ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ДӘСТҮР

Қазақта қонағын күтпегенді қалай жазалаған?

~ 6 мин оқу

Поль Лаббе. Киіз үй маңындағы қазақтар, 19-ғасыр / Bibliothèque nationale de France / Gallica

Салт-дәстүр түрлі жағдайда трансформациядан өтіп, сан өзгеріске түсіп жататыны бар. Бірақ ұлттың тарихи жадында берік орныққан әдеп пен әдет, өзара қарым-қатынас пен дәстүр сабақтастығы қайта талқыға түскенде, түрлі көзқарас туындайтыны жасырын емес. Алайда қарапайым амандасу әдебінен бастап ұлттық болмыс-бітім мен ерекшелікті айқын аңғартатын қонақжайлық дәстүрінде нендей өзгерістер болды, нені ұмыт қалдырдық? Тіпті әкесі бар адам неге қауғадай сақал қоймайтынын, оның түпкі себебі неде екенін білеміз бе? Белгілі этнограф Досымбек Қатыран Qalam-ға берген сұхбатында біреуге ескі, әлдекімге таңсық көрінетін бұрынғы тұрмыс-тіршілік пен салт-дәстүріміздің тереңіне үңіліп, шынайы мән-мағынасын түсіндіріп көрді.

Досымбек Қатыран / Qalam

Амандасу әдебі

Қазақта амандасудың ежелден өзіне тән әдеті, әдебі бар. Бұрын бір-бірін көптен бері көрмегендер айқара құшақтасып амандасқан. Керісінше, күнде көрісіп жүрген жандар аман-саулық сұрасудан әрі аспай, қол беріп амандаса бермейтін. Ал 14–15-ғасырдан бастап ислам діні қазақ қоғамында нық орныққан соң, бір-біріне «ассалаумағалейкум» деп айту кеңінен тарады. Сонымен бірге «армысыз», «аман-есенсіз бе» деген секілді әртүрлі нұсқадағы амандасу белгілері болатын.

Әлбетте, амандасудың өңірлік ерекшеліктері де бар. Мысалы, 18-ғасырдағы саяхатшы Джон Касл сызған суреттер сөзімізге дәлел бола алады. Ол — қазақтың батыс өңірін аралаған адам. Соның атақты бір суретінен құшақтасып амандасып тұрған екі ер адамды көреміз. Жандарында тізесін бүгіп, иіліп сәлем беріп жатқан әйел бар. Байыптап қарасаңыз, батыс аймақта қытай-жапон халқы секілді еңкейіп амандасу көбірек байқалады.

Джон Касл. Қазақтардың амандасуы. «1736 жылы Орынбордан Қырғыз-қайсақ ордасының ханы Әбілқайырдың ордасына жасалған сапар күнделігі»

Амандасудың түрлі мәртебелік мәні де бар. Ханның алдында ер адам «алдияр, тақсыр» деп иіліп тәжім етіп, көзіне тура қарамай, жүзін төмен салып тұратын болған. Ал аттылы және жаяу кісінің бір-бірімен сәлемдесуінде терең мағына жатыр. Егер екеуі жолыға қалса, қалыптасқан әдет бойынша қанша жерден дәрежесі жоғары әрі жасы үлкен кісі болсын, жаяудың алдында атынан түсіп амандасқан. Бұл жерден біз әлеуметтік теңдікті көреміз. Аттылы адам атқа міндім екен деп шіренбеу қажет. Сонымен қатар қазақта «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген сөз қалған. Бұдан алыстан ат арытып келген баланың құрметі өте жоғары болғанын аңғарамыз.

Жаңа жыл мерекесiндегі сейіл салу. 1865–1872 жылдар аралығы / Library of Congress

Тіпті үйге түскен қонақ та баса-көктеп кірмейді. Киіз үйдің сыртынан жылқының кісінегені, қойдың маңырағаны, қазан-ошақ басындағы ыдыс-аяқ сылдыры — бәрі естіліп тұрады емес пе. Сонда үйге жақындаған қонақ атынан түспей тұрып «Кім бар?» деп дауыстайтын. Оны естіген үй иесі тысқа шығып, атының жүгенінен ұстап, қолтықтап түсіреді. Сосын барып үйге бастап кіргізеді. Үйде үлкен кісі болса, қонақ солармен есендесіп, мал-жаннан бастап бәрінің амандығын сұрайды. Яғни сүт пісірім уақыт аралығында барлығын түгендеп шығады деуге болады. Ең бастысы, амандасу киіз үйдің сыртынан басталатынын ұмытпаған жөн.

