ИМПЕРИЯДАҒЫ ДІНИ ШЕКАРА

Тарихшы Дэниел Скарборо Түркістан өлкесіндегі православие, ислам және отарлық саясат турасында

~ 5 мин оқу

Коллаж / Qalam

19-ғасырда Орталық Азия алпауыт империяның ауқымды трансформациялар алаңына айналды. Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығын құрып, оның құрамына мұсылмандық дәстүрі терең орныққан, көшпелі мәдениеті мен дербес саяси институттары бар халықтарды қосты. Өлкеге жаңа әкімшілік құрылыммен бірге православие де келді, алайда ол мүлде өзге әлеуметтік-мәдени нормалармен өмір сүріп келген жергілікті халықтың қарсылығын тудырды.
 

Qalam жобасына берген сұхбатында тарихшы Дэниел Скарборо Ресей православ шіркеуінің Түркістанға бейімделу стратегияларын, империялық биліктің миссионерлікке неге сақтықпен қарағанын және діни кеңістігі күрделене түскен халықтың шіркеулер мен мазарлардың қатар тұруын қалай қабылдағанын баяндайды.

Дэниел Скарборо / Qalam

«Ресей Түркістанының» жаулап алынуы

Кезінде «Ресей Түркістаны» деп аталған аумақ 19-ғасырда империяға күшпен қосылған ұлан-ғайыр атырап болатын. Түркістан генерал-губернаторлығы ресми түрде 1867 жылы құрылды: оған қазіргі Өзбекстан, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның бір бөлігі кірді. Алайда әкімшілік шекаралар үнемі өзгеріп отырды.

Ресей империясының картасындағы Түркістан генерал-губернаторлығы/ Wikimedia Commons

Мәселен, Жетісу (Семиречье) алғашында Түркістан құрамында болып, кейін Дала генерал-губернаторлығына берілді; ал оған 1899 жылы қазіргі Түрікменстан аумағын қамтыған Каспий сырты облысы қосылғаннан кейін, Жетісу қайтадан Түркістанға қайтарылды. Нәтижесінде генерал-губернаторлықтың шекарасы айтарлықтай кеңейіп, сол дәуірдегі жазармандар атап өткендей, Франция мен Германия сияқты мемлекеттерді сыйдыра алатындай ауқымды еді.

Өңір халқы этникалық және діни тұрғыда алуан түрлі болса да, орыстар азшылық еді: ғасыр соңына қарай Орталық Азияның жергілікті халқының саны орыс қоныстанушылардан шамамен он есе көп болатын.

Түркістандағы православие қандай болды?

Түркістандағы православ шіркеуін біртұтас, біртекті құрылым ретінде сипаттау мүмкін емес: ол күрделі, көпқайнарлы институт еді. 1871 жылы Ташкент-Түркістан епархиясы құрылды, оны орталық тағайындайтын епископ басқаратын. Яғни аймақта жоғарғы шіркеу басқару жүйесі енгізілді. Империяның әр аймағынан көшіп келген переселендер де күнделікті діни ғұрыптарын атқара берді.

Отарлық әкімшілік протестантар немесе христиан дінінің көне дәстүрлерін ұстанушыларды емес, православ қоныстанушылардың көшуін қолдады. Себебі билік православтар патшаға саяси тұрғыда неғұрлым адал болады деп есептеді. Сібірден, Украинадан, Ресейдің орталық губернияларынан келген қоныстанушылардың басым бөлігі шынында да православтар болатын.

Құлжадағы Әулие Николай шіркеуі. 1960 жылдары қиратылған / Wikimedia Commons

Алайда қоныстанушылар Түркістанға орныққаннан кейін билік олардың әрқайсысы православиені әртүрлі түсінетінін байқады. Діни практикалардағы айырмашылықтар переселен қауымдардың өз ішінде де қайшылықтар тудырды. Бұған қоса, аймаққа шіркеу «жікшілдер» деп санаған көне дін ұстанушылардың көптеп келуі епархияның православ жұртын ұйыстыру мақсатын одан әрі қиындатты.

