ИОГАНН ВОЛЬФГАНГ ФОН ГЕТЕ

Өмір сүру салты

Иоганн Генрих Вильгельм Тишбейн. Римддік Кампаньядағы Гете. 1787/Wikimedia Commons

Иога́нн Во́льфганг фон Гёте (1749-1832) – бұл немістің бары мен нәрі: ұлы ақын, драматург, энциклопедист-ғалым, мемлекет қайраткері, театр режиссері және т.б. Оған жұрт, әдетте «жоғары мәртебелім» деп сөйлейтін болған, өйткені Гетенің айналасындағы жұрттан, айталық актерлік шеберліктен минералогияға дейін, поэзиядан түс теориясына дейін білімі озық әрі мәртебесі үстем болған. Сергей Аверинцев айтпақшы,iСергей Аверинцев (1937-2004) – советтік және ресейлік атақты филолог, библиятанушы және мәдениет тарихшысы «грек софистері мен шешендері бастаған, Цицерон, Қайта өрлеу кезеңінің гуманистері мен Орта ғасыр кітаптары, барокко мен классицизм әдебиетшілері қоштаған цикл Гетемен аяқталады».

КҮН ТӘРТІБІ ХАҚЫНДА

Күніне кем дегенде бір ән тыңдап, әдемі бір суретке көз салу қажет және егер мүмкіндік болса, даналардың сөзін оқыған жөн болады.

Иоганн Вольфганг фон Гетенің Веймардағы кабинеті/Wikimedia Commons

ДАРЫНДЫЛЫҚ ХАҚЫНДА

Адамға тек қана дарынды болу жеткіліксіз; ақыл кіру үшін басқа да дүниелер қажет: айталық, тұрмысың жақсы болуға тиіс, өз заманыңның алып ойыншыларының картасына көз салып, үлкен ұтысқа және тиісінше, үлкен жеңіліске әзір болуыңыз керек.

Гете. Неаполь жағалауы/Wikimedia Commons

ОППОЗИЦИЯ ХАҚЫНДА

Барлығын жоққа шығарып, қолда бардың бәрін түкке тұрғысыз етер оппозиционерлерге келер болсақ, оларға қозғалыс атаулыны жоққа шығаратындарға қарағандай қарау керек: көз алдынан кетпей арлы-бері жүріп алу қажет.

ӘЗІЛ-ОСПАҚ ХАҚЫНДА

Әзіл-оспақ — бұл данышпандықтың бір элементі, бірақ ол басқа қасиеттерден басымдау болып кетер болса, бәрі әдірем қалады; осылайша ол күйгелек өнердің өрістеуіне сеп болып, ақыр соңында күйретіп тынады.

ТАРАЛЫМ ХАҚЫНДА

Айталық, миллиондаған оқырманы болатынын күтпеген адамның, қолына қалам ұстауының өзі әбестік.

ӘЙЕЛДЕР ХАҚЫНДА

Әйелдер — біз ішін алтын алмаға толтыратын күміс ыдыс іспеттес... Әйелдердің бейнесін жасау қолымнан жақсы келеді. Дегенмен ол әйелдер, шын өмірімде жолықтырған сылқымдардан артық.

Иоганн Вольфганг фон Гете. Ұйықтаған Корона Шретенің суреті. 1777/Wikimedia Commons

ЖАҚСЫ ШАРАП ХАҚЫНДА

Жаман шарап ішіп уақытты сарп етудің қажеті жоқ. Өмір онсыз да тым қысқа.

ЕРКІНДІК ХАҚЫНДА

Өзімізден ешқашан, ешкімді биік көрмеуіміз бізді еркін адам етпейді, керісінше, жоғары тұрғандардың бәрін құрмет тұтқанымыз абыройымызды арттырады. Осылай етер болсақ айбынымыз асады. Бұл бойымызда асылды тани алар ізгіліктің бар екенін көрсетеді. Ал бұл қасиет өз кезегінде өзімізді игі жақсылармен тең көруге мүмкіндік береді.

ЕСКЕРТКІШТЕР ХАҚЫНДА

Хатымның мыңдаған жыл бойына өлмейтінін білгендіктен, ескерткіштер мен монументтер хақындағы әңгімелер тым оғаш көрінеді. Ұлы адамға қойылар ескерткіш жайында ойласам болғаны, келешек соғыс сарбаздарының оларды қиратып жатқаны көз алдыма келеді.

Фриц Шапер. Берлиндегі Тиргартендегі Иоганн Вольфганг фон Гете ескерткіші /Wikimedia Commons

КАНТ ХАҚЫНДА

Кант мені ешқашан көзіне ілген емес. Дегенмен мен де тумысымнан бойымда бар қасиеттермен қаруланып, дәл ол жүріп өткен жолды жүріп өттім. Субъекті мен объектінің шектеулігі және әрмен қарайғы, әрбір жаратылыс өзі үшін өмір сүреді әрі тығын емені жұрт шөлмектің аузын әлдеңемен жабу үшін өспейді — міне Кант екеуміздің ойымыз осы тұста тоқайласады.

