840 жылы Орталық Азия даласында Қырғыз қағанаты деп аталатын ірі көшпелі мемлекет бой көтерді. Ол туралы ақпарат қытай, араб және көне түркі деректерінде сақталған. Әйткенмен бұл мемлекеттің тарихы мен мұрасына қатысты дау 200 жылдан бері толастамай келеді. Бұл мәселенің идеологиялық интерпретацияға айналып, саяси реңк алған кездері де жоқ емес. Сол себепті Qalam-ға қырғыз тарихшысы Азамат Алагоз уулу қағанат тарихының ең түйткілді және даулы қыры жайлы айтып берді.
Гянгүн дегеніміз кімдер және оған қырғыздардың қандай қатысы бар?
Қырғыз қағанатының пайда болуы, саяси ықпалы, әсіресе мұрасына қатысты пікірлер үнемі бір-біріне қайшы. Енисей қырғыздарының пайда болуы мен олардың ежелгі гянгүндермен байланысы қандай, Қырғыз қағанатын ғұндармен, түркілермен және ұйғырлармен қатар «ұлы көшпелі мемлекет» деп санауға бола ма?» деген сияқты сұрақтар үнемі пікірталас туғызып келеді. Соның ішіндегі ең даулы мәселе — қазіргі қырғыздар шынымен де Енисей қырғыздарының ұрпағы ма деген сұрақ.

Мұхаммед әл-Идриси картасындағы Қырғыз қағанатының қалалары, №III тармақ, оң жақта / Wikimedia Commons
«Қырғыз» этнонимі алғаш рет б.з.б. 2–1-ғасырда Хан империясының жылнамашысы Сым Цянның «Ши цзи» атты тарихи еңбегіндегі гянгүн тайпасы туралы сипаттамада айтылады. Олар онда ғұндарға тиесілі шекара маңынан Мөде қаған жаулап алған халықтардың бірі делінген. Бүгінге дейін «ежелгі қырғыздар» (гянгүндер) жайында Хан империясының құжаттарындағы деректерден басқа ешқандай сенімді мәлімет жоқ. «Бей ши», «Сүй шу», «Чжоу шу», «Синь Тан шу» және «Синь Удай ши» сияқты қытай дереккөздерінде гэгунь, гяньгунь, кигу, цигу, гегу, хэгусы, хягасы дегендей әртүрлі нұсқалар кездеседі. Осыларды канадалық синолог Эдвин Пуллибланк пен ресейлік лингвист Сергей Яхтонов «қырғыз» этнонимінің әртүрлі транскрипциясы деп атап көрсетеді.

Чаатас/Балбал. Батыс Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы, Өлгей қаласының батысы / Getty Images
Қырғыз этнонимі, негізінен, мұсылмандардың тарихи еңбектерінде де, көне түркі руна жазуларында да аталған. Алайда Таң империясының кейінгі деректері ғана гянгүндер мен Енисей қырғыздары бір дегенді айтады. Дәл осы мәлімет Енисей қырғыздары мен гянгүндердің байланысы бар деген жүздеген жылға созылған пікірталасты бастап келіп жіберді. Бірақ «Ғұн мемлекеті кезінде қырғыздар қай жерді мекен етті және олар Енисейге қалай жетті?» деген сұрақ өзектілігін жоймады.
Ежелгі қырғыздардың бұрынғы отаны жайында бірнеше болжам бар. Солардың бірі — олар ғұн дәуірінде Енисейдің оңтүстігін, Моңғолияның солтүстік-батысындағы Қырғыз-Нұр көлінің маңын (моңғолша — Хяргас Нуур) мекен етті деген дерек. Тағы бір болжам Тыва мен Енисей маңынан табылған, б.з.б. 3–2-ғасырдың аяғына тиесілі тастан қашалған жәшіктер мен күмбез тәрізді қабірлерді соларға телиді. Онда жерленгендер Тянь-Шань мен Үйсіндер мекенінен солтүстікке қарай өмір сүрген гянгүндер болуы мүмкін дейді.

