ВИЗАНТИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР

4-дәріс. Половецтер

ВИЗАНТИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР

Виктор Васнецов. Игорь Святославичтің половецтер мен соғысқан майдан. 1880 жыл / Wikimedia Commons

Византия түркілермен қалай танысты, қалай күресіп татуласты және олардың қолынан қалай талқандалды? Византиятанушы, ирантанушы және түркітанушы Рустам Шукуровтың төртінші дәрісі половецтердің Византияның еуропалық солтүстігіне шапқыншылығы туралы айтылады.

Половецтер түркілердің қыпшақ (шығыс түркі) тармағына кіреді. 9–10 ғасырларда қыпшақтар Сібірдің оңтүстік-батысындағы Тобыл мен Есіл өзендерінің аңғарында көшіп-қонған. Кейінірек қыпшақтар оңтүстікке қарай жылжып, қазіргі Қазақстанның кең-байтақ жеріне қоныстанды. 11 ғасырдың ортасында қазақ даласынан қоныс аударудың жаңа толқынында қыпшақтар батысқа, оңтүстік орыс жеріне қарай бет түзеді. Олар Еділден Дунайға дейінгі кең аумақтарды басып алып жатты. Бұл жерде олар византиялықтарға, батыс еуропалықтар мен орыстарға кумандар ретінде танылды. Тайпа атауы ретінде византиялықтар половецтерге «скиф» деген жалпылама атауды қолданған. Орыс дереккөздерінде де олар половецтер деп аталады. Шығыс авторлары оларды негізінен «қыпшақ» деп атайды. «Кумандар» атауы түркі тілінде «қуарған» дегенді білдіретін өз аталымынан болса керек. Оларға қоса берілген әртүрлі атаулар кейбір жағдайларда бұл конфедерацияға кірген түркілердің әртүрлі топтарын белгілеген болуы мүмкін.

Половецтер. Радзивиловск жылнамасынан алынған миниатюра. 15 ғасыр / Alamy

Половецтер. Радзивиловск жылнамасынан алынған миниатюра. 15 ғасыр / Alamy

Половецтердің діни сенімі қандай еді?

Көзін көргендердің айтуына қарағанда, половецтер негізінен пұтқа табынушылықты, яғни Қара теңіз маңыннан әкелген өздерінің діни сенімдерін ұстанғаны белгілі. Мысалы, француз ақсүйегі, крест жорықшысы және жазушысы — Жофруа ВиллардуэнiIV Крест жорығының қатысушысы, «Константинопольді жаулап алу» кітабының авторы Балқандағы половецтердің христиан болмағанын хабарлаған, яғни олар пұтқа табынған деп пайымдауға болады. Византия жазушысы әйгілі Никита ХониаттыңiВизантиялық жылнамашы (1155–1217). ескертпелерінің бірінде пұтқа табынушы половецтер адамдарды құрбандыққа шалатын еді деген ойымен бөліседі, яғни: «кейбір ерекше әдемі [грек] тұтқындарды қамшымен сабағаннан кейін [оларды] дарға асу арқылы өз құдайларына құрбандық шалған». Француз монахы және шежірешісі Альбериктің айтуынша, латындардың одақтасы половец Иона қайтыс болғанда оны Константинопольдің сыртында пұтқа табыну салты бойынша жерлеген, онымен бірге сарбаздарының арасынан сегіз ерікті және 26 ат қоса жерленген. Бұл — половецтердің адамдарды құрбандыққа шалғанын дәлелдейтін тағы бір дерек.

Иван Билибин. Половецтердiң лагері. «Князь Игорь» операсында қолданылған декорация эскизі. 1930 жыл /  / Wikimedia Commons

Иван Билибин. Половецтердiң лагері. «Князь Игорь» операсында қолданылған декорация эскизі. 1930 жыл / / Wikimedia Commons

