ТАМПЛИЕР ЖӨНІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ ДЕРЕКТЕР

Монахтар, рыцарлар, бақсылар, банкирлер мен содомиттер

ТАМПЛИЕР ЖӨНІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ ДЕРЕКТЕР

Готфрид Бульонскийді Иерусалимде жерлеу рәсімі (1100). 1838 жыл/Art Images via Getty Images

Америкалық жазушы Дэн Браунның арқасында тамплиер рыцарлары 21 ғасырдың поп-мәдениетінен нықтап тұрып орын алды. Дегенмен бұған дейін де магиялық жоралғылар мен құпия таңбаларға ие көптеген жасырын қауымдастықтар мен масондық ложалар бастауын тамплиерден тарқатып жүрді. Тамплиер тарихына қатысты қай тұжырым жалған, қайсысы рас екенін профессор Ирина Варьяштың мақаласынан оқуға болады.

Мазмұн

Рыцар-монахтардың ордені 12 ғасырда кресшілер жаулап алған Иерусалимде құрылды. Тамплиер рыцарлары қысқа уақыттың ішінде қисапсыз байлыққа қол жеткізіп, трансұлттық банкке тең ұйымға айналды. Алайда 1307 жылы француз королі IV Әдемі Филипптің (12851314 жж.) бұйрығымен тамплиерге түрлі қылмыс бойынша айып тағылып, іс қозғалды. Аяқ-асты ұсталып, қапаста түрлі қысымға ұшыраған бауырластық мүшелерінің көпшілігі, оның ішінде ұлы магистр Жак де Моле де бар, азаптан құтылу үшін кінәларын мойындады. Кейінірек бауырластық мүшелері қысымда болғандықтан, амалсыз жалған айыптарды мойындағанын айтып, сөздерінен бас тартты. Алайда француздық монархтың қолымен басталған сот істерін тоқтату мүмкін емес еді. Оның үстіне, 1312 жылы Филипп, Рим папасы V Клименттің қасиетті жауынгер-бауырлар орденін тарату жөнінде, көптен күткен декретіне қол жеткізді.

Тамплиерлерді өлім жазасына кесу. Джованни Боккаччоның «Декамерон» қолжазбасынан, 15 ғасыр / Getty Images

Тамплиерлерді өлім жазасына кесу. Джованни Боккаччоның «Декамерон» қолжазбасынан, 15 ғасыр / Getty Images

Жүздеген тамплиер жазаға тартылды, ал 1314 жылы ұлы магистрiяғни орденнің басшысы Жак де Моле мен приор Нормандин Жофруа де Шарне Париждің орталығында отқа жағылып, өлім құшты. Аңыз бойынша, отқа оранған бағанға байланған Жак де Моле король мен папаны қарғаған көрінеді. Папа Климент магистрдің жазасынан кейін бір ай өткенде қайтыс болса, артынша жеті айдан кейін Әдемі Филипп көз жұмып, 14 жыл ішінде оның 3 баласы ұрпақ сүймей өмірден өткен. Осылайша Капетинг әулетінің тұқымы құрыды. Тамплиердің аңызға айналған қарғысы, француз жазушысы Морис Дрюонға Капетинг әулетінің ақыры жөнінде тарихи романдар (Қарғыс атқан корольдер) сериясын жазуға таптырмас тақырып болды.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1119 жылдың аяғында Иерусалимде қайрымды Гюго де Пейн бастаған сегіз бе, тоғыз ба француз крест рыцары, Қасиетті жерге құлшылық етуге келгендерді өле-өлгенше қорғап өтуге ант етті. Аталған оқиғалар Крест жорығы дәуірінің бастапқы кезеңінде, еуропалықтар Таяу Шығыстағы жағалауға жақын жерлерді жаулап алғанда орын алды. Осы аймаққа Еуропадан келген христиан-қажылары, тұрақты түрде мұсылмандардың шабуылына ұшырап, қатты зардап шекті. Рыцарлар Иерусалим корольі II Балдуиннің (11181131 жж.) алқауында болды. Өз кезегінде Иерусалим королі оларға өз сарайының бір бұрышынан орын бөліп берді. Ол мекеме Сүлейменiіс жүзінде, олар әл-Ақса мешітіне ие болды храмының орнында орналасқан еді. Осы храмға байланысты рыцарлар храмшылар немесе тамплиерiлатын тіліненде Templum — храм деген мағына береді деген атауға ие болды. Дейтұрғанмен бауырластық мүшелері өздерін Мәсіхтің кедей рыцарларымыз деп атаған.

Иерусалим корольі II Балдуин басып алынған әл-Ақса мешітін бас пункті ретінде пайдалану үшін Гуго де Пейн мен Годфридің иелігіне беруде/Wikimedia Commons

Иерусалим корольі II Балдуин басып алынған әл-Ақса мешітін бас пункті ретінде пайдалану үшін Гуго де Пейн мен Годфридің иелігіне беруде/Wikimedia Commons

