Ақын әрі музыкант Ермен Анти Ержанов осыдан отыз жыл бұрын Ақтөбеде «Адаптация» тобының басын қосқан. «Адаптацияның» рух-күйі экзистенциал панк деген жарқын стильге сәйкес келеді әрі соның белді өкілдері болып саналады. Бірақ бұл бағытта өнер көрсететін басқа топтардан қарағанда «Адаптация» қалыптасып қана қоймай, андеграундтағы ең көп гастрөлдік сапарға шығатын топқа айналып, сонау түкпірден еуропалық деңгейге дейін көтеріліп, магнитиздаттың шеңберінде қалып қоймай, төл лейблдерін жарыққа шығарды. Бір кездері топ құрамында «Алиса» мен «ДДТ» тобының музыканттары болған деудің өзі неге тұрады.
Биыл 48 жастағы Ермен Антидің Германияда өлеңдері мен естеліктерінен тұратын екі кітабы бірден жарық көрді. Біз Nomad Punk кітабынан үзінділер жариялап, автормен бірге ел тарихына көшпелі панк көзқарасы тұрғысынан қарауға бейілдіміз.
«Біз ойнауға шыққанда залдың күй-ауаны корпоративтік кештерді еске түсірді, неге десеңіз бәрі бірін-бірі таниды, өздерін еркін ұстап, ішімдік ішіп, көңіл көтерді. Салиқалы аудиторияның алдында біз түйреуіштер қадалған, жолақ жыртық джинсы киген уыздай жас елден безген бұралқылар сияқты көріндік. Корней шашына ұрланған торттың кремін жағып, ирокез сияқты шаш үлгісін жасауға тырысып бақты. Алайда оның шашы Элвис Преслидің немесе рокабилли жанкүйерлерінің шашындай далдиып, тікірейіп кетті. Біз «Анархиядан» бастадық, әу дей бергенімізде-ақ залдағылардың мерекелік көңіл күйін бұзып, олардың бізге разы еместігін түсіндік. Екінші «Шошқаның еті» деген әнімізді айттық. «Мен — шошқа! Сен — шошқа! Ол — шошқа! Бiз — шошқалар!» деп құлақ тұндыра айғайладым мен микрофонға. Ал көз алдымызда енжар отырған көпшілік тарихи сәттің куәсі болып тұрғандарын, тұңғыш рет қазақ тілінде панк-рок тыңдағандарын ұққан жоқ».
— Қазақстанда саған дейін ешкімнің панк-рок жанрында ән салмағанына сенімдісің бе?
Негізі кезінде винил жинаушылардың бірі — 90-жылдары Қарағандыда «Алдар көсе және бауырсақтар» деген топ болғанын айтты. Олардың қырықбестік синглы Еуропадағы инди-лейблдардың бірінде жарық көрген екен. Бірақ бұл аспаптық сияқты. Қайткен күнде, мен өзімнің тұңғыш қазақ тіліндегі әнімді 1992 жылы жаздым.
Егор Летовтың сұхбаттарының бірінде әлемдік панк жинағында Филиппин мен Тайландтағы топтар да бар екенін оқығам. Мен Азияда панк бар екеніне таңғалдым, сосын дереу қазақша панк стилінде ән шығару керек деген шешімге келдім. Десе де мен орыстілді ортада тәрбиелендім, орыс мектебін бітірдім. Қазақша орыс тіліндегідей еркін жаза алмайтынымды түсіндім. Бірақ ауызекі қазақ тілін жақсы түсінемін, фильмдер көремін, отбасымда қазақша сөйлесеміз. Ақыр соңында мәселеге тұжырымдамалық тұрғыда табан тірейін дедім, біз шошқа еті туралы тақырыпты арқау етіп алдық. Әрине, мұнда өзінше бір экстремизм бар екені рас, мен қарабайыр мәтін жазып шықтым, бірақ діттегеніміз орындалды. Бұл әнді алғаш орындағанымызда адамдардың жаға ұстағаны рас. Алайда менің қазақ тілінде ән жазайын деген мақсатым болған жоқ, бір олқылықтың орнын толтырғым келді. Қанша дегенмен Филиппинде де, Тайландта да панк-рок бар, демек Қазақстанға да бір панк-роктың артық етпейтіні рас.