Ислам мен православие: қатар өмір сүру динамикасы

Орталық Азияның Ресей құрамындағы өзге өңірлерден ерекшелігі — салыстырмалы түрде кеш жаулап алынуы еді. Ресей империясының тарихына қарасақ, православ шіркеуі қашан да патшалық биліктің басты символдарының бірі болғанын байқаймыз. Империя жаулап алған өңірлерде православиенің орны ерекше еді: мемлекеттік қолдауға ие болған шіркеуге арнайы жер телімдері берілді, сөйтіп, ол институционалдық тұрғыда күшейіп отырды.

Алайда Орталық Азияға табандап жеткен кезеңінде империяның саяси, әкімшілік стратегиясы шіркеудің миссионерлік ұмтылыстарымен сәйкес келе бермеді. Үкіметтегі кей шенеуніктер өз қарамағына жақында ғана өткен мұсылман қауымның қарсылығын оятудан қауіптенді. Осы себепті аймақта кең ауқымды миссионерлік қызмет жүргізуге рұқсат берілмеді.

Мәселен, Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы Константин фон Кауфманға Православ шіркеуінің басшысы-қасиетті синоды Ташкентте епархия ашу ниетін мәлімдегенде, шенеунік бұл ұсынысты құптамады. Сол кезде Ташкент өлкенің әкімшілік орталығы болғанымен, Кауфман епархия орталығының онда орналасуына қарсы болды. Оның пайымында епархия орталығы ретінде орыс тұрғындарының үлесі жоғарырақ әрі мұсылмандар үшін қасиетті мешіттер мен киелі орындары аздау Жетісу өңірі, Верный (қазіргі Алматы) әлдеқайда қолайлы еді.

Константин фон Кауфман. 1873 жыл / Wikimedia Commons

Мұндай жағдайда, Кауфманның ойынша, жергілікті халықтың ашық қарсылығына ұрынбай-ақ православиенің ықпалын күшейтуге болатын. Осылайша, көп уақыт бойы, 1916 жылға дейін, Ташкент-Түркістан епархиясының бейресми орталығы Ташкент емес, Верный болып қала берді. Бұл жағдай шіркеу мен отарлық әкімшілік арасында белгілі дәрежеде сенімсіздік пен шиеленіс туғызды.

Көшпенділерге қонақ болған священниктер

Мұсылмандық және православиелік киелі кеңістіктер бір-бірімен тоғысты ма? Иә, сөзсіз. Қазақстан мен тұтас Орталық Азия — түрлі діни дәстүрлердің ұзақ тарихи ықпалдастығының отаны. Ислам басымдыққа ие болғанымен, басқа діннің киелі орындары да аймақтың түкпір-түкпірінде көп еді, һәм күрделі мәдени-діни ландшафт қалыптастырған. Осындай өзара байланыс кей кездері қақтығыс элементтерін оятса, кейде ынтымақтастық тудырып жатты.

Құран оқу. «Түркістан альбомы», 1872 жыл / Library of Congress

Отарлық билік діни не басқа себептермен ашық текетірес тудырудан қауіптенді. Дегенмен әкімшілік элитаның кей өкілдері империяның жекелеген аймақтарында православ шіркеулерін салу ұсыныстарын сондағы орыс переселендердің рөлін нығайту мақсатында қолдап отырды. Мұның қисыны: егер қайсыбір жерде монастырь немесе өзге де қасиетті діни ғимарат тұрғызылса, православ орыстардың көзқарасында бұл аймақ әскери-саяси ғана емес, символикалық тұрғыда да Ресей империясының меншігі деп есептелер еді. Мұндай ұмтылыс империялық жобаның өз ішінде шиеленіс ошақтарын тудырғанымен, кей жағдайларда әкімшілік мүдделермен үйлесіп те отырды.

