БІРЕУІ ҒАНА АМАН ҚАЛҒАН АДАМДАРДЫҢ ҮШ ТҮРІ

1-дәріс. Неандертал туралы не білеміз

БІРЕУІ ҒАНА АМАН ҚАЛҒАН АДАМДАРДЫҢ ҮШ ТҮРІ

Бір-біріне қаратылған Homo Sapiens пен неандерталдың бас сүйектері/

Біздің түпкі ата-бабаларымыз және олардың туыстары туралы біліміміз 19–20 ғасырда қалыптасқан. Сол кезден бері енді ештеңе таңғалдырмайтында көрінген еді. Адамның бас сүйегі мен жағы, көбінесе саусақ-башпай сүйегінің бөліктері мен тісі музей қорын толықтырып, тек тиісті саладағы кәсіби баспасөзде аздаған адамды ғана елең еткізер мақала жариялауға түрткі болды. Алайда 2000 жылдары жаңа ғылым  палеогенетика түбегейлі өзгерістің бастауы болды. Ол ғасырлар бойы үнсіз жатқан сүйектерге тіл бітіріп, адамның осы күнге дейін беймәлім болып келген түрін тауып, кейде тек сүйегінің сынықтары ғана сақталып қалған адамдардың баяғы кездегі өмірінің жай-жапсарын, тіпті ойға да кіріп-шықпайтын дәлдікпен көруге мүмкіндік берді. Соңғы он-он бес жылда ашылған керемет жаңалықтар туралы профессор Александр Марков баяндайды.

Мазмұн

Латынша жалпылама Homo деп аталатын адамдар шамамен осыдан 2,5 млн жыл бұрын Африканы мекендеген қос аяқты маймылдардың — австралопитектердіңiiлатынша және ежелгі грек тілінде australopithecus — сөзбе-сөз айтқанда «оңтүстіктің маймылы» үлкен және алуан түрлілігімен ерекшеленген тобынан — австралопитектерден тараған. Ежелгі адамдардың былайынша айтқанда «жиен немесе бөле» деп атауына болатын парантроптарiiежелгі грек тілінде Paranthropus — адамдарға іргелес тұқымы да австралопитектерден тараған. Парантроптар да адамдар сияқты қуаң саваннада өмір сүруге бейімделген. Ал, саванна даламен салыстырғанда айтарлықтай жайлы. Алуан түрлі шөптен басқа, онда бұталар мен аласа ағаштар өседі, климаты жұмсақтау және жылырақ, айналасында зебра мен бөкен сияқты дәмді, жұғымды азық болатын аң бар.

Плейстоцен табиғаты © Alamy

Плейстоцен табиғаты © Alamy

Ғылымда бұл кезең әдетте плейстоценiежелгі грек тілінде «көп және заманауи» деп аталады, бірақ мұз дәуірі деген басқа атауы да кең таралған. Планетада күрделі климаттық өзгеріс жүріп жатты. Солтүстік жарты шардың биік ендіктерін мұз басқан кезең басталды, ал Африкада климат неғұрлым құрғай түсті, бұл орман алқаптарының қысқаруына және саванна аумағының кеңеюіне әкеп соқтырды. Парантроптар мен адамдардың саваннадағы тіршілікке бейімделуі әртүрлі жолмен іске асты. Табиғаттың өзі қай жолдың дұрыс екенін білмей, «попкорн» қорын жинап алғандай жағдай болды.

Жеміс жеп тұрған парантроп. Болжалды келбеті/Alamy

Жеміс жеп тұрған парантроп. Болжалды келбеті/Alamy

ТІС НЕМЕСЕ МИ

Парантроптардың басты ерекшелігі — олардың жағы мен тісі өте күшті, бұл құнарсыз әрі қатты өсімдік тектес азықпен тамақтануына мүмкіндік берді. Homo адамының, керісінше, жағы мен тісі бірте-бірте әлсіреп, кішірейе бастады, ал миы, керісінше, үлкейе түсті. Ақырында, ақыл иелері күшті және азулы адамдардан басым түсті. Адамзаттың осынау бірінші жетістікке жетуіне не себеп болғанын түсінуге тырысайық.

Мұз дәуірінің фаунасы/Public Library of Science

Мұз дәуірінің фаунасы/Public Library of Science

Сірә, оның миының өсуі жүйелі түрде тастан құрал жасағанына және пайдаланғанына байланысты болса керек, өйткені оның құрал-саймандары бірте-бірте күрделеніп, жетілдірілді. Шамасы, ертедегі Homo адамында мәдени жетістік жинақтаудың бірегей эволюциялық процесі басталған. Мәдениет деп үйрету жолымен ұрпақтан ұрпаққа жететін машық пен мінез-құлық ерекшелігін түсінеміз. Мәдениеттің элементтері басқа жануарларда да бар, бірақ бұл машықты жүйелі түрде жинақтауды, үйлестіру мен жетілдіруді адамдар ғана үйренді.

