Батыс әлемінің ең әйгілі махаббат тарихы, сірә, Ромео мен Джульетта туралы хикая болар. Себебі Шекспирдің данышпандығы оны шын мәнінде мәңгілік хикаяға айналдырды. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияда Ян-гуйфей мен император Сюань-цзунның хикаясы еркек пен әйел арасындағы шынайы сезімнің классикалық үлгісі болып саналады. Және де бұл хикая верондық қыз бен жігіттің тарихына мүлдем ұқсамайды.
719 жылы Ян әулетінде туған қызға Юйхуань – «нефрит жүзігі» деген есім берілді.
Тан әулеті кезіндегі Қытайда нефрит ең асыл, қадірлі тас деп саналды, сөйте тұра оның айқын эротикалық қосымша мағынасы да бар еді – мысалы, әр түрлі жыныс мүшелерін нефрит таяқша, нефрит тостаған деп жиі атайтын, нефрит махаббат пен құмарлықтың, әсершілдіктің тасы деп аталды, сондықтан турасын айтайық, кішкентай қыздың аты Христостан кейінгі өркениеттің адамының талғамына сайғанда тым жеңілтек болатын.
Әйтсе де, едәуір жоғары дәрежелі әрі білімді, бірақ сөйте тұра аса ауқатты емес отбасының қызы о бастан ірі ақсүйектің нақсүйері бола алатындай етіп тәрбиеленген. Әке-шешесінен ерте айырылған қыз өзінің үш апа-сіңлісімен бірге нағашы ағасының қолына келді. Ағасы оларды өз балаларымен бірдей тәрбиелеп, олардың музыкаға, әдебиетке, биге қабілетіне көп көңіл бөлді.
Ағайынды қыздардың ішіндегі ең әдемісі Юйхуань еді, сондықтан да императордың отбасы мүшесінің гаремінде нақсүйер болу соның маңдайына жазылды. Кейбір деректер бойынша оның қожасы билеуші император Сюань-цзуньның ұлы Ли Мао болатын, ал басқа мәліметтер бойынша қыз императордың інісі, князь Шоудың қолына барған.
Оның осы гаремдегі өмірі туралы мәлімет өте аз, бірақ қыздың сұлулығы мен дарынының байқаусыз қалмағаны анық. Қалай болғанда да оның евнух Гао Лишидің көзіне іліккені рас, ол қыздың түр-әлпетінің императордың шамалы уақыт бұрын қайтыс болған бір зайыбына ұқсайтынына назар аударды. Император марқұм болған зайыбына қатты құсаланатын.
Император туысқанының сарайында жасырынып жүрген мінсіз сұлу қыз жайында естігенде, ол сол сарайға барады, ал Гао Лиши императордың сұлу қыздың моншада жуынып-шайып жүргенін астыртын көре алуы үшін қолынан келгенін істеп бақты. Осылайша, қалағанын жақсылап көріп алғаннан кейін, алпысқа жақындап қалған император қызды гаремнен өзіне алып келуді бұйырды.
Оның орнына ханзадаға (немесе князға) жоғары дәрежелі шенеуніктің жап-жас қызы берілді, егер әлдекімнің мұндай айырбасқа көңілі толмаса да, оның үндемей-ақ қоюға ақылы жетті, әрине. Тан дәуіріндегі император сарайы, жұмсартып айтқанда, өзіңді қауіпсіз сезінуге болатын жер емес еді – бұл жерде адамдарды өлім жазасына кесу оңай әрі жиі орын алатын, ханзадалар мен княздар, зайыптар мен нақсүйерлер, қызметшілер мен сарай адамдары өлім жазасына кесілетін, императордың өзі де мұрагер бола тұра, дар ағашынан немесе қанжардан әзер-әзер аман қалған.
Бұрын біреудің нақсүйері болған қызды Аспан Ұлының сарайына алу мүлдем мүмкін болмағандықтан, ал ондай бикешке жоғары мәртебе беруге тіпті де жол берілмегендіктен, Гао Лишидің ақылы бойынша ерекше бір қитұрқы айла-амал жасалды.
