Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары

ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН ӘЙЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ

Дала халқына қатысты мифтерге Зира Наурызбай жауап береді

ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН ӘЙЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ

Даланың тұтқынға түскен қыз-келіншектері/Dall-e

Қай заманда болмасын әскери жорықтың негізгі мақсатының бірі — әйелдерді тұтқынға алу болды. Отырықшы халық арасында соғыс кезінде тұтқынға түскен қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасау үйреншікті болса, дала халқында жағдай мүлде басқаша болғанға ұқсайды.

Мазмұн

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тер» романында 1917 жылы Арал маңындағы қазақтар жайлаған балықшылар ауылына түркімен аламандарының шабуылдаған эпизоды бар. Олар қару алып қарсы шыққан еркектердің бәрін жер жастандырған соң, қолға түскен тұтқындар мен малды айдап Үстірт жазығы арқылы еліне оралады.

"Қан мен тер" фильмінен үзінді/Ашық дереккөзден

"Қан мен тер" фильмінен үзінді/Ашық дереккөзден

«Түрікпендер жылқыларды үйір-үйірімен айдап әкеп, Бел-Аранның бет алдындағы кең жазыққа иірді. Түрікпендер қалған қыз-келіншекті айдап ұзай берді. Мұндай жердегі ежелгі түрікпеннің салты бойынша қолы жеткені қалағанын әкетпей, таңдауды тұтқын қыздар мен келіншектердің өздеріне береді екен. Қыз-келіншектер ауылдан шыққалы шапанын басына бүркеп, ат үстінде сыңсып келе жатқан-ды. Іштерінде үн шығармаған Балжан ғана. Балжан басына түскен үмітсіз халді біліп, бірден қатайып алды.

Түрікпендердің Жөнеуіт ханнан кейінгі басшысы сіңір қара болатын. Кешеден бері ол Айғаншаға қайта-қайта қиястап кеп қасынан кетпей қойып еді. Бірақ қыз тіл қатпады.

Сіңір қара жақындаса сырт айналып, үнсіз безеріп ала бергесін, бір рет ол көк қасқа арғымақты тебініп қап үзеңгі қағыстырып кеп, қыз астындағы аттың тізгінінен ұстады. Осы арада өжет қызды өзіне қарай катты жұлқып бұрып алды. Айғанша тайсалмады. Сіңір кара түрікпен қара елтірі құрайыш астынан көзін қадап, демін ішіне ызғармен жұтып алған-ды. Ол күле білетінін де көрсеткісі келгендей, күтпеген жерден жымиды. Соның өзінде жылтыр қара беті жылымай, тек тістеніп алған жұп-жұқа ерін арасынан аппақ тістер ырсиды.

– Көнесің. Әйтпесе, күшпен көндірем, – деп қыздың көзіне кірпік қақпай, қадала қарап тұрды да, ілгері жүріп кетті.

Сіңір қара түрікпен олардың әңгімесіне араласпай, кеш бойы көзінің астымен Айғаншаны бақты да отырды. Оның әмірі бойынша бұл түні де түрікпендер Айғаншаны ортаға алып, отты айнала қоршап жатқан-ды. Айғанша бүгіннен қалса аяғы алысқа түсіп кететінін білді».

Майн Рид. Түрікмендер. 1861/Wikimedia Common

Майн Рид. Түрікмендер. 1861/Wikimedia Common

Тұтқынға түскен әйел күйеуді өзі таңдай ма?

Жоғарыда берілген романның эпизоды жас кезімде алғаш оқыған кезде мені қатты қызықтырған болатын. Ертеде, тіптен «өркениетті» делінген халықтардың өзінде жеңген тарап, жеңілген тараптың әйелдерін еркінен тыс күштеп, зорлық қылар әрекеті қалыпты дүние саналған. Ал мұнда сан ғасырлар бойына қырқысып, ата-жау атанған түркімендер мен қазақтар жөнінде сөз болып отыр. Олай болса, аламандардың тұтқынға түскен әйелдерге қатысты жұмсақтығын қалай түсінуге болады? Бұл өткенді романтизациялау ма? Бірақ «Қан мен тер» романы советтік идеологияның талаптары бойынша жазылып, қазақтың кедейлері орыстың пролетариат өкілдерімен қалайша жақындасқанын сөз етеді емес пе!? Романның айтпағы — сан ғасырлық қазақтың тұрмысы жұтаң әрі тым сұрқай екенін тілге тиек етіп, оған әр беріп, мән бітірген совет билігі ғана екенін дәлелдеу ғана. Ал Түркімен шапқыншылары сөз болған бөлімге келер болсақ, романның мақсатына мүлдем жат әрі түркімендер де романның бір эпизодында ғана жылт етіп көрінеді де қояды. Жазушының оларды әспеттеп жатқаны да байқалмайды. Мұнда тұтқынға түскен әйелдерге еркінен тыс тиіспейтін жоралғы қалыпты ұғым ретінде сипатталған. Алайда өрімдей жас қыздар мен сұлу әйелдерді қолға түсіру шапқыншылықтың негізгі мақсатының бірі емес пе!?

