ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ҚАЙТА ҚОЗУЫ

Адамға ажал, империяға құрдым болған ауру

ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ҚАЙТА ҚОЗУЫ

Пьер Жильяр. Николай II-нің балалары қызылшамен ауырғаннан кейін. 1917 жыл/Pierre Gilliard. The last days of the Romanovs, Gemeentemuseum

Адамзат қызылшаны неге жоя алмады, «балалар ауруы» бүтін бір елді мекендердің халқын қалай қырып тастады және ІІ Николайдың балалары не үшін шашын тақырлап тастағаны туралы медицина тарихын зерттеуші Елена Бергердің материалынан таныса аласыздар.

Ресей империясын күйреткен негізгі себептің бірі — қызылша екенін біреу білсе, біреу білмейді. Әрине ол кезде империяның басына түскен жалғыз қасірет ол ғана емес. Германия мен Австро-Венгрияға қарсы соғыс, биліктің әлсіреуі, бай-бағландардың аристократтарға, патша отбасына, патшаға жақын Распутинге деген өшпенділігі және шешімін таппаған әлеуметтік, ұлттық мәселелер әбден қажытты. Бірақ тарихты бұрып жіберетін мыңдаған себептен бір ғана сәйкестік артық болатыны бесенеден белгілі.

1917 жылғы 21 ақпан күні Петроград қаласында «нан сұраған» наубайханалар бүлігі басталды. Сонда патша алаңдарлық ештеңе бола қоймас деп, Петроградтан Могилевтегі ордасына аттанды. Оның үстіне, астанада соғыс пен монархияға қарсы ереуілдер өршіп, наразылық ұрандары аспандап тұрған-ды. Кейбір казак бөлімдері мен әскери бөлімшелер ереуілге шыққандарды таратпаймыз деп шешті, сөйтіп, 27 ақпанда Петроград гарнизонының кей жерінде бүлікшілер бас көтерді. Мемлекеттік Дума алғашқы Уақытша үкіметті құрды. Бұл кезде әлі де қантөгіс болмаған. Ал императордың өзі миллиондаған әскерді бастап, империяның тыныш та қауіпсіз кең-байтақ жерінде шеп түзеді. Патшаға адал әскери полктерді Петрогадқа жіберу арқылы осы дағдарысты еңсеруге болатыны күмәнсіз еді. Өкінішке қарай, ІІ Николайдың отбасы Патша ауылында болатын, ал бұл ауыл бүлік шыққан Петроград қаласына жақын еді. Таяудан төнген қауіпті көре тұра, ол жерден қашып кете алмады. Себебі, қызылша кеселі өршіп тұрған-ды. Алдымен бұл ауруды тақ мұрагері Алексей бірге ойнаған курсант досынан жұқтырып алған, содан кейін оның әпкелері де ауыра бастады.

Қызылшамен ауырған фрейлина Анна Вырубова былай деп жазды: «Маған телефон арқылы Родзянкодан,11Михаил Родзянко(1859-1924). Саясаттанушы, «Союз 17 октября» партиясының жетекшісі, Мемлекеттік Думаның төрағасы.мәртебелі Патшайым балаларды алып сарайдан кетсін деген «бұйрық» келді. Патшайым ешқайда бара алмайтынын, балалардың өмірін қатерге тікпейтінін айтты, оған Родзянко: «Өрт жалмаған үйдің ішінде қол қусырып отыруға болмайды!», – деп жауап берді. Патшайым кешкісін маған жоспарланбаған сапар туралы айтайын деп келді, ол мені пойызға қалай жеткізу керектігі туралы дәрігер Боткинмен кеңескен екен. Дәрігерлер бұл сапарға қарсы болды. Біз әлі де болса кетуге дайындалдық, бірақ кете алмадық».

Патшайым мен науқас балалар көтерілістің қапасынан шыға алмай қалады. Егер олар Патша ауылынан кетіп, тыныштықта мүлгіген Мәскеуге жетіп алған болса, 20 ғасырдың тарихы мүлдем басқаша өрбитін еді. Бірақ болары болды. Қашанда отбасын тағынан артық көретін патша Ұлысын тастап, Патша ауылына емес, шын мәнінде бүлікшілердің қолына асықты. Әскерсіз, жеткілікті күзетсіз жолға шығады. Ол бәрі бір Петроградқа жеткен жоқ. Ереуілге шыққан теміржолшылар патша пойызының жолына тосқауыл болады. Отбасы үшін жаны шыққан патша тақтан бас тартуға келісімін беріп, қол қойғаннан кейін барып жолын ашады. Ақырында патшаның отбасы қызылшадан емес, большевиктердің қаруынан күйрейді. Бірақ 1917 жылы ақпанда тақ мұрагері Алексей әлгі індетті жұқтырмаса, патша отбасының да, империяның да болашағы басқа болар ма еді?