Қазақ әйелі қалай амандасқан?

Қазақ салтында әйелдер өзара және ер адаммен амандасқанда «ассалаумағалейкум» деп айтпаған. Бірақ кейінгі кездері олардың арасынан оқта-текте «ассалаумағалейкум» деп амандасатынын көріп қалып жүрміз. Әрине, көршілес түркі тектес халықтар — өзбектер мен түрікмендерде әйелдер бір-біріне «ассалаумағалейкум» деп айта береді. Бұл көрініс дәстүрімізге томпақтау келеді.

Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковезд. Түркістандағы сарт әйелдері, 1877–1880 / Bibliothèque nationale de France / Gallica

Келіннің үлкендерге сәлем салатынын бәріміз білеміз. Әлі күнге дейін сақталған. Алайда келіннің сәлем салмайтын кезі де бар. Расында, қандай жағдайда сәлем салмайды деген сұрақ туындайтыны анық. Мысалы, күйеуі қайтыс болғанда сәлем салуды тоқтатады. Қазақта аза тұту деген бар ғой. Соған сай туған дәстүр деп айтуға болады. Кезіндегі араб саяхатшыларының айтуынша, бұл екі жылға дейін созылған екен. Басқа да деректерде солай келтіріледі. Кейін бұл бір жылға дейін қысқарған. Осы аралықта жесір қалған әйел сәлем салмайды. Тек күйеуінің жылдық асы өткеннен кейін ғана сол ауылдың қатардағы келіні ретінде сәлем салуды жалғастыра береді.

Ер адам үй шаруасына араласқан ба?

Әйелдерге үйдің ұсақ-түйек шаруасынан бастап бәрі жүктелетін. Киіз үйді жығып, тігудің өзі әйелдердің, бала-шағаның мойнында болатын. Тек шаңырақты ерлер көтеріп береді, ал уық шаншудан бастап қалған жұмыстың бәрін әйелдер атқаратын. Күнделікті қазан-ошақтың жұмысы айтпаса да түсінікті. Тіпті қонақ келгенде ері үйде болмаса, оны атынан түсіріп, атын байлайтын да әйелдер. Бұдан өзге атқаратын жұмыстар жетіп артылады.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Киіз үй құрып жатқан әйелдер. 19-ғасыр / Bibliothèque nationale de France / Gallica

Ерлер түз адамы деп есептелетін. Мал қамын ойлап, қайда көшіп-қонады, соған бас қатыру керек дегендей. Бірақ бәрі бірдей түбегейлі үй шаруасына араласпайды десек қателесеміз. Бірлі-жарым ондай іске араласатындары да бар. Баласы жас немесе ұрпақсыз болуы мүмкін. Өмір болғасын түрлі жағдай кезігеді. Әлгі ауыз әдебиетінде атағы шыққан батырдың (Толыбай батыр) қонақтар сау етіп келгенде үй шаруасын атқарып жатқаны соған мысал бола алады. Сондықтан біржақты кесіп айту қиын. Ал үлкен ас берілгенде қазан-ошаққа ерлер жауапты болатын. Сөйтіп, ет асу, табақ тарту, оны үйді-үйге тарату секілді міндеттер түгел ер адамға көшетін.

Қандай жағдайда қонақ күтпеген?

Ислам шартына сай, үйде ер адам жоқ кезде қонақ түспейді деп жатамыз. Қазақ халқы бұған кеңдікпен қарап, қатып қалған ереже деп санамайды. Мәселен, ері жоқ іздеп, 2–3 күнге жол жүріп кетуі мүмкін. Соған қарамастан әйелі қонағын үйіне кіргізіп, сусынын береді, жөн-жоралғысымен күтеді. Егер ұл бала пышақ ұстауға жараса, оны қолына беріп, шешесі сыртынан ұстап тұрып мал бауыздайтын болған. Көрдіңіз бе, қазақ мұндайға кең мағынада қараған. Ал қонағын дұрыс күтпегендер дала заңына сәйкес жазаланатын. Ондай қонақтың билер сотына жүгініп, шағымдануға хақысы болған. Тіпті қонағына қырын қарағандарға ат-шапан айып кесетін. Бірақ қонақ күту ас-су берумен шектелмейтін. Оның астындағы атына да жем-шөп салып, отқа қоятын.