Ян бикеш шамалы уақытқа даос монастырына жіберіліп, ол жерде даостық монах әйел Тайчжэнь.ретінде жаңа өмір бастаған сияқты болды. Содан кейін, дүниеге жаңа есіммен жаңа ғана келген осы мүлдем жаңа, таза жан барлық рәсімдерге сәйкес императорға таныстырылды.
Император нақсүйерлерінің институты
Қытай гаремі арабтардың немесе орта азиялықтардың гареміне мүлде ұқсамайды. Біріншіден, Қытайда көптеген еркектер гаремді былай қойғанда, тіпті бір әйел алуды да армандай алмайтын. Өйткені, азды-кемді жасы кіші және аз да болса тартымдылығы бар әйелдердің бәрі әлеуметтік тұрғыдан жоғарырақ сатыда орналасқандарға әлдеқашан беріліп қойған.
Мысалы, Тан дәуірінің нормаларына сәйкес қара халықтан шыққан еркек бір ғана әйелге үйлене алатын. Және 40 жасқа келгенше кіндігінен ұл бала тарамаса ғана, ұл табуға тырысып көру үшін өзіне бір нақсүйер әйелді сатып алуына рұқсат етілетін.
Білімді отбасылардан шыққан оқымыстыларға кейбір артықшылықтар берілетін. Ұл балалары болмаған жағдайда олардың 30 жасқа жеткенде нақсүйер сатып алуына рұқсат етілді. Оған қоса, ғалым немесе бай саудагер бірден екі әйелге үйлене алатын, бұл орайда әйелдер бір-біріне жақын болуға тиіс еді.. Мысалы, олар апалы-сіңлілі. Немесе – ханым және қызметші әйелі (мұндай жағдайда қызметші әйел мырзасының кіші әйелі болып, алатын орны бойынша нақсүйерге өте жақын еді).
Еркектің зайыбы оның нақсүйерінен келісімшарты мен жасауы жағынан ерекшеленді. Егер қыз тұрмысқа шықса, оның жасауын ата-анасы беретін, сондықтан күйеуі оның алдында түрлі қаржылық міндеттемелер көтеретін. Ал нақсүйерді әдетте ата-анасынан немесе қожайындарынан сатып алып, ол үшін алтын мен күміс төлейтін, бұл орайда ол сатып алған адамның меншігіне айналатын, дегенмен, ұл тапқаннан кейін оның мәртебесі күрт көтерілетін.
Жесір әйелдердің және әке-шешесі қайтыс болған кәрі қыздар белгілі бір дәрежеде тәуелсіз болатын, бірақ олардың да жыныстық еркіндігі едәуір шектеулі еді – мысалы, оларға жезөкшелікпен айналысып, өзін сататын әйелдің ережелермен қатаң реттелетін өмір салтын ұстануға рұқсат беретін ресми құжаты болмаса, олар зинақорлығы үшін қатаң жазаланатын.
Сондай-ақ, кейде сатып алынатын, кейде жұмысқа жалданатын қызметші әйелдер де болатын, олар негізінен қожайындарына тиесілі болып саналатын, сондықтан да олардың инабаттылық сипаттары үшін мемлекет емес, қожайыны жауап беретін. Мысалы, егер қожайыны Юнняннің ат бағушымен кездесетініне, ал Сюнняннің шай сататын дүкеннің сатушысымен кездесетініне қарсы болмаса, мейлі, кездесе берсін. Оның есесіне қызметші әйелді тіпті өлтіріп тастауға да болатын – және де сот талқылауының нәтижесінде қожайындарының жазаға тартылуы сирек болатын, себебі ондай әрекетті ақтайтын бір маңызды дәлел қайткенде де табылатын. Кез келген заманда кез келген елдегі адамдардың көпшілігінің ақыл-парасаттан, таныс адамдарға бауыр басу сезімі мен жанашырлықтан ада болмағанын, сондықтан да қызметші әйелдерді өлімші қылып сабап тастауға мүлдем ұмтылмағанын түсінеміз, керісінше, өздерінің үйдегі жан-жарандарының кейбір әбестіктерін өкімет адамдарынан жасыруға тырысқан. Дегенмен, Тан дәуіріндегі Қытайда айыпты болып қалған жалшының өміріне билік ету құқығы киелі құқыққа жақын болды. Және де осыдан әрі айтылғанды жақсы түсіну үшін осы жайтты есте ұстау керек.
