ҚАЗАҚ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ

Көне түркі жазуынан кириллицаға дейін

~ 13 мин оқу
ҚАЗАҚ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ

Коллаж / Qalam

Тіл тарихы — іргелі ғылым ғана емес, тұтас ұлттың өркениет бастауынан, мәдени-рухани тарихынан хабар береді. Түп тамырын арғытүркілер дәуірінен тарқататын қазақ жазуы эволюциялық даму жолын, өзгелердің үстемдігі мен рухани экспансиясын басынан өткерді. Алайда 20-ғасыр басында ұлт-азаттық қозғалыс көсемдері қазақ тілінің төл жүйесіне сәйкес «ұлттық әліпби» жасап, ұлт жадын жаңғырту бағытында соны қадамға барды. Qalam-ға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Ермұхамет Маралбек қазақ жазу мәдениетінің тарихын саралап, өткен мен бүгіннің ара салмағын ой елегінен өткізіп көрді.

Мазмұны

Ежелгі жазба жәдігерлер

Қазақстан территориясы — б.з.б. 4–5-ғасырларда жазу пайда болған байырғы мәдениет ошақтарының бірі. Арғытүркілер «Бір адамның кеткен бағытын басқаларға білдіру үшін жолға бұтақ тастау, жебені ағашқа шаншып қою, ағаш ою, санды білдіру үшін қатар-қатар сызық сызу, маржан тізу, ағаш ою, жіп түю»i«Қазақ мәдениетінің айдыны», 53–54 тәрізді семиотикалық белгілерді пайдаланып, ақпарат алмасудың ежелгі түрін жүзеге асыра білген. Одан кейінгі ғасырларда ұжымдық сана нығайып, қауымдық құрылыс күшейді. Арғытүркілер жартасқа түрлі таңбалар, суреттер салу арқылы өзінің рухани құндылықтарын, наным-сенімін, таным-түсінігін, арман-мақсатын бейнелеп, өмір сүрген ортасындағы елеулі оқиғалар туралы кейінгі буынға ақпарат қалдырып отырды. Қазақстанның Алматы облысындағы «Таңбалы тас», Алтай, Іле өңіріндегі жартас жазулары соның дәлелі. Ақпаратты тасымалдаудың бұл ежелгі тәсілдері кейінгі ғасырларда жүйелі жазуға ұласты.

Мейрамгүл Құсайынова. Таңбалы тас, Алматы / Anadolu via Getty Images

Мейрамгүл Құсайынова. Таңбалы тас, Алматы / Anadolu via Getty Images

Қазақстандағы ең ертедегі жазба жәдігер — Есік қаласындағы «Сақ қорғанынан» табылған б.з.б. 5-ғасырға тиесілі 26 таңбалы күміс тостаған. Бұл жазу ғылымда «Есік жазуы» деп аталады. Ғалымдар «Есік жазуын» б.з.б. 2–3-ғасырларда Қазақстан аумағында қолданылған «Руна жазуының» арғы негізі деп жорамал жасайды. Оның ежелгі Шумер жазуымен байланысы туралы да болжамдар барi«Күміс тостаған», 2017.

Көне түркі жазуы

Б.з. 2–8-ғасырларында қазіргі Қазақстан және Моңғолия, Батыс Сібір аумағында қолданылған «көне түркі жазуы» Орхон, Селенгі өзендері (Моңғолия) мен Талас өзенінің (Қазақстан) бойынан табылған тас ескерткіштер арқылы ғылымға белгілі болды. Тас ескерткіштерді 1721–1722 жылдары неміс ғалымы Даниэль Мессершмидт пен оның серігі, швед офицері Филипп Иоганн фон Страленберг Енисей аңғарынан тауып, «руна жазуы» деген атау береді. 1889 жылы Николай Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан көне түркі жазулы көптеген құлпытастарды тапты.