Ресейден Константинопольге дейінгі половецтер биі

Византия аумағында половецтер 1077 жылдан бастап әр маусым төбе көрсетіп, біресе печенегтер жағында, біресе Византияның одақтастары ретінде әрекет етті. 1091 жылдың сәуірінде одақтас византиялықтар мен половецтер, жоғарыда айтылғандай, Левуний тауы маңында печенегтерді талқандағаннан кейін Византиямен одаққа адалдығын көпке ұзартпай, печенегтер секілді Балқан иеліктерін ойрандай бастады. Император I Алексей половецтер шапқыншылығына тойтарыс беру үшін қандай тактика таңдау керектігін ойластырды. Бірақ олар қамал ішінде тойтарыс беру керек пе әлде соққы беруге қолайлы сәтті күткен ұтымды ма немесе ашық далада жаумен бетпе-бет ұрысқа шығу керек пе деген секілді сұрақтардың жауабын іздеумен бас қатырды. I Алексей өзінің күмәнін балгерлік болжам арқылы сейілтеді. Ол кеш қарайған сәттен бастап түні бойы сергек болатын тұста алтарьға екі жазбахат қалдырылды. Таңертең патриарх олардың бірін ашып оқыды, онда половецтердің алдынан шығу үшін жорық жасау қажет деп жазылды. Алайда тағдырдың қалауы басқа, соғыс басталғаннан кейін императордың бірінші тактикалық моделін іске асыруға тура келді, яғни византиялықтар қамалдарға бекініп қорғануға мәжбүр болды, себебі ашық шайқасқа шығуға византиялықтардың күші жеткіліксіз еді.

Дегенмен I Алексей соған қарамастан 11 ғасырдың 90-жылдарындағы қарымта ұрыстарда половецтерге айтарлықтай шығын келтірді, ақырында олар шапқыншылық жасауды тоқтатты. Половецтер өткен жылдардағы оқиғалардан бері өздері жақсы білетін императордан қорқатын және I Алексей қайтыс болғанға дейін олар империяның аумағына жорық жасамайтын. I Алексей печенегтермен Фракия және Македония үшін талай рет соғысқан кезден бері византиялықтар мен көшпенділер арасындағы күрестегі күштердің арақатынасы, сондай-ақ қақтығыс кезіндегі қарсыластардың тактикасы түбегейлі өзгерді. Енді половецтер ашық далада кең ауқымды шайқастан аулақ болса, византиялықтар, керісінше, соған ұмтылатын болды. Бұл модель 12 ғасыр бойы гректер мен Дунай көшпенділері арасындағы кейінгі қақтығыстарда қайталанып отырды. Половецтер мезгіл-мезгіл, араға 5–10 жыл салып Византия иеліктеріне барлау жасады, бірақ әдеттегідей бұл шабуылдар олар үшін сәтсіз болды. I Алексейдің 12 ғасырдағы мұрагерлері: императорлар II Иоанн және I Мануил Комниндер бастаманы сенімді түрде сақтап, половецтердің жер қайысқан қолын ашық шайқасқа шығаруға тырысты, жоспары іске асқанда гректер әрқашан жеңіске жетіп отырды.

Түркілердің сансыз көп жеңіл атты әскері Византия армиясының ажырамас бір бөлігіне айналды.

Византия қару-жарағының табысты болуының себебі I Алексейден бастап византиялық соғыс жүргізу тәсілі айтарлықтай өзгеріп, көшпенділерге қарсы тұруға толығымен бейімделді. Түркілердің сансыз көп жеңіл атты әскері Византия армиясының ажырамас бөлігіне айналды, ал грек жаяу әскері мен ауыр қаруланған атты әскерінің дәстүрлі бөлімдері ұтымды және сақтықпен пайдаланылатын болды.

12 ғасырдың 60-жылдарында половецтер айтарлықтай көп күші мен уақытын орыс князьдіктеріне қарсы күреске жұмсап, Дунай өлкесінен кетіп қалған болуы мүмкін. Половецтердің Дунайға қайта келуі II Исаак Ангел билік құрған кезеңнің (1185–1195) басында Петр мен Асень бастаған влахтар мен болгарлардың Балқан тауында Византияға қарсы көтерілісімен байланысты. Дунайдың арғы жағына ығыстырылған Петр мен Асень половецтерден көмек сұрап, көп ұзамай көшпенділердің әскерімен бірге Балқанға оралды. Ағайындылардың біреуінің есімі — «Асень», түркілердің, ең дұрысы, қыпшақтардың «дені сау, мықты» деген мағынаны білдіретін Esen деген есімінен шыққан деген пікір бар. Болжам бойынша, бұған қарап Петр мен Асень тегі бойынша половец болған деп анық тұжырымдауға болмайды, дегенмен кейбір зерттеушілер мұны жоққа шығармайды. Осыдан кейін басталған Византия-Болгар соғысында половецтердің шешуші рөл атқарғаны күмәнсіз. Соның нәтижесінде 80-жылдардың екінші жартысында Балқан түбегінде Екінші Болгар патшалығы деп аталатын мемлекет пайда болды. Болгарлар мен половецтердің арасындағы тығыз байланыс ондаған жылдарға жалғасып, Төртінші крест жорығы, 13 ғасырдағы моңғол шапқыншылығы кезінде де сақталды.

