ДАЛАНЫҢ ХРИСТИАН ПАТШАСЫ

Пресвитер Иоанның мифтік патшалығын іздеу

ДАЛАНЫҢ ХРИСТИАН ПАТШАСЫ

Эфиопия патшасы Иоанн әкей. Мария ханшайымның атласы. 16 ғасыр/Alamy

12 ғасырдың ортасынан бастап еуропалықтар Шығыста, не Қазақстан аумағында, әлде Үндістанда өзі патша, өзі дін қызметкері пресвитер Иоанн басқаратын үлкен христиан патшалығы бар деп ойлады.

Бірінші Крест жорығының (1096–1099) нәтижесінде христиандар мұсылмандардың Қасиетті жерін жаулап алып, Палестина, Ливан және Сирия аумағында өз мемлекеттерін құрды. Алайда 12 ғасырдың ортасына қарай мұсылмандардың кресшілер мемлекеттеріне шабуылы күшейе түсті.

Алдымен 1144 жылы түрік-селжұқ әскерлері басып алған христиандық Эдесса құлады.iқазіргі Шанлыурфа, Түркия Мұсылмандардың ілгерілеуін тоқтату үшін көршілес Антиохия княздігі екінші крест жорығын ұйымдастыруды өтініп Рим папасына елші жіберді. Осының аясында Шығыстың түкпірінде, селжұқтар мен арабтардың жерінен тыс аумақта христиандардың әлеуетті әрі қуатты одақтасы, алайда несториан сенімін ұстанатын патша және дін қызметкері бар деген аңыз тарай бастады.11НесторианХристиандықтағы Несториан бағытының негізін 5 ғасырда сириялық Несторий қалаған, ол ол Мәсіхтің екі табиғаты — құдайлық және адамдықтың дербес болмысы туралы ілімді насихаттаған. Бұл 431 жылы Эфес соборында дінбұзарлық деп айыпталғанымен, христиандықтың несториандық нұсқасы әсіресе Шығыста өте танымал болды

«Мен — Иоанн, патша және поп, патшалардың патшасымын. Менің қол астымда 3000 патша бар. Мен — Мәсіхтің православие сенімін жақтаушымын. Менің патшалығымның бір тарабына жету үшін 10 ай жүру керек, ал екіншісіне жету беймүмкін, себебі ол аспан мен жер түйісетін мекен».

«Үнді патшалығы туралы аңыз», Ефросим Белозерский тізімі, 15 ғасыр.

Қытайдағы несториандық фрескалар. 8 ғасыр/Wikimedia commons

Қытайдағы несториандық фрескалар. 8 ғасыр/Wikimedia commons

Бес жүз жылға жуық уақыт бойы пресвитерiежелгі грек тілінен аударғанда — «қауымның басшысы, дін қызметкері» Иоанн еуропалықтардың қиялындағы ең сүйкімдік досқа айналды. Оның мифологиялық патшалығын іздеу географиялық ғылымның дамуына үлкен әсер етті және (жанама болса да) 1492 жылы Американың ашылуына түрткі болды.

Тұңғыш әңгімелеуші: сириялық епископ Гуго

Пресвитер Иоанн туралы алғаш рет бавариялық епископ Оттон Фрейзингенский «Шежіре немесе екі шаһардың тарихы туралы»i«Chronica sive Historia de duabus civitatibus» деген кітабында жазып, әлемнің барша тарихын басынан 1146 жылға дейін мистикалық позиция тұрғысынан баяндап береді. Оттон 1145 жыл туралы тарауда осыдан жарты ғасыр бұрын Киелі жерде крест жорықтары құрған мемлекеттердің бірі Антиохия княздігінен елшіліктің Рим Папасы Евгений III сарайына қалай келгені туралы айтады. Елшілікті Джабла қаласының епископы Гуго басқарды.

