Әйелдер көрген депортация

Аштық, бит және тігін машиналары

~ 13 мин оқу
Әйелдер көрген депортация

Тамақ әзірлеп жатқан қоныс аударушылар. Алматы облысы, 1931 жыл / Александр Рейнгольдович Ткачёвтің жеке мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА

Қазақстанға өзге халықтарды депортациялау 1930 жылдары басталып, 1940 жылдардың ортасына дейін, бірнеше кезең болып жүрді. Депортацияланып келгендердің көп бөлігі әйелдер мен балалар еді. Олардың көбі межелі жеріне жете алмай, жолда қалды. Тірі жеткендерінің басына алдын ала болжап білмейтіндей  қиындық түсті. Тарихшы Зауреш Сақтағанова халықтарды күштеп жер аударғанның салдары әйелдерге қалай тигенін, олар сол жөнінде тек ондаған жылдар өткен соң ғана әңгіме айта бастауының себебін зерделеп берді.

Мазмұны

Жер аудару түрлері

Кеңес Одағындағы депортация тақырыбына зерттеушілер мен қоғам назары өткен ғасырдың 90-жылдары шындап ауа бастады. КСРО-да депортация екі критерийге қарай жүрген: әлеуметтік, яғни өкімет «қоғамға қауіпті» деп тапқан «элементтерді» — казактарды, құлақтарды және өзгелерді күштеп жерінен кетірген және этностық, яғни большевиктер «саяси сенімсіз» деп қараған халықтарды күштеп жер аударған.

Кеңес Одағында жалпы 52 депортация науқаны жүріп, миллиондаған адам күштеп жер аударылып, тентіреп кетті. Олардың жартысынан көбі этностық сипатына қарай депортацияға ұшыраған едіiПолян, 2001.

Жер аударылған шешендер үй салып жатыр. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

Жер аударылған шешендер үй салып жатыр. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

Депортациялар туралы естеліктер 1980 жылдардың екінші жартысында жария айтыла бастады, онда да көбіне ер адамдар естеліктерімен бөлісетін. Себебі посткеңестік кеңістікте әйелдер жан жарасы туралы көп айтпай, іштен тынатынiГучинова, 2008. Тек 2000 жылдары ғана әйелдердің естеліктері жарыққа шықты. Сол естеліктерде күштеп жер аудару процестерінің бар сұмдығы көрініп қана қоймай, сол оқиғаларды әйелдер қалай өткергені айтылады. Ал әйелдердің кез келген оқиғаны көруі мен сезуі ерлердікінен бөлек болатыны анық.

Жан жарасының ортақ тілі

Депортация жайында әйелдер айтқан әңгімелердің көбінде бір сипат қайталанып тұрады, ол үнемі ашық, тура айтылмаса да, дауыс ырғағынан, интонациядан, сөз қолданысынан, тіпті әңгіменің өз қисынынан да оңай танылады.

Қырым. Татарлар жер аударылған соң елсіз қалған Ускут ауылы. Жаңа тұрғындар әлі көшіп келмеген. 1945 жыл / Wikimedia Commons

Қырым. Татарлар жер аударылған соң елсіз қалған Ускут ауылы. Жаңа тұрғындар әлі көшіп келмеген. 1945 жыл / Wikimedia Commons

Естеліктердің бәрі дерлік бірдей, тұлғасы белгісіз етістіктерден, «жер аударамыз деді», «үш күнде жиналыңдар деді», «алуға рұқсат берді» деп басталады. Сол депортациялардың жауапкершілігі кімнің мойнында екені қазір анық белгілі болғанымен, соның бәрін басынан өткерген әйелдер «анау» не «мынау» деп, ешкімнің атын атап, түсін түстемейді.

Тағы бір сипаты — естеліктердің бәрінде олардың жеке гигиенасы үшін оңаша қалатын жағдай мүлде болмағаны айтылады. Бұл тақырып әйелдерге қай кезде де ауыр тиеді ғой, сонда да олар «әрине, жайлы жағдай болған жоқ, бұрышта дәрет сындыратын бір бөшке тұратын» дейді.