Парантроптың бас сүйегі/Wikimedia commons

Парантроптың бас сүйегі/Wikimedia commons

Екі процесс — мәдениеттің дамуы және мидың үлкеюі арғы ата-бабамызда жағымды кері байланыс «ілмегін» қалыптастырды: мәдени байлық неғұрлым көп жинақталған сайын, сол байлықты тез игеру қабілеті де соғұрлым арта түсті. Нәтижесінде адамның миы өсіп, мәдениеттің одан әрі дамуына қажет алғышарт жасалды, мұның өзі сәйкесінше мидың дамуына серпін берді, яғни, мидың және мәдениеттің эволюциясы бір-бірін қолдады және бұл сүтқоректілер тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайға әкелді — небары екі миллион жылдың ішінде Homo адамының миының көлемі үш есе үлкейді.

АДАМДАРДЫҢ ҮШ ТҮРІ

Осыдан 1,8 млн жыл бұрын немесе одан сәл ертерек homo адамының жекелеген топтары мезгіл-мезгіл Африкадағы атажұртын тастап, бүкіл Еуразияға қоныстана бастады. Ол кезде адамдардың басым түрі көптеген нәсіл мен түрге бөлінген Homo erectusiiлатынша «тік жүретін адам» болды.

Homo эволюциясының келесі кезеңі эректустардың үлкен басты ұрпақтары — Гейдельберг адамдарыменiлатынша Homo heidelbergensis байланысты. Бұл Африка, Еуропа мен Азияның кең-байтақ жерінде дамыған алуан түрлі популяциялар жиынтығы болды. Болжам бойынша Африкада шамамен 700–900 мың жыл бұрын тіршілік еткен осындай популяциялардың бірі үш тармаққа бөлінді. Бір тармағы Африкада қалса, екіншісі Еуропаға ағылды, ал үшіншісі Шығыс Азияға қоныс аударды.

«Турқаналық бала» реконструкциясы. Homo ergaster — Homo Habilis пен Homo Erectus арасындағы аралық түр

«Турқаналық бала» реконструкциясы. Homo ergaster — Homo Habilis пен Homo Erectus арасындағы аралық түр

Ақыр аяғында бұл тармақтар адамдардың ең озық, ақылды және мәдени үш түріне айналды, атап айтқанда, бұл: сапиенс,iiлатынша homo sapiens — ақылды адам неандерталiнеандертал деген атау 17-ғасырда өмір сүрген немістің композиторы және теологы Иоахим Неандердың атымен аталатын Дюссельдорф маңындағы шатқалда 1856 жылы табылған адамның бас сүйегіне байланысты және жақында табылған денистік11ДенистікДенистік адамның бұл атауы Ресейдегі Алтай өлкесі Солонеш ауданында орналасқан Денис үңгірінен табылған адам сүйегінің қалдықтарына байланысты. Ол жерде қазба жұмыстары 1984 жылдан бері жүргізіліп келеді, бірақ «денистік адам» ұғымы 2010 жылы пайда болды адамдар болды. Әңгімеміз осы адамдар туралы болмақ. Біз соңғы жылдары таңғажайып ғылым — палеогенетиканың пайда болуының, сондай-ақ археологтардың ашқан жаңалықтары мен табылған археологиялық және палеонтологиялық заттардың жасын анықтаудың жаңа әдістерінің арқасында осы миы үлкен және мәдениетті адамдардың үш түрі туралы қандай жаңа нәрсе білгеніміз туралы әңгімелесеміз.

Плейстоцендік сүтқоректілер/Alamy

Плейстоцендік сүтқоректілер/Alamy

ДҮНИЕ ЖҮЗІН ДҮР СІЛКІНДІРГЕН ЖАҢАЛЫҚ

Неандерталдар Еуропаны мекен етті. Бір кездері, осыдан 38 мың жыл бұрын қазіргі Хорватия аумағында әлдебір неандертал өмір сүрген (көп уақыт бойы ол ер адам болған деп есептелді). Ол аң аулады, тамақ жеді, жарын сүйді, армандады, жұлдызды аспанға үңілді, шаршады және алыс болашақта оның қалған сүйегі ғалымдардың керемет жаңалық ашуына мүмкіндік береді деп мүлде ойламаған еді. Лейпцигтегі Эволюциялық антропология институтының профессоры Сванте Пэабо тапқанға дейін осынау жұмбақ бейтаныс адамның мүрдесі Хорватияның астанасы Загребтің жер қойнауында сақталды. Профессордың бұл сүйекке назар аударуының себебі, онда ежелгі ДНҚ жеткілікті мөлшерде сақталған және ол қазіргі заманғы адамның ДНҚ-сымен ластанбаған, яғни онымен басқа ғалымдар іс жүзінде жұмыс істемеген.