Е.М.Сидоркин. Сұлу қыз. 1966/РИА

Е.М.Сидоркин. Сұлу қыз. 1966/РИА

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстауға жасаған экпедиция кезінде өлкетанушылар бізге «Қарауыл төбе» деп аталатын жоталарды көрсетті. Ертеде аталған төбелерге жау шабатын болса, дабыл қағып, хабар беретін отын қойылатын болған. Сондай-ақ біз соғыс жағдайында қыздар мен жас келіншектер жау қолына түсіп қалмас үшін Маңғыстау төбелерінің табанында орналасқан Үстірт жазығына бастайтын құпия сүрлеулерді де тамашаладық. Қыз-келіншектердің қолға түспей, аман қалуы — еркек кіндіктің басты мақсаты. Қазақтың еркегі түркімен аламанының қалың түменімен жалғыз жүріп ұрыс салса да, қыз-келіншектер қара үзіп кетуі үшін уақыт созуға міндетті. Сондай-ақ олар шабылған ауыл тұрғындарын тұтқынға алған түркімендердің, арттан көмек келгенше қара үзіп алысқа ұзап кетпеуі үшін де уақыт оздырып, ұрысқа кіруге тиіс. Мәселен, 1856 жылы Қараған-Босаға деп аталатын жерде, Балуан Нияз бастаған 60 жігіт, саны үш есе артық болған хиуалықтарды қуып жетіп, тұтқындарды босату үшін қиян-кескі ұрысқа түскен. Жан алысып, жан беріскен ұрыста хиуалықтар адай жігіттерінің тегеурінін басып, саны аз қазақтар ақырын кері шегіне де бастаған. Сол кезде қазақ қыз-келіншектерінің жылаған дауысын естіген Балуан Нияз өзі де көзіне жас алып (эпостарда қазақ батырлары да жылай береді және ода тұрған оғаш дәнеңе де жоқ), Қалнияз ақынға батырлардың есіне көмек күткен қазақ қыздарының тұрғанын түсіретін ән салуға бұйырады. Әннен рухтанған қазақ батырлары аталған ұрыста жеңіске жетіп, тұтқындағы қыз-келіншектерді босатқанымен, бірнеше ержүрек жауынгермен қатар Балуан Нияздың өзі де қаза табады. Әрі осыған ұқсас оқиғалардың санында есеп жоқ.

Шерқала тауы. Маңғыстау. Қазақтар мен түркімендер қақтығысы болған жер болуы мүмкін/Wikimedia Commons

Шерқала тауы. Маңғыстау. Қазақтар мен түркімендер қақтығысы болған жер болуы мүмкін/Wikimedia Commons

Экспедиция барысында Маңғыстаулық өлкетанушы Мұрат Ақмырзаевтан, Ә.Нүрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы тұтқынға түскен әйелдерге қатысты эпизодтың қаншалық шындыққа жанасатынын сұрадым. Ол мұндай ереженің болғанын және еш талқыға салмастан орындалғанын растады. Ежелгі жора бойынша тұтқынға түскен қыз-келіншектердің отандастарының, оларды аман-сау еліне қайтарып алатын мүмкіндігі болған. Өз кезегінде қазақтар да тұтқындағы қыз-келіншектерге осындай қатынас жасаған.

Соған қарағанда аталған қағида тек Батыс Қазақстан аймағында ғана емес, сондай-ақ өзге жұрттармен, айталық, жоңғарлармен соғыс кезінде де сақталған тәрізді. Сәкен Сейфуллин халық аузында жүргенде аңызға сүйеніп, Көкшетаудағы Оқжетпес тауы жөнінде поэма жазған: Абылай ханның тұсында қазақтардың қолына 17 жастағы қалмақтың сұлуы түседі және батырлар ол қызға таласып, керісіп қалады. Сонда Абылай хан қызға күйеу таңдауға ерік береді. Ол қолына орамал тағып, таудың басына шығып, жебе атып осы бір орамалға тигізген адамға күйеуге шығамын деп талап қояды. Сондай-ақ қазақ тарихының дәл сол кезеңін сөз еткен Мағжан Жұмабевтың «Батыр баян» поэмасын айтсақ болады: қазақ батыры жорықтан әдемі қалмақ қызын әкелгенімен, ол батырдың бетін қайтарып тастайды, ал сол қызға ғашық болған Баянның інісі Ноян, онымен бірге қашып кетеді.

Борабай көлі. Оқжетпес пен Жұмбақтас жартасының көрінісі/Alamy

Борабай көлі. Оқжетпес пен Жұмбақтас жартасының көрінісі/Alamy

Аталған оқиғаның бәрі жай ғана аңыз әңгімелер болуы да мүмкін. Бірақ аңыз я эпос ғасырдан ғасырға ауыздан ауызға тарап жеткендіктен, олар уақыт тезінен өтіп, өзгеріске түседі. Аңызды жеткізуші тыңдармандарға баяндаған оқиғасы нанымды болуы үшін, аудиториясының қабылдауын да ескереді. Әлбетте, әсірелеу мен ойдан оқиға қосуға болады, бірақ мотивация мен қисын менталитетке сай күйінде қалады. Холливуд та, шамамен, осыған ұқсас тәсілмен жұмыс істейді: трюктер мен блокбастерлер таңдай қақтырады, бірақ бас кейіпкердің шешімі және оның ой-жүлгесі көрермен үшін шынайы көрінуі қажет, өйтпеген жағдайда, фильм көп көрермен жинамайды. Демек бұл өзі күйеу таңдаған тұтқын жөніндегі сюжет, сол кезеңдегі қазақтар үшін түсінікті әрі нанымды болған деген сөз.

Таңқалуға асықпаңыз

Тұтқынға түскен қыздың тағдыры өз қолында деген түсінікті дәлелдеп-бағудан аулақпын. Егер тұтқындағы қыз жорық кезінде таңдауын жасамайтын болса, онда межелі жерге жеткенде, аламандар оның кімге берілетінін шешіп я, тіптен құлдыққа сатып жіберуі де мүмкін. Мұндай жағдайда оның талайына не құлдыққа түсіп күң болу, не ойнас құма атану жазылады. Құма атанып, еріне бала тапқан жағдайда, ол әйел егер бәйбішесі бала таппаған болса, тоқал атанады. Айтуларға қарағанда, Қанжығалы руының батыры Бөгенбай, жиі жоңғар жеріне жалғыз шауып, қолға түскен қыз-келіншектерді арбаға салып әкеліп, ел ішінде тарататын болған. Осыған байланысты, Бөгенбай батырдың кезінде «Қанжығалы ішінде тоқалсыз қалған жігіт жоқ» деген мәтел туған екен. Қалың мал төлеуге жағдайы жетпеген кедейдің, тек қолға түскен тұтқынды ғана әйел етумен шектелуі де ғажап емес. Қалай болмасын, тұтқынға түскендерді құлдыққа жегу дала халқында отырықшы халықтардың классикалық құлдығынан айрықшаланғаны анық. Мұнда құл я күң өз еркімен шаңырақ көтере алады, тіптен ісі озық болса құрметке ие болып, ру ішіне де кіре алады (қазақ тіліндегі «құл» сөзі, тұтқынға басыбайлы қожа болуды білдірмейді), ал олардан туған балалар нендей жағдай орын алмасын, еркін адам саналады.

В.В.Верещагин. Қазақ әйелі. 1867/Alamy

В.В.Верещагин. Қазақ әйелі. 1867/Alamy

Тұтқынға түскен қыз-келіншектің тағдырын не оны қолға түсірген адам, я тайпа көсемі, не хан шешетін болады. Адайдың Жеменей руының Атымтай Жомарт есімді арғы атасы жөніндегі аңызда, жорық кезінде барлық жауынгерді тамақтандырып, су ұсынғаны үшін хан Атымтайдан не қалайтынын сұрайды. Ал ол, өз кезегінде еңбегінің қарымтасына кісі баласы мінбеген ақ арғымақты, жаңа сауыт пен қаруды, сондай-ақ Ақсұқыр («Ақсұқсырды сүймей бер») есімді ермен қосылмаған тұтқын қызды сұрайды.