Үшінші сипаты — адамдықтан ажырату. Әйелдер естелігінде көбіне депортацияға ұшырағандарға адам құрлы қарамағаны айтылады: «бұзау таситын вагондар», «адам төзгісіз жағдай», «малға ұқсатып тиеп алды», «малдай көрді» дейді.

Осылардың бәрі айналып келіп, өңі өзгеріп болса да, естеліктердің көбінде қайталана береді.

Жер аударылған шешендер үй салып жатыр. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

Жер аударылған шешендер үй салып жатыр. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

1936 жылғы мамыр: поляктар депортациясы

КСРО мен Польша қарым-қатынасы 1920 жылдары, Польшада кеңес режимін орнату талпынысы сәтсіз аяқталған соң бұзылды. 1929–1930 жылдары күштеп жер аударудың алғашқы толқыны жүріп өтіп, оған ең алдымен Кеңес Одағында тұрып жатқан поляк коммунистері ілігеді. Кейінгі екі — 1936 және 1940–1941 жылдардағы депортация толқыны Германиямен қатынас ушығып кетіп, соғыс басталуына байланысты жүрді.

Батыс Беларусь пен Украина аумағында тұрып жатқан поляктар Қазақ КСР және Сібір жеріне күштеп жер аударылды.

Станислав Кулаковскийдің анасы / Ałmatyński Kurier Polonijny | №2(13), 2016 / Ałmatyński Kurier Polonijny, Centrum Kultury Polskiej "Więź" / https://wienz.kz

Станислав Кулаковскийдің анасы / Ałmatyński Kurier Polonijny | №2(13), 2016 / Ałmatyński Kurier Polonijny, Centrum Kultury Polskiej "Więź" / https://wienz.kz

Станислав Кулаковскийдің анасы ағасының отбасымен бірге 1936 жылы Украинадан жер аударылған. Украинада сөз байласып жүрген жігіті бар екен, оны бір күні кешке «қара машина» келіп алып кеткен. Болашақ жары мен балаларының әкесін Қазақ КСР-нен жолықтырған, ол да жер аударылғандар қатарынан болатын. Ол кісі әңгімесінде Солтүстік Қазақстан облысына қалай барғанын, Подольское ауылындағы тірлігі қалай өткенін егжей-тегжей айтып отыратын:

«Жер аударамыз, үш күнде жиналыңдар деді. Сиыр, ешкі, тауық, жылқыларыңды ала жүруге болады деді. Үш күннен кейін арбалар әкеліп, салт атты милиционерлер еріп жүріп, темір жол бекетіне апарды. Бекетке таң ата жеттік те, бірден тиеуге кірісті. Жолда бұзау таситын, есігі жылжып ашылатын, биіктеу жерінде төрт тар терезесі бар вагондар тұр екен. Бір вагонға 10–15 отбасыдан тиеді. Вагонға төсек-орнымызды ғана ала кіруге рұқсат етті де, өзге дүниеміздің бәрін эшелонның аяқ жағына апарып тастады».

Маусымның басында пойыз Солтүстік Қазақстандағы Тайынша бекетіне жетеді. Пойыздан түсіріп алып, жер ауып келгендерді жиырма шақырым жерге, иен даланың ортасына апарады.

«Далада келе жатырмыз, төңіректе бетеге ғана өскен, төбеңде бозторғай шырылдап жүр, не бір түп ағаш, не бір алақандай көлеңке жоқ. Иен даланың ортасындағы жалғыз бір қазық қағылған құдықтың жанына апарып түсірді. Ес жиып, жайғасып алуға үш күн берді, шатыр құрып қойған, тек ауып келгендер бірден жеркепе салуға кірісті. Бір жеркепеде екі-үш үй, шамамен 12–20 адам тұрдық. Ас пісіруге шұңқыр қазып, топырақ пен шөп илеп, пеш салдық. Ескі жұрттардың төңірегінен тезек теріп әкеліп, оған бозот қосып от жақтық. Төртінші күні дегенде коменданттың шатырына жиналыңдар деді. Бірден айтты: бұл жақта қыс қатты, 40–50 градус аяз болады, бұл жақтағыдай боранды Украинада көрмегенсіңдер деді». 

Емізулі баласы бар әйелдерден өзгенің бәрі жұмысқа шығып, сабаннан тұрғын үй, аурухана, мектеп, малқора салуға тиіс болды.