Өз зерттеулерімде православ және мұсылман қауымдары арасындағы тату көршілік мысалдарын жиі кездестірдім. Бұған, бір жағынан, Түркістан өлкесінің географиялық ауқымы да әсер етті: православ қауымдары көбіне бір-бірінен алыс орналасқандықтан, шіркеу олардың бәрін дін қызметкерлерімен қамти алмайтын еді. Осы себепті священниктер қоныстар мен приходтар арасында тоқтаусыз қозғалып, кейде ұзақ жол жүріп, әр қауымға кезекпен қызмет көрсететін. Мұндай сапарлар жергілікті көшпенділердің көмегінсіз жүзеге аспайтын: олар жол үстінде дін қызметкерлеріне пана болып, қонақ етіп, қолдау көрсетті.

Астанадағы Константин-Елена соборы / Wikimedia Commons

Кей жағдайларда мұсылман көпестері шіркеу құрылысына да атсалысқан. Мұндай қадамдар бір жағы олардың билікке адалдығын көрсету стратегиясы болса, ішінара ықтимал қақтығыстарды азайтуға бағытталған прагматикалық қадам еді.

Дала генерал-губернаторлығына қатысты архив деректерінен табылған бір мысалды айтса кетсек, қазіргі Астанадағы (сол кездегі Ақмола) Константин-Елена соборы мұсылман шеберінің қолымен тұрғызылған екен. Демек, бұл мәселені қысқа қорытсақ, аймақта қақтығыстар да, ынтымақтастық формалары да болып тұрды.

Өзге дінге өту: шіркеу көшпенділерден не үйренді?

Аймақта кей адамдар түрлі себептермен дінін ауыстырған жағдайлар да болды. Осы мәселе аймақтағы діни шиеленісті жиі үдете түсетін факторға айналды. Егер жергілікті тұрғын — қазақ, сарт, қырғыз немесе өзге топ өкілі православиеге өтті деген хабар тараса, мұсылман қауымдастығы оған күдікпен қарайтын. Отарлық әкімшілік мұны қауіпті, шетін мәселе деп санады, себебі мұндай оқиғалар өлкедегі кең көлемді қақтығысқа сылтау болуы ықтимал еді. Сондықтан билік бұл мәселеде барынша сақтық ұстанып, миссионерлікті шектеу саясатын ұстанды.

Намаз уақыты. «Түркістан альбомы», 1872 жыл / Library of Congress

Керісінше жағдайлар да болды: кей православ переселендер исламға өтіп жатты. Бұл көбіне некелесу салдары болатын: қайсыбір переселен жергілікті жұрттың қызына үйленіп, оның дінін қабылдауы немесе жергілікті ер-азамат переселен әйелмен отбасын құруы сияқты әлеуметтік байланыстар мұсылманның христиан, христанның мұсылман болуына себеп еді.

Өзге дінге өтудің басқа да себептері кездескен. Архивте анықталған бір оқиғада переселен тұрмыстық қиындыққа тап болып, өз қауымынан қолдау көрмеген соң, қазақтар арасына барып сіңісіп, күн көріп кетеді. Соңында өзін мұсылманмын деп жариялайды. Мұндай оқиғалардың қоғамдық жанжалдарға ұласып кетуі жиі ұшырасатын. Газеттер оларды алаңдатар құбылыс ретінде сипаттап, әрекет етуге шақыратын. Бұл жағдайлардан шіркеу басшылығы үшін ұнамсыз қорытынды жасалды: православ қауымы арасында мұқтаждарға көмек жүйесін күшейту керек болды, өйткені мұсылмандар кедейлерін жерге қаратпай, неғұрлым қамқорлық көрсететін.

Мұндай бәсекелестіктің белгілі бір деңгейде оң ықпалы да болды: екі тарап та қайырымдылық бастамаларын кеңейтуге, оларды айқынырақ әрі тұрақты етуге ынталанды. Тәуекел де аз болмады. Егер діндер арасындағы жарыс жүйеге адалдық, мәдени болмыс пен билік үшін күрес ретінде қабылданса, жағдай тұрақсызданып, ашық жанжалға әкелуі әбден мүмкін болатын.

Дәурен Исағұлов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді