Қазақ даласында ғашықтық екеудің шаруасы болған кез некен-саяқ. Көбіне екі жастың қосылуы — рулар арасындағы келісімнің нәтижесі, бүкіл елдің назарында болатын қатаң рәсімдер мен жоралғылар реті еді. Әйтсе де романтика болмай қоймайтын. Сонымен қатар түрлі шектеу оның өзіне ғана тән мәдениетін қалыптастыратын. Тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова дәстүрлі қазақ қоғамында жастардың қалай көңіл жарастырып, бір-бірімен табысқаны туралы әңгімелеп берді.
Асқақ махаббат
Қазақ мәдениетіндегі романтикаға толы ғашықтық — көшпелі өмір салты, ру-тайпа құрылымы, әдет пен шариғат қағидалары, сондай-ақ поэтикалық ауыз әдебиеті тоғысында қалыптасқан бірегей құбылыс. Батыстағы тек екі адамның арасындағы сезім деген романтикалық махаббаттай емес, қазақ даласында ол ұзақ уақыт бойы ортақ құндылықтар және әлеуметтік міндеттермен таласа-тартыса жүрді.
Қазақ даласында неке — екі адамның бас құрауы емес, екі рудың келісімі болатын. Бел құда, бесік құда салты екі жастың ғашық болып қосылуына мұрша бермейтін. Енді, бір жағынан, сүю дегеннің өзі қол жетпес болғандықтан, махаббат әлдебір асқақ, қасіреті көп сезімге баланған.
Поль Лаббе. Қалыңдығын ерткен сұлтан баласы. Жетісу, 1897 жыл / Gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France
Мұның бәрі эпостар мен әндерде жақсы көрінеді. Ел аузындағы ғашықтық сюжеттердің бәрінде қосыла алмай кеткен екі жастың мұңы айтылады. Естай мен Қорлан, Төлеген мен Жібек — жай ғана әдебиет кейіпкері емес, орнығып қалған мәдени архетиптер: адамның өз сезімі әлеуметтік нормаларға қайшы келгенде, түптің түбінде құрдымға кететін.
Романтика шарпыған шақ
Әйткенмен сондай қатаң тыйымның арасында да уақыт пен кеңістік жағынан шеті мен шегі бар қысқа ғана еркіндік дәурені есіп тұратын.
Николай Хлудов. Салтанатты көш. 1880 жылдар / Wikimedia Commons
Соның бірі — көш. Қазақтың көші — қоныс ауыстыру ғана емес, жөн-жоралғысы бір төбе, бөлек дәстүр. Көш басында көштің көркіне айналған ауылдың ең сұлу қыздары, олармен қатарласа, әзілдесе, ойнап-күліп жас жігіттер жүретін. Жай күні ұят саналатын қылыққа соншалықты мән беріп қарамайтын, тыйым да жоқ еді, сол себепті ондай көріністер көш ғұрпының бір бөлшегі саналатын.
Көңіліне жаққан қыз-жігітпен тілдесіп, екі ауыз әзіл айтып, ойнап-күліп қалатын тағы бір кез — жаз жайлау. Далада жұрттың әлеуметтік тірлігі түгел жазға қарап тұрады: той-томалақтың бәрі жазға орайластырып, жастардың да жолығып, тіл қатысып, бір-бірінің көңілін байқастайтын кезі де сол кең жайлау.
Николай Хлудов. Жайлау. 1880 жылдар / Wikimedia Commons
Ай астындағы ойын-күлкі
Жастардың ойын-күлкісі оңаша өтпейтін. Жас дәуреннің бар қызығы алтыбақан басында өтеді. Ән айтылып, күй тартылып, абыр-сабыр ойынның арасында қазіргі жастардай оңаша кездесуге ыңғай болмасы анық. Әйткенмен жұрт көзін ала бере қарасып, иек қағысып, көңілін білдіріп, әдептен озбай сөз байласып алар шақ та сол.
Алтыбақан. Наурыз мейрамы. 2021 жылғы 23 наурыз / Getty Images
Жастардың ел көзінен таса оңашалана алар бір сәті — ақсүйек ойыны. Айлы түні ақсөңке сүйекті айдалаға лақтыра салып, бәрі соны іздейміз деп жамырай тарап кеткен шақта әлдебір қыз бен жігіттің қосарлана кеткені ерсі көрінбейтін. Ақсүйек іздеген болып оңаша тіл қатысып, ұзап кеткеннің өзі ұят саналмайтын.
Еуропа дәстүріндегідей емес, тән жақындығы да бөлек ереже, өзге әдепке бағынатын. Сүйісу — еркелесудің мәні емес еді. Одан бұрын қыздың білегін ұстау, шашынан иіскеу — еркелетудің айрықша түрі болатын. Әдетте қыз бала маңдайын бүркелемейтіні де содан болса керек.
Жеңгетайлар
Әдетте қос ғашықты табыстырып, арада жүретін кісілер болады. Ең алдымен ауызға ілігетіні — қыздың жеңгесі. Екі араға хат таситын да, жастарды жолықтырып, әдептен аспауын қадағалайтын да сол жеңге.
