ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ

Батыс баспасөзі не жазды?

1986 жылы Алматыда Ереуілге шыққандар/Wikimedia commons

1986 жылдың желтоқсанында Алматы көшелерінде қайғылы оқиғалар өршіп тұрған кезде, кеңестік баспасөз бұл туралы жақ ашпауды жөн көріп, республикадағы «бейбіт өмір» мен «еңбек жеңістері» жайлы ақпарат таратуын тоқтатпады. Бірақ жауырды жаба тоқып, оқиғаны жасыру мүмкін емесін біліп, наразы жастарды қаралау науқанын бастады. Оларды «тәртіп бұзушылар», «қоғамға қарсы элементтер» деп атап, заңсыз әрекеттер істеді деген жалған айыптар тағылды.

Ал Батыс басылымдары бұл оқиғаларды түрлі бағытта сипаттады: бірқатары Мәскеудің ресми мәлімдемелерін сол күйі жарияласа, енді біреулері шындықты ашық айтып, көтерілістің себебі мен ауқымын түсінуге тырысты. Qalam редакциясы 1986 жылы Алматыда болған бұл тарихи оқиғаны Батыс баспасөзі қалай жазғанын және қазақ жастарының қатыгез кеңестік жүйеге қарсы қантөгіске ұласқан күресі туралы шындықты әлемнің қалай білгенін баяндайды.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі туралы халықаралық ақпарат құралдары тек 19 желтоқсанда, кеңестік ТАСС ақпарат агенттігі ресми мәлімдеме жасағаннан кейін ғана жаза бастады. Наразылық басталғанына үш күн өткенімен, сол уақытқа дейін оқиға туралы ақпарат сыртқа таралмаған еді. Сол себепті Батыс басылымдарының алғашқы мақалаларында кеңестік үкіметтің ресми мәлімдемелеріне сүйене жазылған деректер мен үзінділер жиі кездесті.

Желтоқсан оқиғасына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескертіші/Alamy

Желтоқсан оқиғасына алғашқылардың бірі болып «The Washington Post» газеті назар аударды. Басылым «Кеңестік Орталық Азиядағы студенттер көтерілісі» (Protesting Students Riot in Soviet Central Asia) деген шағын аналитикалық мақала жариялап, оған «ТАСС-тың дерегінше, Алматыда «тәртіпсіздік жасаған жастар» көліктерді өртеп жатыр, бұл жергілікті партия басшысының қызметінен алынуына байланысты» деген қосымша тақырып берді.

Мақала авторы Гэри Ли ТАСС келтірген мәліметтерден бөлек, оқиғаның кең ауқымын ашуға тырысты:

Ресми жаңалықтар агенттігінің тек тәртіпсіздіктер туралы хабарлап қана қоймай, сонымен қатар келтірілген шығын мен қабылданған шараларды егжей-тегжейлі баяндауы көтерілістің ауқымды болғанын аңғартады, деп санайды Батыс сарапшылары. ТАСС хабарынба тәртіпсіздіктердің әлі де жалғасып жатқаны айтылады.

Автор сондай-ақ жергілікті халықтың наразылығын тудырған негізгі себепке тоқталған:

Кремльтанушылардың пікірінше, Қонаевтың орнынан алынуы және оның орнына Сібір мен Кеңестік Грузияда қызмет еткен Геннадий Колбиннің тағайындалуы — 1985 жылы КОКП ОК Бас хатшысы Михаил Горбачев билікке келгеннен бергі ең күрделі әрі даулы шешімдердің бірі.

 

74 жастағы Политбюро мүшесі және Леонид Брежневтің жақтасы болған Қонаевты Мәскеу баспасөзінде жемқорлыққа қатысы бар деп сынағанына қарамастан, ол өз орнын сақтап келген еді.