Неандертал Мұражайындағы ДНҚ мүсіні. Крапина, Хорватия/Alamy

Неандертал Мұражайындағы ДНҚ мүсіні. Крапина, Хорватия/Alamy

Пэабо бірегей материалдың бір бөлігін америкалық әріптестер тобына табыс етті. Американ және неміс зерттеушілері әртүрлі әдісті пайдаланып, 2006 жылы бір уақытта жұмысының алғашқы нәтижесін жариялады. Олар зерттеу барысында жасаған негізгі қорытынды бойынша неандертал геномын толығымен оқу мүмкін екен. Бұл ғылымдағы бұрын-соңды болмаған аса үлкен жаңалықтың арқасында палеогенетика бірден ғылымның маңызды саласына айналды. Неандертал геномын «алғашқы» оқуға тағы бірнеше жыл кетті. 2009 жылы Сванте Пэабо Американың Ғылымды дамыту қауымдастығының жыл сайынғы жиналысында неандертал геномының жалпы оқылғанын хабарлады. Жобаның құны небары 6,4 миллион долларға түсті, бірнеше жыл бұрын ғана бұл өте аз ақша болып көрінетін.

Лондондағы табиғи тарих Мұражайынан неандерталдық/Wikimedia commons

Лондондағы табиғи тарих Мұражайынан неандерталдық/Wikimedia commons

Бірақ алынған нәтижені ресми жариялау үшін тағы бір жыл күтуге тура келді: компьютерлік өңдеу және алынған тізбектерді талдау жұмысын аяқтау керек болды. Жұмыс барысында анықталғандай, ДНҚ алынған сүйек бұрын ойлағандай бір ер адамның емес, үш әйелдің сүйегі екен. Олар 44–38 мың жыл бұрын, яғни Еуропада африкалық қоныс аударушылар — сапиенс, яғни ақылды адамдар (біз осы тармаққа жатамыз, бірақ оған әркез лайықты бола бермейтінімізді мойындау керек) пайда болғаннан кейін көп ұзамай өмір сүрген.

ӨЗІҢ НЕАНДЕРТАЛСЫҢ!

Бұл ашылған жалғыз жаңалық емес еді. Ұзақ уақыт ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Сванте Пэабоның өзі Африкадан шыққан сапиенс адамдары ежелгі еуразиялық адамзатпен араласпай, оны толығымен ығыстырғанына сенімді болды. Неандерталдарды олардан көш ілгері дамыған сапиенстер жойған деп есептеді. Бірақ генетиктер қалай болғанда да ежелгі сапиенс адамдарының неандерталдармен «қыз алысқанын» дәлелдеді. Демек, олардың қарым-қатынасы соғыс, каннибализм және басқа да геноцидпен шектелмей, әлдеқайда мол және алуан түрлі сипатта болды. Олар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарады, қайғы-қасірет тартты, ұрпақ әкелді және бәлкім, шынайы сезім кез келген соқыр нанымнан жоғары деп пайымдаған шығар.

Неандертал мен қазіргі адамдардың геномы бір-бірінен 0,16%-ға ерекшеленеді. Бір жағынан, бұл айырмашылық мардымсыз — адам мен шимпанзе геномдарына қарағанда анағұрлым аз. Бұл эволюция шежіресіне әбден сәйкес келеді: сапиенс пен неандерталдың ата-бабалары ажыраған кезден бастап өткен уақыт шамамен адам мен шимпанзенің ата-бабалары бөлігеннен кейін өткен уақыттан едәуір аз. Адамның ата-бабалары (ол кезде олар бізге мүлдем ұқсамаған) шимпанзелерден шамамен 6,5 млн жыл бұрын бөлініп кеткен. Ал Гейдельберг адамының неандертал және сапиенс болып бөлінуі небары 300 мың жыл бұрын немесе осы уақыттың шамасында орын алған.

Әр түрлі адам түрлерінің бас сүйектері/Alamy

Әр түрлі адам түрлерінің бас сүйектері/Alamy

Екінші жағынан, біздің «кімдігімізді» айқындайтын генетикалық ерекшеліктерді анықтау мүмкіндігі пайда болды — ең алдымен, бұл неандертал мен шимпанзеде бірдей, ал бізде басқаша болатын геномның егжей-тегжейі (нуклеотидтердің ауысуы, қосылуы, геннің қосарлануы және т.б.). Сірә, бұл элементтер ортақ ата-бабадан қалмаған және сапиенс пен неандертал тармақтары ажырағаннан кейін біздің тармақта пайда болса керек.

Неандертал ата-бабасынан бөлінгеннен кейін сапиенс тармағында өзгеріске ұшыраған геннің функциялары адамның сыртқы келбетіне (тері, шаш, пигмент), энергия алмасуына (әртүрлі климат жағдайына бейімделу және т.б.) және ең маңыздысы, миының жұмысына байланысты болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, біз неандерталдарға қарағанда әдемірекпіз, бейімделу қабілетіміз жоғарырақ және ақылымыз көбірек, бірақ біз мұны бұрыннан білдік.

