ДИОР МЕН ИВ СЕН-ЛОРАННЫҢ МУЗАСЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Сән өнерінде қалған дала ізі

ДИОР МЕН ИВ СЕН-ЛОРАННЫҢ МУЗАСЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

"Кристиан Диор"үйінің ательесі Алла Ильчун "Кристиан Диор" үйінің шеберханасында, 1950 ж. ақпан, Париж./Keystone-France/ Gamma-Rapho/ Getty Images

Алла Ильчун — 20 ғасырдың 40-60-жылдары Париждегі алғашқы «шығыс жұлдызы». Сырмақтың ғаламат өрнегі секілді өрілген осы бір оқиғада Алматы мен Харбин, ақ эмиграция тағдыры мен new look дәуірінің сәні, гламур мен «Қарсылық» қозғалысы көрініс тапты.

Жұрт оны кейде орыс, кейде қытай я маньжур қызы деседі. Шынтуайтында, оның әкесі қазақ болған және ол 1897 жылы Алматыда дүниеге келген. Франция құжаттарында оның есімі Эжен, яғни Евгений деп жазылған, бірақ Алланың өзі оны Гуанхал деп атаған, бұл қазақ тілінде «Қуантхан» болуы мүмкін. Ал Алланың «Ильчун» деген тегі қазақ тілінде «Елшін» болуы ықтимал деп жорамалдаймыз. Оның руы Алшын болуы да ғажап емес. Гуанхал бақуатты, қалталы отбасынан шығуы бек-мүмкін, өйткені оның темір жол саласына байланысты жоғары білімі болған. Айталық ол кезде мұндай білімді баласына тек қалталы қазақ отбасы бере алған. Осы білімінің арқасында ол қытайлық Харбинге аттанып, Қытай-Шығыс темір жол құрылысына қатысқан.

Китайская көшесі, Харбин, Китай, шамамен 1932/Asahi Shimbun/Getty Images

Китайская көшесі, Харбин, Китай, шамамен 1932/Asahi Shimbun/Getty Images

Осы жақта жүріп ол өзінің келешек жұбайы, Санкт-Петербуртің ақсүйек әулетінен шыққан, Советтік Ресейден 20-жылдары Харбинге қоныс аударған босқын 16 жасар Тамара Михайловамен танысады. Іс жүзінде сол жылдардағы Харбин — Ресейден тысқарыда орналасқан, орыстар жайлаған алып қалалардың бірі болатын. Мұнда 100 мыңға жуық босқын өмір сүріп, 26 шіркеу ашылып, орыс мектептері мен жоғары оқу орындары жұмыс істеп тұрған.

1926 жылғы 10 желтоқсанда Гуанхал мен Тамараның Алла есімді қызы дүниеге келді. Ол Харбинде ғажайып жолмен жанданған ескі Ресейдің патриархалды ортасында өсті. Алла империяның ақсүйек әулеттеріне тән балетке қатысып, орыс, француз, италиян және ағылшын тілдерінде еркін сөйледі. Ал анасы Тамара опера әншісі (сопрано) атанып, тіптен Харбин опера театрында ән салды, бірақ 1932 жылы ол тіс дәрігерінің дипломын да алды. Соған қарағанда түрлі бағыттағы орыс жұлдыздары шамадан тыс көп болған Харбинде, өнер арқылы күн көру қиын болған тәрізді. Бірақ 1935 жылы қамсыз тірліктің ақыры таянды. Харбинді Жапония басып алып, ақ эмиграция әлемнің әртүрлі еліне тарыдай шашырап кетті.