Д.А. Қонаев. 1977/ ТАСС фотохроникасы

Гэри Ли кеңестік ұлт саясатының түпкі мәселелерін де атап өтеді. Кеңестік баспасөз бұл мәселелерді елемей, басты назарды жастарға бағыттағаны туралы жазды:

Батыс дипломаттары бұл көтерілісті Кремльдің ұзақ жылдар бойы этностық топтарды, әсіресе Орталық Азия халықтарын бақылауда ұстау әрекеттерінің осалдығын көрсететін ерекше жағдай деп бағалайды. Бұл әрекеттер жергілікті кадрларды жоғары лауазымдарға тағайындау және мектептерде ұлттық тілді оқыту арқылы жүзеге асып келген.

 

Сонымен қатар, автор Колбиннің тағайындалуын кеңестік кадр саясатының бұрынғы тәжірибесінен ауытқуы деп түсіндіреді:

 

Азиялық дәстүрлерге негізделген, ислам мәдениеті бар республикада этносы орыс басшыны тағайындау ерекше әрі қайшылықты шешім болды. Әдетте Кеңес Одағының 14 орыс емес республикасында бірінші хатшы қызметіне жергілікті ұлт өкілін, ал екінші хатшылыққа орыстарды тағайындайтын.

 

Автор Қазақстан халқының этностық құрамы туралы мәлімет келтіреді:

 

Қазақстанда 16 миллион халық тұрады, оның 40,8%-ы — орыс, 36%-ы — қазақ. Ресейден тыс кеңестік республикалардың ешбірінде орыс халқының саны мұнша көп емес.

The New York Times газеті/The New York Times Digital Archive

Сол күні, 19 желтоқсанда, «The New York Times» газеті «Кеңес өкіметі Орталық Азиядағы қалада тәртіпсіздік оқиғалары басталғанын хабарлады» (Soviet Reports Rioting in City in Central Asia) деген мақала жариялап, онда Колбиннің тағайындалуын былай түсіндіруге тырысады:

Батыс дипломаттарының айтуынша, қазақ емес екеніне қарамастан Колбиннің тағайындалуы Мәскеудің сенімді қазақ мұрагерін дайындай алмауымен және жемқорлық жайлаған жағдайда сырттан келген адамды жағдайды реттеуге лайықты деп санауымен байланысты.

Алайда, автор бұл шешімнің Кеңес Одағында этностық қатынастардың ушығуына әкелуі мүмкін екенін де атап өтеді:

Этносы орыстар ел үкіметінде басым болып, Коммунистік партияның орталық аппаратын бақылауда ұстап отыр. Кеңес Одағындағы, соның ішінде қазақтар арасындағы этностық шиеленіс ұзақ уақыт бойы жабулы күйде жатқанымен, бұл жағдай Кеңес мемлекетінің болашағы үшін үлкен қатерге айналуы мүмкін.

Алматыдағы көтерілістің өзіне, қатысушылар санына және салдарына қатысты ақпаратты бастапқыда әлемдік баспасөздер кеңестік басылымдардағы ресми мәлімдемелерге сүйеніп жазды.

1986 жылы желтоқсанда Алматыда Ереуілге шыққандар/Wikimedia commons

Алайда, 20 желтоқсанда «The New York Times» газетінде көтеріліске қатысушылар санына арналған шағын мақала жарық көрді. Онда «Кеңес өкіметі тәртіпсіздікке жүздеген адамның қатысқанын мәлімдеді» деп жазылған (Soviet Says Hundreds Were Involved in Riot). Мақалада кеңестік биліктің ресми мәліметтеріне сілтеме жасалғанымен, көтерілістің шынайы ауқымы әлдеқайда үлкен болғаны туралы болжам айтылған:

Кеңес билігі бүгін Алматыда, Орталық Азиядағы Қазақстан астанасында, сәрсенбі күні кеште басталған антирорыс көтерілісіне [anti-Russian rioting] жүздеген студенттің қатысқанын мәлімдеді.

 

Шенеуніктердің айтуынша, ұлты қазақты алмастырып, оның орнына ұлты орыс тағайындалуына қарсылық ретінде басталған тәртіпсіздіктерден кейін жағдай тұрақталған.

 

ТАСС ресми ақпарат агенттігі бүгін кешке Саяси бюро мүшесі және партиялық тәртіпті қадағалайтын комитеттің төрағасы Михаил С. Соломенцевтің Алматыда екенін хабарлады.