Батыс Еуропаның көп қаласының жер-су атауларында, қазіргі күнге дейін храмшыларға нұсқайтын деректер сақталып қалған. Берлиндегі ескі әуежай орналасқан Темпльхов ауданы (тікелей аударар болсақ «Храм алаңы»). Лондонда Темпл. Бірақ ең атақты көше, алаң, метро бекеттері мен базар атаулары Парижде сақталып қалса керек (бәрі «Тампль» деп аталады). Бір кездері мұнда, бертін келе түрмеге айналған тамплиердің қамалы болған. Ұлы Француз революциясы кезінде Тампльде, Әдемі Филипптің ұрпағы, француз королінің отбасы жайғасты. Алдымен XVI Людовик, сосын оның жұбайы Мария Антуанетта дәл осы Тампль қамалынан гильотинаға жөнелтілген болатын.iБұл жерде Елде монархия (уақытша) жойылып, онымен бірге король XVI Людовик (1774–1791) пен оның әйелі Мари Антуеннет (1774–1792) өлім жазасына кесілген 1789 жылғы Ұлы Француз революциясының оқиғалары туралы Осылайша тамплиер ордені магистрінің қарғысы жөніндегі аңыз заңды түрде бүкіл француз монархиясына тарады.

Тамплиер бейнесі (қасиетті парызын өтеу жолында отбасын құрмаған, мистикалық білімге қол жеткізген және кінәсіз жазаға тартылған қатал жауынгер) қазіргі уақытта да, орта ғасырдағы Еуропа жұртындағы ең құдіретті орденді, шын мәнінде не күйретті деген сауал тудырмай қоймайды. Тамплиердің соңынан түскен қарсыластары рыцарлар ібіліске қызмет етті деп айыптаған және осындай жағымсыз бейненің алғашқысы ешкі басты ібіліс болған.

БАФОМЕТ

1307 жылы Парижде тамплиерге тағылған, қаралаушы деректерде, аталған ібілістің есімі Бафомет делінген. Қатты қысымға ұшыраған бауырластық мүшелері, орден ішінде құпия жоралғылар жасалғанын мойындаған. Сот қағаздарында, тамплиер қасиетті айқышқа түкіріп, шайтанға немесе Бафомет ібіліске табынған құпия жиындар өткізгені жөнінде жазылып, сақталған. Орден мүшелерінің қолында, Құдайға қарсы жоралғылары барысында табынған идолдар болған-мыс. Айып тағушылардың жасампаздығы арқасында Бафомет, расымен, атақты бейнеге айналды (шынтуайтында, бұл бейне храмшылар қаза болған соң бірнеше ғасырдан кейін, оккульттық ғылымдар мен Жаңа заманның эзотерикасында мәшһүр болды). 19 ғасырда Бафометтің антропоморфты бейнесін ешкінің басы, тұяқ және қанаттармен, әйелдік және еркектік атрибуттармен толықтыра түсті (әрі ол әйелдік және еркектік бастаудың тепе-теңдігінің, даналықтың аллегориялық символына айналды).

Абраксас бейнеленген тамплиерлер магистрі Гильом де Шартрдың мөрі, 1214 жыл

Абраксас бейнеленген тамплиерлер магистрі Гильом де Шартрдың мөрі, 1214 жыл

Мәсіхтің кедей бауырларының, шын мәнінде, ібіліске ешқандай да қатысы болмаса керек. Кейбір тарихшылар тіптен Бафомет атауының өзі арабтың «abufihamat», «Түсіністік әкесі» немесе «Даналықтың әкесі» деген ұғымын жаңылысып алған деген шындыққа жанасатын нұсқаны алға тартады. Тамплиердің араб сөздерін алғаны, таңғаларлық оқиға емес. Өйткені олар Шығыста мұсылмандармен қатарласып ұзақ уақыт тұрды және оларға үлкен төзіммен қарап, сый-құрмет танытуды үйренді. Ішкі сенімдері берік болғандықтан, олар өзге дін өкілдерін саяси тұрғыдан немесе тұрмыстық деңгейде қорлау мағынасыз іс екенін ұқты. Айталық, араб әскербасы, жазушы әрі дипломат Усам Ибн Мункыздың айтуынша, тамплиерлермен етене жақын араласып, дос болғаны соншалық, олардың үйіне кіріп, намазын оқи берген.

Дегенмен жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Іс жүзінде, тарихшылардың қолында тамплиерлердің идолдарды немесе Бафометке қатысты символикалық заттарды пайдаланғанын айғақтайтын ешқандай да дерек жоқ. Бірақ оларды түбегейлі жоққа шығаратын да сенімді ақпар табылмай отыр. Дегенмен өте оғаш дүниелер бар. Мәселен, 1214 жылы тамплиерлердің магистрі Гильом де Шартр орденннің француздық жарлығына Абраксастың бейнесі басылған жұмбақ мөрді бекіткен. Бұл бейнесі антикалық кезеңде (б.д. 2 ғасырда) тұмарларда салынған, гностикалықiГностицизм — Құдай туралы білім туралы ілімдер жинағы. Гностикалық мәтіндер б.д. 1 ғасырында ерте христиандар арасында тараған. Секталардың арқасында бойтұмар ретінде таралған, ілкіден бері келе жатқан мистикалық мақұлық. Абраксас, әдетте эклектикалық бейнеге ие болған: әтештің басы, антропоморфты дене, жылан тәріздес аяқ пен құйрық. Ол 365 саланың билеушісі және «Көзге көрінбейтін Ұлы Рухтың қасиетті кітабы» немесе Мысырдан келген гректердің магиялық папирусы сынды гностикалық мәтіндерден бастау алған Ұлы Архонтты бейнелейді. Абраксас жайында тұтастай бір трактат жазып шығуға болады. Дейтұрғанмен төменде айтылатын деректермен ғана шектелейік: оның тұлғасы орта ғасырға көне даналықтан, алдымен, құдайдың құдіретін рухани тұрғыдан тануға ден қойған таяушығыстық дәстүрден тамыр тартқан магиялық және теургиялық тәжірибелермен байланысты. Осы тұста Абраксас есімі тамплиерлерге тағылған айыптардың ешбірінде аталмағаны қызықты көрінеді.

