ИТАЛИЯЛЫҚ АЯҚКИІМ

Неліктен италия шеберлерінің туындылары аяқкиім тігу өнерінің шыңы?

ИТАЛИЯЛЫҚ АЯҚКИІМ

Генрих Семирадский. Элевзиндегі Посейдонның мерекесіне қатысқан Фрина. 1889 жыл / Wikipedia Commons

Әлемдегі аяқкиім тігу өнерінің шыңында италиялық шеберлердің туындылары тұруының сыры неде? 2023 жылдың 26–28 қыргүйегінде Қазақстандағы италиялық сән әлемінің ең ауқымды бір көрмесі өтпек. Осыған орай жоғарыдағы сауалымызға жауап іздеп көрмекпіз. Аталмыш көрмеде сән әлемінде талас тудырмас италиялық аяқкиім түрлері таныстырылады. 

Италиялық аяқкиімнің тарихы римдік сандалдардан бастау алады. Бұл — көне дәуірге деген құрметтің нышаны. Былғарыдан я ағаш қабығынан тігіліп, ұлтаны ағаштан не болмаса металдан жасалған, алтынмен я бағалы тастармен безендірілген римдік ежелгі аяқкиім үлгісі, көне мысырлықтар киген аяқкиімнен асып түсе алмады. Мәселен, сандалдар — Птолемей патшалығынан бері бар дүние.

Мартино Кастеллани

Мартино Кастеллани

Әйгілі италия-алматылық азамат және Қазақстандағы италиялық сауда агенттігінің директоры, алдағы өткелі жатқан италиялық аяқкиімдернің көрмесін ұйымдастырушы Мартино Кастеллани былай деп пікір айтады: «Италия мыңдаған жылдар бойына сәннің ордасы саналды. Этрускалықтар, римдіктер сәннің не екенін білді, әдемі маталарды, әсем әшекейлерді, жұпар аңқыған хош иістерді асқан талғампаздықпен тани алды. Бұлай қалыптасуға Жерорта теңізінің атқарған рөлі зор. Теңіз порттары арқылы Рим Шығыспен, соның ішінде Қытаймен тығыз байланыс орнатты. Қытаймен алғашқы тікелей қарым-қатынастың бізге мәлімі Рим императоры Антоний Пиустың (б.з. 138–161 жж.,) билігімен байланысты. Варварлық шапқыншылықтың кесірінен күйреген Шығыстағы сауда ісі ерте орта ғасырларда қайта жанданды. Бізде Амальфи, Пиза, Венеция, Генуя, Анкона, маңызды қала Рагуза, Хорватиядағы қазіргі Дубровник секілді теңіз республикалары болды. Әрине, сән дегеніміз сауданың маңызды бір бөлігіне айналады. 13–14 ғасырлар тоғысында бүгінгі Қазақстанның топырағына табан тіреген алғашқы италиялықтардың бірі, венециялық көпес әйгілі Марко Поло — Батыс Еуропада Шығысты және оның ғажайыптарын насихаттау жолында көп тер төкті».

Тарихшылар қазіргі италиялық аяқкиім тігу өнерінің басталуын ерте орта ғасырлар мен ерте қайта өрлеу дәуіріне жатқызады және бұл қолөнердің осы саласы Италияның Шығыспен ерекше қарым-қатынасымен байланысты.

Каналетто. Бучинтороың Дожлар сарайындағы айлаққа қайтып оралуы. 1730 жыл  / Google Art Project

Каналетто. Бучинтороың Дожлар сарайындағы айлаққа қайтып оралуы. 1730 жыл / Google Art Project

Теңіз жолдары арқылы саудамен шұғылданған Италия шаһарлары — оның ішінде Венеция мен Генуя — шығыстық тауарларды Еуропаға өткізетін негізгі қақпа болғаны мәлім. Бұл Жібек жолының ақырғы аялдамасы еді. Шалғай Азияның тауарлары және Византия мен Осман империясының өнімдері де осы қалалардағы қайнаған нарықтан табылды. Сол венециялықтардың дипломатиялық істе де, сауда саласында да айрықша құқыққа ие болды. Жібек, атлас, парша, барқыт секілді бағалы маталардың бәрі италиялық саудагерлер мен комиссионерлердің қолынан өтіп, тауарлардың ең тәуірлерін өздеріне алып қалды. Ал жергілікті қолөнер шеберлері өңдеу ісімен тыңғылықты шұғылданып, тауар сапасын жақсартып, дайын өнімдерді әрі қарай тұрақты түрде сатып отырған.