Қырғыз-Нұр (Хяргас Нуур) көлі. Батыс Моңғолия, Ұбыс аймағы, Хяргас ауданы / Getty Images
Гянгүндер ғұндар шапқыншылығынан кейін батысқа қарай ойысып, б.з.б. 1-ғасырда Ертіс өзені, Балқаш көлі және Тарбағатай тауының сілемдері арасына барып орын тепкен деген де пікір бар. Осыларды негізге ала отырып, қырғыздар әуелде Шығыс Түркістандыiқазіргі Шыңжаң, Қытай мекендеп, ақыры Енисейге көшкен деп болжайды. Келесі бір болжамға сәйкес, олардың негізгі отаны — Тянь-Шаньның шығыс жақ беті, ал ежелгі моңғол тайпасы жужандардың екпінімен Минусин ойпатына қарай ойысқан.
Енисей жағасындағы қырғыздар
Біздің заманымыздың 6-ғасырына қарай қырғыздардың Енисейде болғаны анық жазылған әрі «Енисей қырғыздарының» тарихы осы кезден басталады. «Чжоу шу» деректерінде «түркі билеушісі Надулу-шадтың бір ағасы Абакан мен Енисей өзендерінің арасында мемлекет құрды» делінеді. Енисейге қоныс аударған соң, қырғыздар жергілікті тайпалардың кейбірін құрамына алады да, мәдени ассимиляция басталып, олардың мәдени ескерткіштері Минусин ойпатында кең таралды.
Олардың сыртқы түр-келбеті жайында деректер бар. Таң әулетінің және парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында көрсетілгендей, қырғыздар ұзын бойлы, көк көзді және қызыл шырайлы болған. Осы суреттеулерге сүйенген кейбір зерттеушілер олардың шығу тегі мен антропологиялық түріне, соның ішінде «еуропоцентристік интерпретацияға» қатысты қайшылықты тұжырымдарды алға шығарды.
Тарихшы Василий Бартольд Енисей қырғыздары «түркіленген остяктар» — Сібірдің байырғы тұрғындары десе, неміс ғалымы Вильгельм Шот «түркіленген самойедтер» деп санайды. Бірақ лингвистикалық деректер бұл болжамдарды жоққа шығарады. Венгриялық шығыстанушы Лайош Лигети болса, Енисей қырғыздарының түпкі тегін үндіеуропалық деп есептейді. Жан-Поль Ру болcа, керісінше, бұл уақытта да қырғыздар түркітілді болған дейді. Сонымен қатар мұндай ғылыми қорытындылар Орталық Азия халықтары туралы ақпарат көзі өте аз кезде жасалғанын қаперде ұстаған дұрыс.

Селжүк билеушісі Тоғрыл III сарайы / Wikimedia Commons
Қалай болғанда да, 6-ғасырда (554–555 жылдары) түрік қағаны Мұқан солтүстік аймақтарды жаулап алуға тырысқанда қырғыз билеушісі оларға қағанаттың маңызды металлургиялық орталығы болған Минусин ойпатынан әйгілі қару-жарақты жеткізіп беремін деп уәде етіп, сөз жүзінде тәуелділігін мойындады. Бірақ 581 жылы Түрік қағанаты ыдырағанын пайдаланып, уақытша еркіндік алған қырғыздар кейінірек Шығыс Түрік қағанатына, одан кейін Екінші Түрік қағанатына бағынышты болды.