Бес-он әйел мен нақсүйерден (және де қызметші әйелдерден) тұратын едәуір үлкен гаремдерді тек ақсүйектер немесе өте бай әрі ықпалды адамдар ғана иелене алатын, ал шын мәнінде Қытайда бір ғана үлкен гарем бар еді. Ол – императордың гаремі.
Әйгілі қытайтанушы, ғылым докторы Виктор Усовтың айтуынша, императордың сарайында қызметші әйелдерді қоспағанда, басты 8 дәрежені иеленетін әйелдер болған.
«... әйелдер мен нақсүйерлердің градациясын тарихшы Ван Япин келтіреді. Сарайдағы әйелдердің арасындағы ең бастысы императордың немесе Аспан Ұлының бас әйелі (хуань хоу) болды, одан кейін қосымша төрт «зайыбы» (фу жэнь) келетін – олардың әрқайсысының ерекше атағы болатын: асыл (гуйфэй), ізгілікті (шуфэй), инабатты (дэфэй) және дарынды (сяньфэй) нақсүйер. «Ли Ци» трактатының немесе басқа авторлардың деректері бойынша, бірінші сатыда тұратын үш сүйікті ханым, екінші сатыда тұратын тоғыз «үлкен нақсүйер» немесе «конкубин қыз» (цзю бинь) болды; 27 «кіші нақсүйер» (шифу), олар өз кезегінде тоғыз цзе юй (фрейлина), тоғыз мэй жэнь (сұлу) және үшінші, төртінші және бесінші сатыларда тұратын тоғыз цай жэнь (дарынды қыз), тағы 81 «гарем қызы» (юйици) болып бөлінді. Соңғылары да үш санатқа бөлінетін: 27 бао линь қыз (асыл орман), 27 – юй нюй (императордың әйелдері) және 27 – сай нюй (жинаушы әйелдер) алтыншы, жетінші және сегізінші сатыны құрайтын».i
Осы күрделі санақтың бәрі ежелгі қытайлықтардың эзотерикалық көзқарасы бойынша императордың жыныстық мінез-құлқына барлығы дерлік тәуелді деген нанымнан туындады. Император ерлерге жататын реттелген «янь» аспан стихиясының негізгі иесі болғандықтан, ол әйелдерге жататын су мен жер астының суық «инь» стихиясымен араласқан кезде, оған аса сауатты жолмен билік етуге тиіс еді.
Егер император өзінің нақсүйерлерін төсекте ләззатқа сирек бөлесе және немқұрайдылық танытса, онда әлемде құрғақшылық орын алып, егістер мен ормандар өртене бастайды, астық шықпай, ашаршылық болады. Ал егер император, керісінше, қолда бар барлық тәсілдермен құрғақшылыққа қарсы күресетін болса, оған кереғар, сарайдағы әйел стихиясының шектен тыс мол болуынан нөсер жауын жауып, су тасқыны мен дауыл болады, бүлікшілік орын алады.
Сөйтіп, есептегішпен отырып, кімді, қалай, қашан және қанша ләззатқа бөлеу керек екенін есептеуге тура келді. Әйелдің дәрежесі қаншалықты жоғары болса, оның бойындағы «инь» қуаты соншалықты көп болады. Мысалы, император өзінің зайыбына тек айына бір рет қана жанаса алатын. Дәрежесі төменірек бикештерге оның жиірек көз тігуіне болатын, ал қызметші қыздар есепке мүлдем алынбайтын. Бірақ ешкімді де назарынан тыс қалдыруға болмайды, себебі құрғақшылық қарап жатпайды.
