ҚЫЗЫЛ ИЕРУСАЛИМДЕГІ ОҚИҒА

"Майталман шебер мен Маргарита" экранизациясының қандай түйткілдері бар?

Евгений Цыганов пен Юлия Снигирь. Мастер және Маргарита фильмінен кадр. 2023 жыл/Марс Медиа

«Майталман шебер мен Маргарита» романының аты шулы экранизациясында Булгаков қолтаңбасы неге бұлыңғыр, фильм неге фанфикке айналған, ал роман сюжеті неге үнемі саясатқа мойын бұрғысы келіп тұрады? Осы жөнінде Максим Семеляктің шолуы.

Михаил Локшиннің фильмі, Булгаковтың әдеби туындысының рухынан (сондай-ақ әріптерінен де) айтарлықтай алшақ кеткенімен, өзінің мәнері арқылы мәтіннің көп қабаттылығын көрсете алған секілді.

Ертеректе күйбең тірлікті сөз еткен шығарма ретінде оқылған роман сарайға өзінің саяси мәнімен қайта керек болады деп кім ойлаған? Дегенмен «Майталман шебер мен Маргарита» романының жаңа экранизациясы, негізінен, басқаша көзқарас өлшемі бойынша бағаланып жатыр (біреулер фильмнен тоталитаризмге жасалған соққыны көрсе, қарсы көзқарастағы жандар туындыны тыңшылық пен сатанизмді ақтау әрекеті ретінде ұққан).

Бродскийдің «Мен антифашист және антифаустпын» деген өлең жолы аталған фильмнің ұраны болуға әбден лайық тәрізді. Фильмдегі бір-бірін рогаткамен атқан балалар, «жолдас драматург, қарауыл шаршады» немесе «біздің Пилат наркоматқа жұмысқа қалай барды» деген сынды репликаларды айтқан кейіпкерлер қорқыныш, қорлық пен зорлық ауаны тудырады. Шебердің оқиғасы мұнда Михаил Булгаковтың өмірлік қайшылықтарын жаңғыртқан тәрізді. Айталық шебердің «Пилат» деп аталатын қойылымы театрдан алынып қалып, ол өмірлік нәпақасынан қағылып, ақылынан адасады. Осыдан кейін ібіліспен байланысып, «Майталман шебер мен Маргаританы» жазуға кіріседі.

Аталған фильмнің екінші ерекшелігі — қалыпты технологиялық көрінісі (дегенмен, мысықтың бейнесі сәтті жасалмаған). Фильм Пол Верховеннің «Көрінбейтін адамы» секілді басталып, Лурманның «Ұлы Гэтсби» фильмі тәрізді жалғасады, жалпы алғанда фильм таяуда жарық көрген «Волконогов капитанның қашуы» атты туындыны еске түсіреді (сол бір балама отызыншы жылдардағы үздіксіз дирижабльдер мен уытты тоталитарлық арзан дүниелермен көмкерілген КСРО-ның бейнесі. Осындай арзанқол дүниелер «Майталман шебер мен Маргаританың» жаңа фильмінде де жеткілікті).

Романды құдіретті күш туралы шым-шытырық фэнтезиге айналдыру ұмтылысында тұрған оғаш ештеңе жоқ, дегенмен мұнда жанр түбегейлі мәнін жоғалтпаған. Бәлкім, осы бір жолда авторлар батылдығын жиып, Тим Бертонның (оның фильмдерінің біріне түскен Ева Грин Маргаританың рөлін сомдауға дәл келеді) стиліндегі гортескілік түнекке батқан ертегіні жасағанда дұрыс болар ма еді.

Мастер мен Маргарита фильмінен кадр. Юлия Снигирь Маргарита рөлінде. 2023 жыл/Марс Медиа

Фильмдегі тым жасанды Мәскеу, туындының о дүниелік жұмбақ әлеміне бойлауға мүмкіндік бермейді, сонымен қатар мұнда Булгаковтың әжуасы да мүлде байқалмайды (фильм әдейі күңгірт әрі ішпыстырарлық түсірілген, ал басты рөлдегі жұптардан өзге каст, жұтаңдығымен шамыңа тиеді). Фильмде тұрмыс пен күнделікті күйбең және Булгаковтың өзі тікелей бас қатырған пәтер мәселесі (ол ЖТҮКС басшылығынан Советтік жазуышыны Нащокин қиылысындағы үш бөлмелі пәтерден Лаврушиндегі төрт бөлмелі пәтерге алмастыруын өтінген) де көрініс таппаған.

Қателіктер мен импровизациялардың көп болғаны соншалық, фильм фанфикке ұқсайды. Кітап пен фильмді салыстыру — ыңғайсыз, оның үстіне, авторлар түпнұсқа мәтінді еркін түрде тәпсірлейтінін о бастан ұқтырып қойған болса, тіптен маңызы жоғалмақ. Алайда қасиетті мәтіннің жаңа баяны пайда болса, оның еш сөкеттігі жоқ. Тек аталған жаңашылдықтың тым жасанды жасалғаны жеріндіреді. Өйткені мұнда Игор Верник (Бенгальский) пен Марат Башаров (Лиходеев) өз персонаждарына жан бітіре алмаған. Гипер тоталитарлық Мәскеу фонындағы махаббат баяны — Булгаков мәтіні үшін тым жұпынылау емес пе? Айталық, «Майталман шебер мен Маргарита» шығармасының италия-югославтық экранизациясында (1972 ж.) авторлардың өз жанынан қосқан диалогтары жетерлік. Бірақ осы бір асаулықтың арқасында (мәселен, шебер «Ой, рябина кудрявая» деп аталатын әнді көлікте Маргаритамен бірге тыңдап кетіп бара жатады) фильм Булгаковтың рухына жақын шыққан.