Енисей қырғыздары еңсесін көтеріп, аяғынан тік тұруы жолында Барысбек ерекше рөл атқарды. Ол қағанаттың жауларымен одақтасып, қырғыздарды түркі үстемдігіне қарсы келе алатын мықты күшке жеткізді. Шығыс Түркі қағанатының билеушісі Қапаған қаған оған қаған атағын беріп, өзінің алдындағы Құтлық Елтерістің қызын берді. Бұл уақытша қырғыз мемлекетін Түрік қағанатымен тең дәрежеге көтерді. Барысбек сыртқы саясатқа ерекше көңіл бөліп, Қытайға елші жіберді. Түркі жазба ескерткіштерінде олар Қырғыз қағанын бас жауы санағанын, ал 710–711 жылдың қысында Саян тауынан өткен Тоныкөк пен Күлтегін әскерлері кенет шабуылға шығып, Сұңға жынысындағы шайқаста Барысбекті өлтіріп, халқын өзіне бағындырғанын жазған.

Барысбек / open.kg / Wikimedia Commons
Қырғыздар 745 жылы Екінші Түрік қағанаты құлағанға дейін аймақтағы қарулы қақтығыстарға қатыспаған. Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін, күшейіп келе жатқан Ұйғыр қағанатынан қауіп төне бастағанда ғана белсенділік танытты. 751 жылы қырғыздар чиктерменiқазіргі Тыва жерін мекендеген түркі тайпасы, оғыздармен және қарлұқтармен бірге Ұйғыр қағаны Мойын-Шордың экспансиясына қарсы шықты. Алайда ұйғырлар одақтастарын жеке-жеке, бірінен соң бірін талқандап, 758 жылға қарай қырғыздарды жаулап алды. Сөйтіп, билеушіні қаған титулынан айырып, вассал дәрежесін берді.
«Қырғыз ұлы державасы» туралы не деуге болады?
Енисей қырғыздарының тарихында оларға ең ұзақ үстемдік құрған ұйғырлар еді. Олар 820 жылы ғана Минусин ойпатын азат етті. Содан кейін қырғыздар мен Ұйғыр қағанаты арасындағы жиырма жылдық соғыс басталды.
840 жылға қарай Ұйғыр қағанаты дағдарысқа түскенде, қырғыздар олардың оңтүстік жерлерін шабуылдауға көшті. Әскери қақтығыстар қағанаттың тұрақтылығын шайқалтып, шешуші шайқаста жүз мыңдық қырғыз әскері ұйғырларды тізе бүктірді. Осылайша Орда-Балықты басып алған қырғыздар Ұйғыр қағанатының түбіне жетті.
Академик Бартольд бұл кезеңді «қырғыз ұлы державасы» деп атағанымен, кейін осы байлам көп пікірталас тудырды: асыра әсірелеп жібергендей көрінбей ме және қандай талаптарға сай бағалауы мүмкін? Ол бұл термин арқылы қырғыз мемлекетінің ауқымын Еуразияның басқа да ірі мемлекеттік құрылымдарымен салыстыру үшін қолданған болуы кәдік. Соған қарамастан 9-ғасырдың екінші жартысында олардың шекарасы — шығысы Амурдың жоғарғы ағысынан бастап, батысы Тянь-Шаньның шығыс етегіне дейін кеңейді. Қырғыз қағанатының жері кең болғанын археологиялық қазбалар да растайды. Алтай тауларында, Тывада, Шығыс Қазақстан мен Минусин ойпатында кремация жасалғанын дәлелдейтін қорымдар, оларға тән қабір бұйымдары мен жазулар табылған. Осылайша Еуразия тарихында алғаш рет Оңтүстік Сібірден келгендер дала империясын құрды.

Ежелгі қорым орнындағы биік қадатастар. Хакасия / Getty Images
11–12-ғасырларда Қырғыз қағанаты моңғол тілдес тайпалармен шектесті. Қидандардан жеңілгеннен кейін қағанат екі кінәздікке, Кем-Кемжиут пен Қырғызға ыдырап кетті.