«Шешем айтып отыратын, алғашқы айлары кісі өлімі көп болыпты, әсіресе балалар көп өлген екен. Өлгендерді айдалаға апарып жерлейді де, тіпті басын қарайтып, крес қоюға түк табылмайды екен. Таяу маңда бір қазақ ауылы бар екен, көршілер ара-тұра бас сұққанымен, өкіметтен қорқады әрі тіл білмеген соң да қиын. Есесіне кішкентайлар бірден тіл табысып, біздің балалар қазақтарға орыс тілін үйрете бастады, олар болса құрт, бауырсақ беретін. Қазақтар бізге келгенде, переселендер қолындағы дүниесін нан, азық, құрылыс материалдарына айырбастап алып жүрді». 

Депортацияланған поляктар арнайы жер аударылғандар, яғни тұрып жатқан жерінен күштеп көшірілгендер санатына жататын. Бұлар — КСРО-дағы репрессия көргендердің айрықша санаты болып, 1944 жылға дейін Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) еңбекпен түзеу колониялары бөліміне (ОИТК) қарайтын. Арнайы жер аударылғандар оқшау режимдік жерде тұрып, арнайы рұқсатсыз ол жерден шыға алмайтын. Бақылау күшті, тұрғындар ауық-ауық комендатураға барып белгі соғып тұруға тиіс еді.

«Жергілікті тұрғындар жер ауып келгендерге тиіскен жоқ, керісінше, қолынан келген көмегін аямайтын. Дос пейіл болды. Ұлдарымыз өзімен қатар ауыл балаларымен танысып, достасып кетті». 

Соғыс жылдары 1941-1945 табыс және ауылшаруашылық салығына әскери салық қосылды. Кулаковскийлердің үш баласы бар, әкесі — еңбек армиясында жүрген. Бар қарап отырған жалғыз сиыры бар үйдің тиісті салықты төлеуге шамасы жетпейтін.

«Шешемді тағы өкіл шақырып әкетіп, тұрмысыңды көрейік депті. Оған дейін жалғыз сиырды сатып, салық төле дейді екен, ал тұрмысымызды көрген соң, өкіл: «Тіпті мұндай деп ойламаппын. Шешей, сиырыңнан айырылсаң, балаларыңнан айырыласың, сиырыңнан айырылмасаң, балаларың аман қалады» деп кетіпті». 

Станислав Кулаковскийдің анасы ірімшік жасап, май шайқап, оны Тайыншаға апарып, өткен-кеткен пойыздарға сатады. Балаларын үйге тастап, түнделетіп жиырма шақырым жаяу жүріп бекетке жетіп, майын сатып, кері қайтады екен. Салықты сөйтіп төлепті. Бір жолы майын сатып, үйге қайтып бара жатқан жолда милиция тоқтатып, кімсің, қайдан жүрсің деп, фамилиясын білген соң, құлақтардың біреуі ғой деп, тергей бастайды. Бәрін анықтап болғанша біраз уақыт өтіп кетеді.

«Шешем үйге келгенде, бізге қарап қалған көршілер жұмысқа кетіп қалған. Үлкен балалар дін аман, ал кіші ұл өксіп жатыр екен. Не қылса да, аман алып қала алмайды. Шешем өзін жазғырып қатты жылады. Соңғы рет осы естелікті 1980 жылғы қарашаның аяғында естідім, ал 1980 жылғы 7 желтоқсанда шешем қайтыс болды. Өзегін өртеген сол өкінішінен айыға алмай-ақ кетті».

