Әдетте Айғаным жайлы Шоқан Уәлихановтың әжесі ретінде естиміз. «Бала Шоқанға өлең-жырлар жаттатып, туған өңірінің тарихын құлағына құйды» деп келетін жаттанды мәтіндерден оның «данагөй әже» болғанын білеміз. Тарихшылар қашан да Айғанымның «өз дәуірінен озықтығын, даналығы мен білімділігін» сөз етеді. Алайда Орта жүздің ханшасы атанып, он үш жыл ел билеген Айғаным өмірге келе салып әже болмаған шығар? Оның «әжелікке» дейінгі өмірі қалай өтті? Зерттеуші Әсия Бағдәулетқызы «Уәли ханның әйелі, Шыңғыстың анасы, Шоқанның әжесі» деген үйреншікті анықтамалардан әріге үңіліп, Айғанымның кім болғанын оның ел билеу ісі, балаларды оқыту және жер мәселесіне қатысты хаттарынан іздеп көрді.
Айғаным Сарғалдаққызы / Wikimedia Commons
Айғаным мен Уәли: ханға талап қойған қалыңдық
Әңгімені сәл әріден бастасақ, қырық жасында Абылай тағын мұраға алып, қырық жылға жуық ел басқарған Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің қолына билік оңай тимеді. Әбілмәмбет ұрпақтары қатарында хан тағына үміткер көп еді. Уәли осы кезде әбжілдік танытып, төрт тараппен дипломатиялық байланыс орнатады, қарсыластарының өзара қырқысы себепті қазақ ішінде де хандыққа ең қолайлы адам болып шығады. Қалай болғанда да, Уәли хан Қытай мен Ресей, Орталық Азиядағы мемлекеттер толық мойындаған Орта жүздің соңғы ханы еді.
Абылай хан / Wikimedia Commons, Gemini
Әкесіндей айбарлы болмаса да, оның саясатын жалғаған Уәли 1800 жылдар шамасында өзіне қарасты Арғын ішіндегі Атығай ауылынан бойжеткен Айғанымғаi
Яков Фёдоров. Сырымбет қонысы / Wikimedia Commons
Жас айырмасына қарамастан Айғаным ханға ұзатылады, бірақ дәстүрлі ғұрып шеңберінің өзінде Айғанымның айтары бар еді. Қалыңдық ханға шарт қояды: Көкшедегі ордада өзге ханыммен қоңсы отырмаймын, қонысым Сырымбет болсын деп, өзінің туып-өскен ортасына жақындықты қалайдыi
Уәли ханның ұрпақтары жайлы бірізді ақпарат жоқ. Тарихшы Ирина Ерофеева бес ұлының бәйбішеден, тоғыз ұлының Айғанымнан тарағанын айтып, оларды мынадай ретпен атайды: Әбілмәмбет, Шыңғыс, Хамза, Бегалы, Абылай, Шеген, Төрежан, Аббас (Ғаббас), Жошы, Тәуке, Қанқожа, Әли, Ғұбайдолла және Есімi
Ханша Айғанымның қайтыс болған ұлы Әбілмәмбеттің жыл сайынғы 300 рубль жалақысының тоқтатылғаны туралы және бұл соманы өзіне төлеуді сұраған хатының орыс тіліне аудармасы. 1831 жылғы 14 мамыр. ҚР ОМА Ф.338, Oп.1, Д.690, Л. 42, 42 об.
Айғаным мен Ғұбайдолла: Ресей мен Қытай арасында
Бір білеріміз, Айғанымнан тараған ұлдар мен қара шаңырақта қалған ұрпақтар арасында қайшылықтар болған. Уәлидің бірінші әйелінен тараған ұрпақтары, оның ішінде Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла мен інісі Қасымның балалары Cаржан, Кенесары, Наурызбай және Бопай қазақ даласының дербестігі үшін күресті.