— Бірақ Филиппинді ғана алға тартып, тұтас тарихты сөз ету қиын. Ол жылдар тағы қайдан ақпарат алдыңдар?
Ақпарат жетіспеді. Тоқсаныншы жылдардың басында Ақтөбеде бірде-бір кітап дүкені қалған жоқ. Сосын біз кітапханалардан шықпайтын болдық, қайта құру жылдарында жарық көргеннің бәрін алып оқуға тырыстық, кейбірін ұрлап та алдық. Әлі есімде, Воннегуттың кеңес дәуірінде жарық көрген алты томдығын көзім шалып қалды, маған дейін ешкім бұл кітаптың бетін ашпапты, шаң қауып жатып қалған кітапты кеудеме басып алып кеттім. Мәскеуде Усовтың (Борис Усов-Белокуров — «Соломенные еноты» тобының көшбасшысы болған, 90-жылдардағы мәскеулік экзистенциал панктің есімі аталмайтын жол басшыларының бірі еді — ред.ескертпесі) үйіне тоқтағанымда оның үлкен кітапханасы болған, сол жерден келесі келгенге дейін бір кітап алып кететінмін. Музыканың да жай-күйі солай болды, егер біреу Мәскеуге баратын болса, Арбаттағы дүңгіршекке барсын деп біз оған топтардың тізімін беретінбіз. Барған адам бірнеше кассета алып келетін, ал қолында магнитофондары барлар ішіндегі әндерді жазып алу үшін кезекке тұратын. Қайта құру кезінде бұл жақсы еді, тіпті жартылай ресми баспасөздердің өздері сол кездегі сәнге мойын бұрып, рок музыка туралы қалам тербейтін. Мысалы, айына екі рет шығатын «Комсомольская жизнь» деген брошюра бар еді, онда «Мистер Твистердегі» Вадим Усманов ескі рок-н-ролл туралы айдар жүргізетін. Сондай-ақ онда Цой, «Вежливый отказ», «Аукцион» туралы жазатын, аккордтары бар мәтіндер шығатын. «Сельская молодежь», «Парус» сынды журналдар андеграундты жалпы қамтып жазатын, тіпті антикеңестік «Урлайттан» да материалдар алынып, қайта басылатын. Айтпақшы, «Урлайттың» соңғы саны 1991 жылы басылып шығып, Қазақстан билігі оны комсомолдық өнім деп тұтқынға алғанынан хабарың бар ма? Оны тіпті 90-жылдардың соңында Алматыдағы жергілікті дүкендерден емін-еркін сатып алуға болатын.
— Бірақ бұл жалпыодақтық басылымдар, ал төл журналдар болды ма? Мысалы, менің есімде «Простор» журналы қалыпты.
«Простор» жергілікті «роман-газет» іспетті әдеби журнал. «Караван» есімде, онда рок туралы жазатын, жергілікті алматылық «Горизонт» басылымы бар еді. Онда «ГО» туралы «Легендарный Егор» атты қызықты мақала жарық көріп тұратын. Кейінірек Летов туралы «Я не верю в анархию» атты жинақ кітапты дайындаған кезде жоғарыда аталған мақала болған жоқ. Сонымен қатар Алматыда айтулы меломан, ағартушы, Артемий Троицкийдің досы Евгений Бычков болды. 90-жылдары ол Pink Floyd атты керемет кітапты жарыққа шығарды, ол біздің «Союзпечать» дүңгіршектерінде сатылды. Ал 1994 жылы Кушнир мен Гурьевтің «Золотое подполье» атты кітабынан кейін самиздаттың қайта өрлеу дәуірі басталды, бұл аталған құбылыстың интернет келгенге дейін сәл қалған соңғы сап-сары күзі еді. Маған әртүрлі қалалардан сан түрлі сәлемдеме келіп жетті, «Кора дуба», «Окорок», «Прогулки раненых» сынды лайықты басылымдарға қолым жетті. Ақтөбеде жақсы самиздаттардың бірі — «Алға» журналы жариялап тұратын.
