Гректердің жалаңаш денесінен, ауа өткізгені былай тұрсын аса сапалы, жанбайтын матаға дейінгі жолмен адамзат біртіндеп чемпиондарын киіндіруді меңгеріп келеді. Олимпиада формасының тарихы — қысқа шолуымызда.
Материал Global Nomads Awards және Abu Dhabi Plaza қолдауымен жарық көрді
Өткенді зерттеуге талпыну — әлемді сүзгі арқылы қарастырғанмен бірдей. Бізге қалғаны сансыз сәуле түсірер тесіктерді біріктіретін қараңғы тұңғиық қана. Ежелгі әлемдегі бірде бір оқиға, бірде бір құбылыс жайлы түсінігіміз толық дерліктей емес — бар болғаны көбіне даулы боп келетін жекелеген фактілердің жиынтығы ғана.
Кейде әдеттен тысқары жағдайлар да болып тұрады. Мысалы, бірінші мыңжылдықтағы Ойындардың олимпиадалық спорт киімдері тарихы өте айқын. Біз олардың қандай болғанын өте жақсы білеміз. Ешқандай. Өйткені спортшылар түбегейлі жалаңаш болған. Климаты ыстық өңір мен матаны өсіру мен өндіру ісі ауыр еңбекті талап ететін дәуірде бұл енді табиғи жағдай еді. Киімді жыртып алу мен бүлдіріп алу ықтималы жоғары әрекеттер жиі жасалатын жағдайларда шешіп тастау дұрыс шешім саналды. Сондықтан гимнастикалық мектеп-палестраларда жаттығулар мен кез келген сайыс түрлері дәстүрлі түрде жалаңаштануды талап ететін. Қоғамдық әдепке қатысты айтар болсақ, мұнда мәселе тым қарапайым жолмен шешілді — әйелдерді өлім жазасынан қорқып ойындарға жібермейтін.iОйындарға заңды түрде қатысқан жалғыз әйел Деметр құдайшаның абызы саналатын әйел болды, ол да болса кейбір жарыс жеңімпаздарына марапат ұсынған еді Олимпиада чемпионының қызы, қарындасы әрі анасы болып келетін Ференика Каллипатерамен байланысты оқиға белгілі, ол жарыстарды көруге ер адамның киімімен келген — оны ұстап алады, бірақ туыстарының еңбегін ескеріп, кешірім жасайды.
Ежелгі форма түрлері
Дегенмен кейбір спортшылар сол уақыттың өзінде де киімнің қандай да бір элементтерін киіп те жүрді. Жұдырықтасатын спортшылар жұдырықтың буынын қайыспен орап алатын, мұны қазіргі бокс қолғабының атасы деуге болады. Гоплиттердің сайысы қалқан, дулыға және қанжармен жүгіруден тұратын. Сосын, әрине, ұзын хитон көйлек кигендер арбамен жарысатын, олардың киімі ат иесіне бекітілген түспен боялатын. Әділін айту керек, арбакештің өзі ойынға қатысушы саналмайтын — сайысқа түсетін де, ұтатын да аттың иесі еді.iiМіне дәл осы Ойындарға сырттай болса да әйелдер қатыса алатын. Б.з.б 4 ғасырда жылқыларды өзі бағып, өзі жаттықтыратын әрі керемет төрт аттың иесі болған спартандық әйел — Кинисканың олимпиада ойындарының чемпионы атанғаны белгілі
Антика ойындары, арасында үзіліспен болса да өткізіліп тұрғанын есепке алғанда, б.з.д. 8 ғасырдан б.з. 4 ғасырына дейін жалғасты. Христиандық мұндай дәстүрдің жолын кесті, себебі, ойындар пұтпарастық құдайларына құрмет көрсетудің бір формасы саналатын. Ойындардың сақталған жалғыз бөлігі арбалармен жарысу болды — бұл жарыстарға Византия тұрғындары тым көп ақшасын, уақыты мен энергиясын жұмсайтын. Арбакештердің киімінің түсі біртіндеп партияларға, соның ішінде саяси талаптары да бар партияларға өзгеретін жанкүйерлер тобының символына айналды. «Көктердің» «жасылдармен» күресі кейде тіпті тұтас Константинопольді дүр сілкіндіретін, ал қаланың «бөтен» аудандарында «ұнамсыз» түстегі киімдермен жүру, шамамен дәл қазіргі күні «Тотенхемнің» символикасы бар формамен «Арсенал» жанкүйерлерінің кварталында қыдырып жүргенмен бірдей ойсыз әрекет саналатын.iғасырлық жекпе-жек тарихы бар британдық футбол клубтары
Византиядағы дәл осы жарысқыш партиялардың түсі келешектегі спорттық форма революциясының түп атасы болып шығуы кәдік.
