Той эволюциясы

Қазақ тойы төңкерісті, тыйымдар мен жаңа өзгерістерді қалай өткерді

~ 11 мин оқу
Той эволюциясы

2014 жылы Іледе өткен Тианма халықаралық туризм фестивалінің ашылу салтанатында көрсетілген қазақтың тойы, Шыңжаң, Қытай. Жаң Сиуке фотосуреті / Xinhua / Alamy

Салт-дәстүр бір орында қатып қалған дүние емес. Ол үнемі түрлі факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырап, толығып, кейбірі заман талабына орай ұмытылып отырады. Саяси режимнің ауысуы, орталықтан басқарылатын экономикадан нарықтық экономикаға көшу халықтың күнделікті өмірі мен тұрмыс-салтына айтарлықтай әсер етеді. 

 

Қазақ қоғамындағы некелесу дәстүрінің қазіргі қалпын түсіну үшін оның бұрын қалай атқарылғанын, қандай салт-жоралғылар барын білу өте маңызды. Бұл ретте жазба деректер мен далалық зерттеулерге зер сала отырып, отау көтеру салтын үш кезеңге бөліп қарастырамыз.

Мазмұны

Қазан төңкерісіне дейінгі аралық

Қазақтың әлеуметтік құрылымына сай ерекшелігін сараласақ, Қазан төңкерісіне дейін бір атадан тараған балалар 3–4 ұрпақ озғанша бір ауылда өмір сүрген. Ол кездегі ауылдар қазіргі уақыт секілді физикалық мекен емес, бірге көшіп-қонып жүретін туыстардың қауымдастығы екенін ескеру керек. Экзогамиялық, яғни жеті ата ішінде қыз алысуға рұқсат етілмейтін ережеге сай, басқа ауылдан қыз айттырып, құда түсетін. Әрі басты шешімді жігіт пен қыздың әкесі қабылдайтын. Келесі суретте неке құру дәстүрінің сол кездегі негізгі қадамдары жинақталған (сурет, графика).

Қазан төңкерісіне дейінгі жағдайды толыққанды түсіну үшін бұл суреттегі әрбір салт-дәстүрге қысқаша тоқталып өткен жөн. Суретте көрсетілмеген тағы басқа да жоралғылар бар. Олар жайында егжей-тегжейлі сипаттаманы өзге ғалымдардың жұмысынан табуға болады.

Ең алғашқы қадамдардың бірі — жаушы жіберу салты. Жаушыны (1) белгілі бір ауылдың қызына құда түскелі жатқанын алдын ала ескерту мақсатында жіберген. Қыздың ауылына құда түскеннен (2) кейін бойжеткеннің әкесі ойланып, келісімін берген соң той күні мен қалың мал жайында келіссөз басталады. Қыздың әкесі кейде жауабын бірден айтпай, артынан ғана жігіттің ауылына жаушы (3) аттандыратын. Жігіттің ауылы келісім алғаннан кейін құда күту тойына дайындалады. Ол заманда қалың мал құны қымбат болғандықтан, бірнеше жыл бойы жетіге бөліп төлеу салты қалыпты құбылыс саналатын. Ал қалың мал толық төленбейінше қыз ұзатылмайтын. Бір қызығы, дәл бұлай бөліп төлеу қыз тұрмысқа шығатын жасқа жеткенге дейін арнайы жасалатын.

Қазақ қыздары. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Қазақ қыздары. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Ұзату тойына дейін күйеу жігіт қыздың ауылына түрлі жағдайда ұрын баратын. Алғашқы келуі жасырын бару деп аталса, қалың мал құны төленуге жақын қалғанда күйеу жігіт бір топ адаммен сыйлықтарын көтеріп жететін. Соңғы келуіне орай арнайы ұрын той (5) жасалатын дәстүр болған. Қалың мал толықтай төленуге жақындағанда қыз жақ та ұзату (6) тойының қамына кіріседі. Ұзатылып келген соң үйлену тойы мен беташар өтеді.

