ДЖИММИ КАРТЕР – 100 ЖЫЛ

Жолы болмаған президенттің мерейтойы

Джимми Картер. 1978 жыл, 18 сәуір /HUM Images/Universal Images Group/Getty Images

1979 жылы 20 сәуір күні АҚШ-тың 39-президентіне шабуыл жасалды. Джимми Картер жалғыз өзі  көлде қайықпен балық аулап жүрген кезінде, оған тұтқиылдан су қояны шабуылдаған деседі. Айтуынша, аталған қоянды президент ескекпен ұрып қуып жіберген немесе ескегін жылдам есіп қашып кеткен (осы тұста президенттің жауабы екіге жарылады).

Қалай болмасын Картер президент болып тұрған тұста, осы бір қоянның шабуылы лезде мемге айналып, келесі сайлау тұсында ол бәсекелестерінен оңбай ұтылды. (Жалпы алғанда аталған жағдай Демократиялық партияның өкілдері үшін жаңа бір дәстүрді бастап берді. Айталық, араға бірнеше жыл салып Джо Байден де мереке кезінде қоянның киімін киген адамды көріп шошып кеткені бар).

Қояндар тұқымының өкілімен арадағы кикілжіңнен тура бір жыл өткен соң президент Джимми Картер саяси тұрғыдан абыройы төгілген сұмдық жағдайға тап болды. Ол 1979 жылы Иранда орнаған Ислам революциясы тұсында басып алынған Америка елшілігіндегі тұтқындарды босату үшін Тегеранға десанттарды жолдаған. Аталған операция сәтсіз аяқталған соң, Картерді жұрт өз азаматтарын азат ету жоспарын дұрыс ұйымдастыра алмай, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде басқыншыларды елшілекке шабуыл жасауға итермелегені үшін қатаң айыптады. Өйткені Картер емге мұқтаж болған, елінен аласталған Пехлеви шахқа пана ұсынған. Аталған шешім бір жағы қайырымды іс саналғанымен, екінші жағынан — саяси тұрғыдан қате шешім болды. Иран елінде азамат соғысы кезінде жеңіске жеткен исламистер АҚШ-тың бұл ишарасын жаулық ниетте жасалған қадам, тіпті соғысқа ашық шақырту ретінде қабылдағандықтан, ақыр соңында елшіліктегі дипломаттарды тұтқынға алып тынды. Картердің абыройын көпшіліктің алдында айрандай төккен жағдай Шах дүние салып, Рейган АҚШ президенті болып сайланған күні жалғасын тапты. Исламистер жарияға жар салып Картер биліктен кеткен күннің ертесі тұтқындағы елшілерді босатып жіберді.

Жалпы алғанда Картердің басына түскен нәубеттің бәрі Таяу Шығыспен байланысты. Айталық, 2006 жылы ол атауының өзі көп дүниені аңғартатын «Palestine: Peace Not Apartheid» (Палестина: апартеид емес, бейбітшілік) деген еңбегін жарыққа шығарды. Бұл еңбекте Картер Израилдің ұстанған саясатын қатаң сынға алып, адам қақына қатысты сүйікті тақырыбын көтерген. Кітап жарияланған соң тарихшылар Картерді Холокостаны жоққа шығарды деп айыптаса, ал Демократиялық партиядағы әріптестері ештеңе түсінбегендей кейіп танытты. Осы тұста, Картердің президенттігі кезінде оның бастамасымен Израиль мен Мысыр арасындағы (1978) Кэмп-дэвид келісім-шартына қол қойылғанын атап өткен жөн.

Картерді 1975 жылы басталған президенттік кампаниясына дейін, өзі губернатор болған туған штаты Джорджиядан басқа аймақтарда аса танымал емес тұлға болатын. Сондықтан оның бәсекелестерінің Картерге «Джимми деген кім?» деген лақапты жапсыруы тегін емес. Алайда Картерге дәл осы таңсық болған бейнесі қол болды. Вьетнам соғысы, уотергейт жанжалы мен 1973 жылы орнаған мұнай дағдарысынан кейін америкалық сайлаушылардың ел билігінен әбден көңілі қалған болатын. Жұрт ескі жүйеге тұтылмаған жаңа көшбасшыны көргісі келгені анық. Сондықтан жержаңғақ өсіретін фермер Картердің түр-тұлғасы сезімтал пастордың рөліне мінсіз сай келе қалды. Сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдары: «Картер мемлекетті басқару үшін емес, елді құтқару үшін қажет болды» деп жарыса жазып жатты. Дегенмен Картер әскери адам болатын, яғни ол Грант пен Эйзенхауэр президенттердің жолын жалғастырды деуге де болады. Картер әскери-теңіз күштері академиясын тәмамдаған. Сондай-ақ мичман әскери шенін иеленіп, сүңгуір қайықта әскери борышын өтеген жан (айталық, Клинтон я Обаманың торпедалық бөлікте жүрген бейнесін көз алдыңызда елестетудің өзі қиын).

Картер саяси сахнада өзін популист әрі мораль соғушы тұлға ретінде танытты. Ол дүкендерде, родеода және автобус аялдамаларында қарапайым халықпен тілдесіп, сайлаушылармен телефон арқылы сөйлескенді жақсы көрген. Сондай-ақ Картер қатардағы, яғни америкалықтардың қарапайым үйлерінде түнегенді құп көрген (Ельциннің ішінара таңдап троллейбустарға мінгені мұның жанында түкке тұрмайды). Картер өзін президент ретінде ұлықтаған іс-шараға лимузинмен емес, жаяу жүріп келген. Мұнымен ғана шектелмей, ол мемлекеттік лексиконға Джимми деген атты қосқан (оған дейін президенттерді тек ресми атап келген). Ал Картердің баяндамаларына келер болсақ, көбіне-көп бұл діни уағызға ұқсайтын. Ол әр сөзінде «махаббат», «сенім», «тазалық», «адалдық» деген сынды ұғымдарды айтудан танбаған. Картер билік жұртқа өтірік айтуды доғару керек деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бұл әрекет бүгінде тарыдай шашылған халықтың басын қосып, тұтастыққа жетелейтін қадам болмақ. Кейде оның жасаған мәлімдемелері анекдотқа айналып кететін. Айталық, Playboy-ға берген сұхбатында ол «Әйеліңіздің көзіне шөп шалдыңыз ба?» деген сұраққа, «Әлбетте, жоқ» деп жауап берген. Бірақ оның өмірінде басқа әйелдерге құмарлықпен қараған кезі болғандықтан, өкінішке қарай, Картер жұбайына жүрегімен сатқындық жасады деп тұжырымдауға тура келеді. Оның миссионерлік мәлімдемелерінен кейін қанша мазаққа қалса да, бірақ Америка саясатына мораль категориясын енгізіп, сөз жүзінде болсын адам қақын ең маңызды ұғымға айналдырған Картер болғанын мойындау қажет.

Картер инаугурация кезінде: «Біз идеалогиясы бар ұлтпыз. Бірақ өзгелер біздің бұл қасиетімізді әлсіздік деп таппасын» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ аталған кеш барысында мектептегі ұстазы мен Библиядағы Миха пайғамбардың сөзін де келтірген.

Дегенмен ақыр соңында ол әлсіз саясаткер ретінде жұрттың есінде қалды. Оның моральдық құндылықтарды жоғары қойған бейнесі шынайы өмірмен қабыса қоймады. Ирандағы елшіліктің жаулануы, Ауған жеріне совет әскерінің басып кіруі, билікті ұлттық азат етуші топпыз деп санайтын просоветтік Сандинистік топ басып алған Никарагуадағы сәтсіздік — осының бәрінен Картер қояннан ескекпен ұрып құтылып кеткендей қашып кете алмады. Одан кейін президент болған Рональд Рейган, «Картер Американың жауларына қолдау білдірді» деп ашық түрде айыптады. 1979 жылы Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнату да, Картерді жарға жыққан шешім болды.

Джимми Картер және Дэн Сяопин/Wikimedia Commons

Джимми Картер президент болып тұрғанда, экранға «Saturday Night Fever» (Сенбі кешінің безгегі) және «Жұлдыздар соғысы» туындылары жарыққа шығып, Элвис Пресли қайтыс болды, «Студия 54» клубы ашылып, телевизия саласында Америка халқы үшін маңызды «Даллас» сериялы көрермен назарына ұсынылды, сондай-ақ компьютерлік ойындардың алтын ғасыры басталып, Стивен Кинг «The Shining» (Шұғыла) кітабын жариялады (айтпақшы, Кингтің бір романында Картер жөнінде сөз болады). Бірақ жетпісінші жылдар тәмамдалып, гедонизм дәуірі аяқталды. Алда адамзатты ЖИТС, яппи-қаржыгерлер күтіп тұрды және рейгандық экраннан тыс «Жұлдыздар соғысы» мен Картер, бертін келе керемет дәуірдің соңғы белгісіндей есте қалды.

Картер тұсындағы музыкалық диско жағдайы оның екі ұшты билігінің символына айналған. Картер тұсында диско өзінің шырқау шегіне жетті және дәл сол жылдары тарихындағы ең азалы оқиға орын алды. Айталық, 1979 жылы мамыр айында Чикаго стадионында бүлік орнап, «Disco sucks!» деп ұрандатқан топ пластинкалар салынған үлкен жәшікті өрттеп жіберді. (Картер президент болып тұрғанда, айталық, 1977 жылы шілденің 13-нен 14 қараған түні Нью-Йоркте тағы бір бүлік орнады. Қалада жаппай жарық сөніп, жұрт хайуанға айналып, мыңнан астам дүкен тоналған).

Дисконы жою түні. Дискоға қарсы митиң кезіндегі Комиски саябағының көрінісі, «Дискотека құрысын» және «Рок жасасын» ұрандары жазылған баннерлер, Чикаго, Иллинойс, 1979 жыл 12 шілде/Paul Natkin/Getty Images

Баптистік дүниетанымы мен халыққа деген махаббатын айтудан шаршамаған Картер әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінген қаржыны қысқартып, жұмысшылардың айлығын уақытылы төлемей, ереуілдерді күшпен басып-жаншыған. Ол жаппай қарулануға қатысты жаңа келіссөздерді жүргізіп, қару жасаудың жаңа жүйелерін жасауға атсалысты. Картер есірткімен күресіп, сексуалдық азшылықтарды қолдады, сондай-ақ өлім жазасын қолдады (бірақ бұл әрекеттерін президент емес, губернатор болып тұрғанда жасады). 2002 жылы Картерге бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алды (бұдан бөлек, Картерде өзінің кітаптарының аудиосын жасағаны үшін берілген үш «Грэммиі» бар. Мұндай сыйлықтың Клинтонда да бірнешеуі бар). Нобель сыйлығын алған кездегі сөзінде Картер Лев Толстой жөнінде сөз еткен болатын. Енді жүз жасқа келген экс-президенттің өзіне Толстойдың: «Шал сізге жақсылықты насихат еткенін ұмытпаңыз» деп айтқымыз келеді.

Бірақ өзі жақсылықты ұдайы жасай бермегенімен, ол жөнінде шын жүректен айтқаны анық.

Джимми Картер Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған кезі. 2002 жыл 10 желтоқсан, Осло, Норвегия/Arne Knudsen/Getty Images

Көшірілді