Ресей империясы қазақ даласына прогресс әкелдік дейтін. Ал шын мәнінде империя шенеуніктері көшпелі өмір салтына, жергілікті әдет-ғұрып, дәстүрлер мен ислам дініне сыңаржақ көзқараспен қараған. Көшпелі тірлік — артта қалған надандықтың белгісі, «көшпенділердің дін ұстануының өзі шала-шарпы» дейтін. Даланың тіршілігін өзгертеміз деген осынау талпыныс тұтас әлеуметтік құрылымды бүлдіруге ұласып, әлдеқайда ауқымды мәселенің бетін ашты — империя өз аумағындағы әралуандықты түсіне алмаған екен. Дэвистегі Калифорния университетінің профессоры Иэн Кэмпбелл Qalam порталына берген сұхбатында сол сыңаржақ ұстанымдар дала мен империяның тағдырына қалай ықпал еткені туралы баяндайды.
Иэн Кэмпбелл / Qalam
Империя даланы басқаруда нендей қателіктерге ұрынды?
Қате аз болған жоқ, әрқайсының өз себебі болды. Кейде жай ғана білім жетіспеді, бірақ көбіне сыңаржақ ұстанымға салып бұрмалау басым болатын. Адамдар әлемді өз тәжірибесінің призмасынан таниды ғой, Ресей өкіметінің қазақ даласын басқармақ талпынысындағы жаңылыс қадамдарына да ең алдымен сол әсер еткен.
Ресей империясы православ дінін ұстанатын, орман-тоғай арасында тіршілік ететін отырықшы, диқан халқынан өсіп шыққан мемлекет болатын. Оның наным-сенім мен дін туралы ұғым-түсінігі де осы жағдайға байланысты тар шеңбер аясында еді, сондықтан тұрақты үйі немесе бауырына басқан егістігі жоқ көшпелі тірлікті жарымжан, тіпті қарабайыр тірлік деп білген.
Империя шенеуніктері қазақ даласындағы исламның мәні мен сипатын сол күйі түсінбей кетті. Мынадай бір үстіртін пайым болған: қазақ татар құрлы намаз оқып, соларша жоралғылар атқармаса, демек, бұлардың дін ұстануы шала. Оның бәрінің себебі — көшпелі өмір салты мен хат танымайтын сауатсыздық деп саналатын. Сөйтіп, Петербургте «бер жағы ғана мұсылман», яғни исламның шет жағасын ғана қабылдап, жүрек түкпірінде тәңіршіл ұстанымынан айнымаған тағы жұрт туралы миф тарап кеткен.
Әрине, оның бәрі шындыққа жанаспайтын. Әйтсе де, қазақтардың «рухын жаулап алуға» болады, олар өзге діннің ықпалына оңай еріп кетеді деген сенім де сол сыңаржақ пікірден тамыр тартты. Империяда әлдебір бақталастық сезімі, яғни көшпенділерді татарлардың ықпалынан сақтап қалып, оларға «дұрыс» бағдар таңып беру ниеті туды. Іс жүзінде жағдай басқаша болған. Қазақтардың өзі татардан ұстаз, молда алдырып отыратын, өйткені бұл кезде өзін мұсылманбыз деп санайтын әрі сенімі мен дәстүріне сай келетін рухани тірек іздеген.
Империя неге көшпенділерді түсіне алмады?
Империя билігі көшпелі тіршілік ескіліктің сарқыншағы емес, даланың қатаң табиғатына оңтайлы бейімделген өмір салты екенін ұқпай, оны жалқаулық пен надандықтың көрінісі деп білді. Қазақтарды жерді тиісінше игере алмай жүрген мешел жұрт деп санаған. Ресейдің ұстанымы шектеулі еді: «жерді игеруге мүмкіндік бар ма, демек, жаппай егіншілікпен айналысу керек».
Оған қоса, Ресей әкімшілігінде тағы бір түсінік бар еді: шаруаларды қазақ даласына көбірек көшіріп апарса, жағдай өздігінен реттеліп кетеді деп санайтын. Переселендер деревня салып, жер жыртып, қазақтар да соларға қарап, жер игеруге ұмтылады деп пайымдады. Алайда қазақтардың қалауы басқа болуы мүмкін екенін олар түсінбеді. Көшпелі өмір — жұрттың қалауы ғана емес, даланың табиғи жағдайына ғасырлар бойы бейімделген өмір салты болатын. Бұл жүйені бір күнде жоққа шығарып, өзге бір елдің өлшемімен қайта құра салу мүмкін емес-ті.