Қазақтардың ас ішуі. 1865–1872 жылдар аралығы / Library of Congress

Бірақ қонақ күтпейтін кез де болады. Мұны қазақ арнайы белгі арқылы білдірген. Мұндай белгілер қазақ қоғамында ерекше рөл атқаратын. Егер киіз үйдің қонақ келер жағына ұзыннан арқан тартып қойса — үйге түсуге болмайды деген сөз. Оның себебі көп: жұқпалы ауру тараған болуы мүмкін, бәлкім, үйде науқас кісі бар шығар, әйтеуір соның бәрін арқан арқылы көрсетеді. Оны байқаған қонақ айналып кетеді. Ал қара тігілген үйге соқпай өтпейді. Себебі әрбір жүргіншінің дұғасы қабыл болады деген түсінік бар.

Жыртыс, құрақ кеудеше және иткөйлек

Көшпелілердің өмір салтында мата өте қымбат болатын. Өйткені мата өндірмейді, бәрі саудагердің қолында. Сауда-саттықтың сыры белгілі, ойына келген бағасын қояды. Матаның қымбат болғаны сонша — әлі күнге дейін құдалықта кит бергенде мата қосу содан қалған. Бұл ежелден келе жатқан салтымызға айналып, бір кезде оның қасқалдақтың қанындай қат әрі қымбат болғанын айғақтап тұр. Тіпті қазақтың күнделікті тіршілігінде киімді жамап кие беретін. Ауқатты кісілердің өзі киіміне жақсы матадан жамау жапсырып алатын. Оның ешқандай сөкеттігі болмаған. Ал жерлеу кезінде жыртыс тарату сол матаның қымбаттығымен астасып жатқанын көбіміз біле бермейміз. Кезінде бұл тек әйелдерге тән нәрсе еді, қазір жаппай қолданысқа еніп кетті. Біле білсек, бұрын жыртыс дегеніміз қадеге жарайтындай көлемді болған. Әсіресе ұзақ жасаған, елге сыйлы кісінің жаназасында таратылған жыртыстарды жинап, балаға арнап құрақ кеудеше, кейде құрақ көрпе тігетін. Бұл бір жағынан жоқшылық сияқты көрінгенімен, мән-мағынасы тым тереңде жатыр.

Сәукеле киген қалыңдық, Жетісу облысы. 19-ғасыр / Alamy

Құрақ кеудеше демекші, қазір қазақ дәстүріндегі балаға қатысты иткөйлек дегенді де ұмытып барамыз. Кейде мұны итжейде деп айтатындар бар. Аты айтып тұрғандай, барлығы итпен байланысып тұр. Қазақ ұғымында ит дегеніміз өсіп-өнудің, көбеюдің символы еді. Яғни бала қырқынан шыққанша киетін киімін иткөйлек деп атаған. Тігісі сыртына қаратылып, пішіп тігіледі. Қырқынан шығарғанда шашын, тырнағын алған соң, иткөйлекке түрлі тәтті дәм орап, иттің мойнына байлайды. Балалар итті қуалап жүріп ұстап, сол тәттілерді алады. Егер бала көтере алмай жүрген келіншек болса, балаларға одан да көбірек тәттілерін ұсынып, ана иткөйлекті ырымдап алып қалатын болған.

Киіз үйдегі қазақ отбасы. 1865–1872 жылдар аралығы / Library of Congress

Әкесі бар жігіт сақал қоймаған

Қазақтың отбасылық иерархиясындағы ең басты кісі — ер адам. Оның бірнеше баласы болса да, отбасыны сол басқарады. Кенже ұлын қара шаңырақ иесі ретінде қалдырып, үлкендеріне еншісін беріп, жеке отау етіп бөлек шығарды. Бұл көшпелі өмір күшіне мінген дәуірден, біздің заманымыздың 2–3-ғасырларынан басталып, беріге дейін жалғасын тапты. Алайда қазақ дәстүрінде әкесі бар адам сақал қоймаған. Себебі ерлердің сақал-мұрт қоюына қатысты қалыптасқан ережені сақтаған. Әуелі ержеткен соң мұрт қоюына болады. Сосын баласын үйлендірген соң сақал қоюына болады, бірақ әкесі тірі кезінде сақалы оныкінен ұзын болмауы тиіс. Қазақы өлшеммен алсақ, сақалдың ұзындығы бір тұтам болады, яғни төрт еліден ұзын болмаған. Көптеген тарихи фотоға қарасақ, әкесі мен баласы қатар тұрады: әкесінің сақалы ұзындау, ұлынікі қысқалау екенін көреміз.

Бұл — этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыранның қазақтың ұмытылған салт-дәстүрі турасында айтқан сұхбатының бір бөлігі. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан көре аласыздар.

Көшірілді