Орталық Азияның қазіргі саяси шекарасы, негізінен, 1924 жылы айқындалды. Шекараны қайта белгілеу өңірдің саяси картасынан бөлек, ұлт пен мемлекеттің арақатынасы туралы түсінікті түбегейлі өзгертіп жіберді. Оның неліктен солай болғаны және қалай жүзеге асқаны — дүрбелең дәуір тудырған таңғажайып оқиға. Советтік саясаттың парадокстерін де, Орталық Азия коммунистерінің ерен еңбегін де осы оқиғамен шендестіріп қарастыруға болады.
Совет ұлттық саясаты мен тәжірибесі
1917 жылы патша өкіметі құлаған кезде Орталық Азияның картасы шимай-шатпақ еді. Оның құрамында бес облысымен Түркістан генерал-губернаторлығы, Торғай және Орал облысынан тұратын Дала генерал-губернаторлығы, сондай-ақ Хиуа хандығы мен Бұхара әмірлігі бар-тын. Соңғы екеуін ресми түрде Ресейдің протектораты астындағы тәуелсіз мемлекет деуге болады.
Протекторат деген 19-ғасыр мен 20-ғасыр басында Еуропа елдерінің отарлау саясатында жиі қолданылған басқару түрі болғанмен, ол кезде Ресей империясы үшін жаңа тәжірибе еді. Ресей аймақтарды жаулап алған соң мынадай жағдайға байланысты протектораттар енгізді: біріншіден, Орталық Азияға қарай жылыстап бара жатқанын Үндістанға төнген қауіп деп қабылдаған Британияны ашуландырып алудан қорықты; екіншіден, жаңа жаулаған аймақтарды басқаруға қатысты шығындарын азайтуға тырысты.

Qalam редакциясы
Ол кезде бұл шекаралардың ешбірі аймақтағы халықтың нақты этникалық құрамын толық бейнелемейтін. Оның үстіне, патша өкіметі «ұлт» деген ұғымды ресми түрде мойындамаған. Совет өкіметі болса ұлт мәселесін мемлекет құрудағы ең маңызды элемент ретінде қарастырды.
1917 жылы большевиктер империя құрамындағы орыс емес халықтарға өзін-өзі билеу құқығын береміз деп жариялаған жалғыз ірі партия болды. Сондай-ақ ол алғашқы ресми құжаттарының бірі — «Ресей халықтарының құқықтары туралы декларация» қабылдады. Алайда таптар революциясын мақсат еткен партияның мұндай ұстанымы бір қарағанда парадокс болып көрінді.
Сол жылы бұрынғы Ресей империясының құрамындағы өзге халықтардың бас көтерер тұлғалары ұлттық автономия құру туралы талап қою мақсатында жұмылды. Сөйтіп, Орталық Азияда екі түрлі автономия құрылды: бірі — Семейдегі Алашорда, екіншісі — Қоқандағы Түркістан мұсылмандар қозғалысы. Мұны көрген большевиктер ұлттық талаптардың саяси маңызы барын және оларды елемеуге болмайтынын түсінді.
«Дала халқының сенімін жаулап алу керек, қажет болса екі, тіпті үш қайтара жаулау және біз империалистік пиғылдан ада екенімізді дәлелдеу керек» деп есептеген Ленинге большевиктердің патшалық режимнің мұрагері емес екенін көрсету аса маңызды еді. Большевиктер сонымен бірге Совет билігін орнату үшін орыс емес халықтарға өз тілінде сөйлеуге рұқсат беріп, жергілікті ұлт өкілдері арасынан советтік мекемелерге қызметкерлер тарту керек деп санады. Онысын «Ұлттандыру саясаты» деген атпен құжаттады. Бұл мақсатта ұлттық, тілдік және саяси шекаралар бір-бірімен сәйкес келуі керек. Кейінгі жылдары біраз сүрініп барып қайта тұрған жаңа режим бұрынғы империяның орыс емес халықтарына өз тілінде сөйлеу және ішінара саясатқа араласу құқығын уәде еткен аумақтық автономия жүйесін енгізді.