Алла беліне кең белбеумен тартылған сары жүннен тон киген. 1958 жыл, 28 мамыр, Франция, Париж/Gamma-Rapho/Getty Images

Алла беліне кең белбеумен тартылған сары жүннен тон киген. 1958 жыл, 28 мамыр, Франция, Париж/Gamma-Rapho/Getty Images

Гуанхал отбасымен бірге Шанхайға көшті. Сол жерден Тамара мен Алла кемемен Парижге аттанса, Гуанхал өзге босқындарға көмек қолын созу үшін сонда қалды. Содан кейін отбасының басы қосылған емес. Париждің ең атақты моделінің әкесінің басына қандай нәубеттің орнағаны белгісіз. Ол шақта Шанхай зәулім-зәулім ғимараттар бой көтерген заманауи капиталистік Қытайдың жарқын қаласы емес-тұғын: лас әрі ұры-қары қаптаған, босқындар мен қызық қуған авантюристер толып жүрген портты қала болатын. Тамара мен Алла Шанхайдан дер кезінде кетіп үлгерді. 1937 жылдан бастап Жапония Қытайдан тысқары елдерге кемемен жүруге тыйым салды.

Париж қаласында он жасар Алла мен Тамараға оңай соқпады. Олардың жаңа қалада достары болмады әрі Харбинде алған Тамараның дипломы Парижге жарамады, есесіне отбасылық әшекей бұйымдары мен вокалдық дарынын пайдаға жарататын мүмкіндік туды. Тамара Рахманин атындағы Ресей консерваториясына оқуға түсіп, көп өтпей орыс эмиграциясының арасында атақты әртіске айналады. Соғыс жылдарында өзге эмигрант отбасыларының мүшелері секілді Алла да француздық «Қарсылық» қозғалысының қатарына қосылып, тіптен ұрыстарға да қатысты. Қиын-қыстау кездері Алла даяршы және хатшы болып та жұмыс істеген көрінеді. Ол Париждегі мәшһүр Лидо кабаресінде сайыстан оза шығып, биші болып орналасқаны сол еді, бірақ таңғажайып жағдай орнап, осы бір жәйт 21 жастағы сұлудың өмірін түбегейлі өзгертті.

Харбин, Қытай, шамамен 1920./Raimund Franken/Getty Images

Харбин, Қытай, шамамен 1920./Raimund Franken/Getty Images

1947 жылы ол жаңадан ашылған Кристиан Диордың сән үйіне құрбысын қолдау үшін кастингке барған. Өзі болса, моделдік мансабын өрбіту жөнінде ойлап та көрмеген. Бірақ Кристиан Диор Алланы байқап қалып, оған келісімшарт ұсынған. Диорды Алланың азияттық түр-әлпеті ұнаған: жоғары жақ-сүйегі, бадамша көзі мен қиылған қасы. Осы айрықшалығы Алланың экзотикалық шырайынан, ғаламат сұлулығынан хабар береді. Ал оның бар-жоғы 47 сантиметр ғана болатын қылдай белі, көркем кеудесі (91.5 см) және арықша келген денесі (46 кг.) Диор ұстанған new look идеясының негізгі талаптарына сай келді: соғыстан шаршаған әлем сұлулықтың, нәзіктік пен талғампаздықтың қайта оралуын асыға күтті. Алланы жұрт: «айрықша гүл, экзотикалық жеміс», «жұмбақ, жайдарлы, қол жетпес сұлу», «нәзік әрі лиана секілді әсем» деп сипаттады.

Қазақ темір жолшысының қызы, он жылдан кейін ғана, шамамен 50-жылдардың соңына қарай Парижді бағындырған алғашқы Азиялық сылқымдардың біріне айналды. Ал 1947 жылы Алланың таңдауы айтарлықтай батыл шешім болды. Ол шақта әлемді отарлаушы империялар басқарды, ал «ақ нәсілдің үстемдігі» өздігінен туған қалыпты дүние секілді көрінді. Бірақ осы тұста жаһанданған әлемде арта бастаған алуандық пен теңдікті сезген ұлы тігіншілер нағыз новатор болып шықты.

Алла де Дюльмен. Кристиан Диордың күзгі топтамасы, Париж, 1955/Getty Images

Алла де Дюльмен. Кристиан Диордың күзгі топтамасы, Париж, 1955/Getty Images

Диор өзінің музасы жөнінде: «Алла сиқырлы шығыстық бет-әлпетке, орыс анасынан берілген нағыз еуропалық дене-бітімге ие сұлу. Сондықтан Алланың үстінен өзіне ұнаған көйлекті көрген кез келген сәнге құмартқан нәзік жанды, ол киімнің денесіне шақ келетініне сенімде бола алады» деген болатын. Шын мәнінде, Алла киген көйлектерді құрбысы болған, Ұлыбритания королевасы II Елизаветаның сіңілсі Маргарет ханшайым мен ұлы актриса Элизабет Тейлор киген болатын.

