнография музейінде қазақ әскери балталарының 5 түрі сақталған.
Қалиолла Ахметжанов. Қазақ айбалталарының суреті / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Қоян-қолтық ұрыс кезінде әскери балталар таптырмас күшті қару болған. Осындай ұрыстардың бірінде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр да жараланған. Адамның денесіне де, басына да балтамен соққы жасай береді. Тәжірибелі жауынгер қарсыласын бір соққымен-ақ жайратып салатынi
Шоқпар
Бес қарудың біріне жататын шоқпар қазақ жауынгерінің соғу қаруы. Оны негізінен ырғай, тобылғы, қайың сияқты қатты түбірлі ағаштан жасайды. Археологиялық деректерден ерте кездерде басы тастан жасалған «тас шоқпарлар» болғанын көреміз. Ондай тас шоқпарлар орта ғасырларда да қолданылатын.
Шоқпар / e-history.kz
Шоқпардың ұруға арналған негізгі бөлігі «басы», қолға ұстайтын жері «сабы», басының сабымен түйіскен тұсы «сағағы» деп аталды. Қолға ұстағанда ыңғайлы жүру үшін сабына қайыстан «бүлдіргі» тағатын. Ал металдан құйылған ауыр шоқпарды «гүрзі» дейді. Басы алты, сегіз тілімді темірден жасалған шоқпардың жеңіл түрін «бұздырған» (бұздырған) деп атаған. Мұндай шоқпар жоғары әскери дәреже алғандарға ту, байрақпен бірге берілетін. Дәреже белгісін айқындайтындықтан шығыста бұздырғандар алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленетін және сабы металмен қапталып, сәнді етіп жасалды.
Қалиолла Ахметжанов. Шоқпар / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Шағын әрі жеңіл болса да басы қырланып жасалғандықтан, бұл шоқпардың соққысы өте қатты тиетін. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Амангелді сарбаздары басы бірнеше тілімді, ықшам келген, бірақ қарапайым жасалған, темірден соғылған шоқпарларды қолданған. Мұның өзі осы шоқпар түрі қазақтарға аса таңсық емесін және оны жасай білгенін айғақтайды.
Қазақтарда тағы бір «босмойын шоқпар» деген бар. Босмойынның қайысы шынжырлы сабына «айналсоқ» арқылы еркін қозғалатындай етіп бекітілді. Бастары темірден, ағаштан, не тастан жасалып, терімен қапталды. Көне көшпелі халықтардың археологиялық мұраларында осындай шоқпардың бастарын ұшыратамыз.
Шоқпар. 19-ғасыр / Алматы мұражайының экспозициясынан
Қазақ ауыз әдебиетінде шоқпарлардың жасалу материалына байланысты «шойын шоқпар», «жез шоқпар», «тас шоқпар» деген атаулары кезігеді. Ал салмағына қарай «бес батпан шоқпар», «он екі батпан гүрзі» деп атайдыi
Белгілі археолог-ғалым Зайнолла Самашев: «Шоқпар-таяқтардың қазақ петроглифында пайда болған уақыты шамамен б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасы», – деп айтады. Қазіргі уақытта осындай ежелгі гүрзілердің төрт шығыңқылы крест тәрізді, шар тәрізді, сопақша, жұмыртқа тәрізді, алмұрт тәрізді және диск тәрізді түрлері белгілі. Ортағасырда осы іспетті гүрзілер пайдаланылды. Моңғол қару жарақтарының ішінде 13–14-ғасырларда ерекше сұранысқа ие болғанi
Жен Гункан мен Диң Ду. Қытай шоқпарлары / Wikimedia Commons
С.В.Киселев пен Н.Я. Мерперт сипаттамалары бойынша, моңғол шоқпарлары темірден жасалған. Моңғол әскері ұзын сапты, көп кұрылымды төмпешіктері бар шоқпарды пайдаланды. Шоқпардың осы бір түрі 15–17-ғасырларда түркі шығармаларында жиі кездеседі. Шоқпар мен гүрзі соққысынан жауынгердің басы жарылып, аттан оңай құлап түсетін. Революцияға дейінгі кезеңді зерттеуші П.фон. Винклердің айтуынша, «шоқпарды» шығыс халықтары шығарған. Санкт-Петербург этнография музейінде осы шоқпардың ағаштан жасалған, ұзындығы 135 см, ал сабының диаметрі 3 см құрайтын түрі тұрi
