СОВЕТ САЯСАТЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ТҮБІНЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Революция мен отырықшыландыру арасындағы көшпенділер

~ 11 мин оқу
СОВЕТ САЯСАТЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ТҮБІНЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Джеймс Л. Кларк. Текес аңғарындағы қазақтардың киіз үйлері. Қытай, 1926 жыл / Америка жаратылыстану тарихы музейі

Қазақстандағы көшпелі өмір салтының түбегейлі күйреуі әдетте 1930 жылдардағы сталиндік ұжымдастыру науқанының апатты салдары деп қарастырылады. Алайда сол нәубетке дейінгі, 1920 жылдардағы оқиғалар да оңай тимеді: совет өкіметі көшпелі жұртты тізгіндемек болып, социалистік модернизация мен экономиканы түрлендіру саясатын қатар жүргізіп жатты.

 

Әуелгі кезде большевиктер көшпелі өмір салтын бірден жойып жіберуді көздеген жоқ. Оның орнына түрлі амал қолданды: бейімделіп те көрді, келіссөз жүргізіп, реформа жасауға да тырысты. Сөйте тұра, бұл әрекеттерінің бәрін қайшылықты саяси басымдықтар мен көшпелі мал шаруашылығын көненің сарқыншағы деп санайтын ескі ұстаным шектеп отырды. Дәл осы қайшылық көп ұзамай 20-ғасырдағы ең ірі гуманитарлық нәубеттің бірі — ашаршылықтың ізашарына айналды.

Мазмұны

Зұлмат табалдырығында: совет өкіметі мен ұмыт қалған онжылдық

Қазіргі Қазақстанның иконографиясына бір сәт көз жүгіртсек, оның көшпелі өмір салтының тамыры қаншалық тереңде жатқанын түсінеміз. Көшпенділіктің жаңғырығы елдің көп бөлігінде әлі де сақталып келе жатқанымен, көшпелі мал шаруашылығы ел экономикасын айқындаудан әлдеқашан қалған. Революцияға дейінгі өмірдің басқа да көп ерекшелігі сияқты, көшпелі өмір салты совет өкіметінің дүниенің астаң-кестеңін шығарған арынына төтеп бере алмады.

В.И.Ленин ескерткіші. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

В.И.Ленин ескерткіші. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Көшпелі өмір салты 1917 жылғы революцияға дейін, Ресей империясының ақырғы онжылдықтарында-ақ тықсырыла бастаған. Солтүстіктен Ұлы далаға жер ауып барған орыс шаруалары қазақтардың жайлау-қыстау арасындағы көш жолы мен шұрайлы жайылымдарын басып алып, мал шаруашылығын тығырыққа тіреді. 1918–1920 жылдардағы Азамат соғысы да көшіп-қонып тіршілік еткен аймақтың көбін жұтатып кетті. Содан кейін, 1930 жылдар басында Сталиннің ұжымдастыру науқаны Қазақстанның ауыл шаруашылығын түбегейлі күйретіп, миллиондаған адамды әдеттегі тіршілігінен қол үздіріп, үлкен нәубетке әкелді.

Байды қамауға алу. Қойылымдық түсірілім. Қазақстан, 1930 жыл. «Көшпенділіктен отырықшылыққа» үгіт-насихат фильмінен алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Байды қамауға алу. Қойылымдық түсірілім. Қазақстан, 1930 жыл. «Көшпенділіктен отырықшылыққа» үгіт-насихат фильмінен алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Алайда совет кезеңіндегі қазақ көшпелі өмірінің тарихына бұлай қарасақ, тұтас бір онжылдық назарымыздан тыс қалады. Октябрь революциясы мен Азамат соғысы өтіп, ұжымдастыру басталғанға дейінгі шамамен 1920–1928 жылдары совет өкіметі көшпенді халықты қалай басқарды?