Қызылша кітапта ғана жазылған дерт пе?

Қызылша — балалар арасындағы ең қауіпсіз инфекциялардың бірі. Бұл аурудың қасіреті туралы көбінесе кітаптардан оқып, ата-әжелеріміздің әңгімесінен білетінбіз. Ал қазір біреу қызылшамен ауырды дегенді тіпті естімейміз. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Соңғы онжылдықтарда қызылшаның ең қатты өршіген кезі 2019 жылы болды.

Қызылша — айтарлықтай ауыр дерт. Ол ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру. Науқасқа жақындаған он адамның тоғызына жұғады. Бұрын қызылшамен ауырмайтын бала жоққа жақын-ды. Бұл аурудың беті қайтуы қиын, салдары да қатерлі (статистикаға сүйенсек, 2019 жылы ауырғандардың 200 мыңнан астамы көз жұмған!). Қызылшадан көзге зақым келіп, соқырлыққа дейін асқынуы мүмкін, оған қоса құлақ инфекциялары, диарея, тіпті энцефалитке де алып келуі ғажап емес. Қызылша — қазір дамушы елдердегі бала өлімінің басты себебінің бірі.

Адамзат шынымен осы дертке қарсы амал таппады ма? 20 ғасырдың аяғында емі толық табылмаса да, аса қауіпті емес аурулар қатарында болған қызылша дерті неге 21 ғасырдың басында қайтадан кеселге айналды?

"Лондон энциклопедиясынан" қызылша. 1822 жыл/Getty Images

"Лондон энциклопедиясынан" қызылша. 1822 жыл/Getty Images

Қызылша туралы алғашқы дәлелдер

Археологтар мен палеогенетиктер тұжырымына сүйенсек, қызылша адамзат қауымдастығында кемінде б.з.д 6 ғасырда пайда болды. Бұл аурудың таралуына әсер еткен фактор — ірі қалалардың салынуы болуы мүмкін, себебі адам көп шоғырланған жерде инфекция өршиді.

Бір-біріне ұқсас көптеген жұқпалы аурулар адамзатқа таныс. Қызылшаның негізгі белгілері: қызу көтерілу, жөтел, мұрыннан су ағу және бөртпе, алайда бұл клиникалық белгілер басқа ауруларға да тән. Осылайша дәрігерлердің алдында тұрған бірінші міндеті — аурумен күресу үшін әуелі «ауруды жазбай тану» керек.

Қызылшаның қандай болатынын алғаш рет парсы дәрігері Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Закария әр-Рази (865–925) «Шешек пен қызылша туралы трактат» деп аталатын еңбегінде сипаттап жазды. Ол өз Отанының шегарасынан тыс жерлерде әйгілі болды. Еуропа елдерінде оның есімін латыншалап Разес деп атап, университеттерде еңбегі аударылып, зерттелді. Әл-Рази қызылшаны шешектің бір түрі деп санады, дегенмен екі аурудың бірқатар маңызды айырмашылықтары бар: «Шешекпен ауырарда мынадай белгілер болады: созылмалы безгек, қызу көтеріліп, арқа тұсы ауырады, мұрны қышып, ұйқысы қашады. Содан кейін науқастың тұла бойына шаншу қадалып, беті-аузы ісіне бастайды, ал қалыпты түрінде адамның екі беті қызарып, қызулап кетеді. Әрі қарай, көз қызарып, денеңді ауырлық басады, еріксіз есінеп, тамақ бітеліп, кеуде тұсы ауыра бастайды, аздап тыныс тарылады және жөтел тиеді, ауыз құрғап кетеді, дауыс қарлығып, бас ауырып, зіл басқандай болып, апатияға ұшырайсыз, мазасыздық биледі, (мазасыздық, жүрек айнуы мен көңіл күйдің болмауы шешекке қарағанда қызылша кезінде басым болады; арқаның ауруы қызылшаға қарағанда шешекпен ауырғанда көбірек болады), тұла бойы қызып, безгекке шалдығып, көз қызарып әрі жасаурайды және қызыл иек қатты қызарып кетеді».

