ҰМЫТЫЛҒАН ДЕПОРТАЦИЯ ТАРИХЫ

1952 жылы еріксіз қоныс аударылған қазақтар

~ 11 мин оқу
ҰМЫТЫЛҒАН ДЕПОРТАЦИЯ ТАРИХЫ

Коллаж / Qalam

1952 жылдың жазында Қазақстан картасынан бүтін бір аудан жойылды. Онымен бірге Бөкей даласындағы ондаған ауыл мен жүздеген адамның тағдыры шырғалаңға түсті. Оларды тауар таситын вагондарға тиеп, еліміздің оңтүстік өңіріне жөнелткен еді. Ресми түрде мұны «одақ ішіндегі қоныс аудару» санағанымен, ақиқатында бұл нағыз депортация болатын. Ал еркінен тыс қоныс аударылғандардың атамекені КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен «Капустин Яр» әскери полигонының қажетіне беріліп, ол жерде кеңестік зымырандар сыналды. Арнайы Qalaм үшін тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева сол оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді.

Мазмұны

Бір ауданның таратылуы

1946 жылы, яғни әлем жұрты Екінші дүниежүзілік соғыс зардабынан әлі есін жимаған тұста КСРО мен АҚШ жаңа бір тайталасқа — «қырғи қабақ соғысқа» әзірлене бастаған еді. 1946 жылы мамыр айында КСРО аумағында алғашқы кеңестік баллистикалық және зениттік зымырандарды сынауға арналған полигон пайда болды. Нақтырақ айтсақ бұл сынақ алаңы Астрахан облысындағы Капустин Яр ауылының маңына жақын орналасты.

Уақыт өте сынақ алаңының аумағы кеңейіп, тіпті 20-ғасырдың ортасында Бөкей даласына дейін жетті. КСРО Министрлер Кеңесінің 1951 жылы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері әскери полигон иелігіне беріледіiБірімжаров Б.Қ. Бөкей Ордасы. Орал: Полиграфсервис, 2017.

Әлбетте сынақ алаңына қажетті жерлерді түгелдей босату үшін ондағы жергілікті тұрғындардың мәселесін бір жақты ету мәселесі туған болатын. Бұл әрекеттер ресми түрде «ішкі қоныс аудару» деп аталғанымен, шын мәнісінде ұйымдастырылған депортация еді. Соның нәтижесінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің республикалық ішкі қоныс аудару жоспарын бекіту жөнінде 1951 жылы 14 желтоқсандағы №1013-119с қаулысына сәйкес, 1952 жылы облыстың 300, оның ішінде Жаңақала ауданының 125, Орда ауданының 175 колхоз шаруашылықтарын, Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін аудандарына көшіру туралы шешім шығардыiБҚОМА, 850-қ., 9-т., 1555-іс.

Халық түгелдей оңтүстікке қоныс аудармаса да, 1952 жылы шілде айында Сайхын станциясынан Орда ауданының Интернационал, Каганович, Калинин атындағы үш колхозы, ал Алғай станциясынан Жаңақала ауданының Сарыөзен және Ленин атындағы, барлығы 5 колхоздан — 336 отбасы, 1805 адам Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына жеткізілдіiБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»: депортация казахов. Монография. Екінші кітап. – Астана: Фолиант. 2024.

Бұдан өзге Орда ауданынан Гурьев облысына — 9 колхоз, облыстың ішкі Чапаев ауданына — 5 колхоз, Тайпақ ауданына — 1 колхоз, Жаңақала ауданына — 2 колхоз, Жәнібек ауданына — 10 колхоз, барлығы 30 колхоз шаруашылығы көшірілді. Ал Орда ауданымен іргелес Жаңақала ауданынан Гурьев облысына — 4 колхоз, облыстың ішкі Жымпиты ауданына — 2 колхоз, Чапаев ауданына — 3 колхоз, Бөрлі ауданына — 1 колхоз шаруашылықтары көшіріліп, халық республикалық ішкі депортацияға ұшырадыiБатыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив (БҚОМА), 761-қ., 1-т., 2411-іс.

Сөйтіп айналасы 7–8 айдың ішінде «Капустин Яр» полигонына таңдап алынған жер босатылып, Орда ауданы таратылады.

Әскери көлік және жүк таситын вагон

Әскери сынақ алаңына қажетті жерлерді босату, ауданды таратып, халықты көшіруге қатысты архив деректерінен бөлек, сол жылдардағы қиындықты басынан өткерген куәгерлермен сұқбаттасу барысында кеңестік әміршіл қоғамның архивте кезікпейтін «құпия түйіндердің» тінін тарқата аламыз.