Демон Бафомет/Getty Images

Демон Бафомет/Getty Images

Храмшылардың түп-тамыры Шығыстан тараған, рухани бауырластық болғанын түсінген жөн. Монахтық өзге ордендер сынды олардың да өзіндік қасиетті жоралғылары болып, мистикаға арбалғаны анық. Сонымен қатар олар шығыстық эзотерика, сопылық пен антикалық даналықтан хабардар болуы мүмкін.

19 ғасырда Абраксас осылай бейнеленген/Wikimedia Commons

19 ғасырда Абраксас осылай бейнеленген/Wikimedia Commons

Орденге кіргісі келген кез келген рыцар монахтың үш антын қабылдауға міндеттелді: үйленбеу, қара басының қамын ғана ойламау және мойынсұну. Ант еткен рыцар жауынгер-монахқа айналу үшін, анық-қанығы бізге белгісіз айрықша жоралғыдан өтті. Сондай-ақ ордендегі қатаң иерархиялық жүйенің де жай-жапсары бұлыңғыр. Ант беруші рыцардың Құдайдың атынан өз парызын орындап, үлкен бауырлары мен Ұлы магистрге бағынып, мінез-құлықтың қатаң кодексіне сүйенуіне тура келді. Орденде мессия, әскери парызымен байланысты, мәселен, ұрыс алдындағы дұға ету мен бата алу сынды айрықша жоралғылар қалыпты тәжірибе болды. Сонымен қатар тамплиер ордені өз мүшелерінен бауырластықтың құпиясын қатаң сақтауын талап етті. Осы бір құпиялық храмшылар жөніндегі түрлі өсек-аяңдарды тудырды.

Орденге мүшелікке қабылдау кезінде және басқа да құпия жоралғылар барысында тамплиер, өздері тауып алып, сақтап жүрген қасиетті Граальді (Құпия кештегі соңғы асында Мәсіхтің өзі су ішті делінетін және Иосиф АримофейскийiҚабірінде Иса Мәсіх жерленген еврей ақсақалы; барлық төрт евангелист Исаны жерлеу туралы әңгімесінде айтылады. креске қағылған Иса мәсіхтің жарасынан тамған қанын құйып алған ыдыс) пайдаланған деген де қауесет тараған. Грааль барлық күнәдан арылтып, мәңгілік өмір дарытады деген сенім болған. Орта ғасырлық тобырлық түсінік бойынша, Қасиетті ыдысты тек көкірек көзі ашық, жүрегі ақ адамдар ғана көре алған. Қазірде тамплиердің ыдысы және Грааль осы деп айтылып жүрген онға жуық ыдыс бар. Бірақ олардың ешбірінің нақты иланар дәлелі жоқ.

Дж. Беллини. Құтқарушының қаны. 1460-1465/Wikimedia Commons

Дж. Беллини. Құтқарушының қаны. 1460-1465/Wikimedia Commons

Орденнің жоғарыда сөз еткен ерекшеліктерінің бәрі де (жекелей алып қарастырсақ та) Орта ғасыр үшін таңсық болған дүниелер емес. Алайда храмшылардың жағдайында монахтық антқа берік болу, орденнің қатаң ішкі ережелерін сақтау, бөтендердің іліміне ашық болу және Шығыстағы әскери-саяси іске маңыз беруі жұрттың санасында құпия ұйым ретінде орнығуына түрткі болды. Орденнің билік мүшелерінің тақуалығы, ақылы мен кең тараған әкімшілік әрекеттерінің арқасында орнағанымен, жұрт оларды тысқары күштердің араласуымен (айталық, Қасиетті Грааль немесе Бафомет ібілістің көмегенімен) құдіретке жетті деп санаған.

АШКӨЗДІК

Рыцарларға таңылған тағы бір ібіліс қасқыр бейнесінде болды. Тамплиердің күйрегеніне куә болған замандасы Данте Алигьери өзінің «Құдіретті комедия» туындысында, орта ғасырдағы адам үшін ең қатерлі күнә саналған ашкөздікті дәл осылай суреттеді.

1119 жылы Гюго де Пейн мен оның үзеңгілес жолдастары құдіретті құпия қауымдастықты құру жөнінде ойламады. Олар бар болғаны, Еуропадан таяуда ғана кресшілер мұсылмандардан тартып алған Иерусалимдегі Иса Мәсіхтің қасиетті храмына тәу етуге келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты. Сирия мен Палестина жеріне орныққан кресшілер Еуропадан Үндістан мен Қытайға бастар сауда жолының қалтарысында қалды. Сондықтан жолдар мен сауда келісімдерінің қауіпсіздігін тамплиер рыцарлары өз мойнына алды.