 

Мұндай жоғары дәрежелі тұлғаның Алматыға келуі мәселенің Кремльде ерекше алаңдаушылық тудырғанын көрсетеді.

Мақалада француз журналисінің телефон арқылы айтқан сөздеріне сілтеме жасалып, толқулар кезінде көптеген адамның жараланып, қаза тапқаны туралы мәліметтер келтірілген. Сондай-ақ, кеңестік диссидент және тарихшы Рой Медведевтің толқулар туралы ашық жазу қазақтар арасындағы саяси байланыстарды жоюға бағытталған ауқымды науқанның басталуына сылтау болуы мүмкін деп алаңдағаны айтылған.

The New York Times газеті/The New York Times Digital Archive

Британдық The Guardian Weekly журналы 28 желтоқсанда «Мәскеу бүлік шыққан қалаға жедел түрде әскер жіберді» (Moscow Rushes Troops to Riot City) деген тақырыппен мақала жариялап, оқиғалардың нақтырақ деректерін келтірді:

Алматы қаласынан түскен бейресми хабарларға сәйкес, дүрбелең кезінде кемінде жеті полиция қызметкері мен он үш демонстрант қаза тапқан. Сәрсенбі күні кешке 10 000-нан астам наразылық білдіруші Коммунистік партия ғимаратына бет алып, үш жерден ғимаратқа басып кіріп, бірнеше кабинетті қиратып тастаған.

Әскер саны мен орталық партия аппаратының қаншалық араласқаны туралы да мәліметтер берілді:

Батыс журналистерінің дерегінше, аймаққа жедел түрде 70 000 әскери қызметкер жіберілген. Оның барлығы — жергілікті емес, басқа ұлт өкілдерінен құралған бөлімшелер. Бронетехникасы бар әскер дүрбелең басталған университетті жұма күні кешке бақылауға алған.

 

Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, өткен аптада Мәскеуден Алматыға 15 ұшақ жіберілген, бортта партия тергеушілері мен әкімшілік қызметкерлер болған. Олар жергілікті қазақтардан құралған партия ұйымын басқаруды өз қолына алмақ.

Мақалада орын алған оқиғалардың себебі деп жергілікті партия басшыларының жағдайды тыныштандыруға ниет танытпағаны немесе қабілетсіздігі көрсетілген. Солардың әрекетсіздігі дүрбелеңнің орыс халқына қарсы наразылыққа ұласуына алып келгені айтылған. Сонымен қатар, мақалада Алматыда туыстары бар «мәскеуліктерге» сілтеме жасалып, наразылар екі түрмені басып алып, тұтқындарды босатқан, көшелерде орыстарды пышақтап, таяқпен ұрып жатыр деген деректер келтірілген.

The Guardian Weekly журналы /British newspaper archive

Британдық басылымдарда Желтоқсан оқиғасына қатысты жарияланған мақалалардың кейбірі кеңестік ресми риториканы сөзбе-сөз қайталап, дүрбелеңді «бұзақылық жасаушы, паразиттік және басқа да қоғамға қарсы элементтердің әрекеті» деп сипаттаған. Мысалы, 19 желтоқсанда The Newcastle Journal газетінде жарық көрген «Наразылар Кеңес Одағында тәртіпсіздік жасады» (Rioters go on Soviet Rampage) деген мақала дәл осындай мазмұнда болды.

1986 жылы желтоқсанда Алматыда Ереуілге шыққандар/Wikimedia commons

Ал кейбір мақала, бүгінгі тілмен айтсақ, «тапсырыспен жазылғандай» әсер қалдырады, әсіресе Горбачев емес, Колбиннің мақтауын асырғаны таңғалдырады. Мысалы, The Sunday Tribune газетінің «Горбачевтың балтасы ескі гвардияны шауып түсті» (Gorbachev Axe Strikes Old Guard) деген мақаласында Қазақстанның жаңа партия басшысы Геннадий Колбинді ерекше мадақтап жазған:

Қонаевтың орнына келген Геннадий Колбин реформатор рөлін мінсіз атқаруға лайық. 59 жастағы Колбинде қажетті байланыстар бар. Ол жаңа премьер-министр Николай Рыжков пен Мәскеудің жаңа қатаң партия жетекшісі Борис Ельцин білім алған Свердловск политехникалық институтының түлегі. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Эдуард Шеварднадземен тығыз байланыста болған: 1970-жылдары Грузия коммунистік партиясында жұмыс істеген.