Сюань-цзунь билік құрған кезде құрғақшылық мүлде болмаған деп топшылауға болады. Бұл билеуші тарихқа аса әйелқұмар адам ретінде енген. Ондаған тарихи шежіренің деректеріне сүйенсек, ол билік құрған кезде гаремде 40 000-ға жуық әйел тұрған, бұл оның лауазымы бірдей әріптестерімен салыстырғанда адам айтқысыз көп еді, басқалар әдетте бір-екі мыңнан астам сұлуларды сирек ұстайтын.
Иә, дәрежелер санағы императордың төсегіне жата алатын әйелдердің санының жүзден шамалы асуына мүмкіндік беретін, бірақ мәселе мынада еді: нақсүйерлердің және олардың сан жеткісіз қызметші әйелдерінің бүкіл тобырынан басқа сарайда ықтимал дәреже алуды күтіп жүрген қыздар да тұратын. Осы қыздардың басым көпшілігі императордың өмір бойы көзіне ілінбеуі де мүмкін еді, тек анда-санда ғана бәрінен хабардар евнухтардың көмегімен гареміндегі бикештердің ішінен ерекше біреуін тауып алуға тырысатын. Әрине, егер денсаулығы жетсе ғана, өйткені, қайталап айтайық, дәрежесі бар әйелдерді назарынан ұзақ уақыт бойы тыс қалдыру әдепсіздік әрі тылсым құпия жағынан қауіпті іс болатын: құрғақшылық туралы ұмытпайық, және тіпті ресми нақсүйердің қанағаттандырылмай қалған құштарлығы да елдің басына келген неше түрлі қиындыққа, айталық, шегірткенің қаптауына, желшешек індетіне және басқа да қорқынышты жайттарға айналуы мүмкін еді.
Сондықтан, императордың гаремі үшін сарайдағы евнухтар қызметі таңдап алған бикештердің басым көпшілігі ондаған жылын өздері сияқты мыңдаған қыздармен бірге кілемшенің үстінде жабырқап отырып өткізетін, содан кейін қызды демалыс құжаты мен аз ғана сыйақы беріп, ата-анасына немесе мүлдем еркіндікке жіберетін.
Бірақ егер император оны тым болмаса бір рет өзіне шақырса – демек, бәрі де жақсы деуге болатын еді. Оған тым болмағанда әйтеуір бір дәреже тиесілі. Айтарлықтай теріс қылық жасамаса, оны сарайдан қуып жіберу де, дәрежесінен айыру да мүмкін емес, сондықтан, жанына жақындап қараған кезде ол сүреңсіз қолтырауынға ұқсаса да, император оған жылына кем дегенде бірнеше рет барып тұруға мәжбүр болатын. Ал бармаса, сарай адамдары құлағының құртын жеп, содан кейін Аспан асты елінің барлық қасіретін соның мойнына артар еді.
Сондықтан жасы келген императордың жаңа нақсүйердің орнын алатын үміткер бикешті аса тәптіштеп таңдағанына таң қалмау керек, әне, тіпті моншада да сығалап қарауға ұялмаған.
Ал Ян руынан шыққан жетім қыз – Даос монах әйелінің оның жүрегіне терең ұялағаны соншалық, оған бірден «гуйфей» – «асыл нақсүйер» деген ең жоғары дәреже берілді, бұл императордың зайыбы деген атақтан кейінгі екінші орын болатын. Императордың зайыбынан айырмашылығы, әсіресе әңгіме төсек қатынасы жайында емес, жан дүниесімен бөлісу, достастық әңгіме-дүкен құру және бірлесіп музыкамен айналысу туралы болса, гуйфей мемлекет басшысыың жанында өте көп жүре алатын еді.