Күйеу жігіттің қайын жұрты алдында иіліп сәлем салуы. Түркістан альбомы / Library of Congress

Күйеу жігіттің қайын жұрты алдында иіліп сәлем салуы. Түркістан альбомы / Library of Congress

Құдаласу барысында қалың мал төлеуден басқа қыздың жасауы мен түрлі сый алмасулар бар. Қалың малдың орташа құны ретінде 47 бас мал аталады. «Қырық жеті» деген атау содан қалған. Этнограф Шахмардан (Иван) Ибрагимовтың айтуынша ер адамның құны 100 жылқы мен 6 жақсы (6 түрлі сый), ал әйелдің құны 50 жылқы мен 3 жақсы болған. Қалың мал төленер алдында 3 бас мал орнына бағалы сыйлық берілетінiИбрагимов И.И. Этнографические очерки киргизского народа // Русский Туркестан. Сборник, изданный по поводу Политехнической выставки. Вып. 2. — М., 1872. . Шахмардан Ибрагимов сұлтандар 57 бас мал, ал кедейлер мен орташа ауқаттылар 17 мен 47 бас арасында қалың мал берген десе, басқа зертеушілер кейде тіпті 100–150 бас мал, ал кедейлер 7–9 мал бас беретінін айтадыiТронов В. Д. Обычаи и обычное право киргиз. 1891.. Бұдан бөлек, той малы мен қыздың анасына берілетін «сүт ақы» тағы бар.

Киіз үй жабдықтары артылған арбалар. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Киіз үй жабдықтары артылған арбалар. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Жасаудың құнына келсек, кейбір зерттеушілер оны той малының құнына тең дегенді айтады. Енді бірі қыз жасауы қалың мал құнынан да асып кететінін алға тартады. Сондай-ақ жасаудың құны мен қандай болмағын қыз берушілердің өз еркіне қалдырады. Бірақ жасау жұпыны көрінсе, келін боп түскен жұрты сөз етуі мүмкін. Құрамы жағынан жасау киіз үйден, сыртқы ағашы және ішіне толтыратын затымен бірге беріледі. Алайда киіз үйді жеті киізбен қаптап, оның төртеуін жігіттің әкесі, ал қалған үшеуін үйдің басқа бөліктерімен қыздың әкесі берген деседіiКисляков Н.А. Очерки по истории семьи и брака у народов Средней Азиии Казахстана. — Л., 1969. . Бұған қосымша қыздың киім-кешегі мен әшекейі де болатын. Ал жасаудың бір ерекшелігі — қыз сәукелесін өзі қолдан тігетін. Ауылдың әл-ауқатына қарай сәукеленің құны да қымбаттай беретін. Жасауды алып баратын көлігі — түйе де жасаудың құрамына кірген.

Бұл кезеңдегі неке құрудың басқа да түрлері туралы жазба деректер сақталған. Ата-аналардың келісімімен атастырылатын бесік құда, бел құда және ескі құдалық байланысты жаңғыртатын сүйек құда дейтін түрі бар. Құдаласудың бұл түрлерін тек ауқаттылар ғана жасаған десе, енді бір ғалымдар қалың төлеуге жағдайы жоқ кедейлер де мұны атқарған дейді. Себебі ерте жастан қалың мал төлеуге қамдану оңай соғатын. Бұдан басқа қарсы құда деген бар. Екі әулет келісіп, жастары шамалас қыздарын айттырып, бір-біріне қыз береді. Мұндай құдаласуда әдетте қалың мал берілмейтін. Сондай-ақ, қазақтың құдаласу салтында тағы бір қызық дерек бар. Күйеу жігіт қалың мал төлеуге шамасы жетпегендіктен қайын атасына қызмет ету арқылы төлеуге келісетін. Күшік күйеу деген атау да осы салттан шыққан болуы мүмкін.

Үш қазақ жігіті. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Үш қазақ жігіті. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Осы кезеңге тән неке құрудың тағы екі түрі, бұл — әмеңгерлік (левират) пен балдыз алу (сорорат). Әмеңгерлік — тұрмыстағы әйелдің күйеуі қайтыс болғасын оның бауырына немесе інісіне тұрмысқа шығу салты. Балдыз алу бұдан тіпті бөлек. Егер айттырып қойған қалыңдық қайтыс болса, күйеу жігітке оның сіңілісін, яғни балдызын алуға рұқсат етіледі.