«Олар Уәлидің орыс билігін мойындағанына мойынсұна алмады»i
Олардың біразы қазақ даласында хандық биліктің жойылғанын қаламаған Цин империясына жақындау болғанi
Цин династиясының туы / Wikimedia Commons
Бұл тартысты түсіну үшін мұрагерлік мәселесіне шолу жасаған ләзім. 1819 жылы Уәли хан өмірден өтеді. Тарихшы Клара Хафизованың айтуынша, әкесіне қарағанда сабырлы әрі мінезі жұмсақтау Уәли өз төсегінде бейбіт түрде дүниеден өтедіi
Хан ертеректе тұңғышы Ғаббасты мұрагер деп таныған және соған дайындаған. Бірақ Ғаббас Уәлидің өзінен бұрын дүниеден өтіп, орнына одан кейінгі ұлы Ғұбайдолла хан көтеріледі. Ғұбайдолла қазақ мемлекеттігін сақтап қалуға барынша тырысады, тіпті оның дипломатиялық миссиясынан кейін Цин империясы 1823 жылы 9 желтоқсандағы грамотасымен оны қазақ ханы деп мойындайды. Кейінірек оның Қоқан билігімен байланысы да мәлім боладыi
Сібір қырғыздарының аймағы: Ресей империясы қазақтарды осылай атаған (картадан көрініс), 1857 жыл / Wikimedia Commons
Ғұбайдолланың Цинмен байланысы үшін оның ұлы ұсталып, Қытай грамотасы мен хандық титулдан бас тартуға қысым жасалады. Іле-шала, 1824 жылы оның көңілін басу үшін Көкшетау округі құрылып, Ғұбайдолланы аға сұлтан етіп сайлайды. Ғұбайдолла бұл мәртебені азырқанып, Батыс Сібір генерал-губернаторлығының сыйлықтарын кері қайтарып, хаттарын жауапсыз қалдырадыi
Шыңғыс Уәлиханов (сол жақтан екінші), 1865 жыл / КФҚД ОМА
Ғұбайдолла мен Айғанымның арасындағы өзара қатынастар туралы көп дүние беймәлім. Ғұбайдолланың итжеккенге айдалуына Айғанымның қатысы бар деп санағандар да бар, бірақ оған құжаттық дәлел жоқ. Алайда тарихшы Клара Хафизованың пайымдауынша, Айғаным Уәли қайтқаннан кейінгі алғашқы жылдары Ғұбайдолланы қолдаған болуы мүмкін. 1822 жылы Ғұбайдолла Қытай императорына өзін хан деп тану жайлы сұрау бергенде Айғаным өзінің асыранды ұлы Жантөрені [Төрежан] аманат ретінде қосып жіберген:
«Император грамотасында аталған, Ғұбайдолланың кіші інісі деп көрсетілген сұлтан Жантөре, бәлкім, ханша Айғанымның асыранды баласы болуы мүмкін. Егер солай болса, Ресейге бейім келген Уәли ханның жесірі мен оның ұлы Шыңғыс Ғұбайдолланың тақ мұрагерлігіне байланысты қытай интригаларына тартылған деп болжауға болады. Нақты айтуға болатыны — олар [Айғаным мен Шыңғыс] хандықты жою жоспарын іштей қолдамады, бірақ өздерінің таққа құқығы жоқ екенін білген. Олар орыс билігінің ықыласы мен қамқорлығынан айырылғысы келмеді, бірақ Қытаймен қарым-қатынастан да толықтай бас тарта алмады»i
Саяси тартыс және әмеңгерлік
Үлкен саясаттың ортасында қалған Айғаным сыртқы ғана емес, еліші мәселелерін де шешуге тиісті еді. 1831–1834 жылдары старшын Зілғара Байтокин мен Айғаным және оның ұлы Шеген арасында барымта мен кісі сабауға қатысты бірнеше хат барi
Тағы бір мәселе — әмеңгерлік еді. Айғаным ханша ретінде әмеңгерлікті айналып өтті ме, әлде Уәлидің інісінің бірімен қосылуға мәжбүр болды ма, ол жағы анық емес, бірақ 1820 жылдары оның «екінші күйеуі Тортай Ғұбайдолланың орнына хандыққа таласты» деген дерек барi
Сырымбет қонысы қалай салынды?