Ар-Рази. Шешек және қызылша туралы трактат / ашық дереккөзден алынған

Ар-Рази. Шешек және қызылша туралы трактат / ашық дереккөзден алынған

Әр-Разидің трактаты — қызылшаны зерттеу және онымен күресудің ғасырлар бойғы жолының бастамасы ғана. Біз оның өте дәл анықтама бере алмағанын байқаймыз: жүрек айнуы қызылшаға, арқа ауруы шешекке тән, бірақ қызылша кезінде де болуы мүмкін. Бұл жалпы ауруды анықтаудың және оны дерттен ажыратудың алғашқы қадамдары ғана. Әр-Рази екі аурудың клиникалық көрінісін сипаттап қана қоймай, емдеу жолын да көрсетті. Ол науқас төсектен тұрмай демалып, суық суға шомылуы керек, бірақ моншаның булауына жоламасын деді, сонымен бірге қан алдырып, диета ұстап, яғни тәттіден, әсіресе, құрма мен балды тұтынбай, оның орнына көгөністер мен лимон шырынын ішсе, пайдалы болады деп кеңес берді.

Алайда бұл нұсқаулары тиімсіз болып шықты. Дәрігерлер симптоматикалық емдеуді қолдана отырып, әурелеңге салына берді. Әйтеуір, қызылшаның жұқпалы ауру екені анық еді, ал дәрігерлердің басты міндеті — одан әрі инфекцияның алдын алу үшін мүмкіндігінше науқастарды оқшаулау. Мұндай оқшаулау көбінесе қалалық жерлерде, әсіресе, кедей және көп балалы отбасылардың жағдайын ескерсек, мүмкін емесі түсінікті болды. Дегенмен индустрияға дейінгі қоғамдарда нәрестелердің жиі өлуіне философиялық көзқараспен қарады және ол жоғары туу көрсеткішімен өтелді.

Жюль Ренгад. Қызылшамен ауыратын бала. Париж. 1890 жыл/Getty Images

Жюль Ренгад. Қызылшамен ауыратын бала. Париж. 1890 жыл/Getty Images

Отарлаушылар қызылшаны жаңа әлемге қалай әкелді?

1670 жылы қызылшаның ауқымды эпидеті Лондонды шарпыды. Сол жылдары атақты ағылшын дәрігері Томас Сиденгам (1624–1689) 1661 жылдан 1675 жылға дейін Лондондағы эпидемиялық бақылауларды қамтитын «Жіті жедел аурулардың барысы мен емделуіне қатысты медициналық бақылаулар» еңбегі аясында қажырлы қызмет етті. Ауру жалпы әлсіздік пен безгектен басталады, содан кейін науқас құлағының артына папулязды бөртпе шығады, содан соң мойын мен кеуде бөртіп соңында денені түгел қаптап кетеді. Бөртпе бірнеше күннен кейін біртіндеп қара қотырланып, жазылады. Т. Сиденгам қызылшамен де, скарлатинамен де көбінесе бес жасқа дейінгі балалар ауыратынын атап өтті. Бұл екі ауру дифтеритпен бірге балалар өлімінің негізгі факторы болып қала берді. Бірақ бұл ересектер үшін де қауіпті, оның кем дегенде екі себебі бар.

Біріншіден, ересек кезде қызылша әлдеқайда ауыр болады және ол асқынып өлімге әкеледі. Екіншіден, ол алғаш рет немесе ұзақ үзілістен кейін пайда болған географиялық оқшауланған қауымдастықтар үшін өте қауіпті болып шықты. Мұндай қауымдастықтар эпидемиядан ауыр зардап шекті. Тарихшылар Ұлы географиялық ашылуларiАдамзат тарихындағы 15 ғасырдан басталып 17 ғасырға дейін созылған кезең, бұл кезеңде еуропалықтар Еуропада жаңа сауда серіктестері мен үлкен сұранысқа ие тауарлар көздерін іздеу үшін Африка, Америка, Азия және Океанияға жаңа құрлықтар мен теңіз жолдарын ашқан.дәуірі Ескі және Жаңа Әлемдегі эпидемиялық жағдайды өзгерткенін айтады. Конкистаi15–16 ғасырларда испандар мен португалдардың Орталық және Оңтүстік Американы жаулап алуыәртүрлі мәдениеттердің кездесуі ғана емес, сонымен бірге микроорганизмдердің еріксіз алмасуы болды, яғни еуропалықтар Америка континентіне шешек пен қызылша ауруын таратты. Үндістер конкистадорлардың атыс қаруына ғана емес, жаңа ауруларға да төтеп берер дәрмені жоқ болып шықты. Екі ауру да Америкада алғаш рет пайда болғандықтан, олар өте ауыр тиді және жаппай өлімге әкелді.