1204 жылы Төртінші крест жорығының кресшілері Константинопольді басып алды, нәтижесінде Византия үш мемлекетке: Анадолыдағы Никея империясы, Понттағы Трапезунд империясы, яғни Анадолының солтүстік-шығысындағы империя және Балқанның батысындағы Эпир деспотаты болып ыдырады. Константинополь Латын империясы деп аталатын мемлекеттің орталығына айналды. Половецтер Балқан соғыстарында және Төртінші крест жорығынан кейін әрдайым болгарлардың жағында болды.

Балқан соғыстарында половецтер өздері үшін қандай да бір ерекше саяси мақсат көздеген жоқ. Шамасы олар үшін бірден-бір маңызды мақсат — шапқыншылық жасағаннан кейін Балқаннан көп олжа алып кету болса керек. Половецтер қоныстанған орталықтар, сондай-ақ олардың сыртқы саяси мүддесінің негізгі бағыттары Дунайдан солтүстік-шығысқа қарай алысқа жайылды. Половецтердің кейбір топтары Балқанда тұрақтап қалған болуы да мүмкін; бірақ кейбір половецтер Балқанда қалғанымен, олардың саны көп емес еді.

Моңғол шапқыншылығының басталуымен жағдай күрт өзгерді. Моңғолдар 1223 жылы Калка өзенінде половецтер мен орыстарды ауыр жеңіліске ұшыратты және моңғолдардың мұнымен шектелмейтіні анық болды. Дәл осы уақытта, 1227 жылы доминикандық монахтар11Доминикандықтар1214 жылы құрылған католиктік монастырлық тәртіп. Доминикандықтардың негізгі міндеті миссионерлік қызмет болды. Доминикандықтар орта ғасырларда Еуропада ғана емес, Қытай мен Иранда да көптеген монастырьлар құрды. половецтерді шоқындырып, тарихи Молдавияда орталығы МилковтаiҚазір Румыниядағы Милковул (Milcovul). орналасқан Кумания диоцезін құрды. Половецтерді еуропалық өркениетке (және оның батыс нұсқасына) инкорпорациялауда маңызды қадам жасалды. Алайда моңғол шапқыншылығы бұл үрдісті үзді. 1236 жылы шығыстан Қыпшақ даласымен келе жатқан моңғолдар Еділ Бұлғариясын талқандап, половецтердің жерін ойрандады.

Александр Герасимов. Половецтердiң биі. 1955 жыл / Жеке коллекция

Александр Герасимов. Половецтердiң биі. 1955 жыл / Жеке коллекция

Половецтер қырдан батысқа қарай қашты. 1237 жылдың жазында Дунайдан өтіп, Болгария арқылы шыққан олардың бірінші легі Фракияға шабуыл жасап, оны бұрын болмағандай ойрандады. 1241 жылдың көктемінде қоныс аударушы половецтердің жаңа легі Болгарияға жетті. Бұл жолы половецтер Венгриядан келді. 1238 жылы Астрахан даласында Бату хан моңғолдарынан жеңілген половец ханы Котен 40000 половецпен Венгрияға қашып құтылды. Венгрия королі IV Бела оны шоқындырып, ханның қызы Елизавета мен өзінің ұлы, болашақ король V Стефанды үйлендірді. Алайда венгр ақсүйектері половецтерге сенімсіздікпен қарап, 1240 жылы Пештте Котен ханды опасыздықпен өлтірді. Ызаланған половецтер Венгрияны шауып, Болгарияға кетті.

