Шығыс майданның жиналу нүктесіндегі кеңестік әскери тұтқындар. Шамамен 1941 жыл / Alamy
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен миллиондаған кеңес сарбазын нацистер азаптап, қырып-жойды. Олар Сталин заманында да респрессияны бастан өткеріп, ондаған жылдар бойы іздеусіз қалды. Араларында қасіретті тағдыры ғылыми зерттеулер мен архив құжаттары арқылы енді ғана белгілі болып жатқан мыңдаған қазақстандық бар.
Кеңес әскери тұтқындарының қасіреті мен қара таңбасы
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен адамдардың тағдыры өте күрделі. Кеңес өкіметінің тұсында бұл мәселе толық ашылмай, жабулы қазан күйінде қалды. Ол кезеңде бұл тақырыпқа тек қана кеңес адамдарының нацистік лагерьлердегі ерлігін паш ету мақсатында мән берілетін. Себебі соғыс жылдары және майданнан кейін де тұтқында болғандарды «сатқындар» немесе «халық жауы» деп айыптады.
Десе де батыс, оның ішінде неміс ғалымдары кеңестік соғыс тұтқындарының тарихын зерттеуге ертеден кірісті. Бұл ретте Кристиан Штрайттың монографиясын нацистік лагерьлердегі адамгершіліктен аттаған озбырлықты бейнелейтін құжаттық негіздегі жылнама деуге боладыi
Кеңестік әскери тұтқындар концентрациялық лагерьде. Illustrazione Italiana журналының фотосуреті. №40, 1942 жылдың 4 қазаны / DE AGOSTINI PICTURE LIBRARY / Getty Images
Кеңес Одағы тараған соң неміс және орыс ғалымдарының еңбектері жарық көріп, онда «қырғи-қабақ» соғыс кезіндегі идеологиялық стереотиптерден арылған салмақты ғылыми пікірлерге орын берілдіi
Алайда бұл зерттеушілердің еңбектерінде қазақстандық тұтқындардың өмірі шет қалды, тіпті мүлде аталмайды десек те болады. Отандық тарих ғылымында Қазақстан лагерьлеріндегі неміс және жапон соғыс тұтқындарының жағдайы зерттеліп жатыр. Германия мен КСРО өкіметтерінің екі дүниежүзілік соғыстар кезіндегі тұтқындар мәселесіне қатысты саясатының жалпы мәселелері де өзімнің монографиямi
Тұтқынға түскен Қызыл әскер сарбазы. Шамамен 1941 жыл / Alamy
Соғыс тұтқындарының халықаралық-құқықтық мәртебесі және КСРО-ның одан бас тартуы
19-ғасырдың екінші жартысында соғыс жүргізудің ережелері және тұтқындардың құқықтары белгіленген халықаралық келісімдер басталды. Алғашқы келісім 1864 жылы 10 мамырда Австрия, Голландия, Ресей, Түркия, Ұлыбритания және Швеция арасында жасалды. Кейіннен бұл қатарға Еуропа елдерінің барлығы дерлік қосылды.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер 1899 және 1907 жылдары жасалған Гаага келісімдеріне сүйенген болатын. 1907 жылдың 18 қазанында қабылданған Гаага конвенциясында соғыс тұтқындарының статусы мен құқықтарын белгілеген арнайы бөлім бар. Сол соғыста Ресей тұтқындарының мүдделерін протектор-мемлекет ретінде Испания қорғады, ағылшын, француз, серб тұтқындарының мүддесін қорғауда протектор болған АҚШ-та орыс тұтқындарына жанашырлық жасады. Сондықтан тұтқындардың бәрі Гаага келісімі бойынша берілген құқықтарын пайдаланған еді.
Гаагада өткен Халықаралық тұңғыш бейбітшілік конференциясы. 1899 жылдың мамыр-шілдесі / Imperial War Museum / Wikimedia Commons
Бірінші дүниежүзілік соғыста сан мыңдаған тұтқынды азық-түлік және киіммен қамтамасыз ету, соғыс біткен соң елдеріне қайтару орасан көп қаржы талап етіп қоймай, тұтқында ұстау ережелерін жетілдіру қажет екенін түсіндіріп берді. 1907 жылғы конвенцияның 17 бабы аздық еткендіктен осы мәселені талқылау мақсатында Қызыл Крест Халықаралық Комитеті 1921 жылы конференция ұйымдастырды. Кезекті конвенцияның бұрынғы құжаттардан айырмашылығы — тұтқындардың құқықтары жалпы соғыс жүргізу ережелері мен заңдарынан бөлініп, жеке мәселе ретінде талданды. Барлық ел жіберілген жоба ұзақ талқылаудан өтіп, соның нәтижелерін бекіту және жаңа конвенцияны қабылдау үшін 1929 жылы шілдеде Женевада 47 мемлекет қатысқан конференция өткізілді. Сөйтіп 1929 жылдың 27 шілдесінде «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» арнаулы конвенция жасалды. Ол құжатта тұтқынға алынған әскерилердің репатриацияға дейінгі аралықтағы барлық құқықтары көрсетіліп, тұтқындаушы мемлекеттердің міндеттері толық түрде белгіленді (тұрмыс жағдайы мен құқықтары, жаралылар мен ауру тұтқындарды күту, тұтқындаушы жақтың мiндеттерi, тағы басқа бірқатар маңызды ережелер). Бұл тізімнің қатарын 47 мемлекет толықтырды.
Немістің 19-шы танк дивизиясы Беларусьтың Батыс Двина өзеніндегі Дзисна маңында тұтқынға алған кеңес әскери инженерлік бөлімшесінің офицері. Шамамен 1941 жылдың шілдесі / INTERFOTO / Alamy
Женева келісімі бойынша тұтқындар тіркеуге алынып, тізімдері протектор-мемлекетке (Швейцарияға) берілетін. Тұтқындар лагерін Қызыл Крест өкілдері тексеретін. Әрі оларға берілетін тамақ мөлшері тұтқындаушы елдің тылдағы әскери бөлімдерінде берілетін мөлшерден кем болмауы тиіс. Жаңа құжатқа сәйкес, тұтқындар туған елінен сәлемдеме алуға және Қызыл Крестен азық-түлік, витамин, дәрі-дәрмек алуға, тіпті лагерьдегі ауыр жағдай туралы арыздануға құқығы бар болатын.
Тұтқындағы кеңес сарбаздары. Қызыл әскер сапындағы әйелдер / Alamy
Германия бұл келісімге 1934 жылдың 21 ақпанында қол қойдыi
Харьков түбіндегі тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің легі. 1942 жыл / Sovfoto / Universal Images Group / Getty Images
Екінші дүниежүзілік соғыста Германияның кеңестік тұтқындарға деген көзқарасы алғашқы кезден-ақ бірден аңғарылды. Өйткені А.Гитлер Кеңес Одағына қарсы соғыста «бұл тек қарулы күрес қана емес, бұл — екі дүниетанымның қақтығысы»i
«Екі идеологияның күресі: большевизмді жоюға бағытталған әрекет әлеуметтік қылмыс болып табылмайды. Коммунизмнің болашақ үшін қаупі тым үлкен. Біз жауынгерлердің жолдастық бауырмалдығы қағидасын негізге алмауымыз керек. Коммунист ешқашан біздің жолдасымыз болған емес, болмайды да. Мұндағы әңгіме аяусыз жою жолындағы күрес туралы болып отыр», – деп жазадыi
Шығыс майдандағы тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері. 1942 жыл / Alamy
Кеңес Одағының халықаралық келісімдерге қол қоймауы фашистік Германияның оң жамбасына дөп түсті. Сол себепті «Барбаросса» жоспарына сәйкес 1941 жылы 16 маусымда алдағы соғыста кеңестік тұтқындардың тағдырын айқындайтын арнайы бұйрық шықты. Бұл құжаттағы нұсқауда:
«Большевизм Германияның қас жауы. Сондықтан Қызыл әскер тұтқындарына өте сақтықпен қарау қажет. Тұтқындардың, әсіресе азиат тектестердің зұлым келетіні ескерілсін. Олардың болмашы қарсылығының өзіне аяусыз әрі табанды тойтарыс беру керек. Кез келген белсенді наразылық жойылсын. Тұтқындарының бейбіт тұрғындармен және күзеттегі жауынгерлермен араласуына жол жоқ! Біздің қарсыласымыз 1929 жылдың 27 шілдедегі тұтқындарды бағып-күту туралы келісімін мойындамады»i
Ал бұл құжатта келтірілген келесі мәселелер халықаралық келісімдерге мүлде сәйкес келмейтін. Онда көрсетілгендей, соғыс тұтқындары шаруашылыққа емес, әскердің тікелей мұқтаждары үшін пайдаланылуы мүмкін еді. Әрі жұмысқа ақы төленбейтін. Офицерлер мен санитарлық құрам жалақы алмайтын, сондай-ақ қарулы күштердің ақпараттық бөліміне соғыс тұтқындары туралы деректер жіберілмейтін.
Тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері тауар вагонында. Беларусь, 1941 жылдың 21 қыркүйегі / German Federal Archives
Бұдан басқа да тыйымдарға тоқталсақ: тұтқындарды тамақтандыру арнайы бұйрықта көрсетіледі; оларды қорғаушы мемлекеттермен немесе көмектесуші ұйымдармен байланыс жасауға тыйым салынады; тұтқындаушы мемлекет алдында тұтқындардың мүддесін қорғауға өкілеттік алған сенімді адамдар тұтқындарға жіберілмейді; тұтқындарға қарсы қылмыстық сот ісін жүргізу Женева келісімімен шектелмейді. Бұл Гаага келісімінің 6, 7, 14, 15, 16, 17-баптарына, Женева келісімінің 23, 31, 34- 41, 43, 44, 77, 79-баптарына қайшы келетін. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде фашистер әскеріне де кеңестік тұтқындарға қатал қарау және аяушылық танытпау турасында бұйрық түседі. Алайда Германиямен қатар Кеңес Одағы да тұтқындарға қатысты халықаралық құқықтық ережелер мен заңдылықтарды сақтамағаны даусыз.
Концлагерьге бара жатқан кеңестік тұтқын сарбаздар. Украина, 1942 жылдың мамыры / Heinrich Hoffmann / Mondadori / Getty Images
Қырып-жою саясаты мен тәжірибесі
Соғыс басталған алғашқы айларда-ақ майдан, армия мен дивизия штабтары арасындағы байланыстар үзіліп, соның салдарынан мыңдаған жауынгер мен офицер қоршауда қалды. Сол уақытта оларды жаппай тұтқындау басталған еді. Жоғарғы әскери басшылық пен жергілікті бөлімдер арасында байланыс ажырап, жеке бөлімдердің іс-әрекеті дұрыс үйлестірілмегендіктен әскер бей-берекет кері шегінді. Мұның өзі қаза тапқан, жараланған, тұтқынға түскен немесе хабарсыз кеткен жауынгерлер жайында мәлімет жинап, штабтарға тапсыруға кедергі жасады. Бір ескеретіні, осы кезеңге қатысты неміс және кеңес мәліметтеріне сенім арту қиын. Өйткені идеологиялық насихатты үдеткен екі тарап нақты, ақиқат хабарлар бере қоймаған. Неміс ғылыми әдебиетінде де кеңестік тұтқындардың саны әртүрлі көрсетіледі. Иоахим Хоффманның зерттеуінде олардың жалпы саны 5,24 миллион екені, ал оның 3,8 миллионы соғыстың алғашқы айларында тұтқындалғаны айтыладыi
Тұтқындағы кеңес сарбазы. Неміс әскери тілшісі Штюкке салған сурет. 10.08.1941 жыл / INTERFOTO / Alamy
Ал неғұрлым толық мәлімет Кристиан Штрайттың еңбегінде берілген: 1941 жылдың желтоқсанында кеңестік соғыс тұтқындарының саны 3 350 000 адам, 1942 жылдың шілдесінде — 4 716 903 адам, 1943 жылдың қаңтарында — 5 003 697 адам, 1944 жылдың ақпанында — 5 637 482 адам, 1945 жылдың ақпанында — 5 734 528 адам болған. Үшінші Рейх лагерьлеріндегі 3,3 миллион кеңес тұтқыны, яғни барлық тұтқынның 57,8%-ы аштықтан, ауыр азаптан және түрлі жазалаудан қаза тапқан [1, 244–246 бб.]. Бірақ ресейлік деректердің шетелдік мәліметтерден көп айырмашылығы бар. Ресей Федерациясы Президенті жанынан құрылған А.Н.Яковлев басқарған Саяси жазалаулар құрбандарын ақтау комиссиясы осы мәселені зерттеу тұрғысында мынадай қорытындыға келген: «1941–1945 жылдардағы соғыс тұтқындары туралы нақты және сенімді мәлімет жоқ. Герман қолбасшылығы ресми мәліметтерінде 5,27 миллион деп көрсетеді, ал Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының дерегі бойынша, тұтқындар саны 4 миллион 59 мың»i
Дәрігер әйелдер немістер басып алған Великие Луки қаласындағы тұтқындалған кеңес жауынгерлері арасында. 1941 жылдың тамызы / Scherl / Süddeutsche Zeitung Photo / Alamy