Жастар атастырылып қойған соң, алғаш бетпе-бет емес, іргеден жолығатын болған. Қыз үй ішінде, жігіт сыртта, ірге түрулі, қол созымда болса да, әдеп шегінен асып кетпейтіндей алыстан тілдеседі.
Қолұстатар салты. Түркістан альбомы. 19-ғасыр / Wikimedia Commons
Ал екі жақ құдалық пен қалыңмал жайын келісе бастағанда, күйеу қалыңдығына ұрын баруына болады. Жұрт көзіне көрінбей, түн жамылып барғанымен, ауыл-аймақ күйеу кез келген күні келуі мүмкін екенін біліп жүретін.
Ұрын бару — күйеу мен қалыңдықтың сол ауылдың әйелдерінің көзінше жолығып, қол ұстасып тілдесіп, сыр ұғысатын аз мүмкіндігінің бірі. Күйеудің ұрын баруының өз әдебі бар: ауылдың үлкендерінің көзіне түспей, ерсі қылық қылмайды, құрқол жүрмей, сол ауылдың қыз-келіншектеріне тарту-таралғы ала барады.
Оңаша
Дала төсіндегі өмірдің бір қайшылығы да сол — кең далада оңаша тірліктің еркіндігінен тыйымы көп болатын. Алайда оңашаланған сәт алыстан аңғарылса, оған құрмет бар-тын. Анадайдан шаншулы құрық көрген адам оның түбінде екеудің оңаша тірлігі барын түсініп, жоламай, айналып өтетін.
Ауыл ішінде де оңаша тірліктің өз әдебі бар. Жас үйленгендерге бөлек үй — отау тігіледі. Қазіргідей үлкен-кішінің бірге тұруы — салттан емес, урбанизациядан. Кезінде жастардың қызығы оңаша, жұрт көзінен таса болған.
Күйеу жігіттің қайын жұртқа келіп, сәлем салуы. Түркістан альбомы / Wikimedia Commons
Бұлқынған махаббат
Осы сипатталған дүниенің бәрі әуелден атастырылып, артынан ың-шыңсыз бар жоралғысын жасап отау болған жастарға қатысты екенін атай кеткен жөн болар. Ал ата-ана үкіміне бағынбаймын дегендердің амалы біреу-ақ еді: қашып кету. Оны қазіргі қызды басып алып қашумен шатастырмаған жөн. Дәстүрлі қоғамда қыз алып қашу ауыр қылмыс саналатын, ондайдың арты би алдына барып шешілетін екі рудың дауына ұласатын. Қыз алып қашқан жігіттің руына қисапсыз мал айып салып, тіпті сол рудан қалыңсыз қыз беруге дейін кесіп жататын. Қыз алып қашқан жігіттің руы айыбын өтей алмаса, өзін өлімге кесуге дейін баратын.
Күйеу жігіт. Түркістан альбомы. 19-ғасыр / Wikimedia Commons
Тіпті екі жастың келісіп қашқаны да әдеттегі жағдай емес, шетін саналатын. Әдетте қызды жастай айттырып қоймаған болса не жігіттің қалың беретін күйі болмаса, жастар қашып кетеді. Тіпті мұндай жағдайдың өзінде жігіттің руы қыздың ауылына барып, ат-шапан айыбын апарып, кешірімге жығылады. Басқаша айтсақ, екі жақ қайткенде де бір мәмілеге келуге тырысады. Әйткенмен «ғашықтардың қол ұстасып қашқанының» өзі ру ішіндегі әдепті бұзумен, ортақ мүддені тәрк етумен тең.
Сергей Борисов. Салт атты қалыңдық. Алтай, 1911–1913 жылдар / Алтай өлкетану музейі / Heritage Art / Heritage Images / Getty Images
Кәдімгі тірлікте романтикаға тыйым көп болған соң да қол жетпес асқақ махаббат ауыз әдебиетінде жырға қосылған. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» не «Қыз Жiбек» сынды эпостық сюжеттерде ғашықтық тағдырдың өзіне баланады: ол асқақ, баянсыз, ар талабына, ата-ана үкімі мен ру мүддесіне бағынады, ажал айырғанша адал, сертке берік болуды талап етеді. Ол жырлардың бәрінде әйелдер еріксіз емес, еркін, таңдай алатын кейіпкер етіп суреттелетіні де маңызды. Баян мен Жібек жарын өзі таңдайды, күтеді, қарсыласып, әмірге көнбей, бас еркінен айырмақ жүйедегі орнын нықтайды.
Тағы бір романтикаға толы, қасіретті ғашықтық мысалы — Естай ақынның «Құсни Қорлан» әнінде сол азапты сезімнің бар болмысы ашылады. Ақынның өзі кедейлігінен қалың бере алмай, ғашығы — Қорлан қызға қолы жетпей өткен. Сол заманның салтында қыз бала өз тағдырына ие бола алмай, қалың бергенге жар болып кете баратын. Қорлан да жатқа жар болып кетіп, сөйтіп, бақыт туралы арман да «жоғалады». Сүйгенінен айырылған Естайдың әнінде ғашықтық дерті көркем образға айналады.
«Қыз Жібек» (1971). Режиссері — Сұлтан-Ахмет Қожықов / Ашық дереккөз