Балқанда половецтер ақырында жергілікті саяси өмірге кіріге бастады. Оларға құшақ ашқан жалғыз болгарлар ғана болған жоқ. 1237 жылдан бастап половецтер Константинополь латындарыменi1204–1261 жж. Константинополь крест жорықтары құрған Латын империясының астанасы болды одақ құрып, оны неке одағымен нығайтты. Латындардың половец одақтастары, көсемдер Иона (Jonah) мен Сароний (Saronius), бір латын шежіресінде оларды осылай атайды, қыздарын латын императоры II БалдуинiiБалдуин II де Куртене (1228–1261) — Латын империясының соңғы императоры. сарайындағы ықпалды рыцарьлардың ұлдарына күйеуге берді. Сол уақыттан бері половецтер никей,iiНикей империясы — 1204 жылы крест жорықтары Константинопольді басып алғаннан кейін құрылған грек мемлекеттерінің бірі. кейінірек ПалеологiПалеологос әулеті Византияны 1261 жылдан 1453 жылға дейін басқарды. армиясында да кездеседі. Половец ордасының бір бөлігі Византия бодандығын алып, Фракия, Македония және тіпті Анадолыға қоныстанды. Осы половецтердің ішінен византиялық «скифтердің» жеңіл атты әскері толықтырылды.

Половец портреттері

Өткен онжылдықтарда половецтердің жасаған шапқыншылығы Византияның этникалық картасында өзінің ізін қалдырды. Бір қызығы, половецтер Византия ақсүйектерінің арасында өте сирек кездеседі, бірақ олар византиялық әскерге әртүрлі сипатта, одақтас ретінде де, Римге бодан болған жауынгер ретінде де кеңінен тартылғаны белгілі. Никита Хониат 1180 жылдардағы половецтердің қолбасшысы Алпамыш туралы хабарлайды, ол Византия бодандығын қабылдаған болса керек.

14 ғасырдағы мәліметтен скиф ақсүйегі, яғни Византия қызметінде болған половец Сичган (түркі тілінде: siçğan «тышқан») туралы белгілі; Сичган шоқынып, Сирьяннис деген атқа ие болды. Сирьяннис есімі рулық есімге айналып, Сичган ұрпақтарына өтті. Сичганның немересі Иоанн Сирьяннис Филантропин Комнин Палеолог — Палеологтардың билеуші үйімен және басқа да ақсүйек әулеттермен туыс болып кеткен 14 ғасырдың бірінші жартысындағы өте атақты адам.

Византияға қоныстанған атақты емес половецтер туралы көбірек білеміз. Олардың бірнешеуіне мысал келтірейін. Осындай алғашқы қоныстардың бірі — Моглена фемасында болған. 12 ғасырдың аяғындағы құжаттардың бірінде Хостианадағы бір ауылда 16 половец жауынгерінің сыйға берілген «половец прониясы» шеңберінде 62 шаруа қожалығына иелік еткені туралы хабарланады. Прония деп әскери қызмет атқарғаны үшін мемлекет тағайындаған, шаруа қожалықтары мен шаруа еңбегінен алынатын салық түріндегі төлем ұғынылады. Бұған қоса құжаттардан белгілі болғандай, половецтердің Хостианда үйлері, сондай-ақ мал ұстайтын қоралары болған. Соңғы жайт половецтердің осы ауылда тұрып, отырықшы мал шаруашылығымен айналысқан болуы мүмкін екенін көрсетеді. Шындығында, «половец прониясының» иелері этникалық половецтер ғана емес, половец полктарында қызмет еткендердің барлығы болуы мүмкін еді. Ал половец полктарында анадолылықтар және жергілікті славяндар мен влахтар да қызмет еткен болуы ықтимал.

1260–1270 жылдары половецтер, атап айтқанда, Анадолыдағы Смирна аймағында қоныстанды. Византиядағы күнделікті өмір туралы, ондағы половецтердің алатын орны жайында анық түсінік беретін екі өте қызықты құжатта Смирна половецтері туралы айтылған. Смирна ауылдық округіндегі Кутул мен Керамар есімді екі шаруа жер теліміне кімнің құқығы бар деп таласып қалды. Керамар Кутулдың жерін күшпен басып алды. Онда Кутул жергілікті половецтерге барып, олардың көмегімен Керамардың өгіздерін алып кетті. Керамар половецтерге делдал жіберіп, өгіздерді қайтып әкелуін тапсырды. Делдал половецтерге екі алтын монета тұратын көп шарап ішкізудің арқасында ғана бұл тапсырманы сәтті орындай алды. Нәтижесінде Керамар екі алтын монетаны жұмсап, өгіздерін қайтарып алды және бұл жер телімін половецтерден сатып алды.