Иерусалим қорғанына жақындаған тамплиерлер. 14 ғасырдың миниатюрасы/Getty Images

Иерусалим қорғанына жақындаған тамплиерлер. 14 ғасырдың миниатюрасы/Getty Images

II Балдуин өз сарайынан кедей бауырларға пана мен күн көріс үшін жер телімдерін бөліп бергенде, ол тек Құдай немесе тәу етуге келген жандарды ойлаған жоқ. Ол адал жауынгерлерді басып алған жерлерде жақсы өмірді орнату үшін пайдалана алатынын білді. Храмшылар тәу етуге келгендерді қарақшылар мен ұрлықшылардан қорғап қана қоймай, сонымен қатар кресшілердің барлық жорықтарына белсенді түрде қатысты, қамалдар тұрғызды, жаулармен бейбіт келісімдерді жүргізді және ара-тұра құпия тапсырмаларды да орындады. Олар қысқа уақытта Таяу Шығыстағы христиан элитасының маңызды тірегіне айналды.

Бастапқыда жауынгерлердің рухани орденін құру идеясын көпшілік қабылдамады. Бұдан жұрт екі парыз арасындағы тамыры тереңге жайылған қайшылықты көрді: тазалық пен құлшылықты қажет еткен тек діни парыз бен қан төгіп, адамдардың өмірін қиятын әскери парыз. Уақыт өте келе жағдай түбегейлі түрде өзгерді. 1127 жылы орденнің негізін қалаушы Гюго Еуропа жеріне үлкен сапарға аттанып, жұрт оны жылы қабылдады. Абырой-беделі бар көптеген ақсүйектер Храмшы рыцарларды қолдап, көп көлемде садақа берді. 1128 жылы атағы жер жарған уағызшы Бернард Клервосский рыцарларға арналған «ережені» жазды (орденнің жарғысы) және оларды қолдағандар көп болды. Осылайша тамплиер сыншылардың шабуылынан аман қалды және олардың қатарына қосылған жаңа бауырларының санында есеп болмады. 1139 жылы Рим папасы II Иннокентий храмшыларға артықшылық беретін булланыi Булла — Рим папасының жарлығы. сыйға тартты. Орден мүшелері өздерінің ғибадатханаларын соғып, салық төлемей, епископтарды елемей, тек тікелей папаға ғана бағынатын болады. Осыған қарағанда, Рим папасы да Иерусалим королі сынды Таяу Шығыстағы адамдарына қатысты бақай есебі болған тәрізді. Мәселен, тамплиердің Қасиетті жерде шіркеу салығын жинап, сосын оны Римге жеткізгені белгілі.

Лондондағы Темпл шіркеуі. Тамплиерлер резиденцияларының бірі/Alamy

Лондондағы Темпл шіркеуі. Тамплиерлер резиденцияларының бірі/Alamy

Ұлы идеяның христиандық сеніммен және кресшілер қозғалысымен, іске асқан қызмет және эксклюзивті артықшылықтармен, сондай-ақ шіркеумен пара пар ұйым дәрежесін алуымен сәтті қабысуы, орденді құдіретті күш пен есепсіз байлыққа жеткізді. Бұған жиналған байлық мұрагерлер арасында бөлініске түспей, арта беретіні тағы бар.

Шынтуайтында, орденге мүше болған кез келген жауынгер, жинаған мүлкінен бас тартып, қара басының қамын ғана ойламаймын деп ант берді. Тиісінше, оның мүлкі орденнің меншігіне өтіп отырды. Сондықтан жекелей алғанда әрбір орден мүшесі кедей монах-жауынгер болғанымен, жалпы алғанда бауырластық жер телімдері, монастырлар, Таяу Шығыс пен Еуропада орналасқан қамалдар мен резиденциялар сынды үлкен активтерге иелік етті. Орденнен қорған іздеп келген әр адам, бауырластыққа жеке мүлкін өткізіп, қамсыз өмір сүре алды. Кейбіреулері бертін келе таққа отырған, король әулетінің жасөспірім балалары әскери және рухани әзірліктен өту үшін тамплиерге жүгінді.

Орден қызметінің өзегінде жатқан мінсіз қаржылық үлгі өте қарапайым болғандықтан, христиан қауымдастық иерархиясының жоғары жағында тұрған тұлғалар орденге материалдық тұрғыдан да қызығушылық танытты және бауырластықтың қызметі үшін көп қаржы төлеуге дайын болды. Сондай-ақ орденнің барлық мүлкі, преципториі,iТамплиер орденінің жеке бөлімшелері прецептори деп аталады. қоймалары мен сақтау орындарына, шіркеу тәрізді ешкім қол сұға алмады. Храмшыны тонау киелі дүниені қорлау ретінде саналды.

/Getty Images

/Getty Images

Осының арқасында тамплиер Еуропа мен Левантеде қарумен және заңмен қорғалатын тұтастай сауда-саттық-қаржылық жолын құрды. Бірнеше буынның арқасында құрылған орденнің ауқымды желісіне тәуелді монастырлар мен қамалдар бар бес мың командорлық кірді. Әр қалада басқару органы ретінде жұмыс атқаратын тамплиер прецепторийлерінің іскерлік конторалары, тұрғылықты баспанасы мен бауырларға арналған өз шіркеуі болды. Храмшылар, әсіресе, Испания, Португалия, Франция және Англияда айрықша ықпалға ие болды.