Қоқан, 1917 жылдың қарашасы. Қоқан автономиясын қолдаған демонстрация / https://mytashkent.uz/
Мұндай үдерістер жаңа Совет мемлекетінің басқа бөліктерінде де ішінара жүріп жатты. Украина, Беларусь, Армения, Грузия және Әзербайжан азамат соғысы жылдарында тәуелсіз болып, олардың шекарасы советтік саясат нәтижесінде емес, табиғи түрде қалыптасты деп айтуға негіз бар. Ал бұрынғы империяның қалған аумағына жаңа билік «советтік автономия», яғни коммунистер мен олардың одақтастары үстемдік ететін советтік органдардың басқаруындағы ұлттық автономия орнату саясатын жүргізді. Оның сипаты большевиктердің өзі «буржуазиялық» деп атаған, оларды аса жақтыра бермейтін ұлттық қозғалыстар құрған автономияға қарама-қайшы келеді.
Осылайша, Алашорданың орнына орыс тілінде Кирреспублика (Қырреспублика) деп аталған Қазақ автономиялық республикасы құрылды, ал Қоқан автономиясының орнына Ташкентте Түркістан автономиялық республикасы бой көтерді.
1920 жылы Қызыл армия екі протекторат үкіметін құлатып, орнына «халықтық советтік республикаларды» құрды. Соның нәтижесінде басқару аймақтарының жаңа күрделі жүйесі өмірге келгенімен, жаңа республикаларды қоспағанда, бұл жүйеде шекаралар мен халықтың сөйлеу тілі сәйкес келмеді.
Орталық Азиядағы ұлттық жобалар
Орталық Азияда бой көтерген ұлттық интеллигенция ұлт идеясын көтерді. Олар мұны туған халқын аман сақтап қалудың басты шарты деп білді. Қазақ зиялылары ата-бабасынан қалған жерін орыс переселендерінен аман алып қалу үшін ұлтты ояту міндетін мойнына алды. 1909 жылы ақын Міржақып Дулатұлы «Оян қазақ» атты әйгілі өлеңін жариялап, қазақтарды бас көтеріп, тоз-тоз болмай тұрғанда переселендер иемденіп жатқан жер үшін күресуге үндеді. Түркістандағы «жәдидтер» деген атпен танымал жаңаша ойлайтын зиялылар мұсылман қоғамын «оятып», ұлттың басын қосу үшін жаңа білім меңгеруге шақырды.

Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі. 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуірі аралығы / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан
Патшалық режимнің құлауы олардың көкейіне үміт шырағын жақты. Сол жылдың соңында екі автономияны қатар жариялау большевиктердің билікті жаулап алуына қарсылық қана емес, халықтар үшін жаңа өмір туғанының айғағы еді. 1917 жылдың жазынан бастап қазақ көсемдері Дала өлкесі мен Түркістан халықтарының басын бір саяси құрылымға біріктіруге күш салды. Жәдидтер 1917 жылға дейін «Түркістан мұсылмандары» деген сөз бүкіл қазақты бір арнаға тоғыстырады деп ойлады. 1917 жылы олар бүкіл Түркістан мұсылмандарына ортақ түркілік мұраны басшылыққа алып, түркішілдік (turkchilik) идеясына біржола көшті. Осы кезеңде ұлт туралы жаңа түсінік қалыптаса бастады. Оның негізінде «Орталық Азияның отырықшы халықтары біртұтас ұлттан тұрады, ол мұсылмандық мемлекет дәстүрлері мен биік мәдениеттен тамыр тартады» деген идеяға бекінді. Сондай-ақ олар өзін Темір әулеті дәуірінде дамудың шарықтау шыңына жеткен халықпыз деп санады. Жәдидтер үшін бұл өзбек ұлты басқа көшпелі көршілерінен тарихи және мәдени тұрғыдан ерекше болды.
1917–1923 жылдары Орталық Азиядағы зиялының бәрі ұлт туралы осы бір тың идеямен «ауырғаны» сондай — тіпті Коммунистік партия құрамында кіргендердің өзі сондай сенімде жүрді.
1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеу
1924 жылға қарай Орталық Азия аумақтық тұрғыдан Түркістан, Бұхара және Хиуа (кейін Хорезм деп аталды) деп аталған үш республикаға бөлініп, Совет өкіметі құрамындағы қалыптан тыс аймаққа айналды. Өйткені олардың аймақтық шекарасы мен тілдік шекарасы бір-бірімен сәйкес келмейтін. Совет одағындағы жалғыз даулы өңір Коммунистік партия үшін үлкен проблемаға айналды. Сонау 1920 жылы Ленин Түркістанды «территориялық-этнографиялық құрамына сәйкес» бөліп, «Түркістандағы ұлттық топтар» автономиялық республика болып ұйымдасуға мүмкіндік алсын деген еді. Алайда Түркістанды бақылайтын советтік билік әлсіз болып, жоба жүзеге аспай қалды. Мәселе тек 1924 жылы ғана қайта көтерілді.
Мәскеудегі ұйымдастыру бюросы «Бұхара, Хорезм (мүмкін болса) және Түркістанның партияға жауапты қызметкерлерінің жиналысын өткізіп, қазақ, өзбек және түрікмен облыстарын ұлттық белгілеріне сай межелеудің мүмкіндігі мен мақсатын алдын ала талқылауды» ұсынды.
Осылайша, Орталық Азия халқының күрделі этникалық құрамын реттеп, «біртекті» ұлттан тұратын жаңа республикалар құру мүмкін болады деп ойлады. Теория жүзінде Орталық Азияны ұлттық негізде межелеу бұл өңірді Совет мемлекеті құрамына толық енгізудің және оған советтік мемлекеттік құрылымның ортақ қағидаларын таратудың бір жолы еді. Сол кезеңде билік межелеуді Октябрь революциясы алға қойған міндеттерді толықтай аяқтайтын «Орталық Азияның екінші революциясы» деп сипаттадыiИ.Варейкис және И.Зеленский, Национально-государственное размежевание Средней Азии (Ташкент, 1924), 39.