Бір қарағанда, Ақ әскерді тықсырта қуған большевиктер қазақ даласына көшпелі өмір салтын түп-тамырымен құртамыз деп құлшынып келгендей, ал 1932–1933 жылдардағы оқиғалар осы саясаттың шарықтау шегі ғана сияқты көрінуі мүмкін. Сталин өкіметінің билігін түпкілікті орнатудың өзіне он жылдан астам уақыт қажет болғандықтан ғана осы пиғылдың іске асуы соншалық ұзаққа созылды деуге де болар еді. Алайда шын мәнінде бәрі бұдан әлдеқайда күрделі.

Совет өкіметі және көшпелі өмір салты

Революциядан кейін-ақ совет өкіметі ресурс тапшылығын анық сезінді, сондықтан тіпті ондай пиғылы болған күнде де көшпенділерді қудалауға қауқары жете қоймас еді. Сонымен бірге ерте совет кезеңіндегі большевиктер көшпелі экономиканы тұрақтандыруға, көшпенділерді Коммунистік партия қатарына тартып, тіпті әкімшілік процестерді көшпелі өмір салтына бейімдеуге тырысып жүргендей көрінді. Алайда бұл әрекеттердің нәтижесі тым шектеулі болып, пайдасынан гөрі зияны шаш етектен болды. Дегенмен 1920 жылдардағы оқиғаларды мұқият зерделесек, совет өкіметі мен көшпенді халықтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде басқа моделін қалыптастыру мүмкіндігі болғанын көрер едік.

1920 жылдардағы Совет одағындағы көшпенділер өмірі туралы ең құнды дереккөздің бірі — көшпенділердің өзі Коммунистік партия органдарына жолдаған өтініштері мен хаттары. Әдетте олардың авторлары бірнеше отбасы атынан жер мен суды пайдалану, құқық қорғау органдарының қызметі және басқа да көкейкесті мәселелер бойынша партияға жүгінетін әулет ақсақалдары не рубасылар болатын. Ондай өтініштер орыс тіліне аударылып немесе орыс тілінде қайта жазылып, өңделді. Жаңа социалистік режимнің лингвистикалық және бюрократиялық сүзгісінің әсерімен әбден бұрмаланған мұндай құжаттарды мінсіз тарихи дереккөз дей алмаймыз. Дегенмен бұл құжаттардан өкіметпен диалог құруға дайын көшпенділер қауымдастығы және осы диалогты ара-тұра болса да қолдауға дайын мемлекет өкілдерін көреміз.

Бүкілқазақ Кеңестерінің V съезінің делегаттары. 1925 жылғы 15–19 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Бүкілқазақ Кеңестерінің V съезінің делегаттары. 1925 жылғы 15–19 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Бұл қатынас кейінгі империя дәуірімен әрі ұқсас, әрі одан өзгеше болған. Көшпенділер патша үкіметімен хат алмаспады емес, алмасты. Ресей империясы дала халықтарының көші-қоны мен сауда қатынасын реттеп, көшпенділер арасына діни миссионерлер жолдады. Ең маңыздысы, Ресейден халықты ұйымдастырып қоныстандыру арқылы көшпенділерді өз жерінен ығыстырып, тұрмыс-тіршілігіндегі тепе-теңдіктің тамырына балта шапқан ауқымды отарлау саясатын жүргізді. Алайда совет өкіметінің шаруашылық, экономикалық және саяси өмірдің барлық саласына араласу дәрежесі, ауқымы мен қарқыны Романов әулеті әрекеттерінің бәрінен әлдеқайда асып түсті. Совет кезеңінде көшпенділер берген өтініштердің мазмұны мен санынан осы жағдай анық көрініс табады.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

БАҒЫНБАЙТЫН БОЙЖЕТКЕНДЕР

19-ғасырда соттасып, құқын қорғаған қазақ қыздары

Оған қоса, совет дәуіріндегі көшпенділер өз мүддесін қорғау үшін отарланған аумақтарды басқарып отырған патша әкімшілігіне емес, Лениннің ұлт-азаттық үндеуі нәтижесінде құрылған өкімет органдарына жүгінді. Қазақстан жағдайында бұл Қазақ Автономды Советтік Социалистік Республикасының комитеттері мен комиссиялары еді. Советтер жүйесінде осындай «ұлттар» өкілдігіне басымдық берудің кері әсері де болды: «ұлт» ретінде қаралған біртұтас топтар мүддесінен тыс «көшпенділер» атынан сөйлейтін дербес өкілдік құруға мүмкіндік берілмеді.