Диор өзінің коллекциясындағы ең әдемі киімдерді Алла әлемге паш еткенін мойындаған. Ол «сәнмінбеде ұдайы суық әрі байсалды жүзбен жүріп өтетін». Сән тарихшысы Александр Васильев: «Алла, сөзсіз, сән әлеміндегі алғашқы жұлдыз. Оның қысық көзі миллиондаған әйелді таңдандырып қана қоймай, 1950-жылдары сәнге айналған тушьпен көздің қиығына ұзын сызық сызуға мәжбүр еткенін» байқаған.

 Алла, Dior бас моделі/Getty Images

Алла, Dior бас моделі/Getty Images

Алла Ильчун бірден халықаралық деңгейдегі жұлдызға айналады. Ол жөнінде Америкалық басылымдар жаза бастады және 1949 жылы Алла Нью-Йоркте өткен Macy’s сән дүкені ұйымдастырған шоуға қатысты. Содан бері Алла — АҚШ-та өтетін сән көрсетілімдеріне жиі қонақ ретінде шақыртылып, жергілікті көрерменнің сүйіктісіне айналды. Дегенмен Алла Америка халқы жөнінде: «Америкалық еркектер тым қарадүрсін. Ал мұндағы әйелдер болса, тар корсеттер киіп, төсті үлкейтіп тұратын силикон заттарды салып алады. Олар футболшылар секілді жүреді... Францияда болса, мсьё Диор мұндайға төзбес еді. Оның сұлулыққа қатысты көзқарасы айрықша. Ол табиғи сұлулықты құп көреді» деп ақсүйектік тәкаппарлықпен пікір айтқан болатын. Бұл сөздер Алланың батылдығынан, тіптен дөрекілігінен, сондай-ақ оның байқампаздығы мен аңғалдығынан хабар береді (бұл заманауи маркетинг тұлғалығын жұтып қойған, көнбіске айналған қазіргі моделдерде табылмайтын қасиеттер).

«Шығыстың сұлуы» және «Азияның жауһары» Алланы аталған сөздері үшін жұрт жазғырған емес. Ол кезде әлем өзгерісті қалады және болмашы себеп үшін өкпелеп үйренбеген болатын. Алла Советтік көптеген сауық-сайрандардың қадірменді қонағына айналып, Венеция, Флоренция, Лондон, Оңтүстік Америка, Стокгольм, Хельсинки, Лиссабон, Солтүстік Африка, Шотландия, Жапония, Лос-Анджелестегі дефилелерге қатысты. Оны Ричард Аведон секілді атақты фотографтар таспаға тартты.

Кристиан Диор модель Алламен өлшеу өткізуде/Jean-Philippe Charbonnier/Getty Images

Кристиан Диор модель Алламен өлшеу өткізуде/Jean-Philippe Charbonnier/Getty Images

Диор 1957 жылы аяқ-асты дүние салды. Бірақ Алла Ив Сен-Лоран және оның ізбасары Марк Боанның тұсында да оның сән үйінің белді моделдерінің бірі болып қала берді. Ол шақта манекен модельдердің қызметі қазіргі модельдерге қарағанда өзгеше болатын. Алла кабиналық моделдердің санатындағы сәнгер болатын. Ол кезде әр сән үйінде қонақ бөлмеде бір күн ішінде қалталы клиенттер үшін бірнеше көрсетілім ұйымдастыратын штаттық қызметтер керек болатын. Мұндай модельдер бірнеше тілде қызмет көрсетуге міндеттелді. Міне осы тұста, дәстүрлі дворяндық тәлім-тәрбие Алланың қажетіне жарады. Ол шақта үлкен көрсетілімдер бірнеше сағатқа дейін созылатын (қазіргідей 10-20 минут қана емес). Шамадан тыс шаршау, жүдеу және ашығу — осы бір күрделі кәсіп иелерінің күнделікті тірлігі болатын.