Айталық, шарықтаған нарықты бөлу науқаны кезінде цехтық қатынастардың күрделі жүйесі қалыптасты. Бұл жағдай италиялықтардың жетістікке жетуі жолына маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ біраз жылдар бойы оның Еуропаның өзге елдерінде толыққанды аналогтары болған жоқ.

Ең сапалы материалдар мен шикізаттарды ең арзан бағаға елден бұрын сатып алатын, сондықтан италиялық қолөнершілердің басқа аймақтармен бәсекеде бәсі биік болды. Бірақ тіпті Италияның өзінде осы бөлініс жағдайы жылдам жүрді және цех жүйесінің қатаң қағидалары қандай да бір талпынысты шектеулердің шеңберіне қамап, тұншықтырып тастағанға ұқсайды.

Феликс де Винь. Генттегi oрта ғасыр жәрмеңкесi. 1862 жыл/Alamy

Феликс де Винь. Генттегi oрта ғасыр жәрмеңкесi. 1862 жыл/Alamy

В. А. Фионова «13–15 ғасырлардағы Венециядағы былғары және аң терісі қолөнері» («Кожевенно-меховое ремесло в Венеции 13–15 веков») атты монографиясында жалпы цех көлеміндегі етікшілердің түрлі санаттарын жазып көрсеткен. Мәселен, бір шебердің түрлі санаттағы тауарларды шығаруға мүмкіндігі жоқ еді, оған тек бір ғана тауар түрін таңдап, соны өндіруге рұқсат етілді.

Ол жерде кәнігі етікшілерден (calzolai) бөлек былғары шұлықтар (calzari), кебіс (scarpe) пен етік (stivali) шығарушылары болды, олардың қатарына ағаш табанды кебістер мен сандалет (жазғы жеңіл аяқкиім) тігіншілері (lovoranti di zoccoli) кірді және ескі аяқкиімдерді өңдеумен айналысатын кебісші-шеберлер де (diabattin) бар еді. Сондай-ақ шұлықтың астынан киіп алатын табан-ұлтан оюшылары (solariі) жұмыс істеді. Мұндай ұлтандарды кебіс ретінде кие беруге келеді.

Сонымен бірге өзге де ережелердің сақталуы қатаң талап етілді. Айталық, венециялық етікшілердің дүкендері Риалто аймағында ғана орналасуы керек болды. Оның үстіне, ол жерде он бес жасқа толмаған балалар тек сату ісімен ғана айналыса алды. Себебі тәжірибе жинауға келген әрі он беске жетпеген балаға жауапты нағыз істі тапсыруға тыйым салынды. Егер сол үйренуші балаға аяқкиімнің қандай да бір бөлшегін, тіпті сатылымға шығатын бау дайындауды тапсыратын болса, шеберге қомақты айыппұл салынды. Әрбір аяқкиімнің ұлтанында өндіруші шеберхананың таңбасы (клеймо) болуы шарт еді. Ал егер цех талаптарын бұзып я болмаса тіккен аяқкиімдерінен ақау табылса, шеберханаға айыппұлдың астында қалды. Кейде тіпті мұндай жауапсыздыққа бой алдырған цехтің иесін абақтыға қамап, қызметінен айырған жағдайлар да болған.

Орта ғасырдағы аяқ-киім шеберханасы. Гравюра / Getty images

Орта ғасырдағы аяқ-киім шеберханасы. Гравюра / Getty images

Сондай-ақ былғары өндірушілерге қойылған тастай талаптар жоқ емес. Мәселен, терінің түрі қандай, сапасы қандай және бұл қанша жасар жануардың терісі, оны қандай құралмен илейтіні және бұл іс қай мезгілде іске асатыны, тіпті тері илейтін шеберханалардың қажеттіліктері үшін қалаға тұщы су таситын ыдыстардың қақпағына дейін — бәрі-бәрі бақылауда болды. Тұзды теңіз суын өндіріске пайдалануға тыйым салынды. Ал тұщы суды теңіз арқылы тасымалдаған жағдайда, тұщы су құйылған бөшкеге тұзды судың тамшысы шашырап тамып кетпеуін де қатаң түрде қадағалап отырған.