Кеңестік соғыс тұтқындары алғашқы жылдары көп қырылды. Сондықтан 1941–1942 жылдың қысынан аман қалған тұтқындар саусақпен санаулы болатын. 1941 жылдың 14 желтоқсанында А.Розенберг Гитлермен кездескенде министрлікке генерал Китцингер келіп, кеңес тұтқындары қамалған лагерьлерде күн сайын 2500 адам аштықтан өлетінін айтты деп хабарлағанi
Шталаг 326 лагеріндегі кеңестік тұтқын сарбаздар. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 10 000 адам ұсталған. Шамамен 1941 жыл / CORBIS / Corbis / Getty Images
Соғыстың алғашқы айларында немістер кеңестік тұтқындарды түрмеге сыймағанын мектептерге, қираған кәсіпорындардың ғимаратына, ашық кен орындары мен сыммен қоршалған ашық далаға қамаған. 1941 жылдың шілде-қыркүйегінде осы секілді уақытша лагерьлерге тоғытылған тұтқындар жаппай қырыла бастады. Мысалы, 1941 жылдың 10 шілдесінде Тодт ұйымы мекемесіндегі Шығыс министрлігінің (Басып алынған Шығыс аймақтар жөніндегі министрлік) өкілі X. Дорш министр А. Розенбергке Минск лагеріндегі тұтқындардың адам айтқысыз ауыр жағдайы туралы:
«Минскідегі ауданы шамамен Вильгельмплатц көлеміндегі лагерьде 100 мың соғыс және 40 мың азаматтық тұтқын бар. Ғимараттың тарлығы сондай, бір-бірімен иықтасып тұратын олар орындарынан ешқайда қозғала алмайды. Тіпті табиғи қажеттіліктерін сол тұрған орнында орындауға мәжбүр. Лагерьді бір рота ғана күзетеді. Күзетшілер саны аз болғандықтан лагерьді толық бақылап тұру мақсатында аяусыз әдіс-тәсілдер қолданылады. Олар азық-түлікпен қамтамасыз етілмегендіктен 6–8 күн бойы аш отырады. Аштықтан ісінген олар талғажау етерлік тамақ табуды ғана ойлайды», – деп хабарлайдыi
Тұтқындағы кеңес жауынгері. Шамамен 1941 жыл / Süddeutsche Zeitung Photo / Alamy
Лагерьдегі жағдай адам төзгісіз еді. Таңнан қара кешке дейін ауыр жұмыс істейтін кеңестік тұтқындар бар-жоғы 1 300 калория қуаты бар тамақ ішетін. Әсілінде адам денсаулығы қалыпты жағдайда болу үшін күніне 3 000 калория қажетi
Шығыс майдандағы тұтқынға түскен кеңестік әйел жауынгерлер. 1942 жыл / Scherl / Süddeutsche Zeitung Photo / Alamy
«Түркістандықтар» трагедиясы
Кеңестік соғыс тұтқындарының ауыр жағдайы ғылыми әдебиетте көп зерттелді. Өкінішке қарай, азиялық нәсілді тұтқындардың, соның ішінде түркістандықтардың тағдыры арнайы жеке зерттелмей келеді. 1941 жылдың мамыр айында Германия Қарулы күштерінің (Вермахт) Жоғарғы штабы дайындаған «Ресейдегі әскерлер тобының тұғырнамасын анықтауға бағытталған нұсқаулар» дейтін құжатта нацизмнің нәсілдік теориясына хабар беретін:
«Қызыл Армия қатарындағы әскерлер мен тұтқындарға айрықша күдікпен, қатаң сақтықпен қарау қажет. Әсіресе азиялық жауынгерлер өте түсініксіз, қатал және зымиян болады», – деген ескерту жасалдыi
Бұл бұл ретте Гитлердің Азия өркениеті Еуропа үшін аса қауіпті деп сипаттап: «Енді не себептен қытайлықтар моңғолдардың шапқынынан қорғану үшін қорған тұрғызғаны түсінікті, бізге де Орта Азияның бұқарасынан қорғанатын алып қорған керек...», – деген болатынi
Екінші дүниежүзілік соғыстағы кеңестік әскери тұтқындар. Шамамен 1941 жыл / Süddeutsche Zeitung Photo / Alamy
1941 жылдың 24 шілдесіндегі бұйрықта Кеңес Одағы әскерінің қатарында тұтқынға түскен азиялықтарды Германия жеріне әкелуге тыйым салынды. Сондықтан олар жаулап алынған елдердегі лагерьлерге қамалды. Жоғарғы Қолбасшылық мұның себебін сырт түрі еуропалықтарға ұқсамайтын тұтқындар Үшінші Рейх жерінде ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге жарамайды деп түсіндірді. Cоғыс тұтқындарына қатысты саясатқа жауапты қызметкерлердің көпшілігі жоғарыда айтылған ескертулерден соң азиаттарға айрықша сенімсіздікпен қарадыi