Ең керемет нәтиже неандертал геномын заманауи бес адамның — еуропалықтың (француз), қытайдың, Жаңа Гвинея тұрғынының және Оңтүстік Африка мен Батыс Африкадағы байырғы екі африкалық адамның геномдарымен салыстыру кезінде алынды. Таңғаларлық жаңалық мынада еді: неандертал геномы африкалық геномнан гөрі еуропалық, азиялық адамдар мен папуастың геномдарына көбірек ұқсас болып шықты. Алынған нәтиже сапиенс пен неандертал адамдарының өзара араласқанын анық көрсетті және бұл сапиенстің еуразиялық популяциясына әсер еткен де, африкалық популяциясына таралмаған. Осы орайда барлық еуразиялық популяциядағы неандертал генінің пайыз үлесі шамамен бірдей. Байырғы африкалықтардан басқа, әрбір заманауи адамның геномында шамамен 1–4% (орта есеппен шамамен 2%) неандертал гені бар.

Тас дәуіріндегі жерлеу. 19 ғасыр иллюстрациясы/Alamy

Тас дәуіріндегі жерлеу. 19 ғасыр иллюстрациясы/Alamy

Егер неандертал гені адамның барлық популяциясына біркелкі таралса, зерттеушілер оны сол кезде қолданылған әдістемемен анықтай алмас еді. Араласудың немесе ғылымның тілімен айтқанда, гибридизацияның бар болғанының дәлелі сапиенстің африкалық популяцияларына неандертал генінің енбегендігінің арқасында ғана алынды.

НЕГЕ ИЗРАИЛЬ ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА ҚАСИЕТТІ ЖЕР?

Неандертал адамдарының сапиенстермен алғашқы кездесуі осыдан 120–80 жыл бұрын Таяу Шығыста болуы мүмкін еді. Кейбір сапиенстер аса ақылды емес, оның үстіне бойы аласа, жамбасы ауыр, маңдайы тайқы, жақтары күшті және иегі жақсы жетілмеген олардың тұрқын көргенде шошыған шығар. Ал басқалары олардың адам қызығарлық жері бар деп ойласа керек. Әрине, ақылдың болуы маңызды. Бірақ егер біз басқа адамның ақылына ғана қызығатын болсақ, онда эволюцияның мүлде басқа сатысында болар едік.

Израильдің солтүстігіндегі бірнеше үңгірде (Схул, Табун, Кафзех) үңгір шөгінділерінің қабат-қабатында тұрпаты қазіргі заманғы адамдарға келетін адамдардың және неандерталдардың сүйегі кезектесіп жатыр. Шамасы, суық басқан кезеңде сапиенстер осы жерді тастап қайтадан Африкаға шегінген, ал олардың орнын солтүстіктен келген неандерталдар басқан, одан кейін климат жылынған кезде бұл процесс кері бағытта жүрген болса керек. Бірақ кейбіреулер үнемі көштен қалып отырған сияқты. Бұл жерден табылған кейбір сүйектер бір кездері неандертал мен сапиенс гибридінің сүйегі деп түсіндірілді. Кейін осылай түсіндіру «сән болмай қалды», бірақ қазір палеогенетика деректерінің арқасында мұны қайта еске түсіріп отырмыз.

Неандерталдар жануарларды жіліктеуде. 19 ғасыр иллюстрациясы/Alamy

Неандерталдар жануарларды жіліктеуде. 19 ғасыр иллюстрациясы/Alamy

Израиль археологтарының бағалауынша, Таяу Шығыста заманауи тұрпатты адамдар мен неандерталдар қатар өмір сүрген уақыт шамамен 10 000 жылға жалғасқан болуы мүмкін. Бұл мүлдем көп уақыт емес сияқты болып көрінгенімен, адамзаттың бүкіл өркениеті — көптеген мемлекет, әскер, философия, әдебиет, поэзия, оттық, компьютер, комикс, Голливуд және Билли Айлиш — мұның бәрі небары 5000 мың жыл ауқымында жасалған дүние. Бір сөзбен айтсақ, екі популяцияның ген алмасуына он мың жыл әбден жеткілікті болды. Сапиенс пен неандерталдың сирек, бірақ, біздің ойымызша, бір-біріне ынтығып кездесуі замануи адамдардың геномында өз ізін қалдырды. Сапиенс Таяу Шығыстан шығып Еуразия кеңістігіне қоныстана бастағанда, олардың бойында неандертал гені болды.

Демек, ежелдегі аралас неке іздері заманауи адамдардың генінде қалды. Бізге мұра болып қалған бұл көрсеткіш қаншалықты аз болса да, философиялық сипаттағы кейбір ескертпесіз неандерталдар толығымен жойылып кеткен деп айтуға болмайды. Бұған қоса, енді біз нағыз, таза қанды сапиенстер — Сахара шөлінен оңтүстікке қарай қоныс тепкен Африканың қара нәсілді халқы, ал қалғанының бәрі аздап метис екенін білеміз.