Өмірге арналған киім
Антикада қаладағы бұқаралық спортты туғызған прото дәуір, соны туғызған әлеммен бірге жойылып кетті. Бұған қоса, Ортағасыр өркениеті «мәдениетті» әрі қалалық болған сайын спорттық жарыстарға азырақ орын бере бастады. Дала халқы келешек жауынгерлерді ат жарыс пен күрес түрлеріне баулып келсе, білімді қала қытайы мұндай тұрпайы әдеттерге жиіркенішпен қарайтын. Француз немесе ағылшын ауылдарында жұдырықтасатын сайыстар мен жүгіруден жарыстар өткізіліп тұратын болса, ақсүйектер мен буржуа өкілдері мұндай жын соққан ойындардың жолын кесу ісінде үнемі священниктерді толық қолдайтын. Даңқты, тәжірибелі жауынгерлер арасындағы қатаң ережелерге бағынатын турнирлік жарыстар немесе садақшылар арасында сирек ұйымдастырылатын сайыстар — максимум рұқсат етілген спорт түрі еді. Жаттығуды әскер лагерінде өткізу керек болатын, ал соғысу — тек дұшпанмен. Қалғанының барлығы сайтанның азғыруы. Орта ғасыр жапон мен 14 ғасыр христиандық Еуропадағы тұрғынның «доппен не шармен» ойнайтын ойындарға қатысты көзқарасы таңғаларлықтай бірдей — екеуі де оны сандалған әрі әдептен жұрдай дүние деп санайды. Әсіресе, әңгіме әйелдерге қатысты болса.
«Ал енді сарайдағы жасы үлкендеу сегіз ханыммен бірге орта және кіші жастағылардан да сегіз-сегізден жинап, оларды аяқ добын тебетін бойжеткен ойыншы етіп киіндіріп Померанц сарайында доп ойнап жүргенін билеуші Камэямаға тамашалатсақ қалай? Өте қызық болар еді деп ойлаймын!
Қандай ұятқа қалдық десеңізші! Әйелдердің барлығы жылап жіберердей болып қолдан келгенше доп тебуден бас тартумен болды, дегенмен жасы үлкен ханымдардың ішінен билеушінің сарайдағы ханымы Син-Эмонноскэ шығып, жағдайды реттеді. Ол допты сондай шебер ойнайды екен, допты ойынға қосу соған артылды — кейде осындай жағымсыз міндеттің өзі сәттілікке сеп болатын көрінеді...»iНидзе. «Ешкім сұрамаған повесть» (14 ғ.)
Еркіндік — еңбекте
Мәселе христиандыққа да, исламға да, тіпті конфуцийлікке де бірдей терең орнығып қалған жалаңаштану мен еркін қимыл атаулыға деген жеккөрінішке ғана тіреліп тұрған жоқ. Көпшілік алдында туфилінің шетін немесе бейкүнә бұрымын көрсетудің өзінен қорқатын аскеттік пен әдеп билеген дәуірде, етегін санына дейін түріп тастап, көйлегінің алдын беліне жетеғабыл ашып тастап шаруа әйелдердің шөп шауып жүруіне ешкім қарсы болған емес. Туыс болып келетін әйелдерден, тіпті қызметшілерінен бет-жүзін жасыратын шығыс ханымдары әурет жерін ғана жабатын лыпамен су түбінен маржан мен балық атаулыны аулауға түсетін балықшы ер мен әйелді көргенде қымсына қоймайтын. Исламның қатаң нормасымен өмір сүретін Пенджаб тұрғындары тауда малшылықпен айналысатын қауымның қысқа жең белдемшемен, кейде тіпті ер адамдардың киімімен ешкі бағып жүргенін сөкеттік көрмейтін.