Айғанымның уақыт күретамырын дөп баса білуін Сырымбетте қыстау салдырып, оны патша өкіметіне «отырықшылыққа көшудің нышаны» ретінде таныстыруынан байқаймыз. Оның қолындағы нақты билігінің бір көрінісі — Уәли ханның бақилық болғанына бірер жыл өткенде Айғанымның қарамағындағы Құдайберді-Атығай және Уақ-Керей болыстарының жұрты мен көшіп-қонатын жері белгіленеді. Сол кезде ханша өтінішімен оған қыстау салуға патша қазынасынан бес мың сом бөлінеді. Бұл туралы Семенов-Тян-Шанский:
«І Александр Уәли ханның жесіріне үлкен ықыласпен қарап, оған қырғыз даласындағы тұңғыш үй салуға пәрмен беріп, сол үйде Шоқан Уәлиханов туған» дейдіi
Сырымбет ауылында шонжардың кездесуі. Шоқан Уәлиханов салған сурет, 1854 жыл / shoqan.kz
1824 жылы 30 cәуірде осы мәселеге қатысты Ресей Сенатының жарлығында былай делінген:
«Батыс Сібірдің генерал-губернаторы қайсақ Орта ордасының бұрынғы ханы Уәли ханның жесірі Айғаным өзінің мекенжайын біздің шекарамызға жақындатуға тілек білдіре отырып, Есіл өзенінің жоғарғы жағынан өзіне тұрақты жайылым ретінде Құдайберді-Атығай және Уақ-Керей болыстарының қайсақтарымен бірге тұратын жер бөлу туралы өтінішін назарға ұсынады. Линиялық басшылық арқылы жиналған мәліметтерге қарағанда, сол Есіл өзенінің бойындағы жерлерді кейбір ішкі губерниялардан келген шаруалар қоныстану үшін таңдағандықтан, Уәли ханның жесірінің және оның қол астындағы бұратаналардың тілегі бойынша олардың қонысы ретінде Сырымбет тоғайы мен тауының Есіл өзені бойымен Ново-Никольск редутына дейінгі бөлігі, сондай-ақ Сібір өзенінің бойымен Сырымбет тауының сыртындағы ормандарға дейінгі жер таңдап алынды»i
Кейін Сырымбет қазақ пен орыстың маңдайалды өнерпаздары мен ғалымдары түсетін қара шаңыраққа айналды.
Айғаным ханша өтініші бойынша Сырымбет шатқалында 1832 жылы 40x80 сажень (шамамен 1,5 га) жерге егілген арпа, бидай, тары, сәбіз, пияз, шалқан мен одан шыққан өнім туралы есеп. ҚР ОМА Ф.338, Oп.1, Д.690, Л.162, 162 об.
Айғанымның хаттары: білім жолындағы күрес
Айғаным отбасы мен өзіне қарасты жұрттың мәселесін шешу үшін Халықаралық қатынастар министрлігімен, Азия департаментімен, Сібір комитетімен, Омбы облыстық басқармасымен т.б. органдармен хат алмасуын жалғастыра берді. Өңірдің шаруашылық мүддесін алға тартып, жер қатынастарын реттеуге үлес қосты, өз қарамағындағы би-старшындардың Ресей билігі тарапынан ескеріліп отыруы үшін еңбек сіңірді. Өкінішке қарай, оның түрлі тақырыптағы хаттары толық жинақталып, зерттелмеген.