Кременец тауындағы половецтердiң тас әйелдері. 9–13 ғасыр / Depositphotos

Кременец тауындағы половецтердiң тас әйелдері. 9–13 ғасыр / Depositphotos

Мұндай құжаттардан көрініп тұрғандай, половецтер заңға сәйкес келе бермейтін істермен оңай шұғылданған, жергілікті адамдарға шабуыл жасаған (мейлі олар құқық бұзушы болса да) және олардың мүлкін тартып алу арқылы өз бетімен жазалаған. Смирна маңында тұрған половецтердің әскери прониар болуы да мүмкін, бірақ құжаттарда бұл туралы ештеңе айтылмаған. Бұл жерде половецтердің маскүнемдігі туралы айтылуы да маңызды, құжаттарда бұл жөнінде екі рет былай делінген: «өйткені кез келген басқа халықтардан ерекшелігі, бұл халыққа маскүнемдік тән» және «половецтер өте жақсы көретін шарап» тіркесі кездеседі. Көшпенділердің (печенегтердің, Анадолы түркілерінің, половецтердің) ішімдікке салынғаны туралы басқа византиялық тарихшылар да айтады.

Половецтер Византия аумағында 14 ғасырдың ортасына дейін кездеседі, олар бүкіл Македонияда, негізінен оның солтүстік және батыс бөліктерінде болған. Әдетте, бұл төменгі тап және орта тап адамдары (солдаттар). Олардың арасында шенеуніктер, зиялылар, саудагерлер, клириктер жоқтың қасы. Басқаша айтқанда, половецтер о баста өздеріне жат Византия өркениетіне бейімделу қабілетін байқатпайды. 14 ғасырдың деректері жоғарыда қарастырылған 12 және 13 ғасырларда жазылған төрт құжатпен бірге оларды Византия қоғамындағы бейәлеуметтік мінез-құлыққа және заңды бұзуға бейім маргиналды топ ретінде бейнелейді.

Печенегтер мен половецтер: қорытынды

Ал енді византиялықтар мен «скифтердің», яғни Дунайдың арғы жағынан келген түркілердің қарым-қатынасы туралы әңгімеміздің кейбір қорытындысын шығаруға болады. Дунай өзеніне тиіп тұрған аймақтан келген қырдың адамдары әдетте қыста және көктемде шапқыншылық жасады. Әдетте олар жаз бен күз мезгілін өздерінің жайлауында өткізетін. Жорық жасауының негізгі мақсаты — Македония мен Фракияның отырықшы тұрғындарын тонау болды. Византиялықтар, егер жеткілікті күші болса, көшпенділерді Балқан тауынан оңтүстікте жатқан аумақтарда қарсы алуға ұмтылды. Ал күші жеткіліксіз болғанда гректер қалаларды бекітіп алып, көшпенділердің шашыраңқы топтарына қарсы жергілікті жерде шабуыл жасады. КомниндерiiI Алексей жататын Византия әулеті (1057–1059, 1081–1185). Балқанда көшпенділер тарапынан төнген қауіпті толығымен жоя алды, алайда 12 ғасырдың аяғында империядағы жалпы саяси дағдарысқа байланысты көшпенділер қайтадан жойқын күшке айналды.

«Солтүстік» түркілерінің толассыз шапқыншылық жасауы, жан-жағынан алып қарағанда, Балқан түбегінің айтарлықтай түркіленуіне әкелген жоқ. Түркілер, печенегтер, уздар, половецтер әртүрлі жағдайға байланысты Балқанға тұрақтанып, онда өздерінің мемлекеттік құрылымдарын құруға ұмтылған жоқ. Бұған бірнеше себеп болды. Біріншіден, Оңтүстік орыс даласы мен Қара теңіз маңы аймағының түркілері шаруашылық жүргізу тәсілдері мен өздерінің әлеуметтік ұйымдастырылуы, сонымен бірге саяси өзін-өзі ұйымдастыру моделдері бойынша таза көшпелі, дала халықтары болды, оларға қалалық және отырықшылық өмір салты жат болды. Олар тек дала кеңістігінде, аморфты протомемлекеттік құрылымдарда ғана өзіндік болмысын сақтап, өзінің санын көбейте алатын еді.