Себебі ауыр физикалық еңбек барынша ыңғайлы, қимыл-қозғалысты тежемейтіндей киімді талап ететін — мұны сол кездің өзінде барлығы түсінетін. Жұмыс жететін, өлгенше жұмыс істеу көп адамға норма саналатын қоғамда, қозғалысты үнемдеуді білдіретін әрекет етпеу, қимыл-қозғалыс жасамау мүмкіндігі — игілік саналды. Ауыр да көп қабатты киімге оранып қозғалыссыз үйде жату — жоғары таптың ең жақсы көретін ісі еді. Әскерилерге арналған жаттығуларды есептемегенде, спорт бұл концепциямен мүлдем сәйкеспейтін, осыдан болса керек жоғары тап өкілдері арасында әскери жаттығулар уақыт өткен сайын азая берген еді. Өркениет пен өндіріс күйі өзгерді. Ендігі кезекте шенеуніктер әскерилерді, есеп кітапшаларына үңілген кеңсе қызметкерлері — шөл мен теңіз жолдары арқылы сүрлеу салатын саудагерлерді ығыстырды.
Күн, ауа және су
Бұқаралық спортты ағылшындар ойлап тапқан делінеді. Тұрақты түрде ерлердің жаяу аңшылық етуі мен екі жыныстың да ұзақ уақыт серуендеуі, шынымен де, ең алғаш дәл осы елде «жоғары тапқа лайық өмірдің» міндетті элементі саналды. «Денсаулық — қимыл-қозғалыста» дейтін идея, дегенмен, Италияның да, Швейцарияның да, Францияның да және араб елдерінің де биік саналы тұрғындарының ойын бірдей жаулап алған-тын. Себебі бұл пікір гимнастика мен басқа да жаттығуларға біршама бет арнаған Антика авторларының еңбектерінен алынып еді, өйткені «дені саудың — жаны сау». Нәпсіні тыю мен аскетизмді жақтайтын христиандықпен, әрбірден соң исламдық көзқараспен қабыспаса да, жаңа қоғамға бұл идея шамамен 16 ғасырда орнығып, күшейді, ал 18 ғасырда ортақ игілікке айналып үлгерді. Жаңа өркениет спортты, дененің антикалық гармониясы мен мінсіз денсаулықты қатты қалады.
Десек те бұл өркениеттің әдебі мен салты спортпен үйлеспейтін. Ханымдардың корсет, кринолин, шлейф пен турнюр секілді киім-кешектері ыңғайсыздығы жағынан ерлердің гардеробындағы шұлық, парик, қысып тұратын галстук, ілгекті кеудеше атаулыдан асып түседі демес едік.
19 ғасырдың басы мен 20 ғасырдың бірінші ширегіне дейінгі аралықта өткен «спорт костюмдерінің» эволюциясына зер салу ерекше қызықты. 19 ғасыр басындағы ханымдарға арналған жүзу костюмі бәтіңке, шұлық, көйлек, корсет пен шляпадан тұратын! Жабысып тұратын ерлер корсеті спорт киімі ретінде 20 ғасырдың басына дейін қалмай жетті.