Иоанн әкейге ұқсаған Уан хан. Марко Полоның «Әлем ғажайыптары кітабының» соңғы (15 ғасыр) басылымынан алынған иллюстрация/Wikimedia commons

Иоанн әкейге ұқсаған Уан хан. Марко Полоның «Әлем ғажайыптары кітабының» соңғы (15 ғасыр) басылымынан алынған иллюстрация/Wikimedia commons

Оттон қабылдауға қатысқан және Гугоның несториандық христиан дінін ұстанатын осы уақытқа дейін белгісіз болып келген елді басқаратын Иоанн патша туралы айтқанын естіген.

«... Персия мен Армениядан тысқары жерде Шығыстың бір түкпірінде патша әрі дін қызметкері болып өмір сүретін Иоанн әрі оның халқы христиан дінін, бірақ оның несториан бағытын ұстанады, ол Самиардтар деген есіммен белгілі Мидия мен Персияның патшаларына қарсы соғыс бастап, патшалықтың астанасы Экбатананың тас-талқанын шығарды. Әлгі патшалар парсылар, мидиялықтар және ассириялықтардың әскерімен тізе қосып, бас сауғалап қашудың орнына ерді намыс өлтіреді десе керек, өлімге қарсы жүріп, онымен үш күн соғысты. Пресвитер Иоанн (ол солай аталуы керек) ақырында парсыларды еңсеріп, қияң-кескі шайқаста жеңіс тұғырынан көрінді. Осы жеңістен кейін Иоанн шайқасқа сақадай сай Иерусалим шіркеуіне көмекке аттанбақ болыпты, алайда Тигр өзеніне табан тірегенде кеме болмағандықтан өзеннен өте алмай, солтүстікке бет бұрады. Қысты күні бұл өзеннің мұз қатанынын білген көрінеді. Ол қатарынан бірнеше жыл үскірік аязды күткен көрінеді, бірақ ауа райының тосын мінезінен көп жауынгерінен айрылып, қайта қайтуға мәжбүр болады».

«Шежіре немесе екі шаһардың тарихы туралы», Оттон Фрейзингенский.

Рух патшалығын күту

Ұзақ уақыт бойы біздің планетадағы адамдар болашақ туралы бас қатырған жоқ. Олар не құдайлар мен батырлар көрініс табатын мифологиялық өткен шақ, не маусымы кезеңдік тұрғыда ауысып отыратын осы шақ туралы пайымдады. Болашақ концепциясыiнемесе бүгінгі тілмен айтқанда футурология алғаш рет христиан дінінде дами бастайды. Христиандар тарихтың соңы Қасиетті Жазба кітаптарының бірі — Апокалипсисте белгілі және сипатталған деп есептеді. Иса қайтадан жерге келіп, Қиямет Қайым сотына ерік береді. Қазіргі сантүрлі сарапшы, пайғамбар, Голливуд режиссерлері ақыр заманды алға тартып, жұрттың үрейін ұшыратыны сияқты, заманның ақыры таяп келе жатқаны ортағасырлық мистиктердің де сүйікті тақырыбына айналды. 12 ғасырда италиялық монах Иоахим Флорский (1202 ж өмірден өтті) Құдайдың мыңжылдық патшалығының ақыры таяды деп болжаған ілімі айрықша танымалдыққа ие болды. Рухтың осынау Патшалығында дін қызметкері, жоғарыда сөз болған пресвитер Иоанн сияқтылар билік етеді.