1846 жылы Фарер аралдарының бірінде бір тұрғын өзінің таныс дат азаматтан қызылша жұқтырған. Бұған дейін аралда 50 жылдан астам уақыт бойы бірде-бір қызылша ауруы тіркелмеген. Эпидемия тез арада өршіп сала берді. Аралда 8 мыңға жуық адам өмір сүрді, ал оның 6 мыңы қызылшаға шалдықты. Бұл жағдайда балалар ғана емес, ересектер де ауырды. Өлім салыстырмалы түрде аз болды, бірақ дәрігерлер үшін аурудың таралу жылдамдығы жұмбақ еді. Архипелагқа даниялық дәрігер Питер Людвиг Панум келіп, «1846 жылы Фарер аралдарында қызылша эпидемиясы кезінде жүргізілген бақылаулар» атты маңызды эпидемиологиялық зерттеу жасады. Ол қызылшаның таралуына экономикалық қызмет себеп болды деген қорытындыға келді. Арал тұрғындары балық аулаумен айналысқан. Бұл ұжымдық әрекет, яғни балықшылар теңізге топтасып шығатын, ал балықшылар мінген кеме — бір адамның ауруы бірнеше адамға тез жұғатындай тар кеңістік. Сонымен бірге қызылшаның кеселі симптомдар инфекциядан бірнеше күн өткен соң пайда болады, яғни адам ауырып қалып, бірақ бұл туралы өзі білмей, басқа адамдармен байланысқа түсе береді. Халықтың көп бөлігі қызылшамен ауырғаннан кейін аралда ұжымдық иммунитет пайда болды және мұндай аурудың өршуі ұзақ уақыт бойы қайталанған жоқ.

Старр Вуд. Суретте қызылшамен ауыратын балалардың анасы мен қала инспекторының диалогы бейнеленген. Анасы ауру балаларды сау балалардан бөлетінін айтып жатыр. 1915/Iconographic Collections

Старр Вуд. Суретте қызылшамен ауыратын балалардың анасы мен қала инспекторының диалогы бейнеленген. Анасы ауру балаларды сау балалардан бөлетінін айтып жатыр. 1915/Iconographic Collections

19 ғасырдың екінші жартысында бүкіл әлем Фиджи аралдарының трагедиясы туралы хабардар болды. Фарер аралдарындағыдай, эпидемия бір импорттық жағдайдан басталды. Фиджи билеушісі Такомбау елді Британ империясының протекторатына беру туралы шешім қабылдады және Сиднейдегі (Австралия) британдық резиденцияға ресми сапармен барды. Сол кезде Сиднейде қызылша ауруы өршіп тұр еді, бірақ оған билік тиісті дәрежеде назар аудармады. Хаттамалық іс-шаралар билеушіден бұқаралық іс-шараларға қатысуын талап етті. Нәтижесінде Такомбаудың ұлы қызылша кеселін жұқтырып алды. Алғашқы белгілер пайда болған кезде кеме дәрігері оны оқшаулауға тырысты, білуімізше, адам қызу мен бөртпе пайда болғанға дейін-ақ жан-жағына жұқтырып үлгереді. Кеме Фиджиге оралғанда, талап бойынша карантиндік ту көтеруі керек еді, бірақ олай етпеді. Тіпті, полиция гарнизоны корольдік отбасының салтанатты кездесуін ұйымдастырды. Нәтижесінде аралдың барлық полициясы (147 адам) қызылша жұқтырып, ауырды. 4 айдан кейін бүкіл архипелаг пандемияға ұшырады. Науқастарға күтім жасайтын ешкім болмаған соң, бүкіл халық жаппай ажал құшты. Сонда Лау аралында тұратын сот былай деп жазды:

«Бұл дерт отбасыларды тұтастай жалмады және егер ол өлім туралы хабарлаған барабандардың үздіксіз дауысы болмаса, аралда жан баласы қалған жоқ деп ойлауға болады».