Марокколық Homo sapiens. 300 мың жылдық қалдықтар бойынша жасалған реконструкция / Science Photo Library / JOHN BAVARO FINE ART

Марокколық Homo sapiens. 300 мың жылдық қалдықтар бойынша жасалған реконструкция / Science Photo Library / JOHN BAVARO FINE ART

Алтайда болған инцест нәтижесінде туған бала

Көп ұзамай палеогенетиканың өркендеуіне түрткі болған хорватиялық неандертал әйелдердің Алтайда «құрбысы» бар екені анықталды. Барлығы 2010 жылы Алтайдағы Денис үңгірінен басталды, ол жерден оған дейін адамдардың жаңа түрі — денистік адамдар (олар туралы келесі дәрісте айтамыз) табылған қабатта археологтар адамның башпай сүйегін тапты (Denisova 5 үлгісі). 2014 жылы Сванте Пэабо және оның ұжымы Denisova 5 сүйегінен толық ядролық геном шығарып алды.

Денисовтар отбасы. Реконструкция/Wikimedia commons

Денисовтар отбасы. Реконструкция/Wikimedia commons

Таңғаларлық нәрсе, геном денистік емес, неандертал адамының, дәлірек айтқанда, неандертал әйелдің геномы болып шықты. Оның әйел екендігі аталық Y-хромосома үзіндісінің жоқтығына және Х-хромосоманың екі нұсқасының бар болуының негізінде анықталды. Неандертал адамдардың сүйегі Алтайдан бұрын да табылған болатын, бірақ бір үңгірде, тіпті бір археологиялық қабатта адамның екі түрінің болуы бәрін қатты таңғалдырды. Дегенмен, Denisova 5 үлгісіне жататын неандертал әйелдің денистік адамдарға қонаққа, мәселен, шөп қайнатпасын ішуге келгені күмәнді: бірі екіншісінен ондаған мың жыл бұрын өмір сүрген сияқты.

Неандертал әйелдің башпайында оның ДНҚ-сы тамаша сақталған, осының арқасында адам баласының генетикалық эволюциясын анағұрлым егжей-тегжейлі талдауға жол ашылды. Денис үңгірінен табылған бейтаныс неандертал әйел инцест нәтижесінде туған. Оның әкесі мен анасының гені шамамен 25% бірдей болған. Демек, олар шешесі бір (немесе бір атадан туған) аға мен қарындас деңгейінде туыс болған, яғни бір анадан және әртүрлі әкеден туған немесе керісінше, әкесі бір болған. Сондай-ақ олар бір-біріне аға мен жиен-қарындас, нағашы апа мен жиен-іні, тіпті, кім білсін, ата мен немере немесе әже мен немере болған да шығар. Бұл нұсқаның барлығы генетикалық туыстықтың 25% деңгейіне сәйкес келеді.

Денисов үңгірінен табылған артефактілер/Wikimedia commons

Денисов үңгірінен табылған артефактілер/Wikimedia commons

Denisova 5 осыдан шамамен 120 мың жыл бұрын өмір сүрген. Оның геномын оқығаннан кейін неандертал және денистік адамдардың ата-бабасынан ажырағаннан кейін біздің ата-бабамызда қалыптасқан әлеуетті маңызды генетикалық өзгерістердің жаңа, нақтыланған тізімі жасалды. Бұл тізім онша үлкен емес: оған небары 87 ақуыздағы 96 аминқышқылды ауыстыру және реттеуші салалардағы үш мыңға жуық өзгеріс кірді. Дегенмен, өзгеріске ұшыраған көп геннің арасында мидың дамуына байланысты пайыздық көрсеткіш өсті. Бұл сапиенстің миы мен ойлауы неандертал және денистік адамдағыдай құрылымдалмағанын, одан әлдеқайда жақсы екенін айғақтайтын дәлелдің бірі.

АЛАДДИН ҮҢГІРІ

Академик А. П. Деревянконың жетекшілігімен Денис үңгірінде көп жыл бойы жүйелі түрде және керемет мұқият жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстары палеогенетикалық зерттеуге баға жетпес материал берді. Бұл классикалық археология тұрғысынан табылған материал көлемінің өте аз: ең көп дегенде тіс немесе саусақ-башпай сүйегінің сынықтары ғана екеніне қарамастан болып отыр. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, саусақ-башпай сүйегінің тіпті бір бөлігі де — палеогенетиктер үшін тұтас жаңа дүние, ал мұндай бөлік екеу болса, тіптен тамаша. Осындай саусақ сүйегінің бір бөлігінен (Denisova 3) денисовші адамының геномы, екіншісінен (Denisova 5) алтайлық неандертал адамының геномы бөлініп алынды, айта кетерлігі, екі геном да өте сапалы оқылды. Сондай-ақ палеогенетик ғалымдардың жұмысына үш тістің де (Denisova 2, 4 және 8) пайдасы тиді, олардан тағы үш денистік адамның ядролық геномының үзінділері алынды. Соған қарағанда, Денисов үңгіріндегі жағдай ежелгі ДНҚ-ның сақталуы үшін ерекше қолайлы сияқты.