Күнделікті киімдегі екі қазақ. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Күнделікті киімдегі екі қазақ. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Бұл кезеңнің басты ерекшеліктерінің бірі, салт-дәстүрлердің көшпелі мал шаруашылық өмір салтымен етене жақындығында еді. Себебі неке құру барысында жүретін тарту-таралғының түрі мен қазіргі қолданыстағы әдет-ғұрыптардың атаулары көп нәрседен хабар береді. Әрі осы аралықта қазақтар шариғат пен адат заңдарына бағынды дегеннің өзінде жазылмаған әдет-ғұрыптарды қатаң ұстағанын аңғарамыз.

Киіз үйдегі отбасы. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Киіз үйдегі отбасы. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Кеңес үкіметі кезіндегі үйлену

Некелесу дәстүріндегі алғашқы елеулі өзгерістер Қазан төңкерісінен кейін орнаған Кеңес үкіметінің келуімен тұспа-тұс енді. Кейбір дәстүр «ескінің сарқыншағы» деген желеумен заңмен тыйым салынса, енді бірі идеология мен кейбір тарихи оқиғалардың салдарынан өзгеріске ұшырады.

Алдымен ресми заңмен тыйым салынған дәстүрлер жайында айтсақ, 1917 жылы неке қию құзыретіiДекрет Совета Народных Комиссаров РСФСР от 18 декабря 1917 года «О гражданском браке, детях и о ведении книг актов гражданского состояния». молдалардан алынып, жаңадан құрылған азаматтық хал-актілерді тіркеу ұйымдарына берілді. Бірақ қазақтар төңкеріске дейін де неке қиюға айтарлықтай маңыз бере қойматын. Зерттеушілердің бірі молда шақыртып, некені қыздың әкесінің шаңырағында қиды десе, енді бірі алғашқы неке түнінен біраз уақыттан кейін ғана неке қию рәсімі өткізілетінін айтады.

Киіз үй жабдықтары артылған түйе. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

Киіз үй жабдықтары артылған түйе. Самуил Дудиннің фотосуреті. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚРОМКФДЖА

1920-жылдардан бастап мешіттер жабыла бастады. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұндай тыйымға қарамастан көрші ауылдан молда шақырып, неке қию рәсімін жасап отырған. Ал 1980-ші жылдардың соңына қарай көбіне діни неке қию рәсімі өтпеген.

1921 жылы қалың мал дәстүріне тыйым салындыiДекрет Центрального комитета Туркестанской Автономной Советской Социалистической Республики от 14 июня 1921 года о запрете многоженства и уплаты калыма. . Десе де бұл дәстүр толығымен жойылып кетпеді, тек оның мөлшері азайды деп айтсақ, шындыққа жанасады. Сондықтан қалың мал беру рәсімін көзден таса ету мақсатында некелесу тойын жасырын жасаған деректер де кездеседі. Қалың мал мөлшерінің азаюы мен кейбір жоралғылардың атқарылмауына әсер еткен қосымша факторлардың бірі ретінде 1921–1922 жылдардағы ашаршылықты және одан кейін жүргізілген жаппай ұжымдастыруды жатқызамыз. Себебі осы уақытта төрт-түлік саны күрт төмендеп кеткен болатын, ал қалың мал негізінен мал басымен есептелетін.

Уақыт өте қалың мал берудің орны қоржын апару салт жалғасын тапты. Төңкеріске дейін қоржын апару басқа салт-жоралғылардың ішінде бірге жүретін. Бірақ Кеңестік кезеңде қоржын апару өзінше бөлек салтқа айналады. Мұны бір жағынан халықтың өзге жол табудың амалын қарастырып, ресми тыйымнан қашқаны деп түсінуге болады. Себебі кейбір қоржындағы сыйлықта қосымша ақша түрінде қалың малын табыстайтын. Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезінде қыздың жасауына заманына қарай түрлі заттар қосылды. Мысалы, жатын бөлмеге арналған жиһаздар жиынтығын жасауға қосу 1980-жылдарға қарай кеңінен тарады.

Қоржын ашу салты. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Қоржын ашу салты. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

1924 жылы көп әйел алуға тыйым салатын жарлық шықтыi Стасевич И.В. Социальный статус казахской женщины: традиции и современность. Т. 1. Центральная Азия: Традиция в условиях перемен, под ред. Р.Р. Рахимова. — СПб., 2007. С. 189–222. . Бірақ бұл жарлық сол дәстүрдің тоқтауына негізгі себеп болды деп нақты айту қиын. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, тыйым салуға дейін де қазақ қоғамында полигамия онсыз да аз кездесетін. Әрі ауқатты адамдарда ғана көп әйел алатын. Қалай десек те Кеңес үкіметі тұсында полигамия толығымен жойылып кетпеді. Халық арасында жаппай болмаса да, әйелі бала көтере алмағандықтан екінші әйел алатындар кездесіп тұратын.