Осы орайда 2023 жылы Түркістан облыстық (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) және Жетісай өңірлік мемлекеттік архивтерінде зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Экспедиция барысында 1952 жылы Батыс Қазақстан облысынан еріксіз көшірілген бөкейліктердің ұрпақтары табылды.

Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабының мұқабасы / Qalam

Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабының мұқабасы / Qalam

Куәгерлер арасында бірді-екілі сол уақытта ересек жастағы адамдар, сонымен қатар 10–12 жаста болған балалар бар. Олардың айтуынша, қоныс аударушыларды әуелі әскери көлікпен Сайхын станциясына жеткізген. Күн ыстықта пойызды сарыла күткен олар станция басында он шақты күн ашық аспан астында отырған. Одан соң барлығын жүк таситын вагондарға тиеп, әрі қарай темір жолмен әкеткен. Батыс аймақтан Жетісай өңіріне дейін шілденің ыстығында 15–20 күн жүрген олар жол бойы талай қиындық көрген. Тіпті апшыны қуырған аптапта кенезесі кеуіп, аялдаған бекеттерде бір жұтым су аламын деп жанталасқандар арасында пойыздың астына түсіп жан тапсырғандар болған.

Ақлима Баянтасова / Бақтылы Боранбаева

Ақлима Баянтасова / Бақтылы Боранбаева

Ондай деректі айтқан жанның бірі — Ақлима Баянтасова. Қазір 95 жастағы кейуананың көзі тірі, аудан орталығы Жәнібек ауылында тұрып жатыр. Ақлима анамыз сол жылы қырқынан жаңа шыққан ұлы Тілепбергенді құшақтап, 3 жастағы қызы Нұржиянды жетектеп, ыстық вагон ішінде оңтүстікке қиналып жетеді. Көрген қиындығын жіпке тізгендей етіп тауыса алмаған Ақлима жүк таситын вагонға тиелген халықтың жағдайын былай есіне алған:

«Арыс стансасына аялдап, ауа жұтып алған соң, кері вагонға жайғастық. Қасында кішкентай қызы бар бір кемпір төменде қалып қойыпты. Пойыз келіп, вагондарды тіркеп жатқанда әлгі кемпір шайнегін ала жүгірген. Енді мінемін дегенде аяғындағы галошы жерге түсіп кетіп, оны аламын деп талпынғанда пойыздың астына құлады. Сол сәтте пойыздың темір дөңгелектері кемпірдің екі аяғын кесіп кетіпті. Екі аяғы, шұлығы, галошы рельстің арғы жағында жатыр. Кеудесі бергі жағында. Қан судай ақты. Қасына барған келініне кеудесін көрсетіп, ым қақты да, жан тапсырды. Кеудесіне салған ақшасы бар екен. Бәріміз зарлап жыладық...»iБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»:депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант. 2024. – 216 б. .

Батыс аймақтан әуелі әйел мен бала-шағаны, шал-кемпірлерді көшіреді. Ер-азаматтар мемлекеттің малын тапсырып, кейін, арада 15–20 күн өткесін соңдарынан келеді.

Лай су және жертөле

Еріксіз көшірілген халық барған күннен бастап әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тап келді. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичев ауданына (қазіргі Жетісай) қоныс аударушылар үшін алдын ала дайындалған үй-жай болмады. Шілденің шіліңгірінде жиырма күнге жуық азып-тозып жеткен жұрт ашық далада өмір сүрді. Бір қатары жертөле қазып, соны паналады. Ауыз судан қиналған олар мал суаратын арықтан лай су ішіп, соған кір-қоңын жуды. Бұл турасында Ақлима Баянтасова тағы былай дегені бар:

«Ашық аспан астында жер қазып, кірпіш құйып жатқан бір отбасының уақытша салған лашығының көлеңкесінде отырдық. Алапат ыстық. Арықтан кір, лай су іштік. Отын жоқ… Туған жерімізді түсімізде көретінбіз, сағынып жүрдік. Біз өлмей, тірі қалдық, қалған қиындықтың бәрін көрдік. Соғыс кезіндегі қиындықтан гөрі айдын-күннің аманында ел-жұрттан қол үзген қиындық ұмытылмайды екен»iБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»:депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант. 2024. – 216 б. .

Халықтың азап шегіп, қиындық көруіне себеп болған тағы бір жайт бар. Түркістан облыстық архив қорында сақталған деректер бойынша, сол кездері Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына батыс қазақстандықтарды ғана көшіріп әкелмеген. Мәселен, 1950–1952 жылдары Қазақстанның он екі облысынан түрлі ұлт өкілдері осында қоныс аударылады: 1952 жылдың маусым-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданынан Ильичев ауданының Прогесс колхозына 8 отбасыiЖетісайөңірлікмелекеттікархиві (ЖӨМА) 177-қ., 1-т., 7-іс. 2-бума. , Павлодар облысы Бесқарағай ауданынан Ильичев ауданының Микоян колхозына 68 отбасыi Жетісай өңірлік мелекеттік архиві (ЖӨМА) 177-қ., 1-т., 12-іс. 2-бума., Ақмола облысы Молотов ауданы Красный пахарь колхозынан Ильичев ауданының 7 участогіне 66 отбасыiЖетісай өңірлік мелекеттік архиві (ЖӨМА) 177-қ., 1-т., сондай-ақ Талдықорған, Семей, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі аудандарынан түрлі ұлт өкілдері де көшірілгенiТүркістан облыстық мемлекеттік архиві (ТОМА) 260-қ., 1-т., 10-іс, .

1 / 2

Шындығында Жетісай аймағының мұндай көп адамды қабылдауға түк дайындығы жоқ еді. Ал күн сайын жағдайы ушыққан қоныс аударушылардың әлеуметтік тыныс-тіршілігі тіптен кері кете бастады. Осыған орай 1952 жылдың 11 желтоқсанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Е.Тайбековтің «Қоныс аудару жоспарының орындалу барысы және қоныс аударушылардың шаруашылық жағдайларын ұйымдастыру шаралары туралы» жарлығы шыққан. Соның нәтижесінде арнайы құрылған мемлекеттік комиссия Оңтүстік Қазақстан облысының 17 колхозында тексеріс жүргізіп, мынадай жайттарды анықтайды:

«1952 жылдың жазында қоныс аударылғандар арасында соғыс мүгедектерінің, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасылары, көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, қарт адамдар материалдық көмекке мұқтаж. Көптеген колхозшылардың жейтін наны, ішетін ауыз суы жоқ. Барлық колхоздарда әйелдер босанатын үйлер, қоғамдық монша, телефон байланысы жоқ. Мектеп ғимараттарының жетіспеуі салдарынан балалар үш ауысымда оқиды. Мектептердің көпшілігінде жылу, жарық жоқ»iТүркістан облыстық мемлекеттік архиві (ТОМА) 260-қ., 1-т., 2-іс,

Бұл мәліметтерден жауапты орындардың мұнда көшірілгендердің жағдайынан хабардар болғанын аңғарамыз. Алайда тексерістен соң атқарылған шаралар қоныс аударушылардың ауыр тұрмысын толыққанды шешіп бере алмаған. Мысалы, 1953 жылы 6 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аудару басқармасында өткізілген мәжілісте облыстық атқару комитетінің төрағасы П.Г.Лугин өңірге қоныс аударушылардың шаруашылық-тұрмыстық жағдайы туралы баяндама жасап, Жетісай аймағында қалыптасқан ахуал қызу талқыланады. Бірақ 1952 жылғы жоспарда бекітілген 3200 үйдің 1424-і ғана салынып біткені белгілі болады. Соған сәйкес қоныс аударушы 4124 отбасының тек 2682-не ғана баспана бұйырса, 1098 отбасының өзгелермен бірігіп бір үйде тұрғаны, қалған отбасылардың әлі де жертөледе күн кешіп жатқаны анықталдыiТүркістан облыстық мемлекеттік архиві (ТОМА) 260-қ., 1-т., 12-іс, .

Балалар зираты

Жетісай өңіріне қоныс аударылғандарға арналған тұрғын үйдің, медициналық көмек пен қоғамдық моншаның болмауы, таза ауыз суы мен азық-түліктің жетіспеуі салдарынан эпидемиялық аурулар, жаппай асқазан-ішек аурулары етек жаяды. Бұл дерттердің асқынғаны соншалық, қарттар, әсіресе балалар өлімі күрт артады.

Сапаралы ата қорымы. Жетісай / Бақтылы Боранбаева

Сапаралы ата қорымы. Жетісай / Бақтылы Боранбаева

Бұл ретте біз екі дерекке иек арта аламыз. Бірі — қиын-қыстау уақыттың тірі куәгерлері айтқан ақиқаттар, екіншісі — ресми құжаттарда сақталған деректер. Мәселен, 1953 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық қоныс аудару басқармасы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовке және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Қоныс аудару басқармасына қызылша мен өкпенің қабынуынан, сондай-ақ жұқпалы аурулардың таралуынан 38 баланың шетінегенін мәлімдейдіiТүркістан облыстық мемлекеттік архиві (ТОМА) 260-қ., 1-т., 12-іс, .

Бірақ қазіргі Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Жаңаауыл (бұрынғы Тельман) жанындағы Сапаралы ата қорымының оңтүстік-батысында созылып жатқан төбе-төбе шағын топырақ үйінділеріне қарап отырып, басқаша ой түйеміз. Себебі бұл зиратта сол жылдары шетінеп кеткен балалар жерленген. Ал балалар зираты аумағының көлемі жоғарыда келтірілген ресми санға күдік келтіреді.

Сапаралы ата қорымының маңындағы балалар зираты. Жетісай / Бақтылы Боранбаева

Сапаралы ата қорымының маңындағы балалар зираты. Жетісай / Бақтылы Боранбаева

Көңілдегі күдігімізді куәгерлер келтірген айғақтар қуаттай түседі. Солардың бірі Көшкінбай Қаполов ауыр жағдайдан қынадай қырылған балалардың санында есеп болмағанын айтады:

«Балалар өлімі көп болды. 11 баласы бар отбасының 2 баласы ғана тірі қалғанын көрдім»iБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»:депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант. 2024. – 216 б. .

Елге белгілі ақын атанған Қайрат Жұмағалиев жылы орындарын суытып, Жетісайға көшіп келгендердің бірі. Оның сөзінше, тіпті зобалаң уақытта мәйітті жерлейтін адам табылмайтын:

«Өлімнің көптігі соншалық: адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты, ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өйткені өлікті жерлейтін адам жоқ. Осылай ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды»iБекен Қайратұлы. Қазақтың өзі де, жері де сынақ алаңына айналған // Намыс. kz 2010. № 1(1).

Ал Гүлжиян Шоқанаева 1952 жылдың мамыр айының аяғында Мақтаарал ауданының Тельман атындағы ұжымшарға келіп қоныстанған. Алғашында жергілікті тұрғынның бір бөлмесін паналаған ол да жұқпалы ішек ауруынан талай отбасы қара жамылды дейді:

«Ұжымшарда мақта теріп, арық тазалаймыз. Жұқпалы ішек ауруынан көптеген адам қайтыс болды. Бізбен бірге барған түйе фермасының бастығы Хамит Жүнісовтің бес баласы шетінеп, соның екеуін бір күнде жер қойнына тапсырып, қайғыдан теңселіп кеткенін де көрдік. Ауылдан бірге көшкен Бұрхан мен Ағипа Өмірзақовтардың отбасындағы үш қызы мен бір ұлын қара жерге тапсырып, жер бауырлап қалғанына да куә болдық»iБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»:депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант. 2024. – 216 б..

Десе де балалардың өліміне қатысты нақты статистикалық деректерге қол жеткізе алмағандықтан, шетінегендер санын дөп басып айту қиын.

Ағайыннан ажыраған жұрт

Депортация кесірінен туған жерінен ажырап, Жетісай өңіріне қоныс тепкендерді іздестіре жүріп тағы бір жағдаймен қанықтық. Еріксіз қоныс аударушылар арасында әлі күнге дейін атамекенінде қалған туыстарын іздеп жүргендер бар екен. Мысалы, 1965 жылы дүниеге келген Әлібек Мұқанғалиев қазір Түркістан облысындағы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Қарақай елді мекенінде тұрады. Әкесі Қуанышқали жер аударылғанда 11–12 жастағы бала болыпты. Әжесі Жібек ішкі депортация уақытында балалары — Ләтипа (1937 жылы туған), Қуанышқали (1941 жылы туған) және Қуандықты (1944 жылы туған) ертіп, азып-тозып әрең жеткен. Бұл кісілердің шыққан жері — Жаңақала ауданы екен. Әлібек қазіргі күнге дейін Орал жақта қалған туыстарын іздеп жүр:

«Батыс Қазақстандағы әкемнің туыстарын іздеп жүрмін. Әзірге нәтиже жоқ. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген, мектепте оқитын ұл мен қызым байқауға қатысып, жеті атасын айта алмай, жүлде ала алмаған күндері де болды»iБоранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»:депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант. 2024. – 216 б..    

Ал архив құжаттарында колхозшылардың Оңтүстік Қазақстан облысына ата-ана, туысқандарынан ажырамай бірге көшіруді сұрап жазған жалынышты өтініштері көп. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиум төрағасы Даниял Керімбаевқа жазылған хатта:

«Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы шумаға қарсы күрес бөлімінде қызмет жасаймын. Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілетін ата-анаммен бірге кеткім келеді. Орда аудандық атқару комитеті бұл өтінішімді қабылдамады. Бұл іске Сіздің араласуыңызды сұраймын. Томанов», – делінген. 

Алайда тұрғындардың бұл өтінішіне ешкім құлақ аспаған секілді. Оған мына архив деректері дәлел бола алады:

«Орда аудандық партия комитетінің секретары жолдас Кенжебек Мендалиевке Орда поселкасында тұрушы, Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің семьясы Томанов Сарыдан: Менің бірге туған екі інім, екеуі де Каганович колхозында. Олар Южный Казахстанға көшпек. Мені солармен бірге көшіруді сұраймын. Бұл турасында көп жерлерден сұрап, жалынушылық жасадым. Бірақ арызымнан нәтиже шығара алмай келемін. Осы турасында сауатсыз мендей кәріге көмектесуіңізді өтінемін. Облисполкомнің хатын жалғадым. С. Томанов. 3/VII.1952»iБҚОМА, 850-қ., 9-т., 1555-іс, .

Күштеп қоныс аудару кезінде бір-бірінен ажырап, көз жазып қалған, кейін табысқан туысқандар да бар. Бұған Түркістан облысының Келес ауданындағы Жаңа дәуір ауылында тұратын Айбаршын Жаһаншақызының (1962 жылы туған) әңгімесін келтірсек жетіп жатыр:

«Енем марқұм Нұрғаным Дігарованың «Айырылып қайран елден келгеннен соң, Бауырдың бәрінен де пәк болған соң...» деп сыңсып жылап отыратыны жадымда қалыпты. 1952 жылы Орал жақта бөлініп қалған енемнің екі бауыры 1986 жылы іздеп келіп, олар бір-бірімен жылап көрісті».

Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып байқайтынымыз, «Капустин Яр» әскери полигонына берілген жерден қазақ халқын еріксіз көшіру оларға әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орасан қиындық әкеліп қойған жоқ. Сонымен қатар моральдық-психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болып тиді.

Жан жарасы жазыла ма?

Архив деректерінде Орда ауданынан 3 колхоз, Жаңақала ауданына 2 колхоз тұрғыны, барлығы 1805 адам сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына көшірілгені айқын көрсетілгенімен, оларды жынысына, жас ерекшелігіне орай анықтау мүмкін болмай отыр. Әлі күнге дейін күштеп көшірілгендердің арасында қанша ер мен әйел, қанша қарт кісі мен бала болды деген сұраққа жауап жоқ. Сонымен қатар көшіп келгендердің кері қашуы да кейбір көмескі тұстарды қалыңдатып жібереді. Себебі бәрінің төлқұжатын жинап алғанымен, бірқатары жаңа ортаны жерсінбей, жасырын кері көшіп кетеді. Кейбірі көрші Өзбекстанға өтсе, тіпті араларында Ресей асып кеткендері бар екен. Бірақ олардың да нақты саны әзірге белгісіз. Бұл жайында Қайрат Жұмағалиев:

«Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты»iБекен Қайратұлы. Қазақтың өзі де, жері де сынақ алаңына айналған // Намыс. kz 2010. № 1(1). – дейді. Демек бұл тақырып әлі де зерттеуді қажет етеді.

2024 жылдың күз айында Батыс Қазақстан облысындағы Бөкейорда ауданы әкімшілігінің қолдауымен Жетісайдағы Сапаралы ата қорымында 1952 жылғы кеңестік әміршіл-әкімшілік жүйенің құрбаны болған балалар зиратының басына ескерткіш тақта қойылды. Бұл кеңестік жүйе құрбандарын еске алу, олардың қиын тағдырын ел есінде жаңғырту бағытында атқарылған шараның бірі болғанымен, халық жүрегінде шемен боп қатқан жан жарасы толық жазылды деуге әлі ертерек.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

«Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы / Б.С. Боранбаева. – Орал: Полиграфсервис, 2022

Боранбаева Б.С. «Капустин Яр» әсери полигоны: Қазақдепортациясы. Военный полигон «Капустин Яр»: депортация казахов. Монография. Екінші кітап. Астана: Фолиант, 2024

Бақтылы Боранбаева

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