Соңғы сот. 15 ғасырдағы грек иконасы/Wikimedia commons

Соңғы сот. 15 ғасырдағы грек иконасы/Wikimedia commons

Сиқыршылардың ұрпағы

«Иоанн» есімі осыған дейін христиандық Шығыс туралы әңгімелерді сөз болып жататын. 1129 жылы христиандық миссия арқалаған Үндістанның патриархы (patriarcha Indorum) Иоанн Бағдадқа жол тартты. Бұл миссионер 1122 жылы Рим Папасы Каллист II кезінде Константинополь мен Римге де барған болуы мүмкін, өйткені ол туралы 1250-жылдары жазылған Альбрик Труа-Фонтенскийдің шежіре жазбаларында бар, ол Үндістанда несториандық христиандықтың таралуы және Үндістанның Майлапурында Апостол Фоманың қабірі бар екенін алға тартады. Жалпы, 12 ғасырдағы адамдар үшін Шығыста христиан империясының бар екеніне сену анау айтқандай қиындық тудырған жоқ. Латын дәстүрінде «патша» деп аталған Библия сиқыршылары дүние есігін жаңа ашқан Исаны сол жақтан қарсы алуға келеді.

«Ол (Иоанн. — Qalam) Евангелияда аталған сиқыршылар шыққан ежелгі тектен тарайды дейді және сол халықты басқарып, даңқ пен молшылыққа ие болғаны сонша, зұмраттан басқа аса таяқты қолданбайтыны айтылады».

«Шежіре немесе екі шаһардың тарихы туралы», Оттон Фрейзингенский.

Үндістандық Иоанн әкей 16-ғасырдағы испан портуланына сәйкес Шығыс Африкада өмір сүрген/Wikimedia commons

Үндістандық Иоанн әкей 16-ғасырдағы испан портуланына сәйкес Шығыс Африкада өмір сүрген/Wikimedia commons

Епископ Гуго пресвитер Иоанн туралы бар хикаяны кезбе менестрельiлатын тілінен аударғанда «қызметші» деген мағынаны білдіреді, орта ғасырда ақындарды осылай атаған ойдан шығарды ма немесе ол Шығыстан келген саяхатшылардың үзінді ақпараттарына негізделді ме? Сірә, соңғысы шындыққа жанасады, себебі оның әңгімесі осыншалықты нанымды шықпас еді. Қалай болғанда да оның міндеті Рим папасын Мәсіхтің сарбаздарына көмекке келуге дайын күшті одақтастың барына сендіру пайда келтіртемесе, зиян әкелмес еді әрі ол өз дегеніне жетті. Антиохия елшілігінің миссиясы сәтті болды. 1147 жылы Екінші крест жорығы басталды. Рас, бұл жорық сәтсіз аяқталды, алайда мұнда епископ Гугоның еш кінәсі жоқ, ол қолынан келгеннің бәрін жасады.

Пресвитер Иоанның хаты

1165 жылы бірнеше еуропалық монах пресвитер Иоаннан хат алыпты, онда патша-дінбасы өзінің көл-көсір байлығымен мақтанған көрінеді. Ішіндегі ең танымалы Византия императоры Мануэль I Комнинге жолдау болды. Хат ортағасырлық жұртшылыққа қатты әсер етті, қаншама тізімнің ішінде топ жарып, 13 ғасырда «Үнді патшалығы туралы аңыз» атты славян монастырларына жол тапты.

«Менің патшалығымда феникс құсы бар; жаңа ай туғанда ол өзіне ұя салып, аспаннан от әкеледі, өз ұясын, соңында өзін де өртейді. Ал сол күлден құрт пайда болады; кейін ол қауырсын жамылып, жалғыз құсқа айналады, бұл құстың басқа тұқымы жоқ. Ал ол 500 жыл өмір сүреді. Менің патшалығымның қақ ортасында жұмақтан Эдем өзені ағып жатыр. Сол өзенде: гиацинт, сапфир, памфир, зұмрат, көмір сияқты қатты әрі жарқырайтын сардоникс пен яшма асыл тастары өндіріледі».

«Үнді патшалығы туралы аңыз», Ефросим Белозерскийдің тізімі, 15 ғасыр.