Дегенмен, адамның тісі немесе саусақ-башпай сүйегінің сынығы сияқты тез тануға болатын заттар өте сирек кездеседі. Денисов үңгірінде жиналған сүйек материалының негізгі бөлігі — анықтауға келмейтін, жануардың қандай түрінің сүйегі екені белгісіз майда сынықтар. Бірақ бұл палеогенетик зерттеушілер үшін кедергі емес. Олар өте ұсақ, не екенін ажырату қиынға соғатын сынықтарды ықыласпен зерттеуге кірісті.

Денисов тісі/Wikimedia Commons

Денисов тісі/Wikimedia Commons

Мұндағы ең бастысы — сүйек бөліктерінің қайсысы адамдікі екенін түсіну. Жақында бұл мәселенің әдемі шешімі табылды. Белгілі болғандай, егер сүйектің құрамында коллаген сақталса, онда оның тіпті ең болмашы сынығын зерттеп, тіршілік иелерінің қай түріне деп айтпасақ та, ең болмағанда қай отрядына жататынын анықтауға болады, өйткені коллаген әдетте ДНҚ-ға қарағанда жақсырақ сақталатын өте тұрақты ақуыз. Сүйектен бөліп алынған ежелгі коллаген бөліктері масс-спектрометрияiiМасс-спектометрия — әртүрлі элементтердің концентрациясын анықтауға мүмкіндік беретін затты зерттеу және сәйкестендіру әдісі әдісімен талданады. Талдау нәтижесіне сүйене отырып, нақты сүйек жыртқыштардың, кеміргіштердің, айыр тұяқтылардың немесе, айталық, приматтардың бірінің сүйегі екенін түсінуге болады. Палеогенетика үшін мұндай дәлдіктің болуы жеткілікті, өйткені мұз дәуірінде Алтайда адамдардан басқа приматтардың тіршілік еткені күмәнді.

Ғалымдар 2000-нан астам сынықты талдағаннан кейін Denisova 11 деген атауға ие болған адамның бір-ақ сүйегін тапты. Ең алдымен одан митохондриялық ДНҚ бөліп алынды, ол неандертал адамдікі болып шықты. Шамалап анықтау үшін жасалған радиокөміртекті талдауiiРадиокөміртектің көмегімен жасын анықтау — көміртектің тұрақты изотоптарына қатысты алғанда 14С радиоактивті изотоптың құрамын өлшеу жолымен органикалық сүйектің жасын анықтау әдісі сүйектің жасы 50 000 жылдан асатынын көрсетті, ал жаңартылған деректер бойынша ол шамамен 79–118 мың жыл. Бұл қайтыс болған кезде кем дегенде 13 жасқа толған жеткіншектің сүйегі, мұндай қорытынды сүйектің сыртқы қабатының қалыңдығына қарай жасалды. Айта кететіні, сүйек сынығының сыртқы бетінің желінгеніне қарағанда, оның жыртқыш аңға жем болғаны әбден мүмкін, яғни Denisova 11 адамын әлдебір белгісіз құбыжық толық немесе ішінара жеп қойған.

Денни (Denisova 11) / Science Photo Library / JOHN BAVARO FINE ART

Денни (Denisova 11) / Science Photo Library / JOHN BAVARO FINE ART

Бірақ оның өлімі де, палеогенетиктердің күш-жігер салуы да бекер болған жоқ. 2018 жылдың тамызында Nature журналында Denisova 11 адамының ядролық геномының бастапқы оқылғаны туралы мақала шықты. Сонымен ол кім — тағы бір денисовші ме әлде алтайлық неандертал ма? Бірақ бәрі одан да қызық екен: Denisova 11 буын неандертал-денистік метис болып шықты (дәлірек айтқанда, метис әйел).

Denisova 11 — әйел. Танымал дереккөздерде оны Денни деп атап кетті. Деннидің адамның қай түріне жататынын анықтау үшін ғалымдар оның геномын тағы үш адамның: денистік (Denisova 3), алтайлық неандерталдың (Denisova 5) және заманауи африкалықтың геномымен салыстырды. Деннидің неандертал және денистік адамдармен бірдей дәрежеде туыстығы бар екені белгілі болды. Деннидің бірінші буын гибрид болғаны дәлелденді. Оның анасы неандертал болған, өйткені оның шеше жақтан берілетін митохондриялық ДНҚ-сы неандертал, ал әкесі денистік адам болған.