Кезекті «Бейшара Балалардың» реюньоны келесі ғасырда болды. 2000 жылдың 30 қыргүйегінде қаланың шетінде орналасқан мектептердің бірінің акт залында «Адаптация», «Бэлканов-бэнд» және «Бейшара Балалардың» тізе қосқан концерті өтті. Ол жылдары Ақтөбеде концерт өткізуге арналған ғимараттың жай-күйі мәз емес еді. Клубтар болған жоқ, біз үшін мәдениет үйлерінің есігі жабық болды, ал жергілікті баспасөздердің арқасында «Адаптация» атауы қала тұрғындары арасында шектен шыққан, тыңдауға болмайтын топты еске түсіретін. Сондықтан сахнасы мен музыкалық құрылғылары бар дәмханалардың басым көбі бізге жалға беруге бас тартты.
Ақыры біз мектеп, училище, институт сияқты оқу орындарын жағалап көрейік деп шештік. Достарымыздың бірі салиқалы кейіппен мектеп директорына кіріп, өзін «Белканов-бэнд вокалдық-аспаптық ансамблінің менеджері ретінде таныстырып, концерт ұйымдастыруға көмек сұрады. «Ансамбль не ойнайды?» деген сұраққа «арт және джаз-рок» деп жауап берді. Артынша көрермен жинаймыз, зал толады (200–300 адам), билеттен түскен жақсы пайдаға кенелесіздер деген уәдені аста-төк үйіп төгу басталады. Әдетте бұл сценарий іске асады, бірақ сайып келгенде концертке панк-роктың жүздеген жанкүйері жетіп келіп, тең жартысы билетсіз басып кіріп, кештің болмысына сай жосық танытатын. Басшылық жағасын ұстап, ұйымдастырушыларға енді ешқашан жоламайтындарын айтып, ант-су ішеді. Бірақ одан ешкім де жүрексінбейді, себебі бұл залға енді екінші рет аттап баспайтынымыз әу бастан белгілі еді.
Концертке бір-екі апта қалғанда «Бейшара Балалардың» басты хиті «Алдар Көсе» жазылды. Білмейтіндердің құлағына алтын сырға, «Алдар Көсе» — қазақ ертегісінің басты кейіпкерлерінің бірі, Рубин Гуд, Қожа Нәсреддин, Тиль Уленшпигельдің жергілікті баламасы, байларды сан соқтырып, кедейлерге қолғабыс етеді. Әннің шумағын бала кезімде әкемнен естіген санамақ ретінде жаздық, ал қайырмасы Алдар Көсенің атын атаудан тұрады.
Панк, дискотека және сканың тоғысуынан тұратын ырғақтар бұл әнді хитке айналдырды, ал «Адаптация» топ тарағанға дейін алдағы жиырма жыл бойы бұл әнді барлық өнер көрсеткен концерттерде шырқады.
— Қазақша панк болған жоқ делік, ал саған жергілікті музыка шабыт сыйлады ма?
«Дос-Мұқасан» тобы болған, ата-анамда пластинкасы болған еді. Бірақ шынымды айтсам ол кезде бағасына жетпеппін. Көп жылдардан кейін олардың әндерін қайта тыңдап отырып, топтағылардың The Doors пен психоделикалық рокты жақсы көргендерін түсіндім. Алайда топ комсомол-филармония ортасында өнер көрсеткендіктен, рок-н-ролл мен филармония арасында тепе-теңдік ұстап, ауытқып кетпеулеріне тура келді. Олар өздерінше жол тауып, аспаптық шығармаларда барынша көсілуге тырысты. Мысалы, «Бетпақ дала» керемет психоделика. Екі мыңыншы жылдары Еуропада «Дос-Мұқасанның» «Мелодия» пластинкаларының бағасы 700 еуроға дейін жетті. Ал мұнда өте үлкен тиражбен жарық көрді.