1941 жылғы қыркүйек: немістер депортациясы

Еділ аумағында немістер ІІ Екатерина заманынан бері тұратын және 1917 жылғы төңкерістен кейін автономия алып, Еділ немістерінің АКСР болған. 1941 жылы КСРО мен нацистік Германия арасында соғыс оты тұтанғанда, олар сенімсіз халық саналады. Қыркүйектің аяғында, Еділ даласынан егін жиналып болған соң, немістерді күштеп жер аудару процесі басталды. Жарты миллионға жуық неміс Сібір мен Қазақстанға депортацияланып кетті. Қарағанды облысы, Телман ауылының тұрғыны Ирма Фиттельдің естелігінен:

«Бізді Запорожье облысы Ольгино селосынан 1941 жылғы 23 қыркүйекте күштеп көшіріп жіберді. 24 сағатта жиналып, жолға шықсын деді. Бір аптаға жететін азық, қалың киім мен төсек-орыннан басқа ештеңе алдырмай қойды. Ол кезде үйде төртеуміз: шешем, мен, екі бауырым. Әкем шпион деп 1938 жылы атылып кеткен. Біздің әулеттегі еркектерді ертеректе түгел қара жұмысқа айдап әкеткен, елде қалған әйел, бала-шағаны ғана көшірді. 24 сағаттан кейін бізді бекетке жіберді, одан Бердянск айлағына/портына апарды. Жер ауған көштің өзі сұмдық еді: жақындарым көз алдымда өліп жатты. Қазақстанға бара жатқан жолда бір бауырым өкпесі қабынып жан тәсілім етті. Санитарлар келді де, оны алып кетті. Шешем баласының сүйегі жат жерде көмусіз қалды деп көп жылады. Ондай жағдай көп болды. Бір апайымның емшегі суалып кетіп, баласы аштан өлді. Сұмдық кез еді ғой. Бізді малға ұқсатып, лас палубаға қуып тиеп, адам тұра алмайтын жағдайда алып жүрді ғой».

Екі аптадан кейін Ирма Фиттель мінген пойыз Краснодар өлкесіндегі Ейск қаласына жетеді. Бір-екі күн өтер-өтпесте тағы темір жолға барыңдар деген хабар келеді.

«Бізді тауар вагонға тиеп әкетті, қайда бара жатқанымызды да білмейміз. Адам шыдай алмас жағдай еді, бұрышта дәрет сындыратын бөшке ғана тұратын. Бір-бірімізге мінгесе тиелгенбіз, аяғың ұйып қалады, түрегеп тұра да алмайсың. Екі күнде бір рет пойыз тоқтайды, бізді далаға шығарып, су ішкізеді, ара-тұра нан береді. Қазақстанға жеткенде, қарашаның қара суығы түсіп кеткен, ызғар соғып тұр, ала келген киіміміз қамсау болмай қалды. Әуелде бізді Қазақстанның солтүстігіне, Ақмола облысына апарып тастаған, екі аптадан соң Қарағандыға аударды. Жүк көліктеріне тиеп, «22-нүктеге» апарып тастады». 

Жер ауып келген немістерді сол жерде бұрынырақ барып тұрған арнайы жер аударылғандардың жеркепелеріне бөліп тұрғызады. Ирма Фиттельдің отбасы ортасында пеші бар бір бөлмелі жеркепеде тұрып жатқан кемпір-шалдың қасына барып тұрады.

«Алты адам бір бөлмеде тұрдық. Арнайы жер аударылғандар тұратын жеркепелер саманнан соғылған, қуықтай болған соң іші жылы болатын. Ілдебайлап азық тауып, жанымызда бар дүниемізге айырбастап, жергілікті тұрғындардан тезек алдық. Азығымыз мардымсыз, әуелде үйден ала келген қорымызды тауыстық. Шешем ісмер еді, жұртқа бірдеңе тігіп, тоқып беріп, айырбасқа сүт, картоп алып жүріп күн көрдік». 

Ирма Фиттельдің үй-іші барып түскен поселоктағы тірлік тіпті де жұпыны болатын, ондағы жергілікті тұрғындардың өзі күнін әрең көріп жүрген.

«Бізді қолына алған үй иелері жақсы адамдар еді, қолынан келгенінше көмектесіп бақты. Алдымызға дастарқанын жайды. Негізінен «галушка» жейміз. Есімде, бір күні бауырым екеуіміз қоян ұстап алғанбыз, қуанғанымызды айтпа. Жаз шыға балық аулай бастадық, басқа совхозға көшіп барып, бақша салдық. Ал бірінші қыстан ісіп-кеуіп әрең шықтық. Сол кездегі ішім ауырғаны әлі есімде. Тіпті екі-үш күн қатарынан нәр сызбайтын кезіміз болатын. Ауылда су да жоқ, қар ерітіп ішеміз. Дала кезіп, шөптің тамырын қазып әкеліп, пісіріп жейміз. Сол қыстан қалай аман шыққанымызды өзім білмеймін, әйтеуір көктем туа малқораға жұмысқа шықтық. Күніміз күн емес, түк жоқ, тіпті жуынатын ештеңе жоқ қой. Жолда бәріміз биттеп, кірден бетімізге қотыр қаптап кеткен. Пешке жағатын бір тал қурай, бір тал бұтақ іздеп желі азынаған далада сандалып жүретінбіз».