Тұтқынға түскен кеңес сарбаздары. Украина, шамамен 1941 жылдың жазы / Alamy
Кеңестік соғыс тұтқындарының ұлттық құрамына қатысты мәліметтер жоқтың қасы. Генерал-полковник Г.Ф. Кривошеевтің жетекшілігімен бір топ авторлар дайындаған статистикалық жинақта бір ғана мәлімет бар: соғыстың аяғында және аяқталған соң тұтқыннан 1 836 562 адам қайтып оралған; оның 1 миллионға жуығы Қызыл Армия қатарына қайта шақырылған; 600 мыңы жұмыс батальондары қатарында өнеркәсіпке жіберілген; 339 мың адам тұтқын кезіндегі белгілі бір айыптары үшін Ішкі істер халық комиссариатының лагерьлеріне жіберілген; қайтып келгендердің қатарында 23 143 қазақ барi
Тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің легі. Шамамен 1941 жыл / Alamy
Неміс құжаттарында Қазақстан мен Орта Азия ұлттарынан шыққан соғыс тұтқындары «түркістандықтар» деген атаумен біріктірілген еді. Десе де тұтқындағы түркістандықтардың саны жайында мәліметтер аз және көпшілігі бір-біріне сәйкес емес. Бұл кеңес тұтқындарының көп қырылған уақыты — 1941–1942 жылдың қысында түркістандықтар арасындағы өлім-жітім өте жоғары болғанымен тығыз байланысты. Құрлық әскерлері Бас штабының өкілі майор В.Услар 1942 жылдың 1 тамызында генерал Э. Кëстринг және доктор Р. Нидермайермен Миргородта кездескен кезде оларға соғыстың алғашқы қысында 100 мың түркі тектес тұтқындардың 80%-ы қаза тапқанын хабарлағанi
Тұтқындағы кеңес жауынгері. Шамамен 1941 жыл / Alamy
Кеңестік тұтқындардың қатарындағы түркістандықтардың нақты саны көрсетілген мәліметті Германия Қарулы күштерінің Жоғарғы қолбасшылығының (Oberkommando der Wehrmacht) 1942 жылы Неміс Қызыл Крест қоғамына жіберген «Империя мен жаулап алынған жерлердегі аз халық өкілдері мен азиаттардың саны» деген құжаттардан көреміз. Үшінші Рейх, Балтық жағалауындағы елдер, Украина және Польшада орналасқан лагерьдегі тұтқындар саны бұл құжатта жеке ұлттар мен этностарға бөлініп қарастырылған. Үшінші Рейхтің әскери округтары, Әскери-әуе қарулы күштері, Балтық жағалауындағы елдер, Украина, Польша, Норвегия лагерьлерінде 1942 жылдың 1 сәуірінде — 17 561, 1 қарашасында — 41 410 түркістандық тұтқын болғанi
Қызыл әскердің тұтқынға түскен сарбаздары. Шамамен 1941 жыл / Alamy
Соңғы жылдарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі бойынша құрылған Мемлекеттік комиссия біршама жұмыс атқарды. Арнаулы архив қорларын зерттеу және жарияланған деректерді зерделеу нәтижесінде қазақстандық тұтқындар санын, олардың кейінгі тағдырын зерделеу бағытында бірталай нәтижелерге қол жеткіздік. Соның нәтижесінде 1939–1945 жылдары тұтқынға түскен 65755 қазақстандық жауынгер мен офицер туралы, тұтқында қаза тапқан 4082 қазақстандық туралы нақты мәліметтер анықталды.
Тұтқындағы кеңес жауынгерлері / Hulton-Deutsch Collection / CORBIS / Corbis арқылы Getty Images
Кеңес әскери тұтқындарының қасіретті тағдыры Екінші дүниежүзілік соғыстағы қанды қырғын мен аяусыз қылмыстың көлеңкелі ізі ғана емес. Сондай-ақ ол қатыгез саяси жүйе миллиондаған адамды еркіндігінен айырып қана қоймай, тұқымын тұздай отырып, халықтың жадынан біржола өшіре алатынын айғақтайды. Бүгін, одан бері ондаған жылдар өткенде ғана шындықтың беті ашылып, есімі ел есінен ұмытылған қазақстандықтар үшін әділет орнайды деген үміт пайда болды.