— Иә, бірақ «Дос-Мұқасан» ресми өнердің бет-бейнесі, одан басқа тәуелсіз топтар болды ма?
Біздің қала бұл тұрғыда иен далада қалғандай күй кешетін, біз бірден аға буынмен тайталастық. Олар The Beatles пен Pink Floyd-ты, Queen-ды сүйіп тыңдайтын, аға буынның бой түзейтіндері осы топтар еді. Олар той-томалақта өнер көрсететін, зауыттарға орналасып, комсомолмен араласты, репертуардың 70%-ы кеңес композиторларының әндерінен тұруға тиіс деген заңға бағынуға тырысты.
— 80–90 жылдардың тоғысында теориялық тұрғыдан алғанда «Мелодиядан» жарық көруге мүмкіндік болған еді.
Сол ұрпақтан бой көтерген бір топ расында «Мелодиядан» аз ғана тиражбен пластинкаларын шығарды. Бұл алматылық «Триумвират» тобы, олар ақылға қонбайтын ессіз арт-рок орындап, 90-жылдары Питерге жетті, тіпті рок-клубта өнер көрсетті. Алайда сол жылдары мұндай музыкамен көтерілу оңай болған жоқ. Мен бір қарт музыканттан: «Питерде сендердің «Аквариум», «Кино», «Зоопарк» сынды құрдастарың болғанын қалай білмедіңдер» деп сұрадым. Ол: «Иә, бірдеңелер құлағымызға жетті, кассеталары қолға тиді, бірақ битлды көбірек жақсы көрдік» деп жауап берді.
Ақтөбеде жаңа толқын мүлдем болған жоқ, бәрі арт немесе хард-рокта өнер көрсетті. Сондықтан біз пайда болғанда, бізді көбі көзіне ілмеді. Ән айтып, ойнай алмаймыз деп санады, біздегі минимализм мен немқұрайлылықты көпшілік қабылдаған жоқ. Бізді жергілікті рок-коммьюнити қабылдамағаннан кейін, өз ортамызды қалыптастырдық. Сол кезде Летов пен Манагер 1988 жылы Жалпысібірлік панк-клуб құрғандарын естідік, олардың клубты қалай құрғандарының байыбына жетпесек те, мұның керемет андеграунд екеніне сөзсіз иланған едік. Мен «Адаптацияның» басын қосқан үш айдан кейін «Группа имени гопника» атты жанама жобамызды іске қосып, панк-клуб құрамыз деп жарияладық. Ал 1994 жылы Ақтөбеде «Сасық» атты алғашқы қазақстандық панк-фестиваль ұйымдастырдық. Мәскеуге тұңғыш гастрөлдік сапармен келгенімізде, біз төрт адам болдық, бұл төрт топ деген сөз. Мен ән айттым, екіншісі барабанда ойнады, үшіншісі гитараны серік етті. Ешқандай бәсекелестік болған жоқ, бәрі бір-біріне әсер етіп, дауыс жазған кезде көмектесуге тырысты. Бұл сегіз-тоғыз жылға жалғасты, содан кейін құбылыстың қажыр-қайраты кеміп, семе бастады.
— Сендердің панк-клубтарыңнан бөлек сенің ойыңша басқа да қызықты топтар болды ма?