Қазақстанға көшіп келген бірінші жылы Ирма Фиттельдің бауыры ауырып қалады. Дәрі жоқ, ауру баланың қызуы түспей, даладан теріп әкелген шөп-шаламды қайнатып ішкізгеннен түк шықпайды. Бала өліп қалды.

«Шешемнің әпкесі Осакаровка ауданының алтыншы поселкесіндегі жұрттың  жағдайы біздің сол кезде тұрып жатқан ауылымызға қарағанда жақсырақ екенін біліп алыпты. Тек колхоздан кету үшін алдымен салық төлеп, рұқсат алу керек. Жанымызға салып әкелген ақшаның қалған-құтқанынан сол әскери салығын төлеп, алтыншы поселкеге көшіп бардық. Ауылдың тұсында шағын орман бар еді, сол жерден қыстық отын жиып алуға мүмкіндік бар. Сол ауылда Украинадан жер ауып келгендер тұратын, әжептәуір бақуатты болатын. Үйлеріне қамыстан шатыр жапқан, терезесі бар. Ауылдың жанынан өзен ағады, сонда барып балық аулаймыз. Мен ол кезде он беске шыққам, ересек деп, майда баланың бәрін маған қарататын. Кейін Қарағанды облысына көшіп келіп, осында тұрақтап қалдық». 

Қазақ халқының қолдауы мен көмегіне қарамастан, жер ауып келгендердің жағдайы қиын болды. Күнін көру үшін Ирма Фиттельдің үй-іші түгел, үлкен демей, бала демей, 12–15 сағаттан жұмыс істеді. Өздері ала келген киім-кешек көпке бармай, тез-ақ тозып кетті.

«Біз тігін машинасын ала келгенбіз, соның арқасында аман қалдық. Шешем ісмер еді: сейсептен жаулық тігіп, соған тамақ айырбастап алып жүрді. Депортацияның екінші жылы дегенде жүннен байпақ, биялай, баскиім тоқып, сонымен күн көрдік. Алақандай шүберектің өзі алтынға баланатын. Бізді бірінші жылы қолына алған қариялар бір күпәйке пен пима берген, соны кезектесіп киіп, жан сақтап шықтық».

Ирманың інісі сол ауылдағы мектепке барып, оны тәмамдап, автомектепке түседі. Сол кезде жасы он беске шыққан Ирманың өзі оқымай, шешесіне қарайласып, үйін ұстап, кейін жұмысқа шығып кетті.

1944 жылғы ақпан: ингуштар мен шешендер депортациясы

Шешен-Ингуш АКСР азаматтарын күштеп жер аудару 1944 жылғы 23 ақпанда басталып, 9 наурызға дейін жүрді. Жарты миллионға жуық адам Қазақ және Қырғыз КСР-ына, бір бөлігі Тәжік және Өзбек КСР-не көшірілді. Ал Шешен-Ингуш АКСР-ның өзі жойылды.

Ашат Мазиева 1931 жылы туған, депортация басталғанда жасы он үште:

«Шешен-Ингуш АКСР, Экажево ауылында тұратынбыз. 1943 жылдың аяғында ауылға форма киген НКВД өкілдері келе бастады. Ауылда ингуштарды күштеп көшіреді екен деген сыбыс тарап кетті. 1943 жылы қарашайларды күштеп көшіріп жібергенін білеміз ғой, сонда да біздің халықтың басына ондай күн тумас деп жүргенбіз. Сонда да 1944 жылғы 23 ақпан туды».

Сол күні біреулер Ашат Мазиеваның әкесін үйінен жалаңаш-жалпы шығарып әкетеді. Біраз уақыттан соң үйіне атылып кетті деген хабар келеді.