Ташкент маңындағы қазақ (қырғыз) ауылы. 19-ғасыр соңы — 20-ғасыр басы / Қоғам игілігі
Межелеуге қатысты талқылар Коммунистік партияның қазанында ғана қайнады, ал келіссөздерге тек Түркістан, Бұхара және Хиуа коммунистік партияларының жоғары лауазымды мүшелері қатысты. Талқыны ерекше өкілеттігі бар орган — Ресей Коммунистік партиясының Орта Азия бюросы қадағалап отырды, ал Мәскеудегі Саяси бюро ең соңғы шешімді бекітті. Дегенмен бұл мәселеде Орталық Азиядан шыққан әртүрлі ұлт өкілінен тұратын топтың рөлі айрықша болды. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азия коммунистері осы процесте шешуші рөл атқарды. Партия жетекшілері, яғни еуропалықтар негізінен соңғы нүктені қоюшы болғанмен, дау кезінде жай ғана төреші (арбитр) болып отырды.
Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих жөніндегі мемлекеттік архивінде сақталған сол отырыстардың стенограммалары — сол дәуірдің маңызды тарихи куәлігі. Орталық Азияның партия көсемдері бір-бірімен тек территорияларға қатысты ғана емес, сондай-ақ «жергілікті топтың қайсысы қай ұлттың өкілі?» деген мәселеге қатысты да қызылкеңірдек дауласқан. Жалпы процесс жылдам аяқталған: жиын ақпанда өтіп, сол жылдың қазанында әлгі үш республика өз еркімен тарайды да, орнына жаңасы жарияланады.
Өзбекстан
Өзбек республикасын құруды Бұхара коммунистік партиясы ұсынған. Авторы Файзулла Қожаев — «бұхаралық жас жігіт», бас жәдидшілердің бірі Абдурауф Фитраттың жақын досы. Оның ұсынысында «өзбек халқы» бұрын Әмір Темір мемлекеті кезінде біртұтас ел болғаны, кейінгі ғасырларда «жекелеген бөліктерге ыдырап кеткені», соның салдарынан экономикалық құлдырауға ұшырағаны айтылады.