Көшпелі өмір салтының күрделілігі

Оған қоса, большевиктердің Орталық Азия халқын көшпенді және отырықшы деп қақ жарып бөле салу мүмкін емесін түсінгені де рас. Олар көшпелі мал шаруашылығын қауымдар мен жекелеген адамдар жыл мезгіліне немесе өмір кезеңіне қарай ұстана алатын немесе, керісінше, бас тарта алатын, алуан түрлі тәжірибені қамтитын өмір салты деп таныды. Кей ауылдар қыстаудан көктеуге, көктеуден жайлауға, жайлаудан күзеуге, одан қыстауға, алыс-жақын жолды еңсеріп үздіксіз көше берсе, жартылай көшпелі топтар жылына екі-ақ рет — жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін. Көшпенділердің кейбірі жер игерсе, кейбірі қалаларда уақытша жұмыс істеген немесе сауда жасаған. Кей жерде көшке жас, ширақ адамдар ғана шықса, кей жерде бүкіл ауыл жолға шығатын.

Түйе керуені. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Түйе керуені. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Алайда осы процестерді түсіне тұра, Коммунистік партия мүшелерінің осындай күрделі жүйені басқаруға қажет терең концептуалдық түсінігі де, әкімшілік құралдары да болған жоқ. Қазақ большевиктері комитет жұмысына өз өмірлік тәжірибесі мен жергілікті тұрмыс пен әдет-ғұрып жөніндегі білімін ала келді. Бірақ оларда шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі әрдайым бола бермеді. Көп жағдайда мұндай мүмкіндіктің берілу-берілмеуі қазақ большевиктерінің совет саясатын, оның экономика мен инфрақұрылымды дамыту, табиғат ресурстарын игеру және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру сынды кеңірек мақсаттарын қолдай кету әзірлігіне байланысты болды.

Бұл мақсаттарға жету жолында көшпелі өмір салтын сақтап қалу мүмкін бе еді? 1920 жылдардың басында бұл сұрақ қызу пікірталас тудырған. Алайда одақтың басқа өңірлерінен келген большевиктер комитеттердің жұмысына өз көзқарас-ұстанымын ала келді. Әрине, олардың көпшілігі көшпенділерге қарсы қалыптасқан теріс пікір жетегінде жүрді. Сонымен бірге олардың көзқарасына революцияға дейінгі этнографияның «көшпенділік жалпы алғанда зиянсыз, алайда өркениеттен жұрдай» дейтін позитивистік мұрасы ықпал ете берді. Ерте кезеңдегі большевиктің көбі көшпелі өмір салтын, құдды крестьяндардың қараңғы ырым-нанымы не халық медицинасы сияқты, революциялық социализмнің артықшылықтарына толық көз жеткізгенде тез әрі түпкілікті жоғалып кетуге тиіс құбылыс көретін.

Сауатсыздықты жою сабағындағы әйелдер. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Сауатсыздықты жою сабағындағы әйелдер. Қызылорда, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Көшпелі өмірдің іс жүзіндегі күрделілігі мен оған деген әкімшілік тұрғыдағы екіұштылық дереккөздерден анық аңғарылады. Орталық Азиядағы 1920 жылдарға қатысты мемлекеттік архив материалдарынан байқайтынымыз, бұл проблеманың тікелей айтылуы сирек болғанымен, жаңа режим көшпелі өмірдің түрлі көрінісін есепке алып, жіктеп, тіркеп, ретке келтіріп отыруға тырысқан. Ерте совет кезеңіндегі Орталық Азияның басты парадоксының бірі — материалистік саяси идеологияны насихаттаған большевиктердің көшпелі мал шаруашылығының материалдық салдарынан бұрын, ұлт қалыптастыру саясатына деген әсеріне әлдеқайда көп көңіл бөлгенінде. Архив құжаттарының қай-қайсында да көшпенділік мәселесі бар сияқты көрінеді, бірақ айналып келгенде ол мүлде ашық талқыланбайды.