«Ырық бітік» кітабының жетінші беті. 9-ғасыр / The International Dunhuang Project / Wikimedia Commons

«Ырық бітік» кітабының жетінші беті. 9-ғасыр / The International Dunhuang Project / Wikimedia Commons

Көне түркі жазулы тас ескерткіштерді оқудың кілтін 1893 жылы дат ғалымы Вильгельм Томсен тапса, 1894 жылы Василий Радлов оны өз бетімен оқып, алғаш текстологиясын жасады және оның түркі халықтарының төл жазуы екенін анықтады. Негізінен ғалымдар көне түркі жазбаларын үш топқа бөледі: Орхон, Енисей және Талас ескерткіштері. Олардың таңбалар құрамы әртүрлі, 35–40 таңбаға дейін жетеді. Бұл жазуды да ежелгі «Руна жазуынан» тараған деген жорамалдар бар.

 Вильгельм Томсен. 1912 жыл / Wikimedia Commons

Вильгельм Томсен. 1912 жыл / Wikimedia Commons

«Көне түркі жазуы» араб шапқыншылығы салдарынан 9-ғасырлардан бастап қолданыстан шығып, Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы араб жазуы таралы. Ислам діні де, араб жазуы да қазақ даласына бірден дендеп енген жоқ, ол әлденеше ғасырға созылды. Себебі ежелден ұстанған тәңіршілдік діні мен кең тараған көне түркі жазуы түркі халықтарының жадында берік орнаған.

Bitik taş (Бітік тас) құлпытасы. Талас өзені  / Wikimedia Commons

Bitik taş (Бітік тас) құлпытасы. Талас өзені / Wikimedia Commons

«Көне түркі жазуымен» қатар, 8–9-ғасырларда түркі тілдес халықтар «ұйғыр жазуын» қолданды. «Ұйғыр жазуы» Шығыс түрік қағанатының орнына құрылған Ұйғыр қағанатының мемлекеттік жазуы ретінде дүниеге келді (Бұл ұйғырдың қазіргі Шыңжаңдағы ұйғырлармен қатысы жоқ. «Ұйғыр қағанатының» қалдықтары — сары ұйғырлар, қазір олардың саны өте аз, Қытайдың Гансу өлкесінде тұрады).

Керамикалық несториан құлпытасы. Юань әулеті. Ортасында айқыш, оның жоғарғы жағында сирия жазуы, ал төменгі жағында төрт жол ұйғыр-моңғол жазуы бар. Ішкі Моңғолия, Суншань ауданы, Чифэн қаласы / Wikimedia Commons

Керамикалық несториан құлпытасы. Юань әулеті. Ортасында айқыш, оның жоғарғы жағында сирия жазуы, ал төменгі жағында төрт жол ұйғыр-моңғол жазуы бар. Ішкі Моңғолия, Суншань ауданы, Чифэн қаласы / Wikimedia Commons

Бұл жазу негізін б.з.б. 6–4-ғасырлардан бастап Әмудария мен Қашқадария алқабында өмір сүрген соғды халқының соғды жазуынан алады. Сары ұйғырлар 19-ғасырға дейін қолданған жоғарыдан төмен қарай жазылатын «ұйғыр жазуын» Орталық Азиядағы түркі-моңғол ұлыстарының көпшілігі, тіпті қазақ құрамына кіретін кейбір ру-тайпалар да пайдаланған. 12–13-ғасырларда билік құрған Найман хандығының «найман жазуы» негізін осы «ұйғыр жазуынан» алады. Ал «найман жазуы» негізінде Шыңғысхан заманында «көне моңғол жазуы» жасалды.

«Жәдит жазуы» қалай «төте оқу» аталды?

Орта ғасырда жазу биліктің идеологиялық құралы, тілі болды. Билік қай тілді болса, үстемдік еткен жазу да сол тілге тиесілі еді. Қуатты рухани мазмұнымен, исламның құндылықтарымен бірге енгендіктен, араб жазуы қазақ-түркі мәдениетінде терең із қалдырды.