Эпикалық мәтіндерде тұтқын әйелдерге қатысты түрлі қарама-қайшылықтарды кездестіруге болады. Жау елінің қызы, тіптен егер ол өз еркімен батырға келіп, әкесі мен бауырларын жеңуге көмек қолын созған болса да, жұрт оны еншіге түскен олжа ретінде қабылдайды.

Дала халқында «сауға» деп аталатын дәстүр болған: көлденең келген көк аттының өзі аңшыдан я жауын жығып олжалы қайтқан жауынгерден құнды бір затты сұрай алады (сауға — бұл сондай-ақ бас амандығын сұраумен шектелуі де мүмкін, яғни жеңілген тарап жеңгеннен өмірін сыйлық ретінде тартуын сұрай алады). Жеңілген халықтың қызы сауға ретінде әкесінің я атасқан жігітінің өмірін, жеті атасынан келе жатқан сауыт-саймандарын, ең жүйрік арғымақты сұрағаны жөнінде де аңыздар айтылады. Далалықтардың жауынгерлік қағидатына сәйкес, жеңген тарап осы бір өтінішті аяқ-асты етпеуге тиіс (Серікбол Қоңдыбайдың «Жауынгерлік рух кітабы» еңбегінде толық қамтылған).

«Қобыланды батыр» жырында Қараман батыр (бас кейіпкердің жолдасы) сауға ретінде жаудың қызы Қарлығаны сұрайды. Ақырында Қобыланды өзіне ғашық болған, ол үшін әкесін сатқан, тұтқыннан қашып шығуға көмек қолын созған Қарлығаны беруге мәжбүр болады. Соған қарамастан Қарлыға эпос нұсқаларының басым бөлігінде Қобыланды тарапын жақтап, сол үшін соғысқаны айтылады. Жорықтардың бірінде ол Алшағыр ханның қыздары апалы-сіңілі Қанекей мен Тінекейді тұтқынға түсіреді. Қараман үлес ретінде сауғаға тұтқындағы қыздарды сұрайды. Қарлыға өзі де Қараманға сауға ретінде үлестірілгенін, өзінің олжасын оған бергісі келмейтінін еске салады («Өзімнің басым сауғадан құтыла алмай жүргенде, мен кімге сауға берейін?»). Қараман болса, екі қыздың қарымтасына, Қарлығаның басына еркіндік дарытатынын жеткізеді. Осыған ұқсас мотив жырдың басқа да нұсқасында бар: Қарлыға Қараманға ханның қос қызын беріп, азат болады (Бабалар сөзі, 36 т., 97 бет). Осылайша Қараман апалы-сіңілі сұлуға үйленіп, той жоралғыларын өткізеді.

Қарлыға, Қанекей мен Тінекей/Dall-e

Қарлыға, Қанекей мен Тінекей/Dall-e

Бірақ қалай болмасын, жорықтан тұтқынға түскен қыз олжа ретінде қарастырылады. «Қобыланды батыр» жырының С. Ділманов жеткізген нұсқасында батыр Алып ханның қызы үшін Тескен таудағы ертеде жабылып қалған өткелді қайта тесіп шығады. Қобыланды батыр ханның қызын түсінде көріп, оны тауып алуға түсінде уәде етеді (аталған нұсқа — шығыстың ғашықтық дастандары, қиял-ғажайып ертегілер мен батырлық жырлардың қоспасы іспеттес). Ақырында Қобыланды батыр мен жолдастары қиындықтарға қарамастан Алыптың қаласына жетіп, ал ханның қызы болса, бауырымен бірлесіп өз әкесін жығып беруге көмектеседі.iБабалар сөзі, 37 томОсы бір жеңістен кейін Қобыланды батыр ханның қызын өзімен ілесіп келген жолдастарының біріне ұсынады.