1928–1938 жылдар аралығында шыққан жарлықтарға сәйкес, неке құрудың жаңа жас нормасы енгізілді. Бұдан былай ерлердің неке құру жасы 18, әйелдерге 16 жас деп белгіленді. 1960 жылға қарай ерте жастан неке құру азайғанымен, сондай оқиғаларды жасыру үшін жалған туу туралы куәлік жасаған фактілер кездеседі.

20-ғасырдың 60-жылдарынан бастап комсомол стиліндегі үйлену тойлары кеңінен қанат жайды. Бұл тойларда қонақ саны көп дегенде 20 адамның маңайында болатын, әрі ауылдағы үйде өтетін. Қысқа ақ той көйлегі мен фата да алғаш осы уақытта пайда болды. Неке жүзіктері де арнайы талондармен берілетінiХ. Арғынбаев. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. — Алматы, 2005. — 215 б. . Көп үйдің отбасылық альбомынан табылатын, екі жастың суреті бар тойға шақыру билеттерінің де шығу тарихы осы кезеңмен тығыз байланысты.

Неке сарайы, Алматы, 1974 жыл. Дин Конгер фотосуреті / Corbis via Getty Images

Неке сарайы, Алматы, 1974 жыл. Дин Конгер фотосуреті / Corbis via Getty Images

Біраз тыйымдардың салдарынан салт-жоралғылар азайып, жойылып кетсе де арасында сақталып қалғаны жетерлік. Құда түсу сөзінің өзі трансформацияға ұшырап, «құдалық өткізу» деген сөзбен алмасады. Себебі бұл шақта қыз бен жігіт болып кездесу, сөз салу, қалада оқуда жүріп танысу арқылы неке құру дәстүрі алға озды. Тіпті жастардың көп бөлігі бір-бірімен кездесіп жүргенін ата-анасынан құпияда ұстайтын. Дегенмен алдын ала атастыру, айттыру сирек құбылысқа айналғанымен құда түсу рәсімі көп жағдайда ұмыт қалмайтын.

Бір қызығы, Кеңестік кезеңдегі тыйым мен идеологияға қарамастан құдалық кезінде атқарылатын көптеген рәсімдердің төңкеріске дейінгі бет-бейнесі жақсы сақталды. Мысалы, құдалардың құйрық-бауыр жеуі, төс қақтар (Жетісу өңірі) немесе төстік (Семей өңірі) тарту, түрлі табақтарды табыстау сияқты жоралғылар әлі де ел ішінде атқарылып келеді.

Кеңес үкіметі әлсіреп, құрдымға кетуге жақын қалғанда қыздың келісімінсіз алып қашу көбейді. Этнографтар алып қашу арқылы отау көтеру төңкеріске дейін де болғанын растайды. Алайда мұндай жағдайды сирек жолықтыратынбыз. Оның өзінде қыз өз еркімен сүйіктісімен қашып кететін немесе көңілі қаламаған адамнан құтылу мақсатында басқа жігітті таңдайтын. Ал 1980 жылдың соңы мен 2000 жыл аралығында келісімсіз алып қашу кеңінен тарады.

Кеңестік заманда пайда болып, қазірге дейін сақталған алып қашудың өзіндік орындалатын рәсімі бар. Мысалы, қызды алып қашқан соң жағдайды баяндау үшін әке-шешесінің үйіне хабаршы келеді. Қыз жақ хабарды ести сала қуғыншылар аттандырады. Оған көршілерін я болмаса туыстарын жібереді, тіпті кейбір жағдайда қыздың әке-шешесі барып жатады. Ата-анасын қуғыншы ретінде жібермеудегі басты мақсат — болашақ құдалармен жан-жал туудың алдын алу. Ал «өз келісімімен келді» деген хат жазғызып алу — заң алдында жауап беруден қорыққандықтан туындаған салт.