Дегенмен бұл екіұдайлықты түсіндірмей кетуге де болмас. Көшпелі өмір салты Орталық Азиядағы ұлттар мен аумақтар шекарасын межелеу кезінде ескерілмей қоймады. 1920 жылдардың ортасында Коммунистік партия ұлт принципіне сүйенетін жаңа конституциялық құрылым әзірлеу үшін түрлі халық пен өңірдің өкілдерін жинады. Бұл пікірталастарда көшпенділік концептуал деңгейде сөз болды. Қазақтардың, сондай-ақ қырғыздар мен түрікмендердің көшпелі өмір салты оларға тиесілі аумақтарды отырықшы халықтың, әсіресе өзбек жерлерінен ажырату кезінде ескерілген фактордың бірі болды. Бұл тұрғыда большевиктер көшпелі өмір салтының маңызын мойындады. Алайда мұндай абстракт саяси пікірталастар сол кезде Қазақстан аумағында әлі де көшіп-қонып жүрген миллиондаған халыққа қатысты мәселелердің болмашы ғана бөлігі еді.

Осы тақырып бойынша тағы

Орталық Азия

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеу тарихы

Сол кезде совет өкіметі Орталық Азияны кеңірек федерация қылу ұсынысын да қарастырды, алайда көп ұзамай ол ойдан бас тартты. Нәтижесінде белгіленген, мысалы, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекаралар, этноұлттық юрисдикциялар арасын бөлетін болды. Бұл осы шекаралар белгіленбей тұрғанда аймақты емін-еркін жайлаған халықтың дәстүрлі көш жолдарын айтарлықтай қиындатып жіберді. Оның үстіне, бұл жолдар өмірлік маңызы бар табиғи ресурстар аумақтары арқылы өтетін. Көшпенділік Совет одағындағы аумақ межелеудің алғашқы кезеңінде қазақ (сондай-ақ түрікмен немесе қырғыз) ұлттық біртектілігін анықтайтын сипаттың біріне айналғанымен, Қазақ республикасы көшпенділердің осындай экономикалық мүддесін емес, қазақтардың ұлттық мүддесін алға тартты. Басқаша айтқанда, көшпенділік саяси өкілдіктің дербес категориясына айнала алмады.

Даладағы реформалар: совет өкіметінің көшпелі өмір салтына жасаған эксперименттері

Ұлы далада, Қарақұм шөлінде немесе Тянь-Шань тауында қызмет еткен кез келген жергілікті басшы жақсы түсінгендей, көшпелі өмір салты отбасы экономикасының да, өңір экономикасының да негізгі ерекшеліктерінің бірі болатын. Ол ел басқару, салық салу, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, шаруашылықты дамыту мен халықтың көші-қонының маңызды факторы еді. Жаңа совет өкіметі осы саланың бәрінде аузын айға білеген жоспарлар құрып жатқан, алайда Азамат соғысынан кейінгі алғашқы жылдары оның Орталық Азиядағы нақты әкімшілік мүмкіндіктері әлі де тым шектеулі болатын. Сондықтан көшпенділік, түптеп келгенде, өңірдегі шенеуніктер «шешуге» тиіс мәселеге айналды.