Тіптен, тәкаппар хан Көктім Аймақтың (жырдың көне нұсқаларында — сиқыршы-кемпірдің есімі Көклен, Көктен деп берілген) қызы Құртқаны батырлар арасындағы сайыста қалыңымен қоса жеңіп алған Қобыланды, белгілі бір дәрежеде жарын сый ретінде иемденіп отыр. Қобыланды өзінің қарындасына: «Қалыңсыз да, кәдесіз, алып келдім бір жеңге...» дейді. Дәстүрлі қоғамда келіннің абыройы асқақ болуы үшін той жоралғыларының бәрі сақталғаны жөн. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» деген мәтел соның бір дәлелі.

Тарас Шевченко. Қазақ әйелі. 1856/Alamy

Тарас Шевченко. Қазақ әйелі. 1856/Alamy

Жырдың Н. Байғанин жеткізген (Бабалар сөзі, 36 том) нұсқасында Қобыландыға қалыңсыз келген Құртқаның сөзі, батырдың қарындасына қарағанда салмақсыз болғаны да сол үшін болуы бек-мүмкін. Бұл батыр тек бір жағдайда ғана дана әрі адал әйелімен тізе қосып, қаһарлы болған (тұтқынға түскенге дейінгі жырдың алғашқы бөлігінде) жалғыз эпос.

Апалы-сіңілі Қаныкей мен Тінекей «Қобыланды батыр» жырында тек нысан ретінде ғана аталып өтіледі: Қобыланды батыр тұтқынға түскен соң Қарлығаның бауыры Біршімбай Алшағырға қуанышты хабарды жеткізіп, «сүйіншісіне» қалмақ ханының қарындастарын алуға аттанады. Алшағырдың анасы қыздарды қоршауға алынған қаладан жасырын алып шықпақ болғанда, Қарлыға оларды ұрлап кетіп, еркіндігінің өтемі үшін Қараманға береді. Есімдері әр нұсқада әрқалай аталған (Қаныкей, Күнікей, Тінікей, Түнікей) дәл осы екі ару ұдайы бірге жүреді және олар өз еркімен ешқандай әрекетке бармайды: оларды тұтқынға алады, артынан іздеп келеді, соңында тұтқыннан босатып алады.

Тіптен «Күн астындағы Күнекей» деп аталатын ертегідегі Күнекейдің өзі әрекет етпейді, ол тек жаһан кезген бас кейіпкердің жеткісі келген мақсаты ғана. «Желкілдек» деп аталатын қаһармандық ертегіде (Бабалар сөзі, 75 т., 186 бет) ханның екі қызы тұтқынға түседі. Ханның інісі үшін қарындастарын тұтқыннан азат ету, бауыры мен інісін өлімнен құтқарып қалудан да маңызды болғандықтан, ол қыздарды босатып, өлгендердің кегін алатын батырды іздейді. Бір жырдан келесі жырға көшіп жүретін «Күнікейдей көріктім, Тінікейдей тектім», «Күнікейдей кекті қыз, Тінікейдей текті қыз» деген секілді тұрақты сөз тіркестері де бар. Серікбол Қондыбай аталған екі қыз кейіпкерді Таңда және Кешке туатын Шолпан жұлдызын астастыратын аспан денелері ретінде қарастырады. Ол сондай-ақ аталған есімдердің «қан» мен «тын» (дем), «күн» мен «түн» деген мағынасы бар болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. 17–19 ғасырларда «Қаныкей мен Тінікей толықтай дерлік мифтік сипатынан айырылып, «бос кеңістікті» толтыратын екінші сортты фольклорлық кейіпкерлерге айналды» (С. Қондыбай «Арғы қазақ мифологисы», Екінші кітап, 392 бет).

"Қан мен тер" фильмінен үзінді/Ашық дереккөзден

"Қан мен тер" фильмінен үзінді/Ашық дереккөзден

Жаудың қойнына кірген тұтқын қыз-келіншектер айыпты ма?