Тамплиерді тіптен Еуропадағы алғашқы банкирлер десе де болады. Орден бұған дейін ешкімнің қолынан келмеген, бір-бірінен жүздеген лье қашықта орналасқан агенттердің өзара қауіпсіз түрде ақша алмасуын қамтамасыз етті. Тәу етуге аттанған жандар, саяхатшылар немесе саудагерлер Париждегі я Кипрдегі храмшылардың мекемесіне ақшасын, дүние-мүлкін, бағалы заттарын өткізіп, ал Иерусалимге не Лондонға жеткен соң орденнің жергілікті мекемесіне келіп қажетті құжаттарды көрсетіп, салған дүниелерін алып отырған.

14 ғасырдағы банк ісі /British Library

14 ғасырдағы банк ісі /British Library

Тамплиер өздерінің айрықша бухгалтерлік есеп-қисаптарын жүргізу жүйесін жасақтап, қарыздары мен төлем жасау шарттарын сақтандыра білді. Бұл олардың қаржылық қызметін өте тиімді етті. Тамплиер чектерді, векселдер мен сақтандыруды ойлап тапты. Егер қажылыққа аттанған адам сапар барысында қаза болса, оның мұрагерлері храмшылардың қоймасына тастап кеткен құнды заттарын немесе ақшасын өзіне ең жақын тұрған прецепторийден ала алды. Алайда орденнің қаржылық қызметінің бүге-шүгесі замандастары үшін құпия күйінде қалды, ал олардың қаржы операцияларында ашықтық болмады. Уақыт өте келе орден құдіретінің артуына орай, қаржылық әрекеттерге қатысты қалың күмән пайда болып, айып тағыла бастады.

Сондай-ақ орден несие берумен айналысқандықтан, Еуропадағы билеуші әулеттердің бәрін дерлік қаржымен қамтамасыз етіп отырды. Айталық, Француз королі Сымбатты Филипп те орденнен көп көлемде қарыз алған (оларға қарсы сот процесін бастар алдында ғана). Осы тұста корольдің алған қарызын қайтармағаны жөнінде айтудың өзі артық болар.

Осылайша Иса Мәсіхтің кедей бауырлары барынша аулақ болуға тырысқан байлық, олардың жауының бірін арбап алса, басқалар үшін қорқыныш тудырған елеске айналды.

Менмендік

Дегенмен қанатын кеңге жайған орден активтеріне қол жеткізуді армандаған Әдемі Филипп пен V Климентті ұйқысынан айырып, көзіне күйік болған дүние тек тамплиердің қисапсыз байлығы ғана емес. Орденді ақырындап өлімге бастаған үшінші ібіліс, олардың билік құмарлығы арқылы көрініс берген менмендігі болатын.

 Әулие Бернар Клервоский, орденнің алқаушысы. 1267-1276/Alamy

Әулие Бернар Клервоский, орденнің алқаушысы. 1267-1276/Alamy

Әлбетте, егер біз қатардағы храмшыдан немесе тіптен орденнің Ұлы магистрінен «Құдіретті болуға ұмтыласыз ба?» деп сұрайтын болсақ, екеуі де, еш күмәнсіз, аталған сауалды сандырақ деп табар еді. Өйткені олар орденге кіргенде қасиетті анттарын қабылдап, мойынсыну мен дүние ісінен баз кешуге, өмірін ұлы мақсат жолына арнап, қатаң ережелерді сақтауға өз еркімен келіскен. Бауырластықтың ұраны: «Бізге емес, Құдайым бізге емес, бірақ Өзіңдікіне абырой бер!».iлат. Non nobis Domine, non nobis, sed nomini tuo da gloriam!

Алайда іс жүзінде орден құдіретті күшке ие болды. Біріншіден, орден қармағында соғыс тәжірибесі толысқан өте сапалы әскери бөлім болды; екіншіден, олар қисапсыз қаржылай ресурстарды басқарып отырды; үшіншіден, тамплиер үлкен ықпалға ие болған ұйымшыл элитарлық қауымдастық ретінде қалыптасты. Ең маңыздысы, олар тәуелсіз болуға ұмтылды. Зайырлы билеушілерге храмшылар мүлдем бағынбады, ал жергілікті шіркеу билігіне (II Иннокентидің булласынан кейін) бағынуын қойды. Тек Рим папасы ғана қандай да бір нұсқау бере алды. Қатаң ішкі тәртіп пен иерархияны ұстанған олар, құдды бір, қалыпты өмір ағысынан тысқары қалғандай болды. Дегенмен олардың пікіріне монархтар құлақ асты, қатарына келіп келешек корольдер тәрбиеленді. Олар сондай-ақ шіркеудің салықтарын жинауға араласып, корольдердің жерді сатып алуына, той жасауына және т.б. дүниелерге қарызға ақша берді. Осы дүниелердің бәрі замандастарын үрейлендіріп, түрлі жел сөздер мен ойша қалыптап алған тұжырымдарды тудырды. Сонымен қатар ел ішінде храмшылар тек Құдай ісі үшін күресіп қана қоймай, мұсылмандармен келісімге келіп, пара беріп, қорқытып-үркітіп саясатқа ықпал ету арқылы шиеленіс тудырады деген әңгімелер де айтылды.