Дегенмен мұндай тәртіптің темірдей қаттылығы, қаптаған бұлжымас қағидалардың қолөнер ісіне оң әсер етті. Иә, қойылған тастай талаптар сапаны жақсартады. Бұл қай салада да бұлтартпас факт. Поэзия да, педагогика да осы заңдылыққа бағынады.

Берлиндік, ревельдік немесе ливерпульдік етік өндірушілер студенттерге шіріген былғарыдан сапасыз етіктерді тіктіріп, аңғал тұтынушалырына аямай сатып жатты (тауар сапасын бақылау қай жерде де болды, бірақ мұндайлар айласын тауып отырды). Сол кезде италиялық шеберлер болса, өзара қатал сыншы бола білді. Сондықтан да италиялық (ең алдымен, венециандық, содан кейін флоренциялық) аяқкиімнің сапа деңгейі өзге өндірістерге қарағанда айтарлықтай жоғары болды.

Былғары илеуші. 15 ғасыр миниатюрасы/Alamy

Былғары илеуші. 15 ғасыр миниатюрасы/Alamy

«Біз кішігірім аңғарлардан құралған елміз. Біреуінен екіншісіне қатынау оңай шаруа емес. Орта ғасырлардан бері еліміз біршама қалалар мен феодалдарға бөлінген кезде, бізде әртүрлі микромәдениеттер қалыптаса бастады. Әр жердің өз рецептері, өз тағамдары мен өзіне тән киімдері болды. Бұл жағдай әртүрлілікті тудырды. Мұның бәрі made in Italy тұжырымдамасының пайда болуына ықпал етті. Осы ғасырлық табыстың өзегі әрі жүрегі қолөнер өндірісі. Жергілікті шеберханалардың көптігі, ең мықты, ең таңдаулы іскер тұлғалар ғана топ жаратын қайнаған бәсеке майданын тудырды. Егер аяқкиім туралы айтар болсақ, ол Италияның жиырма өңірінің барлығында өндіріледі. Ал ателье мен фабрикаларға келсек, олардың ең көп шоғырланған жерлері: Ломбардия, Марк, Тоскана және Венетода Брента өзенінің жағасы», – дейді Мартино Кастеллани.

Әрине, италиялық шеберлер ең жақсы, сәнді әрі сапалы экспортты алғашқы болып талғап-танығаны мәлім. Сонымен бірге олар Шығыстық технологиялар мен үлгілерді бірінші болып игеріп, оларды еуропалық мәнерде қайта ойластырып, еуропалық сән үлгісін жаңартты. Венеция сән-салтанаттың ордасы саналды, бұл — қымбат тұрмыстық заттар — жиһаз, әйнек, көйлектер, аяқкиімдер шығаратын негізгі еуропалық шеберханаға айналды.

16 гасыр миниатюрасы / Photo by: Photo12 / Universal Images Group via Getty Images

16 гасыр миниатюрасы / Photo by: Photo12 / Universal Images Group via Getty Images

Венеция мен Флоренцияда олар ұзақ уақыт бойы Еуропаның өзге өңірлеріне өндірілмеген тері түрлерінің өндірісін игерді. Ең алдымен, шегірен мен сақтианы пайдаға жаратты. Шегірен (италия тілінен zigrino — түркі тілінен шыққан сөз, сагри — «жылқының жон арқасы») — бетінде бұдыры бар былғары. Ол жылқы терісінің орталық бөлігінен жасалады, ондай былғары аса берік келеді, (цех жүйесінің заңы бойынша қара былғары жасыл реңктермен боялуы керек еді, мұнда бірақ басқаша болды). Шегірен көбінесе жиһазды қаптауға, былғары бұйымдарын жасауға қолданылған, бірақ бәрінен бұрын оны кітапты түптеуге пайдаланды. Ал аяқкиім өндірісінде былғары қиықтарын әдетте зерлеу үшін және бастырма ретінде кәдеге жаратқан.