Енисей қырғыздарының мәдениеті
Енисей қырғыздарының мәдениеті — ежелгі Оңтүстік Сібір мәдениеті мен Еуразия даласының көшпелі халықтарының дәстүрлерін ұштастырған бірегей мәдениет. Оның айқын үлгісін, «чаатас» (соғыс тасы, 6–9-ғасырлардағы Енисей қырғыздарының мәдениетіне қатысты жаңа үлгідегі бірегей қорымдар) материалдарынан көруге болады.

Уйбат чаатасы. Хакасия / Wikimedia Commons
Руна жазулары да Енисей қырғыздарының мәдениетінде үлкен орын алады. 7–8-ғасырларда Орталық Азиядағы көне түркі мемлекеттері төл жазуларын, руна жазуларын қалыптастырды. Әліпбидің қырғыз нұсқасында бір-бірімен қабыспайтын 39 белгі болған. Ол белгілер ағашқа, тасқа қашап жазуға өте ыңғайлы келетін. Жазулар әдетте көлденең жазылып, оңнан солға қарай оқылатын. Қазіргі кезде Жоғарғы Енисей даласында, қазіргі Тыва мен Хакасия жерінде Қырғыз қағанаты дәуірінен қалған руна жазуларының 200-ге тарта ескерткіші белгілі.
Енисей мен Тянь-Шань: бір халықтың жолы ма?
Қырғыз халқының этногенезін зерттеудегі ең бір даулы мәселенің бірі — «Енисей мен Тянь-Шань қырғыздары арасында байланыс бар ма?» деген сұрақ. Кейбір ғалымдар бұл сабақтастықты толығымен жоққа шығарса, енді бірі Енисей қырғыздарын этникалық формацияның ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.
18-ғасырда неміс тарихшысы Герхард Миллер Тянь-Шань қырғыздарының Енисей қырғыздарымен туыстығын айтқан еді. Бұл гипотезаны басқа зерттеушілер де қолдап, Карл Риттер мен Юлиус Клапрот этнонимдердің ұқсастығын және 17-ғасырдың аяғында Енисейден Тянь-Шаньға қоныс аударуы мүмкін екенін айтты. Иакинф Бичурин, керісінше, қытай жылнамаларына сілтеме жасап және көші-қон туралы айтылмағанын алға тартып, Енисей мен Тянь-Шань қырғыздарын әртүрлі халықтар деп атады. Бірақ көпшілік тарапынан қолдау таппады.

Қырғыз әйелдері. Қырғызстан, Субашы, 1930 жылдар / Getty Images
Көші-қон теориясын жақтаушылар Енисей қырғыздарының бір бөлігі оңтүстікке Қырғыз қағанатының дәуірлеп тұрған кезінде, яғни 9–10-ғасырларда қоныс аударды деп санайды. Бұл көзқарасқа дәлел ретінде Шығыс Түркістандағы жорықтар мен Күшар, Бешбалық, Үш-Тұрпан қалаларының басып алынуын сипаттайтын Таң дәуіріндегі қытай деректерін, сондай-ақ қырғыздарды қарлұқтар, ұйғырлар және яғмалардың маңында орналастырған 10–12-ғасырлардағы мұсылман жылнамаларын келтіреді. Қырғыз тарихшысы Омуркул Караев осы шығыстүркістандық бөлігі кейін келе Тянь-Шань қырғыздарының этникалық діңі болды, ал 11–15-ғасырда халық болып қалыптасты деп есептейді. Түрік ғалымы Ахмет Ташагыл моңғол жаулағанға дейін және одан кейін қырғыздар бірте-бірте оңтүстік-батысқа, қазіргі қоныстанған жерлеріне қарай жылжи бастағанын айтады.
Келесі бір теорияға сүйенсек, қазіргі қырғыз халқының түп-төркінінде қимақ-қыпшақтар жатыр. Бұл теорияны жақтаушылар этностың негізін Шыңғыс ұрпақтары арасындағы өзара қақтығыстар кезінде Алтай мен Ертіс өңірінен ығыстырылған тайпалар құрады дейді. Сөйтіп Тянь-Шаньға қоныс аударғандар жергілікті түркі және моңғол халықтарымен сіңісіп кеткен. Бұл гипотеза Енисей қырғыздарымен тікелей байланысты жоққа шығарады, бірақ этникалық топтың қалыптасуындағы басқа факторларды жеткілікті бағалай алмағаны үшін сынға алынады.