Ойындардың қайта оралуы
1896 жылы жаңа тарихи кезеңде Олимпиада ойындары алғаш рет өткізілген уақытта,iАфинада өтті спорттық киімнің біртектілігі жайында, тіпті стандарты жайында да әлі ештеңе айтылмап еді. Кейбір командалар, мысалы АҚШ құрамасы, жеңіл атлеттері мен теннисшілері үшін формасы бар әрі ыңғайлы бірдеңе тігіп еді, ал барша қатысушы елдердің велосипедшілері жарыс шеңберіне не табылса соны киіп шықты — свитер мен мәйкі, тартылғысы бар бридж бен баулы тар шалбар, картуз бен тіпті қазандай шляпамен шыққандар да болды. Дегенмен сол жылдардағы ерлер спорт киімі белсенді қозғалысқа сәйкесетіндей сипат тапқандай еді.
Әйелдер киімі әлі де оңбайтын. Олимпиада аренасына әйелдер бірінші рет 1900 жылы шықты. Теннисші әйелдер ұзын киіммен ойнайтын, ал садақшылары корсетпен және ауыр турнюрлі киіммен өнер көрсетті. Жеңіл атлет қыздар шұлықпен, ұзын іш-киіммен қысқа белдемшемен жүгіріп секірді, жеңін секіргенде және түскенде көтеруге мәжбүр болып қиналған-тын. 1920 жылы атақты француз теннисшісі Сюзанн Ленглен кортқа Jean Patou маркасының ақ қысқа көйлегімен батыл түрде шығуына дейін жиырма жыл уақыт керек болып еді, теннисшінің бұл киімі ғасырларға алға кетіп әйел теннис формасының түпкі бейнесіне айналды.
Әрине, жарты ғасырға жуық уақыт әлі де болса әдеп сақшысы полицейлер қала жағажайларында жүзу костюмдерінің ұзындығын өлшеумен және тым қысқа түрсимен шыққан жүгірушілерді қамауға алумен айланысып келді, бұл енді егжей-тегжейге алып кететін әңгіме. Біртіндеп спорт киімдері қоғамдық нормаға айналды әрі әдепкі көйлектерге қатысты көзқарас түбейгейлі өзгерді, уақыт өткен сайын барлығы ыңғайлы әрі еркін бола берді. Ал 20-жылдары киім коллекциясына спорттық линейканы қосқан ең басты шебер — Коко Шанель болды.
Алғашқы міндетті әрі сәнді форма
Спорттық ойындар — көпшілік шара ғана емес, көпшілік ғажайып оқиға да. Жаңадан соғылған ірі стадиондар сансыз көп көрермен жинайды, ең соңғы қатарда отырғанының өзі аренада не болып жатқанын түсінгісі келеді. Отызыншы жылдары футбол мен басқа да ойындардағы командаларды бірдей формада шығаратын дәстүр қалыптасып үлгерді, бұл қиындықсыз ойын барысын бақылауға мүмкіндік берді. Олимпиада ойындары үшін де міндетті біртекті форманы енгізу қажеттігі жайында бірінші рет 1936 жылғы Берлин Олимпиадасында айтылды — белгілі жағдайларға байланысты бұл идея тек соғыстан кейін ғана Олимпиадалық хартияда хатқа түскен еді.
Қатысушы ел спортшыларын үш түрлі категориядағы формамен қамтамасыз етуге міндетті болатын ереже бекітілді — салтанатты (салтанатты шараға арналған), күнделікті (спортшылар Олимпиада қалашығында киетін) және спорттық (тікелей жарыстарға киетін). Әрбір ел дизайн мен стильді өзі таңдайды, бастысы белгілі бір спорт түріне арналған форманың техникалық регламентін сақтаса болғаны.
Осы шешім қабылданған алғашқы онжылдықта спортшыларды киіндіруге ең танымал сән үйлері таласты. Пьер Карден, Ив Сен-Лоран және басқа да сән әлемінің мэтрлері елуінші-алпысыншы жылдары олимпиада сән үлгісін жасаумен айналысты.
Жаппай нарық іске кірісті және жеңіске жетті
Дегенмен 80-жылдардан бастап сән үйлері олимпиадамен бірге қозғалуын доғара бастады. Бірнеше себеп бар — «спортшылардың» да, «сән мамандарының» да мұндай өзара салқын қарым-қатынасқа үлес қосуының себебі болды.
