ЯКУДЗА ҰСТАНЫМЫ

Дүние жүзіндегі аты шулы мафиоздар туралы Qalam ұсынатын жан-жақты жолнұсқа

Якудза. Жасанды интеллект жасаған/Adobe Stock

Якудза бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп келе жатқан әрі шетелдіктердің көкейінде сұрақ тудыратын аты аңызға айналған жапон қылмыстық топтар жүйесі. Бір шетінен бұл жапон қоғамына деңдеп енген толыққанды мафия саналады. Екіншіден бұл қоғамдық жүйеге іс жүзінде оғаш болса да, қажет деп саналатын қосымша іспетті. Әсілінде жапондықтардың өзі солай санайды.

ЯКУДЗА КӘСІБІ

Якудзаның қызметін қараңғы, ашық және ымырт деп үш бөлімге бөлуге болады. Якудзаның қараңғы қызметі әлемнің басқа қылмыстық құрылымдарынан айтарлықтай ерекшеленбейді, есірткі, жеңіл жүрістілер ұясын ұйымдастыру, бопса олардың ең көп тараған бағыттарының бірі саналады. Ал ұрлық-қарлық өте сирек кездеседі, кейбір топтарда ондай тірлікпен айналысуға тіпті тыйым салынады. Алайда якудза бөтен біреудің мүлкін ұрлап жатса да, үй иелері мен дүкен иелеріне олардан іргесін аулақ салып, қорғанудың қажеті шамалы. Көбіне якудза өзі «бас-көз» болатын аудан тұрғындарының бірі «күзет» қызметін төлеуден жалтарған жағдайда оның тұрғын үйін яки кәсібін оған сабақ болсын деген мақсатпен ұрлайды, мұнда бопса күзетші қызметімен астасып, көптің назарынан жасырынады.

Мысалы, сақтандыру алу мақсатында яки салықтық және өзге де тексеру кезінде өз тауарлары мен абыройына нұқсан келтіретін құжаттардан тез арада құтылу керек болса, ұрлық «жәбірленушінің» келісімімен жүзеге асатын кездер де жиі болады. Сондай-ақ «қараңғы» қызметке айыпты борышкерлердің қарызын төлету де жатады, бірақ тапсырыс беріп соққыға жыққызу, ұрлау, тіпті өлтіру өте сирек кездесетін жағдай. Елге заңсыз гастарбайтерлерді әкелу және оларды бақылау, өсімқорлық, заңсыз сауда мәмілелері, көбіне құрылыс және айлақтағы жұмыс түрімен байланысы бар жартылай күмәнді бизнес «ымырт» қызмет түріне кіреді. Ал якудза қызметінің «жарқын» тұсы толығымен заңды компаниялар мен қоғамдарды қамтиды, олардың қожайындары мен басшылары якудза топтарының жетекшілері саналатын — оябундар. Сәулелі бизнес әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, сәулет бюросы, жеміс-жидек дүкені, жапон сөз өнерін сүйетіндерге арналған клуб. Бұлар кейде ақшаны жымқыру мақсатында көлегейлеуші орын болып шығуы әбден мүмкін, ал кейде топқа кірістің көп бөлігін әкеледі.

ПАЧИНКО

«Пачинко» якудзаның классикалық әрі ашық бизнесі саналады, бұл Жапонияда рұқсат етілген казино немесе ойын автоматтары залының жалғыз түрі. Пачинко — серіппелі тұтқыштардың көмегімен металл шарларды ойын алаңына түсіріп, содан кейін төмен қарай домалап кететін ойын түрі. Мақсаты ең жоғары ұпай жинау, доптың дұрыс нүктеге түсуі және т.б. Пачинкода қолма-қол ақша төлеуге жапон заңы тыйым салады, сондықтан ойыншылар әдетте жануарлардың мүсіндері, төлнұсқа әтір қораптары сынды жүлделерге қол жеткізеді. Алайда Пачинко ойын алаңының жанында ойыншылардан аталған жүлделерді тиянақты бағаға сатып алатын сауда дүкеншелері орналасқан. Жапониядағы барлық Пачинко залын якудзалар бақылауға алған деген дерек бар.

