«Егер әлем біртұтас мемлекет болса, оның астанасы — Ыстанбұл болар еді», – депті Наполеон деген сөз бар, алайда ол Париж туралы да дәл осылай деуі бек мүмкін еді, десе де бұл сөзге сену оңай. Қайткен күнде Ыстанбұл ұлы ғибадатханалар, рухани мұра, геосаяси күрестің шаһары ғана емес, аңыз-әпсаналар мен жоғалған үміттердің қаласы болуы тегін емес. Осы орайда Лев Масиель қаланың эволюциясы туралы баяндаса, Жар Зардыхан үш түрлі дәуірдегі үш оқиғаға сапар шегеді.
Грек тарихы үшін айтулы мекендердің бірі болғандықтан, бұл тұста Зевс туралы сөз қозғамай кете алмаймыз. Әңгіменің әлқиссасын Босфор бұғазынан бастайық, себебі түрік тілінде оның ерек атауы жоқ, әрі Ыстанбұл бұғазы деген қарапайым атауға ие (İstanbul Boğazı). Ал Босфор сөзі грек тілінен аударғанда «Бұқа өткелі» деген мағынаны білдіреді әрі оны Зевстің сүйіктісі Ионың басынан өткен оқиғамен байланыстырады. Зевс Ионы әйелі Гераның қаһарынан құтқару үшін сиырға айналдырып жібереді, ал Ио сиыр кейіпте Босфорды жүзіп өтеді. Бірақ Босфорға жасалатын шабуылдан бұрын Ио қазіргі Алтын Мүйіз жағасында Кероэсса (грекше «мүйізді» деген мағынаны білдіреді) есімді қызды дүниеге әкеледі, ал Кероэсса болса Посейдон құдайдан қаланың негізін қалаушы аты аңызға айналған Визос немесе Византты жарық дүниеге әкеледі. Аңызға салсақ, ол бұғазды әжесінің сиырға айналған таңғажайып бейнесінің құрметіне атайды, ал Византия қаласын өз есімімен атауды жөн көреді, оның үстіне ол басқарған Мегара экспедициясына қаланы «зағиптардың жеріне» қарама-қарсы тұрғызу керек деген сәуегейлік болжам түседі. Мегараның бұрынғы тұрғындары б.з.д шамамен 685 жылы Босфордың Азия жағалауында, қазіргі Кәдікөй ауданының орнында Халкидон қаласын салады, ал Визос оларды соқыр деп атаған, өйткені олар қарама-қарсы бағыттағы тамаша айлақ пен қала тұрғызуға дәл келетін орынды байқамаған еді.
Қазіргі Ыстанбұл аумағында адамдар ықылым заманнан бері өмір сүрген, дегенмен қаланың б.з.д 660 жылы ежелгі грек шаһары Мегараның колониясы ретінде негізі қаланып, Византия деп аталған. Шамамен мың жыл өткен соң, 324 жылы Рим императоры Константин жақын жерден жаңа қала тұрғызып, оны Жаңа Рим деп атайды (Nova Roma), ал 330 жылдың мамыр айында ол қаланы Рим империясының астанасы етті. Жаңа Римнің Нью-Йорктен басты айырмашылығы, атауы халық арасына сіңбеді, әрі оның негізін қалаушының құрметіне Константинополь деп аталып кеткен деседі. Ал мемлекетті күйрегенге дейін өз тұрғындары да, көптеген көршілері де Рим империясы деп атауды тоқтатпаған көрінеді. Дегенмен біз оны Византия деп білеміз, бұл атауды 16 ғасырды Еуропа ғалымдары қаланың ескі атауына сүйене отырып, ойлап тапқан. Бұл термин олардың тұжырымдары бойынша империя тарихындағы екі түрлі кезеңнің айырмашылығын білдіру үшін енгізілген: «Рим» — 1–5 ғасырда астанасы Рим қаласы болған империяға тиесілі, ал «Византия» — астанасы Константинополь болған империяның шығыс аумағын білдіреді. Десе де кейбіреулер үшін оның тарихы Константин дәуірінен басталады, ал кейбіреулер үшін 7 ғасырдан бастау алады. Мұнда бәрі өзгермелі екенін атап өткен жөн.
Өзін-өзі құрметке лайық санайтын кез келген римдік үшін Константинополь жеті дөңнен тұрса, қазіргі Ыстанбұл жетпіс дөңнің бәрін қамтыған шығар. Бірегей әрі стратегиялық маңызды жерде орналасқан қала талай рет жау қоршауында қалғаны да рас, сондықтан оны аспан күштері қорғайды деген аңыз-әпсаналардың болуы шартты. Ең танымалы — Ресейдегі өте әйгілі православиелік мерекеге негіз болған аса қасиетті Құдай ананың шапағаты туралы. Жойқын шабуылдардың бірінде император мен барлық адам атаулы Қасиетті София Соборында дұға оқуға жиналады, кенет литургия кезінде диуана Андрей қаланың төбесінен жамылғысын серпіп тастаған әулиелердің қоршауында тұрған Құдай ананы көреді. Сөз жоқ, екпіндеп келген жау көп ұзамай артқа шегініп, қаланы тәрк еткен екен.