Шоқпар мен тас гүрзі — «Алпамыс батыр» және «Қобыланды батыр» жырларында кездеседі. Поэтикалық жыр Шади «Фатх-намада» Мұхаммед Шайбани ханның қазақ жасағымен соғысында көрсетіледі. Онда: «Қылышпен, ауыр шоқпарлармен және садақпен қаруланған олар (қазақ әскері) барлық жағынан атпен қоршап алды. Мұнда Бұрындық ханмен болған ұрыста, «гүрзі және қол шоқпарлармен соққы жасалғаны» айтылады. Ш.Уәлиханов қазақтардың сойыл-қанжармен шар тәріздес шоқпармен қаруланғанын растайдыi
Қалиолла Ахметжанов. Қобыланды батыр / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
Шоқпарларды бүлдіргісі арқылы қолға іліп немесе белге алдыңғы не артқы жақтан қыстырып алып жүреді. Ұзақ жолда, жорықта жүргенде шоқпарларды айбалта сияқты тебінгінің астына салады, тақымға қысып немесе алдыңғы қанжығаға байлап алады. Шоқпар гүрзілердің соққылары ауыр тиетіндіктен, көбіне бастан соққы жасайтын. Салмағы ауыр қару екенін ескерсек, шоқпармен айқасу үшін үлкен күш керек. Ауыр шоқпарларды көбіне айналдырып, үйіріп немесе салмағына қарай бір, не қос қолдап, құлаштап ұрды. Негізгі қаруы шоқпар мен сойыл болған қазақ жылқышылары мен барымташылары бұл қаруды қолданудың көптеген әдіс-тәсілін білген. Шоқпармен соғысу әдісін жетік меңгерген жауынгерді — шоқпаршы, ал ауыр шоқпар, гүрзімен айқасатындарды — «палуандар» деп атаған. Мұндай жауынгерлер көбіне қоян-қолтық ұрыста шайқасқа араласқан. Жорыққа шықпаған кезде шоқпарды киіз үйдің оң жағына, кереге басына іліп қойған.
Қазақ халқы ертеден соғыс қаруын қастерлі санап, тіпті қару-жараққа сыйынып, ант берген. Қару асыну құқын иеленген адамдарға белгілі бір артықшылықтар да қарастырылатын. Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қатыса алатын. Жауынгерлік қарудың көптеген түрі мен көшпелі халықтарға тән қорғаныс қаруларын қазақтар 17–18-ғасырларға дейін қолданған, кейбір түрлері 19-ғасырға дейін жетті. Қазақ халқының дәстүрінде әскери қаруды құрмет тұту осы күнге дейін сақталған.
Қалиолла Ахметжанов. Қамбар батыр / «Жараған темір кигендер» кітабынан иллюстрация
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (Батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері). — Алматы: Дәуір, 1996. 238 б.
Кушкумбаев А.К. Военное дело казахов в ХVІІ–ХVІІ вв. — Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 172 с.
Мелюкова А.И. Вооружение скифов. — М., 1964. С. 14.
Қазақтың көне тарихы. — Алматы: Жалын, 1993. 400 б.
Худяков Ю.С. Вооружение енисейских кыргызов. — Новосибирск, 1980. 69–73 с.
Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. 102 б.
Курылев В.П. Оружие казахов // Материальная культура и хозяйство народов Кавказа, Средней Азии и Казахстана: Сб. МАЭ. — Л., 1978. С.16.
Материалы по истории Узбекской, Таджикской и Туркменской ССР. — Л., 1932. 265 с.
Ахметжан Қ. Қылыш // Қазақ ұлттық энциклопедиясы. 10 томдық. Т. 6. — Алматы, 2004. 696 б.
Степи Евразии в эпоху средневековья. — М., 1981. 304 с.
Алланиязов Т.К. Военное дело кочевников Казахстана. — Алматы, 1998. 140 с.
Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы. Т 1. — Алматы, 2010. 464 б.
Казахско-русские отношения в XVI–XVIII веках: (Сборник документов и материалов). — Алматы, 1961. 426 с.
Ахметжан Қ. Садақ // Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Т. 7. — Алматы, 2005. 728 б.
Самашев З.С. Наскальные изображения Верхнего Прииртышья. — Алматы, 1992. 169 с.