Омскідегі қазақ киіз үйі. 19-ғасырдың ортасы / Library of Congress
Сондай хаттардың бір парасы — Айғанымның ұлдары Шыңғыс пен Төрежан Уәлихановтардың Омбыдағы Сібір желілік казак училищесінің Азия мектебіне қабылдануы туралы. Ханша өз ұрпақтарының ғана емес, төңірегіндегі жұрт баласының сауатты болуына көп еңбек сіңірген. Айғаным 1824 жылы Сырымбет қонысын жоспарлағанда ең алдымен мешіттің салынуын, онда балалардың білім алуына жағдай жасалуын қадағалайды. Сол жылы өзінің «кішкентай балаларын сауатқа үйрету үшін» молда Құт-Мұхамет Иманқұловты таңдап алады. Молданың көпжылдық қызметіне ризашылық білдіріп, 1931 жылы Омбы облысын басқарушы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға хат жазады. Онда Иманқұловтың жеті жыл бойы «өз міндетін өте жақсы ынта-жігермен атқарғанын», тек өз балаларын емес, өзіне қарасты қазақтың «24 баласын өте жақсы оқытып үлгергенін, оған қоса әлі де кішкентай 15 баланы оқытып жатқанын» айтадыi
Айғаным ханшаның Омбы облыстық бастығы, генерал-лейтенант В.И. де Сент-Лоранға ұлы Шыңғыстың оқуы жайлы хаты. ҚР ОМА Ф.338, Oп.1, Д.690, Л. 28, 28 об.
1830 жылы 16 наурызда Айғаным ұлы Шыңғыстың «орысша оқу, жазуды және саясатты үйренгісі келетінін» айтып, Көкшетау округтік приказына хат жолдайды. Сол жылы де Сент-Лоранға ұлын Омбы училищесіне қабылдату туралы өтінішпен барады. «Сібір қырғыздары туралы жарлық» бойынша сұлтан мен старшын балаларын линия бойындағы жетімдерге арналған әскери бөлімде оқыту қажет-ті. Алайда әскери училищеде «сұлтанның өзі христиан тәрбиеленушілерімен бірге тұруға, ас ішуге келіспеуі кәміл» болғандықтан, оған жеке мұсылман үйінен жай жалдау қажет болады. «Орта ордадағы аса бір текті әулеттің мүшесі ретінде Уәлиевтің білім алудағы табысынан пайдалы нәтижелер күтемін. Бұл жағдай біздің үкіметіміздің дала төсіне орнығуына, сондай-ақ біздің училищеге келіп түсуге оның туыстарының ықыласы оянуына да түрткі болады деп санаймын» деп жазады де Сент-Лоран. Айғаным мұнымен тоқтамай, «балаларыма серік болу үшін әрі кейде оларға қызмет ету үшін Тобыл татары, молда Оразметовтың баласы Мұхаметқалиды Омбы Азиялық училищесіне қабылдауыңызды сұраймын» деп өтініш береді.
Омск қаласы, 19-ғасырдың аяғы / Gallica, La Bibliothèque nationale de France
1831 жылы 4 тамызда Төрежан мен Шыңғыс Уәлихановтар Омбы облыстық басқармасының бастығына өздері жалдап тұратын «Сейфуллиннің жесірінің үйіне тоғыз ай бұрын» келгенін айтып, ондағы жағдайдың өте нашар екеніне, өздері тапқан басқа мекенге ауыстыруға рұқсат беруін сұрай хат жазады. Соған қарағанда 1830 жылдың желтоқсанынан бастап Шыңғыс, Төрежан мен Мұхаметқали Азия мектебінде оқыған. Жоғарыда айтқанымыздай, 1822 жылы Ғұбайдолланың аманаты есебінде Цин империясына баратын «Ғұбайдолланың інісі» Жантөре/Төрежан осы хаттарда аталған «Шыңғыстың бауыры» болуы мүмкін.
Олардың оқу барысы туралы деректер толық емес, десе де, үш жылдан кейін, 1833 жылғы 19 қыркүйекте Айғаным Көкшетау округтік приказына: «Ғылым үйрену үшін Омбы училищесіне жіберілуі тиіс ұлым Шыңғыс Уәлиев жасы келгендіктен … мен биыл оны үйлендірмекпін, әрі құрметті қазақтар оны болыс етіп сайлағысы келеді» деп жазадыi
Бұдан бірнеше ай бұрын ол өзіне қарасты кейбір төлеңгіттердің Шыңғысты бір жыл бұрын алдап училищеден алып кетіп, оған теріс ықпал еткенін айтып шағымданған болатынi
Айғаным ханшаның Шыңғыс Уәлиевті оқуын жалғастырудың орнына үйлендіріп, болыс басқарушысы етіп сайлау ниеті туралы хатының орыс тіліне аудармасы. 1833 жылғы 19 қыркүйек. ҚР ОМА Ф.338, Oп.1, Д.690, Л.187, 187 об.