Пандемия британдық протектораттың құрылуымен сәйкес келгендіктен, арал тұрғындары ағылшындардың бақсылығына күмәнмен қарап, британдық дәрігерлерге емделуден бас тартты. Жоғары температурадан зардап шегетін науқастар суық ағындарға түсіп, олар пневмонияға шалдықты және қайнамаған су ішті, нәтижесінде ішек инфекциясы пайда болды. Аралдың барлық дерлік тұрғындары ауырып, төрттен бірі қайтыс болды.

Қызылшамен ауыратын балалар оқшауланып және олар ауруға қалайша «мәжбүр болды»?

Қызылшамен күресте ешқандай серпіліс болған жоқ. Ескі Әлемнің барлық елдеріндегі балалар да, ересектер де қызылша, скарлатина, дифтерия және басқа инфекциялармен ауыра берді. Дәрігерлер қызылшаның клиникалық көрінісін зерттеп, нақтылауды жалғастырды. Америкалық педиатр Генри Коплик 1896 жылы қызылша аузының дәл ортасында құм түйіршіктеріне ұқсайтын ақ немесе көкшіл ақ, ашық қызыл дақтары болады деп сипаттап жазды. Енді бұл дақтар маңызды диагностикалық белгі болды, оларды кез келген педиатр аурудың белгісі ретінде ажырата алды (яғни, мұны Коплик дақтары деп атайды). Қызылшаның тағы бір сирек белгілері шаштың түсуі. Бұл, мысалы, II Николайдың балаларында болған. Олардың шашы түскені сондай, барлық баласының басын тақырлап тастауға тура келді.

Ресей педиатриясының негізін қалаушы профессор Нил Федорович Филатов (1847–1902) қызылшаны салдары жеңіл болмашы ауру деп санауға болмайтынын атап өтті:

«Өкпенің асқынуы жиі кездеседі және олар жас балаға келгенде қатерлі, сондықтан екі жасқа дейін қызылшаны өте ауыр дерт деп санауға болады».

Қызылша көбінесе фотофобиямен бірге жүреді, сондықтан 19 ғасырдағы педиатриялық нұсқаулықтарда науқастарды оқшаулап, айналасын жабынмен я пердемен бүркемелеп ұстау керек екені айтылды. Жарық түссе, ауру балаларға зиян болады және олардың жағдайын нашарлатады деп есептелді. Емдеудің қалған бөлігі симптоматикалық сипатта болды, қызылшаның өршуіндегі негізгі әрекет науқастарды төсек демалысына ауыстыру және қатаң оқшаулау болды:

«Профилактикалық емдеу кезінде науқасты сау адамға жақындатпаудан мүмкін, бірақ бұл шараның көмегі екіталай, өйткені адамның қызылшамен ауырғаны анықталмай тұрып та, ол жан-жағына жұға бастайды. Эпидемияны шектеу үшін науқастың аға-әпкелеріне мектепке баруға тыйым салу керек».

Бірақ Н. Ф. Филатовтың өзі қызылшаның алдын алу шаралары әрдайым кеш болатынын түсінбеді, яғни науқас бала бірнеше күн бойы өзін жақсы сезінеді. Кейде дені сау балаларды туыстарына немесе таныстарына апаруға тырысты, бірақ бұл әрдайым емес, көбінесе аурудың таралуына ықпал етті. Сонымен қатар науқас балаларды оқшаулау шараларын барлығы бірдей қабылдаған жоқ. Көп балалы шаруа отбасыларында мұндай мүмкіндік болмады. Кейде ауылдарда, егер қызылша пайда болса, шешелері барлық балаларын әдейі бірге ұстады, бір-біріне жұғып, бір кезде ауырып алсын деп бір төсекке жатқызды. Бұл аурудың жалпы уақытын қысқартты.

Қызылшадан кейін ханшайымдардың шаштары түсе бастады. Сондықтан шаштарын тақырлауға тура келді. 1917 жыл/Romanov Family Album by Pierre Gilliard

Қызылшадан кейін ханшайымдардың шаштары түсе бастады. Сондықтан шаштарын тақырлауға тура келді. 1917 жыл/Romanov Family Album by Pierre Gilliard

Британдықтарда мынадай карикатура бар: ауру балалар бастарын бір жағына қаратып, дені сау балалар екінші жағына қаратып жатқызады. Демек олардың шешесі «оқшаулаудың» не екенін түсініп тұр.