I Мануил Комнин мен Антиохиялық Мария/Wikimedia commons

I Мануил Комнин мен Антиохиялық Мария/Wikimedia commons

Бүгінгі күні тарихшылар бұл хат Еуропадағы еврей қауымдарының бірінде жазылғанын және белгілі бір деңгейде мінсіз әрі тақуа патшалықпен салыстыра отырып, еуропалықтарда салтанат құрған өмір салтын айыптады деп санайды. Алайда айыптау ирониясын ешкім елемеген сияқты. Нәтижесінде сатиралық мәтін пресвитер Иоанның бар екенінің сөзсіз дәлеліне айналды. Бұл хат-хабар әбігерге салды. Сол кезден бастап король, папалардан бастап қарапайым саудагерлер мен саяхатшыларға дейін Иоанн патшаны іздей бастады.

«Ал менің елімде ұры да, қарақшы да, күншіл де жоқ, өйткені менің жерім байлыққа толы. Менің жерімде су жылан да, құрбақа да, жылан да жоқ, ал пайда болса, бірден өледі. Менің жерімде бұрыш дүниеге келеді; ал оның соңынан бәрі ереді».

«Үнді патшалығы туралы аңыз», Ефросим Белозерскийдің тізімі,15 ғасыр.

Иоанн әкей 16 ғасырдағы португал гравюрасында/Alamy

Иоанн әкей 16 ғасырдағы португал гравюрасында/Alamy

ЖҰМБАҚ ПАТШАЛЫҚТЫ ІЗДЕУ

1177 жылы Рим Папасы Александр III пресвитер Иоаннға жауап ретінде елшілікті аттандырды. Делегацияны Рим папасының жеке көмекшісі Филипп басқарды. Алайда олар қайтып оралмады, мүмкін арабтың сахарасында көз жұмған шығар.

Шығысқа кейін табан тіреген саяхатшы атаулының бәрі пресвитер Иоанның патшалығынан қалған ізді іздейді. Мәселен 1245 жылы Моңғол империясына саяхат жасаған францискандық монах Джованни Плано Карпини Шыңғыс ханның ұлы пресвитер Иоанның «Үлкен Үндістандағы» христиандарына қарсы шабуылға аттанғанын, алайда олар моңғолдарды бір айламен жеңгенін айтады. Пресвитер Иоанн аттардың үстіне мыстан құйылған және іші қуыс жауынгерлерді отырғызған. Олардың ішіне бір жанғыш қоспа құйған, Карпини оны «грек алауы» деп атайды.22Грек алауы iВизантия империясының атышулы «суперқаруы». Жау кемелеріне мыс құбырлар арқылы енгізген немесе лақтырғыш машиналардың көмегімен оларды бекіністерге қарай тастаған. Грек алауының жалынын су сөндіре алмайтын. Ал оның қалай жасалғаны белгісіз мыстан жасалған жауынгерлердің соңынан салт аттылар еріп, терінің көмегімен отты жаққан. Ал осынау от шашатын әскер пресвитер Иоаннға жеңіліс таппаған моңғолдарды еңсеруге мүмкіндік берген көрінеді.iПлано Карпини. Моңғолдардың тарихы, V, 7

Рим Папасы III Александр Палаццо Пубблико фрескасында (Сиена, Италия). 14 ғасыр/Wikimedia commons

Рим Папасы III Александр Палаццо Пубблико фрескасында (Сиена, Италия). 14 ғасыр/Wikimedia commons

Көп ұзамай Моңғол империясына барған Гильом де Рубрук бұл аңызға күмәнмен қарайды (1253-1255). Ол несториандық дінді ұстанатын найман халқын басқарған «несториан шопан, құдіретті адам» туралы сөз қозғайды. Ол өзін «патша» деп жариялап, Қарақытай хандығында — Орта Азиядағы Кидан мемлекетінде билікті өз қолына шоғырландырды. «Несториандықтар оны патша Иоанн деп атап, ол туралы ақиқаттан алыс әңгімелерді қарша боратты», – деп мысқылдайды Рубрук. Ол әлгі Иоанның жайылымнан қалай өткенін және «бірнеше несторианнан басқа ешкім ол туралы ештеңе білмегенін» алға тартады. Рубруктың айтуынша Иоанның ағасы, Унк (Онг-хан) есімді «құдіретті шопан» меркіт тайпасының билеушісі болған және Моңғол империясының болашақ астанасы — Қарақорымға иелік еткен. Иоанн корольдің артында мұрагері қалмаған, сондықтан Унк бар билікті қолына алған. Бірақ көп ұзамай Шыңғыс хан Иоанн «патшаның» бұрынғы иеліктерін өзіне бағындырады * (Гильом де Рубрук. Шығыс елдеріне саяхат, 19).