1833 жылы 8 қарашада Омбыдағы Сібір желілік казак әскерінің әскери канцеляриясының директоры полковник Черкасов рапортында ханша Айғанымның «қосалқы жағдайларға байланысты» баласы Шыңғыстың училищеде одан әрі оқығанын қаламайтынын баяндайдыi
Яғни үш жыл Омбыда оқып, орыс тілін меңгерген Шыңғысты Айғаным саяси өмірге де, ересек өмірге де дайын деп шешкен болса керек. 1834 жылы ол бала кезінен айттырылған қалыңдығы Зейнеп Шорманованы жар етіп, сол жылы тамызда жаңа құрылған Аманқарағай округтік приказының аға сұлтаны болып тағайындаладыi
23 жасында аға сұлтан болған Шыңғыс Уәлиханов өз қоғамының экономика мен саясатына жүйрік, халқының мәдениетін терең түсінетін, ғылым мен өнерді жоғары бағалаған адам ретінде белгілі. Оның қолдауымен Орыс географиялық қоғамы үшін қазақ халқының әндері, ертегілері мен мақал-мәтелдері жиналды, халықаралық және империялық этнографиялық конференциялар мен көрмелерге қазақ халқының тұрмыс заттары дайындалды. Сырымбетте қазақ балаларына арналған екінші мектеп салынды. Сонымен бірге ол «өз округінде егін шаруашылығын кеңінен таратуға көңіл бөлді»: бұлар Ресей империясы берген мүмкіндіктерді пайдалану ғана емес, оған анасы Айғаным сіңірген саясат деуге болатындайi
Егіншілік және жер дауы
Ханша Айғанымның 1830–1833 жылдардағы хаттарында Шыңғыс пен Төрежанның оқуы жайымен бірге егін шаруашылығын дамыту туралы мәселелер қатар көтеріледі. 1831 жылы наурыздағы Омбы облысының басшысына жазған хатында былай дейді:
«Қырғыз-қайсақтарды астық өндіру ісіне үйрету үшін үш қызметші татарды бөлуді, астықтың түрлі тұқымымен, жер өңдейтін құралдармен қамтамасыз етуге бұйрық беруіңізді, алым-салықсыз бір ұн жасайтын диірмен тұрғызуға бұйрық етуіңізді сұраймын».
Бір ай өтер-өтпестен де Сент-Лоран Айғаным ханша сұраған егін құралдары мен бидайға, сондай-ақ ұн тартатын жел диірменін салу үшін өкімет қорынан 150 сом бөлу туралы айтадыi
Омбы облыстық бастығы, генерал-лейтенант В.И. де Сент-Лоранның Айғаным ханшаның өтініші бойынша қазақтарға тиесілі жерлерді казактардан қорғау туралы Петропавл округтік бастығына жазбаша өкімі. 1831 жылғы 21 наурыз. ҚР ОМА Ф.338, Oп.1, Д.690, Л. 47, 47 об.