Сақтиан (Марокко былғарысы) — қой мен ешкінің терісінен иленген жұмсақ әрі жұқа тері. Бұл теріні өндірудің құпиясын Мавританиядан келген италиялық қолөнершілер әкелген деп есептеледі. Кейде бұл өнерді шеберханаларға келген қоныс аударушы қолөнершілер де үйреткен. Сақтиан илеу және оны өңдеу — бұл басқа өндірушілер үшін ұзақ уақыт бойы құпия болып келген күрделі технология, сондықтан сақтиан өте бағалы, жібек, парша маталармен құны тең «патшалардың материалы» ретінде белгілі. Әдетте бұл теріні ашық түстерге (қызыл, көк секілді) бояп, патшалар мен кавалерлерге, талғампаз ханымдарға арнап етіктер тіккен.

Италиялық етікшілер тек сақтиян мен шегірен былғарыдан ғана етік тікті десек қателескеніміз болар. Олар терінің аса мықтысы бар, өте жұқасы бар — ондаған түрін кәдеге жарата білді. Теріге қоса, шұға, атлас, парша секілді маталарды да етік өндіру ісіне пайдаланған.

Сонымен бірге Италияда биік өкшелі етіктер де кең таралды. Биік табанды аяқкиім бұған дейін бұл жерде киілген жоқ. Бұл ретте римдік котурндарды еске түсіру жеткілікті, бірақ қайта өрлеу дәуірінде котурндар да ұмыт болды. Халық ол кезде шалшық пен батпаққа төзімді ағаш табанды, теріден жасалған бауы бар калош іспетті аяқкиімдерді киетін.

Бірақ Италияда, дәлірек айтсақ, Венецияда шопин деген аяқкиімнің түрі сәнде болды, оның идеясын жергілікті аяқкиім тігушілер Осман империясы арқылы Қытайдан алды. Жеңіл ағаштан жасалған, табаны тым биік (20 см, тіпті кейде 30–40 см-ге дейін жететін) толқын табанды осынау аяқкиімді көбінесе әйелдер киген. Бұның бірінші себебі — 15–16 ғасырларда әйел бойының биік болуы сұлулықтың нышаны саналды. Екіншіден, одан да маңыздысы, ақсүйек ханымдар арасында танымал болған шлейфтері бар сүйретілген ұзын белдемшелерін лас көпірдің үстімен өткенде, былғанып қалмауына осы биік табанды аяқкиімдер көмектесті — әйтпесе серуенге шыққан сайын қымбат парша мен бағалы жібегін бүлдіріп ала беру кімге ұнасын.

Шопиндер. Италия. 1600 жыл /Alamy

Шопиндер. Италия. 1600 жыл /Alamy

Еуропа саяхатшылары сұңғақ бойлы венециялық сұлулар туралы тебірене жаза бастады. Оларды «қадірлі сылқым» (cortigiana onesta) деп атады. Айта кету керек, Венециядағы жезөкшелік негізінен заңдастырылған іс еді. Олар салық төлейтін, кәдімгі саудамен айналысатын республикалардағы цех жүйесінің қағидалары секілді, бұл жезөкшелік те, онымен айналысқан әйелдер де түрлі санаттарға бөлінді. Солардың ең жоғарғы дәрежесі «қадірлі сылқым» атын алу еді еді. Олар ешқашан кез келгеннің құшағына құлай кетпейтін. Тек аса қамқор, беделді мырзаларға ғана еркін билетті. Ең танымал қадірлі сылқымдардың көбі ақын-жазушылар, философтар және талантты музыканттар еді. Тарих жадында солардың кейбіреулерінің есімдері мен шығармалары сақталды. Мысалы, ғажайып сұлу ханым Вероника Франконы (1546–1591) айтуға болады. Бұл қадірлі де сыпайы сылқымға ақындар мен жазушы мырзаларды қоспағанда, тұтас Венеция мен келуші қонақ серілер түгелдей дерлік ғашық еді.