Дәстүрлі жапондық пачинко ойыны. Киото, Жапония / Alamy

ДӘСТҮРЛЕР

Якудза ең елжанды дәстүрлі құрылымдардың абыройын сақтап қалуға тырысады. Якудза топтарының басым көбі синтоизм құдайлары ғибадатханаларының атымен аталған, ал якудзалар дәстүрлі қалалық фестивальдер мен шерулерге міндетті түрде қатысады. Якудза ғибадатханалар мен монастырге қайырымдылық жасайды, ұлттық қолөнер шеберханаларына қамқорлық көрсетеді, танка мен каллиграфия байқауларына қатысады, олардың әйелдері мен қыздары икебана iАрнайы ыдыстарға кесілген гүлдер мен өскіндерді орналастырудағы дәстүрлі жапон өнері, сондай-ақ аталған композицияларды интерьерге дұрыс қалыптау өнері. мен шай рәсіміне үйренеді әрі мұнда кем дегенде мерекелерде ұлттық киім кию дәстүрі сақталған.

Якудза командасы. Жасанды интеллект жасаған / GustavsMD / Adobe Stock

ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫС

Жапонияның және жапон халқының әл-ауқаты якудза үшін ең маңызды саналады, сондықтан кез келген табиғи апат пен алапат кезінде жергілікті билік якудзаларға толықтай арқа сүйей алады. Мәселен, 1923 жылы Кантодағы Ұлы жер сілкінісі кезінде жер асты дүмпулері мен оның ізін жалғаған өрт бірнеше қалаларды, соның ішінде Токио мен Иокогаманы іс жүзінде жойып жіберген тұста якудза тобы дереу қираған мемлекеттік және күш құрылымдарының орнын ауыстырып, үйінділерді тазартып, зардап шеккендерді емдеп, қаза тапқандарды жерлеп, ұрыларды оқиға орнынан қуып шығып, тірі қалғандарды киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Тіпті 2011 жылы болған жер сілкінісі мен цунами кезінде ресми билік шарасыз күйде қалмаса да, якудзалар дәл осы қызметін жалғастырды ii2011 жылы Жапония тарихындағы ең күшті жер сілкінісі болып, Хонсю аралының маңында Рихтер шкаласы бойынша 9,0–9,1 магнитудасына жетті. Жер сілкінісі цунамиге ұласып, жапон архипелагының солтүстік аралдары жаппай қирап қалды. Цунамидің ең басты салдары — Фукусима-1 атом электр станциясындағы апат еді. Ал ковид індеті кезінде якудза көшеде бетперде мен дезинфекциялық сұйықтық таратуды жүзеге асырып, ауруханаға жатуы тиіс жалғызбасты қарт адамдарды өз бақылауына алды. Жалпы өздерін қарапайым қоғам белсенділері ретінде танытты.

БИЛІКПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Ресми түрде билік якудзамен жан-жақты күрес жүргізіп, қылмыстық топтармен байланысы бар деген күдікке ілінген шенеуніктерді қатаң жазалайды. Ал бейресми түрде билік көп жағдайда якудзалардың әрекетіне көз жұмады, кейде олардың көмегіне жүгінеді. Мәселен, 20 ғасырдың ортасында якудза ең ымырасыз кәсіподақ қайраткерлерін қорқытып, тіпті өлтіріп, іс жүзінде кәсіподақ мәселесін шешкен. Бүгінде Жапонияда кәсіподақтар Еуропадағыдай ереуіл арқылы халықтың өміріне ықпал ете алмайды, ал Еуропада пойыздар жүруін тоқтатады, көшенің бәрі қоқысқа толады, жол жабылғандықтан жедел жәрдем науқастарға жете алмайды. Якудза егер адамдардың өміріне шынымен кедергі келтірсе, кез келген ереуілді тоқтатып тастайтын күшке ие. Сондай-ақ бұдан бөлек сөз етілмейтін қоғамдық келісім бар, ал оның арқасында нағыз арамзалар ел аумағында өзінің қитұрқы әрекеттерін жүзеге асыра алмайды. Мәселен, мектеп аумағында есірткі таратса, якудза олардың ізін полиция қызметкерлерінен бұрын кесіп, оларға қатаң жаза тағайындайды. Қалта ұрылары мен жалғыз жүріп ұрлық-қарлық істейтіндер де жапон көшелерінде ұзаққа бармайды. Жапонияда қылмыс деңгейінің төмендеуіне якудзаның да қосатын үлесі зор, алайда ол туралы жиі айтыла бермейді. Якудзаның ашық бизнесі елге қомақты салық түсімін әкелетінін де ұмытпайық, олар табысты кәсіпкерлерден тұратын біртұтас топ. Төменгі деңгейде болсын заң өкілдері мен якудза тең әрі бейбіт өмір сүре алады, яғни көптеген полиция қызметкері якудзаны тұтқындамайды, керісінше олармен мәмілеге келуді жөн санайды. Өйткені аумақта тәртіп орнатуда якудзалар патрульдерден бір мысқал кем түспейді, кейде тіпті өздерінің бір мүшесі ондаған қылмысты мойнына алып, абақтыға отырады, ал якудзалар оны полицияға тапсырады (себебі өз отбасының ештеңеден тарықпайтынын біледі, теміртордан шыққан соң топ ішінде оның беделі ғана көтеріліп қоймай, жолдастарының да үлкен құрметіне ие болады). Соған қарамастан мемлекет ара-тұра қылмысқа қарсы ауқымды күрес ұйымдастырып, бірнеше мың якудзаны жария түрде тұтқындайды, ол қатарда топ жетекшілері де бар. Мұндай тұтқындау науқаны бірнеше жылға созылса, ол туралы баспасөз беттерінде жарыса жазады. Арада біраз уақыт өткен соң тұтқындалғандардың 90 пайызы бірнеше апта не ай бойы қамауға алынғаннан кейін, аман-есен еркіндікке қауышқаны белгілі болады. Себебі оларды қате тіркелген телефонды пайдалану сияқты үрейлі қылмыстары үшін қамауға алған екен. Соңғы рет мұндай науқан 20152020 жылдары болған.

ТОП ҚҰРАМЫНА ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНАДЫ?

Жапония әлі де қауымдық мемлекет екенін ұмытпаған абзал, ал бұл қауым идеологиялық деңгейде қолдау табады. Қарапайым жапондықтың көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда өз қауымыңа тастай батып, судай сіңу мінсіз өмірдің құпиясы. Балабақша, мектеп, университет, компания бұл адам өмірінің бір кезеңдері ғана емес, бұл адамдарды сүзгіден өткізу әрі өздері өмір бойы байланыс құратын ұжымдарға бөлу деген сөз. Өмірлік еңбек келісімшарты бұл жапон әлемінде шындыққа айналған дүние, ал бұл келісімшарт сенің қандай университетте оқығаныңа байланысты анықталады. Университетке белгілі бір мектептерде білім алған балаларды қабылдауды құп санайды, ал жақсы мектептерге олардың жанындағы балабақшалар арқылы ғана жол ашық. Балабақшаға балалардың өзімен және ата-анасымен әңгімелесіп, тұрғын үй және аудандық бірлестіктердің ұсыныстары арқылы және т.б. қабылдайды. Баланың немесе оқушының кейбір теріс қылықтары кешіріледі, бірақ мектепті аяқтар тұста жапондық өзін күтіп тұрған өмір жолына көз сала алады. Егер ол ұжымға сіңісе алмаса, оған қолдау көрсетуші отбасы болмаса, полицияға шағым түсіп яки тәртіптік түзету мектептерінде күн өткізсе, оның жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ деген сөз. Кадр бөлімдері оның өмірбаянын егжей-тегжейлі тексеріп, әлбетте мейлінше сенімдірек үміткерді таңдайды. Әрине, шығармашылық адамдары, актерлер, суретшілер, дизайнерлер, фермерлер, отбасылық шеберхана немесе дүкенде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар кішігірім кәсіпкерлердің балалары сынды осы талаптар анау айтқандай әсер ете қоймайтын халықтың тұтас бір тобы бар, десе де жыл сайын Жапония қоғамында өздерінің толық шеттетілгенін әрі жолдары болмағанын түсініп, аһ ұратын жастардың саны артып отырады. Олар якудзаға шақырылатындар қатарында тұрады. 1518 жас топпен қарым-қатынас жасауға болатын орташа жас саналады, якудза көптеген жастар тобымен, соның ішінде байкерлермен тығыз байланыс орнатады.