Салт атты қазақ. 19-ғасыр / Jules Marie Cavelier de Cuverville / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Ондай мәжбүрлі өзгеріске халық наразы болып, қарсы шығары анық еді. Мәселе тек шаруашылық пен экономикадағы өзгеріске тіреліп тұрған жоқ, отырықшылықпен бірге қазақтың тұтас әлемі бұзылар еді. Ондай құрылымды бұйрық арқылы не «үлгі көрсету» арқылы өзгертіп, «бізге мыналар жер жыртуды үйретті, енді көшіп-қонып жүргенді қойып, жер игеруге кірісеміз» дегізу мүмкін емес болатын. Империя шенеуніктері осыны түбегейлі түсіне алмаған.
Әрине, даланың табиғаты мал шаруашылығына лайық, оны күштеп өзгертудің қажеті жоқ екенін түсінетіндер де болған, тек ондайлар тым аз еді. Петербордағы өкіметке табандап жақындаған сайын, дала тіршілігіне деген үстірт көзқарас, жаңсақ түсінік те күшейе берген.
Қазақстан тауларының көрінісі / Getty Images
Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу қаншалық ауыр болды?
Ол процестің егжей-тегжейі бізге беймәлім, алайда қазақтарға оңай тимегені анық. Қазақтар үшін отырықшы болу — үйреншікті тіршілік ырғағынан бас тарту еді, әрі ол бұған дейін көбіне ерікті түрде емес, жоқшылықтың салдарынан, мәжбүрлі болатын құбылыс еді. Мал басы азайып, қыс қыстауға, жаз жайлауға апарып бағатындай болмай қалғанда ғана кей ауылдар көшпей, бар малын жайып бағуға болатын жерде отырып қалатын.
Сондай шарасыз халді 19-ғасырда, Ресей империясы хандық билікті жойған тұста туған «Зар заман» жырлары бәрінен де анық жеткізсе керек. Бұл жырлар — ғасырлар бойы қазақтың дүниетанымын айқындаған көшпелі өмір еркіндігінен айырылғанда туған сағыныш пен өкініштің зары еді.
Өзгерістер ең қарапайым тіршіліктен, айталық, қой шаруашылығынан көріне бастады. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде киімнен бастап күнделікті тұрмысқа дейінгі керек нәрсенің бәрі малдан алынатын. Көшпелі тіршілік адамның табиғатпен біте қайнасқан бірлігінен тамыр тартатын. Алайда мал азайып, бұрынғы тірліктің орнын жаңа экономикалық, аграрлық құрылым басқанда, бұл тұтас дүние де түбегейлі ойсырай бастады. Жаңа жүйеде мал көшпелі өркениеттің іргетасы емес, жай ғана ресурсқа айналып бара жатты.
Қой қырқу. 19-ғасыр / Jules Marie Cavelier de Cuverville / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Империя «қамқорлығы» қалайша қазақ даласына зауал болып төнді?
1890 жылдардың басында далалық өңірлерде жұт болды. Сол кезеңде еуропалық Ресейде де ашаршылық басталып, мыңдаған адам күнкөріс іздеп шығысқа жөңкіле көшті. Бұл екі дағдарыс қатар келіп, өзара тоғысты және империяның солақай саясаты табиғат апатын қоғамға төнген жаппай нәубетке айналдырып жібергенін байқаймыз.
Мұнда екі мәселені атап айтқан жөн. Біріншісі — жұттың өзі. Әр он-он екі жыл сайын қайталанып отыратын бұл құбылыс, мысалы, «Қоян жылы» деген атпен белгілі еді. Көшпенді жұртқа бұл ауыр тиетін, кейде тіпті зұлматты, нәубетті кезеңдер болатын. Дегенмен көшпелі мәдениетте «орнында бар оңалар» деген де сенім бар еді. Қыстан малдың бір бөлігі ғана аман шықса да, бірнеше жылда қайтадан мыңғырып шыға келеді де, тіршілік бұрынғы ырғағына оралатын.
Әлбетте, оңалу үшін де орын, яғни жайлауы мен қыстауына көшіп баратын еркіндік керек. Ал отырықшы шаруалар көшіп келе берген сайын қазақтың жері тарылып, еркіндігі шектеле берді. Көшпенділердің бұрынғы көш жолына шаруалар қыстағы орнығып, айналып жүруге тура келетін жағдайлар болды. Жаз жайлауы мен қыс қыстауынан айырылмады дегеннің өзінде, барар-қайтар жолы ұзарып, шөл-шөлейт жағалап кетті. Оның уақыт шығыны да, күш шығыны да көп болды.
Қазақтар түскі ас кезінде. «Түркістан альбомы», 1865–1872 жж. / Library of Congress
Тағы бір алаңдатар жағдай — империялық көзқарастың мәселенің бәрін жұтқа жаба салуға тырысуы еді. Ресей шенеуніктері көшпелі шаруашылықты осал санайтын: «жер тоңып, мал жейтін шөп таппай қалса, онда мұндай экономиканың келешегі жоқ» дейтін. Осыдан барып отырықшы өмір салты «озық», ал көшпелі салт «қалық» деген тұжырымдар жасалды. Мұндай тұжырымнан империя саясатының гуманистігі туралы миф өрбіді: қазақтарды көшпелі тіршіліктің қиындықтарына қаратпай, шөп шауып, қысқа азық жинауға, өкіметтен көмек сұрауға, ресми құжаттарда айтылғандай, «жылу» алуға дағдыландыру керек деген ұйғарым жасалды.