Революцияға дейінгі кезеңдегідей, қақтығыстардың ең кең тараған себебі — жер иелену және оны пайдалану мәселелері болып қала берді. Мемлекеттік биліктің барлық деңгейдегі комитеттеріне көшпенділерден жер бөлуге қатысты өтініш ағылып жататын. Азамат соғысынан кейінгі алғашқы жылдары көшпелі шаруашылықтардың бұрынғы жайылымдарына оралуы үшін переселендерді қайта көшіріп жіберген аймақтар болды. Кей жағдайда патша үкіметі құлағаннан кейін өзінің бұрынғы жерін қайта алуға хақым бар деп сенген көшпенділер шаруа қожалықтарынан жер телімдерін күшпен тартып алған. Олардың кейбірі өз әрекетін ақтау үшін большевик режимінің азаттық пен отаршылдыққа қарсы риторикасына да жүгінетін.

Ташкент. Ескі қаланың шет аймағы. 20-ғасырдың басы / Низами Ибраимов архиві, CA Photo Archives

Ташкент. Ескі қаланың шет аймағы. 20-ғасырдың басы / Низами Ибраимов архиві, CA Photo Archives

Шынында да, Коммунистік партияның көшпенділерге қатысты алғашқы саясатының ең қызық та даулы тұсының бірі — мұндай жерлерді тартып алуға жол берген, кейде тіпті тікелей қолдаған шешімдері болды. Ол кезде бұл шараларды деколонизацияның саналы әрекеті деп қабылдауға да болар еді. Сонымен қатар партия көшпенділердің құдық, өзен маңы, орман алқаптары мен жайылымдарға қол жеткізу мәселелеріне араласпай отыра алмайтын.

Салық салу саласында да көшпелі өмір салтының ерекшеліктерін ескеруге алғашқы талпыныстар жасалды. Салық мөлшері мал басына ғана емес, сонымен қатар шаруашылық сипатына, яғни оның үнемі көшіп-қонып жүретін, жартылай көшпелі (яғни маусымға қарай малын өрістетіп не қорада бағатын) немесе отырықшы екеніне де қарайтын. Алайда көшпенділік дәрежесін анықтау қиын болғаны сияқты, түтін басына тиесілі мал санын нақты анықтау да оңайға соқпады. Мал көбіне ортақ бағылатын, сондай-ақ өзара уақытша сауынға не мініске берілетін. Кейіннен большевиктер мұны таптық қанаудың бір түрі деп түсіндіре бастады.

Осы тақырып бойынша тағы

Ескі газет қиындылары

Партия ұяшықтарындағы бай үстемдігі

Совет пропогандасындағы таптық жауға қарсы күрес

Көшпелі өмір салтының типологиялары жаңа режим үшін тым бұлыңғыр немесе кей жағдайда анық та болса орынсыз еді, сондықтан іс жүзінде қолдануға жарамады. Жергілікті шенеуніктердің жұмысын әсіресе қиындатып жіберген бір жайт — көшпенділердің әкімшілік аудан шекараларын тым тез және болжаусыз кесіп өте беретіні еді, соның салдарынан олардан салық жинау қиын болды. Кей жағдайда өкімет отырықшы өмір салтына көшеміз, тұрақты шаруашылық құрамыз деген көшпенділерге салықтан жеңілдік те берген. Алайда олардың көбі жеңілдікті пайдаланып алып, қайтадан көшіп-қонып жүре беретін.

Совет өкіметінің көшпелі өмір салтының ерекшеліктеріне бейімделуіне ең жарқын мысал ретінде, аймақтық комитеттердің ауыл-ауылға социализм идеяларын тарату үшін жолдаған «Қызыл отауларын» атауға болады. Партия қызметкерлері, дәрігерлер, мал дәрігерлері мен мұғалімдердің көшпелі топтары болған «отаулар» аяғы ауыр әйелдерді қарауға алып, босандырды, жұрттың сауатын ашып, мал бағу мәселелері бойынша кеңес берді және басқа да міндеттер атқарды. «Қызыл отауларда» халыққа екпе де салынды.

