Марко Поло өзінің «Өмірдің сан алуандылығы жайлы кітабында» «татарлардың» тұрмысынан қызықты бір дерек келтіреді (татарлар деп Ұлы даланың барлық көшпенді халықтарын атаған). «Сіздерге айтарым, олар, керек болса, он тәулік бойы от жақпай, ешбір азықсыз, тек аттарының қанын ішіп қана жүре береді. Ол үшін аттың тамырын тесіп, қанын сорады».
Бұл мәлімет кеңге таралып, дүние елдерінің көшпенділер туралы дүниетанымында белгілі бір түсінік қалыптастырғанымен, мұндай амал-шарғының нақты дәлелдерін не ұлттық эпостардан, не халық дәстүрлерінен кездестіре алмайтынымызды мойындауымыз керек.
Ал шытырман оқиғалы көпшілікке танымал әдебиеттерде мынадай бір дүние жиі кездеседі: қиын жағдайларда кейіпкерлер, мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, «татар әдісіне» жүгінеді.
«Бейшара жануардың мойын тамырын қазір ғана тесіп, аузымды жараға басып, қанын ішіп, әлденіп алдым. Сосын жараға мимоза тікенегінен таңғыш жасап, қанды тоқтаттым. Қайтадан ішкім келгенде тікенекті ала қоямын: қан аға жөнеледі. Әрине, жиіркенішті-ақ, жүрегің айниды, бірақ амал жоқ... Енді аяғын байлап қояйын... Міне болды. Таптың ба тамырын?
– Мен... іше алмаймын... қанды ішпеймін...
– Бол тез... Өлейін деп жатыр... Ыңырсуын қарашы!...
«Бетін құмға төсіп, етпетінен созылған қазірет Альбердің бірде бір сөзін шашау шығармай, тыңдап жатқан. Орнынан тұрып, жан тәсілім еткелі жатқан атқа теңселе басып жақындады. Оны мойнынан құшақтап, вампирше жабысып, қанын сора бастады», Луи Буссенар «Алмаз ұрлаушылар».
«Қоршауға түскен франктер қатты азап шекті. Олар жылқылары мен есектерінің қанын ішуге мәжбүр болды, Амин Маалуф «Крест жорықтары туралы араб деректері».
Бірақ мәселе мынада: қаннан қансоқта шұжық ойлап тапқан немістерге қарағанда, дала көшпенділерінің қанға деген көзқарасы басқаша. Тәңіршілдікте де, исламда да қан жанның мекені болып саналған және оны ішу мистикалық тұрғыдан аса қауіпті, жағымсыз әрекет болып танылған. Ал қырдан көп қиындықсыз өзен, қайнар, бұлақ немесе құдық кезіктіре алатын дала тұрғындары үшін малдың қанын ішу әдеттен тыс құбылыс болған. Әлбетте, бір жылқының етін тұтас жеп қоюдың жөні бөлек, ол — басқа әңгіме. Ал қаңсыған сахара мен селдір саванналардың тұрғындары үшін қан ішу әдетке айналып кеткен десе де болғандай.
Мысалы, кениялық және танзаниялық масай жауынгерлері жайып жүрген малдарының қанын ішеді. Бұл — қан ішудің қажеттіліктен гөрі салтқа айналғанының көрінісі. Алайда өзін сыйлай білетін кез келген масай жануарға зиян келмейтіндей етіп, асқан шеберлікпен қан ала біледі; масайлар тіпті мұндай «операциядан» өткен сиырлар мен бұқалар сирек ауырады деп санайды.
Сонымен аталған процесті іске асыру үшін:
1. Малға шідер салып, қозғалмайтындай етіп ұстап тұратын көмекшілер керек. Осы себепті қан алу үшін кішкентай сиырды немесе жылқыны таңдаған дұрыс. Мойын мен мойынға жақын тамырдан аулақ болған абзал! Әйтпесе жануарды өлтіріп алуға болады. Қан алдыңғы аяқтың, жылқыда шашасының, сиырда иығының қасындағы шығыңқы артерияларының бірінен алынады.
2. Масайлар артерияны жебенің ұшымен немесе кез келген өткір пышақпен теседі.
3. Шапшып атқылайтын қанды жинайтын ыдысты алдын ала дайындап қою керек. Малдың денсаулығына зиян келтірмеу үшін бір литрдан артық қан алуға болмайды (тұяқты жануарлардағы қанның жалпы мөлшері олардың салмағының шамамен 10%-ын құрайды, яғни 400 кг сиырда — 40 литр). Қанды тоқтату үшін жараны жауып, оны біраз уақыт қысып ұстап тұру керек. Ол үшін масайлар жараның үстіне саз бен тезек араласқан қоспа салады.
4. Булы, жас қанды масайлардың өздері де ішпейді, оның тәттілеу дәмі мен қорқыныш ұялататын, тосын иісіне үйренбеген адам инстинктивті түрде лоқсиды. Оған қоса қан тез арада ұйып, сілікпе тәрізді күйге ауысады. 19 ғасырда құрт ауруына шалдыққан адамдар қасапханадан жас қан алып, оны шараппен араластырып (бұл жақсы дәрі болып саналатын) ішетін болған. Масайлар болса қанға теңдей мөлшерде жаңа сауылған немесе ұйытылған сүт қосып ішеді.
Ас дәмді болсын!
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Марко Поло «Книга о разнообразии мира», «Олма Медиа Групп», 2015
2. К.Ю. Резников «Запросы плоти», Litres, 2014