Тинторетто. Вероника Франконың портреті / Wikipedia Commons

Тинторетто. Вероника Франконың портреті / Wikipedia Commons

Куртезан әйелдерің Венецияның басқа асыл текті ханымдарынан айырмашылығы — оларға өздерінің дәрежесінінің айғағы ретінде сары бантик немесе мойынсалы орану талап етілді. Куртезан әйелдер мен ақсүйек ханымдарың арасындағы аса бір айырмашылық болмады. Олардың екеуі де хош иісті парфюмерия себетін, сәнді әрі сапалы пішілген көйлектер киетін, шашын ақсары түске бояйтын, аққұба түсті әрі жасанды бұрым шаш тағатын, бұйралайтын, бұйра салған шаштарын жайып қоятын... Сондай-ақ мұндай ханымдар аяғына шопин я болмаса цокколи мен пьянелле киетін. Бұлар — сәнқой әйелдерге арналған, тым биік, бокалға ұқсайтын табаны бар ерекше аяқкиімдер. Мұны киген ханымдар көшеде ең биік мүсінді болып жүретін. Тиісінше, бұл аяқкиімдерді киген әйелдер өздеріне тән епті жүріс-тұрысты да меңгерген. (Әйтпегенде шопин киіп жүруге кез келгеннің шамасы келе қоймас).

Куртизанка/Элиши Уиттелсидің коллекциясы, Элиши Уиттелси қоры, 1955/MET NY

Куртизанка/Элиши Уиттелсидің коллекциясы, Элиши Уиттелси қоры, 1955/MET NY

Флоренциялық жас ару Кэтрин де Медичи париждіктерді осындай шопин киіп жүруімен таңғалдырғаны мәлім. Ол қыздың бойы тым аласа еді (тіпті 150 см-ден аз) болғандықтан, ол өз елінен әкелінген «оғаш» аяқкиімінің көмегімен өзінің күтуші әйелдерінен биік болып көрінгісі келді. Алайда бұндай қызығушылық тез басылды. Содан бері арада елу жыл өтті, ал 16 ғасырдың ортасында шопиндер Францияда да кең таралуы Италиядағыдан кем түскен жоқ.

Парис Бордоне. Венециалық әйелдердің киім-кешегi/Wikimedia Commons

Парис Бордоне. Венециалық әйелдердің киім-кешегi/Wikimedia Commons

Италияның сән үлгілерін жаратушы ретіндегі үстемдегі 15–16 ғасырлардағы теңіз сауда жолындағы кедергілерге байланысты шайқала бастады. Себебі Испания, Франция және Ұлыбритания елдері Италияның кемелерін теңіздегі әдеттегі жолдарынан ысырып тастады және оның орнына жаңаларын әкелді. Ал Лион, Берлин және Лондон өндірушілері бұрынғы шеберлерден аяқкиім өндіру ісінің қыр-сырын ақырындап үйреніп, өздері жақсы былғары мен бағалы маталарды жасауды үйренді. Осы орайда Мартино Кастеллани былай дейді: «Италияда сәнге деген қызығушылық әлсіреген жоқ, бірақ басқа қалалар мен елдерде трендтер жүріп жатты. Испандық тік жағалар, одан кейін XIV Людовиктің Версаль сарайы, ақырында, британдық дендизмнің негізін қалаушы Beau Brummell (фр. Сымбатты Бруммел).

Дегенмен италиялық аяқкиім өзінің мәртебе бигінен төмендемеген «ең үздік» үлгіге айналды. Көптеген отбасылық шеберлер жүздеген жылдар бойы осы жолда жұмыс істеді. Тоскандық, миландық, венециандық немесе римдік шеберлер «саннан гөрі сапа маңызды» принципін ешқашан өзгертпеді, индустрияландыру дәуірінде олар әлемді арзанқол тауарлармен толтыруға асыққан жоқ. Жоқ, олар нағыз қолөнер дүниесіне, эксклюзивтілік пен дәстүрге басты назарды қоя білді, нәтижесінде осы адал еңбек пен берік сенім жемісін берді. Иә, олар аяқкиімдерін ірі сауда орталықтарына қарағанда кішігірім дүңгіршек-дүкендерде көбірек сатты, сонда да италиялық аяқкиімдер бай-манап пен талғамы жоғары жандардың белгісі болып қалды. Мысалы, 20 ғасырдың басындағы атақты аяқкиім дизайнерлеріне қарасақ, бәрінен де Италия үлгісі байқалып-ақ тұрады. 1921 жылы құрылған Gucci үйі, Американы өнерімен тәнті еткен «жұлдызды етікші» Сальваторе Феррагамо, Эльза Скипареллидің Сальвадор Далидің эскизінен жасалған атақты «шляпа-туфли» — бәрі де италиялық аяқкиімге деген зор құрметтің айғағы.

