Атақты қолбасшылар мен билеушілердің темір тұлпарларына ескерткіш орнату сирек кездесетін жағдай емес. Десе де, Четак есімді Мевар жылқысынаiМевар — Раджастанның оңтүстігінде орналасқан тарихи аймақ өз иесінен бөлек, бірнеше ескерткіш орнатылған. Сөз жоқ, ол жергілікті фольклордың ең танымал кейіпкерінің бірі.
Аңызға жүгінсек, Четак жылқысы Үндістанның халық батыры, Раджпут княздігінің билеушісі Мевар Махаране Пратапқа тиесілі (1540–1597). Билеуші Махарана Пратаптың өмірбаяны тарихи шындық және аңызға берік оқиғалармен өрілген. Әкесі, кейінірек оның ұлы да ең әуелі Моғол империясының отарлауына қарсы күресте танылады. Бұл күрестің қызған тұсы Махарана Пратаптың билігімен тұспа-тұс келеді.
Тарихи дәстүр бойынша князьдің тұлпарының аты аталмайды, әрі жауынгерлік ерлік танытқаны туралы да баяндалмайды, алайда жергілік фольклорда оның есімі бар, толық өмірбаяны да суреттеледі. Четак жылқысының тарихын британиялық Ост-Үнді сауда компаниясының офицері Джеймс Тод (1772–1835) жазып шыққан деген дерек бар, ол өз кезегінде ежелгі аңыздар мен әндерге арқа сүйеген. Өзі қызмет еткен өлкенің тарихыны қызығушылық танытқан ағылшындық «Раджастанның жылнамалары мен ескі естеліктері немесе Үндістандағы Раджпутанның Орталық немесе батыс штаттары» атты іргелі еңбектің авторы атанды.
Махарана Пратаптың билігін сипаттай отырып, Тод жылқыны билеушіге Катхиаварадан шыққан саудагерлер сыйлаған деп жазады, бұл төл жылқы тұқымын өсірумен танылған аймақ еді. Сонымен қатар, Махарана Четакты жылдамдығы мен реакциясын сынау арқылы өзі таңдап алған деген дерек те жоқ емес. Сюжеттің бұл нұсқасында Четакты көк айғыр деп атайды, бұл оның жауынгерлік түр-сипатына қатысты болса керек. Осыған ұқсас кей мәтіндерде Махарана Пратапты көк атты шабандоз деп атайды.
Четак сипатталған ең танымал сюжеттердің бірі 1576 жылы болыпты. Дәл сол жылы оның иесі Халдигхати түбінде болған шайқаста Мевар княздігінің әскерін басқарған еді. Сол тұста Махарана Пратаптың мемлекеті Моғол императорының қол астына өтпеген Раджастханның соңғы аумағы саналатын. Тарихи және фольклорлық дәстүрлер сан жағынан моғолдар басым түскенін алға тартады, десе де халық аңыздарында олардың әскер санының мөлшері әсіреленгені рас.
Бұған қарамастан, дереккөздерде сол күні болған шайқас басымдықтың бір тараптан екінші тарапқа өткен бірбеткей тайталас болғаны сипатталады. Раджпуттардың қолбасшысының жараланып, шайқас алаңынан бас сауғалап қашуы ақыр соңында моғолдардың жеңіске жетуінде шешуші рөл ойнады. Четак жылқысының оқиғасы дәл осы бас сауғалап қашудың төңірегіне топтастырылады.
Джеймс Тодтың әңгімесіне негіз болған Кхуманно-Расо әнінде шайқастың шарықтау шегінде Махарана Пратап моғол әскерінің қолбасшысы Ман Сингхпен күш тайталастыруға тең келмейтін жекпе-жекке шыққан тұсы баяндалады. Моғол қолбасшысы пілге жайғасқан. Аңыз бойынша Четак тұяғын көтеріп, пілді басынан салып қалып, иесінің алтын уақытын сақтап қалады. Пілдің азуы аттың аяғын тесіп өтеді, алайда Четак аман қалып, тіпті жаралы иесін соғыс алаңынан алып шығады.
Шайқаста раджпуттар ресми түрде жеңіліс тапса да, олардың қолбасшысы тірі қалып, Моғол экспансиясына қарсы бас көтеруін жалғастыра береді. Сондықтан Махарана Пратаптың өзінің құтқарушысына Раджсаманд қаласында ескерткіш орнатуы тегін емес. Бұл Четакқа қойылған көп ескерткіштің алғашқысы еді, ал оның бейнесі Солтүстік Үндістанның фольклорында мәңгі жаңғырып қалды.
Бір қызығы, Халдигхати түбіндегі шайқасты үнді ұлтшылдары бірнеше рет қайта пайымдады. Кейінгі дәстүрде аталған шайқаста екі тарап та жеңіске жетпеді немесе Махарана Пратап жеңіс тұғырынан көрінде деп жазылды, бұл өз кезегінде отарлық және постотарлық дәуірдегі ұлт-азаттық қозғалыстың басты символдарының біріне айналды.
Сәйкесінше, иесінен кейін Четактың да бейнесі жаңғырып сала берді. Бүгінде Үндістанда жылқыға да, ол ерлік көрсеткен шайқасқа да арналған бірнеше мемориалдық кешен бар. Четак қаза тапқан жер де белгілі. Бүгінгі таңда Alouette III тікұшағының лицензияланған нұсқасы мен жедел пойыз Четактың есімімен аталады.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Успенская Е. Раджпуты. Рыцари Средневековой Индии. - Спб.: 2000. Евразия.
2. Вигасин А. История и культура Древнего Востока: энциклопедический словарь. - М.: 2008, РОССПЭН.
3. Tod J. Annals and Antiquities of Rajasthan. - London: 1832, Smith, Elder.