Сөйтіп, таңғаларлық парадокс шықты. Бір жағынан, шаруалар көптеп көшіп келген сайын қазақтардың жұттан кейін «орнында қалып оңалуы» мүмкін болмай кетті. Екінші жағынан, сол шенеуніктердің өзі бұл саясатты ақтап алуға тырысты: «жерін тартып алып, халықты жер игеруге итермелесек, олардың табиғат апаттары алдындағы әлжуаздығын азайтамыз» десті. Осы қисын көшпелі шаруашылықты түбегейлі өзгертіп, переселендерді жаппай көшіріп әкелуді ақтап алудың негізгі тетігіне айналды.
1916 жылғы көтеріліс империя тоқырауының бір бөлігі болды ма?
1916 жылғы көтеріліс Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ресей империясын жайлаған жалпы тоқыраудың Қазақстандағы көрінісі болғаны күмәнсіз. 1917 жылғы төңкерістердің басты себебі де сол соғыс еді. Оны онсыз да сызат түсіп, сынуға шақ тұрған бақанға ауыр жүк ілген қисынсыз әрекетке теңеуге болар: ондай бақан бір күні морт сынары анық. Мәселе соңғы жүк қай сәтте ілінетініне ғана қарап тұрады. Бірінші дүниежүзілік соғыс ішкі қайшылықтардан әбден әлсіреп болған жүйеге алапат қыспақ түсіріп, ақыры күйретіп тынды. Бұл соғыс болмаса да, ертелі-кеш күтіп тұрған анық тоқырау еді, ал соғыс сол процесті күрт үдетіп жіберді. Бұл жағынан Ресей жалғыз емес: Германия, Осман империясы мен Австро-Венгрия да дәл сол ұзақ соғыстың салмағын көтере алмай, күйреп тынды.
Игнатий Фудаковский. Pесей әскері Галицияда, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде. 1916 жыл / Wikimedia Commons
1916 жылы қазақтарды тылға қара жұмысқа алу жөніндегі жарлық — сол тұста Ресей империясы қандай қиын жағдайда болғанының анық белгісі. Соғыстан адам да, өндіріс те қажып біткен. Экономика әлсіреп, қор сарқыла бастаған. 1916 жылғы көтеріліс пен артынша империяның күйреуі — екеуі де сол бір-ақ себептен, соғыстың ауыр салмағынан болды.
1916 жылғы көтерілістен кейін Қытайға ауа көшкен қазақтар / Wikimedia Commons
Бұл тұста Ресей шын мәнінде модернизациялана алды ма деген ескі дауды жаңғыртуға болады. 19-ғасырдың аяғынан бастап 20-ғасырдың басына дейінгі реформалардың негізгі идеяларының бірі – жерді жекеменшікке беріп, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту болатын. Бұл жоспар Сібір мен қазақ даласын отарлаумен тығыз байланысты еді, әрі империя заманауи мемлекет болғысы келсе, ондағы «өндіріс күштерінің» бәрін жұмылдыру керек деген сенімге сүйенді. Алайда бұл идеялардың тасасында бір алаң — осал экономика мен жүйенің тұрақсыздығы жатқан. Кейін көтеріліске жеткізген переселен әкелу саясаты да сол алаңнан туған. Демек, шаруаларды көшіріп әкелу де, көтеріліс те — бір күрестің екі көрінісі. Бұл Ресей империясының өз ішкі шектеулерін еңсеріп, заман көшінен қалып қоймайын деген жанталасы еді.
Империяның күйреуіне II Николай жазықты ма еді?
Бұл сұрақтың жауабы оңай табылмас. Бір қарағанда, Николай — қолына қай заманнан сағаты соғып, әне-міне жарылғалы тұрған бомба тие қалған бейбақ секілді. Империяның әлсіреуі ол билік басына келерден әлдеқайда бұрын басталған, алайда оның бір байламға келе алмайтын ынжықтығы сол күйреуді шапшаңдатып жіберді. Тарихтың бағдары мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді: мысалы, соғыс тиімдірек жүргізілсе, 1915–1916 жылдары II Николай Ресейді қолдауға ниетті күштермен тіл табысып, ынтымақ орнатса, империяның өмірін ұзартар ма еді. Алайда ол тым ұзақ іркіліп, нақты қадам жасауға бата алмай, билігін нығайту не оның легитимдігін сақтап қалу мүмкіндігін уысынан шығарып алды.