 

Колбин де осы тұлғалар сияқты қатаң тәртіпті қолдайды: ол Горбачевтың ұлттық антиалкоголь кампаниясына дейін-ақ Ульяновскіде партия басшысы болған кезінде осындай шаралар бастаған. Енді ол Қонаевтың кезінде гүлденген жемқорлықпен күреседі деп күтеміз.

The Newcastle Journal газетіндегі мақала / British newspaper archive

Соған қарамастан, қазақтың жас ұлдары мен қыздарының қатыгез әрі репрессивті кеңестік идеологияға қарсы қан төккен күресі жайлы жаңалықтар тез арада Батыс сараптамаларында басты орын алды. Кеңестік насихат бұл толқудың айыбын «жастардың өтпелі ессіздігі» ретінде Қонаев пен оның «ұлтшыл жақтастарына» артқанымен, әлем алғаш рет Кеңес Одағының өміршеңдігі күмән тудыратын жүйе екенін сезіне бастады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы деректер барлық маңызды сараптамада айтылды.

1990 жылы ЦРУ-дың Барлау директоратында «Кеңестік Орталық Азиядағы жаппай толқулардың әлеуеті» (The Potential of Mass Unrest in Soviet Central Asia) атты құпия баяндама жарияланды. Онда 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен наразылықтар Орталық Азияда жаңа демонстрациялар, толқулар және тіпті қақтығыстар толқынының бастамасы болғаны туралы сөз болды:

Мына қайшылыққа назар салсақ, зорлық-зомбылықты басу үшін кеңестік әскер бірнеше рет шақырылғанына қарамастан, Мәскеу аймақтық саясаттағы үстемдігін төмендетуге мәжбүр болды. 80-жылдардың соңына қарай республикалардағы басшылық Мәскеудің сеніміне де, белгілі бір дәрежеде халық қолдауына да ие болған жаңа республикалық партия хатшыларының айналасында тұрақталды. Сонымен қатар, ұлттық сипатқа бейімделген реформалар мен сайлаулар саяси үдерісті біршама жеделдетті, ал жергілікті жерлердегі бұқаралық қозғалыстар партияның билікке деген монополиясына ашық түрде қарсылық көрсете бастады.

Қызығы сол, Кеңес идеологиясының Орталық Азия республикаларының жергілікті халқына лайықты байланыс пен біртұтастықты қамтамасыз ететін механизм ұсына алмағандығы «ауған ізімен» де байланыстырылды.

Сауле Сулейменова. Желтоқсан. Қазақ жастарының көтерілісі. 1986 жылғы желтоқсан». Пластик дормбалар, полеэтилен 118х149 см, 2018 ж.

Нақтырақ айтқанда, Ауғанстандағы Кеңес армиясының дағдарысы мен дәрменсіздігінің күйі бұл соғысқа қатысқан 700 мыңға жуық адамның арасында тез тараған. Оның ішінде Орталық Азияның мұсылмандарының үлесі тым жоғары болды. Желтоқсан оқиғаларынан кейін бірден әйгілі кеңестік мұсылмандарды зерттеуші Александр Беннигсеннің «Le Monde» газетінде жарияланған «Кабулдан Алматыға» (De Kaboul à Alma-Ata) атты мақаласында осы мәселе қозғалды. Ал стратегиялық сарапшы Марин Стрмеки Алматыдағы наразылықты Орталық Азия мен Кавказдың 55 миллион мұсылманының Ауғанстандағы бітпейтін соғысқа деген наразылығының шарықтау шегі деп санады.

Көшірілді