Атап өтерлігі, қаланы түрік-османдардың басып алып, күйрейтіні туралы аспаннан тура әрі астарлы мағынада белгі келіп түскен. Қаланың құлауынан бір апта бұрын 1453 жылдың 22 мамырында ай тұтылып, оғаш жарыққа тұншыққан қалың тұман қаланы басып, діни шеру кезінде икон құлап түседі.
1453 жылы Османдар жаулап алғаннан кейін қала ресми түрде өзінің бұрынғы атауын Костантиние (Kostantiniyye) деген арабтанған атауда сақтап қалды, дегенмен Осман империясында ресми әрі бейресми түрде Дерсаадет (араб. «Бақыт қақпасы») немесе Аситане (Қазақстанның астанасының атауы сияқты) сынды балама атаулар да айтылып жүрді. Ауызекі тілде Истанбул (Ыстанбұл) атауы барған сайын кең етек жая бастады. Әдетте бұл гректің εἰς τὴν Πόλιν («қалаға») деген сөзінен шыққан деген деректер де бар, десе де бұл Константинополь атауының күрделі түрленіске түскен түрі болуы да бек мүмкін.
Қала ақырына дейін, яғни 1922 жылға дейін Осман империясының астанасы болып қалды, бірақ бір ескерерлігі, ол мемлекеттің жай ғана астанасы немесе сұлтанның ордасы ғана болған жоқ, 1517 жылы Каирді алған кезде мәмлүктер мен аббасид халифатын ойсырата жеңгеннен кейін таласып, үміт еткен халифаттың шартты астанасы болғанын да ұмытпаған жөн. Десе де 18 ғасырдың соңына дейін осман сұлтандары халиф лауазымын өте сирек қолданған. Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал 1923 жылы Анкараны жаңа республиканың астанасы етіп, артынша халифатты жойса да, ескі астанаға жиі ат басын бұрып, Осман сұлтандарының бұрынғы сарайы Долмабахчеде көз жұмады. Ресми түрде қала Рим императорының есімімен 1930 жылдан бастап аталмайтын болды және Ыстанбұл атауын місе тұтты. Дегенмен гректер шаһарды әлі күнге Константинополь деп атайды, бұл ара-тұра шағын дипломатиялық түсініспеушілікке түрткі болады.
Константинополь әрқашан ұшына көз жетпес алпауыт қала еді. Юстиниан дәуірінде (527–565) қала гүлденіп, халқының саны жарты миллионға жуықтады және халқының саны біресе кеміп, біресе артып отырса да, белгілі бір уақыт әлемдегі ең үлкен қала болуы мүмкін. Шамамен 1000 жылы сол жарты миллион халық Византия дәуірінің кемеліне жетіп, ұшпаққа шыққан соңғы сәті болды, кейін біртіндеп құлдырау басталды. 1204 жылы қаланы кресшілер жаулап алғанда онда шамамен екі жүз мың адам, ал түріктер келген тұста бар-жоғы елу мыңға жуық адам өмір сүрген.
Ал серпінді қадам басқан Осман империясының астанасына айналуы халық санының қарқындап өсуіне жол ашты, кезіндегі Византия астанасы жарты миллионға Осман заманы тұсында жүз жылда-ақ қол жеткізді. 600–700 мың тұрғыны болған кезде де Ыстанбұл Еуропаның ірі қаласы саналған еді, ол 18 ғасырға дейін тек Лондонға ғана жол беріп, осы деңгейде қалды. Бар дүниежүзіндегідей халық санының кезекті жылдам өсу қарқыны 19 ғасырдың орта тұсына дөп келді, ал 20 ғасырдың басында Ыстанбұлдың миллион тұрғыны болды. Тоқтаусыз соғыс пен елорданың Анкараға көшірілуіне байланысты 1930 жылға қарай халық саны 750 мың адамға дейін төмендеді, бірақ кейін Түркияның провинцияларынан халықтың жаппай қоныс аударуына байланысты 1950 жылы халық саны миллионнан асып жығылды, 1980 жылы үш миллион, ал бар-жоғы он жылдан кейін алты миллионға жетті. Қазір Ыстанбұл агломерациясында 16 миллион адам тұрады, бұл оны Еуропада (Мәскеуден кейін) және Таяу Шығыста (Каирдан кейін) халық көп орналасқан екінші қала деңгейіне көтерді.
Осман империясы астанасының этникалық құрамы тарихи тұрғыда үнемі алуан түрлі болды, дегенмен нақты деректер 20 ғасырдың басында ғана жарық көрді. 1897 жылғы халық санағы бойынша Ыстанбұлдың 1 059 000 тұрғынының ішінде түріктер — 56 % (597 000), гректер — 22 % (236 000), армяндар — 15 % (162 000), еврейлер — 4 % (47 000)iKemal H. Karpat, Ottoman Population, 1830-1914. Demographic and Social Characteristics. Madison: Wisconsin University Press, 1985 құрады. Кейіннен соғыстар, жер аудару, қоныс аудару, империяның құлауы және жаңа мемлекеттердің құрылуы салдарынан қала халқының этникалық және діни құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, мұсылман емес халықтың үлес салмағы бірте-бірте азая берді.