Эльза Скипареллинің Сальвадор Далидің эскизінен жасаған « туфли-қалпақ»/Getty Images

Эльза Скипареллинің Сальвадор Далидің эскизінен жасаған « туфли-қалпақ»/Getty Images

Бірақ, әрине, италиялық аяқкиімдердің негізгі тұтынушысы — италиялықтардың өздері. Тіпті аса бай емес отбасылардың да «өз етікшілері» болатын; римдіктер, флоренциялықтар және венециялықтар жаппай өндірісті елемей, тапсырыс бойынша аяқкиім тігуді жөн көрді. Мұндай шеберханаларда тұтынушыларға арналған аумақтың көлемі қойманың жартысын алып жатты. Синьора Андрини жиенінің үйлену тойына тапсырыс берген аяқкиімі оның аяғына құйып қойғандай жараса кететініне сенді, себебі бұл шеберхана Андрини отбасын ғасырға жуық уақыт бойы аяқкиіммен қамтамасыз етіп келе жатқаны тегін емес.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұның бәрі күйреді. Италиялықтардың толықтай кедейленуі көптеген аяқкиім жасаушылардың еңбегін зая кетірді. Мысалы, 1951 жылы жұмысшылардың орташа жалақысы 23 мың лирді құрады, бұл сома бір адамның бір айлық шығынынан небәрі 10 пайызға ғана көп еді, жағдайы жақсы адамдар да аз болды, жалпы халықтың жағдайы (мысалы, зейнеткерлер) айтарлықтай нашар күйде еді. Одан да жаманы, жаңа аяқкиім сатып алу дегенің он италиялықтың тоғызына ғана мүмкін болар нәрсеге айналды. Сөйтіп, аман қалған сән үйлері жедел түрде сыртқы нарыққа шыға бастады.

Банкротқа ұшыраған аяқкиім жасаушылар чемодандарын буып-түйіп, арқаланып жер жүзін шарлауға аттанды. Бағымыз жанар деген ниетпен алғашқы ізді АҚШ-қа салды. Америкалықтардың өздері, алдымен, әскерилер, содан соң соғыстан кейінгі Италияны қалпына келтіруге көмектесуге келген шенеуніктер қалған шеберханаларды сақтап қалды. Янкилер валюта бағамының арқасында өздеріне жоғары сапалы әрі арзан аяқкиімдер сатып алды, қорап-қорап аяқиімді мүмкіндігінше кеден қызметтерін айналып өтіп, мұхиттың арғы жағындағы өз туыстарына жіберіп отырды.

Жаңбырдан соң күн шығатыны секілді, Италиядағы аяқкиім өнеркәсібі де қайта жандана бастады. Жаңа технологияларды меңгеріп, Америкадан елге оралған қолөнершілер оларды отбасылық бизнесте қалай пайдалану керектігін нақтылай бастаған еді.

Мартино Кастеллани былай деді: «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біз елімізді қайта жаңғырта бастағанда, біз сән әлемінде алдыңғы шепке қайта оралдық. 1951 жылы Флоренцияда бірінші жоғарғы сән шеруі өтті. Біз қайтадан трендсеттерге айналдық. Ал бүгінде Милан мен Флоренцияның Париж, Нью Йорк және Лондонмен терезесі тең». «Италияда жасалған» жапсырмасы Атлант мұхитында нағыз сапаның белгісіне айналды, ал америкалықтар шынымен жақсы аяқкиімнің жайлылығын сезінді. Нарық қайта қалпына келе бастады, ал «ашыққан» халық алдымен қорқып, содан соң барған сайын белсенді түрде аяқкиімдерді сатып ала бастады, өздері кешкен қиыншылықтар мен сынақтарға шыдағаны үшін халық өз-өздерін осылайша марапаттады. Алпысыншы жылдар нағыз гүлденген шақ болды, себебі қазіргі кездегі әйгілі компаниялардың басым көпшілігі дәл сол жылдары бой көтерді.