Қызыл отау. Қазақстан, 1930 жылдардың басы / Михаил Погребецкий. «Хан Тәңірі». Харьков — Одесса: Дитвидав, 1934 жыл

Қызыл отау. Қазақстан, 1930 жылдардың басы / Михаил Погребецкий. «Хан Тәңірі». Харьков — Одесса: Дитвидав, 1934 жыл

Партия бұл мекемелер көшпенділерді ортақ саяси идеяға біріктіріп, жұмылдыруға, Маркс пен Ленин идеяларын таратуға, қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсартуға ықпал етеді деп үміттенді. Сондай-ақ олар діни рәсімдерден бас тартуға және орыс кулактарының қазақы баламасы — «кедей отбасыларға қарызға мал беріп, оларды жалдамалы жұмысшы етіп ұстаған қанаушы байларға» қарсы тап күресіне итермелейді деп дәмеленді.

Ұлттық республикалар мен көшпенділер

Бірен-саран ерекшелікті есепке алмағанда, жоғарыда аталған көшпенділер тіршілігіне араласу шарасының бәрін — жер реформасы, салық салу, білім беру мен әлеуметтік қамсыздандыруды бүкілодақтық мекемелер емес, Қазақ республикасы органдары жүргізді. Қағаз жүзінде бұл көшпенді халыққа қайсыбір артықшылықтар берді. Совет өкіметі жергілікті халыққа жақындай түсті, оның мұң-мұқтажына көбірек жанашырлық танытты және кейін Сталин дәуірінің айқындаушы белгілерінің біріне айналатын билік пен шешім қабылдауды Мәскеуге шоғырландыру процесін біраз уақыт соза тұрды.

Алайда көшпенділер мен совет өкіметі арасындағы қатынастарда о бастан-ақ болған үлкен кемшіліктердің негізгісін тудырған дәл осы ұлттық басқару құрылымы болатын.

Орталық Азия республикалары мен облыстарының ұлттық-аумақтық межелеуге дейінгі және одан кейінгі картасы. 1928 жыл / К.Рамзин. «Орта Азиядағы революция». Мәскеу: САКУ баспасы, 1928 жыл

Орталық Азия республикалары мен облыстарының ұлттық-аумақтық межелеуге дейінгі және одан кейінгі картасы. 1928 жыл / К.Рамзин. «Орта Азиядағы революция». Мәскеу: САКУ баспасы, 1928 жыл

Совет республикалары арасындағы шекаралар көшпенділер мен отырықшы халықтардың ерекшеліктерін ішінара ескере отырып сызылғанымен, іс жүзінде көшпенділер мүддесін ескере қоймады. Картаға сызық сызу — оны ашық аңғар не жайылым шекарасымен бекіткенмен бірдей емес. Мұндай сызық біртұтас Совет одағының шеңберінде болса да, екі әкімшілік юрисдикцияны бөліп тұрған жерде көшпенділердің шекараны мойындамайтын өмір салты ірі қайшылық көзіне айналды. Уақыт өте келе қазақ көшпенділеріне әр тұста Түрікменстан, РСФСР, Қырғызстан мен Өзбекстан шекараларын басып өтетін әдеттегі көш жолдарымен жүруге тосқауыл көбейе берді.

Жаңа шекарамен бөлінген көршілес республика жұртымен табиғи ресурстарға қатысты талас туғанда, қазақтардың тарихи жалғастыққа сүйенген талабы заңсыз болып шығатын еді. Көшпелі қауымдардың талай ұрпақ бойы жайлап келген жұрты енді «қырғыздікі» не «өзбектікі» болып шыға келуі мүмкін-ді, ал оларға мал жайып, егін салу мәселесі енді Пішпектеi1926 жылдан бастап — Фрунзе немесе Ташкентте шешілетін болды. Тіпті Қазақ республикасының өз ішінде де жергілікті билік ел экономикасын дамыту мүддесін алға тарта отырып, көшпелі мал шаруашылығына емес, отырықшы егіншілікке басымдық бере бастады. Басқаша айтқанда, көшпенділердің өмір салты республика мүддесімен үйлеспейді деп танылды да, олар көбірек зардап шекті.