«Бір тәулікте жиналып, дайын отырыңдар деді. Жыладық. Шешем қайда апарасыңдар деп сұрап еді, қатты сөйлеп, итеріп жіберді. Аштан өлуге барасыңдар, жолда өліп қалмасаңдар, барып өлесіңдер дейді. Асығыс-үсігіс дүниемізді жинай бастадық. Бір қап жүгері, ұн, картоп алдық, тағы не алғанымыз есімде жоқ. Үстімізге қабаттап киім кидік. Әпкем шешеме көмектесіп, кішкенелерді киіндіріп жүр. Ертеңіне аналар келді. Қарсыласатын шама жоқ, өлтіріп тастай ма деп қорқамыз. Шешем үндеріңді шығармаңдар деген. Сөйтіп, 13 жасымда «халық жауы» болдым».

Жер аударылған кезінде Ашат Мазиеваның үйі жеті адам болатын: анасы Зүлфия мен Ашаттың өзін қосқанда алты бала. Ең кенжесі үш айлық еді, 1943 жылдың аяғында туған.

«Аты Гасар еді, жолда аштан өлді. Есімде, шешем жылап отырған. Конвой келіп, вагонды тінтіп, өлі баланы тауып алды да, жолдың шетіне лақтыра салды. Ол кезде ондай сирек емес, бізді мал құрлы көретін. Біздің халықта өлген кісінің сүйегін жерлемеу деген — масқара, тек қолдан келер қайран болған жоқ».

Депортацияланғандарды, арасында Ашат Мазиеваның үйі де бар, Қарағанды облысы, Заречное ауылына апарып түсіреді.

«Жергілікті тұрғындар бізді жақсы қарсы алды, солардың арқасында аман қалдық қой. Бір үзім нанын бөліп беретін. Өздері де бірді-бірге жалғап, тіпті біздің отанымыздағы көрген күнімізден де жұпыны тірлік кешіп жатқан. Өздері жеркепеде тұрады. Бізді әуелде өз үйлерінде қыстатып шығарды, жаз шыға үй салуға кірістік. Бәріміз колхозға жұмысқа шықтық, еңбеккүн жаздырып алып жүрдік. Жазуын жазады-ау, тек ақша бермейді. Нан береді, сылдыр сорпа береді. Көктем туа, бізге жандары ашып, бір сиыр, екі қойдан берді. Сөйтіп күн көрдік. Сиырды сауып, сүтін талғажау қылдық. Бақша салдық. Ал күнкөріске ақша жоқ. Иен далада қалдық. Сонда жергілікті халық бауырына баспаса, аман қалмайды екенбіз». 

Көп өтпей даланы сүзек жайлады. Дәрі жоқ. Жұрт үй-ішімен қырылып жатты.

«Есімде, күнде түрлі жұмысқа айдап шығарады ғой. Бір күні бір ингуш отбасы жұмысқа шықпай қалды: бәрі өліп қалыпты. Үсіп өлген. Жұрт шыбынша қырылып жатты. Тіпті кісі жерлеуге жер қаза алмаймыз, не күрек, не қайла жоқ. Қыста қарға көмдік, кейбірін қасқыр жеп кетті. Жуынып, кір жууға күл мен құм жүрді. Одан басқа түк те жоқ. Шашымыз ұзын ғой, бәріміз биттеп кеттік. Басым қышығаны әлі есімде».

Депортацияланып келгендердің аяғындағы аяқкиімі түкке жарамай, тез тозып кетті. Аяқкиім алатын ақша жоқ, қолда бардан ілдебайлап бірдеңе істеу керек. Сиырдың сирақ терісін сыпырып алып, кептіріп қояды. Кейін оны аяқтың сыртынан орап, айналдыра тесіп, бау өткізеді. Ұлтарақ орнына сабан төсеп, жидіп түсіп қалғанша киеді.

Өлген қызының жанында отырған ингуш Газдиевтер отбасы. Қазақстан, 1944 жыл / Wikimedia Commons

Өлген қызының жанында отырған ингуш Газдиевтер отбасы. Қазақстан, 1944 жыл / Wikimedia Commons

Күзге салым қой қырқым басталғанда, әйелдер шұлық тоқып, киіз басып, ұлтарақ жасайтын. Қой терісінен жылу болатын киім, баскиім жасап киетін.