19 ғасырдың екінші жартысында көптеген елдерде арнайы балалар ауруханалары болды және жұқпалы аурулары бар балалардың көпшілігі сол жерге орналастырылды. Мұндай ауруханалардың басты мақсаты — оқшаулау және аурудың одан әрі таралуын болдырмау сияқты емдеу емес еді. 1876 жылы Мәскеуде Әулие Владимир балалар ауруханасы ашылды, ол сол кезде үлгі болды. Бұл аурухананың ерекшелігі балаларды оқшаулауға мүмкіндік беретін павильон жүйесі болды, айталық, негізгі ғимарат, қызылшаға бөлек, скарлатинаға бөлек, шешекпен ауырғандар басқа жерде, дифтеритке, мерезге бөлек және амбулатория, сүзек барагы болды.

Қызылшамен ауырғандардың көп бөлігі ауруханада емес, үйлерінде жатты.

Шешек пен қызылшаға қарсы вакцинацияны насихаттайтын плакат. 1973 жыл/Getty Images

Шешек пен қызылшаға қарсы вакцинацияны насихаттайтын плакат. 1973 жыл/Getty Images

Қызылшаға қарсы вакцина қалай пайда болды?

20 ғасырдың басында дәрігерлер әр-Рази немесе Томас Сиденгамнан басқа санаттарда ойлады. Инфекциямен күресудің ең тиімді тактикасы оқшаулау емес, вакцинация деп танылады. Бұл бүкіл планетаға жойылып үлгерген варикелла-зостер мысалын алға тарта отырып дәлелденді, бұл вакцина бүгінгі күнге дейін жалғыз ем болып қала береді. Дүние жүзіндегі дәрігерлер эпидемияның алдын алатын вакциналарды әзірлеп жатыр. Атап айтқанда, бұл қызылша эпидемиясы. Өткен ғасырдың 60 жылдарында қызылшаға қарсы жаппай егіле бастағанға дейін ол жыл сайын шамамен 2,6 миллион адамды өлтірді.

Қызылшамен тиімді күресу үшін оны тудыратын қоздырғышты табу керек. Америкалық ғалымдар Джон Андерсен мен Джозеф Голдбергер 1911 жылы сау маймылдарды ауру адамдардың сүзілген қанымен эксперименталды түрде жұқтыру бойынша тәжірибелер жүргізді және бұл қызылша қоздырғышының вирустық сипатын дәлелдеді.

Үлкейтілген қызылша вирусы/BSIP/UIG Via Getty Images

Үлкейтілген қызылша вирусы/BSIP/UIG Via Getty Images

Бірақ жануарларға жасалған тәжірибе жеткіліксіз болды. Келесі қадамды микробиолог, полиомиелит вирусын зерттегені үшін Нобель сыйлығының лауреаты (1954) атанған Джон Франклин Эндерс (1897–1985) жасады. Т. Уэллермен бірге ол 11 жасар бала Дэвид Эдмонстоннан қызылша вирусын бөліп алып, қызылшаға қарсы вакцинамен жұмыс істей бастады. Клиникалық сынақтар 1960 жылы басталды, олар «Нью-Йорктің 1500 ақыл-есі кем балалары мен Нигериядан келген 4500 балаға» жүргізілгені туралы хабарланды.

Әрине, қазіргі уақытта медициналық этика мұндай эксперименттерге жол бермейді. Клиникалық сынақтарды жүргізу үшін пациенттің немесе оның заңды өкілінің ерікті түрде хабардар етілген келісімі талап етіледі. Бірақ 20 ғасырдың ортасында мұндай жағдайлар болды, вакцина қауіпсіз деп танылды және зерттеулер жалғасты. Өкінішке қарай Дж. Эндерстің ісі сәтті болған жоқ, яғни оның вакцинасы тиімсіз болып шықты және аз уақытқа ғана иммунитетті нығайта алды. 1963 жылы америкалық вирусолог Морис Ральф Хиллман жасаған вакцина сәтті болды, ол сонымен бірге MMR — қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы үш валентті вакцинасын жасады.

Кеңес Одағында қызылша вакцинасын жасау жұмыстары жүргізілді. 1960 жылдары Пастер атындағы Ленинград эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу институтында А. А. Смородинцев бастаған ғалымдар тобы «Ленинград-16» штаммын және оның негізінде қызылшаға қарсы вакцина жасай алды. КСРО аумағында жаңа вакцина 1967 жылдан бастап егу күнтізбесіне енгізілді, бұл қызылша ауруын 650 есе азайтты.