Неғұрлым егжей-тегжейлі талдау көрсеткендей, Денни геномындағы бес шағын аймақта бір емес, екі хромосомада неандерталға тән аллель (бір геннің нұсқалары) бар екен, ал денистік адамға тән нұсқа жоқ дерлік. Бұдан шығатын қорытынды, Деннидің әкесі шыққан денистік популяциясында неандертал генінің аздаған қоспасы болған – шамасы, бұл неандерталдармен болған махаббаттың одан да көне ескі эпизодының ізі. Зерттеушілердің бағалауынша, бұл эпизод Деннидің әкесі жарық дүниеге келгенге дейін 300–600 ұрпақ бұрын орын алған болуы мүмкін. Бір қызығы, оның неандертал зайыбы және оның геномында із қалдырған ежелгі неандерталдар әртүрлі неандертал популяцияларынан шыққан сияқты.

Егде жастағы неандертал © Holger Neumann/Neanderthal Museum

Егде жастағы неандертал © Holger Neumann/Neanderthal Museum

Деннидің неандертал анасына келетін болсақ, бір қызығы, ол башпайының бір сүйегі қалған (Denisova 5) Денис үңгіріндегі өзінің ежелгі жамағайынан гөрі Хорватиядағы неандертал әйелдерге әлдеқайда жақын туыс болып шықты. Мүмкін, бұл неандертал тайпаларының қоныс аудару ауқымы кең болғанын көрсететін шығар. Мысалы, кейінірек, осыдан 120 000 жыл бұрын — бұл шамамен Denisova 5 өмір сүрген уақыт — еуропалық неандерталдар Алтайға көшіп келіп, жергілікті популяцияны ығыстырды деп болжауға болады. Айтпақшы, бергі уақыттағы еуропалық неандертал геномдары бойынша деректер де олардың алыс жерге қоныс аударғанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, адамдар жиһан кезуді бұрыннан ұнатып қалған.

ЖҮРГІШ НЕАНДЕРТАЛ ӘЙЕЛДЕР

2022 жылға қарай оқылған неандертал ядролық геномының саны 18-ге жетті. Ядролық геномдарды ұғындыру үшін жеткілікті мөлшерде ДНҚ бөліп алынған сүйектер Гибралтардан Алтайға дейінгі кең-байтақ жерде шашырап жатқан неандерталдардың таралу ареалындағы 14 жерден табылған.

Осынау баға жетпес палеогенетикалық деректер бергідегі Homo эволюциясы, неандертал популяцияларының тарихы, неандертал адамдарының сапиенстермен және денистіктермен араласуы жөнінде көптеген қызықты мәліметті анықтауға мүмкіндік берді. Неандерталдардың әлеуметтік құрылысы, яғни топтарының қалай ұйымдастырылғаны және олардың арасындағы байланыс туралы алынған мағлұмат әлдеқайда азырақ.

Неандерталдың қайта құрылған кейіпі, Тонгерендегі Галло-роман мұражайы (Бельгия)/Wikimedia commons

Неандерталдың қайта құрылған кейіпі, Тонгерендегі Галло-роман мұражайы (Бельгия)/Wikimedia commons

Солай болғанымен, басқа мәлімет те бар. Мысалы, 2010 жылы Испаниядағы Эль-Сидрон үңгірінен табылған, археологиялық контекстке қарағанда бір уақытта өлген 12 неандертал адамның митохондриялық ДНҚ бөліктері сәтті оқылғанда, бұл неандерталдардың патрилокалдылығы туралы гипотезаны негіздеуге мүмкіндік берді. Ғылыми тілден аударғанда бұл «қай жерде тудың, сол жердің қажетіне жарадың» дегенді білдіреді, яғни, ерлер туған жеріндегі қауымдастықта қалды, ал жас әйелдер басқа топтарға қосылып кете берген (себебі Эль-Сидрондағы барлық ер адамдардың митохондриялық ДНҚ-сы бірдей, ал барлық әйелдердікі әртүрлі болды). Дегенмен, сенімді түрде қорытынды жасау үшін митохондриялық ДНҚ бөліктері аздық етеді, ол үшін ядролық геномдар бойынша дерек қажет.

Сванте Пэабо мен оның әріптестері неандертал адамдардың тістерінен дәл осындай деректерді — көпшілігі бір мезгілде бір жерде өмір сүрген, ал кейбірі тіпті бір-біріне жақын туыс болған 14 адамның ядролық геномдарын ала алды. Бұл Ресей археологтары Алтайдағы Окладников (2 геном) және Чагыр (12 геном) деген екі үңгірден тапқан сүйектерге қатысты. Осылайша, неандертал геномының жалпы саны бірден 18-ден 32-ге дейін артты.