Ашат Мазиева да жер ауып келген өзге балалар қатарлы мектепке барды. Орыс тілін білмегенінің кесірінен он үште болса да бірінші сыныптан бастап оқиды.

«Жұрт күле қарайтын. Тек мұғалімдер жақсы еді, бәрін түсінетін. Уақыт өте, ақырындап орыс тілін үйрендік. Үйде тек өз тілімізде сөйлейтінбіз. Жат жерде жүрсек те, дінімізден айырылмай, намаз оқып, ораза ұстадық. Оның жазасы қатты еді, біліп қойса, қамап тастайтын».

Өзге халықтардың депортациясы. Эпилог

Әйелдер айтқан естеліктердің фрагменттерінен кейбір заңдылықтарды да байқауға болады. Біріншісі — әйелдер өлім, соның ішінде жақындарының өлімі туралы түк болмағандай айтатыны. Сол айтылған әңгіме — қатыгездік емес, сол кездегі шарасыздық пен мойынсұнудың көрінісі болса керек. Өлімге «еті өліп», «тастай қатып» кетпесе, депортация көрген әйелдер не өзі аман қала алмас еді, бастысы — балаларын аман алып қала алмас еді.

Жер аударылған КСРО азаматтары ГУЛАГ-тың Сібір лагерлеріне апаратын пойызға отырып жатыр. Депортация кезінде осындай пойыздар қолданған еді. 1940 жыл / Alamy

Жер аударылған КСРО азаматтары ГУЛАГ-тың Сібір лагерлеріне апаратын пойызға отырып жатыр. Депортация кезінде осындай пойыздар қолданған еді. 1940 жыл / Alamy

Тағы бір заңдылық — естеліктеріндегі шынайы алғыс әрі сол алғыс негізінен дәл Қазақстанға жер ауып келгендердің әңгімесіне тән. Әйелдер ұлтына, жасына қарамастан (депортация кезінде бала болсын, ересек болсын), қазақтармен де, жалпы қазақстандықтармен де қарым-қатынасын айтқанда, тек алғысын жаудырып отырады.

Қазақстан сталиндік репрессияны көрген көп халыққа — кәрістерге, күрдтерге, армян, түрік, ирандық, өзге де кеңес өкіметіне «қалаусыз» қаншама халыққа отан, баспана болды.

Singer тігін машинасы. 1920 жылдар / Alamy

Singer тігін машинасы. 1920 жылдар / Alamy

Мақалада депортацияға ұшыраған әйелдердің түрлі жылдары журналистер жазып алған, газеттерде жарияланған, сондай-ақ Қарағанды университетіндегі тарихшы ғалымдарының «Ұлы отан соғысы және тыл мен майдандағы Қазақстан әйелдері: әйелдердің әңгімесі және күнделікті тірлігі» деген ғылыми-зерттеу жұмысы барысында жиналған естеліктер келтірілді.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

  1. Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. — Алматы: Арыс-Казахстан, 1998. 428 с.

  2. Из истории депортаций. Казахстан. 1935–1939 гг. Сборник документов. — Алматы: LEM, 2014. 740 с.

  3. Интервью с Мазиевой Ашат Ильясовной, 1931 г.р., жительницей Карагандинской области, записано Майлыбаевой Д. в 2019 г.

  4. Интервью с Фиттель Ирмой, 1927 г.р., жительницей Карагандинской области, записано Майлыбаевой Д. в 2019 г.

  5. Земсков В.Н. Спецпоселенцы в СССР, 1930–1960. — М.: Наука, 2005. 306 с.

  6. Сталинские депортации. 1928–1953. Под общей редакцией академика А.Н. Яковлева. Составитель Н.Л. Поболь, П.М. Полян. Серия: Россия. XX век. Документы. — М.: МФД, Материк, 2005. 904 с.

  7. Conquest R. Soviet Deportation of Nationalities. — Macmillan, 1960. 203 p.

  8. История села Подольское. Ałmatyński Kurier Polonijny | №2(13)•2016)

Зәуреш Сақтағанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