Ресейдің отарлық саясаты ұсынған осындай «ұсақ пайдаларын» Айғаным ұтымды пайдалана отырып, өз жұртына тиесілі жерді үнемі қорғаумен болған. Империяның қазақ жеріне табандап еніп, переселендерді жаппай көшіріп жатқан дәуірде Айғаным жүйелі түрде жер мәселесін көтереді. Өзіне тиесілі ауылдар мен көшіп-қонатын аймақтарды белгілеуден бастап, сол аймақтардың қазақтардан тартып алынбауын қадағалау оның міндеті болды. Мысалы, Батыс Сібір генерал-губернаторы И.А.Вельяминовтің де Сент-Лоранға жазған хатынан Айғанымның Тобыл қаласына барып, генерал-губернаторға жолығып, қазақтардың иелігіндегі жерлерді казактардың басып алуына жол бермеуді өтінгені анықталады. Сонымен қатар ол Көкшетау округінің аға сұлтаны мен заседательдерінің заңды басқару мерзімі аяқталғанын атап көрсетіп, кезекті сайлаудың әділ өткізілуін қадағалауды сұрағанi
Сібір казактарының қыстауы. 1860 жылдар / Library of Congress
Сол сияқты, де Сент-Лоранның Петропавл округтік бастығына 1831 жылғы 21 наурыздағы өкімі «ханша Айғаным мен бір топ старшын» өзіне келіп өтініш білдіргеннен кейін жазылған:
«Айтуынша, оларға ертеден тиесілі жерлерде, Есіл өзенінің ағысына қарсы жоғары жатқан жерлерде, Қалмақөткел шатқалынан бастап екінші полктің казактары олардың келісімінсіз ағаштарды кесіп, шөп шауып жатқанын, кең жайылымдық орындарды жайлап, қырғыз-қайсақтарды мүлдем ығыстырып жатқанын мәлімдеді».
Сол өтініштің аяқсыз қалмағанының дәлелі — де Сент-Лоран былай жауап береді:
«Осы өтініш бойынша тізім жібере отырып, сол жердегі тұрғындардың ешқайсысы қырғыз-қайсақтардың рұқсатынсыз олардың көшіп жүретін жерінде шөп шауып, ағаш отамауын бақылау үшін жергілікті полициядан линия бойынша күзетте тұратын жасақ құруды Сіздің жоғары мәртебеңізге ұсынамын».
Айғанымның өмірден озуы: Сырымбет қонысымен қоштасу
Шыңғысты аға сұлтан етіп, Аманқарағай жұртын оған табыстаған соң ресми құжаттарда Айғанымның есімі сирейді. Бірақ оның Шыңғысқа ақылшы болғаны даусыз болса, немерелері, оның ішінде Шоқанның тәрбиесімен тікелей айналысқаны жайлы да дерек көп. Жетпіске келіп өмірден озған Айғаным жайлы Шоқанның өзі:
«1853 жылы 19 қарашада, аптаның төртінші күні немесе мұсылмандық күнтізбеге сәйкес қасиетті бейсенбі күні, намаз кезінде Орта қырғыз-қайсақ ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным, өз тегі бойынша Сарғалдақова, 70 жасында қайтыс болды. Жұма күні, 20-сыда денесі жерге берілді» деп жазадыi
Шоқан Уәлиханов. 1860 жыл / Wikimedia Сommons
Айғанымның көзі кеткеннен кейін, оның көзіндей болған Сырымбет қонысының мәртебесі белгісіз болып шығады. 1895 жылы қартайған Шыңғыс Уәлихановқа қонақ болған Григорий Потанин:
«Сырымбет шатқалы Уәли ханның екінші әйелі Айғанымға және оның ұрпақтарына, сондай-ақ атығай мен қарауыл руларына пайдалануға берілгенімен, әкімшілік Уәлихановтардың бұл жерге деген құқықтарын дауласып, оларды тек уақытша пайдаланушылар деп таныпты» дейдіi
Потанин бұрын қазақтарға тиесілі жерлер казактар мен олардың офицерлеріне мұрагерлік меншік ретінде таратылып, тіпті көпестердің қолына өтіп жатқанда, Уәлихановтардың жерге меншік құқығы танылмауы әділетсіздік екенін айтады. Бұл хандық билік түбірімен жойылып, Уәли хан мен Айғаным ұрпақтарының тағдыры қыл үстінде тұрған шақ еді. Тағы бір жиырма жылдың бедерінде бұл жерге совет үкіметі орнап, қызыл әскерлер Сырымбетті жермен-жексен етеді. 1992 жылы ғана Айғанымның қонысы Шоқан сызбаларына сай қайта салынды.