Алматыда «Альтернативная космонавтика» деген қуатты топ болды, біз олармен бірнеше рет өнер көрсеткенбіз. Бұл шоу элементтері бар, екі вокалистен тұратын орысша рок пен панктың қосындысы. Олардың жетекшісі Сергей Бугаёв 2000 жылдардың басында көз жұмды. Алматыда қызыққа толы ойын-сауық кеші болды, алғаш рет келгенімізде мұнда рок-зертхана бар екен. Келе сала үлкен фестивальде өнер көрсеттік. Онда «Оральный оргазм» деген панктер болды, бізді елітіп әкеткені рас. Мәтіндері қарабайыр, Жабайы Доңыз сияқты болса да (Андрей Панов, «Автоматические удовлетворители» тобының жетекшісі — ред.ескертпесі) Dead Kennedys іспетті ойнап, музыкант ретінде сөз жоқ батыс хардкорын танытты. Мен алғаш рет харкордты тікелей осы сахнада естідім.
«Punk Rock du Kazakhstan» компакт дискі Францияда 2004 жылдың мамыр айында шықты. Оған «Бейшара Балалардың» бес туындысы («Алдар көсе», «Жалғыздық», «Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесу», «Қотақты жеме», «Шошқаның етi») және оларды жаңа қырынан танытқан «Күй №1» аспаптық шығармасы енді. Күй — домбырада не қобызда орындалатын қазақтың дәстүрлі аспаптық шығармасы. Мен оны әуелі домбырада шығарып, сосын гитараға лайықтадым. Альбомды безендіруге досымыз, ақтөбелік суретші — Қуаныш Базарғалиевтың «Бойұсынбау» картинасын пайдаландық.
— Француздар сендердің пластинкаларыңды шығарғанда азиялық панкты таныту деген летовтық логиканы басшылыққа алған сыңайлы?
Иә, олар үшін қазақстандық экзотика маңызды болды, сондықтан бізге қазақша ән жазыңдар деп өтініш айтты. Біз топтап бөлуге тырыстық, яғни бірінші жағына «Адаптацияның» туындыларын, ал екінші жағына «Бейшара Балалар» жобасында болған кезде шығарған туындыларды енгіздік. Айтпақшы, мен жақында Бішкекте кезінде бізбен жұмыс істеген француздарды кездестірдім, олар қазір Қырғызстанда осы іспен айналысуда. Жақында Тулузда болғандарын, «Алдар Көсе» әнін студенттер радиосындағы басты хит екенін айтып, еске алатындардың әлі де барын әңгімелеп берді.
— Сенің жас кезіңде Ақтөбе қандай еді?
Кеңестік өндіріс қаласы, бізде үлкен ферроқорытпа зауыты болған, әлі де бар. 90-жылдары көптеген зауыттар жабылды, оларды сатып жіберді, бірақ бұл зауыт табанынан нық тұрды. Көбі сол жерге жұмысқа тұруды армандайтын, жақсы жалақы төлейді, бастысы уақытында, кешіктірмейді. Қаланың өзінде 300 мыңға жуық адам тұрады, педагогикалық, медициналық бағытты қамтитын бірнеше жоғары оқу орны бар, ұшқыштарға арналған азаматтық авиация училищесі де бар. Мұндай училище екеу ғана, біреуі — Ульяновскте, екіншісі — Ақтөбеде орналасқан.
Ақтөбеде қызық өнерпаздар бар еді, солардың бірі — Марат Бекеев. Ол Минскідегі көркемсурет училищесін бітіріп, Ақтөбеге келіп, мұнда алғашқылардың бірі болып авангардтық және сюрреалистік суреттер сала бастады. 1994 жылы Мәскеуде өзінің алғашқы көрмесін өткізіп, картиналарын сатқан еді. Сосын видеомагнитофон сатып алып, Антониони, Пазолини, Кеслевскийдің бір чемодан кассетасын алып келді. Ол кезде Марат жатақханада тұратын, бәріміз ол әкелген дүниелерді көру үшін оған қонаққа баратынбыз. Бірақ ол жылдары Ақтөбеде суретшіге күнкөріс қамы оңайға соққан жоқ. Жылына бірнеше рет банкирлерге картина сатуға болады, бірақ өрістеп, даму деген атымен болған жоқ. Сондықтан бәрі Алматыға жол тартты, әлі күнге дейін осында тұрады. Бұл қалаға көшіп келіп, орныққанның арқасында суретшілерге әлем аралап, өздерін танытуға мүмкіндік туды. Мысалы, біздің альбомда бейнеленген Мараттың «Өртенген дала» картинасы біздің релизден үш жыл өткен соң Gun’s’n’Roses Chinese Democracy пластинкасының буклетінде жарияланды. Олардың өкілі картинаны Бельгиядағы көрмеде көріп қалып, авторлық құқығын сатып алған екен.