Қызылшаға қарсы егу әдеттегі тәжірибеге айналған кезде дәрігерлер біртүрлі құбылысқа тап болды. Балаларды қызылшаға қарсы вакцинамен жаппай еккен жерде балалар өлімі соншалықты төмендеді, бұл қызылшаны жеңумен ғана түсіндірілген жоқ. Қазір ғалымдар қызылша иммунитетті қатты әлсіретеді деген тұжырымға сүйенеді, сондықтан қызылшамен ауыратын адамға басқа инфекциялар да тез жұғады. Бұл жағдайда, вакцинация арқылы денені қызылшадан қорғай отырып, біз иммундық жүйеге басқа патогендерге қатысты қырағылықты сақтауға көмектесеміз.

Бала қызылшаға қарсы екпе алуда. Кабул, Ауғанстан. 2002 жыл/Getty Images

Бала қызылшаға қарсы екпе алуда. Кабул, Ауғанстан. 2002 жыл/Getty Images

Қызылша кеселі қалайша қайта келді?

Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым. Ата-аналар балаларын вакцинациялаудан жаппай бас тарта бастады. Біраз уақытқа дейін ұжымдық иммунитеті сақталды, сондықтан егілген балалардың саны егілмегендердің санынан едәуір асып түсті. Бірақ вакцинация көпшілік заңына сәйкес әрекет етеді және вакцинацияланған адамдар неғұрлым аз болса, соғұрлым ауру қаупі артады.

Антивакссерлердің дәлелдері көбінесе екі негізгі идеяға сүйенген: оның бірі — вакциналардың зияны, екіншісі — діни тыйымдар.

Шынында да, «вакциналар дәуірінің» басында — 18 ғасырдың аяғында және тіпті 19 ғасырда вакцинация қауіпсіз болған жоқ. Бұл екпені жасағандарда дезинфекция туралы түсінік болмады, сондықтан егу нәтижесінде мерез секілді басқа ауруларды жұқтырып алып жатты. Бірақ қазір ғылым өткен тәжірибені ескеріп, вакцинацияны әлдеқайда қауіпсіз қылды. Мысалы, қызылша вакцинасын жасау үшін қолданылатын кеңестік штамм «Ленинград-16» деп аталады. Мұндағы 16 саны қауіпсіз және тиімді зат 15 рет сәтсіз әрекеттен кейін алынды деген сөз.

Вакцинацияға қарсы діни тыйымдарға келетін болсақ, бірде-бір әлемдік дін медициналық көмекке қарсы емес. Барлық әлемдік діндер вакцинадан әлдеқайда ертерек пайда болғандықтан, Тәуратта да, Інжілде де, Құранда да вакцинацияға қарсы тыйым жоқ. Вакцинацияның бір қағидасы — вакцинация алған адамды ғана емес, айналасындағыларды ықтимал инфекциядан, асқынулардан және өлімнен қорғау. Меккеге қажылыққа баратын мұсылман қажыларға менингококк инфекциясына, дифтерияға және ковидке қарсы вакцинация туралы сертификат берілуі керек. Ковид пандемиясы кезінде Рим Папасы Франциск коронавирусқа қарсы вакцина алды. Орыс православтық шіркеуі, Алла Тағала адамға шешім қабылдауға еркіндік бергенін атап өтіп, соған қарамастан вакцинацияға қарсы үгіт-насихатты айтқан жоқ.

Қызылшамен ауыратын әйелдің арқасы. "Шешек диагнозы". 1908 жыл/Welcome Images

Қызылшамен ауыратын әйелдің арқасы. "Шешек диагнозы". 1908 жыл/Welcome Images

Қызылшаның ғасырлық тарихы және онымен күресу мынадай тұжырымдарға әкеледі: қазірдің өзінде еңсерілген аурулардың да қаупін ескеру керек. Олар қайтып оралуы мүмкін. Әлемдегі ең жақсы дәрігерлер балалар ауруларымен күресу жолында зор жетістіктерге жетті. Қазір бізде жұқпалы аурулар балалар өлімінің негізгі факторына айналатын бастапқы нүктеге оралу қаупі бар. Мұны болдырмау әлі де кеш емес.