Қазақстан аумағында 9-ғасырдан 20-ғасыр басына дейін қолданыста болған араб жазуы үш даму кезеңінен тұрады: 9–13-ғасырларда түркі халықтары араб жазуының тәртібі мен таңбаларын еш өзгеріссіз қолданды; 13-ғасырдан 19-ғасыр соңына дейін араб жазуын негіз еткен парсы жазуы болды (Бұл жазу «Шағатай жазуы» немесе «Қадім жазуы» деп аталды); 19-ғасырдың соңынан 20-ғасырдың алғашқы он жылдығына дейін «Қадім жазуына» ішінара түзету енгізілген «Татар жәдит жазуы» қолданылды.

Әлішер Науаидің шағатай тіліндегі өлең жолдары. Герат, Ауғанстан, 15-ғасырдың соңы. Цинциннати өнер музейінің топтамасынан (АҚШ) / Wikimedia Commons

Әлішер Науаидің шағатай тіліндегі өлең жолдары. Герат, Ауғанстан, 15-ғасырдың соңы. Цинциннати өнер музейінің топтамасынан (АҚШ) / Wikimedia Commons

Бұл «ұлт» ұғымының күш алып, ұлттық тіл мүддені көздеу жолында туған еді. Уақыт талабына сай, Еуропаша білім алған, Батыс мәдениетімен сусындаған жаңа, жас түркілер тарих сахнасына шықты. Олардың алдыңғы легіндегі Исмайыл Ғаспыралы (1851–1914 ж.) атты татар зиялысы түркі халықтарын ояту жолында татар тілінде газет шығарып, баспа ісін қолға алуға жарамды тіл мен жазу керегін түсінді. Ол «Қадім жазуын» жазу машинасына, баспасөз тіліне ыңғайлап, ұлттық тілдің сипатын, дыбыстық құрамын анық, толық бере алатын жазу түріне айналдыруды көздеді.

Исмайыл Ғаспыралы. 1915 жылға дейін / Wikimedia Commons

Исмайыл Ғаспыралы. 1915 жылға дейін / Wikimedia Commons

Нәтижесінде жеңілдетілген «Жәдит жазуы» пайда болып, Қырымдағы Бақшасарайда «Тәржіман» атты газет шығарды. «Қадім жазуын» ауыл молдалары Құран қаріптерін мән-мазмұнын түсіндірместен жаттату арқылы үйретсе, «Жәдит жазуы» алдымен дыбыстарды танытатын, соның негізінде оны қаріп, жазу, емле ережені меңгерту жолымен еуропаша білім алған мұғалімдер, медреселерде жаңаша тәрбиеленген шәкірттер үйретті. Балалар 1–2 жылда қадімше хат тануға әзер шамасы жетсе, жәдит жазуын 4–5 айда меңгеретін. Сондықтан да бұл «Жәдит жазуы» Патшалық Ресей құрамындағы түркілер, қазақ арасында «төте оқу» деп аталды (жылдам хат таныту, оқу мен жазуға тіке жол ашатын оқу дегенді білдіреді).

Қазақ даласындағы алғашқы кирилл әліпбиі

19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басына дейін Қазақстан аумағында арабграфикалы «жәдит жазуы» қолданылды десек, жалпылама тұжырым болар еді. Өйткені бұл дәуірде Байтұрсынұлының жазу реформасына дейін қазақ тілі екі түрлі графиканы басынан өткерді: оның бірі — арабграфикасы, екіншісі — кирилграфикасы. Қазақ жазуы 1940 жылдан бастап қана кирилл әліпбиіне көшірілген жоқ, шамамен 1861–1912 жылдар аралығында, жалпыхалықтық сипат алмаса да, кирилл әліпбиі қолданылды. Оның қолданылу кеңістігі — көп жағдайда орыстілді мерзімді басылымдар мен орыс-қазақ мектептерінде оқытылатын қазақша оқулықтар болды. Кирилграфикасымен қазақ мәтіндерін жазу немесе кирилграфикалы қазақ әліпбиін дайындау тәжірибесін алғаш болып миссионер, қазақ жұртына кеңінен танымал Николай Ильминский жүзеге асырды. Одан кейін Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы»iКиргизская хрестоматия еңбегін ағартушылық мақсатта кирилл әліпбиімен дайындады. Бұлардың соңын ала А.Е.Алекторов, В.В.Катаринский сияқты миссионерлер орыс мектептеріндегі қазақ балалары үшін кирилл әліпбиімен қазақша оқулықтар әзірлеп, кирилграфикасын орыс тілі мен дүниетанымын үйретудің, соның нәтижесінде орыстандыру саясатының кілті ретінде қарастырды. Мызғымас миссиясын орындауға жанталаса кіріскен миссионерлер алфавит пен әліппенің түр-түрін шығарып, әліпбидегі қаріптердің ретін, үйретілу тәртібін олай да, бұлай да өзгертіп, тәжірибе жасаумен болды.