Файзулла Қожаев. 1921 жылдар шамасы / Wikimedia Commons
Өзбек республикасын құру осы дағдарысты еңсеруге көмектеседі деп санайды. Сондай-ақ ұсыныста республиканың астанасы Бұхара болса, оның құрамына «өзбек тілінде сөйлейтін түркістандық, бұхаралық және хорезмдік халықтар мен өзін өзбекке туыс санайтын халықтар кірсе» делінген. Ұсыныста көшпелі халықтарды — түрікмендер мен қазақтарды сақтап қалу мүддесі байқалмайды, дегенмен тәжік халқын қосып алу мәселесі нақты қарастырылған.
Қазақ жобасы
Орталық Азиядағы қазақ халқы Қырреспублика мен Түркістанның Сырдария және Жетісу облыстары арасында шашырай орналасқан. Сондай-ақ Бұхара мен Хорезм аумақтарында да өмір сүрді. Қырреспублика құрылған сәттен бастап-ақ Сырдария және Жетісу облыстарын құрамымызға аламыз деп талап қойды. Алайда межелеуге қатысты талас-тартыс басталған кезде республиканың бір де бір өкілі болған жоқ.
Қазақтардың мүддесін қорғаған басты тұлға Сұлтанбек Қожанов өзбектердің соншалықты талпынысына күмәнмен қарады. Алғашында ол межені Түркістан аумағынан бері сызып, Бұхараны шекара сыртында қалдыруға тырысты, себебі ол Бұхараны әлі толық советтендірілмеген қала деп есептеді. Қожанов сондай-ақ Түркістан шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан экономикалық тұтастық жоқ жерде саяси автономия өміршең бола алмайды деп санады. Сөйтіп, ол Түркістанды қазақ, өзбек және түрікмен деп үш ұлттық аймаққа бөлуді ұсынды. Бірақ олардың ортақ экономикалық құрылымын сақтап қалу қажет деді. Бұл аймақтарды федерацияға біріктіріп, орталық билікпен бірлесіп қатынас жасайтын жүйе құру керегін айттыiМұндай федерацияның үлгісі Армения, Әзербайжан және Грузияны біріктірген Закавказье Социалистік Федеративтік Советтік Республикасы болатын. Сонда екі түрлі қазақ құрылымы қатар өмір сүрер еді: біріншісі — Орталық Азия федерациясының құрамындағы қазақ республикасы, екіншісі — РСФСР құрамында бұрыннан бар Қырреспублика.

Сұлтанбек Қожанов. 20-ғасыр басы / Wikimedia Commons
Алайда федерация идеясы пікірталасқа қатысушылардан қолдау таппады және көп ұзамай Бұхараны шекара сыртында қалдыру мүмкін емес екені де белгілі болды. Сол себепті қазақ делегациясы басқа жоспарға көшті: олар енді Түркістан мен Бұхара қазақтарын бұрыннан бар Қырреспубликаға қосуды көздеді. Бұл республика аумағы «қазақ халқын және онымен мәдени-ұлттық байланысы бар қарақалпақтар, қырғыздар, құрама мен қыпшақтар толық немесе салыстырмалы түрде көбірек орналасқан аумақты» қамтуға тиіс едіiAdeeb Khalid, Making Uzbekistan: Nation, Empire, and Revolution in the Early USSR (Ithaca, 2015), 274 үзінді. Оның құрамына Жетісу және Сырдария облыстары мен Ташкент қаласы да кіруі керек-тін. Қожанов Ташкентке қатысты талабын Мәскеудегі партияның Орталық комитеті алдына барып қорғады.
Түрікменстан
Түрікмендер жағдайы айқын әрі оңай болды. Бұрынғы Закаспий облысы, түрікмен халқының негізгі бөлігі өмір сүретін өңір — Орталық Азиядағы этникалық жағынан мейлінше біртекті аймақ. 1921 жылдың өзінде-ақ бұл аймақ Түрікмен облысы деп қайта аталды. Түрікмен халқының едәуір бөлігі Бұхарада да өмір сүрді, сондықтан 1921 жылдан бастап республиканың орталық атқару комитеті жанында түрікмен бөлімі жұмыс істеді.