56%
– бұл 1897 жылғы Ыстанбұлдағы түріктердің жан саны.
Ыстанбұл — Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Босфор бұғазының екі жағалауында орналасқан. Қаланың еуропалық бөлігін де Алтын Мүйіз шығанағы екі бөлікке бөледі. Оңтүстіктен қаланы Мәрмәр теңізі шайып жатыр. Солтүстікте құрылыс шамамен 30 шақырымдық бұғаздың ортасына дейін жетеді, ал Қара теңізге жетпейді. Ыстанбұлдың бесігі — оңтүстіктен Босфор бұғазы мен Алтын Мүйізді бөліп тұрған таулы мүйіс. Кезінде онда гректерге тиесілі Византияның акрополі орналасқан болатын.
Константин өз қаласын түбекке орналастырды, оның соңы мүйіспен түйінделеді. Ол негізін қалаған бас көше — Меса (гр. ортаншы) көне қаланың басты күретамыры саналады, әрі онда негізін салушы орнатқан порфирден жасалған салтанатты бағана әлі күнге бой көрсетеді. Уақыт өте келе «Константин бағанасы» өрт пен жер сілкінісінен талай рет зардап шекті, сондықтан құрылым темір сақиналармен бекітілген, осыдан болар бағана және ол орналасқан аумақ түрікше «шеңберлі» деген мағына береді (түр. Çemberlitaş), ал көптеген Еуропа тілінде оны «Күйген тас» деп атауға бейіл. Османлы дәуірінде қазіргі Ыстанбұлдың туристік күретамыры — Меса Divanyolu деген атауға ие болды (түр. Диванға бастар жол), сондай-ақ Византия кезіндегідей сұлтан мен басқа да лауазымды тұлғалар үшін негізгі хаттамалық жол ретінде пайдаланылды. Бұл Жоғары императорлық диван (Dîvân-ı Hümâyun) шамамен Византия императорларының сарайы орналасқан жерден орын теуіп, қазіргі министрлер кабинеті қызметін атқарған.
Қала тарихындағы ең ұлы құрылысшы, әрине, Рим императоры — Юстиниан еді. Ол билеген кезең Рим империясының соңғы гүлдену сәті болатын. Ол есепсіз ғимарат тұрғызды, сондықтан өз заманының әйгілі тарихшысы Прокопий Кесарийский оған арнап «Ғимараттар туралы» деген трактат жазып шықты. Барлық дәуірлер мен халықтардың сөз жоқ кемеліне жеткен сәулет туындысы Қасиетті София Соборы үшін Юстинианға қарыздармыз. Бірақ бұдан басқа ол өзінше сәулет тәжірибесі саналатын әрі батыл тәсілдерге жол берген әулие Cергия мен Вакханың таң-тамаша қалдырар шіркеуін салғызды, ал бұл шіркеудегі тәсілдер бұдан кейін бірден тұрғызылған Қасиетті София соборына да қолданылды. Император қирап қалған әулие Иринаның алып шіркеуін қайта тұрғызды, ол қазір біраз ұмыт болса да, Топқапы сарайының алдыңғы ауласында тұр. Біз оған қала астында сақталған бірнеше жүздеген византиялық су қоймаларының ішіндегі ең үлкені және осы күнге жеткен — Базилик цистернасының құрылысы үшін де қарыздармыз.
Көне акропольдің жанында император сарайы, ипподром және Софияның алғашқы ғибадатханасынан тұратын Византия астанасының қасиетті орталығы орналасты. Үздіксіз өсіп, түрленіп жатқан сарай кешенінің бір жағы — Босфор бұғазына шығып тұрады, ал екінші тұсы, әсіресе, алғашқы кезде қаланың қоғамдық өмірінің орталығы саналған ипподромға мойын бұрады. Ал кейінірек сарай мен ипподромның солтүстік жағында император Юстинианның бұйрығымен ұзақ уақыт бойы христиан әлеміндегі ең үлкен ғибадатхана болған Қасиетті София Соборы салынды. Византия сарайлары мен басқа да ғимараттар сияқты бұл православ соборы 1204 жылғы Төртінші Крест жорығынан кейін уақытша католиктік шіркеуге, 1453 жылы османдар жаулап алғаннан кейін мешікте айналды. Алайда 1934 жылы Мұстафа Кемалдың жеке бұйрығымен (ал дәл сол жылы Түрік республикасының парламенті оған Ататүрік атты құрметті текті берген еді (түр. Atatürk — түріктердің атасы) алдымен христиан әулиелері мен императорларының беттері бейнеленген өрнектерді көлегейлеп тұрған гипсті алып тастап, мұражайға айналдырды.