Наурыз мейрамы кезінде қойылған «Жеңімпаздың тойы» атты көне дәстүрдің театрланған көрінісі. Алматы облысы, 1989 жыл. Александр Павский фотосуреті / ҚазТАГ / ҚРОМКФДЖА

Наурыз мейрамы кезінде қойылған «Жеңімпаздың тойы» атты көне дәстүрдің театрланған көрінісі. Алматы облысы, 1989 жыл. Александр Павский фотосуреті / ҚазТАГ / ҚРОМКФДЖА

Қуғыншылардың көңілін аударып, жұмсарту мақсатында оларға қошеметтеп дастарқан жаяды, жақсылап күтеді. Алайда қыз келісіммен келгеннің өзінде қуғыншылар «қызды қайтарыңдар» деп бастырмалатып, кейін «ұрылармен» бірге би билеп, екі жасқа бақыт тілеп қайтатынын байқауға болады. Артынан күйеу жігіттің ата-анасы қыздың әке-шешесінің алдынан өтіп, кешірім сұрауға міндеттеледі.

Кеңес үкіметінің соңына қарай үйдің жанына тігілетін палаткадағы тойлардың дәурені жүрді. Тек кейбір ауылдарда ғана арнайы жиын өткізуге арналған орындар болатын. 1990-жылдардың ортасына дейін кейбір елді-мекендерде мектептің спорт залы той өткізуге жалға берілетін. Ал той дастарқанына қойылатын тағамдардың дені тапшылыққа байланысты қолдан пісірілетін.

Cырға салу. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Cырға салу. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Тәуелсіздіктен кейінгі той-бизнес

Тәуелсіздік алған тұстағы неке құру дәстүрінде бірден көзге көрінетін өзгерістерді саяси және экономикалық реформалар оң нәтижесін беріп, халықтың әл-ауқаты жақсарған кезден байқаймыз. Нақты айтқанда, 2000-жылдың алғашқы он жылын атап өтуге болады. Өйткені жаңа ғасыр басында палаткадағы тойлар арнайы мейрамханаларға ауысты. Қыз ұзату тойы жанданып, қалыңдық үйінен емес, тойханалардан ұзатыла бастады. Ал үй ауласында тігілген палаткаларда қазір кішігірім құдалықтар өткізіледі. Бұл құдаларды қалыңдық пен жігіттің үйінде күту керек деген салтпен ұштасып жатқанын көрсетеді. Кейде жаңа құдаларға әуелі үйден арнайы дәм татқызып, одан кейін барып дәмхана, тойханаға алып кетіп жатады.

Қазақстандағы үйлену тойы. 2007 / Getty Images

Қазақстандағы үйлену тойы. 2007 / Getty Images

Тойлардың жаппай мейрамханаларда өтуіне байланысты бұрын заттай берілетін сыйлықтар ендігі кезекте конвертке салынған ақшаға ауысты. Бүгінгі таңда тойға келген қонақтар ақшалай сыйын тойхананың түріне қарап, тіпті тойдың ауылда өткенін де есепке алып, соған сай мөлшерлеп апарады.

Кеңестік заманның тойы мен құдалықтары туралы сөз қозғағанда, бір костюм бір үйден екінші үйге ауысып жүре береді деген әңгіме жиі естілетін. Тіпті шақырылған қонақтар кілем, одан қалса бір тоқты көтеріп баратын. Ал 2000-жылдардан бастап ескі заттар мен бұйымдар, әсіресе оны құдалықта сыйға тарту сынға ұшырап, жыл сайын сыйлықтардың жаңа тренді енді. Бұл көрші Қытай елінен келетін тауар саны артып, лек-легімен келуімен байланысты еді.