Қызыл әскер қатарындағы түрікмен атты қосыны. Полторацк (Ашхабад), 1920 жыл / Getty Images
Бұхара үкіметі мен түрікмен халқы арасындағы жағдай мәз емес еді. Түрікмен коммунистері өзбек және қазақ әріптестеріне күдікпен қарап, аймақта үстемдік орнатуы мүмкін деп қауіптенді. Сондықтан олар Орталық Азия федерациясы идеясын қолдамады және Түрікмен облысын Бұхара мен Хиуаға іргелес аумақтармен біріктіретін өз республикасын құру идеясын жақтады.
Межелеудегі мәселелер
Хорезмдік делегаттар межелеудің әуелгі сызбасына күмән келтіріп, Хорезм бөлшектеуге болмайтын біртұтас экономикалық құрылым деп мәлімдеді. Олардың қарсылығы тамыз айына дейін созылды. Ал түрікмен комиссиясы басынан-ақ Хорезмдегі түрікмен халқы болмаса, Түрікмен республикасын құрудың еш мәні жоғын ашық айтты. Оның үстіне, Мәскеудегі партия басшылығы Хорезмнің партиялық құрылымы мен үкіметін менсінген жоқ. Сондықтан Хорезм коммунистік партиясының таңдау мүмкіндігі болмады. Жан-жақтан жасалған қысымға төтеп бере алмай, амалсыздан республика өзін-өзі таратуы туралы қарар қабылдадыiAdrienne Edgar, Tribal Nation: The Making of Soviet Turkmenistan (Princeton: 2004), 56–58.
Орталық Азияның негізгі ұлттарының алғашқы тізіміне тек үш топ кірді. Оның ішінде қырғыздар болған жоқ. Сол кездің орыс әдебиетінде «қара-қырғыздар» деп аталған қырғыз халқы көбіне қазақтардың бір бөлігі деп қарастырылатын. Қырғыз белсенділері Алашорда қозғалысына қатысты, ал қазақ комиссиясы қырғыздарды тікелей Қазақ республикасының құрамына қосты.
Дегенмен қырғыз халқының бірегейлік сезімі әлдеқашан қалыптасып қойған еді және қырғыздарды өз алдына дербес топ деп танытқан ұлттық нарративтер 20-ғасырдың алғашқы шенінен басталатын. 1922 жылы бірқатар қырғыз коммунисі Жетісу мен Ферғана аумағының бір бөлігіне, Түркістан құрамындағы қырғыз автономиясы ретінде автономиялық «Таулы облыс» құруды жақтады. Осылай Қырғыз республикасының (сол кездегі Қазақ АКСР-і — ескертпе) Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақ республикасына қосу әрекетіне қарсы қадам жасады. Таулы облыс сол күйі құрылған жоқ. Бірақ қырғыз белсенділігі маңызды саяси факторға айналды.

Иманалы Айдарбеков, 1924–1925 жылдардағы Қара-Қырғыз революциялық комитетінің төрағасы. Портрет, 1920 жылдар. Авторы белгісіз / Wikimedia Commons
Дегенмен 1924 жылы қырғыз делегаттарының «даусы анық шықты». Олар қырғыздар қазақтарға мүлде ұқсамайды және жеке аумақтық бірлікке лайық деп, табандап тұрып алды. Бұл уәжді Орта Азия бюросының шенеуніктері қолдап, нәтижесінде Қырғыз автономиялық облысы құрылды.
Осыған ұқсас жағдай қарақалпақтарда да болды: басында оларды ешкім жеке ұлт деп таныған жоқ, сол үшін қазақ комиссиясы оны өз республикасының бір бөлігі деп қарастырды. 1924 жылға дейінгі деректерде қарақалпақтардың ұлттық деңгейде біріккенін көрсететін құжаттар көп емес. Бірақ межелеу туралы талқы кезінде бірқатар партия өкілі қарақалпақ жобасына қолдау білдіріп, олардың дербестікке әрі жеке аумаққа иелік етуге қақы барын алға тартты.
Тәжіктердің жағдайына да арнайы тоқталу керек. 1924 жылға дейін тек тәжік ұлты бас көтерген саяси қозғалыс туралы дерек өте аз. Оның үстіне, межелеу мәселесі енді талқылана бастағанда тәжіктердің мүддесін қорғайтын ешқандай өкілдік болған жоқ. Болашақ Өзбекстанның құрамында Тәжік автономиялық облысын құру туралы ұсыныс білдірген Файзолла Қожаев еді.