Бірақ өзгерістер мұнымен аяқталмады, 2020 жылдың шілдесінде COVID-19 індетінің шарықтау шегінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Айя-Софияны мешіт деп жариялады, бұдан кейін Түркия Мемлекеттік кеңесі оны мұражайға айналдыру туралы 1934 жылғы шешімнің күшін жойып, қаланы жаулап алғаннан кейін собор Сұлтан II Мехмедтің жеке меншігіне айналғанын, осы себепті заңсыз мұражайға айналғанын алға тартты. Сайып келгенде, собор мешітке айналғаннан кейін жұма намазына Ердоғанның өзі келіп қатысты, фрескалар мен өрнектердің беті матамен жабылды. Ал II Мехмед Константинопольді жаулап алған үшінші күні Қасиетті София Соборында намаз оқымақ болады, ал осман сәулетшілері ғибадатханадан мүсіндерді шұғыл шығарып, өрнектерді сылақпен сылап жасыруларына тура келген еді.
Қаланың солтүстік-батысында Константин император қабірі ретінде ойластырылған Апостолдар ғибадатханасын тұрғызды, онда қаланың қарапайым негізін қалаушы өз қабірін алпауыт ғибадатхананың ортасына орналастыруды, ал айналасына христан ойкуменасының түкпір-түкпірінен әкелінген 12 апостолды қоюды жоспарлады. Өкінішке орай, Константинді Мәсіхке балайтын императордың бұл жоспары жүзеге аспады. Алайда бұған қарамастан, Апостолдар шіркеуі қаланы кресшілер жаулап алғанға дейін ұзақ уақыт бойы Византия астанасының екінші маңызды ғибадатханасы болып қала берді және дәл осы жерде 11 ғасырдың ортасына дейін императорлар жерленген. Қаланы жаулап алғаннан кейін базилевс император лауазымына үміт еткен османлы сұлтаны ІІ Мехмед өзін «Рим Цезарындай» (осм. Kayser-i Rûm) ұлықтап, тозығы жеткен ғибадатхананы бұзып, оның орнына өз құрметіне қарапайым ғана мешіт тұрғызуды бұйырды. Өмірден өткеннен кейін дәл сол жерде жер қойнына тапсырылды.
Шамамен осы ғибадатханының артында Константин кезінде салынған алғашқы қала қабырғасы тұрғызылды, оның өте қомақты аумақты қамтығаны сонша, оның шегінен қазірдің өзінде кез келген турист шыға алмайды, ал шамамен бір ғасырдан кейін 408 және 431 жылдар аралығында император II Феодосий қаланың қоршалған аумағын екі есе ұлғайтатын жаңа қабырғалар салғызады. Осы зәулім қабырғалардың арқасында Константинополь «Еуропаның қорғанышы мықты» қаласы ретінде танылса да, қаланы жаулап алудан жарты ғасыр бұрын Османлы түріктері Балқандағы кең аумақты бақылауға алып, астанасын Еуропаға, Константинопольден шамамен 200 шақырым жерде орналасқан Адрианополь (Эдирне) қаласына көшіреді.
Бұл қабырғалар өте жақсы сақталған және шамамен екі жүз жыл бұрын қаланың батыс шегарасы болған. Бірақ Византия кезеңінде қала аумағында толықтай құрылыс жүрмеген, сондай-ақ басқа метрополиядан басты айырмашылығы — қала кем дегенде үш ғасырға созылған құрғақтықты бастан кешірді. Осылайша 12 ғасырда басталған құлдырау қаланы кресшілер басып алғаннан кейін күрт күшейіп, тұрғындар бірте-бірте бұл аймақтан көше бастады, бұл өз кезегінде халық санының он есе азаюына алып келді.
Осман түріктері жаулап алар алдында қаланың батыс бөлігіндегі бұл қабырғалардың ішінде жабайы орман қанат жайып, кірпінің жабайы түрі — жайралар мекен етті, ал Византия ақсүйектерінің аз ғана шоғыры мұнда жабайы қырғауыл мен кекілік аулайтын. 1273 жылы құрылған генуездік сауда колониясы — Галатаның айналасында орналасқан, Алтын Мүйіздің солтүстік жағалауынан орын тепкен жаңа қала — Пера шаһардың жалғыз қан жүріп, тіршілік қайнаған мекеніне айналды. Көп ұзамай ол қабырғамен қоршалды, ол қабырғадан бүгінгі күнге дейін Галата мұнарасы жетті. Аталған қабырға бағытынан Ыстанбұлдағы ең әйгілі жаяу жүргіншілер көшесі әрі туристердің сүйікті орны — Истикляль орналасқан. Тарихи тұрғыдан көне Ыстанбұлдың аудандарын кесіп өтетін бұл көше жай ғана Пераның Үлкен (немесе Ұлы) көшесі (осм. Cadde-i Kebir; гр. Μεγάλη Οδός του Πέραν) деп аталды, алайда 1927 жылы Түркия Республикасының жарияланғанына төрт жыл толғанда еуропалық интервенттер державасына қасақана бұл көшеге баршамызға белгілі Истикляль (түр. İstiklâl — тәуелсіздік) атауы берілді, себебі бұл көшеде интервенцияның консулдығы орналасқан еді.