Дәстүрлі мәдениетте шапқыншылық кезінде жауға етегін ашқан қыз, әйел айыпты саналмайды. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету еркектің мойнына артылған міндет. Жырдың кейбір нұсқаларында жорыққа шығып, жау қолына түсіп, одан азат етілген оқиғаларды басынан кешкен Қобыланды батыр, отанына жау шауып, отбасы тұтқынға түскені жөнінде естиді. Жаудың қосынына келіп, ол ханның тұтқынына айналған әйелі Құртқаны жолықтырады. Қала қабырғасынан күйеуін көріп қалған ол, күзеттен далаға шығып тезек теріп келуге сұранады. Ол күйеуін сынап көрмек болады: тезек саламын деген қабын ішіне орап алып, Қобыландыға тұтқында жүріп аяғы ауыр болып қалғанын айтады. Батырдың жанына батса да, Құртқаның тұтқынға түсуіне өзі айыпты екенін мойындап, жорықта жүріп жалғыздық пен сатқындықтың азабын тартып, өзгергендіктен, жаудан мың бала тапса да бағуға әзір екенін жеткізеді. Алайда осы бір Құртқаның әрекеті ойын екенін білген соң, Қобыланды жүзіне күлкі үйіріліп, иығынан ауыр жүк түскендей күй кешеді.

В.Тимм. Қалмақтар. 1849/Wikimedia Commons

В.Тимм. Қалмақтар. 1849/Wikimedia Commons

Аталған оқиға Шыңғыс хан мен, кей нұсқаларға сәйкес, үлкен баласы Жошыны тұтқында тапты делінетін бәйбішесі Бөртенің тарихын еске түсіреді. Шыңғыс хан Бөртенің тұтқында тапқан баласын өз балам деп мойындайды. Зеррттеуші Т.Әсемқұлов «Тәттімбеттің Шығыс Түркістанға жасаған саяхаты және екі күйдің тарихы» деп аталатын мақаласында, 18 ғасырда өмір сүрген Байжігіттің «Қылаң батыр» деп аталатын күйінің аңызын баян етеді. «Аңыз бойынша Қылаң батыр түн ортасында жауына шапқанда, оның жүзі жарқырайтын көрінеді. Бірде қалмақ ханы Сұршан Аягөздің төмендегі сағасындағы қазақ ауылдарын ойрандайды. Жау олжасын алып отанына бағыт алғанда, олардың артынан Қылаң батыр бастаған 4 жігіт қуғынға аттанады. Жау күші төрт батыл сарбазды қоршауға алады. Ақыры төрт батыр да жер жастанған ұрыс басталады. Қылаң батырдың артында Меруерт есімді баласы қалады. Меруерттің нағашы ағасы Қосайдар би баланы тәрбилеп өсіріп, әкесінің қалмақ қолынан қаза болғанын ұдайы есіне салып отырады. Сомен күндердің бір күнінде ер жеткен Меруерт әкесінің сауытын үстіне киіп, қолына қаруын алып, кек алмаққа қалмақ жеріне аттанады. Аңыздың соңы таңғажайып аяқталады. Меруерт Сұршанмен майданға түсіп, жеңіп шығады. Бірақ ханды өлтірмейді, тек қылышты мойнына тақап, қызыңды бер деп сұрайды. Осылайша Меруерт туған жеріне үйленіп оралады». Бірақ осымен жаулар достасып, махаббат үстемдік құрды дей алмаймыз. «Ана я әйел жалпы алғанда — түп ана, халықтың бары мен нәрі... Меруерт Сұршан ханды өлтірудің орнына, оның қызын әйел қылып алып кетеді... жалпақ тілмен айтқанда, бұл — Меруерт Сұршан ханның қызымен бірге оның жатырында бітуі мүмкін болған бірнеше буын ұрпақты, яғни тұтастай бір халықты алып кетті деген сөз. Егер ол ханның өзін ғана өлтірсе, тек бір адамды ғана жер жастандырар еді. Бірақ осылайша әрекет ету арқылы, ол әкесінің кегін толықтай дерлік қайтарды деуге болады». Аталған тақырып жөніндегі дәстүрлі түсінікті паш еткен бұл мақала 1980 жылдардың басында жазылған. Таңғаларлығы сол, заманауи ғылым, қыз баласының эмбрионында өскен сайын жетіле түсетін жұмыртқа жасушалары болатынын дәлелдеп отыр, яғни бұл — жүкті әйел шынтуайтында, жатырында тек өзінің қызын ғана емес, сондай-ақ қызынан тарайтын жиендеріне де жүкті болады деген сөз. Дала халқы қыздар мен жас келіншектерді ең құнды сыйлық ретінде қарастырғанда, құдды бір, осы ақиқатты білгендей көрінеді.