II Николай, В.Фредерикс пен ұлы князь Николай Николаевич Ставкада. 1915 жыл / Wikimedia commons
Николайдың әсіресе соғыс жүргізу тәсілі тұрғысынан көп қателескені күмәнсіз. Әскербасылардың олқы есептері мен армиядағы тозған тәртіптің кесірінен Ресей әскері соғысқа кіргенде-ақ қауқары аз, дұрыс шайқаса алмайтын әлжуаз әскер болатын. Жағдай басқаша болса, бәлкім, соғыстың нәтижесі де өзгерер ме еді. Тағы да әлгі сынғалы тұрған бақан бейнесіне оралсақ: билеуші сәл парасатты болса, қысымды азайтып, жүйенің өмірін ұзарта түсуге жағдай жасау мүмкін болар еді.
Онда, бәлкім, 1917 жылғы дүрбелең де болмас па еді — өтпелі кезең мүлде басқа сипатта өтуі де мүмкін еді. Әйтсе де, қай жағдайда да Николай абсолют өкіметтің соңғы патшасы болары анық. Тарих оған өзгерістердің басында тұрып, жұртты ерту мен сол өзгерістердің жолына көлденең тұрудың біреуін таңда деп ұсынды. Ол екіншісін таңдады. Николай бұл процестерді тоқтату мүмкін емес екенін түсінбеген. Ол өзін Құдай алдында да, тарих алдында да самодержавиені сақтауға жауаптымын деп санады — ақыры осы қасаң сенімі оның өкіметін түбімен құлатты.
ІІ Николай «Ресей» крейсерінде офицерлер арасында. 1915 жыл / Wikimedia commons
Империяның мұрасы қандай еді?
Империяның күйреуінің салдары Ресейде де, Орталық Азияда да әлі күнге сезіліп келеді. Оның басты мұрасының бірі — әсіресе Қазақстанға шаруаларды жаппай көшіру қозғалысы жалғасып, жаңаша сипат алғаны. Азамат соғысынан кейін бұл өңірлер енді Кеңес Одағының құрамында қайтадан бір мемлекетке қарады. Кеңес саясаты оларды империя кезіндегідей орталыққа бағынышты, ажырамас кеңістіктің бір бөлігі деп білді.
Шаруаларды көшіріп әкелу етек жайған сайын осы жерлерге қатысты бір ұғым қалыптасты: бұл аймақтар Орталық Азияның ғана емес, сонымен қатар «орыс» кеңістігінің де ажырамас бөлшегі деп таныла бастады. Мұндай түсінікке жаңа көші-қон толқындары мен даланы біртұтас индустриялық, «заманауи» кеңістікке айналдыруды көздеген кеңес саясаты да дем берді. Бұл процестің іздері Қазақстан мен Орталық Азияның демографиясында, тілі мен мәдениетінде әлі де бар. Жергілікті жұрттың кімдігін тануы мен тарихи жадына байланысты мәселелерден осы империя мен Кеңес өкіметінен қалған мұра тұтасып, астасып кеткені білініп тұрады.
Витториано Растелли. Алматы, 1969 жыл, мамыр / Getty Images
Шаруаларды көшіріп әкелу саясатын Кеңес дәуіріндегі халықты көшіру мен тың жерлерді игеру кезеңінің бастауы деп қарастыруға болады. Бұған ең айқын мысал — Солтүстік Қазақстан. Патша өкіметі кезінде бұл аймаққа жаппай шаруаларды көшіріп әкелсе, бірнеше онжылдықтан соң дәл сол жерде тың игеру науқаны басталды. Бұл өлке демография жағынан ең «қазақсыз» аймақ болып қалыптасқаны да ұзақ тарихи процестің жемісі еді. Бұл демографиялық және шаруашылық өзгерістердің тамыры алғашқы көші-қон толқындарына барып тіреліп, 20-ғасыр бойы Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық құрылымының негізін қалaп келді.
Империядан қалған мұраның ішінде 1916 жылғы көтеріліс пен оның басып-жаншылғаны ерекше маңызды. Қайсыбір тұрғыда қазақтың ұлттық санасының оянып, саяси күшке айналуы да сол оқиғадан басталады. Әрине, жалғыз себеп бұл емес, алайда онсыз тарихи процесс мүлде басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін еді.
Империяның күйреуінің де ұзақ мерзімді салдары болды. 1916 жылғы көтеріліс барысында әсіресе Торғай мен Жетісу өңірлерінде қанды қақтығыс көп болды, ауыл мен қала қирады, жұрт босып, ел тағдырында да, аймақтың келбетінде де терең із қалдырды. Бұл оқиғалар 1917–1920 жылдардағы саяси және автономиялық қозғалыстарға әсер етіп, бұл аймақта Кеңес өкіметін орнату амалдарын да алдын ала айқындап берді.