1. Биік мода әрдайым жасаған образының бірегейлігіне бәс тігетін — сондықтан ашылу салтанатына жүздеген спортшының біртекті әрленіп шығуы кутюрьенің (сән әлемінің шебері) имиджіне кері жұмыс істейтін.
2. Әдеттен тыс, көз қарықтырар ерекшелік, тіпті эпатаж қалыптағы көрініс — биік моданың көбіне маңызды элементі болып келеді, бұл командалардың көпшілігі тіпті салтанатты шараның өзіне әрдайым кигісі келетін спорттық киім атаулының жалпыға ортақ демократиялық стилімен үйлеспеді. Сай келу сән атаулының маңызды сипаты екенін барлығымыз білеміз. Маңызды түскі асқа джинс шалбар мен футболка киіп келген адам, мысалы фубтол матчына страусин шарфпен бриллиант тағып келген жаннан орынсыз демес едік. Утилитар әлемде инемен кескіндеушілерге орын қайдан болсын, жаппай нарық пен спорт киімдерін өндіруші фирмалар қойылған міндетті әлдеқайда жақсы атқарды.
3. Спорттық киім — бұл күндері қатаң регламенті бар өте жоғары технологиялық өнім, оны кроссовка немесе бобслей үшін костюм тігетін кәсіби өндірушілер бәрінен жақсы біледі. Дәл қазіргі кроссовкалар, жүзуге арналған киімдер немесе шаңғы костюмдері — әрбір элементі жүздеген сынақ арқылы апробациядан өткен күрделі құрылым. Ауа өткізетін, жарыққа қарсы матасы, ауа мен судың денеге жанасуын азайтатын беткі қабаты, қандай жағдай болмасын сөгілмейтін тігісі... Кутюрьеге дәл осы жағдайға қажет, білім базасы жәй ғана жетіспейді.
Сондықтан қазіргі күні сән үйлері таза декорациялық шешімдерге қатысты кеңесші бола алады — әдетте форманы спорт киімдері мен аяқкиімдерінің ірі өндірушілері тігеді.
Қазақстан формасы
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері спортшыларымыздың олимпиадалық формасы дәстүрлі түрде туымыз бен елтаңбамыздың түсіне жүгіне отырып жасалып келеді. Күн мен алтын тәріздес сары түс пен аспан көк түс 1996 жылғы қазақстандық формада да, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасындағы формада да, Токио-2020 жазғы ойындарында да болды. Дегенмен формамыздағы ұлттық мотивтер бұдан да нәзік талғаммен берілген кездер жоқ емес, мысалы, ZIBROO бренді 2014 жылғы Қысқы Олимпиадада командамыздың спорттық киімдерінің астарын петроглифтермен безендірді, ал орнамент ретінде дәстүрлі қазақ оюларын қолданды.
Ал соңғы жылдардағы дәстүр көрермендердің жүрегіне жылы тиді — ту ұстаушы топтың ерекше формасын жасау: қазақ тарихы мен мифологиясының белгілі бір бейнесін кескіндейтін киімдер.
Мәселен, 2018 жылғы Кореядағы Қысқы Олимпиада Қазақстан құрамасының туын «Алтын адам» болып сақ жауынгерінің кейпінде шорт-трекер, конькиші Абзал Әжіғалиев ұстады. 2020 жылы Жапония Олимпиадасында «Бақыт құсы» кейпінде жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев ту ұстап шықты. Пекин 2022 Қысқы Ойындарында конькиші Екатерина Айдова мен тағы да Абзал Әжіғалиев ту ұстап шықты. Олар қара мен алтын сары түс араласқан киімдерімен аңызға айналған сақ патшайымы Томирис пен ежелгі қазақ батырының образында тумен көрінді.
Материал Global Nomads Awards және Abu Dhabi Plaza қолдауымен жарық көрді