«Ақтөбеде Sex Pistols, Clash, Damned сынды топтар төл мансабын бастаған Лондондағы Club 100 атауының баламасына сәйкес келетін Underground 100 атты қызық клуб болды. Бұрынғы жатақхананың екінші қабатындағы кең зал «Угольник» деген оғаш атауға ие ауданның шетінде орналасты. Кеңес заманында ол жерде әлдебір алакөлеңке күңгірт кеңсенің қызыл бұрышы бар еді, біз оны жасырын клубқа айналдырдық. Өзіміз сахна, грим бөлмесін, бар жасадық.
Underground 100 клубындағы өзінің алғашқы концертін «Адаптация» 2003 жылы өткізді, шатаспасам «За измену Родине» альбомының таныстырылымы өтті. Алдағы жылдары бұл жер жергілікті роктың концерт қоятын айнымас мекеніне айналды. Клуб толықтай автономды еді, ресми тіркелу, әкімші, басшылық, күзет дегендер болған жоқ. Жақын маңда Аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты орналасса да, бассыздық пен бүліктің Отаны таяқ тастам жерде болса да, полицейлер қауымы бізді аса мазалаған жоқ. Олар клубқа 2006 жылы «Суховей» фестивалінің екінші күні алғаш рет рейд жасаса да, ол нәтижесін берген жоқ, себебі қадірменді аудитория олар келгенге дейін із суытып үлгерген еді. Қаладағы қаңғыбастар, клубқа іргелес жатақхана тұрғындарымен сөзге келіп қалған кездеріміз болды. Төбелесіп те қалатынбыз. Бір-екі рет белгісіз біреулер клубты тонап та кетті, гитара мен аппараттың жартысын қолды етіпті».
— «Адаптация» отыз жыл бойы сайлаудан бастап көше атауларын ауыстыруға дейінгі маңызды тақырыптарды қозғаған солшыл топ болды. Қазақстанда 90-жылдары саған әсер еткен саяси қозғалыстар болды ма?
Жоқ, ондай болған жоқ, есімде қалғаны «Қазақстанның жұмысшы қозғалысы», ол рух тұрғысынан Анпиловтың «Трудовая Ресейіне» жақын келетін сияқты. Қазақстанның зюгановшыл Коммунистік партиясынан қарағанда, олар мейлінше радикал еді, бірақ 90-жылдардың соңында олардың күні бітті. Біреулері Ресейге кетті, кейбірі тіпті абақтыда отырып шықты. Ал Лимоновтың Ұлтшыл-большевиктер партиясы туралы мұндағылар былай білді: Жириновский 1993 жылы Мемлекеттік Думаға сайлауда жеңіске жеткенде, ол сайлау науқанын толықтай Қазақстанға және жеке Назарбаевқа деген өшпенділікке сай құрды. Ол «Нұрсұлтан Әбішұлы, бізге теннис ойнап, еуропалық мәдениеттің деңгейін көрсетудің қажеті жоқ» дегенде бәріміз теледидардың алдында есеңгіреп қалғанбыз.