Василий Верещагин. Қырғыз әйелі. 1873 жыл / WikiArt.org
Алтайлықтармен арадағы антропологиялық және мәдени ұқсастық Жоңғария немесе Моңғолия Алтайын мекен еткен уақытта пайда болуы мүмкін, оған қоса археологиялық деректерге сенсек, Ертіс өңірінде немесе Тянь-Шаньда қимақ-қырғыз мәдениеті болмаған. Қыпшақтар болса, батысқа қарай жылжыды. Сондықтан қимақ құрамының маңыздылығы айқындаушы бола алмайды.
Белгілі археолог-шығыстанушы Леонид Кызласов Енисей қырғыздары мен Тянь-Шань қырғыздарының арасындағы этногенетикалық байланысты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол бұған «Енисейде қырғыздар емес, «ежелгі хакастар» өмір сүрді» деген уәж келтіреді. Оның ойынша, «қырғыз» этнонимін кейінірек моңғол билеушілеріне қызмет еткен және тек соңғы ортағасырлық дәуірде ғана Тянь-Шаньға қоныстанған Орталық Азияның түркі тілдес топтары енгізген. Бірақ бұл гипотеза әдістемелік тұрғыдан әлсіздігі, Қытай таңбаларын лингвистикалық жағынан қате түсіндіргені және археологиялық айғақ жоқтығы тұрғысынан сынға қалды.
20-ғасырдың ортасынан бастап қазіргі қырғыз халқы этногенезінің күрделі және көп деңгейлі сипаты ғылыми ортада орныға бастады. Оның негізінде Орта Азиядағы ортағасырлық мемлекеттердің ыдырауы салдарынан қалыптасқан көші-қон, ассимиляция және интеграциялық процестер жатыр еді. Бұл процесс Енисей мен Тянь-Шань аймақтарын қамтитын сан қырлы тайпалық және мәдени мұраға сүйенді.

Қырғыз әйелі. 1894 жыл / Romanov empire
Этногенезде Енисей қырғыздарының алар орны ерекше, олардың әсері бірталай бағытта көрініс табады. Тіл жағынан алсақ, қазіргі қырғыз тілінде Орхон-Енисей жазбаларындағы архаизмдермен қатар, хакас, тыва, шор және алтай тілдерінің элементтері сақталған. Антропологиялық зерттеулер қазіргі қырғыздардың бойынан оңтүстік сібірліктерге тән тұрақты белгілер барын анықтаған. Осы сабақтастықтың қосымша дәлелі ретінде этногенетикалық аңыздарды, оның ішінде қырық қыз туралы мифті айтамыз. Бұл миф орта ғасырдағы Енисей қырғыздарымен қатар, Тянь-Шань қырғыздарының аңыздарында да исламданған үлгіде кездеседі. Этнографиялық жағынан алғанда Саян-Алтай халықтарымен ортақ этнонимдер мен мәдени ерекшеліктер сақталған.
Бірақ Енисей қырғыздарымен қатар, Тянь-Шаньның түркі және моңғол тайпалары, сондай-ақ аймақтың бұрынғы этносаяси құрылымдары — Қараханидтер, Шағатай ұлысы және Моғолстан да этногенездің маңызды бөлігі болғанын есте ұстаған жөн. 15-ғасырда Мұхаммед Хайдар қырғыздарды Тянь-Шаньның жергілікті халқы деп атады, бұл халықтың қалыптасу кезеңдерінен толық өткенін көрсетеді. Қалай болғанда да, қазіргі қырғыз халқының қалыптасу жолы — ұзақ та терең полиэтникалық процестің нәтижесі. Ал бұл процесте Енисей қырғыздары шешуші рөл атқарғанымен, жалғыз болған жоқ.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
- Taşağıl, Ahmet. (2023). Eski Türk Tarihi: Türklerin Kökeni, Yönetimleri ve Çin ile İlişkileri. İstanbul.