Дегенмен бұл жолда көптеген кемшіліктер кетуі мүмкін еді. Бұл кемшіліктің негізгісі — сапаны санға құрбан ету. Себебі мықты бренд қалыптастыру жолында осындай жайттар болатыны бар. Алайда Италия мықты брендке айналып үлгерген еді. Осы орайда Мартино Кастеллани былай дейді: «Бәсекелестік жаулаған әлемде сіздің қолыңызға өзгелерде жоқ дүние болуы шарт. Мәселен, тиімді баға, бірақ тиімді бағаны Латын Америкасында да, Африкада да, Азияда да оңай табуға болады. Онда жұмыс күші мен энергия арзанырақ. Бұл түсінікті. Ал Италия табиғи ресурстарға өте кедей. Біз барлық нәрсеге тек қажырлы еңбек арқылы қол жеткіземіз. Бұл жерде ақша ағашта өспейді. Италиялықтар қаншалықты ақшаны қиын жолмен тапса, соншалықты ол ақшаны жақсырақ жұмсағанды ​сүйеді. Сол үшін де олар сапалы өнімге құштар. Үлкен бәсекелестік те содан шығады. Ал сол бір ортағасырларда цехтарға қойылған қатаң талаптар бүгінде өз ізін қалдырды. Көпшілік үшін бұл ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып, шұғылданып келе жатқан отбасылық бизнес. Әрине, италиялық компаниялардың барлығы 16 ғасырда пайда болған жоқ, бірақ мұндай компаниялары бар нарыққа ену ойыңызда болса, олармен бәсекелесуге дайын болуыңыз керек».

Бүгінде италиялық аяқкиім үлкен сән үйлерінің де, жеке шеберханалардың да, асқақ сәннің де, дайын киім топтамаларының да маңызды элементі болып саналады. Ежелгі сапа дәстүрлерін озық дизайн үлгілерімен керемет байланыстыра отырып, италиялық аяқкиім шеберлері теңдессіз құбылысқа айналды. Иә, әрине, Англияның, Жапонияның, Американың немесе Францияның белгілі дизайнерлері өздерінің кейбір әйгілі италиялық әріптестерімен бәсекеге түсуге қабілетті, алайда ұлттық өндіріс тұрғысында италиялық аяқкиім өнеркәсібіне иық тірестірер бәсекелестер жоқ.

26–28 қыргүйек аралығында Алматыда Италия Елшілігінің (ICE) Сауда алмасуды дамыту бөлімі ASSOCALZATURIFICI (Италиялық аяқкиім өндірушілер қауымдастығы) бірлесіп ұйымдастырған La Moda Italiana @ Almaty көрмесі өтеді. Италияның үздік аяқкиім өндірушілерінің Алматыға келгеніне биыл 20 жылдай болып қалды. Мартино Кастелланидің айтуынша, Италиядан келетін сән тауарларының айналымы елдер арасындағы жалпы тауар айналымының 10–15 пайызын құрайды. Көрме Қабылдау үйінде өтеді. Құрманғазы 44, жұмыс уақыты 10.00–18.00.

Онда италиялық аяқкиім мен киім үлгілері, жүн мен тері бұйымдарын шығаратын 65 италиялық компания өнімдері көрсетіледі.

Софи Лорен. «Арабеск» фильмінен кадр/Legion

Софи Лорен. «Арабеск» фильмінен кадр/Legion

ОҚУҒА ҰСЫНЫЛАДЫ

1. Фионова Н. А., Кожевенно-меховое ремесло в Венеции XIII–XV вв.

2. Кэролайн Кокс, История обуви в деталях, Эксмо, 2013