Бұған жауап ретінде біздің Үкімет не істеді? «Союзпечать» «Лимонов против Жириновского» деген кітап шығарды. Оны үлкен мөлшерде алып келіп, әрбір дүңгіршекте сатты. Ал бұл әдеби тұрғыда Лимоновтың ең нашар кітабы саналады, мен оған дейін «Эдичка» мен «Иностранец в смутное время» кітаптарын оқыған едім.
Лимонов оңшылдар мен солшылдарды біріктіргісі келді, белгілі бір деңгейде ол қолынан келді. Біз Ресейді көп араладық, Ұлтшыл-большевиктік партияның ауыл-аймақта бізге арнап концерт қоятын, көбіне солшылдар, фэндер, «ГО» жанкүйерлері. Бірақ бір жағдай болды. Кезінде Смоленскіде ойнадық, бізді жергілікті «Карамазов драмс» тобы шақырды. Біз концертке бір сағат қалғанда келсек, орыс ұлтының күні туралы афишаны көзіміз шалады. Зал толы скиндер мен басбұзарлар. Олардың қазақ тобын қалай қарсы алатындары айдан анық, ал сахнаға шықпасақ, үркіп қалғандай боламыз. Нәтижесінде, жанкүйерлерімізге шаттық сыйлап, жергілікті ұлтшылдардың көңілін қалдырдық. Кейін еуропалық анархистер бұл концертке кедергі жасап, фашистермен әріптестік орнаттыңдар дегенге келтірді. Тіпті Еуропада жарық көруге тиіс дискіден әлденелерді алып тастады. Дәл осы концерт үшін «сендер ұлтшыл большевиктерді дайындап жатсыңдар» деген сыңайда Мәскеуден үлкен шағым түсті. Германияда бұған қатты қарайды, ал француздар біраз ой елегінен өткізеді. Біз жағдайды түсіндірген соң мәселенің түйіні шешіліп, пластинка жарық көрді, бірақ сұрақ қойғандары рас. Ал мен осы оқиғалардан кейін «Политкорректность» деген ән жазып, тым бас қатырғыш солшылдарды әнге қостым.
— 90-жылдардың басын қалай қарсы алдың?
КСРО халқының басым көбі үшін бұл күтпеген жағдай болды, бірақ бәрі күн көрістің қамымен күйбең тірлік кешті. Елде карточкалық жүйе болды, ал әрі қарай еш оңалмаймыз, жығылған үстіне жұдырық деген сезіммен өмір сүрдік. Бастысы, біз Югославиядан қарағанда Кеңестер құрамынан бейбіт шықтық деген аңқау наным болды. Бірақ қазір саралап қарасаң, Кеңес Одағының күйреуі өмір бойы қыр соңымыздан қалмайтын жаңғырықтың қалдықтары іспетті.
Ал 90-жылдар менің есімде шат-шадыман, үмітке толы уақыт болып қалды. Қазіргі ресейліктер ондайды түсінде де көрген жоқ. Горби 1987 жылы қолға алған демократизация курсы тағы жиырма жыл бойы серпінді түрде жалғасын тапты. КСРО құлаған үш аптадан кейін мен топты бір ортаға жинап, панк-рок жолымды бастадым.
«Ешкім жұмыс істеген жоқ, жас панктер отбасын құрып та үлгермеген еді, біреуі оқиды, біреуі оқуды тастап кеткелі қай заман. Жалпы бос уақытымызды шығармашалыққа арнадық: дайындық жасаймыз, концерттерге шығамыз, самиздат журнал жасадық, музыка тыңдап, көңілді күпті еткен 90-жылдардың желіне бетімізді тосып, жасырын романтикаға толы фильмдер көрдік. Ол жылдары Қазақстан халқы сансыз реформалардан кейін есін енді жинап жатқан еді, ал Ақтөбе үлкен қоқыс базарына айналды, нашақорлар саны жұмыссыздықпен қатар өссе, бізді «гитараға қажет құрылғыны қайдан табамыз?» немесе «Ник Кейвтің жаңа альбомын кімнен жазып алсақ болады?» деген сынды сұрақтар мазалайтын. Біз сол кезде-ақ халықтан соншалықты алшақ едік».
