ИРАНДЫ БАСҚАРҒАН ТҮРКІЛЕР

Тарихшы Джордж Рота Сефевидтердің кім болғаны мен олардың Осман империясымен неге соғысқаны жайында

~ 5 мин оқу

1510 жылғы Мерв шайқасы, I Исмаил шах пен Мұхаммед Шайбани ханның жекпе-жегі. Исфаһандағы Шехел-Сотун сарайының қабырға суреті, шамамен 1647 жыл / Wikimedia Commons

Ғасырлар бойы Иран әлемі мен түркі әлемі мәдени, саяси және экономикалық жағынан өзара ықпал етіп келген. Соған бір жарқын мысал — Сефевидтер әулеті (16–18-ғасырлар) тұсындағы Иран. Сефевидтердің көшпенділерден шыққаны рас па, олардың бас қарсыласы Осман империясы ма еді және бұл текетірес қазіргі Таяу Шығыстың қалыптасуына қалай ықпал етті? Qalam порталына берген сұхбатында тарихшы Джорджо Рота осы сұрақтарға жауап береді.

Сефевидтер деген кімдер еді? Түркілер ме, сопылар ма, әлде осының екеуі де ме?

Сефевидтер тарихы Иранның солтүстік-батысы, Ардебильде, 13-ғасырдың аяғы — 14 ғасырдың басындағы шейх Сопы әд-Диннің сопылар орденінен басталады iСопылар ордені не тариқат — исламда рухани ұстаздың (пірдің) төңірегіне жиылып, айрықша құлшылық ету, нәпсіні тәрбиелеу және Алланы зікір ету арқылы біріккен қауым.

Әуелде олар сүннит болатын, бірақ біртіндеп өзгере берді: болашақ Исмаил шахтың атасы Жөнейт шахтың тұсында бұл тариқат әскериленіп, саясиланып, шиизмнің радикал формаларына жақындап, тіпті ежелгі, исламға дейінгі түсініктердің элементтерін сіңіріп алса керек.

Сафи әд-Дин шейх шәкірттеріне белгілі шайырлардың жырларын түсіндіріп отыр. «Сафуат ас-сафа» қолжазбасынан алынған миниатюра, 16-ғасыр / Morgan Library & Museum, New York

15-ғасырға қарай Сефевидтер түрікше сөйледі әрі Әзербайжан, Шығыс Анадолы, Солтүстік Сирия мен Солтүстік Ирактың жартылай көшпенді тайпаларымен байланысты болды. Алайда олардың шыққан тегі әлі де даулы: кей зерттеушілер оларды ирантекті десе, кейбірі күрдтер дейді. Сефевидтердің өздері кейініректе түп-тамырын Пайғамбардан таратып жүрді. Сірә, маңыздысы — Ардебиль аймағы түрлі ұлыстар мен мәдениеттердің біте қайнасқан жері болғандықтан, Сефевидтерді таза «парсы» не «күрд» деп анықтауға тырысудың өзі — ортағасыр тарихына 19–20-ғасырдағы ұлтшылдық тұрғысынан қараумен бірдей.

Осман империясы мен Сефевидтер арасындағы көпғасырлық текетірестің себебі неде?

Бұл соғыстың негізгі себебі, сөз жоқ, Сефевидтердің күшеюі еді. Олардың тұңғыш билеушісі Исмаил шах содан жарты ғасыр бұрын Шығыс Анадолыдағы билік үшін күресте жеңілген өз әулетінің мүддесін қорғап, 1501 жылы қайта таққа отырды. Әрі шиизмді Иранның мемлекеттік діні деп жариялады. Ал сол кезде Константинополь билеушісі сүннит қана емес, Мысырды билеп тұрған мәмлүктер мен сүнниттер арасындағы үстемдік үшін бақталасқан сұлтан еді.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

СӘУЕГЕЙЛІКТЕР САЙЫСЫ ЖӘНЕ «СИҚЫРЛЫ БИЛІК» ӘЛІППЕСІ

Осман сұлтандарының 15–16 ғасырларда ислам әлеміндегі идеялар соғысында қалай жеңіске жеткені хақында

Шығыс Анадолыда бұған дейін айтылған жартылай көшпенді түркі тайпалары тұрып жатқан. Олар шиизмнің әсіре түрін ұстанатын. Сол тайпалардың көбі шах Жөнейтпен бірге Исмаил шахты да нағыз көсем деп мойындаған. Оның үстіне, Анадолыда көтерілістер мен бүліктер де жиілей түсті. Мұның бәрі Османлыларды алаңдатпай қоймағаны анық.

Шалдыран шайқасы Османлылар мен Сефевидтер арасындағы тепе-теңдікті қалай өзгертті?

Шалдыран шайқасының салдары, сөз жоқ, аса маңызды болды. Ол Сефевидтерге өз мүмкіндігінің шегін мойындатып, олардың әскери санасына жарақат болды. Сефевидтер Османлыларды ашық шайқасқа шақыруға болмайтынын анық ұқты. Содан кейінгі тарихында олар мұндай қақтығыстан барынша бойын аулақ салуға тырысты.

Шайқастың нәтижесінде шекара шамамен бүгінгі орнына тұрақтады. Қырық жылдан кейін бұл шекара Амасия бітімімен i1514–1555 жылдардағы Османлылар мен Сефевидтер соғысынан кейін 1555 жылғы 29 мамырда жасалған бейбіт келісім заң жүзінде бекітілді.

1514 жылғы Шалдыран шайқасы. Исфаһандағы Шехел-Сотун сарайының қабырға суреті, 17-ғасыр / Wikimedia Commons

Сөйте тұра, Исмаил шах саяси әрі ұйымдастырушылық жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол әскерді қайта құруға, Сефевидтердің қолына отқару ұстатуға күш салды және Еуропадан одақтас іздеуге бұрынғыдан да құлшына кірісті. Алайда әулет үстемдігін қайта құру мен кек қайтаруға дайындық жолында оның жеке әдеті кедергі болды: Исмаил шах ішімдікке әуестігі салдарынан 1524 жылы мезгілсіз қайтыс болды.

I Исмаил шах Шалдыран шайқасында. Бижанның «Тарих-и Жаһангуша-йи Хақан Сахибқыран» қолжазбасынан алынған миниатюра, 17-ғасыр / Wikimedia Commons

Сонда бұл дін жолындағы соғыс па еді, әлде жерге талас па еді?

Оның жалғыз ғана себебі болған жоқ.

Бұл жерге талас та, дін мен абырой-бедел жолындағы, сондай-ақ сауда жолдарын уысына түсіру жолындағы күрес те еді. Бүгінде біз Иран десе қазіргі халықаралық шекарасы бекіген Иран Ислам Республикасын ойлаймыз. Алайда ол заманда Иран ұғымы әлдеқайда кең болатын.

Исмаил шах дәргейіне қаратпақ болған және оған әлеуеті әбден жеткен аумақ қазіргі Ираннан шығысқа да, батысқа да әлдеқайда кең еді. Ол тіпті Бағдатты билеуден дәмелі болған.

Осы тақырып бойынша тағы

Қалалар

Ортағасырдағы Бағдатта қалай серуендеуге болады?

Көне заманға саяхаттаушыға арналған нұсқаулық

Әзербайжан сөз болған жерде Оңтүстік Кавказ қатар айтылса, Иран Әзербайжаны Арас өзенінің арғы бетіндегі Оңтүстік Кавказға ұласып кетеді. Оңтүстік Кавказ — ауыл шаруашылығына аса қолайлы, құнарлы өңір. Оның үстіне, сол жерден Ресейге, орыс даласына қарай тартқан солтүстік керуен жолдары өтетін.

Сондықтан мұның бәрін тек діни тартыс деуге келмейді. Дін — қашанда қолайлы құрал: ол жұртты жұмылдыруға, дүниеауи мүдделерге идеализм реңкін беруге мүмкіндік береді. Маған салса, ондай мүддесіз, дін жолында ғана соғысуға, кісі өлтіруге немесе өз өмірін қиюға дайын адам көп емес.

Сефеви Ираны шекарасындағы осман бекіністері. Сейіт Лұқманның «Сұлтан Сүлеймен тарихы» қолжазбасынан алынған миниатюра, 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Османлы–Сефеви текетіресі ислам әлеміндегі шектерді бұрынғыдан да айқындай түсті, сүнниттер пен шииттердің арасына жік салып, діни болмысын бұрынғыдан бетер бекемдеді деуге бола ма?

Иә, солай. Оған бір себеп — тарихта алғаш рет жаңа ислам мемлекетімен бірге исламның осы бағыты алғаш рет мемлекеттік сипат алды. Исмаил шах белгілі бір аумақты зайырлы билеуші ретінде басқаруға ұмтылды, бірақ онда шиизм мемлекеттік дін болды. Сондықтан Османлылар тұрғысынан қарағанда бидғатқа бой ұрған олармен күресу қажет болатын.

Сөйте тұра, Осман мемлекетінің құрамында да шиит азшылықтар болды. Сондықтан шииттерді шиитсің деп қана қудалаған жоқ. Олар Сефевидтердің мүддесіне қызмет етіп, сұлтан билігін әлсіреткенде ғана жазаға тартылып, қудаланатын. Дәл сондай себеппен II Баязид (1481–1512) Шығыс Анадолыдағы түрік тайпаларының бір бөлігіне Балқан түбегіне қоныс ауыстыруды бұйырады. Олардың ұрпақтары сол жерде әлі күнге дейін тұрып жатыр.

Сұлтан ІІ Баязидтің портреті. Паоло Веронезенің ізбасары, 16–17-ғасыр / Бавария мемлекеттік кескіндеме жинақтары, Мюнхен / Wikimedia Commons

Мысалы, Болгарияда Исмаил шахты пір тұтатын қауымдар бар. Сондықтан діни-идеологиялық шекара, шынымен де, бұл кезеңде қатаң тарта түскені рас.

Солтүстік-шығыс Болгариядағы Демир-Баба теккесі. Венгр саяхатшы-этнографы Феликс Каництің литографиясы, 19-ғасыр. Балқан алевилері мен бекташылардың діни орталықтарының бірі болған бұл өңірде қызылбас қозғалысы мен І Исмаил шахты қастерлеуге байланысты дәстүрлер сақталған.

Сөйте тұра, бұл халықаралық саудаға тұсау бола алған жоқ. Оның үстіне, бір тараптан екінші тарапқа өтіп кеткендер де көп. Түрлі себеппен Сефевидтерден Османлыларға кеткендер де, Османлылардан Сефевидтерге өтіп, барған елінде жаңа өмір бастап кеткендер де жетіп артылады. Бұл — мемлекеттің ресми саясаты бір бөлек те, сол саясаттың күнделікті өмірдегі көрінісі басқа екенін көрсетеді.

Қазіргі Түркия, Ирак және Иран арасындағы шекараның едәуір бөлігі 1639 жылғы келісімнен бастау алады. Бұл әдейі көзделген шешім болды ма, әлде тарихтың тосынсыйы ма?

Екеуі де дер едім. Жоғарыда айтып өткенімдей, Османлылар шығысқа қарай жылжитын кезде қатты қиналған. Мәселен, Керманшахты, Казвинді немесе Тебризді бағындырғаннан айтарлықтай пайда жоқ еді. Ал нағыз құнды олжа Оңтүстік Кавказ болатын. 1722 жылы Сефевидтер тақтан тайғаннан кейін Османлылар сол өңірді қаратып алды.

Сефевидтерге де Ванды немесе Бағдатты басып алудың мәні болмады, оның үстіне Османлылармен тағы бірнеше ондаған жыл соғысуға тура келсе, оның тіпті қажеті жоқ еді. Кейін, 18-ғасырда, Нәдір шах батысқа қарай қанат жайып, Ван мен Мосулға шығуға талпынды. Алайда Иран қыратының саяси әрі әскери тірек орталықтарынан бастар болсаңыз, Мосулға, Ванға немесе Бағдатқа қарай жорық жасау шын мәнінде оңай емес.

1639 жылғы Зухаб бітімінен кейінгі Сефевилер мемлекеті мен Осман империясының картасы / Wikimedia Commons

Сондықтан 1555 және 1639 жылдары бекітілген шекара шартты түрде айтқанда өзінше бір табиғи шекараға айналды. Мұндағы «табиғи» деген сөз екі мемлекеттің табиғи шекарасы деген сөз емес. Өйткені шекаралардың қалыптасу тарихына қарасақ, ондай ұғымның өзі даулы. «Табиғи шекара» дегеніміз — осы шекара екі мемлекеттің, екі әулеттің өз кезінде иелік етуге нақты әскери мүмкіндігіне сай келген шекара деген сөз.

Көшірілді