- Алексеев В.П. (1956). Хакасы, енисейские киргизы, киргизы // Труды Киргизской археолого-этнографической экспедиции, т. 1. М., с. 114–115.
- Азбелев П.П. (б.г.). Древние кыргызы. Очерки истории и археологии. [Электронный ресурс]: http://kronk.spb.ru/mono/5.01.htm
- Бартольд В.В. (1963). Киргизы. Исторический очерк // Сочинения, т. 2, ч. 1. М.: Вост. лит., с. 471–543.
- Бернштам А.Н. (1947). История кыргыз и Киргизстана с древнейших времен до монгольского завоевания // Краткие сообщения института истории материальной культуры, вып. XVI. М.–Л., с. 176.
- Бичурин Н.Я. (1951). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена, ч. 1. М.–Л., с. 350–357.
- Боровкова Л.А. (1989). Запад Центральной Азии во II в. до н. э. – VII в. н. э. М.: Наука.
- Бутанаев В.Я., Худяков Ю.С. (2000). История енисейских кыргызов. Абакан: Изд-во Хакасского государственного университета им. Н.Ф. Катанова.
- Michael R. Drompp (1999). "Breaking the Orkhon tradition: Kirghiz adherence to the Yenisei region after A. D. 840". Journal of the American Oriental Society. 119 (3): 390–403.
- Евтюхова Л.А. (1948). Археологические памятники Енисейских кыргызов (хакасов). Абакан.
- Жолдошов Р. (2000). Значение генеалогических преданий в изучении этнической истории кыргызского народа. Бишкек.
- Караев О. (1968). Арабские и персидские источники XI–XII веков о киргизах и Киргизии. Фрунзе, с. 30–93.
- Караев О.К. (1966). К вопросу о передвижении киргизов на Тянь-Шань и ассимиляции местных племен в XIII - XV веках // Советская этнография. № 4.
- Кызласов Л.Р. (1959). О связях киргизов Енисея и Тянь-Шаня // Труды Киргизской археолого-этнографической экспедиции, т. III. Фрунзе, с. 104–116.
- Кляшторный С.Г., Мокеев А.М., Мокрынин В.П. (1988). Основные этапы этногенеза киргизского народа // Тюркология-88. Фрунзе, с. 42–43.
- Мокеев А.М. (2010). Кыргызы на Алтае и на Тянь-Шане. Бишкек.
- Мухаммед Хайдар Дулати (1999). Тарих-и Рашиди. Пер. с перс. А.У. Урунбаева, Р.П. Джалиловой, Л.М. Епифановой. 2-е изд., доп. Алматы: Санат.
- Петров Е. (1963). Очерк происхождения киргизского народа. Фрунзе, с. 47–95, 130–145.
- Савинов Д.Г. (1984). Народы Южной Сибири в древнетюркскую эпоху. Л.: Изд-во ЛГУ.
- Худяков Ю.С. (1980). Вооружение енисейских кыргызов VI–XII вв. Новосибирск.
- Юнусалиев Б. (1959). Киргизская лексикология. Фрунзе.
- Яхонтов С.Е. (1970). Древнейшие упоминания названия "киргиз". Б.м.
- Материалы по истории кыргызов и Кыргызстана (Извлечения из китайских источников II в. до н. э. – XVIII в.), т. 2. (2003). Бишкек: Кыргызско-турецкий университет "Манас".
- Pulleyblank, Edwin G. (1990).The Name of the Kirghiz. Central Asiatic Journal, 34(1–2), Wiesbaden: Harrassowitz Verlag. s. 98–99.