— Өткеніме көз жүгірте отырып, дұрыс емес уақытта, дұрыс емес жерде дүниеге келгенім үшін тағдырыма ризамын. Төтенше жағдайларда өмір сүріп, өнер жасау, өз ұстанымыңнан ауытқымау, сән мен саяси конъюнктураның жетегінде кетпеу — мұның бәрі 90-жылдар берген тәжірибе.
«1984 жылдың басты боевигі 2016 жылы Ақтөбеде «дәстүрлі емес исламды ұстанушылар» жасаған лаңкестік әрекеттен кейін жазылған», – дейді қазақстандық БАҚ. Лаңкестік әрекет бірнеше сағатқа жалғасып, радикалдар екі қару-жарақ дүкені мен Ұлттық Ұланның әскери бөліміне шабуыл жасады. Қалада лаңкестік қауіптің қызыл деңгейі енгізіліп, бір апта бойы арнайы жасақ жиһадшыларды ұстады. Он сегіз содыр қаза тауып, оны өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Бұл Ақтөбедегі алғашқы лаңкестік оқиға емес, 2011 жылы да осындай оқиға болған еді. Радикалды ислам Қазақстан үшін өзекті мәселе және оның ең әуелі әлеуметтік және экономикалық себебі бар. «Ар-ождан бостандығының перзенттері үкіметті бөлшектеп жатыр», әсіресе, қаланың үстінен тікұшақтар шыр көбелек ұшып, аудандар қоршауға алынып, полиция сиреналарының айналаны дүрліктірген дыбысы өмір салтына айналған сол күні, бұл сөз шындық пердесін серпіп тастады.
— «Адаптацияға» 30 жыл толса да, сен әлі күнге жас музыканың үдесінен шығып жүрсің. Ізбасарларың әлде шәкірттерің бар ма?
Шынымды айтсам, байқамаған екем, бірақ бар деп айтады. Біреулер кавер жазып жатады, мен оған тыйым салмаймын, ақша да сұрамаймын. Біз өз жолымызды бастағанда әлі дүниеге келмеген адамдар енді біздің концерттерімізге келеді, бұл жақсылықтың белгісі. Демек біз әлі де сұранысқа иеміз деген сөз. Ал концертте кәрі-құртаңдар ғана қалса, панк-роктың нүктесін қоятын кез келді деген сөз. Қазіргі жас топтар жаман емес, бірақ оларда бәрі басқаша. Бізде идея көп еді. Мен концерт үшін алғашқы қомақты ақшаны топ қалыптасқан он жылдан кейін бір-ақ алдым, ал оған дейін жол үшін, тамақ үшін, жатын орын үшін өнер көрсететінбіз. Гонорар туралы ешкім жақ ашпайтын. Ал қазіргі топтар ең әуелі ақша мәселесін алға шығарады. Мүмкін бұл дұрыс та шығар. Себебі ағылшын панк-революциясы кезінде адамдар концерт пен пластинкалар үшін ақы алған. Біз — Летовтың шекпенінен шыққандар үшін басты мақсат эстраданың бір бөлігі болмау еді. Сондықтан мен үнемі сұхбат беруден, радиоэфирлерден бас тарттым, ресми БАҚ-пен байланысқа шықпадым. Кейде қате істедім бе деп қоямын, себебі біздің орнымызды «Король мен шут» пен «Наше радионың өкілдері» басты, ол орында біз болар едік қой (күледі).
— Сен «Маяк над соломенным городом» деген әніңде шырқаған Заречная көшесінде әлі тұрасың ба?
Жоқ, мен ол жақтан 2000 жылдары көшіп кеткенмін, кейін ол көшенің атауы өзгерді. Қазір ол Ғазиза Жұбанова көшесі деп аталады.