1 / 2

Чагыр үңгірінде неандертал адамдардың тіршілік еткенін айғақтайтын іздер осыдан 51–59 мың жыл бұрын қалған деп анықталды. Окладников үңгірінде неандерталдар шамамен сол уақытта өмір сүрген болуы мүмкін. Бергідегі алтайлық неандерталдардың 14 геномының ішінен шартты түрде «Chagyrskaya F» деп аталған Чагыр үңгіріндегі адамның геномы бірінші болып мұқият зерттелді. Chagyrskaya F және Denisova 5 әртүрлі неандертал популяциясына жататыны анықталды. Бірақ ертеректе, шамамен 90 мың жыл бұрын өмір сүрген метис әйел Деннидің (Denisova 11) неандертал анасы барлық басқа неандерталға қарағанда Chagyrskaya F геномына жақындау болып шықты. Осылайша, Алтайға әр уақытта кем дегенде екі түрлі неандертал популяциясының өкілдері қоныс аударған. Олар батыс жақтан келген болса керек, өйткені Алтайдан шығысқа қарай жатқан жерден неандерталдардың өмір сүргенінің даусыз ізі әзірге табылған жоқ.

Зерттелген сүйектің көпшілігінде ежелгі ДНҚ аса көп емес және оның өзі негізінен митохондриялық. Сондықтан ғалымдардың ежелгі ядролық ДНҚ-ның төл үзінділерін бөліп алудың ең күрделі әдістерін қолдануына тура келді. Солай болғанымен, көптеген жаңа геном үшін толық емес, фрагменттік деректер ғана алынды. Бірақ мұның өзі маңызды қорытынды жасау үшін жеткілікті болды.

Chagyrskaya 6 неандерталдың оң жақ төменгі жақ cүйектің бөлігі/Wikimedia commons

Chagyrskaya 6 неандерталдың оң жақ төменгі жақ cүйектің бөлігі/Wikimedia commons

Алдымен зерттеушілер іріктемеде өзара жақын туыстардың бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде ядролық ДНҚ бөлініп алынған 18 тіс пен сүйек бөліктері 14 адамдікі — сегіз ер адамдікі және алты әйелдікі екені белгілі болды. Ең қызығы, Чагыр үңгірінен табылған 12 адамның бірнешеуі бір-біріне жақын туыс екені анықталды. Іріктемеде бір-біріне жақын туыстардың болуы осы 12 неандерталдың кем дегенде кейбірінің бір уақытта өмір сүргенін (олар өмір сүрген уақыттың арасында бірнеше ғасыр немесе мыңжылдық болмағанын) дәлелдейді. Бұған қоса, адамдардың арасындағы генетикалық айырмашылықтың таралуы олардың барлығы бір қауымның мүшелері болған деген гипотезаға әбден сәйкес келеді.

Окладников үңгірінен табылған адамдар бір-біріне де, Чагыр үңгіріндегі неандерталдарға да жақын туыс болмаған. Бірақ екі үңгірде тұрған олардың арасында қандай да бір байланыс болған. Бәлкім, екі үңгірді мекен еткен адамдар кейде бір-бірімен айлы түнде кездескен.

Барлық 14 геном бір неандертал популяциясына жататын сияқты. Олардың ешқайсысында беріде қандай да бір басқа неандертал популяциясы генінің қосылғанының ізі жоқ. Алайда палеогенетиктерден ешқандай күнәні жасыру мүмкін емес. Айталық, Чагыр үңгірінің неандертал адамдары өмір сүрген кезге дейін 30000 ± 18000 жыл бұрын болған араласудың нәтижесінде аздаған шамада денистік геннің (0,09%) қосылғаны сәтті анықталды яғни, бір кездері Чагыр неандерталдарының ата-бабасының бірі денистік әйелді сүйген (немесе керісінше болған). Олар бір-біріне жылы сөз айтты, болашағы туралы армандады, ал кейін мұның бәрі сонау Лейпцигтегі бір-екі компьютерде жасалған генетикалық зерттеудің математикалық кестелеріне айналды.

Гоминидтер бас сүйегінің эволюциясының сызбасы/Wikimedia Commons

Гоминидтер бас сүйегінің эволюциясының сызбасы/Wikimedia Commons

Чагыр үңгірін мекен еткен неандертал популяциясы біршама аз, шамамен 20 дарақ болды. Оларға сондай-ақ патрилокалдылық тән болды (жас әйелдердің 60%-дан астамы басқа қауымдарға кетті, ал ерлер туып-өскен тобында қалды). Демек, неандерталдарда матриархат болмағаны анық. Қоғамның тірегі ерлер болды, қауымның мекені мен отаны оларға байланысты болды. Ал, әйелдер, басқа қауымдармен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға көмектескен болу керек.

Бұл зерттеу палеогенетиканың бір-екі сүйектен басқа ештеңесі қалмаған ежелгі адам популяцияларының әлеуметтік құрылысы туралы көп нәрсені паш ете алатынын көрсетті. Біз бергідегі алтайлық неандертал адамдарының саны өте аз болғанын және шағын топ-топ болып өмір сүргенін, және олардың арасындағы туыстық байланыс әйелдердің миграциясы арқылы сақталғып отырғанын білдік. Әрине, бұл бейшаралар неандерталдардың таралу ареалының ең шалғайдағы түкпірін мекен еткен және сол себептен олардың көптеген басқа қауыммен қарым-қатынас жасауына еш мүмкіндігі болмаған болуы да мүмкін.

Александр Марков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