Ыбырай Алтынсарин. «Қазақ хрестоматиясы» / kazneb.kz

Ыбырай Алтынсарин. «Қазақ хрестоматиясы» / kazneb.kz

Бұл әліпбилердің базалық таңбалары кирилграфикасы болғанымен, қаріптердің саны, дыбыс құрамы мен жүйесі әртүрлі. Атап айтқанда: Николай Ильминский 1860 дайындаған кирил-қазақ әліпби жобасында 8 дауысты, 19 дауыссыз, жалпы 27 қаріп бар; 1879 жылы дайындалған Ыбырай Алтынсарин әліпбиінде 35 таңба бар. Оның 22 қарпі қазақ тілі дыбыстарын таңбалауға, 13 қарпі қазақ тілінде жоқ орыс тілі дыбыстарын таңбалауға арналған. Сонымен қатар А.Е.Алекторов (1982 жыл), В.В.Катаринский («Грамматика киргизского языка», 1987 жыл), Н.Катанов («Букварь для киргиз», 1908 жыл) әзірлеген әліпби жобасы да сан түрлі.

«Ескі қазақ жазуы» дегеніміз не?

Орыс-қазақ дипломатиялық қатынасы кезеңінде, 17–19-ғасыр аралығында жазылған хан-сұлтандар мен би-батырлардың хаттары, 19-ғасырдағы аға сұлтандар мен болыс-билердің хаттары, 19-ғасырдың екінші жартысындағы Абай, Ыбырай, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазбалары, Әбубәкір Диваевтың ауыз әдебиеті туралы жазбалары арабграфикалы ескі жазу үлгісінде жазылды. «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» сияқты орыс-қазақ тіліндегі газеттер, сондай-ақ «Қазақстан», «Серке», «Айқап» сияқты алғашқы қазақтілді мерзімді басылымдар да сол сүрлеумен жүрді. Мұны тіл тарихын зерттеушілер мен тарихшылар «Ескі қазақ жазуы», «Жәдит жазуы», «Қадім жазуы», «Шағатай жазуы» деп әртүрлі атайды.

«Айқап»  журналы. 1911 жыл / kazneb.kz

«Айқап» журналы. 1911 жыл / kazneb.kz

Ғылыми әдебиеттерде де осылай түрліше атаулармен беріліп келеді. Мұның себебі неде? Әлде осы жазу түрлері Қазақстан аумағында қатар қолданылғанынан ба?! Біздің ойымызша, мұның себебі — 15–20-ғасырларға тиесілі жазба мұра емле ерекшеліктері, әліпби құрамы, қаріптердің саны мен графикалық тұрпаты, әліпбилік дыбыстардың түрі мен фонологиялық сипаты, лексика-грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан анықталып, аталған жазу түрлерінің ара-жігі уақыт, географиялық кеңістік, лингвистикалық белгілері бойынша бір-бірінен ажыратылмағандығынан. Әрине, бұлар әр ғасырда, әр кезеңде түрліше аталған бір жазу түрі емес, олардың қандай да бір өзіндік ерекшеліктері, бірінен бірін бөліп тұрған эволюциялық кезеңдері бар. Дегенмен Қазақстан территориясында қолданылған бұл ескі жазу дәстүрін бір ғана атаумен атау керек болса, «ескі қазақ жазуы» деген дұрыс секілді.