Доминик Луи Ферреоль Папети. Акра қабырғасын қорғап жатқан Матвей Клермонтский/Wikimedia Commons

Доминик Луи Ферреоль Папети. Акра қабырғасын қорғап жатқан Матвей Клермонтский/Wikimedia Commons

14 ғасырдың басына қарай саяси күшке ие болған Еуропаның зайырлы билеушілерінде орденге қатысты алаң пайда болып, олардың ықпалынан жапа шекті. Бай, толықтай тәуелсіз, жаппай қаруланған тамплиер корольдердің үрейін ұшырып, қызғанышын тудырды. Нәтижесінде, Францияның орталықтануы үшін көп күшін сарп еткен ұқыпты әрі қатал Әдемі Филипп, әсіре тәуелсіз және ықпалды рыцарлардың көзін құрту үшін себеп іздей бастады. Әрі бұл іс қаржылық тұрғыдан да пайдалы болуы мүмкін еді.

IV Әдемі Филипп (1268-1413). 1793 жыл/Getty Images

IV Әдемі Филипп (1268-1413). 1793 жыл/Getty Images

Аяқ асты өзіне бостандық сатып алу үшін, орден мүшелеріне қарсы кез келген айып тағуға әзір болған Безьелік Эскиу де Флуаранның шығуымен, тамплиерді тықсыруға себеп пайда болды. Алдымен ол тамплиерге қатысты құпия ақпаратын арагондық король II Хаймеге ұсынғанымен, өз кезегінде Хайме түсінікті әрі сенімді деректерді қалаған. Осы тұста Эскиу қайырымды француз королін тапқан.

Қантөгіс

Тамплиердің төртінші ібілісі соғыс болды. Әскери-рухани бауырластықтың крест жорықтары тұсында пайда болғанын ескерсек, орденнің құрылуына негіз болған соғыс, қаншалық оғаш көрінгеніне қарамастан, олардың ақырын таятты.

13 ғасырдың орта тұсында Мәмлүк сұлтанатыныңii1250–1517 жылдар аралығында өмір сүрген Таяу Шығыстағы ортағасырлық феодал мемлекет. пайда болуымен христиандардың Таяу Шығыстағы жағдайы нашарлай түсті. Тамплиер бұл аймақта Еуропалықтар орнатқан тәртіпті сақтауға тырысқан негізгі әскери күш (госпитальерлерменii Госпитальермен бірге бірінші крест жорығы кезінде пайда болған тағы бір рухани-рыцарьлық орден. Тағы бір аты — иоаннит. Бастапқыда бұйрықтың міндеті Қасиетті жерге келетін. бір қатарда) саналды. 13 ғасырдың соңына қарай тамплиердің ресурстары айтарлықтай азайып қалды. Шығыстағы христиан семсерінің жеңісті күндері алыста қалды. Христиандар қамалдарынан айырылып, қалалары бірінен кейін бірі жау қолына өтті. Мысырлықтардың екпініне төтеп бере алмаған князьдіктер мен патшалықтар күйреді. 1291 жылы тамплиер 44 күндік қоршау мен қантөгіске ұласқан ұрыстардан кейін бірнеше жүз сарбазынан айырылып, Акра қаласынан айырылды. Олар Кипрге қала халқы мен қазынаны жөнелтіп үлгергенімен, кісі шығыны шамадан тыс көп болды.

Клод Жакан. 1299 жылы Жак де Моленің Иерусалимді басып алуы. Сурет ойдан шығарылған оқиғаға негізделген. 1846/ Getty Images

Клод Жакан. 1299 жылы Жак де Моленің Иерусалимді басып алуы. Сурет ойдан шығарылған оқиғаға негізделген. 1846/ Getty Images

Қарулас бауырлардың өлімімен кресшілер жорығының да күні батты. Соғыс ібілісі қанатын жайып, қасиетті ерліктің күнін көлегейлей бастады. Акра үшін ұрыста өздерінің Ұлы магистрі Гильома де Можеден айырылған соң, тамплиерлер резиденциясын Кипрге көшірді. Осылайша орден құрған «қаржылық империя» да, Батыс пен Шығысты байланыстырушы базалық идеясы күйреген соң, тұрақтылығынан айырылды. Бұнымен орден ыдырап кетпеді, дегенмен аталған оқиғалар алдыда тосып тұрған қиындықтардан хабар бергенімен, бауырластық оған да әзір болмай шықты.

Ұлы магистрдің қол астында төрт топтың біріне (рыцарлар; капелландар; сержанттар немесе қару тасушылар; қызметкерлер мен официалдар) мүше болған 20 мың бауыр болды. Рыцарлар майданға кіргенде суыттың сыртынан орденнің символдық таңбасы басылған нышандық коттаны киді. Ортасына қызыл тамплиерлер кресі тігілген рыцар коттасының түсі ақ болды. Рыцарлар семсер және қалқанмен қаруланды. Сондай-ақ найза мен шоқпарды да қолдана алды.

Тамплиерлер сауытын киген Жак де Моле /Getty Images

Тамплиерлер сауытын киген Жак де Моле /Getty Images

Ұрыс кезінде маршал ту көтеретін (қара және ақ жолаққа бөлінген, тамплиерлердің атақты босеаны) болған. Бұл досқа мейірімді, ал жауға қатал бол дегенді паш ететін ишарат. 13 ғасырда тудың ақ жолағында тамплиерлердің төрт бағыты тең кресі тігілген. Ұрыс барысында храмшылар: «Босеан бізге көмек кел!» деп айғайлайтын болған.

Жорыққа шыққанда тамплиерлер шатырда ұйықтап, заттарын екі қапқа салған: біреуі киімге арналған (екі жейде, екі шалбар, үстіге киетін жейде мен шекпен), екіншісі сауыттарға арналған (тор берен, берен шұлық пен дулыға). Орден сапында қарапайым рыцарьлар, сержанттар мен қару тасушылардың саны басым болды. Қатал тәртіп пен қатаң иерархия арқасында тамплиерлер майдан даласында жеңіске жетіп отырды.