Еуропалық ортағасырлық миниатюрадағы моңғол атты әскері (сол жақта). Легница шайқасы (1241)/Wikimedia commons

Еуропалық ортағасырлық миниатюрадағы моңғол атты әскері (сол жақта). Легница шайқасы (1241)/Wikimedia commons

Рубруктың Джон патшалығының орналасқан жері туралы деректері 1165 жылғы ойдан шығарылған «пресвитер Иоанның хатында» да жазылады:

«Бәрінен бөлек, бізде құмды теңіз бар. Ол ешқашан бір орында тұрмайды: қай жақтан жел тұрады, толқын солай қарай құлдық ұрады; әрі 300 верст қашықтықтағы жағадан сол толқынды қуалап тауып алады. Бұл теңізді кемемен де, былай да ешкім кесіп өте алмайды. Ал теңіздің артында адам бар ма, жоқ па — ол жағы беймәлім. Осы теңізден біздің жерімізге көптеген өзен құяды, онда дәмді балықтар баршылық. Осы теңіздің торабында үш күндік жерде тас өзен ағып жатқан биік таулар бар: ірілі-ұсақты тастар 3 күн бойы өздігінен құлап жатады. Ол тастар біздің жерімізге, сол құмды теңізге түседі, ал теңіздің ақбас толқыны оларды жауып тұрады. Сол өзеннің жанында, бір күндік жолдың қашықтығында шыңына адам көзі жетпейтін биік шөлді таулар бар».

«Үнді патшалығы туралы аңыз», Ефросим Белозерскийдің тізімі, 15 ғасыр.

Сонымен, құмды «теңіз» және тастары домалап түсетін биік таулар. Бұл нені еске түсіреді? Қазіргі Қазақстан мен Қырғызстан орын тепкен Орталық Азияның сипатына сай келеді. Рубрук айтқан Қарақытай патшалығы сонда орналасқан, онда билеушілер қатарында несториандық христиандар болған. 12 ғасырда бұл мемлекет Әмудария мен Балқаштан Кунлун мен Бейшан тауларына дейінгі аумақты алып жатты. Астанасы Шу өзенінің бойындағы Хусыфдо (Баласағұн) қаласы болды.

1 / 2

Алайда Қытайдан Рубруктан жарты ғасыр кейін оралған Марко Поло үшін «поп Иванның» елі шамамен Қытайдың солтүстігінде орналасқан. Марко Поло оқиғаға романтикалық өң береді. Шыңғыс хан 1200 жылы «поп Иванға» қызының қолын сұрап, кісі жіберген-мыс. Оған Иван: «Бұл не деген бассыздық, Шыңғысхан! Менің қызыма құда түсіп! Әлде ол өзі менің қызметшім әрі құлым екенінен бейхабар ма! Қызымды өртеп жіберсем де, оған бермеймін!», – деген көрінеді. Бұл сөздерден Шыңғысханның төбе шашы тік тұрады. Бойын кек кернеген хан Иванға қарсы өз әскерін сайлап, қанды шайқаста менменсіген «поптың» тас-талқанын шығарып, көзін жояды. «Сол күннен бастап Шыңғысхан әлемді жаулауға кіріседі», – деп түйіндейді Марко Поло.iМарко Поло. Әлем кереметтері кітабы, 65-68 бөлімдер