Байкерлер / Ашық дереккөздерден алынған

Якудзаның жас мүшелері банда үйінде жас бүлікшілерге арнап кеш ұйымдастырып, олардың арасынан іске жарайтындарын таңдап алады. Сондықтан айлақ жұмыскерінің баласы да, ауқатты отбасынан шыққан бала да якудза қатарына қосыла алады, бастысы жас жігіт ақылды, батыл, өмірде қиындыққа тап болып, өзін аласталған жандай сезінсе жетіп жатыр. «Якудза» сөзінің өзі «сегіз-тоғыз-үш» дегенді білдіреді бұл танымал карта ойынындағы ең нашар сандар тізбегі саналады. «Бейбақ». Туған қауымынан, ұясынан, университетінен аласталып, енді ешкімге көк тиынға керегі жоқ. Ал якудза керек. Мұнда кез келген адамды көтереді әрі қабылдайды. Бір қызығы, якудзаның балалары ата-анасының жолымен жүруге міндетті емес, керісінше топ мүшесі «өнегелі» отбасынан әйел алып, балаларын заңға бағынатын азамат ретінде тәрбиелегенді дұрыс көреді. Бұл жосық якудзада толығымен құпталады. Мысалы, «Якудзаның қызы» кітабының авторы Сёко Тендо өзінің балалық шағын сипаттай отырып, әкесінің якудза тобының басшысы болғанын алға тартады. Ал әпкесі екеуі бұзақылық жасап, полицияға түсіп қалғаны үшін әкесінің өздерін қатты соққыға жыққаны туралы жазады. Сёконың әкесі өз ісінің ізін жалғайтын мұрагерді төл әулетінен емес, сырттан іздеуді жөн көрген. Бұл мақсатта болашағынан зор үміт күттіретін банда мүшелері бар еді.

Сёко Тендо қызымен бірге. 2007 жыл/Jeremy Sutton-Hibbert

АДАЛДЫҚ ЕРЕЖЕСІ

Әртүрлі топтың өзінше қабылдау ережесі, өз сынағы, өзінің ант беру формасы бар. Бірақ топ мүшелері бір отбасы болуы керек деген талап өзгермейді. Оябун әкесі, ал ағалары оның көмекшілері. Топтағы бауырын сату, өздерінің ішінде ұрлық жасау, үлкенге өтірік айту ең ауыр қылмыс, бұл үшін не топтан қуылады, тіпті кейде өлім жазасына кесіледі.

ЖАЗА

Бұрын қылмысы үшін жазалаудың қалыпты түрі өз тәніне зиян келтіру еді, яғни айыпты өз кінәсін түсініп, өкінгенінің белгісі ретінде саусақ бөлігін кесіп тастайтын. Бүгінде аға якудзалар бір қолында екі немесе үш саусағы жоқ екенін айтып, оны мақтан тұтады, көпшіліктің назарын аудармау үшін силикон протездер тағады. Қазір саусақ кесу деген жоқ, айыптылар не соққыға жығылады, болмаса айыппұл төлейді.