Алайда орденнің әскери миссиясы солғын тартып, ақыры таяй бастады. Папаға да, еуропалық монархтардың ешбіріне енді соғысқа маманданған, орденнің тәуелсіз өміріне үйреніп қалған мыңдаған жауынгер керек болмады. Осылайша храмшылар қуатты қорғаушы және алға жетелеуші күштен, қауіпті ішкі ойыншыға немесе тіптен, қисапсыз адами, қаржылай және әкімшілік ресурстарға ие қарсыласқа айналып кетуі мүмкін қатерге айналды.

Олар Шығыста жүргізіп жатқан қасиетті соғыста жеңіліс тапты. 1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін Таяу Шығыс мұсылмандардың билігінде болды.i яғни Осман империясының билігінде. Әскери борыш ақырындап тамплиерді қаржылық қызыметтен алшақтата түсті. Бәлкім, орден 14 ғасырдағы еуропалық тұрмысқа бейімделіп, қызметін қайта жандандырудың амалын табуға әлеуетті болғанымен, олардың уақыты таяп қалған еді.

СОДОМИЯ

Тамплиердің бесінші ібілісі Сена өзенінің жағасына, азғындығы үшін Көне келісім Құдайы өртке оранған библиядағы Содомнан, Өлі теңізден келді. Француз королінің тергеушілері Иса Мәсіхтің бауырларын гомосексуалдық қатынастары үшін де айыптады. Тамплиердің екі жақты мөрінің бір бетінде Иерусалимдегі Храмның мұнарасы, ал екінші бетінде бір жылқыға мінгескен екі рыцарь бейнеленді. Негізінен, жорық барысында бір-біріне жақын отырған екі жауынгер жолдастың бейнесі бауырластықтың символы болды. Бірақ мұны қалай түсінсе болады?

Тамплиерлер мөрі. Реплика / Wikimedia Commons

Тамплиерлер мөрі. Реплика / Wikimedia Commons

Еркектер монастыры тәрізді жабық әлемде оқтын-оқтын гомосексуалдық қатынастар болған. Мұны орта ғасырлық дереккөздерден аңғаруға болады. Шынтуайтында, монахтар әлеуметтік жағдайы төмен әйелдермен дәстүрлі қатынас орнатқаны үшін жиі айыпталып отырған. Тарихшылардың қолында тамплиер орденінің қарсыластары айыптағандай, содомияға жол бергенін айғақтайтын ешқандай да дерек жоқ. Дегенмен мұндай қатынастар сарай ішінде немесе қарапайым тұрғындар арасындағы басқа да ордендер арасында ара-тұра болып тұрды деп жорамалдауға болады. «Дәстүрлі құндылықтарға» жасалған фетиш бірнеше ғасырлар бойы тиранияға қызмет етіп келсе, ал аморальдық мінез-құлық танытқаны үшін тағылған айып саяси күресте қолданылатын қуатты қаруға айналған. Киелі Жерлердегі ұрыста атағы шыққан орденге деген сенімге селкеу түсіру үшін бауырластықты мінсіз тазалығы мен қасиетінен айыру қажет болды. «Белден төмен» әңгімелер бұл тапсырманы Бафомет секілді сәтті орындап шықты.

ЭПИЛОГ

Әскери одаққа ретінде, ізгі мақсатты көздеген тоғыз рыцарьдың қасиетті бауырластығы құралған сәттен және өртке оранған соңғы магистрдің өлім алдындағы соңғы жан айқайы шыққан мезетке дейін аз-кем 200 жылдай уақыт өткен. Бұл байғұс бауырлардың саусақтарының арасынан иудей шөлінің құмы сусып кеткен уақыт. Екі жүз жыл ішінде рыцарлардың онға жуық буыны алмасып үлгерді. Орденді жиырма үш ұлы магистр биледі.

Сол кездегі Батыс өркениетінің кіндігі саналған Жерорта теңізі жағалауында рухани, қаржылай және саяси құдіретке ие болған орден үшін бұл көп уақыт па? 21 ғасырда отырған біз үшін аталған екі жүз жыл бұлыңғыр әрі біртұтас уақыт бөлігі ретінде көрінуі мүмкін. Алайда дәл сол уақытта еуропалық христиандардың тұрмысы радикалды түрде өзгерді және мұның бәрі Шығыстан қайтқан қажылар мен кресшілердің арқасында орын алды. Еуропаның ақсүйектері жұқа жібек матаны, күміс және шыны ыдыстарды, дәмді ас пен дәмдеуіштерді бағалауды үйренді. Қымбат дүниелерді сатып алу үшін сеньорлар заттай салық түрін ақшалай салыққа алмастырды. Осының арқасында Еуропаның ішкі нарығы дамып, қалалардың саны артты. 14 ғасырда Еуропа картасындағы үлкен қалалар тек Константинополь және Кордовамен ғана шектелмей, бұл қатарға Париж, Лондон, Венеция, Милан, Генуя, Брюгге және басқа көптеген қала қосылды. Аталған қалаларда университеттер, таптар өкілдігінің мекемелері (келешектегі парламенттер), кітапханалар мен архивтер ашылып, іс-қағаздар саласы дамыды. Осы бір жаңа Еуропада әмбебап христиандық мендіктің (храмшылар осы құндылықты берік ұстанатын) орнын, өзін ұлттық бірегейліктің иесі ретінде санайтын соны түсініктегі адамдар қалыптасты. Трансұлттық корпорациялардың дәуірі аяқталды. Ұлттық мемлекеттер мен институттардың күні туды.