Кеңес үкіметі кезінен сақталып қалған тойхана (қазір тойхананың іші басқаша). Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Кеңес үкіметі кезінен сақталып қалған тойхана (қазір тойхананың іші басқаша). Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Тойға қатысты арада ақша жүретін қарым-қатынас сыйлықтарға ғана емес, сондай-ақ неке құру салт-жоралғыларында берілетін қалың мал мен жасауға (кейінгі кезде төсек-орын апару деген көбірек қолданыста жүр) да әсер етті. Төңкеріске дейін мөлшеріне келмесе де қалың мал құны біртіндеп өсе бастады. Қазір әр аймақ өзінің қалың мал құнын белгілеп алған. Мысалы, Жетісу өңірінде қалың малдың құнына қатысты бір жылқы, өлі-тірісіне бір қой, сүт ақысына тағы бір қой деп айтып жатады. Бір ауылдың адамдары құдаласып қалса, расымен де бір атын жетектеп алып барады. Көп жағдайда конвертке салынған ақша ұсынғанда қалың малы мен сүт ақысы, өлі-тірісіне осыншама теңге деп жиналған жұрттың көзінше атап береді. Бір жағынан, бір аттың құны деген өлшем инфляцияға бейімделуге ыңғайлы. Әр отбасы жағдайына қарай, тіпті кейбірі әлеуметтік-экономикалық статусын елден ерекше көрсетуді мақсат тұтып, белгіленген мөлшерден көбірек ақша беріп жатады. Осы сияқты 2000-жылдары қалың малды АҚШ валютасымен айту да қалыпты көрініс болатын. Бұл өлшем көбіне оңтүстік өңірлерге тән.

Қыз ұзату. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014 жыл / Динара Абилденова

Қыз ұзату. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014 жыл / Динара Абилденова

Ертеректе қалың малға қосымша берілетін той малын қазір қыз ұзату тойы алдында қалыңдықтың отбасы сатып алады. Кейінгі кездері бұл салттың көп аталмауының өзіндік себебі бар. Өйткені төңкеріске дейінгі құдаласудың өзінде-ақ сүт ақы мен той малы бірге кәде есебінде аталып, жалпы берілетін сыйлықтардың ішіне кіріп кеткен еді. Қазіргі зерттеулерге сәйкес, отбасы ауқатты болған сайын құдалықта берілетін, арнайы атап көрсетілетін түрі көбейді. Тіпті кейбір кезде сүт ақысынан бөлек әке күші дейтін сыйды да тарту етеді.

Қалың мал сыйлықтарды (киіт) табыстау. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Қалың мал сыйлықтарды (киіт) табыстау. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Нарықтық экономика тек қалың малға ғана емес, сондай ақ төсек-орынның құрамы мен құнына әсерін тигізді. Жыл сайын жасаудың құрамы сол кездің сәніне қарай ыдыс-аяқтың сан түрімен жаңарып, тіпті оның қатарына тұрмыстық техникалар қосылды. Тіпті жағдайы жетпей жатса да асыра жасау жиі кездеседі. Алайда төсек-орын жинақтау салтының бір ерекшелігі — оның ауыртпалығын бір отбасы жалғыз көтермейді. Туыс, көрші, анасының әріптестері арнайы төсек-орын буу салтына жиналып, алдын ала қандай зат алу керегін сұрастырып, өздерінің үлесін қосады (сурет, төсек-орын).

Төсек орын таныстыру. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

Төсек орын таныстыру. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы. 2014-2015 жылдар / Динара Абилденова

2000-жылдарға дейін жасаудың көрпе-жастығын қыздың анасы, әжесі тігетін. Сөйтіп оны өздері әзірлейтін. Кейін дайын дүниені сатып алуға көшті. Соның әсерінен жасау дайындаудың өзі бөлек бизнес түріне айналғанын көріп жүрміз. Осылайша салт-жоралғылардан ақша жасау бүгінгі той-бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті той кезінде орындалатын кейбір жаңа рәсімдерді сол той-бизнестің өкілдері таныстыратын кезге жеттік.

Саяси режим мен экономикадан бөлек ислам діні де қазақтардың қазіргі неке құру дәстүріне өз ықпалын тигізіп жатыр. Бұл жаппай сипат алмаса да, кейбір ауқатты еркектер шариғатта рұқсат етілген әрі ата-баба салты деген желеумен тоқал алу салтын жаңғыртып отыр. Оған қоса, ертеректе болған сүйек жаңғырту, бесік құда секілді неке құру дәстүрі қазір сирек болса да қайта көрініс тауып, соны жаңғыртып жатқан отбасылар бар.

 Қазақтың үйлену салттары. Беташар / Wikimedia Commons

Қазақтың үйлену салттары. Беташар / Wikimedia Commons

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, соңғы отыз жыл ішінде бұдан да басқа өзгерістерді бастан кешірдік, тіпті қазақтың неке құру салты әлі де трансформациядан өтіп жатыр.

Динара Абилденова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