Балқанның отырықшы халық қоныстанған урбанизацияланған бөлігінде қырдың адамдары өздерінің экономикалық, әлеуметтік және саяси стратегиясының өзгеше болуына байланысты өміршең мемлекеттік организмдер құра алмады. Отырықшы Балқан кеңістігінің өздеріне түбегейлі жат екенін сезінген көшпелілер онда ұзақ уақытқа орнығуға тырыспады. Олар Балқанды оңай олжаның резервуары, сарқылмас байлықтың көзі ретінде пайдаланды. Балқанның азырақ урбанизацияланған орталық бөлігіне келетін болсақ, оның негізінен таулы және орманды ландшафты бұл жерге де дала адамдарының жаппай қоныстануына қолайлы болған жоқ.

Половецтерғе қарсы орыс бірлестігінің жорығы. Радзивиловск жылнамасынан алынған миниатюра. 15 ғасыр / Alamy

Половецтерғе қарсы орыс бірлестігінің жорығы. Радзивиловск жылнамасынан алынған миниатюра. 15 ғасыр / Alamy

Көшпенділердің Балқан түбегін түркілендіруіне кедергі болған екінші жағдай біріншісімен тығыз байланысты: Балқанды және, әсіресе, жағалау аймақтары — Фракия мен Македонияны стратегиялық тұрғыда Константинопольдің өзіндік жалғасы деп қарастырған Византия билігі ешқашан көшпенділердің алдында тізе бүккен жоқ және көшпенділер шапқыншылық жасаған ең ауыр кезеңдердің өзінде өңірдің ең маңызды қала орталықтарын берік ұстады. Көшпенділер византиялықтардың қала бекіністерін бұза алмады, сондықтан олардың Балқан провинцияларын жаулап алуы әрқашан баянсыз ғана емес, сонымен бірге негізінде орындалмайтын нәрсе болып қала берді.

Осылайша көшпенділер өздеріне жат Балқанның урбанизациялануын еңсере алмады, сондай-ақ жергілікті урбанизмге бейімделе де алмады. Тұтқынға алынған немесе Византия қызметіне өтіп кеткен көшпелілер ерте ме, кеш пе отырықшы өмірге көшті, шамасы, тез ассимиляцияланып, жергілікті отырықшы халыққа сіңіп кеткен сияқты.

Сонымен бірге Византия дереккөздерінде айқын көрініс тапқан печенег пен половец типтерінің айырмашылығы көзге түседі. Печенегтердің гректерді қайран қалдырғаны анық, өйткені Византия тарихшылары олардың жарқын және есте қалатын портреттерін жасап, істерін суреттеуге көп пассаж арнады. Печенег ақсүйектерінің көптеген өкілінің Константинополь элитасына кіргені таңғалдырады, яғни олар Византия сарайының, ақсүйектер мен лауазым иелері өмірінің қатаң регламенттелген, әбден жетілдірілген ережелерін түсініп, қабылдай алды.

Венгр корольі I Ласло және половец жауынгері. Фреска. Дарджиудағы күшейтілген шіркеу. XV ғасыр / Shutterstock

Венгр корольі I Ласло және половец жауынгері. Фреска. Дарджиудағы күшейтілген шіркеу. XV ғасыр / Shutterstock

Печенегтерден айырмашылығы, половецтер византиялықтардың қиялы мен шынайы өмірінде өте қарапайым орынға ие болды. Половецтер империя аумағына белсенді түрде қоныстанды және византиялық күнделікті өмірдің элементтерінің біріне айналды, бірақ бірнеше ерекшелікті қоспағанда, әлеуметтік жағынан жетістікке жеткен жоқ және Византия элитасына қабылданбады.

Мұның себебі печенегтер мен половецтердің өркениет айырмашылығында болса керек: екі халық та көшпелі болғанымен, мәдени жағынан бірдей емес еді. Гректермен кездескен кезде екеуі де жазуы жоқ халықтар болғандықтан, олардың өркениеттілік деңгейінде нақты қандай айырмашылық болғанына көрнекі баға беру мүмкін емес болып көрінеді. Соған қарамастан, осы екі халыққа қатысты византиялық мәліметтерді салыстырмалы түрде оқу печенег және половец мәдениеттерінің сапалық айырмашылығы болған деп ойлауға мүмкіндік береді. Печенегтердің половецтерге қарағанда мәдени тұрғыдан дамыған және талғампаз, өздерінен басым түскен «Бөтен нәрсеге» ашық болғаны және сезімталдықпен қабыл алғаны сөзсіз. Мұның өзі олардың отырықшы өркениет әлеміне сәтті қосылуына жол ашты.