Якудзаның бұрынғы мүшесі саусағын көрсетіп жатыр.2013 жыл/Getty Images

ТАТУИРОВКА

Әйгілі көп түстен тұратын якудза татуировкасы әлі күнге дейін бамбук инелерімен жасалады, олар бояуды теріге тереңнен сіңіреді. Бұл процедура өте ауыр әрі ұзақ жүреді, десе де ауырсынуды жеңілдететін ештеңе қолданылмайды. Жауынгерлердің рухы мен төзімі осылайша сыналады. Барлық суреттің өз мәні бар, ол адамның топтағы орны және оның жеке қасиеттері туралы ақпарат береді. Топқа өзінің пайдасын тигізе алатын жас якудзаның алдымен иығына сурет салынады, ең соңында арқасы мен кеудесіне бейнеленеді. Әдетте онда якудзаның мәртебесі көрсетіледі. Жолбарыс немесе айдаһардың татуировкасын тек оябун бастықтары ғана салдырады (сирек жағдайда олардың орынбасарлары). Тұқы балық адамның басына түскен ауыр сынақтар туралы айтады. Шабылған бас тайпаға адал берілгендіктің белгісі. Қанжар тістеген жүндес еркектің бейнесі пышақпен шебер күресетін адамды білдіреді. Пион гүлі өз сезімдерін бақылауда ұстай алуды білдірсе, хризантема өте елжанды екенін, лотос байлық пен өмірдегі нәпсіқұмарлыққа деген жеккөрінішті бейнелейді. Якудза өз татуировкаларын көпшілікке жылына бір рет Токиода өтетін Сандзя діни фестивалінде көрсете алады. Онда якудза топтары фундоси, яғни белдікке дейін шешініп, киелі жәдігерлері бар омикоси зембілдерін алып барады. Ал басқа уақытта татуировкалар көзге көрінбеуге тиіс, сондықтан денеге кимононың етегі жететін жер, яғни тізеге дейін ғана сурет салынады. Ал қолға жеңге дейін сурет салынса, кеуде тұсы мен қарында ақ жолақ қалады, себебі кейбір кимонода дененің ол бөліктері көзге түседі.

НЕГЕ ЖАПОНДАРДАН ЯКУДЗА ТУРАЛЫ СҰРАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ?

Себебі жапондықты ыңғайсыз жағдайда қалдырасыз. Әрі якудза туралы еш себепсіз сөз қозғаудың қажеті шамалы, тіпті қызыққұмар шетелдік түгілі онымен жақсы араласатын адамның өзіне де якудза туралы айту жөнсіз. Өйткені жапондықтардың якудзамен өте күрделі қарым-қатынасы үрей, құрмет және ұяттан тұрады.

Оябунның қызы Сёко мектепте мұғалімдердің өзіне жалбақтағанын, бірақ оны жақсы көрмегендерін, ал мектеп оқушылары оны түртпектеп, одан қауіптеніп, араласқылары келмегенін жазады.

Якудзамен жария түрде таныс болу шенеуніктерді айтпағанда өнегелі адамның ар-абыройына түскен үлкен дақ сынды, бірақ Жапонияда якудзалармен туыстық қарым-қатынасы бар отбасылар көп емес (топқа іріктеудің қалай өтетінін еске алайық).

Сондықтан өзіңіз жақсы танымайтын жапондықпен якудза туралы әңгіме айту ыңғайсыздық тудырары сөзсіз.

ЯКУДЗАНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ТОПТАРЫ

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Сёко Тендо. Дочь якудзы. М.: АСТ, 2008

2. К.Китаката. Пепел. М.: АСТ, 2006

3. R. Whiting. Tokyo Underworld: The Fast Times and Hard Life of an American Gangster in Japan». NY.:Vintage books, 2000.

Көшірілді