Советтік үлгілі сот процесі, Тәжікстан. 1925 жыл / cabinet.ox.ac.uk
10 мамыр күні Орталық Азия бюросының комиссиясы түпкі шешімін айтты. Ол Совет мемлекетінің құрамына одақ республикалары мәртебесімен Өзбек және Түрікмен республикасын кіргізуге, сондай-ақ Қырғыз және Тәжік автономиялық облыстарын құруға дауыс берді. Саяси бюро бұл шешімді 12 маусымда бекітті. Сонымен қатар Түркістан қазақтары жеке ұлттық республика құрмай, бұрыннан бар Қырғыз республикасына (қазіргі Қазақстанға) бірігуі керек деген қаулы шығарылды.
Жаңа республикалардың шекарасын белгілеу
Одан кейін осы құрылған республикалар арасындағы шекараны сызуға кезек келді. Бұл мәселе одан бетер даулы әрі ауыр болып шықты. Әңгіме қауіпсіздікте немесе этнографиялық-статистикалық мәліметтердің аздығында емес, ең әуелі ұлтты анықтау концепциясының күрделілігінде еді. Мәселен, Мәуренахр халқы бірнеше жергілікті топ өкілдерінен тұратын. Олар аймақтық, тайпалық және тілдік критерийлер жиынтығы бойынша анықталатын. Зиялы қауым өкілдерінен басқасы өзін үлкен бір ұлттың санатына жатқызу керегін түсінбейтін. Қарапайым халықтың этникалық бірегейлігін анықтаудың жүйесі шатасып кеткен еді. Мысалы, құрамалар «өзбек» пе, әлде «қазақ» па? Қыпшақтар кімдер? Ал моғолдар мен лақайлар ше? Ұлттық-аумақтық межелеу кезінде мұндай сан алуан топтың әрқайсын нақты бір ұлт санатына жатқызу өте қиын болды. Жекелеген топтардың арасындағы шекара да айқын емес еді. Мәселен, қарақалпақтар дербес ұлт па, әлде қазақ ұлтының бір бөлігі ме?

Бұхаралық тәжіктер. 1877 жыл / Gallica, Bibliothèque nationale de France
Бұл мәселелер этнографиялық білімге сүйеніп шешілген жоқ. Өйткені білім өте таяз еді. Оның орнына мұны межелеу ісіне қатысқан Орталық Азияның саяси шенділері өзара талас-тартыспен шешті. Кейбіреулері халықты бөліп алуға тырысты. 1924 жылдың жазында ел арасында биліктің шешіміне ықпал ету үшін қол жинау сияқты бірнеше науқан жүрді. Алайда бұл дауға қатысты мәселелердің соңғы нүктесін Саяси бюро қойды. Мәселен, ол бұған дейін төменнен түскен ұқсас арыз-талаптарды қарастырып келгенмен, қазақтардың Ташкентті аламыз деген дәмесін қайтарып тастады.
Межелеу салдары
Межелеу процесі сол кездегі ұлттарға қатысты дискурсты айқындап берді. Нәтижесінде Өзбекстан мен Түрікменстан атты екі одақтық республика; РКФСР құрамындағы автономиялық республика мәртебесі бар біртұтас Қазақ республикасы; Өзбекстан құрамындағы Тәжік автономиялық республикасы, сондай-ақ РКФСР құрамындағы Қырғыз және Қарақалпақ автономиялық облыстары құрылды. Осылайша, ұлттар ресми түрде танылып, өз аумағына ие болды. Ал құрама, қыпшақ, лақай, сарт сияқты басқа ұлттар саяси маңызын жоғалтты.

Советтік плакат. Жұмысшылар мен диқандар! 10 жылда жеткен жетістікті жоюға жол бермеңдер. Ташкент, 1927 жыл / Getty Images
1924 жылы сызылған шекаралар, негізінен, өзгеріссіз қалды. Кейінгі жылдары тек шағын «түзетулер» жасалғанмен, аймақтың жалпы конфигурациясы өзгермеді. Тәжікстан 1929 жылы, Қазақстан 1936 жылы одақтық республика мәртебесін алды. Қырғызстан 1926 жылы автономиялық республика, ал 1936 жылы одақтық республика болды. Қарақалпақстан 1932 жылы автономиялық республикаға айналды.
1924 жылы сызылған шекараларға қатысты бірден-бір ірі қарсылық бес жылдан кейін тұтанды. Тәжікстан басшылығы 1924 жылы тәжіктердің құқығы шектелді, тәжіктер қоныстанған негізгі жерлер Өзбекстанға қате берілді деп мәлімдеп, шекараға қатысты дау шығарып, талап қойды. Мәскеу Тәжікстанға Ходжент (Худжанд) округін бергенімен, Самарқан мен Бұхараға қатысты талабынан бас тартты.