Париждегі Тампль алаңының көрінісі, сақталмаған тамплиерлер қамалының орнында. 18 ғасырдың ортасы/Getty Images

Париждегі Тампль алаңының көрінісі, сақталмаған тамплиерлер қамалының орнында. 18 ғасырдың ортасы/Getty Images

Тамплиердің көзі жойылған соң олардың бүкіл дүние-мүлкіне госпитальер ордені иелік етті. Алайда Францияда тамплиерлердің сот процесіне жұмсалған қаржы тым көп болғандықтан, госпитальер шығынды көтеруге мәжбүр болды. Олар тіптен, осыдан кейін қалталары қалыңдағанның орнына, одан әрмен шығынға батқанын айтып, арызданған. Әдемі Филипп те көл-көсір байлыққа қол жеткізе алмаған (орденнің барлық иеліктері шіркеудің қолында қалды, ал ақшаның көп бөлігі Француз корольдігінен тысқарыға шығарылды). Рыцарьлардың қаны Филипптің мойнына жүктеліп, бар айыпты сол арқалады.

Дегенмен храмшыларға жасалған қысым, өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру сынды әрекеттер негізінен Франция мен оған вассалды-тәуелді иеліктерде жүрген. Еуропаның барлық монархтарын рыцарь-еретиктердің көзін жоюға шақырған Әдемі Филипптің талабына қарамастан, корольдер бұл науқанға ілесуге асықпады. Арагон корольдігіндеiяғни Испанияның. тамплиерлер сот істері аяқталған соң ақталып шығып, оларға Майоркадан тұрғылықты жер ұсынылған. Сондай-ақ оларға өмір бойына зейнетақы төленіп тұрған. Соңғы Храмшы-рыцарь Бернажель де Коль Майоркада 1350 жылы көз жұмды. Мұнда орденнің жерлері мен қамалдары корольдің қазынасы мен госпитальердің қолына өткен. Португал королі I Диништің шешімі өте қызық. Ол 1318 жылы Рим папасы XXII Иоанның бекітуімен, бұрынғы тамплиерден жасақталған жаңа Иса Мәсіх орденінің негізін салды. Мұнда храмшылардың барлық капиталы Португалияда қалып, король Мануел жаңа орденнің ұлы магистрі болып бекітілді. Рыцарлар Томарада орналасқан салтанатты резиденцияға ие болды. 15 ғасырда португалдық каравелдер жаңа әлемді ашуға тамплиердің төрт бұрышы тең кресін көтеріп аттанған болатын.

Лиондағы тамплиерлер резиденциясы. 1800 жыл /Getty Images

Лиондағы тамплиерлер резиденциясы. 1800 жыл /Getty Images

Қасиетті бауырластық мүшелерін қуғындауға, өзі тамплиер арасында өсіп, олардың Лондондағы храмында рыцарь атанған Англия королі I Эдуард та құлық танытпады. Осы бір архитектурасы айрықша ғимаратты қазір де бар. Тамплиердің барлық храмы секілді Темпл де Иерусалимдегі Сүлеймен храмының мұнарасын қайталаған сопақ пішінде салынған. Мұнда инквизиторлар аралға кіруге ұзақ уақыт бойына рұқсат ала алмады, ал храмшылар болса, Франциядағы бауырларына қарағанда бастарына төнген қатер жөнінде ертерек құлақтанып, Шотландияға қашып үлгерген. Ақырында дәл осы Шотландиядан тамплиермен генетикалық тұрғыдан қатысы бар массон деген атаумен мәшһүр қозғалыс басталды. Орден мен массондар арасындағы байланысты көркем өнерде Умберто Эко өзінің «Фуконың маятнигі» деп аталатын романында жақсы суреттеген болатын.

Қазіргі заманғы тамплиерлер /Jean-Francois DEROUBAIX/Getty Images

Қазіргі заманғы тамплиерлер /Jean-Francois DEROUBAIX/Getty Images

Қорқынышты өлім жазасы мен соңғы магистрдің аңызға айналған қарғысы, тамплиер тарихы еуропалықтардың мәдени кодына нықтап енгенше, ұзақ уақыт естелік ретінде кезіп жүрді. Қазіргі уақытта да Құдай үшін дүние ісі мен тән ләззатынан баз кешкен, азғындық пен күнәлар шөлі арқылы өз жолын салған, сондай-ақ құпия қасиетті білімнің сарқылмас қуатына ие болған рыцарьлардың бейнесі Еуропа мәдениетінің жадында сақталып, заманауи әдебиетке дендеп еніп жатыр. Ол үшін Артуро Переса-Ревертенің «Барабанға арналған тері» және жоғарыда сөз болған Дэн Браунның романын оқысаңыз немесе Лондондағы және Томардағы тамплиердің айрықша келген сопақ пішінді храмдарына барсаңыз я орден ісі әлі күнге дейін жалғасын тапқанын сезінгіңіз келсе, қолыңызға таро картасын алсаңыз да жеткілікті.