Атап өтерлігі, Галата мұнарасы сәулет контексінде ғана емес, сондай-ақ көңіл аудартарлықтай қызық әрі біраз ұшқалақ сипатқа ие. Бұл оқиғаны бізге Османлы дәуірінің ең әйгілі саяхатшысы, он томдық «Саяхат кітабының» (Seyahatnâme) авторы — Эвлия Челеби айтып берді. Айтпақшы, оның кітабы 17 ғасырдағы осман ұшқышы полимат-тәжірибеші — Хезарфен Ахмед Челебиге (Hezârfen Ahmed Çelebi) арналған. Әмбебап ғалымдар мен полиматтарды әдеби «Хезарфен» (парсы тілінен Мыңдаған дағды мен пән) деп атаған және бұл құрметті лақап ат «Хезарпареден» (парсыша Мыңдаған кесек) қарағанда сирек кездесетін адамдарға беріледі. Мысалы, Ұлы Уәзір Хезарпаре Ахмед Паша өлім жазасына кесілгеннен кейін денесі көптеген ұсақ кесектерге кесілген соң, көпшілікке осы лақап атпен танылды.
Эвлия Челебидің айтуынша, Ахмет Челеби ұшуға, дәлірек айтсақ, жоспарлауға қызығушылық танытып, ІІ Мехмед тұсында бүркіттің қауырсыны арқылы қауырсын қанаттарын қолдан жасап, тұрғызылған садақшылардың баспанасы — Окмейданы алаңы үстінен тоғыз рет ұшып өтеді. Бір күні ол Галата мұнарасының төбесіне секіріп, қума желдің екпінімен Үскідардың Азия бөлігіне дейін ұшып барады. Босфор бұғазынан қарап тұрып бұл ұшу құбылысына байқаусызда куә болған сұлтан IV Мұрат ұшқышты бір уыс алтынмен марапаттады, алайда оны Алжирге жер аударуға бұйырды, себебі мұндай қабілеті бар адамдар өте қауіпті болуы мүмкін.
1996 жылы Хезарфен Ахмед Челебидің өмірі және оның Галата мұнарасынан ұшуы туралы «Ыстанбұл қанатымның астында» (İstanbul Kanatlarımın Altında) атты көркем фильм түсірілді. Бірақ Ахмед Челебидің ағасының рөлін сомдаған актер Окан Баюлгенді аяғынан сұлтанмен аттас 18 жастағы «кино сыншы» Мұрат атып, жарақаттайды. Оның фильмде көрсетілген IV Мұраттың бейнесіне көңілі толмайды, десе де сұлтанның жеке өмірі басқа бір әңгімеге жүк болары анық.
Османлы түріктері Константинопольді басып алғаннан кейін қала бір демде күйреу алдында тұрған шағын мемлекеттің орталығынан олар қалаға христиандар мен яһудилерді саналы әрі белсенді түрде қоныстандыра бастаған кезде Еуропадағы ең қуатты және ең үлкен империяның астанасына айналды. Өзінің жаңа императорлық мәртебесіне лайық II Мехмед Ыстанбұлда екі сарай салдырады: ескі Византия шіркеуінің орнына Ескі сарай (түр. Eski Saray) бой көтереді, ол түптеп келгенде сұлтан гареміне, бұрынғы сұлтандардың анасы мен күңдерінің баспанасына, тіпті опасыздық жасады деп айыпталған сұлтандардың бұғаудағы мекеніне айналады, ал Жаңа Сарай (түр. Yeni Saray) Ежелгі Византияның акрополінің орнына бой түзейді. Ескі Сарай бірте-бірте іргесі сөгіліп, күйреді, оның ізі де қалған жоқ, ал қазір оның орнында Ыстанбұл университетінің ескі кампусы, сондай-ақ Баязид пен Сүлеймение мешіттері орналасқан, десе де ІІ Мехмед Ескі Сараймен қатар салғызған «Үлкен Базар» (түр. Kapalıçarşı) сақталып қана қойған жоқ, мінсіз жұмыс істеп тұр. Ал көп ұзамай Ескі Сарайдан гарем көшіп келгеннен кейін Жаңа Сарай одан өткен жаңа сарайлар пайда болған соң кезіндегі Жаңа Рим сияқты өз атауын жоғалтып, сарай қақпаларының бірінің аты әрі әлі күнге қолданыста бар Топқапы (түр. Topkapı Sarayı — зеңбірек қақпалары бар Сарай) деген атауды иеленді.
ІІ Мехмедтен бастап өзін құрметтейтін әрбір Осман сұлтаны бүгін де «Жаулап алушы» (түр. Fatih) атты қарапайым атауға ие әкімшілік ауданына жататын Византияның ескі қаласының орталығының орнына зәулім сұлтан мешітін тұрғызып, өз дәрежесі мен билігінің деңгейін көрсеткісі келді. Ұлы Сүлейменнің төл бұйрығымен салынған ұлы Синан тұрғызған Сүлеймение мешітінде, мәселен, тек мешіт, Сүлеймен мен Хюррем Сұлтанның (Роксолана) кесенесі ғана болған жоқ, сондай-ақ аурухана, мектеп, монша, керуен сарай және кедейлерге арналған тегін асхана да болды. Ал мешіттердің өзі барлық көршілес аудан үшін діни және қоғамдық өмірдің орталығына айналды.
Османлы Ыстанбұлының бас құрылысшысы ұлы сәулетші Синан еді, ол грек яки армян тектес бұрынғы жаңа шерік болатын, өзінің салалық ептілігі әрі математикаға деген махаббатының арқасында Османлы дәуірінің бас сәулетшісі әрі инженеріне айналды. Ғасырға жуық өмірінде ол 400-ге жуық ғимарат салды, ал жоғарыда аталған Сүлеймение мешіті Қасиетті София Соборының құрылыс тәсілдерінен шабыт алып бой көтерсе, оның шәкірттері Көк Мешіт (Сұлтанахмет мешіті) пен Тәж-Махалдың жобасын жасаған.
Мешіттерді, әрине, тек ұлы сұлтандар ғана салғызған жоқ. Мәселен, 17 ғасырда Айя-Софиядан қашық емес ипподромның дәл қасынан қарапайым сұлтан І Ахмет өз туындысын тұрғызды. Ол бүгінде қалада ең танымал ғимараттардың бірі саналатын — «Көк мешіт» (түр. Sultanahmet Camii). Бірақ соңғы үлкен мешіт — Yeni Cami (түр. Жаңа мешіт) Алтын Мүйіздің дәл жағасында 1597 жылы Сұлтан III Мехмедтің емес, оның анасы — Сафие сұлтанның бұйрығымен бой көтерді. Сондықтан оған «Сұлтан ана мешіті» (түр. Valide Sultan Camii) деген атау беріліп, онымен бірге әйгілі Мысыр дәмдеуіштер базары да (түр. Mısır Çarşısı) салынды. Әйелдер Осман империясының саяси өміріне зор ықпал еткен «Әйел сұлтандығы» кезеңінің белді өкілі болған Сафие сұлтанның Англия патшайымы І Елизаветамен ұзақ жылдар бойы хат алмасқанымен де атағы шықты. Бұл, әрине, әйелдерге арналған жалғыз мешіт емес, Ескі және Жаңа Сарайлардың үлгісімен 18 ғасырда Ыстанбұлдың Азия жағында «Ананың жаңа мешіті» (түр. Yeni Valide Camii) де бой түзеді.
Рим империясына берілгендердің басты айырмашылығы — Османлы түріктері күйме жарыстарына анау айтқандай құмар болмады, бұл өз кезегінде 1204 жылы қаланы кресшілер жаулап алғаннан кейін онсыз да іргесі сөгілгелі тұрған Константинополь ипподромының күйреуінің сөзсіз көрінісі болды. Ипподромның империя астанасының орталық аренасы ретіндегі тұжырымдамасы толығымен сақталды. Әрі бұл жер ипподром, нақтырақ айтқанда Atmeydanı (Ат алаңы) деп атала берді, әрі Нью-Йорктегі Таймс-Сквер алаңындай Осман империясының жаңа астанасының ойын-сауық орталығы болып қалды. Оның үстіне бұл жердің өзі әрі оған іргелес аудандар сөз жоқ өте беделді саналды, ал алаңға империяның тек ықпалды адамдары ғана көршілес орналаса алатын. Мәселен, Ұлы Сүлеймен патшаның бас уәзірі Ибрагим пашаның сарайының жалғыз балконы алаңға қарайтын еді.
Әрине, бұрынғы Византия ипподромы римдік «нан мен көрініс» рухындағы популистік қызмет те атқарды, сондықтан ол сұлтанның үйлену тойының, Осман шахзадаларының сүндеттеу рәсімінің, таққа отыру немесе әскери жеңістердің басты алаңына айналды. Мұндай ұлы тойларда тамақ, ақша, сыйлық таратылатын, оның көл-көсір болғаны сондай, 1582 жылы сұлтан ІІІ Мұраттың ұлы шахзада Мехмедтің сүндет тойында 500 аспаз ас әзірлеп, 52 күн бойы ипподромда тоқтаусыз тамақ таратқан деседі.
Десе де бәлкім «ат алаңында» ең жаға ұстатар оқиға 1656 жылы болды әрі ол күлкілі ситком эпизодтарына атау қоюдағы мәнерге сәйкес келеді: «Шынардағы оқиға» (Çınar Vakası), ал мейлінше әдеби әрі поэтикалық тұрғыда «Ваквак оқиғасы» (Vaka-i Vakvakiye) деп аталады. Ортағасырлық араб қиялында «Ваквак» бұл «Шығыс Қытайда» орналасқан ойдан шығарылған арал, ал онда тек қана әйелдер тұрады. Бұл қоғам тек сиқырлы ағаш Ваквак арқасында көбейеді, қала берді адамдар немесе олардың дене мүшесі жемістердің орнына біртіндеп өсе бастайды. Кейде бұл ағашты тозақпен байланыстырады.
Бір сөзбен айтқанда бұл оқиға анархияның, экономикалық дағдарыстың және жаңа шеріктердің империядағы билік тізгінін іс жүзінде біраз уақыт қолына алған гаремде қызмет ететін еркектерге билік ететін ықпалды басшыларға қарсы күрестің шарықтау шегіне айналды. Сипахилер (османлылардың ауыр атты әскері) тарапынан да қолдау тапқан жаңа шеріктер 1656 жылы көтеріліске шықты, нәтижесінде жаңа шеріктер жаңа саяси дағдарысқа жауапты отыз шенеуніктің тізімін жасап, жас сұлтан IV Мехмедке жүгінді. Ақыр соңында жаңа шеріктер аталған отыз шенеунікті өлтірді, жас сұлтан мұның алдын алуға тырысып бақса да, олардың басы мен тәні ипподром алаңындағы үлкен шынар бұтақтарына байланды. Ал бұл қорқынышты көрініс — Vaka-i Vakvakiye деген атауға ие болды.
19 ғасырда Османлылардың Византия мұрасына деген құмарлығы сейіле бастағанда, Осман билеушілері «базилевс» пен «цезарьдің» орнына «сұлтан» немесе «падишаһ» атағын тіпті грек тілінде де ресми қолдана бастады, ал халықаралық дипломатияда «император» (түр. imparator) сөзі қолданылды. Беделді құрылыстың негізгі аймағы көне Византия орталығынан Босфордың қалаға жақын бөлігіне ойысты. Ескі, шығыстық, әрі шамамен ортағасырлық сарай саналатын Топқапы сұлтандардың жаңа ұрпағының эстетикалық сұранысын қанағаттандыра алмады, сондықтан Босфор бірте-бірте барокко және рококо стиліндегі Осман ақсүйектерінің сарайларына, виллаларына және павильондарына толып кетті. Сұлтан І Абдул-Мәжит батыс еуропалық мәнердегі кешендерді қайта тұрғызудың бас маманына айналды. Ол француз тілінде еркін сөйлеген, империяға француз құқығы мен кеңсе ісін енгізген әрі Ресейге қарсы Қырым соғысында Ұлыбритания мен Францияны өз тарабына шығарған тұңғыш сұлтан.
Ортакөйде І Абдул-Мәжиттің құрметіне барокко, рококо және императорлық Османлы сәулет өнерінің эклектикалық қоспасы ретінде салынған «Үлкен Меджидие мешітінің» (Büyük Mecidiye Camii) құрылысына ұлы армян сәулет өнерінің белді әулеті — Бальяндардың ұрпағы, бес ұрпақ бойы Османлы сарайының алпауыт сәулетінің басты жасампаздары әкелі-балалы — Гарабет пен Никогос Бальяндар тартылады.
Батысқа құмар болғанына қарамастан, І Абдул-Мәжит сұлтандық дәстүрді жалғастырып, мешітті анасы Безмиалем сұлтанға арнап, оны Гарабет Бальянға аманат етті. Долмабахче мешіті деген атпен белгілі валиде сұлтанға арналған барокко стиліндегі бұл көркем мешіт кейінірек сұлтан І Абдул-Мәжиттің айрықша әрі ғаламат Долмабахче сарайының (түр. Dolmabahçe Sarayı) бір кешеніне айналады, бұл да ұлы сәулет өнерін жасаушы әулет — Бальяндардың туындысы. Осылайша отыз бірінші Осман сұлтаны тұсында билеушінің басты резиденциясына айналған Топқапының қызметі тоқтайды.
Өздеріңіз түсінгендей, дәуірлер, құрлықтар мен теңіздер, діндер мен мәдениеттер тоғысында, зағиптардың жері мен көрегендердің ауданы арасынан орын тепкен осынау әлем астанасы — Ыстанбұлда анық та жасырын, көне әрі заманауи қазыналарға тап боласыз. Ол қатарда бес ғасырдан астам уақыт бойы Карие мешітінің (Kariye Camii) інжу моншағына айналған Хора монастырының византиялық өрнектері, сондай-ақ Паммакариста Құдай анасының өрнектері Фетхие мешітінде (Fethiye Camii) әрі мұражайында ғажайып сәйкестікпен бір уақыт белдеуінде көрініс тапқан. Мұнда бәрі ғимараттың қай жағынан кіретініңізге байланысты.
Карие төңірегінде тағы екі таңғажайып нысан бар — біріншісі түрікше Текфур-сарай деген атпен белгілі жоғалып кеткен Влахерн сарайының бір қанаты болса, екіншісі — Синан салған және Ұлы Сүлеймен сұлтан мен Хюррем ханымның ықпалды қызының құрметіне бой көтерген өте кең әрі сәулелі жарыққа толы Михримах сұлтан (Mihrimah Sultan Camii) мешіті. Оның күйеуі Мұстафа шахзаданы өлім жазасына кесуді ойластырған ұлы уәзір — Рүстем паша да қалыс қалмай, Алтын Мүйіз жағалауына жақын маңнан Синанға айтып, бір мешіт салғызды. Рүстем пашаның кішкентай мешіті (Rüstem Paşa Camii) изник керамикасынан жасалған қыш тақтайшамен безендіріліп, қаладағы ең сән-салтанаты жарасқан мешіт саналады. Шығу тегі босниялық Рүстем пашаның мешіті оның ізбасары, Осман империясының ең ұлы уәзірлерінің бірі, Герцеговинадан шыққан этникалық серб, тумысынан Соколович деп аталған Соколлу Мехмед пашаға қатты әсер еткен сияқты. Сүлеймен сұлтанның немересі Исмихан сұлтанға үйленген Соколлу, Синан салған мешітті қыш тақташамен барынша безендірді, бірақ одан асып түсу мүмкін болмады.
Ал Алтын Мүйіздің арғы жағында мүлдем басқа кезең — тәтті құлдырау дәуіріндегі императорлық Ыстанбұлға тап боласыз. Жоғарыда аталған Бальян әулетінен шыққан армян сәулетшілері мұнда өздерінің көз тартарлық сәнді мәнерлерін жүзеге асырды. Босфор төбелерінің бірінде орналасқан Ыхламур (Ihlamur Kasrı) сарайында да олардың қолтаңбасы бар. Ыхламурға жақын маңда Йылдыз сарайының (Yıldız Sarayı) кең кешені орналасқан, бұл осман сұлтандарының төртінші сарайы әрі ІІ Абдул-Хамид сұлтанның тұсында 16 жыл бойы сарайдың басты сәулетшісі болған италиялық сәулетші Раймондо д’Аронконың туындысы.
Айтпақшы, ІІ Абдул-Хамид өзінің еуропалық үлгідегі сарайларымен ғана емес, Еуропа театрына деген сүйіспеншілігімен де аты шыққан. Десе де театрлық қойылымдардың соңы мұңды аяқталғанын жаны сүймеген ол сарайындағы театрда үнемі бақыт салтанат құрсын деп қойылымдарға үнемі өзгеріс енгізетін, ал «Травиаттадағы» Виолетта құлан-таза сауығып кететін еді. Бірақ оның өмірі дәл қойылымдағыдай шуақты болған жоқ. Империя соғысқа араласып, біртіндеп ыдырай бастады, Балқан провинциялары бас көтеріп, ел ішінде революция желі есті. Оның көзі тірісінде бізге Борис Акуниннің «Түрік гамбитінен» жақсы таныс 1877–1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы болды, егер Еуропа державалары қол ұшын созбағанда Ыстанбұлдың күйреуі де бек мүмкін еді. Осман империясының көптеген еуропалық провинциясына егемендік берген қазір де, сол заманда да Ешилкөй (Yeşilköy) атанған Ыстанбұлдың іргесіндегі ауданда қол қойылған Сан-Стефано келісімі Осман империясының қорлануының шарықтау шегіне айналды әрі орыс әскерлерінің қалаға қаншалықты жақындап қалғанын білдіріп, халық жадында жатталып қалды. Ал ІІ Николай тұсында Сан-Стефано келісімінің жиырма жылдығына орай православтардың ғибадатхана-қабірі салынды.
Бірақ 1914 жылы қарашада Ресей империясы Осман империясына соғыс жариялап, оның Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласуын шартты түрде рәсімдеген кезде бұл ғибадатхана адам көптеп жиналған кезде салтанатты түрде бұрқ етіп жарылды, бұл оқиға осымен тәмамдалар еді. Алайда жас осман офицері әрі киноқұмар Фуат Узкынай бұл оқиғаны таспаға жазып алып, түрік кинематографиясының негізін қалаушысына айналып шыға келді. Осылайша «Сан-Стефанодағы орыс ескерткішінің жойылуы» (түр. Ayastefanos'taki Rus Abidesinin Yıkılışı) тарихтағы тұңғыш түрік деректі фильміне айналып, Йылмаз Гүней мен Нури Білге Жейланға жол ашты. 1914 жылы Фуат Узкынайдың өзі «Химмет ағаның үйлену тойы» (түр. Himmet Ağa'nın İzdivacı) алғашқы төл толық метражды көркем фильм түсіре бастады, бірақ фильм актерлері мобилизацияға ұшырап, түсірілім жұмысы бірнеше жылға тоқтап қалды.
Ыстанбұл 21 ғасырда да өзгеруін тоқтатқан емес. Көптеген қараусыз қалған аудандар қайта жаңғыртылып, қала сыртқы әлемге ашыла бастағандай, десе де семіз Ыстанбұл мысықтарының алаңсыз өмірі мен барлық мешіттен сәулеті мен салтанаты асып түсетін мешіт тұрғызуға деген ниет қана өзгерген жоқ. Оның жарқын дәлелі — 2019 жылы Чамлыжа төбесінде салынған елдегі ең үлкен мешіттің барлық жерде бой көрсететін сұлбасы болса керек.