Е.М.Сидоркин. Бесік жыры. 1966/РИА

Е.М.Сидоркин. Бесік жыры. 1966/РИА

Дала халқының шапқыншылығының шын мәнінде күйретуші әсері болады ма?

Әскери жорық кезінде қолға түскен әйелдерге деген құрмет, бәлкім, ерлердің жалпы әйел атаулыны құнды сыйлық, жеке меншік ретінде қарауына байланысты туған болар. Бәлкім, аталған қағида дала халқының әскери тәртібіне байланысты, уақыт тапшы болғандықтан (шапқыншылық, жорық — бұл жау жерін басып алу емес) орнауы да ғажап емес.

«Прошлое. Исторический журнал» подкасының «Реконструкция монгольского штурма древнерусского городища» (Ежелгі Русь қалаларына жасаған моңғол шапқыншылығының реконструкциясы) деп аталатын шығарылымында, Ресей ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институтының славян-фин археологиясы бөлімінің ғылыми қызметкері К.А.Михайлов, Укранианың Хмельниц облысы аймағындағы Үлкен Шепетов қалашығына жасалған қазба жұмыстарының нәтижесін баян еткен болатын. Мұнда қымбат қарулар мен тұрғындардың әшекейлеріне шапқыншылар мүлдем тимеген. Осы бір құбылыстың себептерін подкастқа қатысқан мамандар, табылған археологиялық факті ретінде талқылаған. Тарихшылар сондай-ақ моңғол шапқыншылығы кезінде, моңғолдар жеңіске жеткенде я қаланы басып алғанда, егер қаланы талан-таражға салыңдар деген бұйрықты алмаса, тонау әрекетіне кіріспегендері жөнінде Шығыс Еуропа жылнамашыларының деректерін де келтірген. Бұл жайт сол заманда өмір сүрген жандардың таңданысын тудырған, өйткені осыған ұқсас жағдайда Еуропа әскерінің әрекеті бұған мүлдем кереағар болған.

Егер дала халқы басып алған қалалардағы әшекейлерге беймарал қараған болса, онда олар әйелге деген сексуалдық құмарлығында ауыздықтай алған болар. Қалай болмасын, аталған факті жолынан шыққан дүниенің бәрін қиратқан, жаулап алған қыстақтағы әйелдерді зорлап, еркегін өлтірген жабайы ордалар хақындағы кең тараған түсінікті жоққа шығарады.

Физик-ядерщик Дмитрий Мадигожин «Логика Небесного Закона. Көк Төре» (Көк Тәңірі Заңының Қисыны. Көк Төре) деп аталатын еңбегінде адамзаттың моральдық заңдарының пайда болуы мен даму жолын өмір салтына байланысты туындаған табиғи процесс ретінде қарастырып, эволюциясын қайта құруға тырысқан. Оның ойынша, тас қамалдың артында бой тасалайтын мүмкіндігі болмаған дала халқы, бір-бірінің сеніміне кіріп, көршілес жатқан тайпалар мен рулармен достық қатынас орнатып, моральдық заңдарды ұстануға мәжбүр болған. Сол себепті олар сенімнен аттап өткендер мен бәрі сөзсіз келіскен мінез-құлық үлгісін ұстанбағандарды қатаң жазаға тартқан.

Е. М. Сидоркин. Қазақ халық эпосы. 1962/РИА

Е. М. Сидоркин. Қазақ халық эпосы. 1962/РИА

Маңғыстаулық өнер майталманы Мұрын жыраудың аузынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» деп аталатын эпикалық жырда батырлар әулетінің үлкен атасы Аңшыбай немересі Парпарияға батасын береді. С.Қоңдыбай аталған батаны қазақ жауынгерінің кодексі ретінде қарастырады. Аталған жырда: «Жауыңды жеңіп ел алсаң, / Қатын-балаға тимегін. / Жазықсыз жанды жылатпа, / Тарихи тамды құлатпа. / Қайратыңа мастанып, / Кем адамды кемітіп, / Қағып соғып құлатпа...» деген жолдар кездеседі.

Соғыс — қанды қырғын, қайрымсыз тірлік. Біздің арғы аталарымыз, өз кезегінде соғыстан көз ашпаған. Олар жауға шапты әрі қорғанды, өз қанын да, өзгенің қанын да төкті, өзі тұтқынға түсіп, жауын тұтқынға алған кезі де болды және олар өлімнен гөрі арын таптаудан қатты қорықты.