Көшпелі өмірмен күрес және отырықшылық салтанаты

Өкімет басшылары мен көшпенділер арасындағы қатынастағы тағы бір түбегейлі қайшылық социалистік даму міндеттерінен шығатын. Көшпенділер мен олардың мүддесіне қанша көңіл бөлінгендей көрінгенімен, 1920 жылдары көшпелі мал шаруашылығын тиімсіз және өнімділігі аз деп мансұқтамайтын бір де бір партия қызметкері табылмас еді. Бұл тұрғыдан алғанда, большевиктердің пікірінше, көшпелі мал шаруашылығы отырықшы егіншілікке, ұжымдық ауыл шаруашылығына және индустрияны дамытуға анық есе жіберетін. Сондықтан алғашқы жылдардағы тәжірибелер мен шынайы жағдайларға бейімделмек талпыныстарға қарамастан, бірте-бірте Коммунистік партияда «көшпелі өмір салты прогреспен сыйыспайды» деген ортақ пікір қалыптасты.

Егіс алқабындағы астық жинау. Қазақстан, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Егіс алқабындағы астық жинау. Қазақстан, 1927 жыл. «Советтік Қазақстан» киножурналынан алынған кадр / ҚР ОМ КФДЖА

Сөйтіп, 1920 жылдар бойы өкіметтің отырықшы өмір салтына басымдық беретіні барынша айқын бола түсті. Отырықшылыққа көшетін болса, көшпенділерге кейбір жеңілдіктер мен материалдық көмек ұсынылды; тұрақты қоныстарға жер бөлініп, басты табиғат ресурстары негізінен отырықшы шаруашылықтардың қарамағына бекітіп берілді. Бірте-бірте игерілген ауыл шаруашылығы жерлеріне мал жаюға тыйым салынып, үкімге бағынбағандар жиі-жиі жазаға тартыла бастады.

Алайда нақты бетбұрыс 1928 жылы, бірінші бесжылдықтың басталуы мен Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Филипп Голощекин тағайындалған уақытпен тұспа-тұс келді. Осы сәтте көшпелі өмір салтына қатысты мемлекет саясаты түбегейлі өзгерген еді. Голощекин революция идеялары қазақ ауылына әлі жете қоймағанын және бұдан былай әлдеқайда батыл шаралар қажет екенін алға тартып, «Кіші Октябрь» бағытын жариялады. Айналдырған бес-ақ жылда мүлікті тәркілеп, ұрда-жық ұжымдастыру науқанын жүргізгеннің арты жаппай аштық пен миллиондаған қазақ баудай түскен нәубетке ұласты. Өкімет көшпенділерге тиесілі орасан көп малды тартып алып, оларды тақыр далада тіршілік көзінсіз қалдырды.

Филипп Голощекиннің Бүкілқазақ Кеңестерінің VI съезінде сөз сөйлеген сәті. 1927 жылғы 28 наурыз — 3 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Филипп Голощекиннің Бүкілқазақ Кеңестерінің VI съезінде сөз сөйлеген сәті. 1927 жылғы 28 наурыз — 3 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Қазақстандағы ұжымдастырудың салдары болған аштық трагедиясы 1991 жылы Совет одағы ыдырағаннан кейін зерттеушілер назарына көбірек іліге бастады, ал советке дейінгі көшпенділер мұрасы қазір Орталық Азия тәуелсіз мемлекеттерінің ұлт жадында өшпестей болып жазылды. Дегенмен большевиктердің 1920 жылдардағы көшпенді халықтарға қатысты саясаты репрессиялардың күшейе түскенін ғана емес, одан әлдеқайда күрделі әрі сан қырлы процесті меңзейді. Бұл тұрғыда революциядан кейінгі ұлттардың аумақ шекарасын межелеу, асқақ экономикалық міндеттер мен жеделдетілген мемлекет құрылысының өзара ұштасуы 20-ғасырдағы Қазақстан тәжірибесін басқа да постколониал мемлекеттердің тарихымен және олардың көшпелі өмір салтын ұстанып қалған миллиондаған халқының тағдырымен қатар, кеңірек салыстырмалы контекстіде қарастыруға мүмкіндік береді.