«Абай»  журналы  / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

«Абай» журналы / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

15–20-ғасыр аралығындағы арабграфикалы қазақ жазба мұрасы графикалық тұрғыдан бірнеше территориялық кеңістікке бөлінеді. Мұны қолжазбалардың графикалық ерекшелігінен де анықтауға болады. Тіпті 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басына тиесілі баспа мәтіндерде де ерекшелік бар. Қазан, Уфа, Орынбор, Санкт-Петербург, Ташкент қалаларындағы баспаларда жарық көрген еңбектер, Әбубәкір Диваевтың ауыз әдебиетіне қатысты баспа мәтіндері мен «Айқап» сияқты алғашқы мерзімді басылым мәтіндерінде пайдаланылған қаріптер құрамы әртүрлі. Атап айтқанда: «Қазан» басылымдарында дауысты дыбыстарды таңбалайтын 4 қаріп, дауыссыз дыбыстарға 25 қаріп, жалпы 29 қаріп қолданылған; Ташкентте басылған Диваев жазбаларында дауысты дыбыстарды таңбалайтын 4 қаріп, дауыссыз дыбыстарға 24 қаріп, жалпы 28 қаріп қолданылған; Санкт-Петербург басылымдарында дауысты дыбыстарды таңбалайтын 5 қаріп, дауыссыз дыбыстарға 27 қаріп, жалпы 32 қаріп бар; ал «Айқап» журналы мәтіндерінде қазақ сөздерін таңбалау үшін жалпы 25 қаріп қолданылған, араб-парсы және орыс сөздері үшін 12 қаріп, жалпы 37 қаріп қолданылады.

19-ғасыр мен 20-ғасыр өліарасындағы қазақ жазу мәдениетіндегі берекесіздік, бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл — ұлттық әліпби жолындағы ізденіс, ұлттық әліпбиге туындаған қажеттілік.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі

20-ғасыр басында Еуропа мәдениетінен нәр алған жәдиттік-ағартушылық бағыт Қазақстан аумағына да таралып, еуропаша білім алған зиялы қазақ жастары шыға бастады. Солардың бірі, халық «ұлт ұстазы» деп атаған — Ахмет Байтұрсынұлы. Ғалым 1912 жылы «Қадім жазуы» мен «Жәдит жазуына» түзету енгізіп, қазақ тілінің дыбыстық құрамын, грамматикалық ерекшелігін толық көрсете алатын 22 қаріп, 3 белгіден құралған «Қазақ әліпбиі» мен алғашқы ұлттық емлені жасады. Қазақтар мен түркі халықтары арасында «Байтұрсынұлы алфавиті», «Байтұрсынұлы емлесі» деп аталған бұл жазу 1913 жылдан бастап тұңғыш ұлттық газет — «Қазақ» газеті арқылы қазақ арасына тарап, өте жылдам қабылданды. Оның сыры қазақ тілінің төл жүйесіне сәйкестігі, үйренуге жеңілдігі, жазуға оңай болуында.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі / ҚР ОҰМ

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі / ҚР ОҰМ

«Байтұрсынұлы әліпбиі» 16 жыл қолданыста болды. Осы жылдар аралығында ғалым аталған «ұлттық әліпби» таңбалары мен емле ережелерін 1912, 1923, 1924 жылдары 3 рет жүйелі толықтырды. Сол кезеңде жүйеленген қазақ тілінің төл дыбыстары мен емле ережелері қазіргі заманауи қазақ тілі емле ережелерінің кодификациялық негізіне айналды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1923 жылдың наурызында Елдес Омарұлымен бірге 13 баптан тұратын «Қазақ тілінің жаңа емле ережесін» дайындады. Бұған сәйкес әліпби мен емледегі араб-парсы элементтері тазартыла бастады. 1912 жылғы өтпелі кезең әліпбиіндегі қаріптер құрамы өзгеріп, 28 қаріп, 2 белгіден тұратын жаңа әліпби қабылданды.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі / ҚР ОҰМ