Марко Поло мен Құбылай ханның кездесуі, 13 ғасыр миниатюрасы/Wikimedia commons

Марко Поло мен Құбылай ханның кездесуі, 13 ғасыр миниатюрасы/Wikimedia commons

Шығыстағы христиандар

Пресвитер Иоанн туралы аңыз Шығыстағы христиан билеушілері туралы естеліктердің сақталуына түрткі болған болуы мүмкін. Несториандық христиандар көптеген моңғол және түркі тайпасы арасында кездеседі. Шығыс христиандары христиан дінін біздің дәуіріміздің 1-ғасырының ортасында Үндістан мен Қытайда уағыздаған апостолдар Фома және Иоаннан қабылдаған адамдардан мұра етіп алған болулары ықтимал. Бірақ Шығысты белсенді аралап, өз діни нанымдарын таратқан Палестина мен Сириядан келген несториандық саудагерлер де маңызды рөл атқарды. Моңғолдардың діни толеранттылығы мен христиан дініне деген бейілдігі белгілі. Алтын Орданы (1255–1256) қысқа уақыт билеген Шыңғыс ханның шөбересі Сартақ, мәселен, христиан дінінің несториан бағытын ұстанған.

Құлағу хан өзінің христиан әйелімен/Wikimedia commons

Құлағу хан өзінің христиан әйелімен/Wikimedia commons

Соңғы талпыныстар

Ғасырлар өтті. Еуропалықтар Үндістан мен Қытай туралы көбірек білген сайын, ол жерден пресвитер Иоанның сиқырлы патшалығын табудың беймүмкін екеніне көзі жетті. Колумб өзі Үндістанға бастайтын жолды аштым деп ойласа да, америкалық аборигендер тегіннен тегін үндістер деп аталмаған, бірақ Америкада христиан патшасының ұрпақтары табылған жоқ. Сондықтан іздеу жұмысының бағыты Африкаға ауысты. Эфиопия қысқа уақыт Пірәдар Иоанның патшалығы болып саналды.

Иоанн әкей империясы немесе Абиссиния. Абрахам Ортелийдің «Жер шеңберінің ғажабы» картасы, 1573/Wikimedia commons

Иоанн әкей империясы немесе Абиссиния. Абрахам Ортелийдің «Жер шеңберінің ғажабы» картасы, 1573/Wikimedia commons

Патша әрі дін қызметкері туралы соңғы рет 18 ғасырдың басында салмақты сөз болды. Осыдан кейін планетада зерттелмеген жер қалмады, ал пресвитер Иоанн адамзаттың шатырда тастап кеткен ойыншықтары мен бас тартқан теорияларының қатарына, «шаң басқан архивтерге» аттанды. Алайда 18–19 ғасырларда орыс раскольниковтерінің арасында «Беловодье» туралы аңыз кең тарайды, бұл аңызда пресвитер Иоанн туралы ежелгі аңыздың жаңғырығы естілетін Шығыстағы белгісіз бір жұмақ туралы айтылады.iiРаскольниктер немесе ескі нанымды ұстанушылар, ескі православиеліктер — православие шіркеуінің тармағы, ол 17 ғасырдың ортасында Патриарх Никонның шіркеу реформасына жауап ретінде Мәскеу патриархатынан бөлініп шықты Кейбіреулер «Беловодье» «Опон патшалығында», яғни Жапонияда орналасқан деп есептесе, басқалары ескі дін ұстанушылардың үлкен қауымы қалыптасқан Алтайда, Бұқтырма өзенінің маңында деп санады. Ал қазір 21 ғасырда пресвитер Иоанн туралы ежелгі мифті италиялық жазушы Умберто Эко өзінің «Баудолино» атты қызықты әрі ойжұмбақ романында қайта тірілтті.

Бұқтырма өзенінің аңғары, оның жағасындағы жерлер алғашында Беловодье деп аталған/Wikimedia commons

Бұқтырма өзенінің аңғары, оның жағасындағы жерлер алғашында Беловодье деп аталған/Wikimedia commons

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