Түпнұсқа мәтіннің жаңа нұсқада шамадан тыс бұрмалануы күпірлік емес, дегенмен бұл жөнсіз жасалған ысырапшылдық — Булгаковтың мінсіз өткірлігінің орынына күмәнді көшірмені қою қаншалық орынды іс? Мәселен, Патриарших тоғанындағы оқиғада айтылатын атақты болған афоризм фильмде: «Осы үшін Канттың бір жерінен қысып тұрып, Соловикке жіберсең?» деп өзгертіліп айтылады. Осы тұста «бір жерін қысып тұрып» деу қаншалықты орынды? Иван Бездомный романда да дөрекі кейіпкер, бірақ мұншалықты шеттен шыққан адуынды біреу емес. Өзге бір мысал (фильмдегі мұндай мысалдардың санында есеп жоқ): Маргарита советтік әуе күштері жау нысанын атып құлатқаны секілді, ұшқан кезде мені де қағып түсіреді деп ойдан құралған қалжыңды айтады. Роман мәтінінде осы ойды меңзейтін «Маған шапшаңдық пен жалаңдық ұнайды. Маузермен атып түсіргендей!» деген тіркес тұрғанда жаңа қайшылықты репликаны ойдан құраудың қажеті қанша?!

Мастер мен Маргарита фильмінен кадр. Аугуст Диль Воланд рөлінде. 2023 жыл/Марс Медиа

Шеберді сомдаған Евгений Цыганков өмірден жерінген адамның рөлін жақсы алып шыққан. Дегенмен ол бес тілді жетік білетін, аз-маз италиянша да оқи алатын (романда солай делінген), дүниенің сырын ашудың шегінде жүрген әдебиетке шексіз құштар адамға мүлдем ұқсамайды. Оның сомдаған шебері шампан құйылған стақанды кадр ішінде шамадан тыс жиі сілтейді әрі күйбең тірлікке байланған және тым пендешіл жан болып шыққан. Ал Юлия Снигирь болса, керісінше өзінің көз тоймайтын сұлулығымен Маргарита рөліне сай келеді. Бірақ фильмнің авторларының қалауымен, оның кейіпкері қуыршақ тәріздес әрі жансыз шыққан. Өз кезегінде Булгаковтың романындағы Маргаритасы қыли көз, ұдайы «аш қасқырдай» тамаққа ауыз салатын, ішімдікті сілтейтін, аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан, өзін ақымақ деп тілдеген Азазеллоға қылымсыған әйел болатын; ол үнемі «тісін ақситып», қарқылдап күле береді, ал романның шимай дәптерінде тіптен жан біткен алтын фаллоспен сауық құрған оқиғасы бар. «Тамаққа күпті болған Маргаританың кеудесін шаттық кернеді» — оның күйін дәл сипаттаған үзіндінің бірі осы. Романда Воландқа Маргарита жақын болғанымен, фильмде керісінше, Шебер жақын болып баяндалған. «Булгаков этикасы» деп аталатын кітабында Александр Зеркалов жазғандай мұнда: «әйелдік бастау болған Құдай ана ібіліске жақындатылғаны тәрізді, Воландтың ібілістік бастауы Иса Мәсіхтен тамыр тартқан».

Ал Воландқа келер болсақ, оның бейнесі Rammstein бейнебаяндарындағы ібілісті еске түсіреді. Тіптен Аугуст Диляның шеберлігі мен пластикасының өзі осы бір ойдан арылуға септесе алмайды. Жалпы алғанда, аталған фильмде Алоизияның рөлін сомдаған Александр Яценка ғана жасанды көрінбейді. Батырып айтар болсақ, ол Коровьевтың, Үйсіздің және Лиходеевтің де рөлін сомдай алар еді. Өйткені оның бейнесі булгаковтық фактураға сай келеді.

Мастер мен Маргарита фильмінен кадр. Мейн-кун Кеша Бегемот рөлінде. 2023 жыл/Марс Медиа

Шынтуайтында, «Шебер мен Маргарита» романына тек саяси шығарма ретінде қарау Ресейде ертеде қалыптасқан дәстүр. Сондықтан осыған қатысты естелігімді баян еткенді жөн көріп отырмын. Бала кезімде «Шебер мен Маргарита» романын әке-шешемнен қалған ескі, қолдан түптелген нұсқасында оқыдым. Соған қарағанда бұл «Мәскеу» журналына басылған үзінділерден жинақталған немесе жекелеген баспахананың бастапқы нұсқасынан көшірілген данасы болса керек.

Шығарманы алғаш оқығанымда романдағы бір сөз санамда жатталып қалды: «Бұл кісінің романына қатысты Латунскийдің мақаласын оқып алып, үйінде заңсыз әдеби шығармаларды сақтап отырғаны жөнінде шағымды жазған сіз бе? – деп сұрады Азазелло». Кеңестік елең-алаң шақта әлдебіреу осы бір сөйлемдегі «шағым» деген сөзді қарындашпен сызып тастап, төбесіне «арыз» деп түзетіп қойған. Аталған радикалды сөзді кім және қашан өзгерткені маған белгісіз, дегенмен Ресейдің тарихы үнемі мағынаны қатаңдатып, меңзеген ойды саясиландырып жіберетін тәрізді. Бірінші кезекте Булгаков мәтінін әлеуметтік-азат етуші өлшемде өзекті ете түскен «Шебер мен Маргарита» романының су жаңа экранизациясы, осы іспеттес ескертпені еске салады (дегенмен бұл түзету қарындашпен емес, айқын әрі көркем формада жасалған).

Көшірілді