Бірақ, осындай қиындықтың қарымтасы ретінде, ол еркектердің шамадан тыс назарына ие болды. Алла қатынасқа келгенде тым қағілез әйел болып шықты. Мәселен, ол бір сөзінде: «Америкалық еркектер әділ әрі бір сөзді болғаны сонша, олармен қарым-қатынас орнату ішіңді пыстырады... Француздар болса, керісінше, жалған сөйлейді. Оларға сенім артуға болмайды. Олар екіжүзді және тұрақсыз, бірақ соған қарамастан әйелді тартады. Олар өтірікті әдемі айтады... Мұндағы ең құрығаны италиялықтар. Бірақ ең қызығы да солар. Олар шындықты айтуды мүлдем білмейді. Олар романтикаға толы әлемде өмір сүріп, өздері жөнінде ғаламат оқиғаларды құрастырып алады» деген еді.

Кристиан Диор өзінің шеберханасының жетекшісі Маргарита ханым, модель және оның музасы Алла мен Меза Брикар қоршауында. 1950 жылы жаңа коллекция дайындық/Jean-Philippe CHARBONNIER/Getty Images

Кристиан Диор өзінің шеберханасының жетекшісі Маргарита ханым, модель және оның музасы Алла мен Меза Брикар қоршауында. 1950 жылы жаңа коллекция дайындық/Jean-Philippe CHARBONNIER/Getty Images

Диордың үйінде мансап жолын бастаған бетте, Алла Magnum деп аталатын әлемдегі алғашқы фотоагенттіктің негізін қалаушылардың бірі, фотограф Роберт Капаны жолықтырды. Олардың қарым-қатынасы, бәлкім, Алланың өмірдегі ең жарқын сәт болған шығар, бірақ, әрқайсысы өзінің ісіне берілген жұптық өмірдің ғұмыры келте болды. 1953 жылы Алла Мечислав де Дюльмен есімді польшалық ақсүйек әрі фотографқа тұрмысқа шығып, 1956 жылы, әлі де көзі тірі Марк есімді баланы дүниеге әкелді. Алайда, бұл жұптың да жолы көп ұзамай екіге айырылды. Оның үшінші күйеуі ақ эмигранттардың ұрпағы, бұрынғы балет бишісі, бертін келе 1980 жылы шаңырақ көтерген Игорь Мухин болды. Бірақ Алла дүние салар алдында, олар ажырасып тынды. Еркектердің шамадан тыс назарын жаулау, ұдайы бақытты өмірге жол ашып бермесін ұмытпаған жөн.

Диордың музасы 1989 жылы 6 наурызда қайтыс болып, Париждегі Cimetière Parisien d’Ivry деп аталатын мазарда жерленді. Ал осы бір таңғажайып оқиғаны бірнеше жыл өткен соң, жұртшылыққа Александр Васильев және Франциядағы қазақтардың ассоциациясының президенті Берлин Иришев баян еткен болатын.

Жапония, Токио. Ив Сен-Лоран өзінің соңғы туындыларын Okura қонақ үйінде ұсынады. Солдан оңға қарай: модель Алла Ильчун де Дюльмен, көркемдік жетекші және манекен Виктория Терон, сәнгер Ив Сен-Лоран, Британдық модельдер Кристин Тидмарш және Пол оф Мариндол/Getty Images

Жапония, Токио. Ив Сен-Лоран өзінің соңғы туындыларын Okura қонақ үйінде ұсынады. Солдан оңға қарай: модель Алла Ильчун де Дюльмен, көркемдік жетекші және манекен Виктория Терон, сәнгер Ив Сен-Лоран, Британдық модельдер Кристин Тидмарш және Пол оф Мариндол/Getty Images

Оқуға ұсынамыз:

Александр Васильев. Красота в изгнании. М., 2000.

Берлин Иришев. История Аллы Ильчун. Париж-Алматы, 2019.