ЦЕНЗУРА ХАҚЫНДА

Өз ойыңды бұқпантайламай ашық айту, тек жөнің, сөзсіз, рас болған жағдайда ғана орынды әрі мақтауға тұрарлық болмақ. Бірақ партия, партия болғаны үшін ғана ойынан келгенін айтуға қақылы болып, барлық сөзі көзсіз ақиқат бола бермейді. Күштеу рухты шабыттандырады, сондықтан мен белгілі бір дәрежеде баспаның еркіндігін шектегенді құп көремін.

Иоганн Вольфганг фон Гете/Wikimedia Commons

МАТЕМАТИКА ХАҚЫНДА

Мен математиканы, әлбетте егер оны өз орнымен қолданар болса, асқақ әрі өте пайдалы ғылым ретінде құрметтеймін. Бірақ оны мүлдем қатысы жоқ салаларда кәдеге жаратар болса, соның кесірінен аталмыш ғылым мәнін жоғалтады. Айталық бұл әлемде математикалық дәлелі бар заттардың ғана маңызы бар секілді көрінеді! Неткен сандырақ! Бәлкім әлдебіреу математикалық дәлел келтіре алмағандықтан, қызының сезіміне күмәнданып қалған болар! Айталық, қызға берген қалың малды санауға болар, бірақ махаббаттың есебі жоқ! Өсімдіктердің метаморфозасын математиктер ашқан жоқ! Мұны ешқандай да математикасыз анықтап бере аламын, ал мұндай жағдайда математиктер осы бір жаңалығымды қабылдауға мәжбүр болмақ.

ВИКТОР ГЮГОНЫҢ «ПАРИЖ ҚҰДАЙ АНА СОБОРЫ» РОМАНЫ ХАҚЫНДА

Бұрын-соңды жазылған ең жүрек айнытарлық кітап!

Нотр-Дам-де-Пари. Люк-Оливье Мерсон/Wikimedia Commons

ЗАМАНАУИ МУЗЫКА ХАҚЫНДА

Замандас композиторларды заманауи техникалар мен механикалар қаншалық алысқа жетелеп әкеткені таңдандырады. Олардың туындыларын музыка деп санауға келмейді, өйткені олар адамның қабылдауынан тысқарыға өтіп кеткені әрі ақылға азық, жүрекке жұмыр келмейді. Бұл әуендерді тек құлағыммен ғана ести аламын.

АҚЫНДАРДЫҢ ҚАРҒЫСЫ ХАҚЫНДА

Ақын атаулының бәрі, құдды бір, бүкіл әлем тұтастай лазарет, ал өздерін соның ішіндегі ауру адамдай жазады. Бәрі де о дүниелік қуаныш пен қым-қуыт тірліктің азабын тілге тиек етеді; олар ештеңеге разы емес әрі тым сұрқай. Осылайша бір-бірін қара түнекке итермелейді. Мұны табиғатынан, болмашы тұрмыстағы мәселелердің тігісін жатқызып, адамды тағдырымен және қоршаған әлемімен жарастыратын поэзия атаулыны, жасанды түрде әсіре қолдану деп білемін. Бірақ қазіргі буын ақындары кез келген асау күштен орынсыз қорқа береді. Осылайша бойындағы әлсіздіктері ғана өзін жайлы сезінуге жол ашып, поэзиялық шабытын шақырады.

Иоганн Вольфганг фон Гетенің жазуы/Wikimedia Commons

ВАРВАРЛЫҚ ХАҚЫНДА

Қараңғы ежелгі герман кезеңінен қажетімізге жаратар әлдеңені ала алмаймыз. Дәл сол секілді сербтік әндер мен соған ұқсас варварлардың халық ауыз әдеби туындыларынан да іліп алар дәнеңе жоқ. Біз оларға ешқандай да қызығушылық танытпай, селқос қарағанымыз былай тұрсын, көрген соң ұмытып, ендігәрі оған ешқашан қол тигізбес үшін оқимыз. Адам баласының өмірі онсыз да сезімдері мен тағдырына алаңдап, солғын тартқан, сондықтан оны варварлық ескіліктің қараңғылығымен одан әрмен қиындатудың қажеті бар ма? Адам баласы нақтылық пен шаттыққа мұқтаж. Сол үшін оларға өнер адамдары мен әдебиет өкілдері өздері де бақытты болған әрі өзгелерге де асқақ мәдениетінің сәулесін түсіріп, үйлесімді сүрлеу тапқан кезеңдерге қол сермеген жөн болмақ.

ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ТУЫНДАУЫ ХАҚЫНДА

Қандай да бір істі тындыру үшін, қолыңнан іс келуі керек. Біз Дантені әдетте ұлы деп жатамыз, бірақ оның артында мәдени сан ғасыр тұр. Ротшильдтер әулеті өзінің дәулетімен мәшһүр, дегенмен оларға осы бір көл-көсір байлықты жинау үшін бір кісі ғұмырынан да ұзақ уақыт қажет болды. Бәрі де біз ойлағандай оңай емес. Үлкен жетістіктің артында үңіле түссек терең сыр бар. Біздің ескі неміс сүрлеуіне жол салған мейірбан суретшілеріміз, адам болмысын бейнелеуге тым босаңсыған, әртістік дәрменсіз күйде кірісіп, қолынан әлдеңе келіп жатыр деп ойлайды. Олар өздері бейнелеген дүниелерден де төмен тұрады. Ал ұлы туынды тудырғысы келген туындыгер, ең алдымен гректер секілді, өте төмен тұрған болмысын асқақтатып, табиғаттан бойында бар ішкі әлсіздігінен я ішкі кертартпалығынан тек адал ниет қалғанша рухын шыңдағанша, өзін жасағаны жөн.

Франц Нойберт. Иоганн Вольфганг фон Гете/Wikimedia Commons

ӨНЕРДІҢ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ ХАҚЫНДА

Мемлекетте ешкімде жай күн кешіп, өмірден ләззат алуға тырыспайды. Бәрі де басқарғанды құп көреді. Ал өнерде бұған дейінгі туындыларға қарап тамсанудың орнына, бәрі жаңа дүниені жаратуға ұмтылады. Бұл — үлкен қасірет.

ҚЫРШЫН ҚИЫЛҒАН ӨМІР ХАҚЫНДА

Ой жүгіртіп қарар болсаңыз, адам баласына жастық кезінде сәттілік серік болып, үлкен істі еңсеруге сеп болса, жер ортасы жасқа келгенде бәле мен жала атаулы басына үйір болар тағдыршешті қалтарыстың туатынын байқайсыз. Бұған қатысты ойымды білгіңіз келе ме? Адам қайтадан сынғыш қалыпқа түседі! Кез келген бірегей тұлға маңдайына жазылған өз миссиясын атқарады. Парызынан құтылған соң, оның бұл кейіпте жалғанда атқаруға тиіс ешқандай да міндеті қалмайды және жаратқан оған өзгеше тағдыр сыйлайды. Бірақ жалған өмірде бәрі де табиғи жолмен өрбігендіктен, ол шүкірлікке келгенше ібіліс талай сүріндіреді. Наполеон мен басқа да тұлғалардың басынан осы нәрсе өткен. Айталық, Моцарт отыз алты жасына дүние салған. Рафаэль де сол жаста өмірден озған (Байрон сәл ұзақтау жасады). Аты аталған тұлғалардың бәрі өз миссияларын мінсіз атқарған. Бұл олар ұзақ-ұзақ уақыт ғұмыр кешу керек болған бұл жалғанда, басқалардың еншісіне де бірдеңе қалу үшін о дүниеге кету керек болды деген сөз.

Карл Байер. Иоганн Вольфганг фон Гете портреті. 1920/Wikimedia Commons

ҚАЙТАЛАНҒАН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ХАҚЫНДА

Әлемнің ескіргені сонша, Жер бетінде мыңдаған жыл бойына сан мыңдаған ізгі адамдар өмір сүріп, ой жүгіртіп кеткен, сондықтан қазіргі уақытта жаңа бір дүниені табу я айту мүмкін емес іс. Менің түс жөніндегі ілімім де айтарлықтай соны дүние емес. Платон, Леонардо да Винчи мен өзге де ұлы адамдар маған дейін мұны ашып, ұсақ-түйегіне дейін құрылымдап қойған. Бірақ осы бір ақпарды тауып, қайта құрылдауым, шым-шытырыққа толы жалған өмірде ақиқатқа қайта жол салуға тырысуым, бұл менің жетістігім. Оның үстіне ақиқат жөнінде үздіксіз айта берген жөн, әйтпеген жағдайда жекелеген тұлғалар емес, тұтастай жұрт қайтадан жалған дүниеге иланып кететін болады.

Иоганн Вольфганг фон Гетесалған сурет. Вартбург. 14.12.1807/Wikimedia Commons

ФИЛОСОФИЯ ХАҚЫНДА

Шынтуайтында, бүкіл философия атаулы адамзаттың бұлыңғыр тілде жасаған ой-тұжырымдары ғана.

Не оқуға болады?

Иоганн Петер Эккерман – Разговоры с Гёте в последние годы его жизни, издательство «Художественная литература», 1986

И.-В. Гёте и Ф. Шиллер. Переписка. В 2-х томах. Издательство: М.: Искусство. Год: 1988.

Көшірілді