Сюань-цзунь музыканы жан-тәнімен сүйетін, ал Ян-гуйфей бұрынғы гаремде де бірнеше ішекті аспапта ойнайтын теңдессіз музыкант ретінде танылған болатын (бәлкім, ол үрме аспаптарда да ойнаған шығар, бірақ бұл туралы сәл кейінірек сөз болады). Ян-гуйфейді императорға таныстырған кезде сарай оркестрі Сюань-цзуньнің өзі жазған музыканы ойнады. Ол «Кемпірқосақтан жайнаған киім, жарқыраған қауырсыннан бөрік киген» деп аталды.
Дәл осы музыка олардың махаббатының әнұранына айналды.
Ажырамас қос көгершін
Қос ғашық көне мәтіндерде ғажап жарқын бейнеде көрінеді (ал Ян-гуйфей туралы көптеген әңгімелер, ертегілер, шежірелер мен дастандар жазылған, олардың ішінде бүгінгі күнге дейін талай шығарма жеткен, ең әуелі бұлар – Бо Цзюйдің «Мәңгілік қайғы» дастаны (9-шы ғасыр), «Платан арасындағы жаңбыр» пьесасы (12-ші ғасыр), Цинь Чунь (11-ші ғасыр) мен Лэ Ши (10-шы ғасыр) шығармалары.
Міне, аулаға Чанъань астананың сарай бағында жуырда алғаш рет отырғызылған апельсин ағашының алғашқы жемісі әкелінеді (бұл жағдайдың климаттың орта ғасырлардағы ең қолайлы кезеңінің басында болғанын есімізге түсірейік, сол кезде ғаламшардағы температураның бірнеше ғасыр бойы жоғарылағаны соншалық, оңтүстікке тән өсімдіктер бұрын өздеріне бейімделмеген аудандарда тамыр жая бастады).
Екі апельсин қосарланып өскен, император мен гуйфей оларға сүйсініп, өз тағдырларымен ұқсастық табады, содан кейін қосарлы жемісті бірге жеп, сарай суретшісіне осы сәтті бейнелеуді бұйырады.
Міне, патша жұбының еркесі «Ақ киім киген қыз» атты тотықұс қырғидың тырнағына ілінеді де, Ян-гуйфей мен император бейшараның мәйітін жыртқыштан тартып алып, жерлейді де, үстіне жан тебірентетін жазуы бар зират тұрғызады.
Міне, императордың хабар беруші шебінің шабармандары оңтүстік жақтағы мың шақырым жерден жаңа піскен личи толы себетті гуйфейдің таңғы асына жеткізіп үлгеру үшін сәйгүліктерді эстафета арқылы жүйткітіп келеді – гуйфей соншалықты тез бүлінетін осы оңтүстік личи жемісін керемет жақсы көреді...
Ал қазір, міне, сарайға осыдан аз ғана уақыт бұрын отырғызылған тарғыл таушымылдық (жаңа, беймәлім дерлік және бұрын көрмеген гүл) әкелінуде. Гуйфей күлтелерге саусағын тигізеді, ал императорға күлтелерге оның бетін бояған опасы жұққан сияқты көрінеді, ал шенеуніктер басын иіп, ол дақтар күлтелерге мәңгі жұғып қалды, енді бұл бұтаға нақсүйердің саусағын тигізгенінің құрметіне ол әрқашан қызыл дақтары бар ақ гүлдермен гүлдейді деп ант-су ішеді.
Міне, олар түкке тұрмайтын бірнәрсеге бола ұрсысып жатыр, император ашу үстінде гуйфейді сарайдан қуып жібереді, содан кейін бір тәулік бойы өзін қоятын жер таппай, Гао Лиши оларды кездестіріп, татуластырғанша тамақ та іше алмайды, сонда ғана император өзін бұрын болмағандай дәрежеде бақытты сезінеді.
Ал мынау Янның елеулі теріс қылығы, тіпті қылмысы десе де болады. Шежірешілер бізге бұл жайында тұспалдап қана айтады. Императордың інісі, сымбатты князь Нин оған қонаққа келеді де, ағалы-інілі екеуі бақта сыра ішіп, тіпті шатырда ұйықтап та қалады, ал олардың қасында адал берілген Ян отырады...
«Ян-гуйфэй князь Ниннің күлгін нефриттен жасалған сыбызғысын байқатпай алды да, ойнай бастады. Чжан Ху бұл туралы мынадай өлең жазды:
«Ол бос тұрған Алмұрт бағында
Князь Ниннің сыбызғысында ойнады»i
Осы тұста император, әрине, қатты ашуланды да, Ян тағы да сарайдан қуылды, оның бүкіл отбасы гуйфейдің өзін-өзі өлтіргені туралы бұйрықты қорқыныштан қалтырай күтумен болды. Қазалы бұйрыққа қол қоюға императордың қолы бармай отырғанда, оған гуйфейдің хатын әкеп береді. Онда гуйфей өзінің кінәсін мойындап, қазір-ақ өзіне өзі қол салып, түкке тұрмайтын өмірін қиятынын, бірақ қош айтысу ретінде императорды талай рет сүйсіндірген затты жіберуден бас тарта алмайтынын жазады. Сол кезде шиыршықталған қағаздың ішінен бір тұлым қара шаш сусып түседі. Осы тұлымды көргенде император еңіреп жылап жібереді де, мейлі, кінәлі болса да Янды өзіне дереу қайтаруды талап ете бастайды. Қылмысы түгелдей ұмытылып, кешірім жасалды!
Біз Ян-гуйфейдің келбетінің қандай болғанын білмейміз, себебі деректердің бәрінде ол қытайдың сұлу қызын сипаттаудың дәстүрге айналған классикалық жолымен бейнеленеді – денесі лалагүлдей аппақ, шашы қара бұлттай, қасы құбаталдың жапырағы сияқты және т.с.с.
Дегенмен оның келбетінің нақты бір белгісін біз анық білеміз.
Бір күні император мен гуйфей Пыр-пыр ұшқан Қарлығаш атанған император әйел туралы көне хикаяны тыңдады. Ол жұбайына арнап бақшада би билеген кезде, салмағы мысқалдай сұлуды жел ұшырып кетпеуі үшін оны белдікпен бесікке байлап қояды екен.
Сені ұшырып әкету үшін қандай алапат дауыл керек болатыны туралы ойлаудың өзі қорқынышты – деді император гуйфейге қарап...
Ян-гуфей өте қатты өкпелеп қалды деп жазады. Өйткені ол шын мәнінде әжептәуір толық болатын. Бұл Қытайдың дәстүрлі сұлу қызына тән емес еді – олардың бәрі әрқашан жас шыбықтай бұратылған, мамықтай жеңіл келеді.
Есесіне бұл тарихи шындыққа өте ұқсас.
Су сауылдап ақты...
Император Ян-гуйфейді барынша еркелетті. Бірақ, егер ол император жайларының сән-салтанатын мейлінше пайдаланып ғұмыр кешіп жатса, іс жүзінде сарайдың әйелдер тұратын жайларының тұтқыны болған оған осы мыңдаған киім-кешек пен алтын әшекейдің қажеті қанша еді?
Оның есесіне Ян өзінің туған-туыстарына – апа-сіңлілері мен немере бауырларына көңіл бөлінгеніне қуанатын, себебі кезінде олардың арасында бақытты балалық шағын өткізген және оларды шын жүректен жақсы көрген, сірә. Ол әпкелерімен үнемі кездесіп, аға-бауырларымен хат жазысып, бамбук перденің сыртынан әңгімелесіп жүрді. Сарайдағы жүйкесі жұқарған қызғаншақ жандармен салыстырғанда – бұлар әрқашан да оның сөзін сөйлейтін туыстары мен жақындары болатын. Сонымен, Ян туған-туысқандарынан жанын аямайтын.
Янның отбасына шендер, дәрежелер, шаруа қожалықтары, үй-жайлар, асыл тастар селдей ақты. Олардың кез келген шағымы гуйфейдің жүрегін ауыртты, бұл императорды да ашуландырды, себебі ол осы отбасына құрмет көрсетпеуді өзін қорлағандай қабылдады. Сондықтан осыдан он жыл өткенде ауқымды Ян әулеті Аспан асты елін уысында мықтап ұстады да, оларға қарсы тірі жан бір сөз айта алған жоқ.
Сюань-цзунның да өз сүйіктісі болды, ол әскери қолбасшы Ань Лушань еді. Одан кейінгі зерттеулерде ол біресе қидан деп аталады, біресе Соглиана тұрғындарына жатқызылады, біресе түркі деген атауға ие болады.
Қытайлар үшін ол жай ғана «солтүстіктен келген шетелдік» болатын.
Ань Лушань жирен, толық, ақылды және дөрекі болды. Өз тайпаластарының жасақтарын басқара жүріп, ол Қытай әскерінде биік шендерге жетті, дөрекі қылықтарымен, орынсыз әзілдерімен және маскүнемдікке тоқтаусыз салына алатынымен даңқы шықты. Император оны өзінің қылжақбасы ретінде жақсы көрді, тіпті бір күні көңіл көтеру үшін Ань Лушанды Ян-гуйфейдің асырап алу рәсімінің ресми түрде өткізілуін талап етті, себебі «оның халқының балалары әкесін білмейді, тек анасын ғана біледі, сондықтан анасына адал екеніне ант берсін».
Содан бері Ань Лушань гуйфейдің жеке жатын бөлмесіне кез келген уақытта баса-көктеп кіре алатын, императордан кейінгі екінші ер адам болды. Әрине, бұл олардың нағыз қарым-қатынасы туралы сан-саққа жүгірген қауесетке жол ашты, бірақ император бұл сыбыстарға назар аударған жоқ. Ол Гуйфейді сүйетін, ал Ань Лушань өзінің оспадар қылығымен, әзіл-қалжыңымен және сарайдың басқа тұрғындарына мүлде ұқсамайтынымен оның күлкісін келтіретін.
Содан кейін Ань Лушань өз әскеріне ұзақ уақытқа аттанды да, 755 жылы көтеріліс бастап, туының астына бірнеше провинцияның қытайларын да жинады.
Халық арасында бірден сыбыс тарады. Бұл өз өкілдерінің бірі: адамдар соншалықты жек көретін батыл, көркем әрі ашкөз Ян-гочжунды таққа отырғызу арқылы императордың отбасына осындай жолмен кіруге тырысқан Янның әулетінің айтуымен істелді деген сөз шықты.
Ал бұған кінәлі – өзінің нәпсіқұмар «инь» энергиясымен императорды өзіне бағындырып, Аспан асты елінің ұстанымдарын бұзған гуйфей, өйткені осыған дейін айтылғандай, әйелдердің осы стихиясы кез келген тәртіпке қарсы.
Чанъань құлады, император бір топ жақындарымен қашып кетуге мәжбүр болды. Мэвэй пошта бекетінде босқындардың соңына еріп жүрген сарбаздар бүлік шығарып, нөкердің құрамында келе жатқан Ян-гочжунды өлтірді де, императорды бірнеше сарай адамымен бірге қамап қойып, «зұлымдық түбірін» жоюды талап етті.
Көк құдайы сақтасын, олар императордың киелі басына қол жұмсамайды, бірақ гуйфейді өлтіру керек.
Император біраз жылап, аһылап-үһіледі, содан кейін Гао Лишиге гуйфейді аулаға, алмұрт ағашының астына әкеліп, жібек баумен қылғындырып өлтіруді бұйырды. Бұйрық орындалды. Ян-гуйфей қаза болған кезде 36 жаста, император 71 жаста болатын.
Содан кейін көтерілісті басу тағы екі жылға жалғасты да, осы қиян-кескі қырғында провинциялардың есепке алу кітаптарына сәйкес 20-30 миллионға жуық адам қаза тапты.
Императорды мұрагерлері биліктен шеттетті деуге болады. Ол көп уақытын Ян-гуйфей туралы қайғырумен өткізетін, басқа әйелдермен мүлде дерлік кездеспейтін және өлгендермен сөйлесе аламын деп ант-су ішетін даостарды өз үйіне шақыратын. Олардың біреуі тіпті о дүниеге дейін жетіп, сол жақтағы Яшма Сарайда қайта туған гуйфейді іздеп тауып алған, гуйфей ол арқылы императорға сүйіспеншілік сөздерін жолдап, алтын өкшесінің жартысын беріп жіберді және келесі жолы қайта туатын өмірінде міндетті түрде Сюань-цзунмен бірге «айырылмас қос көгершін» болуға уәде берді.
Осы тұста қазіргі заман оқырманында, әсіресе ол әйел оқырман болса, аса қатты мәдени үйлесімсіздік басталады. Өйткені қазіргі заманғы оқырман әйел ағаштың астында сүйгенін қалай дарға асуға болатынын ешқашан түсінбек емес! Мейлі, қартайған император қолға семсер ұстай алмаса да, бәрібір сүйіктісі үшін күресуі керек еді! Ал осыдан кейін оған о дүниеден топылайының өкшесі мен махаббат хаттарын емес, түн сайын түсінде бақыртып, ұйқысынан шошытып оятатын бір нәрсені жіберу керек!
Себебі қазіргі заманның оқырманы бақытына орай сол дәуірде өлімнің қаншалықты дәрежеде үйреншікті және барлық жерде орын алатын тіршілік элементі болғанын, өлім жазасына кесу туралы таусылмас бұйрық беретін императорлардың қаншалықты қатыгез жағдайда өмір сүргенін түсінбейді. Және де, иә, аласұрған қаһарлы сарбаздар тобының қолынан әйтеуір өлгеннен гөрі тез қылғынып өлген әлдеқайда жеңіл болары анық еді.
Әйтсе де, қазіргі заманғы оқырман әйелге айтарымыз: нұр жауған әрі талғампаз Хэйан дәуірінде соғыссыз және өлім жазасынсыз өмір сүрген 9-11-шы ғасырлардың жапондары да мұны сіздер сияқты түсінбес еді. Оларды император мен сұлу қыздың махаббаты туралы хикая қатты шабыттандырды, бірақ мүлдем ұнаған жоқ және оның соңы түсініксіз болды. Сондықтан Жапонияда гуйфей туралы аңыздар мен пьесалар әрқашан гуйфейдің Жапонияға қашып кетіп құтылғандығы және сол жерде Ехики есімін алып, ұзақ жылдар бойы баршаның махаббаты мен сүйінішіне бөленіп, бейбіт әрі бақытты өмір сүргені туралы әңгімемен аяқталатын.
Неліктен жапондардыкі дұрыс, яғни осы махаббат хикаясы дәл осылай аяқталды деген шешімге келмеске?
Өйткені хикаяның шындыққа жанасатын нәтижесі тым мұңды және жиренішті.
Әйтсе де, одан да бір жақсы жайттарды табуға болады. Егер аса тырысып көрсе.
Мысалы, гуйфейдің мәйітінің сарбаздардың алдына қойылғаны белгілі, сөйтіп олар зұлымдықтың түбірімен жойылғанына көз жеткізуге тиіс еді. Сол кезде әлдебір айлакер қайыршы кемпір мәйіттің жұп-жұқа шұлық топылайын шешіп алып үлгерген. Содан кейін ол шұлықты қалаған адамның бәріне көрсеткені үшін ақы алып жүрді де, ақыр соңында байып, үй сатып алды, сөйтіп енді қайыр сұрауға тиіс емес еді.
Сондықтан бүл хикая соншалықты жаман аяқталған жоқ, солай емес пе?