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі / ҚР ОҰМ

«Байтұрсынұлы өзі жасаған ұлттық әліпбиге не себепті бірнеше рет түзетулер мен толықтырулар енгізді? Жазу реформасында қандай да бір ағаттықтар болған ба?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұның жауабы, әрине, «жоқ». Байтұрсынұлы жазу реформасының әр кезеңінде ағаттықтар болмады, әр шешімінде ғылыми негіз, жазудың жеңілдігі мен функционалдығын көздеу және тілден тыс факторларды есепке алу қажеттілігі тұрды. Арабграфикалы жазудың мың жылдық тарихы мен дағдысын бір жылда өзгерту, терістеу мүмкін емес еді. Оған ғалымның ғылыми әлеуеті жеткенімен, халықтың қабылдауы екіталай болатын. Сондықтан жазу реформасын бірнеше кезеңге бөліп, алғашқы кезеңге өтпелі сипат беру қажеттігін түсінді. Сондықтан да ғалым әліпбиі мен емлесі әр кезең сайын толығып, нығайып отырды.

Осы орайда айта кететіні, Ахмет Байтұрсынұлы Исмайыл Ғаспыралы ұсынып, одан кейін кең тараған «ортақ тіл, ортақ түркі әліпбиі» идеясын құптамады. Сол үшін де ортақ түркілік сипаттағы әліпбилерден бас тартып, қазақ тілінің төл заңдылығынан туған өз алдына дербес ұлттық әліпби жасады. Оның себебін ғалым былай түсіндірді:

«Басқа түрік балаларының харф һәм емле түзету ісіне қарасақ, олардың бізден, біздің олардан айырылатын жеріміз бар. Біздегі бар дыбыс оларда жоқ, оларда бар дыбыс бізде жоқ көрінеді. Біздегі бар сөздердің түрлері оларда жоқ, оларда бар түрлері бізде жоқ. Сондықтан біз қазақ тілін тастап, басқа түрік тілдерінің біріне қосыламыз демесе, айырық жерде айырыла, бірдей жерде бірге іс ету тиіс. Солай ету қазақ тіліне керек жұмыстарда да боларға керек»i«Жазу жөндеу», 1913: 1.

Қазақстандағы латын әліпбиі

1912–1924 жылдары аралығында жаңа «қазақ әліпбиі» мен емлесінің кемшін тұстары толық реттеліп, жазу ұлттық сипатқа, оңтайлы жүйеге келе берген тұста Әзербайжан ғалымдарының бастамасымен түркі халықтарының жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілді. Ендігі кезеңде Байтұрсынұлының ұлттық әліпбиі мен жаңа латын әліпбиінің өзара бәсекелестігі басталды.

1926 жылы Әзербайжан астанасы Баку қаласында Бүкілодақтық 1-түркологиялық құрылтай өтіп, түркі халықтарының саяси, рухани тәуелсіздігі жолында күрескен қайраткер-зиялылар бас қосты. Құрылтайдың өтуіне Кеңес одағы құрамындағы түркі халықтарының латын әліпбиіне көшу мәселесі басты себеп болды. Қазақстаннан оған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған 5 делегация қатысқан еді.

Бірінші түркологиялық құрылтайға қатысушылар. 1926 жыл / Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты

Бірінші түркологиялық құрылтайға қатысушылар. 1926 жыл / Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты

Латын әліпбиіне көшуге Кеңес одағының саяси жетекшілері бастамашы болғанымен, мұны Нәзір Төреқұлұлы, Телжан Шонанұлы бастаған беделді қазақ зиялылары қолдады. Өйткені оның саяси астарынан бөлек, тілтанымдық та негізі бар еді. Он ғасырдан астам уақыт түркі халықтары қолданып келе жатқан, дауысты дыбыстар жазылмайтын және шарттылығы көп араб жазу жүйесі шындығында түркі тілдерінің табиғатына сәйкес келмейтін. Әсіресе заманның даму деңгейіне сәйкес техника мен адамдар арасындағы тілдік коммуникацияның сұранысын қанағаттандыра алмады. Түркі ғалымдары бұл қиындықтан құтылудың жалғыз жолы — «әліпби ауыстыру» деп түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы бұл түйткілдерді әуелден-ақ байқап, 1912 жылдан бастап қазақ жазуын жаңа бағытқа, ұлттық арнаға бұрды. Сондықтан да қазақ әліпбиін латын әліпбиіне ауыстырудың қажеті болмады. Бұл қадам, керісінше, жаңа ұлттық жазумен сауаттанып келе жатқан қазақ қоғамын жаппай сауатсыздыққа душар етіп, қазақ халқын ояту мақсатында жылдар бойы жүргізген саяси-рухани ағарту қозғалысының жемісін бір-ақ сәтте жоғалтумен бірдей еді.

Кеңес үкіметінің көздегені — халықты жаппай сауатсыздандыру арқылы, көзі ашылып, оянып келе жатқан түркі халықтарының рухани тұтастығына балта шауып, тамыры терең тарихы мен мәдениетін жас ұрпақ жадынан өшіру, Кеңес идеологиясына адал жаңа буын тәрбиелеу еді. Мұны түркі зиялыларының ешбірі Ахмет Байтұрсынұлы секілді терең түсінбеді. Сондықтан ол арабграфикалы жазудан бас тартып, латын әліпбиіне көшуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл туралы ғалым Бүкілодақтық 1-түркологиялық құрылтайда ашық пікір білдірдіi«Первый всесоюзный тюркологический съезд», 1926: 287–289. Алайда саяси қолдау басым түскендіктен, ғалым бұған бөгет жасай алмады. Нәтижесінде латын әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылданып, латынграфикалы ортақ түркі әліпбиі мақұлданды. Араб жазу жүйесінің қиындығы тудырған тарихи қажеттілікті отаршыл билік өз мақсаттарына пайдаланып кетті.

Түркологиялық құрылтайдан кейін Қазақстанда латын әліпбиін жақтаушылар мен арабграфикалы қазақ әліпбиін жақтаушылар арасында айтыс-тартыс басталып кетті. Десе де 1926–1928 жылдар аралығын қамтитын бұл кезеңде әлі де «Байтұрсынұлы әліпбиімен» мерзімді басылымдар мен кітаптар жарық көріп жатты.

1927 жылғы 8 маусымда Қызылордада «Орталық Жаңа әліпби комитеті» құрылды. Ораз Жандосов — төраға, Телжан Шонанұлы — хатшы болып тағайындалды. Комитет латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиін дайындау, насихаттау және көшіру жұмыстарымен айналысты. Ресми деректерге қарағанда, бұл кезеңде 100-ге тарта латын әліпбиі жобасы ұсынылған көрінеді.

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының қатты қарсылығына ұшырағандықтан, латын әліпбиіне көшу, өзге республикаға қарағанда Қазақстанда кешеуілдеп жүзеге асты. Ақырында 1928–1929 жылдары «Байтұрсынұлы әліпбиі» қолданыстан шығарылып, латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиін біртіндеп енгізу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдарда Телжан Шонанұлы латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиінің концепциясы мен емле ережесін дайындады. Алайда бұл әліпбидің таңбалары латынша болғанымен, оның емле ережелері 1913–1927 жылдардағы Байтұрсынұлының емле ережелері негізінде жасалды. Ал латын әліпбиі Қазақстанда 1929–1940 жылдар аралығында қолданылды.

Күшпен енген кириллица

Кеңес үкіметі 1940 жылы Одақ құрамындағы барлық автономиялы республикалардың ұлттық жазуын күшпен кирилл әліпбиіне ауыстырды. 1939–1940 жылдары Сәрсен Аманжолов бастаған қазақ ғалымдары 42 қаріптен тұратын кирил-қазақ әліпбиін дайындап, оған 28 төл дыбыс қаріптері мен 14 кірме дыбыс қаріптері енді. Бұл да қазақ жазу тарихында заманның ығына қарай сәтті жасалған әліпбилердің бірі деуге болды.

Сәрсен Аманжолов. 1958 жылға дейін/ orkeniet.vkgu.kz

Сәрсен Аманжолов. 1958 жылға дейін/ orkeniet.vkgu.kz

Осы әліпби қазірге дейін қолданылып келеді. Бірақ кирил-қазақ әліпбиі кезеңінде де төл сөздерді жазуда Байтұрсынұлының негізгі емле ережелері сақталды. Сонымен қатар 1940 жылға дейін назардан тыс қалып жүрген жазудың терең түйткілдері, көптеген күрделі мәселелері осы кирил-қазақ әліпбиі кезеңде шешімін тапты. Осыған орай қазақ жазуы жаңа мазмұндағы емле ережелермен толығып, ортологиялық құралдар, ғылыми зерттеулер, сөздіктер жарық көрді. Қазақ тілінің алғашқы орфографиялық сөздігі 1957 жылы баспадан шықса, кейін әр жылдар аралығында жаңартылған 7 басылымы жарық көрді. Бұл сөздіктер әр басылым сайын толығып, сұрыпталып, жүйеленіп отырды.

Дегенмен осы дәуірде орыс тілінің орфографиясы қазақ емлесінде кеңінен орнықты: кірме сөздер орыс орфографиясы бойынша жазылды, қазақ тілінің емле ережелерінде көптеген пунктілер орыс сөздерін жазуға, қазақ мәтіндеріндегі орысша-қазақша сөздердің лексика-грамматикалық қатынасын үйлестіруге арналды. Нәтижесінде қазақ тілінің ең қуатты заңы — «үндестік заңы» бұзылды. Бұл үрдіс қазақ тілінің ықпалды тілдердің экспансиясына қарсы ішкі иммунитетін төмендетіп, төл табиғатына сәйкес дамуын тежеді, қазақ тілінің ішкі даму заңдылығы ұлттық жүйеден алшақтай бастады.

Әлем тарихында қолданыстағы жазудың, әліпбидің ауысуы қандай да бір өркениетті қоғам мен іргелі мәдениеттің ірі тарихи бетбұрыс кезеңі тұсында болады. Жоғарыда кезең-кезеңімен баяндалған қазақ жазуының даму тарихы, басып өткен ұзақ та, мың бұралаң жолы соны анық дәлелдейді. Бұл кезеңдердің ішінде ұлттық сипатымен, терең мазмұнымен ерекшеленген тұсты — 20-ғасыр басындағы Байтұрсынұы кезеңі дейміз. Өйткені бүгінгі таңдағы әліпби реформасы да теориялық тұрғыдан 20-ғасыр басындағы ұлттық кезеңді негіз етеді.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

1. Қазақ мәдениетінің айдыны. – Үрімжі. 2006 – 408 б.

2. Сүлейменов О. Этимологияға кіріспе / Алматы: Қазақ университеті, 2019 – 94 б.

3. Қосымова Г. Тілдің тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері (Шумералогия және түркітаным мәселелері). 2020 – 130 б.

4. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007 – 263 б.

5. Байтұрсынұлы А. “Жазу жөндеу” // «Қазақ» газеті, 1913 ж. N43. – 1-2 бб.

6. Байтұрсынов А. Ахмет Байтұрсынұлының орфография туралы баяндамасы // Первый всесоюзный тюркологический съезд (стенографический отчет). Баку: Общество обследования и изучения Азербайджана, 1926 – 286-289 б.

7. Ахмет Байтұрсынұлының әліпби, жазу, емле туралы еңбектері: оқу құралы / Ғылыми түсініктемесін жазып, құрастырған Е. Маралбек. Алматы, 2023 – 584

8. Байтұрсынұлы А. «Тіл-құрал» / Қазақ тілінің сарфы. 1-жылдық. 1-басылуы – Орынбор: «Ғ.Ғ. Хусайынов ушркасының парауай матбуғасы», 1914 – 53 б.

Ермұхамет Маралбек

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